«Тағдыры тарихқа айналған...»

Бөлісу:

08.07.2025 1182

Жақында Астана қаласы мемлекеттік архиві «Әлімхан Сембинов. Тағдыры тарихқа айналған» деп аталатын кітапты жарыққа шығарды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, өзінің мықты барлаушылығының арқасында ең қиын тапсырмаларды орындап, «тіл әкелу» бойынша ерекше көзге түскен III дәрежелі «Даңқ» орденінің толық кавалері Әлмұқан Сембиновтің өмір жолын құжаттар негізінде баяндаған бұл кітапта оның өзінің, отбасының достарының, тіпті Целиноград қаласының да фотосуреттері берілген. 

Астананың оң жағалауында Сембинов атында көше бар. Ол көше Астана астана болмастан бұрын бар екен.  Абай даңғылын және Баянауыл, Дулати, Кенесары, Сәкен Сейфуллин көшелерін қиып өтетін көше бұрындары ескірген, жұпынылау көше еді, бүгінде жаңарып келеді. Кейде автобус хабарламаларында Сембинова деп атап жатады, жалпы жұрт та солай дейді, бірақ, көбі оның кім екеніне мән бере бермейді. Олардың арасында өткен тарихқа көзқарасы басқарақ жастар кеңес одағының соғысы, батыры, жеңісі дегенді түсінуге онша ықыласты да емес сияқты, дегенмен, қазақтың қаншама азаматы қайтпай қалған соғысты да, кеңес кезеңімен қатысты басқа оқиғаларды да біздің тарихымыздан бөліп қарай алмаймыз, оның бәрі біздің өткен жолымыз, ел болып қалыптасу жылдарымыз. Сонымен бірге Астана тарихын біліп жүру маңызды. Сембинов сияқты адамдардың еңбегің сіңген Астана бұл. Егер бізде көшелерге аты берілген адамдар жайлы мағлұмат ілінген билбордтар болса, бұл да тәуір болар еді, әйтпесе, өзі тұратын көшенің кімнің құрметіне берілгенін білмейтіндер көп. Мүмкін, бұл соншалықты қателік те болмас, бірақ, бәрібір де бұл тарапта сауатты, зерделі болған жақсырақ қой. Біз халқымыздың өткенін, еңбегі бар азаматтарының есімін құрметтеуіміз керек.

Әлмұқан Сембинов  осы жердің тумасы, әкесі Оспан сонау 1924 жылдардан бастап 1946 жылға дейін теміржол магистралінде ауыр еңбек еткен. Теміржол құрылысының өркендеуіне үлес қосқан. Әлмұқан Сепбиновке қатысты тағы бір дерек – 1940 жылы Ақмола қаласы атынан спорттық жарысқа қатысып топ жарған. Ал 1942 жылы 18 жасында Қызыл армияға шақырылып, қысқа мерзімді алғашқы дайындықтан соң I Беларусь майданына қарасты 1210-жаяу атқыштар полкіне барлаушылар отрядына жіберіледі. Осылай батырдың майдандағы жолы жалғасады. 

1945 жылы 22 сәуірде Мюльроз қаласының батысында орналасқан Бернис Бухолс қаласының маңында Одер өзенінің сол жағалауында жау әскерінің штаб машинасына шабуыл жасап, жауды қолға түсіреді, ертеңінде де жау жақтың адамдарын шығынға ұшыратып, «тіл» әкеледі. 26 сәуірде кезекті рет Сембиновтың басқаруындағы бөлімше Шеспцинг елдімекені жанында бронетранспортерді қағып, тағы да қарсы жақтың үш жауынгерін қолға түсіреді. Осылай соғыс аяқталғаннан кейін КСРО Жоғары Кеңесі Президиумінің жарлығымен  Ә. Сембинов 15 мамырда «Даңқ» орденінің толық иегері атанады. Қазір ғой, баяғының бәрі маңызын жоғалтқандай көрінетіні, ал негізі бұл «Даңқ» ордені Кеңес Одағының Батыры атағымен тең дәрежедегі үлкен құрмет-атақ. Есептеп көрсеңіз, 1945 жылы Сембинов бар болғаны 21 жастағы жігіт екен.  

Азамат елге оралғаннан кейін Ақмола қалалық партия комитетінде нұсқаушы болып қызметін бастап, 1951 жылы Целиноградта жаңа ашылған Құрылыс техникумының директоры болады. Одан әрі әке жолын жалғап, Сталинск-Магнитогорск теміржол құрылысының саяси бөлім бастығының орынбасары қызметін атқарған. Осылайша азамат қай жерге барса да, аянбай еңбек етіп, соғыстан кейінгі қиын жылдары елдің еңсесі көтерілуіне тер төккен. 

Біз Астана қаласы мемлекеттік архивіне хабарласып, кітап шығару мақсатын сұрап-білген едік. 

Жангелді Бимолдин, Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры:

-        «Батырлар қалмас беймәлім» деген сөз бар. Біздің осы басылымды арнайы ақмолалық батыр, үш мәрте «Даңқ» орденінің иегері Әлмұқан Сембиновке арнағанымыздың себебіне тоқталсам, өткен жылы Астана қаласы архиві Сембиновтің 100 жылдығына арналған үлкен дөңгелек үстел өткізді. Ол туралы білетін адамдар, ардагер ағалар, тарихшылар, өлкетанушыларды шақырып, үлкен отырыс болып, 1924 жылы туған Ә. Сембинов жайлы деректер жиналды. Музейде ол кісінің қоры бар. Елорданың үлкен қалаға, мегаполиске айналып бара жатқаны бізді қуантады, бірақ, кейбір көшелердің атауларының неге олай аталғанын, жай-жапсарын біле қоймаймыз, осы батырларымыз ұмыт болып бара жатқандай. Қалалық ардагерлер кеңесі мен туыстары тарапынан жасалған өтінішке орай, қалалық архив Жеңістің 80 жылдығына арнап жинақ шығаруды қолға алған едік. Алдымен Сембиновтің туған жерін анықтап алу керек болды, кейбір қатысушылар оны «Сембинов біздің ауылда туған, біз оны мақтан етеміз» деген ой айтты, Сембиновтің өмірдерегін оқысақ, әртүрлі жазылады, бір жерде Ақмол ауданы, Бірлік ауылы деп, бір жерде Астархан ауданы Жаңабірлік ауылы деп жазылады, екі жаққа да хабарластық. Қазіргі Ақмола ауданы Оразақ ауылына қарасты Бірлік ауылына бардық. Арнайы топ болып архив қызметшілері барып, ақсақалдардан мәлімет жинадық. Оразақ ауылында мемориалдық тақтасы бар екен. Біз архив болғасын құжат негізінде дәлелдеу керек болды. Алматы қаласында оқыған жерлеріне сұрау салып, қызмет еткен жерлерінен құжат алдық. Мәлім болғаны – бұл кісі соғысқа дейін Астрахан ауданы Жаңабірлікте мұғалім болған екен. Арнайы барған топ оны «Оразақ ауылына қарасты Бірлік ауылында туған» деген ұйғарымға келдік. Туыстарының шежірелерінде де бұл кісінің есімі аталады. 

Біз оны «Даңқ» ордені иегері, батыр деп білеміз ғой, ол кісі жан-жақты адам болған. Мысалы, кітапқа түскен фотосуреттер арқылы 1937-1940 жылдары футбол, хоккей жарысына қатысқанын, 1946 жылы теміржолшылар мерекесінде волейбол ойнағанын білеміз. Тарихшы-архивист сияқты әр фотосын сақтауы, Германияда арнайы суретке түсуі, оның бәріне мұқият қарап, қай жерде болғанын жазып отыруы таңғалдырады.

Соғыстан кейін партия бағытында қызмет еткенде Ақмола жастарының атынан шетелдік жастарға хат жазып, бейбіт өмірді насихаттайтын қоғам құруға шақырады. Бұл кісінің келешектің сұранысын көріп-танитын сұңғылалығын мынадан білуге болады: Ақмоланың жаңа қала болып келе жатқан кезі, тоғыз жолдың торабындағы қалада құрылысшы мамандығы тапшы екенін айтып, «құрылысшы мамандар керек» деп министрлікке хат жазып, соның негізінде Ақмолада құрылысшы мамандарын оқытатын техникум ашылып, соның алғашқы басшысы болады. Ол кісінің қазақшасы, жалпы қазақылығы үлгі болатындай. Бұны дәлелдейтін өзінің жазбалары бар. Мысалы, ұлттық ойын түрлерін тізіп отырып, «ұлттық ойындарды жалғастыру керек, насихаттау керек» деген хатын да көреміз. Демек, бұл кісі тек соғыс батыры емес, қоғам қайраткері де. 

Бұл жинақтың редакция алқасында қала басшылары Е Байкен, ақсақалдар кеңесі төрағасы С. Есілов, тілдер және архив ісі басқарма басшысы С. Есіркеп, жазушы Ұ.Дәлейұлы, архив директоры ретінде өзім бармын. Рецензенттер: алаштанушы, ҚР ҰҒА академигі Д. Қамзабекұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғ.Алпысбаева.  500 данамен шыққан кітапты студенттерге, оқу орындарына таратып жатырмыз.

***

 

Бұл кітапта біздің назарымызды аударғаны – ерекше фотосуреттер болды. Мысалы, Есіл өзені арқылы өтетін ағаш көпірдің суреті В Тоскин деген адамның жеке архивінен алынған екен. Кубриннің сауда үйінің суреті де көзге жылыұшырайды, өйткені, Астананың бүгінгі тұрғындары үшін бұл «Астана» дүкені ретінде таныс. 

 

Айта кетейік, құжатты жинақты әзірлегендер: педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тілеуғали Қышқашбай; архив ісінің үздігі, Қазақстан тарихшылары Ұлттық конгресінің мүшесі, «Архив хабаршысы» журналының жауапты хатшысы Ғазиза Исахан және журналист Асантемір Қаршығаұлы.  Сондай-ақ, кітаптың редакторы Ғазиза Тұрмағанбетқызы, беттеген Е.Елешева, корректоры А.Кадырова. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар