Қош, қазақтың арда ұлы

Бөлісу:

10.01.2025 198

Қаңтардың оны күні таңда Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жетті. 

Мұхиттың ар жағынан жеткен қайғылы қазаны естіген қалың елі қамырықты күй кешіп, егіле жоқтауда. 

Абай мен Шәкәрім туған қасиетті топырақ қарт Шыңғыстың бауырында дүниеге келіп, алдыңғылардан жалғасқан рухани нәрге бесігінен-ақ мәйектене меймілдеп өскен талапты жас есейе келе қазақ әдебиетінің қатепті қара нарына, қабырғалы қаламгеріне айналды. Қызыл империяның қылышынан қаны тамып тұрған тұсында-ақ өзінің азаматтық ұстанымы жолынан айнымастан тынымсыз еңбектене жүріп, қазақ әдебиетінің тарихын бес ғасырға тереңдеткен әдебиеттанушы ғалым, «Тазының өлімінен» бастап, «Аласапыран», төрт томдық «Шыңғысханға» дейінгі толымды жиырма алты томдық көркем әдеби туындыларын берген классик жазушы, қазақ қоғамының өзекті мәселелерін тамыршыдай тап басып жазған публицист, қайраткер тұлға туралы бұдан былай өткен шақта айтылатыны өкінішті.

“Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!” – деп өзі жазғанындай, өлмес рухты ұлы жазушының мәңгілік ғұмыры халқымен бірге жасай бермек. 

Қош, қалың қазақтың бағына берген арда ұлы...

Бөлісу:

Көп оқылғандар