Парижден кейінгі соқпақ...

Бөлісу:

15.01.2025 143

Әрине, ол заманның өз ерекшеліктері, қоғамға өз көзқарасы болды. Мәселен дүниеден өткен соң Әмiреге деген қоғами немқұрайлылық танылды. Оның жерленген жері, зираты жоғалды. Қырық жыл бойына Әміре жайлы айту ресми түрде еленбеді, ескерілмеді. Оның Парижге барған сапарында алаш ардагері, Кеңестің Қазақстаннан шыққан бірінші жауы Мұстафа Шоқаймен жолығып, достасқаны туралы ол кездері тіс жарып айтылмады. Айтылу мүмкін де емес еді. Тіпті Мәскеу, Петербург, Варшава, Берлин тәрізді Еуропа қалаларының архивтерін ақтарып, Әміре жайлы дерек іздеген менің өзім де Әміренің ОГПУ тізімінде болғанын естімеппін. Неге десеңіз ОГПУ тізіміне іліккен адамды жасырын аңдиды, жасырын өш алады, жасырын жазалайды екен. Онда: «Әміре өмірінің соңғы он жылы бір өкініш, бір үмітпен өтті. Неге десеңіз, Әміре Парижге барғанда алаш азаматы Мұстафа Шоқаймен жолыққан еді. Сол сапарда Мұстафа Әміре әндерін тыңдап, елге деген сағынышын білдіріп, бірнеше күн жанында жүргені белгілі. Әміре елге қайтып оралғанда Мұстафамен жолыққаны үшін «тыңшылардың» назарына ілікті, қысымына түсті.

Социалистік Еңбек Ері, халық әртісі Серәлі Қожамқұлов 1974 жылы маған айтқан естелігінде: «Бүкіл халық қошеметіне бөленіп, атағы жер жүзіне кеткен Әміре Парижден аса көңілді де шатты оралды. Арада бір-екі ай өтпей жатып, бір күні бет әлпеті көгерген, көзі ісінген күйі жұмысқа келді. Не болғанын сұрадық. Ол: «Сұрамаңдар, мен айтпаймын», – деді. Оның осы көрінісі арасына айлар салып, қайталанып жүрді. 1929 жылы ұлт театры Алматыға көшті. Мұнда келген соң да Әміреде сол күй үзілген жоқ. Ұмытпасам, 1931 жылдың көктемі еді. Бір ойын-сауықтан соң Иса, Әміре үшеуміз айлы түннің аспанында үйді-үйімізге бірге тарастық. Сонда Әміре: «Мына пәлелердің менде не ақысы бар екенін білмеймін, түн жамылғысында қара киінген екеу үйден әкетіп, таң сәріге дейін ұстап қоя береді. Сондағы сұрайтыны: «Мұстафа не деді?» – дейді. – Айтқан әнімді тыңдап, көзіне жас алып, елге деген сағынышын білдіргеннен басқа естіген ештеңем жоқ, – десем, сенбейді. Сенген былай тұрсын, бірі ұстап тұрып, екіншісі қол жұмсап, көгала қойдай етеді», – деп көзіне жас алып, қиналып жүргенін жайып салды. Бәрінен де сорақысы: «Осынымызды бір адамға айтушы болсаң, отбасыңа зияны тиеді», – деп әбден қорқытатынын айтып, еңкілдегені естен кетер ме. Қайран Әміренің сол сөзі әлі құлағымда», - деген еді. Осыны Серағаң ішіңде жүрсін дегендей құлағыма сыбырлаған болатын. Ол кезде бұл туралы айту, жазу мүмкін емес-ті. Енді ойласам, Әміре жайлы шындық кейінгілер есінде жүрсін дегені екен [5, 234].

Әміренің ендігі өмірінің көңілсіз кейпін оның фото- суреттері дәлелдегендей. Мәселен, Семейден шығып 1917 жылы төңкеріс тұсында Петроградта болған, оқыған азамат Мұсағали Қаңлыбаевпен (атақты ғалым, дәрігер Жамал Қаңлыбаеваның әкесі) 1921 жылы түскен фотосуретінде Әміре жайдары–жарқын, көңілді көрінсе, 1926 жылы сүйген жары Оразкемен, Иса Байзақовпен және сол жылдар шамасында Қалыбек Қуанышбаевпен, Қажымұқанмен, т.б. ұлт театры шаңырағын көтерісушілермен түскен фотосуреттерінде Әміре жүзі қатулы, күдіктің қара көлеңкесі бірге жүргендей сезіледі. Бұл туралы Жарқын Шәкәрім «Абай» журналында жазғаны бар, оқып танысып шықсаңыз болады [12, 73-75].

Сол жылы Әмiре дауысын Мәскеуден дыбыс жазу мамандары келiп, әндерiн күйтабаққа жазу да жоспарланған болатын. Оған да үлгермедi. Қырықтан асар-аспасында Әмiренi ауру меңдей бастаған. Өмiрден өтер, қайтыс болар алдында қаршадай қыздары Күлән мен Күләштi “Көз қырыңды салып жүргейсiң” деп Ахмет Жұбановқа табыстауы өмiрден күдер үзудiң белгiсi тәрiздi көрiнедi. Әмiре дүниеден өткенде бүкiл елiмiз болып жоқтағаны сол кездерi шыққан барлық газеттерде молынан жазылған. Сәкен Сейфуллиннiң өзi “Казахстанская правда” газетiнiң 1934 жылғы 12 қараша күнгi санында орыс тiлiнде күңiренiп жоқтау мақала жазды [5, 236-238].

Әміренің соқпақ жолы 1925 жылғы ел айтып жүрген Шоқай баласы Мұстафамен жолығуынан басталды деп айтсақ қателеспейміз. Таңқаларлығы Әміре ОГПУ тізімінде болғаны. Демек, Әміре Мұстафамен жолықпаса да назарда болғаны рас. Бірақ жолығуы, дәл сол жылдары Мұстафа Шоқайдың «Ашаршылық» мақаласының шығуы олар үшін таптырмас дәлел болғандай. Бірақ Әміренің қолхат беру кезінде ешқандай мағұлматтың берілмегендігі айтылған болса, хабар жіберуші тұлға есімі әлі де беймәлім болып қала бермек. Тарихқа тапсырамыз, шара не ?! Біз Әміре Қашаубай өмірін зерттеу кезінде, «Абай облысы Мемлекеттік архиві» мекемесінен тұлға шығармашылығына байланысты құжат таптық. Арнайы кәсіби қызметі үшін архив ісінің маманы Лаура Қабдылғазықызына  ерекше алғысымызды білдіреміз. Төменде құжаттың көшірме нұсқасы көрсетілген:

(қ. 415, т1, і273, 96п)

1925 жылы Әміре тамыз айында елге қайтады. Құжат бойынша Қызылордадағы театрға, қараша айының 10-күні жіберілген. Демек арадағы уақытты дерек бойынша Әміре ел аралауға жіберді деп кесіп айта алмаймыз. Осы бір аралық уақыттар да, Әміренің алғашқы тар жол, тайғақ кешу кезеңі басталған сыңайлы. Мұны, алдыңғы деректермен қуаттай аламыз. Бұл жерде кесіп айтар дәлдік, Әміренің тұңғыш қызы Күлән апамыздың жасы 12 шамасында болса, 1913 жылы дүниеге келген. Осы жерде Әміренің екінші қызы Күләш апамыздың есімі байқалмайды. Күләш Әміреқызының естелігі бойынша: 1934 жылы әкеміз Әміре қайтыс болғанда мен әлі мектепке де бармаған екенмін. Анамыз Оразке де денсаулығы нашар, менен 3-4 жас үлкен апам Күлән да әлі жас, тек әкеміздің аруағын құрметтеп жәрдем көрсетумен болған үкімет орындары, әкеміздің көзін көрген бірі серік, бірі шәкірті болған, жолдас-жорандарының арқасында жетілдік, ел қатарында болдық [5, 229]. Демек, Күләш апамыз ол кездерде 7-8 жас шамасында болса керек. Біздің ше, есімі құжатқа түспеген. Қазан айының 25-күні №559 бұйрық бойынша Әміре Қашаубайұлы, Қызылордадағы ұлттық театрға жіберілуі қабылданған. Әміре мен қатар жұбайы Оразке, қызы Күлән. Жіберілу кезіндегі алдын ала қаражаты 169 руб. 50 тиын. Арнайы басшылықпен оның ішінде ЗАМ.ЗАВГУБОНО – Шахматов, Зав.Адм.Орг.П/отд. – Мирощниченко, Начкапц – Беликовтың қолы және қалалық мөр басылған. Құжаттағы маңызды мәтін ол Әміренің әншілік қана емес, әртістік (импровизатор) кәсіби шеберлігін нақты көрсетіп жазған. Құжатты сөйлетуші, Смағұл Сәдуақасов естелігінде: 

«- Бізде ойнаушылар (артист) бар ма?

- Әрине бар. Бірақ біздің ойнаушыларымыз әлі төселмеген. Жалпы көптің ішінен әлі бөлініп шыққан жоқ. Біздің артистеріміз әлі өздерінің жолын да анықтаған жоқ. Біздің артистеріміз әрі өлеңші, әнші, әрі ақын, әрі палуан, орысшалап айтқанда, біздің артист операда қандай ойнаса, циркте де сондай ойнауға шамасы келеді. Кейде артистеріміз пьеса жазушы да болып шығады.

Биыл Семей губерниясында болған Қоянды жәрмеңкесінде олар талай ойындар көрсеткен. Ұсталары үстіне қоян болып секіріп шығып, үстінде тұрған қымыз, самауыр, шыны- аяқ соның бәрін қимылдатпай қайта жерге түсіп, қайтадан үстелге шығып, сол сықылды басқа ойындар көрсеткен. Көрген кісілердің айтысына қарағанда, осы жігіт театрда ойнауға да жарайтын болса керек. Биыл жаз Парижге көрініске барып келген Әміре Қашаубайұлын алайық. Бұл өте жақсы ән салатын жігіт. Әміренің әні туралы орыстың журналдарында, газеттерінде көп сөз жазылды. Бәрі де Әміренің әншілігімен қабат оның артистігін де мақтайды. Әміре «Ағашаяқ» деген өлеңді айтқанда шын артист болып кетеді. Қандай салмақты отырған адам «Ағашаяқты» естігенде еріксіз күліп жібереді. Күлдіретін сонда «Ағашаяқтың» өлеңі емес, Әміренің өнері, оның жыламсыраған дауысы, қыржиған беті, жұмылған көздері, қысқасын айтқанда, Әміренің артистігі...» - деп маңызды дерек беріп кетеді. Иә, Әміре тек қана әнші емес, ол – нағыз әртіс, өнерпаз. Әміренің басқа әншілерден тағы бір ерекшелік қасиеті – ол өз репертуарындағы әндерге үнемі өңдеулер жасап, бұрынғы қалпынан анағұрлым артығырақ ажарландырып жіберетін. Сондықтан да, оның елегінен өткен әрбір ән өзіне тән жаңа түр, жаңа ырғақтар тауып, тамаша түрлене түсетін- ді. Мысалы, “Ағашаяқ”, “Шіркін- ай”, “Баянауыл”, “Қарға”, “Екі жирен”, “Толқын”, “Қос барабан”, “Қызыл бидай”, “Жиырма бес”, “Көк көбелек” сияқты көптеген әндердің Әміреге дейін және кейінгі нұсқаларында біршама өзгерістер байқалады, демек Әміренің өңдеуге де қосқан едәуір үлесі бар. 

1925 жылы 25 қарашада Үкімет қаулысы бойынша Қазақтың ұлттық театры ашылатын болып, Қазақстан Халық ағарту комиссариатының арнап шақыруымен Әміре Қызылордаға келеді. Қазақ ұлт драма театрына әртіс болып алынады. 1926 жылы 13 қаңтар күні Қазақ театры өзінің шымылдығын Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашқанда, әнші Әміре Жапал рөлін ойнап, екінші бөлімінде астана жұртшылығының алдында өзінің әнін айтады. «Еңлік – Кебек» спектакліне қатысушылардың кім екендігін анықтамақ болып, алғашқы режиссерлеріміз Серке, Құрманбек, Елубайлардан сұрап, 1961 жылы өзім жазып алған актерлер тізімі әлі сақтаулы. Олар: 1. Абыз – Елубай Өмірзақов; 2. Кеңгірбай – Елубай Өмірзақов; 3. Таңшолпан – (Абыздың әйелі) – Ғазиза Шәлімбекова; 4. Кебек батыр – Хұсайын Оңғарбаев; 5. Еңлік – Шәмсия Әлібекова; 6. Есен батыр – Рахым Иманбаев; 7. Ыхан (Еңліктің әкесі) – Мұқажан Байтеров; 8. Қалампыр (Еңліктің шешесі) – Жанқия Малабаева; 9. Қараменде - Әбдулхай Абдуллин; 10. Еспенбет би – Серке Қожамқұлов; 11. Көбей би – Сейфулла Байғожин; 12. Жомарт би – Құрманбек Жандарбеков; 13. Кембай – Қапан Бадыров; 14. Жәуетей – Иса Байзақов; 15. Жапал - Әміре Қашаубаев; 16. Матақ - Әбен Мұхамедияров; 17. Жігіт – Дүйсенғали Мырзағалиев еді. [5, 160]

1926 жылдың басында келгендіктен Қалыбек Қуанышбаев бұл тізімге кірмей қалды. Бұл да көне факті, көпшілік біле бермейтін мағлұмат. Ал, Әміре шымылдықтың ашылған күнінен бастап Әміре театрда жай ғана әртістің бірі емес, жас театрдың жанды афишасы, халық әндерінің небір саңлақ үлгілерін сахна арқылы халыққа таныстырушы, өзінен кейінгі жастарға ән үйретуші ұстаз болады. 1920 жылдан 1930 жыл‑а дейін театр жөнінде газет бетінде басыл‑ан рецензиялар мен мақалаларда Әміренің әншілігі, оның асқан шебер орындауы жайында, кемінде жүздеген жерде аты аталады. Әдетте, Әміре есімін атағанда біздің бәріміз атақты Париж, Майндағы Франкфурт сапарларын еске аламыз. Әрине, бұл заңды да. Сонымен қатар, Әміре өнерінің, Әміре өмірінің қалың жұртшылық назарына онша ілікпей келе жатқан тұстары да аз емес. Ең алдымен, Әміре Қашаубаевтың драма театрындағы көп жылдық жемісті еңбегі жан-жақты зерттелмей келеді. Әміре – қазақ театрының тұңғыш актері. Оның «Еңлік – Кебектегі» - Жапал, «Бәйбіше–тоқалдағы» - қойшы, «Айман – Шолпандағы» - ақын, Д. Фурмановтың «Бүліншілігіндегі» - шайхана қожасы, М. Тригердің «Сүңгуір қайығындағы» – қарт секілді рөлдері – арнаулы сөз етуге тұратын күрделі образдар, 1934 жылы дүние салған Әміре музыкалық театрдың сахнасына шыға алмай кетті. Шіркін, сол әсем дауысты, сол актерлік шеберлікті классикалық операларды орындау сәтінде көрер ме еді! Батыс Еуропа және орыс музыкасының классикалық үлгілері Әміре әншілігінің бұрын байқалмаған жаңа қырларын, тың мүмкіндіктерін ашар еді. 1925 жылдан 1934 жылға дейін театрда өнер көрсеткен Әміре халқымыздың сол кезеңдегі рухани мұқтажын өтеуде қыруар еңбек сіңірді.

Осы бір театр ашу кезінде Темірбек Жүргеновтың ерлігі орасан зор. Кейін қазақ мемлекеттілігін мәдениет арқылы өндіріп алғаны белгілі. Мына бір тіршілік себептер мен сылтауларға байланғанба деймісің кейде. Олай болса, Әміре таланты – бәрі-бәрі себеп болған тәрізді ... Әрине, Әміренің Парижге барған сапарының театр ашылу қарсаңымен үндес келуінің де өз заңдылығы болса керек.

Әміренің театр кезінде де, соқпақтардың ортасында болуы өмірің аяқ кезіндегі оқиғамен байланысты. Әміре неліктен «Қыз жібек» операсына қатыстырылмады? 

А.Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты кітабында: «Әміренің аты тек қазақ стан емес, бүкіл Одақта, бүкіл Еуропада әйгілі болды. Әміре арқылы қазақтың әншілік өнері мемлекеттік шекараны сонау жиырмасыншы жылдардың ортасында-ақ аттап өтті, орыстың, батыстың ұлы мәдениет қайраткерлерінің ауыздарына түсті. Әміре – қазақтың қалай мақтаса да, қалай мақтанса да бола беретін, сыя беретін асқан өнерпазы», – дейді [13].

Ал 1934 жылы құрылған Қазақстанның Музыкалық театрының директоры, қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібекте» Төлегенді орындаған Қанабек Байсейітов «Құштар көңіл» атты кітабында: «Адамдар, әсіресе өнер адамдары өз қатарластарын оңайлықпен мойындай қоймайды ғой; бірі мойындаса, бірі қыңырайып, бірауыздан жоғары баға бере салмайды. Ал, Әміре жөнінде ондай «ары тарт-бері тарттар» болған жоқ. Жақсы әншімін дегендер де, орташа әншілер де – бәрі Әмірені ұстаз тұтып, одан бұрын ән салуды әбестік санайтын. Оған әншінің жұмсақ мінезі де біршама себеп болған шығар, бірақ негізгі себеп - Әміренің теңдессіз әнші екендігі. Ән оның стихиясы еді. Соншалық әндердің ішкі-сыртқы әдеміліктерін келтіріп, мән-мағынасын ап-айқын етіп айтқанда, «мына Әміре мұнша ақылдылықпен қалай айтып отыр өзі?!» деп таңғалуға болатын еді. Әншіде Әміредей, ақында Исадай талант енді туар деп өз басым сене қоймаймын», – дейді [14]. Ал, осынау талантты әншіге 1934 жылы тұңғыш қазақ операсы «Қыз жібек» жазылып, қойылымға дайындалған кездері, ол кездері Әміре тірі бола тұра, әншілігін бәрі мойындай тұра, неге кемінде Шегенің рөлі берілмеген?, -деген сұрақ туары анық. Е.Брусиловский естелігінде: Цивилизацияға жанаса кеткен Әміре арақ ішуге бой алдырыпты.Рояльға сүйеніп алып, сол баяғыша «Ардақты» шырқамақшы. Бірақ, алғашқы «әу» дегеннен дауысы жетпей, сүрінеді. Оған қарамастан «Ардақ» деп ышқынады, -дейді Суық ақылмен ойлансаңыз ол күндері ішімдік ішпеген өнер адамы барма еді. Бірақ «әу» дегеннен-ақ даусы жетпей қалады деген қаншалықты ақылға қонымды? Әлгінде ғана, Әміредей ақын туар ма?, деп тебіреніп естелік жаған Қанабек Байсейітов мұны халықтың Әмірені тым қатты сыйлауынан көреді екен. Е.Брусиловский дерегіне келсек Әміре өркениетті өмірмен, кеше «күзетші бала» кезінде-ақ танысып өткен. Семей қаласының ол кездегі рөлін ескеріп айтып отырмыз. Тіпті, Париж қаласынан қайтып келгенде де бұзылмаған Әміре, неліктен қамал бұзар жасында бұзылып қалу керек?

Ал, Қанабек Байсейітов болса Әміре мінезіне Қызылордаға келісімен құшақ жая күтіп алғанынан баян етіп, атағы алты құрлыққа мәлім болса да, әлі қарапайым деп баға беріп, осы бір кездері халықтың еркесіне айналып кетті деп сөйлеуі, қаншалықты өзіндік пікір?

Бұл ретте дәл осы тақырыпты місе тұтқан Хасен Қожа-Ахмет бүй дейді: «Яғни, Әміренің өз даңқына мастанып, мадақты көтере алмай «бұзылуы» көңілге қонбаса, оны масаң кезінде кездестіріп, «Ардақ» әнін айта алмады екен деп әншіні даусынан мүлде айырылған деу де сенімсіз. Өйткені, аспаппен тексеріп, өз дауысына сәйкес тональдікті тауып алмай бастап кетсе, «Ардақ» сияқты бірден жоғары дыбыстан басталатын әнді «сау әнші» де айта алмай қалады емес пе?! Мұны, композитор ретінде Брусиловский біле тұра, неліктен олай жазғаны түсініксіз» [5, 327]. 

Тағы бір сыни пікір келтіретін болсақ, Әміренің даусынан айрылмағанына дәлелді дәл осы «Естелігінде» Брусиловскийдің өзі де айтады: «Мен Шегеге арнап, Әміреден оның айық- қан сәттерінде бірнеше ән жазып алдым. Олардың ішінде «Көбелек» («Көк көбелек» болар!-Х.Қ-А) және «Жапалақ» дейтін екі ән Шегенің партиясына тұрақты енді» – десе, тағы осы «Естеліктерінде»: «Қазақтың талантты жазушысы Сәбит Мұқанов, турасын айту керек, пәлендей музыкалық дарынды кісі деуге келмейді, сонда да болса ол халықтың бірнеше әнін орындап, әннің ең дәл нұсқасы осы деуі мүмкін, әйтсе де одан гөрі әйгілі қазақ әншісі, халық әндерінің білгірі Әміре Қашаубаев айтқан нұсқаға жүгінген мақұл. Ересен музыкалық дарынды, кең диапазонды әнші өзінің вокалдық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халық әндерін еркін, кең көсіле, асқақтата шырқайтын еді. Айталық, Сәбит Мұқанов әнді орындағанда өзінің отбасынан ұзай қоймайтын даусына икемдеп, өзі де байқамай, әнді тым келте қайырып, қарабайырландырып жіберетін болса, Әміре Қашаубаевтың әні айнала төңіректегі он шақырымдай жерге жетіп жатушы еді...» – дейді! Ендеше, Брусиловский «Естелігінің» қай тұсы ақиқат?! Егер Брусиловский Әмірені көп жылдан бері білетін адам болса «Бұл пікірін Әмірені даусы жойылмаған кезінде тыңдап, жазған ғой» дер едік. Бірақ, Брусиловский Қазақстанға тек 1933 жылдың жазына қарай келіп, Әміре қаза боларға шейін оны бар-жоғы бір жыл ғана көрген ғой. Тіпті, ол Әміре даусын Қазақстанға келе сала 1933 жылы естіген десек, келесі,1934 жылы әнші «Қыз Жібек» операсына қатысуға жарамастай болып, даусынан айрылғаны ма?!

Кеңес үкіметі кезінде жарық көрген мақала, кітаптардың өзінен-ақ Әміре өмірінің соңғы кезеңі жайында екі түрлі «естеліктерді» кездестіруге болатын. Байқасақ, өзге адамдар- дың пікірлері бір жақ та, «Қыз Жібек» операсының авторы Е.Брусиловский мен опера премьерасы кезінде Музыкалық театр директоры болған Қ.Байсейітов қана «сол жылдары Әміренің дауысы кеткен, өзі ішкілікке салынған» деген пікір айтады.Тұңғыш қазақ операсының қойылуы тарихи маңызды оқиға, ол туралы талай мақалалар жазылып, зерттеулер жүргізіледі, күндердің-күні «қазақтың бірінші операсына, бірінші әншісі Әміре неге қатыстырылмаған?!» деген сауал туары хақ. Сондықтан, тұңғыш опера мәселесіне тікелей жауапты екі адамның Әміре туралы әлгіндей «естеліктері» ондай сауалға алдын ала жауабын дайын етіп қою үшін арнайы тапсырыспен істелінген жұмысқа ұқсайды. Ендеше, кейіннен есімдері елге танылған осы өнер қайраткерлерін мәселені басқаша айтуға итермелеген кімдер? Музыкалық спектакльдер мен операға ән дүлдүлі Әмірені шақырмай, өзі «Құштар көңіл» кітабында жазғандай, әнші болуға ықыласы жоқ Қанабек Байсейітовті қолқалауға нарком Темірбек Жүргеновті мәжбүр еткен не?!

Әміре Қашаубайұлының өмірін зерттеуде бізге қиыншылық тудырғаны әсілі дереккөздердің аздығы емес, керісінше жазылған дереккөздердің алуандығы. Және дерек беруші тұлғаның 30 – жылдарға дейін позитивті, кейін негативті көзқарас танытуы, қиынға соқты. Міне оқырман, «Сұрақ бар жерде қойылған, беретін жауап сәті бар», демекші қойылған сұрақтың объективті жауабы, бағана айтып өткен әрі тақырыбымызға арқау болған – Мұстафа Шоқаймен кездесуі. Кеңес үкіметі кезінде «Шокайшылдық» ұғымы орын алғаны белгілі. Ол істің зардабы ән атасы Әмірені де айналып өтпеді. 1925-1934 жж. арасындағы тоғыз жыл, Әміренің шығармашылығының бір тұтанып, соқпаққа түсіргеніне дәлел. Сол Әміре ашылған театрда ән шырқай алмаған күйі 46 жасында дүниеден озды.

«Әнші» - Әміре Қашаубай өмірі мен шығармашылығы, мақаласынан үзінді.

Нұртөлеуов Сұлтанбейбарыс Талғатұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы университет, Тарих мамандығының 4-курс студенті

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Шәкәрім Ж. Әміре. -Алматы: Жалын, 1977.-147 б.

2. Затаевич А. Қазақ халқының 1000 әні. – Мәскеу: 1963. -606 б.

3. Бегалин С. Сахара сандуғаштары. – Алматы: 1976. -166 б.

4. Жұбанов А. Ән күй сапары. – Алматы: 1976. -500 б.

5. Амандықов Я. Әнші Әміре. – Алматы: 2012. -488 б.

6. Арғынбаев Х. Мұқанов М. Востров В.  Қазақ шежіресі хақында. – Алматы: Атамұра, 2000. -464 б.

7. Көпейұлы М. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: 2010. 10-том Қазақ шежіресі. -399 б. 

8. Құдайбердіұлы Ш. Түрік қырғыз һәм хандар шежіресі. – Астана:  2007. -207 б.

9. Алаш тарихи зерттеу орталығы. Үшінші кітап. - Қазақ ру-тайпаларының тарихы,  Алматы:, 2007. - 660 б.

10. Сәрсекеев М. Тарақты және Қаракесек шежіресі. – Алматы: 1995. -268 б.

11. Сіләмов А. Тарих және тағылым. - Ғылыми мақалар жинағы. Семей: 2010. -326 б

12. Шәкәрім Ж. Абай журналы. – Алматы: 1998. №2 

13. Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. – Алматы: 1975 ж. -464 б.

14. Байсейітов Қ. Құштар көңіл. – Алматы: 1977. -180 б. 

15. Шәкәрім Ж. Әміре Қашаубаев. – Алматы: «Арда», 2006 ж. -176 б.

Бөлісу:

Көп оқылғандар