Айнұр Мұратова. Орман ішіндегі қала

Бөлісу:

11.07.2025 1240

(әңгіме)

Дәл іргеде жантайып тау жатыр, етегінде  орман. Көкке өрлеген биік үйлер жасыл желек арасынан еңселене көрінгенімен, асқар Алатаудың жанында состиып, қалт тұра қалған керік тектес әлдебір жануар сияқты екен деймін. Үйлерге шалқая  қарадым да, орманда биік үйлер болмайды ғой деп ойладым. 

Тау ерекше мұнартып тұр. Ормандағыдай тығыз, жарыса бой түзеген ағаштар тербеле түсіп, жапырақтар тынымсыз сыбдырлай көңілімді қытықтады.

Алматыда жаз. Жұмысқа асықсам да, тап-таза, саф ауаны кеудемді кере жұта түсіп, қоғамдық көлікке мінгім келмей жаяу жүре бердім. Ағаш жапырақтарында күн сәулесінің құбыла ойнап тұрғанын тамашалаудың өзі неге тұрады. Бірақ дәл бүгін жұмысқа кешігуге болмайтыны есіме түсті. «Дүйсенбі күні, сағат онда жиналыс. Кешігуші болмаңыздар!» деп бас редакторымыз леп белгісін қойып тұрып, редакцияның WhatsApp-тағы ортақ тобына шегелей қатаң ескерткен. Екі аялдамадай жерді жылдамдата жаяу жүріп өтіп, метроға отырдым. Екі миллионға жуық тұрғыны бар тау бауырындағы бұл шаһардағы кептелістен қашып құтылатын жалғыз көлік  – осы метро. Бір жылдары қаланың жас басшысы автобустарға арнайы жолақ жасап, кептелісті реттемек те болған. Ол да сеп болмады. Жұрт жаппай жұмысқа бет алған таңертеңгі және кешке үйлеріне қайтар мезгілде екі-үш сағаттап уақыттарын жолға жұмсайды. Қала халқы жұмыстан емес, осы кептелістен шаршаған. 

Метро вагоны ақырын тербеліп қойып, жүйткіп келеді.  Жолаушылар осындай таңғы уақыттары бір-бірімен сөйлесе қоймайды. Жастардың бәрінде құлаққап, үнсіз арғы жағы тұңғиық айна-терезеге телміреді. Қабақтары салыңқы бірер кісі томсырайып төмен қарап отыр. Мен де тыстағы жаңа ғана тамсанып келе жатқан ғаламат әлемді ұмытып үлгеріп, вагон ішіндегі адамдардың кейпіне малтадым. Қап-қара мөлдір терезеге көз салсам, түксиген, өмірге өкпелі біреу қарап тұр. Өзімді қинап жымиған болдым. «Ми көргеніне сенеді. Таңертең тұрғанда айнаға қарап күлімсіре. Бақыт гормонының түзілуіне өзің ғана себепкер боласың…».  Құлағымда ТикТоктағы рилстерде айтылып жататын осы мағыналас сөздер жаңғыра қайталанды. Айналама көз салдым. Барлығы оқыс қозғалса, пойыз доңғалақтарының дүрсіл ырғағын бұзып алардай үнсіз тербеліп келеді. Тек маған қарама-қарсы қатарда отырған көзілдірікті қыз норвег жазушысы Кнут Гамсунның «Гланның ажалы» кітабын оқып отыр. Кнут Гамсун менің сүйікті жазушым. Кітап оқып отырған қыз көзіме жылыұшырай көрінді. Жас кезімде оқыған «Аштық» романын жақында қайта оқып шығып, күйеуіме «Осы шығарманың бас кейіпкерін саған ұқсатам» деп салғаным бар. «Сонда қай қылығын ұқсатасың?» деп қулана күлген күйеуіме не айтарымды білмей, «Жанұшыра еңбектене беретіні. Біртүрлі қылықтары…» дегем ойымды анық жеткізе алмай. Шынтуайтында  Кнут кейіпкерінің күйзелген көңіл күйі, жан арпалысы арқылы адам болмысына психологиялық талдау жасап берген романында. «Аштықтағы» кейіпкері  жаны нәзік, жүрегі жұмсақ бола тұра, бірбеткей, адал, арлы, намысшыл. Еңбегі еш болып, жоқшылық зардабын қанша тартса да, айналасын кінәламайды. Аштықтан қалай қиналса да, адамгершіліктен аттамай, өр, асқақ қалпында қалған кейіпкер түбі мақсатына жететініне сенеді. Өзіме ұнайтын, іштей тілеулес болған кейіпкерім туралы ойлап тұрып, бейтаныс біреуді ерекше ардақтайтын қаламгеріңнің шығармасын оқып отырғаны үшін де жақсы көруге болады екен-ау деп Гамсун кітабын құшақтап отырған қызға қарап, тағы қандай шығармаларын оқыды екен деп ойладым. 

«Жібек жолы» бекеті. Келесі бекет – «Райымбек батыр» деген дыбыстық хабарлама ойымды бұзып жіберді. Метродан шыққан нөпірмен бірге мен де сыртқа шығып, кеңсеге қарай құстай ұштым. 

…Жұмыста тым ұзақ отырып қалып, кешке кешірек қайттым. Көшелерде көлік азайып қалыпты. Сіркірей жауын жауып тұр. Таңертеңгі мамыражай шуақты күнге сеніп, қолшатыр да алмаппын. Автобус аялдамасына жеткенше жаңбыр үдеп кетті. Жауын ақырын сіркіреп тұрғанда жазғы жауын жанға жайлы-ақ деп ойлап келе жатқан едім. Сатырлай құя бастағанда көйлегім малмандай су болып, тісім-тісіме тимей сақылдап, тоңа бастадым. Желмен тербелген ағаш жапырақтары сусылдай бір түрлі үрейлі дыбыс шығарып, алапат дауыл басталғалы тұрғандай зәреңді ұшырады. 

Автобус көп күттірген жоқ, келе қалды. Ішінде адам көп емес екен, бос орындардың біріне отыра кеттім. Жылдам зырғыған автобус Абылайхан даңғылымен жоғары өрлей жөнеліп, Абай даңғылына бұрылғанда, жауын бұрынғыдан да күшейіп, сабалай құйып кетті. Буланып кеткен терезеден сыртқа қанша үңілсең де ештеңе көрінбейді. Бойым жылып, көзіме ұйқы тығылды. Аялдамаларға аз ғана аялдап, жылдам жүріп келе жатқан автобус ішіндегі жолаушыларды үйлеріне жеткізуге ықыласы алабөтен артқандай жүйткіп келеді. Автобустан түсіп, үйге жеткенше де біраз жер. Күйеуіме қолшатыр алып, аялдамадан күтіп алшы мені деп хабарлама жазайын деп тұрдым да, ол ойымнан айныдым. Жұмыстан шаршап келіп, жылы үйге кіріп, енді жантая бергенінде әуреге салғанды кім ұнатсын? Оның үстіне әлдеқашан үйде отыратын менің жүрісім мынау, кеңседе қағазға үңіліп сонша отырғанымды айтам… 

Автобустан түссем, айнала көлкіген су. Көшенің ылди жағына су жөңкіле ағып, кішігірім сел пайда бола қалыпты. Жаңбыр сәл саябырсығанмен, әлі де себелей жауып тұр. Үйге қарай жарығы самаладай көше бойымен барсам ба, әлде қараңғылау болса да үй-үйдің арасымен барсам ба деп аз ойланып тұрдым да, ағаш бұтақтары доға жасай иіле қалған соқпақ жолмен төтелей тартқаным жөн деп, қалың талдың арасына қойып кеттім. Алдымнан көпқабатты үйлердің терезелері мен подъездердің кіреберістеріндегі шамдардың әлсіз сәулесі діріл қаға қылаң береді. Қорыққанға қос көріне ме, соңымнан біреу қуып келе жатқандай бойымды үрей билеп алды. Доғаша иілген қап-қараңғы ағаш арасынан шыққанша асығып дедек қағып келем. Аз қалды. Осы қараңғы соқпақтан шықсам, үйлердің алдымен жүріп өтіп, дүкенге жетем. Ары қарай біздің үй тиіп тұр. Кенет алдымнан бірнәрсе қараң ете қалды. Тоқтай қалдым. Қараңдаған әлдене өте ақырын маған қарай жылжып келе жатыр. Қорыққаннан не бұрыла  артқа қарай қашарымды не алға қарай жүгірерімді білмей сасқалақтай қараңдаған нәрсеге тесілем. Ол да қыбырсыз қалды. Не де болса алға қарай жүгірейін деп ойладым. Қас-қағым сәтте ойыма не келмеді десеңші. Егер бұл ит болса, соншалықты қауіпті емес. Ал өткен-кеткен жалғыз-жарым адамды аңдыған қаскөй біреу болса қайттім? Айқайлайсам көмекке келер біреу-міреу болар ма екен? Әй, қайдам, жауынды күні , қас қарайып, ел орынға отырған шақта көшеде кім жүрер дейсің? Қараңғы бұрыштан шығуға екі-үш қадам қалды. Әлгі қарайғаннан көз алмаймын. Итке ұқсамайды. Басын көтеріп, маған қарағандай болды. Жауын суына малшынған адам екен! Екі аяғын көсіп, екі қолымен жер тірей отыр. Біреуді аңдып отырған қанішерге ұқсамайды. Батпаққа тайып жығылған мас біреу ме? Алға батыл адымдай әлгі адамға жақындай бердім. Ол да құйрығымен алға қарай емпеңдей сырғып, өзінше әрекет етіп жатыр. Алдымдағы үйдің подъезінің кіре берісіндегі көмескі  шам жарығымен бет-жүзі де көрініп қалды. Әйел адам. Қалың күпәйке киіп алған. Онысы малмандай. Көзін ашып-жұмып қойып, удай мас болса керек, басы бұлғақтай, бөксесімен жорғалай мен шыққан қуысқа бет алды. Бүгжиген отырысына қарап аяп кеттім. Үйсіз-күйсіз көше кезбесі. Басын қалтақтай бұрып, дәл жанынан өтіп бара жатқан маған аянышты көзбен қарағандай болды. Жүзі таныс секілді. Қайдан көрдім бұл әйелді деп көз тоқтатып, бетіне үңіле қарадым да, селк еттім. Апырым-ау, қасының үстінде ай секілді тыртығы бар… 

Ілгері жүре бердім. Ағаш жапырақтарынан су тамшылап тұр. Жауын басылған. Ауа мөп-мөлдір. Есімнен бейшара қаңғыбас әйел шығар емес. Бұрын да осы маңға жақын жерден көрдім. Әйел бұл жерде не жоғалтты екен…

Тұс-тұстан сызылта сайраған құстар үні естіледі.  Төбемнен төне түсіп теңселген ағаштар тропикалық орманнан әрі   сыңси тербеліп тұр. Жасыл желек арасындағы төрт-бес қабатты үйлердің терезелерінен сыртқа лықси төгілген жарық неткен шуақты! Терезе алдындағы ағаш көлеңкелері зорайып көрінеді. Дүкенге кірдім. Дүкенші Таня апай жалғыз отыр екен. 

– Жұмыстан енді қайтып келесіз бе? Жауынның астында қалыпсыз, ә?! -деді сөзге тартып. 

– Иә, қырсыққанда  дәл жауынмен жағаласып бүгін әдеттегіден кеш қайттым.

Қолшатыр да алмапсыз.

– Таня апай, мен қазір жылы үйіме кіріп, ыстық шайымды ішіп, отбасыммен арқа-жарқа әңгімемді айтып отырып, жауынға малшынғанымды ұмытып та кетермін. Анау көшедегі қаңғыбастарды айтсаңызшы,-дедім әлгі әйел есімнен шықпай. – Жаңа көптен көрмеген бір бомж әйелді кездестірдім. Бір қызығы осыдан көп жыл бұрын осы ауданнан көргенмін. Қанша боранды қыс өтті, қанша жаңбырлы күз өтті. Олар қалай аман жүр екен. Таңғалып бір жағы аяп па, бір түрлі болып тұрмын…

Таня апай елең ете қалғандай болды. Бірақ жай ғана:

—Бомждар бір-біріне ұқсайды, қалай бұрын көрдім дейсіз? Иә, нан алатын ба едіңіз? – деп әңгіме ауанын бұрып, күйбеңдеп сөреден нан алып берді.

Дүкеннен шыққалы жатқанымда 

– Ол әйелді қалай таныдыңыз? – деді күтпеген жерден. 

– Әлгі бомж әйелді айтасыз ба? Қасының үстінде тыртығы болған еді. Жаңа бетіне үңіліп қарағанымда, көзіме оттай басылды, – дедім. 

– Ееее…

– Сау болыңыз, – дедім Таня апайдың әлдене айтқысы келгендей ұмсынып барып тоқтап қалғанын байқасам да, үйге  асығып. 

Таня апайдың кейде тыжырына қалатыны бар. Сұраған заттарыңды алып беруге ерініп, қабағы кіржиіп, қаралай тырысып жүреді. Кейде дүкен алдына шығып темекі тартып, өткен-кеткендермен әңгімелесіп, аузы бір тынбайды. Бірде жұмысқа бара жатқанымда мені тоқтатып қойып, өзінің шыққан тегі, жас күнінде сұлу болғаны, әдемі киінгені жөнінде айтып сампылдап тұрып алғаны бар. 

– Менің қанымда болгардың да, гректің де, орыстың да, татардың да, қазақтың да қаны бар. Жас күнімде, ойбой, несін айтасың сұлу едім ғой! Денеге жабысып тұратын қысқа көйлекті киіп, шашты төбеге түйіп, көздің жиегін қап-қара етіп сызып, ерінді шиедей етіп бояп, бетті опалап шыға келгенде көшеде өткен жан қайырылып бір қарамай өтпейтін. Құрбым да сұлу еді. Екеуміз қолтықтаса Алматыны жаяу аралаушы едік. Екі сұлу қыздың дос болғаны құрысын, бір-бірімізді қызғанып, іштей бәсекелесіп, аласұрушы едік. 

– Таня апай, қойыңызшы, бірге жүріп пе? – деймін күліп. 

– Қыз біткен солай. Өзінен асып түсетін сұлуды жақтырмайды. Жорта сұрамашы, білмегенсіп. Ақылы, көркі, киген киімі өзімнен жоғары қызды тобықтан қағып түсіруге тырысатынмын, – деп арсыздау күлкісімен қарқ-қарқ етіп күліп қала берген Таня апай. 

«Мінезі бірде бие, бірде түйе біртүрлі осы Таня апайдың» – деп ойлағам сонда. Бүгін өңі сынық, монтанси қалыпты…

Дүкеннен шығып үйге дейін жан сарайыңды рахатқа бөлейтін саф ауаны құныға жұтып, жаңбырдан кейінгі жаздың самал желіне бетімді тоса тамсанып, жолдағы көңілсіздеу оқиғаларды ойламауға тырыстым. Үйге келсем балаларым мен жолдасым кешкі астары дайын, мені күтіп отыр екен. Үйді жаңа демделген шайдың бұрқыраған хош иісі жайлап алыпты. Жүрегім елжіреп кетті. Алдымнан жүгіре шыққан қыздарымды құшақтай бердім. Ойыма тағы да жауын астында суға малшынған қалың күпәйкесін көтере алмай жамбасымен жорғалаған әйел оралды. Ол да бір кезде кішкентай бала болды-ау, байғұс-ай, қалай мұндай күйге түсті екен… 

Ертеңіне ертелете кешегі өткен соқпақ арқылы өтіп, жолдың арғы бетіндегі сүт сататын дүңгіршекке келдім. Жеткенше осы жерді  паналамақ болған  әйел қайда кетті екен деп жан-жағыма қарағыштаумен болдым. Көзіме түсе қоймады. Сүтімді алып, үйге қайттым. Айналама жіті қарап келем. Қалың ағаш арасында тал бұтақтарына ілінген күпәйкені көзім шалды. Ерінбей солай қарай бұрылып, жақындап барсам, бомж әйел жүресінен отыр. Қасында ауызы ашық қапшық. Алдына ескі ыдыстарды үйіп қойыпты.

– Ей… сіз… сіз амансыз ба? Не істеп отырсыз? Көмек керек пе? – дедім абдырай. 

Маған жалт бұрылып қарады да:

– Күйеуімді күтіп отырмын, – деді.

– Күйеуіңіз ас-су әкелуге кетті ма? – дедім үнсіз қалғанды жөн көрмей. 

– Жоға, қайдағы, мен тамақ істеп күтіп отырмын ғой, көрмейсің ба? – деп алдындағы үйілген ыдыстарды көрсетті. 

– Жүріңіз, мына дүкеннен бірнәрселер алып берейін, дастарханыңыз жұтаң көрінеді, – дедім әйелдің бос ыдыстарға телмірген аянышты түрінен жағдайын түсіне қойып. 

Үнсіз орнынан тұрды да, маған ілесті. Ілбіп аяғын зорға басады. Таняның дүкеніне келдік. 

– Кіріп өзіңіз не алғыңыз келеді алыңыз, мен ақшасын төлеймін, – дедім. 

Ессіздеу көзбен маған сенімсіздеу қарады да, дүкенге кірді. Кірді де қалт тұра қалды. 

– Шық! Шық! – деп Таня үрейлі дауыспен қолын ербеңдете, көзін бағжитып, бомж әйелді қолымен жасқап, быртиған сұқ саусағымен есікті нұсқады. 

– Менің Тимурым қайда? – деді  бомж әйел Таняға түйіле қарап.

– Аххх, алқаш, есуас, бомж! Саған керегі менің байым ба? Ол өлген! Менің балам екеуі өртеніп өлген. Естідің ба? Өлген. Енді шық мына жерден. Неше жылдан бері аңдып жүргенде сұрамағың менің Тимурым ба еді? Ол сенің мына өмірде бар екеніңді де ұмытып, мына менімен бақытты болған! Шық!  – деп байғұс әйелді қуып шықты. Мені де оқты көзімен атып:

– Кеше қасының үстінде ай тәрізді тыртығы бар бомжды көрдім деп елжіреуің күшті еді! Тауыпсың ғой! Неге ертіп келесің менің дүкеніме? Бар әйда! – деп менің де жер-жебіріме жетіп, шаңқылдап жатты. Дүкеннен жылдам шыға жөнелдім. Дауысы қандай жағымсыз еді?! Кеше кешке осы әйел туралы айтқанымда қабағы дір ете түсіп, сасқалақтап, артынша мүләйімси қалып еді. Бәсе, бұның бір сыры бар екен ғой. Бомж әйел ілби басып, үйлердің арасындағы қалың ағаш ортасындағы күпәйкесін жайып қойған жерге кетіп барады. Мен жақын жердегі басқа азық-түлік дүкеніне кіріп, сэндвич, айран, су, шұжық, нан алып, артынан бардым. 

– Міне, енді дастарханыңызға осыларды қойыңыз. Күйеуіңізге де алдым,-дедім. 

– Енді Тимур жоқ қой. Өртеніп өліпті. Мен оны неше жыл күттім. Таня оны менен тартып алды. Ал мен оны күтіп жүрмін. Ол мені шын сүйген... 

Маған қараған жоқ. 

Көзін жерден алмаған күйі әңгімесін жалғай түсті.

– Боранды, жауынды күндері екеуміз үйден шықпай, дәмді тамақтар әзірлеп, жылы пештің түбінде құшақтасып отырамыз. Әлсін - әлсін терезеден сыртқа көз салып қардың жапалақтай жауғанын тамашалап, жаңбырлы күндері жауын тамшысының тырсылын тыңдаймыз деуші едік. Екеуміз бақытты боламыз деген еді менің Тимурым. Бірақ оны Таня тартып алды. Мен үнемі қыста қар жауған күндері терезесінің түбіне келіп Тимурымды күттім. Жаңбырлы күндері де ағаш жапырақтарының арасынан терезесіне үңілуші ем… бәрі мені есі ауысқанға санады. Ал менің жүрегімді сыздатқан сағынышты, махаббат отын қар да, жаңбыр да өшіре алмады. Ол менің аяулы сезімімді сезді. Менің терезесінің түбінде тұратынымды да білді. Мен қалай сүйсем, ол да мені солай сүйді. Ал менің жан құрбым Таня не істеді? 

Маған ессіз көзімен тесіле қарады. Жан күйзелісінен бір кезде есінен адасып, осындай көшедегі көп қаңғыбастың біріне айналған бейшара әйелді бұрынғыдан да жүрегім езіле аядым. Жүрек түкпіріндегі сырын ақтарып тұрғанына сендім. Арақтың құлы болған бомж деуге қимадым. 

Қолын сілтеді. Көзі алайып, үздіксіз аузын қисаңдатып, ауа жетпегендей кеудесін қос қолымен тырмалай бастады. 

– Таня өтірік айтады. Тимурды менен қызғанып өлді деді ғой. Тимурды тауып аламын, - деді бір кезде өңі өзгеріп. 

Қоштаспастан жүре бердім. Мені ол еститіндей күйде емес еді…

Аспанға қарадым. Будақ-будақ бұлттар әлдебір жаққа жөңкіле көшіп барады.

Ағаш жапырақтары созсаң қолың жетердей жерде сыбдыр қағып, жанды желпи түседі. 

Ауыр ойдан серпіле алмай сүтімді құшақтап үйіме жеттім. Күнде Таняның дүкенінің жанынан өтем. Сол бір күннен кейін бас сұққан емеспін. Таняның да мені көргісі келмейтінін сезем. Дүкен алдында тұрса, алыстан мені көзі шалса, жылдам ішке зып береді…

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар