Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Күйреген сенім. К. Ашватха Нараянанрао...

08.05.2025 840

Күйреген сенім. К. Ашватха Нараянанрао

Күйреген сенім. К. Ашватха Нараянанрао - adebiportal.kz

(Әңгіме)

– Анашым! Анашым! Не айтатыныма құлақ салыңызшы... – жиырма екі жастағы Рахиман қуана дауыстаған күйі үйге жүгіре жетті.

– Не болды, ұлым? Неге сонша қуаныштысың? – деп сұрады кейуана.

– Он сегіз рупий жалақы....

– Жалақы? Қандай жалақы? Не үшін?

– Тек жалақы ғана емес, әскери киім және 4 мезгіл тамақ, тұрғын жай...

– Мұндай жалақыны сонда кімге төлейді?

– Бүкіл ауылдың басынан-аяғына дейін хабарландыру іліп қойыпты. Фотосуреттері де бар. Және қандай суреттер десеңізші!

– Қандай суреттер екен?

– Форма киген жауынгерлердің суреті. Егер соғыс басталса... – Ол сөзін аяқтап үлгермей, ас үйде әлдене сыңғыр ете түсті – тарелке сынған екен.

– Соғыс! О, Құдайым! Сен не айтып тұрсың? Ыдыстарды байқасаңшы, Унниса! Қолдағы бар нәрсені күтіп ұстамаса бола ма... Әлгілер... әлгілер жақсылық іздемейді, ұлым, – деп бір тоқтады анасы.

– Сол айтып тұрған жақсылығыңыз кәне? Айналада үміт етер бір нәрсе болсашы...жүрек жалғап қана өмір сүріп жүрген біреу – киетін киімің жоқ, зәуде киім ала қойсаң, лажсыз ораза ұстауыңа тура келеді. Ағаш кесушінің жұмысынан не қайыр? – Рахиман өз айтқанынан қайтар түр байқатпады.

– Ал сонда, жауған оқтың астына бару керек пе?

– Алда кімді не күтіп тұрғанын ешкім білмейді ғой. Тағдырдың жазғанынан қашып құтыла алмайсың. Бұйыртса – от пен оқтың ортасынан да аман-сау шығасың. Ал менің жалақым саған қандай қажет болар еді, ә... Ал егер бұйыртпаса – басқа түсер пәледен бәрібір құтылмайсың. Белгісіз бір ауру алып ұрады, не тағы сондай кесапатқа тап боласың...

– Не десең де, бұл ойыңды құптай алмаймын, ұлым.

– Мен нақты шешімге келдім, анашым.

– Тым болмаса бізді аясаң етті.

– Мұндай мүмкіндікті жіберуге болмайды.

– Сені бір жаққа айдап алып кетсе, біз мұнда не істейміз? Тіпті ойлаудың өзі қорқынышты...

– Мұңаймаңызшы, анашым. Мен тіпті оралмаған жағдайда... Кәрім сіздермен болады. Ол он жеті жасқа толды. Қажет болса ол сіздерге қамқорлық жасап, қарасады.

– Дегенмен, осыны қойсаң қайтеді, ұлым...

– Қашанғы бұлай жүрмекпін? Тәуекел етпей, бақытқа қол жеткізу қиын.

Анасы ұлын ұзақ уақыт райынан қайтарып көруге тырысып еді. Бірақ соңынан өзі де көнгендей болды.

Кешінде бұған әйелі кірісті. Унниса еденге тозған төсенішті жайып, үстіне жастық пен жамылғыны тастады. Рахиман аяғын созып ұзыннан жата кетті де, қолын басына жастанып ойланды.

– Мұндай қыңырлық не үшін қажет? – деді әйелі жай ғана.

– Қайдағы қыңырлық? – Рахиман ашуланып қалды.

– Сіз сарбаз болуға сонша құштарсыз.

– Берірек келіп отыршы, сөйлесейік.

Ол жамылғысын серпіп тастап күйеуінің қасына келіп жайғасты. Рахиман оны қапсыра құшақтап өзіне қарай тартты да:

– Анашыма менің не айтқанымды естідің бе?

– Естідім. Тек осы бір сөзіңізді қойыңызшы. – Ол күйеуіне жалынышты, адамның жанын елжіретер аянышты кейіпте қарады.

– Мен ұзақ ойландым, – деп жауап берді Рахиман ауыр тыныс алып. Оның бет-әлпетінен біржола нақты шешімге келгені анық байқалды.

Екеуі де біраз уақытқа дейін үнсіз қалды. Рахиманның қолын келіншегінің ыстық жасы күйдіріп жатқандай көрінді.

– Мұның не, ақымағым-ау? – Рахиман әйелінің алдына келіп тізерлеп оның жүзіне тура қарады.

– Онымен қоймай, мені сүйемін дейсіз, – деді Унниса толқыған күйі дауысы дірілдеп.

– Сүйемін! Сен бұған күмәнданасың ба? Сол біздің махаббатымыз үшін, сен таршылық көрмей бақытты болуың үшін...

– Бақытқа... осындай құрбандықпен бе?

– Олай демесеңші. Сен кейін бәрін түсінесің. Осы бір қарғыс атқыр кедейліктің кесірінен адам сияқты ештеңе жасай алмайсың. Жақында босанасың... Ал, ақшаны қайдан аламыз? Содан соң...

– Бір амалын табармыз. Тек қасымда сіз болсаңыз болды.

– Жоқ, мен бұған келіспеймін. Жағдайды жақсартуға мүмкіндік туған екен, мен одан айырылып қалуым керек пе? Бұл ақылға қонбас еді. Қасыңда бірге болып, жәй ғана еркелетіп отыру – ол махаббат емес. Нағыз махаббат деген, өзіңе қаншалықты қиын болса да, сүйіктіңмен қоштасып, оның бақыты үшін қолыңнан келгеннің барлығын жасау. Солай емес пе?

– Мұның бәрі маған өте қорқынышты. – Унниса жылап жіберді.

Рахиман әйелін құшақтап, жұбатуға тырысып:

– Неден қорқасың? Мені бір нәрсеге ұшырап қалады деп ойлайсың ба? – деп сұрады.

– Өтінемін, қойыңызшы. Қарап тұрмай жамандық шақырасыз ғой, – деді ол сыбырлап қана.

– Құдайға жалбарын, Унниса! Және үмітіңді үзбегейсің! Тіпті, маған бірнәрсе болған жағдайда да осынша езілу қажет пе?

– Сіз не айтып тұрсыз? – дереу көз жасын тиған Унниса таңдана сұрады.

– Біз бәріміз Құдай деп күн кешіп жүрміз. Егер ашығын айтар болсақ, мен саған не жақсылық қылдым? Сенің жағдайыңды жасай алатындар болып еді ғой.

– Қойыңызшы, өтінемін...

– Қоятын несі бар? Шынында да саған жаны мен қанын беруге әзір қанша үміткер болды! Және қазір де табылады...

– Сіз осы сөзіңізден өзіңіз ұялмайсыз ба? Неткен қатал едіңіз?! Сіздің айтып тұрғандарыңыздың бірі де менің миыма сыймайды, – Унниса реніш білдірді.

– Менің сенің жаныңды ауыртқым келмейді. Бірақ, жаман айтпай жақсы жоқ деген, жамандыққа әрдайым дайын болу керек деп есептеймін. Үнемі аспанда қалықтай бермей, қандай іске де байыппен қараған жөн. Міне сондықтан да...

– Жетеді. Менің бұдан әрі тыңдағым келмейді! Егер мен өлетін болсам, сіз бәлкім қайтадан...

– Жарайды, қоя тұрайықшы осыны. Мұндай әңгіме айтпауым керек еді. Мен сені ренжітіп алдым-ау, кешір. Бір-бірімізді осылай жақсы көрсек, тағдыр бізге қаталдық көрсете ала ма? Көр де тұр, мен табысқа қол жеткіземін, шен алған соң үйге ораламын. Сонда саған осы қорқыныштардың бәрі ақымақтық болып көрінеді.

Олар ұзақ уақыт сөйлесіп, түн жарымынан асқанда барып көз ілді.

Сол күннен бастап үй-ішін батпан зіл басқандай. Анасы ауыр ойларға беріліп, еріксіз күрсіне береді. Үздіксіз жылай бергендіктен әйелінің де қабағы ісінкіреп кеткен. Рахиман ішкі уайымын барынша тереңге жасырып, өзін-өзі мықтап қолға алып, сыр алдырмау үшін артық ауыс сөзге бармауға тырысады, тек анда-санда ғана үйдегі үнсіздікті бұзып, анасы мен әйелінің көңілін көтеру үшін бірдеңе айтқансиды, қайғыратын ештеңе жоқ деп күлген де болды.

Ақырында қоштасатын күн де келіп жетті. Анасы мен әйелі Рахиманның заттарын жинастырып, буып-түйді. Унниса жолға бір дорба азық әзірледі. Кәрім ағаштың бір талын кесіп, жолға ұстайтын таяқ жасап қойды. Анасы қайта-қайта Құдайға сыйынып, ұлына батасын берді. Рахиман қоштасарда не айтатынын алдын-ала ойластырып қойған. Алайда, дәл аттанар кезде тамағына өксік тығылып, аузына жөндем сөз түспеді. Басындағы жұптаулы сөздердің бәрі бір жаққа бытырап қашып кеткендей. Ол «Сау болыңдар!» деген сөзді қыстығып әзер айтты. Унниса да еш тіл қатпастан көзін жуған жасты сүрткілей берді. Сосын басын ғана изеп, теріс айнала беріп, дірілдеген ернін тістеледі. Бұл көріністің бәріне бұдан әрі шыдап тұруға шамасы жетпеген Рахиман асығыс адымдай жөнелді. «Мен не істедім? – деп ойлады ол. – Жұбатарлық еш сөз айтпадым. Айтқым келген нәрселерім көп еді ғой! Бордай езіліп жүре бергенім-ай. Осының бәрін жазып берші деп енді кімге өтініш жасаймын?»

***

Рахиман өзі Бангалурде әскерге жаңадан алынғандарға арналған лагерьде дайындықтан өтіп жүргенімен, бар ойы үйде болатын. Көз алдында үнемі жанары жасқа толған әйелінің бейнесі тұрса, анасының ауыр күрсіністері жүрегінің басына запыран болып жиналды. Әйтеуір, бір сәтке де жаны жай тапқан жоқ. «Осыным дұрыс болды ма, жоқ па? Мүмкін, кеш болмай тұрғанда кері қайтқаным жөн шығар?» – деген күмәнді ойлар жанын жегідей жей бастады. Мұндай қадамға бармас бұрын бәрін жете ойластырмай, асығыстық жасағаны үшін де өзін-өзі аяусыз сөкті. Артынша өз-өзін қайтадан жұбатып: «Осылай істеген дұрыс болатынына мен өзім емес пе оларды сендірген. Ал енді келіп... Дұрыс па, жоқ па – болар іс болды. Енді үйге қайтып оралу – тіптен ұят!»

Арада үш ай өтті. Рахиманның ендігі бар ойы демалыс алу еді. Қашан үйіне барып, туғандарын көрер екен? Әйелінің де ендігі босанатын уақыты таяп қалды... Бұнсыз олар қалай күн кешіп жүр екен? Лагерьдегі қатаң режим, тынымсыз әскери дайындық қана мұның бар уақытын алып, қашып кетуіне мүмкіндік бермей жүрген-ді.

Адамның дегені емес, Құдайдың жазғаны болады. Рахиман демалыс алар сәтін күтті, ал тағдыр өз дегенін жасады. Жапония аяқ астынан соғыс ашқанда, Рахиман қызмет атқарып жүрген рота ұрысқа дайындалуға бұйрық алды. Рахиман тым болмаса бір-екі күнге демалыс беруді жалынып сұрап еді, алайда демалысқа тыйым салынды. Оларды жедел Мадрасқа жөнелтіп, сол жерде пароходқа апарып мінгізді. Бұрын өңі түгілі түсінде көрмеген теңіздегі саяхат, үнемі бойды буған қорқыныш: аяқ астынан шыға келер жапон корабльдері немесе көктен шүйлігер жау ұшақтары, айналадағы дүрбелең, алда болар ұрыстар туралы қорқынышты ойлар – осының бәрі Рахиманға жүрек сыздатар ойлардың құрсауына түсуге мүмкіндік бермеді. Бірақ сәл ғана уақыт жалғыз қалса болды, сарытап болған сағыныш еңсесін езіп жіберетін.

Арада бірнеше күн өткенде олар Рангунге келіп жетті, бұдан соң Малай джунглиіне қарай жылжуға бұйрық берілді. Ауыр жүрістер, әскери дайындық... Рахиманның үйді ойлауға тіптен мұршасы болмады.

Тағы бірнеше ай өте шықты. Жапония Сингапурды басып алып, Рангунге де таяп қалған-ды. Рахиманның ротасы Малайдың батпақты джунглиінде ұрыс жүргізді. Бастапқыда Рахиман үйіне ай сайын хат жолдап тұрды. Әйтсе де, үздіксіз ұрыстар, асығыс кері шегіну, әрқашан жол жүруге әзір болу, аяқ аттаған сайын төнген қауіп, аштық пен суық жауынгерлерді әбден қалжыратты, сондықтан ол жолдастарына хат жазып бер деп өтініш жасай алмады. Ол тек жалақымды отбасыма жіберіңіздер деген рапорт қана жазғыза алды.

Мульменде болған шайқаста Рахиман мен оның жолдастары соңғы оқтары қалғанша ұрысты, алайда жапондардың күші басым еді. Аз ғана адам тірі қалды. Осы кескілескен ұрыста Рахиман ауыр жарақаттанды. Ес-түссіз жатқан мұны жапондар тұтқынға алып кетті.

Рахиман жарақатынан ұзақ уақыт айыға алмады. Басы мен бет-жүзі, қолдары – түгел денесі ақ дәкемен орулы еді. Бірнеше ай кереуетке таңулы жатуына тура келді. Сол күндерде оның жанына жарақаты емес, туған ауылы туралы естеліктері қатты батты. Енді ол туғандарын қашан көретінін шамалап та айта алмады. Жаңа туған нәрестенің өзін шақырып жылағаны жүрегін қарс айырды, «олар не күйде екен?» деген сұрақ жанына маза бермеді. Бұның қолынан енді не келеді? Бөтен елде тұтқында жүрген адам отанына оралу жайында қалай ойлай алады? Соғыстың әлі қаншаға созыларын кім білген... Тұтас Бирма қазір енді жапондардың қолына көшкен. Рахиман тұтқындағы күндері ұзаққа созылатынына күмән келтірмеді. Ол барлық үмітінен айырылып, тек бетін жастыққа басып үнсіз жылаумен ғана болды.

Рахиманның бетіндегі орауды шешер күн де келді-ау. Ол жарақаттанып ұзақ жатқаннан кейін тұңғыш рет өзін айнадан көрді – алдында мүлдем басқа адам тұрған еді. Бет-әлпетінің бұзылып кеткені сонша, өзін-өзі тани алмай қиналды. Мына түрін туғандары таныр ма екен? Әй, қайдам. Тіпті мұның өзіне бет-әлпеті басқа біреудікі сияқты болып көрінді. Анасы оны көргенде қандай күйге түсерін кім білсін! Унниса қалай аһ ұрар еді! Әй, қатал тағдыр-ай!..

Рахиманды лазареттен шығарған соң бирман-сиамдық теміржол құрылысына жіберді. Каторгадағы ауыр жұмыс, үнемі аш құрсақ жүру, күзетшілер мен қараушылардың шексіз қаталдығы оны әбден жүнжітіп жіберді. Ап-арық, терісі сүйегіне жабысқан сиықсыз адамнан бұрынғы көрікті Рахиманды тану мүмкін емес-ті.

Рахиман туған ауылынан ұзап кеткелі үш жыл өте шықты. Кей сәтте ғана санаулы уақытқа жалғыз қалғанда тұтқыннан қашу жолдарын ойлайтын. Сөйтіп торыққан көңілін үміттің солғын ұшқыны алмастыра бастағандай еді.

Туған үйі туралы ойлар оның өңі түгілі, түсінен де шықпады. Көбіне анасының жанында отырып, бірдеңені сұрай береді, сұрай береді екен дейді... Анасы қолына бірнәрсені алады да, сосын жылы жымиып жауап беріп жатады. Әйелі ас үйдің есігі алдында тұрып, ол да қуанышты және бақытты кейіпте күледі. Тағы бірде ол ас үйде түскі ас ішіп отырды. Әйелі үстел үстіне тағамдарды қойып жатыр, екеуі ұзақ сөйлеседі, әйтсе де бір-біріне айтар сөздері таусылмайды. Ол тойғанша ішті, кенет іші қатты шаншып қоя берді. Сөйтіп жатып әскери лагерьде... іші аштықтан бұралып... ұйқысынан оянып кетеді.

Бірде мынадай түс көрді: ол үйіне жаңа ғана оралған екен дейді. Туғандары айналасына жиналып қалған. Бәрі де оның аман-сау оралғанына қуанышты. Анасы саусағымен көз тиюден қорғайтын ырымды жасады. Ол анасының аяғына бас ұрды. Әйелінің бақыттан көзі нұр жайнап, екі беті бал-бұл жанады. Қолында көтерген сәбиі бар. Өзі сүйкімді-ақ! Ол әкесін танымай жатырқайды. Оның беті анасы сияқты дөңгелек, шаштары да сондай бұйра. Ал көзі... Тек көзі ғана әкесінен аумай қалған. Ол сәбидің үлбіреген бетінен ақырын сипайды. Кәрім бұның заттарын әкеліп берді. Бұл болса қаптың аузын асығыс ашып, әртүрлі азық-түлік, ойыншықтарды шығарып анасы мен әйеліне, інісіне сыйлықтар берді. Туғандары бұдан көзін алмайды. Ақырында міне, әйелі екеуі оңаша ас үйде. Ол қолынан сәбиді алып, ешкім көріп тұрған жоқ па деп жан-жағына шапшаң көз салып, әйелін қатты құшады. Ол тағы да үйінде, қайтадан бақыттың құшағында. Бүкіл жан-дүниесі шат-шадыман күйде. Сол кезде біреу есікті тарсылдата ұрып, айғай салды. Шошып кеткен бұл әйелін жайына қалдырып... ұйқысынан оянды. Лагерьде екен... таң атыпты...жұмысқа баратын уақыт болған. Күзетшілер тұтқындарды боқтап-сыбап оятып жүр. Рахиман да орнынан сүйретіле көтерілді.

Бірде тағы да түс көрді. Ол қашып шығып, үйіне жетті де, сонда жасырынды. Туғандарының қуанышы қойнына сыймайды. Бірақ, біреу сезіп қоя ма деп қорқып та жүр. Әрі-бері ойластыра келе бұған еш адам білмейтін жерге бару керек деп шешеді. Бұл қайда қараса да, айналасы толған полиция. Ол қараңғы бұрышқа барып жасырынды – мүмкін ешкім байқамас дейді. Тіміскілеп іздеу басталды. Тауып алды ақырында! «Мені әскерге қайта жібергенше, өлтіргендерің артық!» Тұла бойы қалшылдап кетті. Полицейлер болса кекете күліп, оны алып бара жатты. Жалма-жан олардың аяғына жығылған ол: «сіздерден жалбарынып сұраймын, мені олардан айыра көрмеңізші! Жіберіңізші, өмір бойы сіздер үшін жалбарынып өтемін!» Жауап орнына полицейлер қарқылдап күлді. Рахиман оянып кетті. Барак іші қараңғы. Қасындағы көршілері күлкіден іштерін басып жатыр. Мұны ұйқысынан оятқан солар екен.

– Біреу сені сойып жатқандай неге сонша айқайладың? – деп сұрайды олар.

– Жәй, түсіме бір нәрсе еніп... – деді бұл.

Күндер өтіп жатты. Рахиманның туған үйіне деген сағынышы үдей түсті. Ол: «батылдық жасап қашу керек пе?» дегенді жиі-жиі ойлайтын болды. Алайда, күзетшілер айуаннан кем емес.  Сәл ғана қиыс қадам жасап көр – адамның өмірін көк тиын құрлы көрмей, өлгенше ұрып тастайды. Дегенмен, Рахиман қолайлы сәтті жібермеуге іштей тас-түйін бекіді.

Ақыры ондай күн туды. Бір күні кешкілік тұтқындағылар темір жол құрылысында жұмыс істеп жатқан кезде аспаннан бірнеше ұшақ көрінді. Артынша бомбалар төгіліп, жарылыстар құлақ тұндырды, күзетшілер айқайға басып, жаралылар ыңырсып жатты. Осы алас-қапаста Рахиманның жақын маңдағы орманға қарай қалай жылыстай жөнелгенін ешкім байқамай қалды. Тұтқындағыларды лагерьге апарар алдында жүргізілген тексеріс кезінде Рахиманның жоқ екені анықталып, оның соңынан бір топ солдатты қуғынға жіберді. Рахиман орман-бұталардың арасымен ғана жүріп отырды. Бір-екі рет демін ішіне алып, дәл қасынан өткен солдаттардың аяқ дыбысын естіп жатты. Абырой болғанда олар мұны байқамады. Үнемі қауіп пен қатерге толы үш күн өтті. Күндіз Рахиман орманның ішінде, болмаса бұталардың арасында жатып, ал түн болғанда алға қарай жүре берді. Жыртқыш аңдардан қауіптенгенде ағаштың басына шығып алады. Апта бойы жеміс-жидек, құлпынай және тамырлармен қоректенді.

Қайсыбір күні түнде Рахиман айдың жарығында бірнеше лашықты көзі шалды. «Ауыл! – ол қуанып кетті, – бір үйден болмаса, екіншісінен азық қылар бірдеңе табылар». Ал егер, ауылда жапондар болса... оны сол бойда ұстап алады-ау. Алайда, аштыққа төзу мүмкін емес еді, Рахиман күні бойы сырттай бақылап, кеш түскенде барып көмек сұрауға тәуекел етті. Таң атқаннан көз байланғанша Рахиман ауылды және оның айналасын мұқият бақылады. Әйтсе де, бір таңқаларлық жағдай: ол қанша көзін талдырып қараса да, ауыл жақтан ешқандай тіршілік белгісін байқай алмады. Қараңғылық түсерде ол бой тасалап ауылға жақындады. Бес-алты лашық. Тым-тырыс. Бірінші лашықтың есігі шалқасынан ашық қалыпты. Рахиман ақырын ішке кірді. Төбедегі жабынның арасынан өлімсіреп түскен ай сәулесінен еденде жатқан ыдыстардың сынығын, топыраққа араласып жатқан кішкене күріш дәнін, қалай болса солай шашылған заттарды көрді.

Рахиман келесі лашыққа бет алды. Есігі тас-талқан болған. Ішкі жағына көз салғанда жерде жатқан адамды көрді. Одан тіршілік белгісі байқалмады. Рахиман қасына барып үңіліп қарап еді, әйел адамның мүрдесі екен. Киімдері жыртылған, денесінен аққан қан жылғаға айналып қарақошқыл болып қатып қалыпты. Рахиман үрейі ұшып, лашықтан атып шықты. Ол лашықтарды бірінен соң бірін тексеруге кірісті. Қайда кірсе де астаң-кестең, өліктер. Ақырында тек соңғы лашықтан ғана оның жолы болды: бұрыштағы кішкене шұңқырдан қауызынан тазартылған аз ғана күріш табылды. Күріштің жартысын сол бойда жеп алған ол қалғанын шүберекке түйіп алып лашықтан шықты. «Соғыс болып өткен ауыл» – деп күбір еткен Рахиман әрі қарай жөнелді.

Сол күннен бастап Рахиманның бойында батылдық пайда болды. Енді ол күндіз де жолын жалғастырып, кездескен ауылдарға кіріп, шаруалармен де сөйлеседі. Кез келген жұмысқа кірісіп кетеді: күрішті бастыруға көмектеседі, суғару үшін ор қазады, ағаш жарады. Осы еңбегі үшін ас-су ішіп, бірнеше күн паналап шығады. Кейде қолына азын-аулақ ақша да тиеді. Оған бүкіл Бирманы жаяу жүріп шығу үшін бірнеше ай қажет болды.

Рахиман енді өз отанының аумағында келе жатты, алайда қорқыныш та, қиындық та азая қойған жоқ. Ол өзін ұстап алып, қайтадан майданға жөнелте ме деп қорықты. Осы қорқыныш оны қалалар мен үлкен ауылдарды айналып өтуге мәжбүрледі. Темір жол туралы тіпті ойына алмады. Билетке ақша жоқ еді. Үндістанда да Рахиман өзін Бирмадағыдай ұстады: шағын ауылдарды бетке алып, кейбіріне бірер күн тамақ тауып, түнеу үшін тоқтайды. Бұдан соң шаруалардың арбасымен, болмаса жаяу жүре береді. Қашықтық біртіндеп қысқара берді.

Алты айлық жолдан кейін Рахиман туған ауылына тіпті жақын – бар-жоғы бір күндік жол қалғанда, қуаныштан жүрегі аузынан шығып кете жаздады. Туғандарымен кездесер сәтті қиялында мың қайталап көрген шығар. Күтпеген қонақты көргенде естері шығып қуанады-ау! Унниса ше, мұны қанша жыл күтті... Бар үмітін жоғалтып, мұны өлдіге санап, жылап-сықтап әбден күйреп кеткен болар... Ұсқыны бұзылып кеткен мұны ол таныр ма екен десеңші? Ал сосын... сосын бәрі қалай болуы тиіс, солай болады. Сүйген жарынан ешқашан айырылмақ емес. Бұған енді аздың өзі жеткілікті, ағаш жарып та нанын табады. Оның бақыты да, жұмағы да – Унниса. Ол мұны райынан қайтаруға қалай тырысты –  ал, бұл тыңдады ма! Кінәсін мойнына алып, міндетті түрде кешірім сұрайды одан. Ол өте мейірімді... Сондай сабырлы және байсалды. Мұны қалай сүйеді десеңші! Жоқ, оның кешірмеуге шамасы жетпейді. Өйткені оны төрт жылға жуық күтті, енді бақытқа кенеледі.

Ал мұның сәбиі ше... қызық, ұл ма екен, әлде қыз ба екен, кімге ұқсайды... Ол әрине, мұны жатырқайды... тіпті жақындамас та. Тек бірнеше күн өткен соң, бойы үйренгенде барып... Мүмкін бірден батылы жетіп қасына келер, өйткені бұл оған ертерек дайындап қойған тәттілер мен ойыншықтар әкеле жатыр ғой. Есімі кім екенін білсе... Бәлкім мұны күтіп атын да қоймаған шығар. Оның жасы қаншада екен? Үште? Жоқ, одан көбірек, үш жарым жаста болуға тиіс. Бәлки, ендігі былдырлап сөйлеп, шапқылап жүр-ау. Ол баланы міндетті түрде оқытып, білім алуына жағдай жасайды, өзін бәрінен шектейді, ал сәбиін адам қатарына қосады. 

Ал оның байғұс анасы, ендігі, осы жылдар ішінде қайғыдан қуарып кетті-ау...Бұл ақымақты қай Құдай айдап кеткені белгісіз. Жарайды, қайтып келе жатыр ғой. Кәрім ше, ол ендігі ер жетті... Мүмкін, үйленіп те үлгерген шығар... Жоқ, үлкен ағасының келісімінсіз ол бұлай жасай алмайды ғой... Солай-ақ болсын, егер ойында жүрген жақсы қыз болса, жігітті үйлендіру керек –  қарызға батса да үйлендіреді. Оған да отбасы құратын уақыт болды...

Рахиман ауылға түнде келгісі келді. Бірақ, үйіне тезірек жеткенше тағаты қалмай, жарты күнде күндізгі жолды жүріп өтіп, кешінде-ақ ауылдың алдындағы тоғанға табан тіреді. Ол еңкейіп судағы кескініне үңіліп қарады. Иә, баяғыдағы Рахиманға мүлдем ұқсамайды. Бетіндегі қызғылт тыртықтары, биік сәлдесінің астындағы ұзын шаштары, ұйпа-тұйпа сақалы оның бет-әлпетін мүлдем адам танығысыз қылып көрсетті. Оның үстіне басқаша киінген. Бұрын киген шалбар мен кеудешенің орнына, оның бұтында дхоти (шорти сияқты, бірақ әйелдердің етегіне ұқсайтын орама шүберек, дәстүрлі үндістандық киім үлгісі) үстінде жырым-жырым болған жейде.

Ол ауылға жақындаған сайын, бар сақтықты ұмытып жүрісін үдете түсті. Алыстан өзінің үйі көзіне шалынғанда, тіпті жүгіріп келе жатқан еді. Шып-шып аққан тері бетін тарамдады. Міне, ол есіктің алдында! Бірақ есік неге құлыптаулы? Бұлардың бәрі қайда кетуі мүмкін? Бұл сонша асығып еді... Терезесінен қарағаны дұрыс. Бұл не сонда? Қаңырап тұр, шаң басып, өрмекшінің торы қаптапты. Мұнда не болған? Кімнен білуге болады? Рахиман қатты жабығыңқы күйге түсті. Бойы қалшылдап бара жатқан соң арқасымен қабырғаға сүйенді. Әлдебір жақтан шыңылдаған темірдің дыбысы естілгендей болды. Бұл көрші, ұста Кенчаппа ғой. Содан сұрау керек. Бірақ аса мұқият болып, өзін әшкерелеп қоймауы тиіс.

Рахиман ұстаның үйіне беттеді. Кенчаппа төстің үстіне қызған темірді қойып балғамен ұрғылап жатты.

– Тыңдаңызшы, әкей, – деп дыбыстады оған Рахиман.

– Не болды? – ұста басын көтеріп.

– Жұмыс іздеп жүр едім. Мүмкін...

– Мұнда жұмыс жоқ, – Кенчаппа қайтадан балғасымен ұрғылауға кірісті.

– Өкінішті. Мен оның үстіне тұрғын үй қарап жүр едім. Мына сіздермен қатар тұрған үй бос тұр ма, немене? Есігінде құлып бар.

Кенчаппа тағы бір-екі мәрте ұрғылады, сосын дайын балтаны бір жанға қарай ысырып:

– Жалдайын деп пе едің? – деп сұрады.

– Лажы болса жалға алсам.

– Кілті менде. Сәл күте тұрыңыз, мен қазір.

– Ол үйде тұрған адамдар қайда? Бір жаққа кетті ме?

– Сізге оның қажеті қанша?

– Үйдің неге бос тұрғанын жай білгім келген. Мен оны жалға алғалы жатырмын ғой.

– Үй кәдімгі үй. Ешқандай күмәніңіз болмас үшін сізге айтайын, онда бір отбасы тұрды. Сирек кездесетін тату отбасы. Күйеуі, әйелі, кейуана-анасы, күйеуінің інісі. Олар тату-тәтті тұрып жатты...Алайда, басқа бақытсыздық келсе, одан қалай құтыласың?

– Сонда не болды?

– Отағасы соғысқа кетті де, сол жақта қаза тапты.

– Қаза тапты?..

– Иә, ол сорлыны өлтірген ғой.

– Оны өлтіргенін сіз қайдан білесіз?

– Қайдан дерің бар ма? Үш жыл бұрын болуы керек, оларға қағаз келген...

– Қандай?

– Хабар-ошарсыз жоғалып кетті деген. Өлген ғой, демек.

– Қате! – кенеттен айқайлап жіберді Рахиман.

– Сонда қалай, ол тірі ме? – Кенчаппа таңдана сұрады.

– Мен оны қайдан білейін? Алайда, нақты анықталмаса, адамды өлдіге санауға болмайды.

– Иә, басында біз де солай ойлағанбыз. Бірақ өзіңіз ойлап қараңызшы, қанша жыл өтті, ал одан ешқандай хабар болмады. Жоқ, қағазда жазылған шындық болғаны.

– Ал оның туысқандары қайда?

– Туысқандары дейсің бе? Баласын ойлап қайғыға батқан анасы жүнжіп кетті, оның кеткеніне жыл болмай жатып көз жұмған.

– Көз жұмды! О, Құдайым-ай!

– Сіз не, оларды білесіз бе? Мүмкін алыс бір туысқаны шығарсыз?

– Жоқ. Мен өзім жақында анамнан айырылғанмын. Соған көңілім босап кеткені, – Рахиман жылап жіберді.

– Иә, қанша жаста болсаң да, ана деген қашанда қымбат қой.

Олар біраз уақыт үнсіз отырып қалды.

– Ал әйелі? Інісі ше? – деп сұрады Рахиман. Жауап күткен кезде оның жүрегі қатты дүрсілдеп кетті.

– Оларға не болсын! Аман-сау жүріп жатыр.

– Аман-сау? Құдайға мың шүкір! Олар қазір қайда? – Рахиман тағатсыздана сұрады.

– Мына жерден алыс емес, Хосахаллиде.

– Ол ауылды білемін. Олар неге көшіп кетті?

– Қаза тапқан жігіттің інісі Кәрім сонда жер жалдаушы.

– Сірә, ол жақсы адам-ау.

– Жақсы, оған ештеңе айта алмайсың.

– Әлі күн бойдақ жүрген болар?

– Қайдағы! Үйленгелі де бір жылдан асты. Кішкентай сәбиі де бар.

– Солай ма! Шыңдығында, бұған таң қалатын түк те жоқ. Өмір жалғасып жатыр. Көңілі кең, жүрегі мейірімді болып тұр-ау. Өзі шаңырақ көтеріп, үлкен ағасының да отбасын, әлбетте, далаға тастай алмаған, – Рахиман басын шайқады.

– Ағасының отбасы енді оның өзінің отбасы.

– Мен де соны айтып отырмын ғой. Оның екі отбасына да бір отбасы сияқты қамқор болып отырғанына күмәнданбаймын.

– Бір отбасы сияқтысы қалай? Мәселе сол, бір отбасы болғанында ғой. Мен сізге айтпадым ба? Сірә, айтпағанмын. Ол өзінің жеңгесіне...

– Не? Сіз не дедіңіз? Өзінің жеңгесіне?..

Рахиман құлап қалмас үшін қолдарымен жанындағы тірекке жармасты.

– Мүмкін емес! Бұл қате! Өтірік! – деп айқайлап жіберді ол.

– Сіз немене, менен артық білесіз бе? – Кенчаппа реніш білдірді.

Рахиман орнына отырды.

– Оның үлкен ағасы мен әйелі бір-бірін өте қатты жақсы көрді ғой...Сіз солай деп айтқан сияқты едіңіз? – деді ол ойланған кейіпте.

– Жоқ, олай деп айтқан жоқпын. Бірақ, шындығында солай болған. Сондықтан, ешкім ол қайтадан күйеуге шығады деп ойламады. Ол күйеуге шыққанда бәрі таң қалды. 

– Жүзіқара найсап!

– Қалай деуге болады? Асыраушысыз қалған соң ол енді не істемек? 

– Бұдан да қайыр сұрап немесе өлгені артық қой. Егер махаббаты шынайы болса...

– Қойыңызшы. Мәңгілік ештеңе жоқ. Уақыт бәрін де өзгертеді, – деді Кенчаппа көңілсіз.

– Жоқ, мен мұнымен келісе алмаймын. Егер махаббаты шынайы болса, опасыздық жасамас еді.

– Мұның бәрі жәй әдемі сөздер. Өмірде әртүрлі жағдайлар болады.

Кенчаппа қайтадан жұмысына кірісті.

Рахиман болса әлі өз-өзіне келе алар емес. Басындағы жүйесіз ойлар бір-бірін кезек-кезек алмастырды. Соңғы төрт жылда көргендері көз алдында кинолента сияқты өтіп жатты. Сонда ол кім үшін өмірін тәуекелге тігіп еді? Аштықтан қалжырап, сілесі қатып шаршаса да, кім үшін өлі-тірі күйде осынша шақырымды жаяу жүріп келді? Тек Унниса үшін... Ал ол болса опасыздық жасады... Кәрім де... туған інісі... Жарайды, олай болса...

– Маған балта қажет, сатпайсыз ба?

– Неге сатпаймын? Сол үшін жасайды емеспін бе? Екі рупий.

Рахиман белінен ұсақ ақшаларды шығарып, екі рупийді санап шығарды да қалған екі аннды (1 рупий 16 анн (монета) кері салып қойды.

Кенчаппа дайын балталардың бірін алып берді.

– Жүзі шамалы, – деді Рахиман. – Маған жүзі өткірлеу болса.

– Сіз не айтып тұрсыз? – Кенчаппа ашуланып қалды. – Бұдан артық қандай өткірлік керек? Ағаш отауға.

– Сонда да, тағы бір қайрап жіберіңізші.

– Еркіңіз білсін.

Кенчаппа балтаны қайрады.

Рахиман да орнынан көтерілді.

– Үйді қарамайсыз ба? – деп сұрады ұста.

– Бүгін қарамаймын. Кеш болып қалды. Ертең келемін.

Рахиман ұзап кеткенде, Кенчаппа еріксіз басын шайқады: «Қызық өзі. Ананы-мынаны сұрайды, жауап берсең – сенбейді. Есі ауысқан ба, немене? Онымен қоймай, балтаның жүзі нашар деп қояды. Балта нағыз балта ғой. Бас шаба ма екен, ағаш отамай ма? Есалаң неме!»

Ауылдың сыртында орман болатын. Рахиман қолайлы бұтақты кесіп алып балтаға сап жасады. Жаман емес сияқты. Ол балтаны алып төмен салбырап тұрған қалың бұтаны шауып көріп еді, бұтақ шатыр-шұтыр етіп қақ бөлініп түсті. Рахиман жымиып күлді. Міне, балта нағыз балта екен! Қолының да күші бар.

Хосахаллиде Рахиман кездескендерден сұрай жүріп Кәрімнің үйін тапты. Есік ашық тұрды. Рахиман жолда барған бойда үйге тез кіремін деп ойлап келе жатқан, алайда күтпеген жерден босағаға бөгелді. Кәрім бөлме ішінде ат болып жүр екен. Үстінде кішкентай қыз бен бала. Жанында балалар құламас үшін қолымен демеп Унниса да бірге жүгіріп жүр. Қыз бала атты айдап қояды, ал ұл тіптен кішкентай, сықылықтап күле береді. Кәрімді ат құсатып тебінгенде ол қатты кісінеп, аяқтарымен жер тарпып, бұрынғысынан да қаттырақ жүгіреді. Уннисаның күлкіден шегі түйіле жаздайды.

Кенет ойын тоқтады. Унниса сәбиді қолына алды да, кішкене қызды саридың шетімен жаба қойды. Кәрім лезде аяғынан тік тұрды. Бәрі бір минутқа үнсіз қалған.

– Сізге не керек, ағай? – деп сұрады Унниса.

Рахиман тілінен айырылғандай біраз тұрып қалды.

– Мүмкін, ағаш жару немесе басқа бір жұмыс табылатын шығар, бәйбіше? – деді ақырында барып ол.

– О не дегеніңіз! Біз кедей адамдармыз. Басқаларды қайдан жалдайық! – деп жауап берді Кәрім.

– А-а! – деуге ғана шамасы жеткен Рахиман тізесін де бүкпестен кері бұрылды. Сыртқа шыққаны сол еді, есік сол бойда жабылып ілгегі сарт ете қалды.

«Унниса қандай бақытты! Бәрі сондай бақытты ғұмыр кешіп жатыр! Құдайым-ай, маған неге сонша қатал болдың?» – Рахиман осы сөздерді үздіксіз қайтала берді. Тоғанның қасына барғанда дөңестің үстіне шықты да, қолындағы балтасын суға лақтырып жіберді. Сосын тізесін бүгіп отыра кетіп, басын қолына қойды да, көзін жұмды.

Ертеңгі күні Хосахалли ауылының сыртындағы тоғаннан бір адамның мүрдесі табылды. Бірақ, ауыл адамдарының бір де біреуі оны таныған жоқ. Қаңғыбас біреу ғой деп ойлаған тұрғындар оны солай жер қойнына тапсырды...

             Қосымша мағлұмат. К. Ашватха Нараянанрао – үнді жазушысы,

Каннада (Үндістандағы Карнатака штатының ресми тілі) 

әдебиетінің өкілі. Әңгіменің орысша атауы – «Его любовь».

 

Орыс тілінен аударған Меңдолла Шамұратов


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар