Арман Әділбек. Қожа кім немесе қазақ протесті
Бөлісу:
«Осы айтылғандарды жүзеге асыру – мен үшін ұлы сын. Егер осы сыннан өте алмайтын болсам, онда маған бұдан былай оқудың қажеті жоқ. Анам байқұсқа күйігімді тартқыза бермей, адам болатын басқа бір жолды іздеп жоғалуым керек.» Бұл үзіндіні оқырман бірден таныды деп үміттенемін. Иә, тура сол; «Менің атым – Қожадағы» Қожаның өзімен кеңес өткізіп шығарған қаулысының соңы. Тәртіптен, мектеп ережесінен жеңілгенін мойындаған сәті. Жалпыға ортақ ноқтаға басын тосқан шағында ішкен анты. Біз көбіміз Қожаның осы сөзіне қарап, күле отырып күрсінгенбіз. Қожа жеңілді деп ойлағанбыз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп өзімізді де, өзіміздің ішіміздегі «Қожаларымызды» да жұбатқандай болғанбыз. Мен енді ойлап отырып, повестегі Қожаның мүлде жеңілмегеніне көзім жетті. Хемингуэй айтқандай «адамды жеңу мүмкін емес» екен.
Алдымен автор Бердібек Соқпақбаевтың қандай жазушы, қандай тұлға екеніне бір сәт бірге көз жүгіртіп өтсек... Өйткені кей шығармалар, әсіресе, автордың болмыс, бітімімен біте қайнасып ғұмыр сүреді. Соқпақбаев әлемі тіптен солай. Бердібек туралы естеліктердің бірнеше ұқсас, ортақ тұсы бар. Бірінші, Бердібектің шыншылдығы, турашылдығы. Екінші, Бердібектің коммунистік жүйеге деген қарсылық пиғылы. Үшінші, Бердібектің саяқтығы, жаңғыздығы. Төртінші, Бердібектің шығармашылық потенциалының қуаттылығына қарамастан, өмірінің соңғы жиырма жылында қолына қалам алғанын ешкім көрмегені.
Осынау ұқсастықтарға қарап отырып, оқырман Бердібек Соқпақбаев жайында ең негізгі ақпараттармен жүзбе-жүз келетініне күмәнім жоқ. Соқпақбаев сөзсіз классик жазушы, әрине, және жұмбақ жазушы. Ал шығармашылығына көз тастап көрсек, соншама жұмбақтығына қарамастан көзінің тірісінде-ақ қазақ әдебиетіндегі өз орынын ешкімнен, еш партиядан рұқсат сұрамай-ақ төрден алған әйдік. Мейлі, сіз «Өлгендер қайтып келмейді» романына қараңыз, мейлі, «Балалық шаққа саяхатын» парақтаңыз... Қай шығармасы болсын, оның ешқандай бір социалистік реализммен қалам қатысы болмағанын сезесіз. Жиырма бірінші ғасырда, тәуелсіз елде отырып мұны сезіну тіптен қиын емес секілді. Бердібек шығармаларының басым бөлігін балалар әдебиетіне жатқызу орынды, әрине. Дегенмен, жазушының социалистік реализмнен, партияның жетегінен айланып өтуге жолы болғанына да осы «Балалар әдебиеті» деген аяулы әлемнің септігі кең-молынан тигенін айта кету артық емес. Осының өзінде оның шығармаларының жолы ашық болған жоқ. Бір ғана «Менің атым – Қожа» повесінің өзі Қазақстанда басылым көрмей, Мәскеуде жарық көрді. Ал «Ергежейлі еліне саяхат» еліміз тәуелсіздік алған соң барып оқырман қолына тиді.
Тарих қашанда өзі тудырған ең ұлы перзенттерінің қаламынан сия болып сорғалап, болашақтың санасына алтын ізін қалтырады. Мейлі, жадыны шаюға мыңдаған оқиғалар бар күшімен қызмет қылып жатса да, адам аман болса ақиқат ашылады. Адам үшін бұл ғұмырдағы ең маңызды екі нәрсенің бірі ақиқат да, енді бірі ақиқат арқылы өзін тану, өзін табу. Бұл үшін адам керемет интеллектуаль болудың қажеті шамалы. Тек, өзіне бір сәт шынайы сұраулы көзбен қарауға жарамды адам болса болды. Сократтың үш сұрағы – Сократ үшін ғана маңызды емес екені бәрімізге аян. Ал Бердібек секілді ұлттың жоғын жоқтауды миссия еткен адамддар Сократтың сұрағының ұлтқа да қатысты екенін біледі. Әсіресе, қазақ секілді бостандығын жоғалтып алып, өткенін бөтенсіп, ертеңін өзін отарлап отырған безбүйректердің өтірігімен лайлап отырған ұлттар үшін ауадай маңызды екенін ұлы жазушылар қапысыз аңғарады. Сондықтан да Мұхтар Әуезов «Абай» және «Абай жолы» эпопеясын, Бердібек Соқпақбаев «Менің атым – Қожаны» жазды. Яғни, Әуезов «Мен қайдан келдім?» деген сұрақты игеріп берсе, кеңес дәуірінде Соқпақбаев «Мен кіммін?» деген сұрақтың жауабын қарастырды. Ақылды оқырман «Мен қайда барамын?» деген сұраққа осындай ұлы шығармаларды оқыған соң өзі жауап бере алатыны табиғи еді.
«Менің атым – Қожа» повесі – Бердібек Соқпақбаевтңң ең әйгілі шығармасы. Оқырманды ең алдымен тіліндегі қарапайымдылық, жеңілдік, ойнақылық, езу тартқыза беретін юмормен өзіне бірден баурайтыны бір төбе де, шығарма кейіпкерінің ұшқыр қиялы мен тапқырлығы, өжеттігімен біте қайнасқан тентектігі өзінше бір әлем. Шығармадағы қызықты оқиғалар болса оқырманды ұдайы еліктіріп, қызықтырып, кезек-кезегімен қылаң ұрып шығарма аяғына шыққанша босатпайды. Бұл шығарманың ілгерінді-кейінді көптеген тілге аударылуы да тегін емес. Ал туындының Абдолла Қарсақбаев тарапынан сәтті экранизацияланып, әлемдік арнаулы жүлде алуы Соқпақбаев қаламының құдіретін қайталап дәлелдеді. Шығармадағы биік гуманистік рух қазақ аспанына шырқап шығып, әлемге алтын нұрдай тарап кетті. Енді ол тек қазақ балаларына ғана емес, әлемдік оқырманға ортақ қазына.
Шығармада бас кейіпкер Қожаның мектеп жасында бастан кешкен қызық пен шыжыққа толы кешірмесі баяндалады. Әрине, бұл әлемге әйгілі шығарманы оқымаған қазақ баласы аз. Қожа бәрімізге таныс. Қожаның бастан кешкен оқиғалары да әр оқырманмен етене жақын. Аты балалар әдебиеті болғанымен, шындығында кәрі де, жас та сүйіп оқыған көпке ортақ аяулы еңбек. Біздің де ойланып, байыбына баруға тиісті маңызды түйініміздің бірі осы.
«Менің атым – Қожа» соншалықты құрметке ие болуының нақты себептері қандай? Дұрыс, Қожа – типтік кейіпкер. Оның болмысы мектеп жасындағы қазақ балаларының жинақы бейнесі. Оның басынан өткен оқиғалар де жұртқа бейтаныс емес. Бұл себеп те Қожаның оқырманға жақындығын тудыруға хақылы екеніне көз жұмбаймын. Дегенмен, бұл себептен гөрі маңызды жақтары бар екеніне шүбә келтіруге болмайды. Классикалық шығарма қабаттарға толы болатыны бәрімізге анық. Демек, кей оқырман шығарманың беткі қабатын – яғни қызықты оқиғаны, сүйкімді кейіпкерді, сатиралы тілді қызықтап, өзінің балалық шағын еске ала отырып, кітапты рахаттана жауып жүргеніне де сенуге болады. Ал повестің соншалық қарапайым, жеңілдігіне қарамастан онда жасырынған жұмбақтардың бар болуы қапысыз шындық та, автордың шығарманы тек қызық үшін жазбағаны кәдіксіз ғой. Бастысы – бұл шығарма бізге сезіндіргісі келетін ащы трагедияның жаңағы қызық оқиғалар секілді біз бен сізге ортақтығында да жатқан секілді.
Бір сәт Қожаның балалық шағы өткен дәуірге көз салып өтейікші. Жаһандық екінші соғыс жаңадан аяқталған кез. Соғыс салған жарақат қоғамның кез-келген бұрылысында көзге баданадай болып шалынып отырады. Ұзақты айтпағанда, Қожаның жетімдігі неге тұрады? Көзге сондай көңілді, қайсар, тентек болып көрінетін Қожаның әкеден тым ерте айырылған жетім екенін, әкесін ойлап «Еһ!» деп мұңға бататынын бір сәт те естен шығаруға хақымыз жоқ. Соғыс дегеніміз –қасірет. Қаншама ғұмырдың жалыны сөнеді, қаншама шаңырақтың түтіні өшеді, қаншама жүрек мәңгілік жаралы болады... Экономика ғана күйремейді, мәдениет те күйрейді. Санаға түскен зардабы бірнеше ұрпақты сорлатып, рухын улайды. Ал ол соғысқа әділ баға берілмесе ше? Онда зардабы тіпті еселенеді. Осы еселенген зардапты біз Қожаның бір сәттік бала қиялынан аңғара аламыз. Ол да армияға баруды, соғысқа қатысуды, жау танкілерін жарып соғыс ардагері болуды көксейді. Соғыстың адамға құрмет, даңқ сыйлайтынын оның зарарынан әлдеқайда бұрын ойлайды. Оның балаң санасы жұрт сыйына бөленудің ең дұрыс жолы соғысқа қатысу, қан кешіп, жауды қырып, батыр атану деп түсінеді. Бұл трагедия емес пе? Қаршадай жетімекті соғысқұмар психихикаға ие еткен не деп ойлайсыз? Әрине, идеология. Күндіз де, түнде де соғыс зардабынан бір ауыз жақ ашпай, соғысты мадақтап жатқан ұран мен айқай, соғысты романтизациялап халыққа үгіттеп жатқан газет пен журнал, соғысты әсем естелік етіп көрсетіп жатқан қаптаған қалың романдар... Қалай ойлайсыз, мәртебелі оқырман? Ақиқатында соғыста жеңуші жақ болмайтынын, соғыстың түпкі мәні адамзатқа қарсы қылмыс екенін, соғыс саяси ойыншылардың кесірінен жасалатын күнә екенін, оған қарапайым адамның мәжбүрлі түрде қатысатынын сол дәуірде Қожа секілді балаларға шет жағалай түсіндіретін де мүмкіндік болмағаны бүгін де айдан анық. Бұған бола Қожаны жазғыру мүмкін емес. Ол соғысты аңсауды, соғыс арқылы статусын көтеруді тоталитарлық жүйенің пропагандасының құрбаны болғандықтан қалап отыр. Сабеттік пропаганда соғысты сүюге, соғысты махаббатпен еске алуға үйреткен. Автордың Қожаның қарапайым қиялы арқылы бізге сезіндіргісі келіп отырғаны осынау қаны сорғалаған сұмдық психололгиялық дағдарыс еді.
Оның үстіне жетімдік, яғни, қамқоршының кемдігі, сәбидің ата-ана мейірімінен толық қанағат алмауы баланың жүрегін онсызда жаралы етеді. Психологияда «Обьектілі әлем теориясы» деген ұғым бар. Тұлғаны қоршаған физикалық және әлеуметтік орта обьектілі әлем болып есептеледі. Ал бала үшін обьектілі әлемнің тұрақтылығының бұзылуынан артық ештеңе болмайды. Ата-анадан айырылып қалу да, айырылып қалудан алаңдау да бала жан дүниесінде ызаның, үрейдің, алаңның жалынын көтереді. Демек, Қожа психологиясындағы айнымалылықтардың мәнін түсіндіруге болатын бір кілтең тұс осы болса керек. Әкесінен қарғыс атқыр соғыс айырды. Шешесінен айырылудың қаупі де төніп тұрғаны байқалады. Шешеден айырылып қалу қаупінен туған алаң оның жанын жай таптырмай тыныштығын алса, үрей мен ыза өзге формаларда тысқа шығады. Әрине, бұл жағдай оның кейбір тентектіктерінің басты болмаса да жанама себебі болуы мүмкін.
Әр жолы ыңғайсыз жағдайға түскен сайын, Қожа әлдене ақтаратыны есіңізде ме? Әлбетте, Қожаның не ақтаратыны оның өзіне де жұмбақ. Адам әдетте нақты орын, нақты атауға жүгінбестен не іздеуі мүмкін? Өзіне анық емес, бірақ өзін қанағаттандыратын жауап болса ше? Повесте анасы да, Жанар да оған дер кезінде қанағаттанатын жауап ұсынбайды. Мұнда маңыздысы анасы. Ал Жанар дәл осы арада Қожаның бұл әрекетінде мән бар екенін күшейтіп көрсетуші образ ғана. Анасы өзін ашықтан ашық іздеп келіп жүрген Қаратайға кетары емес екенін біз де білеміз, Қожа да біледі. Повесттің өзінде Қаратай Қожаның анасымен үйде де, түзде де бірнеше рет кездеседі. Ұзақ сөйлесіп, оңаша отырады. Қожаның қарсылығын біле тұра солай істейді. Қаратайдың Қожаны өзіне жақын тартуына да қабақ шытпайды. Мүмкін, Қожадан үміттенеді, бейне, әжесі секілді түсінік танытуын іштей тілеуі де ғажап емес. Бірақ, Қожа әкесін сағынып жүрген, оны өлдіге қиып үлгермеген бала. Қабылдамайды. Қарсылығы онан ары асқынбаса, кемімейді. Тек анасын ашық жазғыру деңгейіне жетпейді. Бұл енді соғыстан кейінгі қазақ әйелдерінің де, қазақ жетімдерінің де басына тұтасымен түскен трагедиялы жайт. Мыңдаған жылдар бойында әмеңгерлік секілді, тағы басқа салттармен мұндай жағдайды реттеп отырған қазақтың дәстүрлі отбасы заңдары бұзылған кез. Ауыр әрі бейтаныс түйіншек. Қожаның анасының тілін алуға құлшынысының шала болуындағы себеп осы. Ал анасы ол тыпырлап ақтарып жүрген, яғни, Қожа қалаған жауапты берген соң, Қожа ештеңеге қарайламай анасы үшін өзін өзгертуге шешім шығарады. Көңілі орнығады. Болашаққа алаңсыз қарай алады.
Бірақ, Қожаның бұл қадамға жетуі оңай болмағаны анық. Ең сорақысы, қаршадай мектеп баласын педсәбеттің кәдімгі қылмыскерді тергегендей ортаға алуы, онан қалса сыныптастарының жария талқысына салып сұмдық бір кіріптарлыққа душар қылуы, бастан ақыр оқудан шығарамыз деп, оны үрейдің сотына салуы. Бұл енді әлемдік педагогика заңдарына қайшы харекеттер. Осының бәрін мектеп әдеттегідей істейді. Диктатуралық жүйенің ең жарқын сипаттары. Енді елестетіп көріңіз; Шалғай ауылдағы кішкене мектепте оқушыға жасалып жатқан қысым мен сестің түрі осы. Орталықтарда, ересектерге не істеп жатқанын құдай өзі білсін. Сұлтанның оқуды тастап кетуіне осыдан кейін таңдану артық. Қожа да мақаламыздың басында айтылған «қаулысын» осындай қысымдардың астында қабылдаған. Есіңізде болса, повестте мектеп балаларының әскери тәртіппен еркінен тыс ақысыз еңбекке жегілетін тұсы бар. Бұл да социалистік лагерлерге ортақ болмыс. Оқу жасындағы кішкене балаларды жұмысқа еріксіз жегуді өркениетті педагогика түсінбейді. Бұл қысым ересек адамдарға да түспеуі лазым. Өйткені, тегін еңбекті яки құлдар, яки жазасын өтеуші қылмыскерлер ғана істеуге міндетті екеніне келісетін шығарсыз. Бірақ, сәбеттік режим адамдарды кәрі-жас демей құл ретінде еңбекке салды. Ал сол ақысыз еңбекті романтизациялауға әскери тәртіпті пайдаланды. Қожа осыны көріп сол еңбекке қызықты да. Рұқсатсыз жайлауға кеткеніне бармағын шайнады.
Жалпы, Соқпақбаев сәбеттік тоталитарлық жүйенің қамытына басын сұқпаған адам. Партияға өтпеген. Сонау Нарынқолда мұғалім болып жүргенінен, қайтыс болғанға дейін «үш әріптің» аңдуынан босамаған асау. Нарынқолда ол Кенесарының тарихын жазып, сотты болған Бекмахановпен қызметтес, үзеңгілес болғаны жұртқа белгілі. Құрметті оқырман, Бердібектің тарихи санасының қай деңгейде екені енді бізге аса бір құпия емес деп ойлаймын. Ал Алматыға келгеннен кейінгі ізін торыған тас өкшелер туралы белгілі балалар ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, жазушының замадас досы Мұзафар Әлімбаевтің естелігі бастаған деректер баспасөзде жайлап жарияланып жүр. Бұл сөздерді айтып отырғандағы себебім анық; Қожаның жүгенге басы сыймас тентектігі, еркіндігінің қайнарын анықтау бізге міндет. Ал оның автордың өз болмысынан алыс еместігі мұнда тұрған іс. Автордың жүйемен келіспейтін ақкөздігі мен Қожаның тәртіппен қарсыласқан басбұзарлығы шындығында бір нәрсе еді.
Қалыптасқан жүйеге мойын ұсынбау, қол-аяқты шандыған қатал тәртіпке қарсылық ниеті барлық адамның бойында бар қасиет. Өйткені, адам тумысынан еркін. Келісіп, кеңесіп жасамаған, зорлықшылар тарапынан жасалған тәртіппен еш уақытта бітімге келмейді. Тек көптеген адам сырттай көнуге мәжбүр. Ал Қожа секілді жетекке жүруден, қапаста қамалып тұра беруден ақкөздікпен бас тартатын адамдар әмәнда табылады. Ал осы Қожа секілді жандар жаңағы жүйеге сырттай бағынып жүрген жандардың ішінде өмір сүретіні бар. Содан да оларға бүл повесть ыстық, қымбат, жақын.
«Әкем Қадір осы колхоз құрылған күннен тартып, ұста болып істеді. Шешем сауыншы. Бір аттың бір күндік терін пайдалануға менің неге хақым жоқ?» Бұл Қожаның мінерге көлік таба алмай, ойланып отырып іштей соққан есебі. Арыдан айтсақ адамдық, азаматтық қақысын даулау, беріден айтсақ кәдімгі еңбекақыны есептеу емес пе? Адам баласы тумысынан әлеуметтік жануар болғанымен, оның жекеменшік танымы мен өзінің тиісті хақысын алуға тырысу дағдысы инстинкт деңгейіндегі шартты түйіндер. Оны социализмнің зорлықшыл жүйесі қанша жерден мәжбүрлеп ырқына көндіргісі келгенімен, ол қасиеттер ақылмен бүркеліп жасырынып жатуы мүмкін, бірақ, жойылмайды. Адамның түпкі болмысы бәрібір де өзінің орайлы сәттерін қолдан жібермей, бой көрсетуін тоқтатпайды. Кішкентай Қожаның санасында бұрқ етіп пайда болған осынау ойлар соның дәлелі. Бердібек Соқпақбаев қаламы социализмнің осы бір тоңмойын, қараңғылығын Қожаның күбірімен шенеп, сықақ қылып тұрғандай сезіледі.
Қожа сөзінің мағынасы уикпедияда: «Қожайын, мырза, ие» деген сөз депті. Осыған қарап отырып, Соқпақбаев бас кейіпкерінің атын неліктен «Қожа» деп алғанына ой жүгіртіп көруге болатын секілді. Автор кейіпкер есімдері арқылы жұмбақ жасырған болуы әбден мүмкін ғой.
Қазақ даласы – әлмисақтан қазақ халқының тамыр жайып, өсіп-өнген туған мекені. Жердің, елдің тарихи тұрғыда заңды қожасы қай заманда болсын, қазақ деген жұрттың өкілдері екені талассыз ақиқат. 1847 жылы Кенесары хан шейіт болғаннан кейін, ел мен жер саяси тұрғыдан орыс империясына кіріптар күйге түскені мәлім. Бірақ, содан тартып, қазақ өз елі, өз жеріне қожа болу ойын тәрк етіп, бар ықылас, пейілімен Ресей отаршылдары мен «қызыл империяның» бодандығын қабылдады деу асылық еді. Өзіне өзі қожа болудың күресін қазақ жұрты бір сәтке тоқтатқан емес. Күні кеше 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасында» да қазақ жастары, мейлі, сәбеттік билікке тәуелді бола тұрса да, Қазақстанға қазақ басшы келуін сұрап айбат көрсетті. Демек, қазақ жерінің заңды иесі қазақ екенін қазақ ешуақытта ұмытқан емес. Оны отарлықтың ұмыттыруы мүмкін емес. Керісінше, отарлық режим күшейген сайын, ол өзіне қарсы күштің де толысуын тездетті. Қазақ жұрты өзіне өзі қожалық ету, өзін қожа сезінудің жаңа процесін осы повесттен кейін басқаша жүргізе бастағаны бізге беймәлім емес. Бердібек Соқпақбаев та өз шығармасын оқыған кез келген қазақ баласына: «Сен Қожамен ұқсассың, сен Қожаның өзісің!» деп сыбырлаумен келе жатыр деп ойлауға негіз бар. Яғни, Қожа – жер мен ел иесінің метафорасы. Сондықтан да, повесттің Қазақстанда жарық көруіне қарсы тұрғандардың «Бұл кітап совет балаларының болмысына кереғар» деп ойбайлауының жөні бар болатын. Бір тұтас кеңес адамын жасаудың идеологиялық машинасын жүргізіп отырған жүйе ешуақытта көпке ұқсамай туған дараларды, кеңес адамының талабына сәйкеспейтін өзіне өзі ие болғысы келетін «Қожаларды» ешқашан кешірмейтіні анық еді. Әралуандықтан артық жау оларда болмайтын да. Ендеше, Бердібек Соқпақбаевтың айтқысы келгені де осы болуы керек деп межелеуге болатын секілді.
Ал мақаланың басында назар аударған үзіндіге байланысты сұрақтың жауабын да әлімізше беріп болғандаймыз. Қожа жеңілмеген. Ол жеңілсе біздің қаһарман бола алмас еді. Жеңілген Қожаны бізге сәлем айтуға Соқпақбаев те жібермес еді.
Жалпы, Соқпақбаев шығармалары бажайлап қарасақ, тап осы «Менің атым – Қожа» секілді шыншыл, турашыл, қиянатқа бүкіл жан әлемімен қарсылығымен көзге түседі. Мойындатады. Сезімі мен философиясы өміршең болып келеді. Ең елеулі ерекшелік бәрібір де оның шығармаларында жиі кездесетін протестік сипат. Жоғарыда біз «Менің атым – Қожадағы» протестік мінезге ие тұстарды шамалы шолып шыққандай болдық. Осы үдеріспен өзге де шығармаларына шұқшисақ, протесдік мәндегі элементтерді аталған туындыдан көп кезіктірмесек, аз жолықтырмаймыз. Мәселен, «Балалық шаққа саяхат» шығармасы да жоғарыдығы повесть секілді аты да, заты да балаларға арналған шығармадай көрінеді. Шындығында, көпшілік оқырманға арналған туынды. Жазушы онда балалық шағын еске ала отырып, жиырмасыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жылдардағы қазақ ауылының жалпы тұрмыс-тіршілігін, сол кездегі саяси және әлеуметтік жағдайларды жіліктеп, сары майдан қыл суырғандай етіп суреттейді. Социализм орнатамыз деп ұрандатып, коллективтендіру науқанын қызу жүргізген қазақ ауылдарындағы етек алған келеңсіз жағыдайлар, сол тұстың өзінде көріне бастаған әлеуметтік теңсіздік пен құқығы тапталған қарапайым жандардың жай-күйін айдан анық көрсеткен. Тек автор осының бәрін ойнап жүрген баланың көзімен күлкілі әрі қызықты етіп баяндайды. Бала кейіпкердің қай тұстағы әңгімесі шын, қай тұстағы әңгімесі балалық назы екенін айыру үшін зерде керек болады. Қысқасы, автор өзінің протестік идеясын баланың эмоциясымен жуып-шайып отырады. Ал балалар әдебиеті оқиғаның қызықтығымен, кейіпкердің жағымды, жағымсыз болып типтенуімен, оқиғаның әйтеу көңілді аяқталуымен бағаланатындықтан, «Балалық шаққа саяхат» қанша күзелсе де жарық көрді. Сонда да бұл шығармаға сәветтік өмірді сүреңсіз көрсеткен дегендей мәндегі айыптар жарыса тағылған.
Сөз соңына қарай айта кетуге тиісті бір жайт: «Менің атым – Қожаның» және бір еселі еңбегі бар. Сайын Мұратбековтің айтуынша: «Сәбеттік балалар әдебиеті үшін осы повесть жарық көруден бұрын негізгі кейіпкер екі типке ғана бөлінетін еді. Яғни, жағымды және жағымсыз, ақ немесе қара. Осы повестен кейін кейіпкер сомдаудың реалистік үлгісі сәбеттік қазақстандық балалар әдебиетіне кейіпкер сомдаудың жаңа терезесін ашып берді.» Жазушының осы пікіріне қарағанда Бердібек Соқпақбаев таза реалистік бағытты ұстанған көрінеді. Оның шығармалары да оның осы ұстанымын айғақтай түседі. Мәселен, «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Бурыл ат» сияқты өкілдік шығармаларының стильдік бағыты реализм. Ал «Ергежейлі еліне саяхаттың» фантастикалық стильмен жазылғанына қарағанда Соқпақбаев эксперимент жасауға, шығармашылықта тың шекараларды шолуға, ізденіске ырықты тұлға. Демек, «Менің атым – Қожаны» жазғанда төселген реалист болып үлгерген болса, өзінің қалыптасып болғанын місе тұтып, сол күйі бір машықпен табандап тұрып қалмаған. Қазақ әдебиетінің қоржынына өзгеше, бөлек өрнекті шығармалар салуға пейілді болып отырған.
Бұл күнде автор Бердібек Соқпақбаевтың аты да, оның кезінде цензура қамшысының астында қалған шығармалары да өздерінше бір-бір биіктің есімдеріне айланған. Ал ол биіктер қазақстандықтардың санасы өсіп, білімі тереңдеген сайын көз ұшында бұлдырап биіктей бермек. Әрине, Мен үшін тағы да «Менің атым – Қожаның» орыны бөлек. Себебі, Сен де, мен де, бәріміз – Қожамыз. Өзімізге өзіміз иеміз. Ел мен жерге де.
Бөлісу: