Айгүл Кемелбаева. Тірісінде айтылмаған сөз... (Эссе )

Бөлісу:

07.01.2025 761

  «Елім-ай». 

Қазақтың қазіргі заманғы эпик ақыны Несіпбек Айтұлы (1950-2023) және Ғалымбек Елубай (1984-2023) түбі бір елден шыққан, жерлес, рулас. Арасы 80 күнде аға буынның соңынан ергендей жас жігіт беймезгіл кете барыпты. Екеуі тіршілікте бірін-бірі көріп-біліп, араласты ма, о жағы белгісіз. Азаматтық рух, туған жерден кеткен сағыныш-қайғы ортақ. Екеуі жат қолына өткен атамекеннен айрылудың құса-зарын көркем әдебиетте биік образға айналдырды. Қос жарылған қазақтың ұлттық қайғысын қаламмен жадта қалдыру аманатын ақтады. Несіпбек ағаның «Қияметтің көпірі» атты жоқтау жырында ішті өртеген күйініш, «елім-айлаған» зар-күйік бар:

                                      Шыр еткелі туған жердің рахатын көрмедім,

                                      Жамбасымды ойып түсті отқа күйген жөргегім.

                                      Қатал тағдыр, тәлкек қылар мен болдым ба ермегің,

                                      Төгіп-шашқан мол бақыттың бір тамшысын бермедің. 

                                      Ергенменен есіркемес ит қорлықтың ырқына,

                                      Ішімдегі ыстық жалын тепті шылқып сыртыма.

                                      Тым болмаса мінәжат қып ата-баба жұртына,

                                      Тұл жүрегім, зар еңіре, сай-сүйегім, сырқыра! 

Замана сұрқын көргенде Абай «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!», Мағжан «Мені де өлім әлдиле!» деп зар-запыран құсқан. Несіпбек қайдан алшақ кетсін ұлтының басына түскен ауыр қайғы – ноғайлы заманынан басталған ел айрылулардың ащы зары жылатпай қоя ма?! 

Ғалымбек Елубай 40 жасқа толуына екі күн қалғанда, 2024 жылдың 7 қаңтарына қараған түнде өмірден өтті. «Әкелерімнің маңдайынан сусып кеткен көктемдей осы қыс менің де басымнан сырғып кетер ме екен?!». («Жар жағалау» атты әңгімесінен). Сөз энергиясы. Жазмышын айнытпай болжап жазып отырғаннан аумайды. Ықылас Ожай «Шын қаламгер Құдайдың қаламсабы екенін айқайлап тұрып айтқым келеді» деп жазуы бекер емес. 

Ол қайтыс боларынан 2,5 ай бұрын «Жүз жетінші көктем» атты алғашқы кітабының тұсаукесерін өткізгені бір нышан. Прозаның кіші жанры – әңгімелер шеруін құрайтын осы жинақ автордың көзі көріп, кеудесіне басып, жаны жадырап, көңілі сүйінген жалғыз кітабы болып шықты. 

Ғалымбек кітабына: «Менің әңгімелерім ешкімнің уақытын ұрламайды. Автор» деп жазып қойыпты. Әдеби құбылыста әдебиеттану жанрына жүктелген асыл мен жасықты ажырата білмек аса маңызды. Нәрсіз, жасанды шатпырақ немесе плагиат-көшірме жазумен әдеби кеңістікте елену мен көзге көрінудің жылмайы тәсілдерін әбден игеріп; жалған атақ, сыйлықтарға кенеліп, өзгелердің бекер уақытын ұрлап, сол қымбат уақытын қоса өлтіріп, қағаз, қаржы шығындаудың қоғамға тигізер уытын ешкім тап басып айта бермейді. 

Бастауы «Бұланай асқан бұлдырық» атты әңгіме. Алтайдың сұлу табиғаты. Серіліктаудың ұшар басына қарағайлы қолатқа кеп балалық шағын, тоғыз жасында лажсыз ауған туған елін, жерін 60 жылдан соң бір көріп кетуге оралған қазақтың немересіне айтқан сөзі: «...Еркіндік, бостандық дедім. Тапқан да шығармын, бірақ менің жұмағым осында екен... Осы жерде қалыпты». Немере бала, із аңдушы шалдың 60 жыл бұрын көміп кеткен асығын тауып, шерін төгіп, егіліп жылағанын көрді. Шығыс Түркістандағы атамекеннен бассауғалап қашып, жолай көрмегенді көріп, ұзақ жылдар жат өлкелерде сарылып, ақыры Түркиядан пана тапқан қазақ көшінің михнаты, бастан кешкен одиссеясы Халифа Алтайдың «Атажұрттан Анадолыға дейін» атты кітабында, Хасен Оралтайдың қазақ көші туралы шығармасында анық жазылған.  Бұланай дегені Гималай. Жазушы болған соң жазу үстінде өзімнен жиі байқайтын бір құбылыс бар. Біз, қазақ баласы, сөздің дыбысталуына, дыбыс үйлесіміне ерекше мән береміз. Мұны ғылыми түрде сингармонизм заңы деп атайды. Дыбыс үндестігі негізінен поэзия мен музыкаға тиесілі ұғым. Ең дарынды, тума ақындардан осы қасиетті айқын көруге болады. Қазақ тілінде бұл ежелден қалыптасқан. Қазақты ақын халық дейтіні сондықтан. 

Несіпбек Айтұлының «Тескен таудың ар жағында» атты жоқтау жыры:

«Асып кеткен біреуі Бұланайды, 

 Барар жерін ешкімнен сұрамайды.

Бұланайдың басында қалған бірі, 

 Мұз бесікте жатқан соң жыламайды. 

 ...Шұрқырасып табысар күн болар ма, 

Тесік өкпе қазағым, шұрық табан?!».  

Ғалымбектің шоқ-шоқ әңгімелерін оқығанда алда не боларын болжай алмай, елеңдеп отыру оқырманды жіпсіз байлап қояды. Қысқа әңгімелер бөлек-бөлек болғанымен тұтаса біткен, арқауы бір. 

Ғалымбекке арналған «Әдебиет порталы» интернет-жобасының түсірілімінде ақын, әдебиеттанушы Ықылас Ожай айтпақшы, Елубайдың Ғалымбегі Алтай адамдарын анық бейнелеп кеткен екен. Типаждық бейнелерден көз арбайды. Ол адам психологиясын, болмыс-бітімін бір сөйлемге сыйдыра салады. Әр әңгімесі бір-бір тағдырды жоқтайды. Ғалымбек Елубай жазуында қыстығу мен өксік бар. Ішін өртеп бара жатқан қайғы-шерін, наласын шығармалары арқылы шығарады. Өсіп-өнген, көзі көрген, жүрегі сүйген ел-жұртының салт-дәстүрі, өмір көріністері, менталитеті анық берілген. Ұлт басындағы ауыртпалықты Несіпбек ақын өлеңмен жоқтады.

 «Бауырында Барқытбелдің туған ұлмын, 

 Бесіктен белім шықпай мұң жамылдым.

 Тіршілік көз алдымда жүз құбылды, 

Жүніндей жалт-жұлт етіп қырғауылдың. 

Жасырған жанарына жайдың оғын, 

Сырына қанып өстім бұл дәуірдің». (Н.Айтұлы. «­Өзімді таныстыру»). 

«Тектілердің тұқымы тозып бітті 

 Түрме менен көшенің ортасында.

Жерім байтақ болғанда қайғым шексіз, 

 Әзірейіл батыс пен шығысымда». ( Н.Айтұлы. «Тәтті іздеген таңдайым»). 

Ғалымбек Елубайұлы «Жүз жетінші көктем» атты әңгімелер жинағында Тарым түрмесінде 20 жыл тұншыққан қазақтың игі жақсыларына орала берген. Шығыс Түркістанда жасаған ірі ақын-жазушылар Мағаз Раздан мен Қажығұмар Шабданұлын бір мәрте, Омарғазы Айтан есімін екі рет атайды. 

«Арасында Омарғазы Айтан деген кісінің ұйқассыз, түсініксіз өлеңдерін жаттап жүрген»; «Өмірінің 20 жылын қытайдың тас түрмесінде Мағаз Раздан, Омарғазы Айтан сынды ұлдарымен бірге өткізген сабазың ділі қатты, сөзі ащы, ашуы долы кісі еді»;  «–Ата, сіз Тарым түрмесінде жатқанда Қажығұмар Шабданұлын кездестірдіңіз бе?». 

 Алтайда қалған мола 

Ғалымбектің әр әңгімесінде шоқтай жанып бір белгі тұрады. Ол ностальгия, атамекен идеясы.Несіпбек аға Арсалаң, Сұлушоқы деп балалығын өткізген өлкені жырлайды. 

 «Әркімге өз мекені – жер шоқтығы, 

Анықтай алмас ешкім өлшеп мұны. 

 Жүрекке алып ұшқан ем таба алмай, 

 Өлерміз сағыныштан өлсек түбі». (Н.Айтұлы. «Анықтай алмас ешкім») .

Ғалымбек «Арғы жағы Ертістің, бергі жағы» атты әңгімеде оралман жігіт туған жеріне барып, елде қалған досымен жүздескендегі жүректі тілген мұң-шер. Ол өзі. Жас дарын елге 2005 жылы келген сияқты. Ностальгия, өскен жерін өлердей сүю, ата-ана, бауырға сағыныш жазуында тұнып тұрады, бауыр басқан елінен ажыраған соң жүрек шіркін сыздай бермек. 

Автор досының атын атамайды. Қазақ мектебі жабылды, онда асылтұқымды қоян өсіреді, «Былайғы жағдайды өзің шамалап біліп отырған боларсың, ақырын-ақырын қысып барады»; «Жарайды, мен де, өзің түстеніп отырған қарашаңырағың да түп қопарыла көшіп кетейік! Сосын мынау иесіз жұрт пен иен қалған молаң кімге аманат! Сенің туған жерің кеткенімізбен кеміп қалатын емес, кеңіп қалатын елде орналасқан. 

 Екеуміз де бір сәтке тұнжырап отырамыз». 

«Талай-талай аяулы ұлың, 

 Басын тіккен сен үшін.  

 Қасиетті топырағым, 

 Ізі қалған бабамның, 

 Жүрегімнің асыл әнін

 Саған арнап салармын. 

 Сендей ғөзал сұлу жерді 

 Енді қайдан табармын? 

Қияметті көрдім қанша, 

Өзіңді аңсап зарыққан. 

Сен деп өтем көз жұмғанша, 

Жырлаудан еш жалықпан. 

Ойхой, Шығыс Түркістаным! 

Тас қамауда тарыққан...». (Н.Айтұлы. «Ойхой, Шығыс Түркістаным!» (Ұйғыр ақынының ізімен)).

«Ертең бұл жерге кім билік айтарын топыраққа айналған бабалар аруағы өзі шеше жатар, әзірге өзіміздікі!» дейді жабылып жатқан қазақ мектебінің соңғы түлегі болған қазақ жігіті. 

Николай Жаринов әдеби сұхбатында Гарсиа Маркес романы туралы «Макондо тұрғындары мұнда ешкім өлмегенін, бұл жерге кіндігінен байланбағанын, өзге жаққа ауып кете беруі мүмкін екендігін, сондықтан әлі отаны санауға болмайтыны хақында ойланады. Бұл ақтық байланыс жерлену, өлгендерді көму арқылы жасалады» деп айтқаны көз келген ұлтқа тән мәдениет пен дін негізінде аруақ культы жатқанын айқындайды. 

«Жылы жаққа ұшпайтын құстар» атты әңгімеде де осы идея қайталанады. Себебі адам ауырып тұрған жерін айта береді. «Қырдағы қорымдардың  маңайында Алтайы аруақтардың сүйегі жамырап жатыр»; «Анау қырдың түбіндегі моланы көрдің бе? Сонда әкемнің басы жатыр! «Әкеңнің басы бар ма?! дейтін сөз содан қалған». Сол зираттың арқа тірегі деп кейіпкер Алтай тауын айтады: «Соны қимаймын! Бұрын сақтардан қалған қорымды күзетсем, енді көз көрген әке моласын ғана қорып отырмын.

–Менің де әкем жатыр сол төмпешікте...

–Ал сен кетуге тиіссің! Мен үшін де, өзің үшін де! Осындағы аз ауыл үшін де!». 

Жазушы кең байтақ тарихи отанына кеткен қазақ пен қос империяның арасында жыртыс құсап, жатқа кеткен туған жерін қимай қала берген қазақтың арасындағы өлара беймаза күйді жиі жазды. Онда бірнеше ғасырлап атамекенде отырған қазақ, бергі беттен бұлғақта бас сауғалап барған қазақтың да ұрпағы бар. Жазушы жүрегін қан жылатып, кеміріп бара жатқан тап сол өлара күй. 

«Кекілді бал күнімді бауырына ап, 

Түбінде Хантәңірдің ауыл қалған. 

 ...Қара жел, 

Қалың ауруақ мекен қылып, 

Түп-түгел жүрегіме көшіп алды». ( Ербол Алшынбай. «Ауыл қалған»). 

Ғалымбекте аруақ культі, жершілдік және мола идеясы көп. «Мықтың үйі» – ескі молалар, оба, көнеден қалған қорымдар бұл жердің түп иесі кімдер екеніне куә. Мықтың үйін талқандап, алтын іздеп тіміскілеп, ескі реликвия іздеу келімсектер қаптап келгелі өршіп кеткен, олар ескі қорымдарды қопарған. Мұны «...енді үкіметі құрғыр өзі тонап жатыр» дейді жер киесін білетін қазақ. «Қара археология» әлемде бар құбылыс. 

I Петр заманынан бері қазына іздеушілер қазақ жеріндегі қорымдар мен обаларды бей-берекет қазып, қарақшылық тонаумен айналысты. 

«Мықтың үйі» – ескі қорымдарда мың жылдықтарда қордаланған қу сүйектер, көне ата-бабалар зираты. Түн жамылып мазар ақтарған бөтендер. «Оның мазар екенін сол кезде ғана білдік. Қорымның маңында шіріген ат әбзелдерінің қиқымы, жылқы, адам сүйектері шашылып жатты. Тобылғы басында түйдек-түйдек бұрымдар ілініп тұрды». 

Жазушы оқырманды есеңгіретуге құштар, өйткені өмір қатігез. Ең жаманы, ел қаймана біреулер аруақтарды мазалағанға қайғырған да, қорыққан да жоқ. Сонда не, елдік таным өзгере бастаған ба?! 

«–Иегіміздің астындағы ен байлықтан айрылған шығармыз. Кім қазды, не тапты екен  шіркін?!» – десіп қана жүрді». 

«Кеншілер кемірген Алтайдың асқаралы таулары шұрқ-тесік. Лағыл тастары өзіне сор байлаған тәкаппар таулар қойны-қоншына қол жүгірткен келімсектердің ынсапсыз талауына түсіп, қолқа-жүрегі ақтарылып, аяқ асты ары төгілген арудай алба-жұлба күйде есеңгіреп тұрғандай». («Аққурай»). 

Ол табиғатқа жан салмайды, табиғат тірі, жанды екенін көре біледі. Аққурай кейуана, жерін қимай, суицид жасайды. Мәйітті қараған дүнген дәрігер шизофрения деп жаза салды. Талауға түскен туған жер трагедиясы Ғалымбек Елубай прозасының өзегі. Ол прозадағы ақын. Адамзаттан арылмас күнә мен өкініш елесін жиі тұспалдайды. 

Ғалымбекте өлім тақырыбы көп. Неге? Ажалға асықтық, оны әспеттеу бар. Оқыс сөйлемдер мол ұшырасады. Ол тосын сюжеттерді сүйеді. Портретке шебер. Мыстан кемпір Қардай, «жүзі қазанның түп күйесіндей қара, шашы көкбурыл, көздері күлдей күңгірт еді». Бақсы. Оның есімі қардай аппақ деген мағынаны берсе, өңі соған кереғар. Ғалымбек эпизодтық болса да сұмпайы, кейіпсіз, сиықсыз персонаждарды дөп суреттейді. Иероним Босх пен Франсиско Гойяның қылқаламынан туған бейнелер сияқты колоритті образдарға жаны құштар, сөз өнерінде Шарль Бодлер алдына жан салмаған.  Себебі сұлулық пен сұрықсыздықтың эстетикалық күші тең! 

«Біз кетік кеселерді аузымызға енді апара бергенде, төргі бөлменің табалдырығынан бауырымен жорғалап, көкбурыл шашы кеудесін жапқан, жанары жыландай сығырайған, алды айқарма сұр шапанынан суалған тандыр емшегі салақтап, ертегідегі жәдіғөй мыстандардай бір кемпір бізге қарай тартты».  Бұл иен тауда жалғыз жайлайтын аңшы, жоңғар Көгайдың анасының портреті. Көгай жақсы адам, жоңғардың ескі салтымен кәрі анасының белін сындырып, қапқа салып, айдалаға апарып тастағысы келмейді. Осы сарын еңкейген кәрісін өлтіріп, көмусіз тастау салты «Далаға тасталған соңғы мүрде» атты әңгімеде бар. Жазушы қазақпен коңсы қалмақтың өлігін көмбей, айдалаға сүйреп тастайтын ескі салтын адам мінездерін даралау арқылы дөп суреттейді. Шоқан Қашқарға барғанда осы ғұрыпты жазып қалдырған. 

Ғалымбек прозасында көшпелі жұрт пен отырықшы, автохон халық пен өркениеті бес мыңжылдық, қамал тұрғызған, құмырсқадай қаптаған халықтың бір-біріне жат рухы тайталасып жатады. Жазушының көзі фотоаппарат сияқты, дөп басып таңбалай қояды. Оның қурайлары сағыныштан боздайды. Ескі сөздерді сүйеді. Баба таулар деп антропологиялық сипат береді, «отыз омыртқаң, қырық қабыртқаң бүгіліп» – осындағы қабыртқа, мұны қабырға деп жазу жаңаша болар. Елес, түстегі аруақтар. Кәбиран әжесі, бала досы Берік. 

«Мен сонда ойладым: жер дегенді тек тірілерден ғана тартып аласың. Ал өлілерді ештеңемен қорқытып, ештеңесін алдап ала алмайсың! Баба көрі өз меншігін кірпік ілмей күзетіп тұрады». («Айкезбе»). 

«Тарбағатай – туған жерім, алыс қалды ар жақта, 

Шыдар ма екен буған белім зілден ауыр салмаққа? 

Құлақ салмас керең дүние мендей мұңлық заржаққа, 

Кімге барып шағынамын, жыламасам аруаққа?». (Н.Айтұлы. «Қияметтің көпірі»).

Абай «Масғұт» поэмасында «Өлген мола, туған жер жібермейді, Әйтпесе тұрмас едім осы маңда» деп жазады. Көнекөз ғұлама Жағда Бабалықұлы қазақ халқы қилы-қилы зар замандарда, үркіншілік-жаугершілікте ата-баба сүйегін қастерлеп, өлген моласын қимай, қашып-пысып, шыр айнала көшіп жүре бергендіктен кең байтақ жерін сақтап қалғанын қадап жазды. Сырт қара күштер «аруақ» деген ата сөзге тыйым салып, ширк деп қаралай даттауы тұтас жерімізге көз құрты түскендіктен.   

«Біздің таудың теріскейі» атты әңгімеде кейін келіп орныққан қытайлардың моласын талқандап, «мен мыналардың бәрін көрінен сүйреп шығарам, өз жерлеріне барып жатсын!» дейтін жынды Талғат атанған жігіт. Империялық қыспаққа ғазиз жаны шыдамай бұлқынған түрі ғой. Зіл. «Қураған үйеңкі ағашына байланған Талғат» – Гарсиа Маркес ықпалы. 

«Тас қараған» атты әңгіме Алтайдағы зүбаржат, ақық тастарды іздеу михнатын айтады. Бұл романтикадан ғөрі қатерге толы сапар. 

Әр сөйлемде көшпелі қазақтың дүниені көру ерекшелігі айқын. Жазушы туған ауыл Көктерек. «...Көктеректің іргесіндегі қара жолдан «тас қараған» деп аталатын адамдар керуені өтетін»; «Алтай таудың ай түнеген құздарында үкідей қонақтап жүретін едік»; «Жұлдыз жарығымен ай мүйізі ағараңдап...»; «Аспанда жұлдыз жамыраған»; «ауыл дәрігерінің сабалап салған уколынан ба...»; «Алтай күзінің жерге жапырақтардан алаша жайған мизам шуақ бір күнінде..»; «келімсектер түйе боталағанда бір келетін Қараөткелдегі аққуларды баспалап барып, атып алды», жыл он екі ай демейді. Ол жер, кие, ие, сор туралы көп жазды. Қазақы теңеулері көп. 

«Ымырттағы ауыл» – аз ғана текст, обал мен кие идеясы. Бұғышаққа ішіп-жеп қарап отырған қытай шенеунік қолындағы билігін іске асырды, ол бір табақ қуырдақ көріп тамсанып отыр. «Қысық көздің иреңдетіп жыланын» (Серікбай Әбілмәжін. «Жырау»). Ақымақ екі қазақ таласқанға тас та жоққа көнді, жас төлін жоғалтқан ана маралдың обалын адамдар қайтсін. 

«Ең соңғы сыйлық» атты әңгіме түсініксіздеу көрінді. Он жасар бала Қадыл 22 жастағы бойжеткен қызға ғашық болып, ол күйеуге шыққанда өзіне-өзі қол салды.  Бәлкім ілеуде бір кездесер, рас та болар, бірақ мұндайды сана қабылдауға ауыр. Кішкентай ұлды ойын үстінде сол қыз деп сүйгені де шет, ұшқары образ. Дені сау бала емес, бойында жын болуы. Психоанализ бойынша Зигмунд Фрейд сананы шатастырып таңа беретін жабайы қауымдық тұрпайы натурализмге автор артықшылық беріп қоятын детальдар бірқатар кездесіп қалатыны селк еткізбей қалмайды.  

Ғалымбек тау баласы, табиғаттың тірі суретін береді. «Арасында таудың бел ортасындағы жүрекше қолаттарға аялдап, тау жүрегіндей бүлкілдеп жататын бұла қайнарлардан бетімізді жуып, таңдай жібітер едік».

Атажұрт Өр Алтайды Дәулеткерей Кәпұлы сағынышпен жырлайды. 

«Алтайдан күн көтерілді 

Ақ бесік –нұр мекенімді еске сап.  

Аманат қылдым кімге төрімді?! 

Қайқы бас ер мен бірге тебінгі, 

Есіме түсті-ау ескі ошақ, 

Менің айбалта төзімімді төске сап! 

...Алтайым, есімде мәңгі – 

 Жанымды орап жалынға. 

 Тәңір сыйлаған тақ төбемде 

Күн барында!».

 Дала мен қала 

«Терезеден құлап жатқан балалық» – жан айқай, урбандалуға бет бұрған қазақ баласының наласы. Ғалымбек бәрін өз жүрегінен өткізеді. Кеудеде өте сезімтал, мейірбан жүрек шыдатпайды. Жалпақ жұрт елемей келе жатқан, үлкендер қарамай қалт жіберген бейкүнә бала құрбандықтардан жаны түршігеді. Ұясынан жел ұшырған балапандар сияқты қараусыздық пен тұрмыс қамытына тұтылған бейшара күй. Көшпелі нәсілдің баласын қала жатсынғаны ма? Отырықшылық мен көшпелілік дилеммасы қашанғы алдан шыға береді. Заманға қазақ та бейімделуі керек. Әйтпесе құрдымға жұтқызып жіберетін қара күштер бар. 

Бұл трагедия ұл балаларына үш-төрт жасқа дейін кептеп подгузник кигізіп, обалды ғып өсіріп жатқан жас келіндердің жалқау, бойкүйез, салғырттығынан туса, ендібіреулері күнкөріс үшін жас баланы биік үйде жалғыз қалдырып кетуге мәжбүр.

Қыспағы көп қала еркіндікті өлердей сүйетін дала қазағына жат. «Жар жағалау» мен «Жаумай түскен жасындар» атты іркес-тіркес қос әңгіменің негізгі идеясы жазушы этюд салып отырғандай сезіліп кетсе де, мағынасы бір-бірін толықтырып тұратын екі сөйлемде жасырулы тұр: «қыстыгүгі мұздай су ішіп, іш тастап кететін ешкілері, қар бетінде шашылып қалатын қызылшақа лақтар туралы жаза беріп, өшіріп тастады...», «Бұл сен айтқан дәрігердің сыйы. «Жоспарлы туу» дейтін мекеменің кеудеме көміп берген дерті. Мен ажал емес, сынақтың құрбанымын». Бұл 34 жаста өлген Ақбаланың сөзі. Ауылда талай әйел жастай өлген себебін айтады. Аз ұлттарға бала тууды шектеген қытайлық саясатты таныту. Ғалымбекте жәндіктер басқыншы, олар да келімсек – «Бүйі қаптаған жаз». Бұл астарлы әңгіме. 

Оның прозасында Тәңірге сыйынған көшпелі қазақ дүниетанымының хош иісі аңқып тұрады. Ол сол қанда бар қасиетті сақтап тұратын этнография аңқитын жер-су энергетикасы сіңген балалық иісті аңсайды. Ол иіс халықтың өмір сүру дағдысынан, тұрмыс-салтынан, сөз энергиясынан, кісілік сәулесінен таралады. 

Патрик Зюскиндтің «Парфюмер. Кісі өлтірушінің тарихы» атты культтық романы 1985 жылы жарық көрді. Шедевр саналатын бестселлерде магиялық элементтермен қатар депрессивті жалғыздық уыты, жыртқыш қоғамнан аласталу, азған дін, суперқаһарман, асқақ адам-елден асқан қуатты тұлға болудың құпия кілті сорақы идеяға тіреліп, адам естімеген сұмдық қылмыс арқылы зорайып өсе береді. Бірақ романда жасырын тұрғанымен аса өктем ең негізгі идея – иіс философиясы, дәлірегі, иісі жоқ адамның тілмен айтып жеткізгісіз трагедиясы. Иіс – метафора. Иісі жоқ болу – ұлтсыздану символы, харамға тұтылған моральдық дағдарыс, ұшы жоқ жойқын қара сплин. Иісі жоқтық – жүректі, иман ұйитын жүректегі жылуды, бауырмалдықты, адамдық асыл қасиетті жоғалту, дін күнәһарлық идеяға бау тағып байлап тастаған мифтік жұмақтан қуылу, бақтан айрылу. 

Қазақстанға жабайы капитализм сыналап енгелі ол әсіресе, руханиятты оңырмай соқты, біржола құрбандыққа шалуға жанығып, күйретуге тырысты. Оның орнына шоу бизнес пен спорт ардақталды. Жарық дүниенің негізі сөз екені ұмытылды. Надандық бекіп, құтыра түсті.

Грек мифологиясындағы тұлғалар сияқты кесек әрі тағдырлы бейнелер кейіпкерлер галереясы айқын. Автор сол кейіпкерлердің ішінде жүр. 

Оның кей сөзін оқысаң қазақ тілінің дыбыс үндестігі заңы зораяды. Мысалы, 39 және 43 бетте «бірдем» деп жазған. Басында «бірден» деген үстеудің соңғы әрпі қате кеткен ғой деп ойладым, қайталанғанда «бір демде» болатын жайтты көздеген деп қабылдадым. Қарағай дәндерін түймеш деуі ағаш өскінінің геометриялық кескінін сипаттап тұр. 

Ең кереметі, небәрі бірер жыл ішінде оқырман қауымның үлкен тобына фейсбук желісінде танылып, өз басым Бауыржан Қарағызұлы басқарып отырған «Мәдениет порталы» арқылы білген Ғалымбектің тілі жасанды емес, тірі тіл. Эдгар Аллан По «Проза сұлу болуы керек» деп айқын жазды. Ғалымбектің стилінде көркемдік анық бар. 

Су анасы бұлақ көзі суалғандай таязданып, жұтаңданған, үсік шалғандай кепке ұрынған сөз қоры аса бай ана тіліміздің энергиясын, оның қанша қыстықса да сарқылмасын айқындай түседі. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» (Ахмет Байтұрсынұлы). Ғалымбек сияқты шын таланттардың жазуын уағыздау арқылы біз тілдік нормаларды қалпына келтіреміз, жастар үлгі тұтар оқулық сияқты болғызу керек. 

Пұл 

«Кек» атты әңгімеде қайың безіндей қатты шал мен оның қызының арасындағы қақтығыс диалогпен берілген. Әке Сәруар үйіне қызының келін болып түсуіне өлердей қарсы. «Ата, ескі кегіңізге бола бағыңды байламаңыз!» деген қызының сөзі далаға кетті. «Бір түнде шаңырағымды ортасына түсірді, отымды өшірді, барсаң өлігімді аттап өт» дейтін әке Сәруардың өзіне нақты қандай қиянат жасағаны туралы деректі автор саналы түрде қалыс қалдырған, мұнысы оқиғаның салмағын ауырлата түседі. Өйткені кемпірі қасында, «отын өшіретіндей не істепті?» деген сауал көкейде қалады. Әлде ұрпақ жалғар ұлының ажалына себепкер болды ма екен?! Кім білсін. «Қарттар өзімен бірге көрге ала кетті», бітті. Бұл расында вендетта. Не үшін екені жұмбақ, жабулы қазан күйінде қалды. Сонысымен білгісі кеп жаныққан оқырманды ынтықтырып қояды. 

Бедірейген қайтпас әке жалғыз қызын кек жолында құрбан қыларын ары қарай жазушы қысқы тау ішінде қалың қарға малтыққан бұғыны қалай аулағаны арқылы суреттейді. Мұндағы сөз құдіреті, жазмышқа телінетін, өлім шақыратын магия үш мәрте қайталанған бір сөзге телінген: «Қанды басың бері тарт!». Алпыс бір жастағы қарт бұғыны қумай-ақ қан аңсаған қаһарлы дауысымен торғайды арбаған жылан сияқты буып тастаған тәрізді. Жаңғырықтан сескенген бұғы қарға қамалып, басы айналғандай аңға шыққан адамның алдына орала берді. Қар қамауда ақтық демі біткендей тер басып тұрған байғұс момын аңды қарт кездігін суырып алып, тамағынан орып жіберді. Суық ақ түс ыстық қан атқылаған қызыл түске боялса, мұны автор суреттемей аттап өте шығады. Мұның қарттың көзіне толып тұрған қан екенін оқырман айтпаса да сезеді. Өйткені оп-оңай ұрынған бұғының ажалы қызымен қатар келуіне эзотерикалық нышан болып тұр. 

Бойжеткен қыздың өлімі бұғының өлімінен аумай қалды, сүйген жарсыз өмір сүруге көнгісі жоқ, өзі пышаққа түсті. Шалға баяғы кегін малданып, қара негативті соза түсіп, жегідей жейтін қайғысын ішіне жасырып тағы да ондаған жыл тірлік кешу бұйырды. Бар болғаны қызын сол бір бұғы арқылы құрбандыққа қиғанын есіне ала бермеу үшін «қар жамылып бұғы аулайтын  әдетін біржола доғарды». Былай қараса, мұндай кепке адамзат ұрына береді. Шал қонышындағы кездікті екі рет суырды, бірі бұғыны құрбан қылса, екіншіде астарлы түрде жалғыз қызына тиді. 

Ғалымбектің шолақ қайырылған әңгімесінде кесек суреткерлік, үлкен проза энергиясы бар. Шағын әңгімеден жазушының шеберлік мектебін меңгергені анық көрінеді. Оны-мұны тәпкіштеп айтып, бекер баяндаудан аулақ, түйінді дүниені таба білген. Туған қызын кісі құрлы көрмей, қалыңмалға айырбастайтын қара ниет қаталдық «Қарғыс» атты әңгімеде Казиман молданың образында қанық берілген. Ұлы жазушы Бальзак кескінін анық салған қас сараң Гобсектен өткен сұмпайы Казиманның кіші қызы у ішіп өлді.  Әйелі тасжүрек еркектің тілсіз құрбаны болып ертерек көз жұмған сияқты, оны автор айта қоймайды.  Жап-жас күйеу баласын қарғап өлтіріп, ана мен баланы айырып, жесір қызын екінші мәрте пұлдап, мал алған сұмпайы шалдың аллашылдығы жалған. «Ағамнан қалған жетім қызды бір туысқандарына асырап бергізді де, жеңгемді шыт жаңа қалыңмал алып, көрші ауылдағы әйелі қайтқан бір кісіге ұзатып жіберді». Казиманның ұлдары да өзіне тартқан тасжүрек, бірге туған қарындасқа жаны ашымайды. Типтік бейне, отбасын ойрандап, әйел мен қызына обал, зорлық қылатын небір жамандар бар. 

«Көл бетіндегі зират». Тексізді бауырына салған Сусар би нағыз қазақ. Ол жақсы адам. Бірақ әйел затымен санаспайтын, кісі құрлы көрмейтін өктемдік бұл кісіде де бар. Ескі ұғымда қыз сұраусыз, жексұрын өгей ұлға зорлап алып берген Гүлсағиға жасаған қиянатының жазасын Сусар би өзі асырап, адам қылған тексізден тапты. «Күшік асырап, ит еттім, / Ол балтырымды қанатты» (Абай).  Өмірде тым жанашырлық, асқан мейірбандық та жазалы. 

 Жылан культы 

«Ай жамылған аруақтар» атты әңгімеде готикалық прозаның көркем нышаны қазанның қар түйіршіктері сияқты қылаулайды. Пәленің бәріне себеп болған «үңгірде лақтаған меңсіз қара ешкі». Бұл әңгімеде ә дегеннен өлім атрибуттары көрініс тапқан. Қап-қара ешкі кемірген қураған сүйек, о дүние – қара қапастың тұспалы сияқты қуыс үңгір, түнде көшкен жыландар – «Шағылды беткейден қабыршағы ай нұрына шағылысып, балық бауыр қара жыландар легі сусыды». Жылан көшін автор поэтикалық бір сұлу сөйлеммен кестелейді: «Көш басындағы найза бас, қысқа құйрық оқ жыланның маңдайындағы бармақтай алқызыл жақұт жанып-өшеді». Тәжді жылан, бауырымен жорғалаушылар көсемі, патша дегісі бар. Жылан жер астын паналайды, өлген адамды жер астына көмеді. Өлім энергетикасын суық қанды мифтік-мистикалық бейнесі зор жәндік күшейте түскен. Автор бір тартымдылықты әр сөйлемде сақтауға ынтызар. Ертегілік санасын жасырмайды: «Бұл Жылан Бапының қыз ұзатуы емес, сай тағанындағы суығы миден өтетін сүт тұмаға сусап келе жатқан беті». Ер Төстік – қазақтың бағзы түпсанасы, таза ұлттық персонаж, арғы баба-протоқазақ, көшпелі нәсілге тән космогониялық дүниетаным. Ғалымбек суырдың қыз ұзатуы туралы мифтік танымды жыланға телиді. Одан ұтылмайды. Түн жылы болса жылан ұйықтамайды, жем аулайды. Жазғы түн. 

Серіктің әпкесі іздеп шыққан қара ешкіні «қара сайтан» атауы тегін емес. Ешкі құмырысқа илеуіне лақтаған екен. Автор табиғат суреттерін шым-шымдап салған сайын түнгі аттаныстың қуаты арта түседі. Айлы түнгі ғажап әлем, енді осынау ертегідей әдемі болғанымен кейіпкерді жарыққа жеткізбей алып қаларын сезінген оқырманның жүрегі сыздайды. Атауында да көпше түрде аруақтар делінген ғой. Оның үстіне буддизмдегі майя ұғымы – иллюзорлық, тіршіліктен ада жалған дүние синдромы бұл әңгімені көктей өткені сонша, тіпті автор оны түпсана арқылы, өлі мен тірінің орын алмасуы немесе қауышуымен, бейсана қимастықпен бергісі келеді. 

Құмырсқаның уын кетіру үшін екеуі құз жағалаған биік таудан төменге сырғанап түсіп, әпкесі жаңа туған қара лақты бұлақ суына салды. Өлсе де малсақ қазақ. Ешкі желінін сояу жаралап, қан аралас уыз ағуы, ұсақ малдың зарлы дауысы қайғы бұлтын қоюлата түседі. Тұма бұлаққа лақты салғанда су бетіне мың сан құмырсқа қалқып шығуы ұлдың анасын алда күткен құсаның бояуы іспетті. Байғыздың сұңқылы беймезгіл өлімді азалау ретінде үстеме. 

Әпкесінің кигені кебін болып шықты, кең пішілген боз мата. Жалбыз тістеп қыбырсыз жатқаны ол негізі аруақ болып шығады, інісін соңынан ертіп әкеткен сол, расында бұл оқиға жасөспірім Серіктің түс көруі болып шығуына да ұқсайды. Түсінде аруақ шақырса немесе ертіп әкетсе сол жан өледі. 

Бала бұлақ басында өзін шағып алған жыланды құмырысқа илеуіне тоғытты. Қаста қиянат кетпейді. Үйіне жоғалған ешкісін ертіп, бұлақты сайдан лақ ұстап оралған балаға анасы айтқан сөзінен әпкесі бұрынырақта өлген аруақ екені ашылады. Осы реттегі сөйлемдердің бәрінде қазақы тұрмыс-салт, ырым, этнографиялық деректер тұнып тұр. Қазақ өлі ұйқы дейді: «Ал ертесі Шұғынықтың жалғыз ұлы оянбай қалды». 

Купер мен Бальзак прозасында бір шығармадан ауысып екіншісінде жүре беретін ортақ кейіпкерлер бар. «Шұқынық – шөптің аты емес» атты әңгімеде әкесі өлген Серік шын жетімсірейді. Оның өмір сүруге құлшынысы кеміп кетуі шешесіне деген көзқарасынан болуы мүмкін. Жесір әйел Шұғынық тосын образ. Қанға жерік, өліктей суық жүзді әйел төрт баласы мен күйеуіне әмірін жүргізіп, күйеуі өлгесін балаларын жерге қаратып, анайы іске көшті. Балалары күйзелген. Ұлы әкесінің әруағын қастерлеп, күмбез салумен іштен тынды. Үй ішіне мұздай, бірақ бөтен еркек десе майдай еріп кететін әйелдер дүниеде бар, мына біздің қазақта да кездесе беретін типтік образ. 

Жазушы ауыл қазағында кездесіп қалатын қайғылы бір оқиғаны, бір баланы далада жылан шағып өлтіргені туралы сюжетті жұмбақтап, поэтикалық готикалық үлгіде байытып, ерекше детальдар қосақтап, суреткерлікпен бергені көне грек мифтеріндегі көркем тәсілді жадқа түсірді. Онда суға кетіп өлген жас жігітті тұншығып өлді демейді, Гилас асқан сұлу жігіт болған соң оның көркіне қызыққан су нимфалары, пері қыздары ұрлап әкетті дейді. Қара ешкі, қара лақ жазмыш, қара пәле. 

«Көш басындағы найза бас, қысқа құйрық оқ жыланның маңдайындағы бармақтай алқызыл жақұт жанып-өшеді». Тәжді жылан концепциясы «Ай жамылған әруақтар» әңгімесінен «Аспанда тіреуіш жоқ» әңгімесіне көшкені авторлық қолтаңбаны күшейте түстетін сөз магиясы. 

Ғалымбекте жыраулар поэтикасы бар. «Бөрі бораны... әр қиырдан ат өксітіп келе жатқандар» деп жазады. «Аспанда тіреуіш жоқ» атты оймақтай әңгіменің философиялық түйіні терең. Нұрлан Мәукенұлы «Көкте күн жоқ. / Жерде үн жоқ. / Арамызда кім жоқ?...» – деп «Елегізу» атты хокку жыр жазды. Адамзаттың ашкөздігінен жаралған, жүрген жеріне шөп шықпайтын, құрып-жоғалып тынатын Сұмырай құсты көзімен көрген дана шалдың есімі де ерекше көркем: Ізбөрі. Есім астарлы, сұмырай құс тылсым. Сұмырай құс жоқтық символы, оның бір атауы «Жоқ», жаратылысы «жоқ» деген сөзге байлаулы. Ғалымбекте ертегідегідей сиқырға малынған жылан патшасының тұспалы тектілік болып шықты: «...көз ұялтар жарық пен ысылдаған дауыстан оянып кеттім. Таяқ тастам жерде ұзыны екі-үш құлаш айдаһар жылан кетіп барады. Ең ғажабы, маңдайына жарық шашып тұрған басындағы жұдырықтай гауһар тасы болды». Жыланды жоқтап жылау «Ақ жыландар» атты әңгіменің негізі. Ол жер-судың иесі. «Құралай тышқанның боғы» деп аталатын әңгімеде құздағы ордалы жыландар мумие іздеп барған әкелі-балалы қазақтың сорын қайнатты. «Басы шалқалап кеткен баланың мойын тұсынан бастап иен құздың ордалы жыланы шымқап орап алыпты. Қанатына оқ тиген жаралы құстай салақтап кеткен баланың аяқ-қолдарын ысылдаған жыландар ұзартып тұр. Шарасынан шыға алайып кеткен тостағандай жанарында қаз бауыр бұлттар жөңкіліп жатты». Эдгар По стиіліне бек лайық жанды сурет. Әкесі баласын жартасқа беліне қарала арқан байлап түсірді, о да жыланның тұспалы. 

Ғалымбек Елубайдың прозасында қытай-хансу ұлты туралы деректер баршылық. «Сүйек күлі» атты әңгімеде келімсек қытайлардың қазақ ауылына пана іздеп кеп, кәсібін түзеп, тез оңалып кеткені оқиғалар легімен берілген. Түйінді сөйлем: «Үкіметі тарапынан қандай қолдау болғаны мұндағы жұртқа қараңғы». Олар негізінен жастарын жіберген. Қазақтар келгендердің тұрмыс салтына, дүниетанымына жатырқай қарайды. Ағын сияқты қаптап келе жатыр. Есесіне мұндағы қазақ қамкөңіл. Кішкентай немересін апасы Кабиран ұйықтап жатқан жерінен арқалап әкеп суретке түсірткен. Рәсімші қытай өлген анасының ақтық тілегін орындап сүйегін өртеп, күлін туған топырағына апарып қоятын болады. Өлі кемпірдің шашы жанып, от ішінен тұрып кеткені, мұны көргендер дүрліге қашқаны Эдгар Поның стиліне де ұқсап кетеді. 

Автобиографиялық әңгімеде бала Ғалымбек өз бейнесін – анасы мен кір-қожалақ немересін беті-қолын жумай ұйқыда жатқан жерінен суретке түсірген аңқау әжесінің қылығымен қосып юмормен шынайы берген. Ауылға алғаш жас қытайлар келгені, оларды жергілікті қазақтар ақпа деп атауын, олардың әйелдері ерін қуып жүріп сабайтынын, аш қарын тоймайтындарын, күй талғамайтынын, жүріп тамақ ішетінін, әуелде бейбіт көрініп, мерекесін, салт-дәстүрін, этнографиялық дерегін, оның біреуі фотосуреттің не екенін білмейтін қазақтарды фотоға түсіріп ақша тапқанын суреттейді. Бөтен халықтар мысық табандап еніп, баса көктеуін, саудаға бейімдігін әлемдік тарихта өркениет деп те қабылдай береді.  

«Алып әтештің әсем құйрығы немесе жаяу ұстаз» атты әңгіме өте шынайы. Қасым абзал, жаны ізгі адам, сонымен қатар керемет аяныш тудыратын кейіпкер. Жанарбек Әшімжанның «Қылбұрау» («Қайыршы үндістің монологы») атты өлеңіндегі үрей азайған, әлсіреген халықтардың келешегін ойлап қамығу, жоғалған мәдениетті жоқтау болатын. 

«Айәділдің қарызы» атты әңгіме де ғұмырбаяндық сарында, Ғалымбектің табиғаты мистик екені аңғарылады. Мұнда ол өзін Қақан деп атайды. Серіліктауды өз шығармаларында жазған, бірге өскен досы, дарынды ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлы оны біз Қақай деуші едік деді. 

«Бөде», «Жүз жетінші көктем», «Аққурай», ««Бөкен жалақ» аңызы» атты әңгімелерде ол қазақ әйелдерінің бір-біріне ұқсамайтын бейнесін жасады. 

Шын таланттар қорғансыз. Дәлірегі, ішкі мәдениеті мен терең жасырынған кісілігі, оны тәкаппарлық демей, бекзаттыққа тән кішіпейілдік деген дұрыс, сол жібермейді. Біреулердің алдына мөлиіп алақан жайып бара алмайды, болмаса ығы күштіге жағынбайды, өзін саудаламайды. Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды дейді ел.

Ғалымбек іштен тынып жүре берген. «Құл базар», «Арамтамақ шие ағаштары» сияқты әңгімелерінде өз өмірімен қоғам шындығы қатар бейнелеген. «Біз жылқыларды жүрегімізге жерледік», «Тас қараған», «Уақыт қоламтасында» атты әңгімелері автордың өз өмірінен. Жазушы бір сөйлеммен-ақ тұтас оқиғаны сығымдап, пресс жасағандай сыйдырып жіберуге шебер. Адам мінездерін қылығы арқылы күшті береді. Аз сөзбен образ жасайды. Ғалымбек өзі қатарлы әрі аттас оралман жас жігіт екеуі бірнеше жыл «Ақ жол» газетін төте жазудан кирилл һарпіне түсірген деген мәліметті жерлеу күні жас жазушыны қара жерге қимай қайғырған,  жақын жүрген қаламдас достарынан естідім. Аттай 25 том, сол қыруар еңбегі еленді ме екен?! Ұзақ жылдар бойы тышқан кеміруі мүмкін көне қағаздарға көміліп жұмыс істеу зиянды, денсаулыққа қауіпті екенін «Бабалар сөзі» сериясының құрастырушысы әрі жетекшісі, әдебиетші ғалым Серікбай Қосанов сұхбатында айтты: «Ескі қолжазбаларды ақтарғандардың көбі қайтыс болып кетті». Сарғайған түс санаға жұғары қарапайым физика заңдылығы, көз де фотоаппарат, миға салмақ көзден, өйткені әлем деген тұнып тұрған энергия, вибрациялық толқын-тербелістер екені аян. Архивтің 90 жылдық шаң-тозаңын жұтып, сарыла бейнеттену жас таланттың рухани амбициясына, шығармашылық потенциалы мен қалам қуатына теріс әсер етпеді ме екен?! Талай рет әдеби құл кейпіне түсіп, 2010 жылы деректі фильмдерге сценарий жаздырып алдап кеткен қос алаяққа, энерговампирлерге талай желінген өз басым ендігіде мұндайды ауыр қабылдаймын, жаным түршігеді. Бөтендерге шығындалған өмірлік күш-қуат энергия иесіне ақша күйінде қайтпаса шығармашылық адамның жолы болмауы жалғаса берерін тым кеш ұқтым. 

Ғалымбектің «Шала бауыздалған ақ ешкі» атты автобиографиялық әңгімесі 4,5 беттен аспайды. Орыс әдебиетінің классик жазушысы А.П.Чехов қысқа жазу талант белгісі екенін айтса, артық сөзді «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деп Абай терістеп, көзге шұқыған. Бұдан бос мылжың, көк езу былжырақ үлкен прозаға жат екені танылады. Оқиға уақыты 1990 жылғы жаз, мезгіл кеш бата, география – Серіліктау бауырында аз ауыл, ағаш төселмей, топырағы шығып жатқан еден, тұрмыс – жұтаң, «балалардың тізесінде екі, құйрығында бір жамау», жүгірмек түлкі құрсақ, қарын тоя қоймайды. Бірақ ауыл мүлде кедей де емес. Он шақты ешкісі, бірер бұзаулы сиырлары бар, айрандығы және тар заманнан қалған үркек көңіл, оның үстіне қазақы қанағат бар. Кейіпкерлер:  мейірбан әке Елубай, байдың өңді бәйбішесі, әжімі жүзіне емес, жүрегіне түскен Қуанған әже, ауыл молдасы. Қызылсырап, ет жегісі келген алты жасар ұл Серілік таудың арғы жағында атажұрты бар екенін үлкендерден әрине, естігені анық қой. 

«Ешкі – ол ет қой». Юмор тұнған қисын. «Ендеше неге соймайды екен?». Баланың ересек ойы селт еткізеді. Жаратылысынан ешкім алшақ түспек емес. Ғалымбек ет жегісі кеп, сойқан шығарғанында, онысы жерге шалқасынан түсіп, ләм-мим демей, қырсығып жатып алғанда әке-шешесі екі түрлі мінез көрсетеді. Анасы кішкентай ұлының жынын қағып алғысы кеп, әншейін жасқап жібермек болып, оттағы көсеуге ұмтылса, әкесі балажандығын танытты. Мал бауыздауға жоқ, онысын «қолым жұмсақ, малдың жаны шығып бермейді, ұзақ қиналады» деп ақталатын, расында жүрегі жұмсақ әкесінің мейірімділігі айқын. Ғалымбек өз әкесіне тартқан екен. Алты жасар баланың бауырмал әке мінезін біліп, ультиматум қойғаны тіпті ересектерше: «Ешкі сойып бересің!».

Бала болса да осы оқиғада оның көңіл әуені қырық құбылады. Әкесі мал бауыздайтын кісі іздеп дағдарып тұрғанын көрді. Көрші молда шал «Өзінің адал асын алалдап бауыздап жей алмайтын әкеден ұлға не өнеге?!» деп сынайды. Салмақ әкелі-балалы екеуіне түскенде бала ет жегісі кеп лаң шығарғанына тіпті өкінеді, әрі қорадан сирағынан сүйреп шығарғанда бақ еткен қысыр ақ ешкіні аяп кетті. 

Әңгімедегі кесек кейіпкер – қазақтың игі жақсысы болған соң ұлтшыл деп айыпталып 20 жыл қытайдың тас түрмесінде отырып келген молда «Жыртқыш түз тағысындай тас орындықтың талайын тоздырған көкжал». Оның шын тақуа молдалығын керемет асыратын бір сөйлем бар: «Және есімде қалғаны, ол ешкімді тозақпен қорқытпайтын-ды». 

Қазіргі бөтен ағымдарға іш тартатын молдалардың екі сөзінің бірі тозақ. Орта ғасырларда католик шіркеуі бұқара халықты Ібіліспен үрейлендіріп, оны негізгі қаһарман санатына шығарып, аспандатып жібергенінің соңы инквизицияның қаралы ғасырларына айналды. Ібіліс пен тозақ екеуі шынтуайтында бір ғана ұғым ғой. Әсіре діндарлар оларды көрнекі құрал қылып пайдалануға өте мүдделі. 

Сирағын бала шала байлаған ақ ешкі қашып көз байланған шаққа сіңіп кетті. Ертесінде Шәмши шал құлағындағы енінен танып, қансырап жатқан жерінен тауып әкелді. «Ұлына ешкі сойып берем деп күлкіге қалған әке моласы сол алыс Алтайдың құшағында мәңгілікке тыныс тапты. Бір уыс топырақ салуға да жарамадым». Әкеге деген мөлт-мөлт көздің жасындай сартап болған сағыныш 32 жыл өткенде, өз жасы сол 40-тан аспай кеткен ардақты әкенің жасына жетіп қалған 3-ші мүшелінде осы әңгімені жаздырғаны даусыз. Қазақтың шекараның екі жағында қалған қанын жоқтап, қос айрылған санасын, үш ұрпақтың тіршілік баянын шағын дүниеге сыйдырған. 

«Қош-есен бол, кіндік қаным тамған жер, 

Кім болғаны сені ұмытса жалғанда ер? 

Жүрегімді жібек жіптей кеміріп, 

Өле-өлгенше қара күйе – арман жер. 

Барлық пенен Тарбағатай ортасы – 

Тұнып жатқан топырақтың тортасы. 

Еміл менен Қараүңгірдің өзені – 

Бал татыған судың майлы сорпасы.  

Арқалаумен саған деген парызды, 

Сан боздағың арпалысып жан үзді. 

Сәби күнім өксіп қалған жұрттағы, 

Менен медет күтетұғын тәрізді 

Қысқа өмірде мың марқайған, мың азып, 

Таусылмастай табар дейсің кім азық? 

Көшіп-қонбас зираттары бабаның, 

Жат қолында күңіренеді құлазып. (Несіпбек Айтұлы. «Қоштасу»). 

«Оқу соққанның» махаббаты».  Дон Кихот тәрізді Ізқұтты бала кезінен кітапқұмар, «Арасында Омарғазы Айтан деген кісінің ұйқассыз, түсініксіз өлеңдерін жаттап жүрген» деген сөзден жас жігіттің әдеби талғамы зор екенін, әдебиеттің уын ішіп, балын жалап жан дүниесін мұнарға толтырып алғанын ұғынуға болар. Осы әңгімеде Ғалымбек Кафканы есалаң деп атайды, Омарғазыны қабылдай алмайтындай кейіп танытса да өзі соларға өте бейім, жүрегі тым нәзік екенін білу оның прозасынан көктей өтетін иррациональды трагедия, жасынан құсасын аңдап үлгерген мынау толқымалы, құбылмалы біресе асқан сұлу, біресе ажары қашқан ұлы тіршілікке сағыныш сарынынан аңғару қиын емес.  Досы Ізқұтты жазушының бір сыңары ма деп қалуға болады. Пушкин «Мысыр түндері» атты повесінде өз автопортретін үш кейіпкер етіп ғажап суреттеген болатын. 

Көр, өксікті образдар шеруі, өлетін бала молаға жүгіреді демекші, ажал мотиві тым жиі («Асыранды»). Оның кейіпкерлері жиі есінен адасады. «Су аяғы құрдым», «Кісікиіктің махаббаты», «Оқу соққанның махаббаты», «Біздің таудың теріскейі», т.б. 

Әдебиетте пиар жасау сәнге, артықшылыққа айналды. Онсыз әдеби орта ескермегенсиді. Біле тұра, көре тұра самарқау маска кие қояды. Көпшілік шынайы көркем әдебиеттің құнын білмейді. Әдебиет туралы интервьюде мәскеулік профессор Евгений Жаринов «Біз жаппай графомания дәуірінде өмір сүреміз» деп ащы шындықты баса айтты. Дарынды туғандар амал-айласы асқан, сүйемелмен ғана озатын бездарь атаулының тасасында қалса, ақша билеген заманда жұтап жарымай жүрсе сол қайғы. 

«Сонда ойладым: ұлылардың есті сөздерін естеріне сақтап қалдыра алмаған халық тірі өлік болар деп». (Роллан Сейсенбаев. «Вислава Шимборская. Құдай тәубесіне түскен күн»). Себебі қазір көпшілік мәдениеті өктем, дүлей дәуір –  қарадүрсін, көшірме, айтары жоқ нәрсіз, арзанқол прозасымақ пен сандырақ киносымақ қаптап, талғамды бұзып, тыйымсыз тайтаңдап, баса көктеп барады. Ұлттық дәстүрге балта шабу шеттен сұмдық қаржыландырылып, дін жамылған іріткі топтар арқылы күшейген. Блогерлерден қазақ қоғамының рухани құлдырап бара жатқаны айқын білінеді. Сондайлардың девизі:  «Атың шықпаса жер өрте». Кітап оқымайтын небір надандарға Шоқанды кемсіту, Мұқағалиды менсінбей тілдеу, ұлттың маңдайына біткен таңдаулыларды мазақтау түк емес. Мұның бәрі асқан топастық меңдегенде жабайы, сиықсыз сауатсыздықтан шығады. 

P.S. Былтыр жаз «Абай» журналына бір әңгімесін сұрап, Ғалымбекке хабарластым. Интеллектуал ақын Бауыржан Қарағызұлы сайтта үзбей жариялап тұратын беймәлім автордың әңгімелері ұнай бастаған еді.  Оны бұрын көрмегенмін. Телефоннан ол маған: «Айгүл апай, мен сізді ойлап жүргемін» дегенде қайран қалдым. Мені оқып жүретін болғаны ғой. Ол Алматыдан 2009 жылы қыста «Махмұд Қашқари» II сыйлығының 300 доллар салынған конвертімен қоса («Ереймен мен Ақынай» атты әңгімем үшін)  дипломын әкеп бергенін, сол сыйлықты қатар алған Ұларбек Дәлейұлы маған беріп жібергенде вокзалдан барып қарсы алғанымды айтты. Жас студент баланың байқаудан алған ақшаны әкеп бергені сонда барып есіме түсті. Өзі айтпаса білмеймін ғой. Сәл кейінірек Ғалымбек «Көл бетіндегі зират» атты әңгімесін маған ватцаппен салып, «Айбоз» сыйлығына жібергенін айтты. Оны жазушы екенін білгесін жақыннан көруім 2023 жылы 14 қазанда Ұлттық академиялық кітапханада «Жүз жетінші көктем» атты әңгімелер жинағының тұсаукесерінде өтті. Бірінші қатардағы маған ол жиі қарап қойып отырды. Тағдыр жазуымен алғашқы әрі соңғы мәрте кездесу екен. Ол үш айға жетпей қайтыс болғанда барып қоштасқандай болып жаутаңдаған көздің мағынасын ұқтым. Ғалымбек маған өз  шығармашылығын елге танытуды, лайықты баға беруді, іздеушілерін көбейтіп, зерттеуді, кесек ой айтуды аманат етіп кеткен екен. Нағыз жазушыға біткен түйсік алдамайды.  Ол кім өзіне рухы туыс екенін сезеді. Жазушының өзі өлсе де, сөзі өлмегені абзал. Мен үшін кейінгі буында өз заманын, ел-жұрттың бейнесін айнытпай жазып кеткен Ғалымбек Елубайұлы шын суреткер. Оның әңгімелерін ірі шет тілдерге аударту қажет. 

Әлеуметтік желіге кірмейтіндіктен оның беймезгіл қазасын бір күн өткенде 7 қаңтарда түс ауа естідім. Ажалға дауа жоқ. Ол біздің өларадан әлі шыға алмай милықтап жатқан, ақшаға табынған жатбауыр қоғамды жатырқап, тым нәзік жаны сыйыса алмай кеткені анық. Дегдарлықты қорашсынатын, ақшаға тәуелді мешеу ортадан әбден жалыққан болар. Анасы, ет-жақын туыстары шекараның арғы бетінде қалған жазушы елім деп аңсап келгенде жаны жұбаныш таппай, жалғыздық, жетімсіреу күйігінен арылмаған сияқты. 

Жерлеу рәсіміне мені ала кет деп Бауыржан Қарағызұлына қоңырау шалдым. Астана түбіндегі Қоянды ауылы. Дүйсенбі, 8 қаңтарда шағын мешіттен Ғалымбектің жаназасы шығарылды. Ақтүтек боран ішін тарта ұлып, аяз қатайып тұрды. Марқұмның кішкентай екі ұлы қабір басына үлкендермен еріп кеткенін естіген әйелдердің көзіне жас үйірілді. Әп-әдемі келіншегі Бұлбұл сүйген жарынан айрылып, қаршадай төрт баламен жылап қалғанын көрген жүректер шайлықты. 

Небір айтулы талант иесі құдай берген дарынын толық игермей қор болып, фәниден бақиға озды, олар шын талантты дер шағында танымай, ұлт қазынасын бағалай, қорғай алмай қапы қалатын ортасына күйініш буып іштен тынған соң өз-өзін аза тұтуға, жүрек сорлы қан жылауға мәжбүр болғаны даусыз. Осы заманғы пысықайлықтан жұрдай болғасын сөйтпегенде қайтсын. 

Тұсаукесерде ол маған кітабына қолтаңбасын төте жазумен жазып берген еді. Арабша. 2024 жылдың 22 мамыр күні жазушы туралы «Әдебиет порталының» түсіріліміне шақырғанда Жақсыбек Қақан кириллицаға түсіріп берді: «Қымбатты Айгүл апайым, әрқашан амандықта болыңыз. Інілік ізетпен Ғалымбек Елубай» деп жазған екен. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар