Тіл білімінің атасы

Бөлісу:

05.09.2025 235

Сөздік терминологияда экспансия деген ұғым бар. Бұл ұғым кез-келген мүдделі топтың екінші тарапқа келісімді-келісімсіз жүргізілетін қысым жасау, басып алу, ықпал ету әрекеті деп танылады. Осы экспансиялардың ішінде «Тіл экспансиясы» деген ұғымның өткен ғасырдың 80-90 жылдары тіл ғылымы кеңістігіне ресми түрде айналымға ене бастағаны белгілі.

Тіл экспансиясы туралы сөз қозғар болсақ, әуелі, Ататүрік атанған Мұстафа Кемалдың Осман империясы қирап қалғаннан кейінгі, Түркия Республикасын қайта құрып жатқан шағында осы тілге байланысты тосын қадамға барады. Мемлекеттің саяси-экономикалық құрлымын өзгертумен қатар, мың жылға жалғасқан араб-парсы тілінің діни таным арқылы орнығып алған сөздерін тазалай бастайды. Әуелі 1928 жылы арабша әліпбиден бас тартып, латын жазуына негізделген жаңа әліпбиге көшеді. Осы арқылы түрік тілін араб, парсы элементтерінен барынша арылтып, іс-қағаздан тартып, бүкіл оқу-ағарту, коммуникация тілін жаппай түрік тіліне ендіре бастайды. Тіпті мешіттегі азан мен намазды да түрікше оқытуды жолға қойдырады. Бұл ислам діні негізінде басып кірген, араб-парсы тілінің мың жылдық тіл экспансиясына ұшыраған түрік тілді бір жұрттың ресми түрде тілдік тәуелсіздік алуы еді.

Түрік елінде жүзеге асқан дәл осы тіл экспансиясынан азат болу қадамынан сәл ертерек, тағы бір түрік баласы тіл төңірегінде еңбек етіп жатты. Яғни, 1912 жылы Алаш жұртының ата қонысы қазақ даласында «Оқу құралы» деген атпен Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың әліппесі жарыққа шықты. Бұл әліппе исі түрік баласының тарихи, рухани, тілдік тұрғыдан тіл экспансиясынан азаттық алуының тағаны еді. Ахметтің еңбегімен түрік баласы өз әліппелерін жасақтап, төл дыбыстарын нақты таңбаларымен айшықтай бастады. Жоғарыда тілге тиек еткен Ататүріктің де арабшадан сонша секемдене реформа жасауына ықпал еткен бірден-бір тұлға осы Ахмет Байтұрсынұлы деп айта аламыз. Себебі, 1926 жылғы Бакуда өткен «Бірінші Бүкілодақтық түркітану съезі» кезінде түркі жұртының латын әліпбиіне көшу туралы мәселелер қаралады. Осы съездің төралқа мүшесі, ең беделді қатысушы ретінде Ахаңның баруы тегінен тегін емес еді. Себебі неше жүз жылдарға созылған араб-парсы тіл экспансиясын түркінің санасынан сылыған осы өзіміздің Ахмет Байтұрсынұлы сынды тұлғамыз еді.

Бесінші қырқүйек – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірге келген күні.  Осыған орай, кеше, ҚР Ұлттық музейі мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі бірлесіп, «Тіл білімінің атасы» атты ұлы тұлғаны еске алу іс-шарасын өткізді. Іс-шара барысында Ахмет мұрасының маңызы айтылып, алдағы уақытта бұл күн тек Қазақстан көлемінде ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ортақ мерекесіне айналуы тиіс деген ой ортаға салынды.

Іс-шараға белгілі тарихшылар, алаштанушылар, қоғамдық қор мүшелері,  журналисттер, Ұлттық музейі қызметкерлері мен  BINOM SCHOOL мектеп-лицейі мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Алғаш сөз алған алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Сақ:

«Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілінің теориясын жасаған, бар ғұмырын халқына арнаған ұлы ұстаз. Патша үкіметі де, Совет үкіметі де қуғындап, ақыры жазықсыз ату жазасына кессе де, оның еңбегі, мұрасы жоғалған жоқ. Өзінің: «Тән көмілер, іс көмілмес», - деген нақыл сөзі ақиқатқа айналды. Ахметтің ісі мен ілімі әлі күнге дейін қазаққа қызмет етіп келеді.

Оның «Маса» жинағы халқына «ояту» миссиясын атқарғаны, тілімізді сақтап қалған еңбектері бүгінгі ұрпақтың болашағына жол салып берді. Біз кезінде Ахметті білмедік, оқи алмадық, себебі тыйым салынды. Бірақ уақыт бәрін өз орнына қойды. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды», - дегендей, Ахмет Байтұрсынұлының есімі жарқырап, болашақта қазақтың әр қаласында, әр ауылында ескерткіштері бой көтереді деп ойлаймын.

Сондықтан біз оны ұлттың ұлы ұстазы дейміз. Байтұрсынұлы атындағы мектепте оқу – әрі бақ, әрі үлкен жауапкершілік. Сендер Ахметтің мұрасын жақсы біліп, бойға сіңірсеңдер – ертең елдің еңсесін көтеретін Алаштың ардақты ұл-қыздары боласыңдар деп сенемін!», - деп атап өтті.

Астана қаласы Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Сүлейменова Дәметкен: 

«Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқына сіңірген еңбегі – ұшан-теңіз. Оның тіл біліміндегі ілімі, ұлтқа жасаған қызметі бір конференцияда түгел айтып беру мүмкін емес. Ол – қазақ тілінің атасы, ұлт ұстазы.

Мен өзім ұзақ жылдар бойы Батыс Алашорда тарихын зерттеп келемін. Алаш тақырыбы өте күрделі. ХХ ғасырдың басында қазақ даласында үлкен өзгерістер жүріп жатқан кезде, біздің зиялы қауым қазақтың болашағын ойлап, елдің қалай дамуы керектігін талқылады. Әлихан Бөкейхан: «Қазақтың ұлт болып, өркениетті ел қатарында өмір сүруі үшін ең алдымен халықтың сана-сезімін ояту қажет. Ұлттық тіл мен әдебиетті өрістету керек», - деген. Бұл сол дәуірдің негізгі ұстанымы еді.

Ахмет Байтұрсынұлы: «Әуелі баланы ана тілінде оқыту керек. Ана тілін жетік меңгергеннен кейін басқа тілдерді өзі игере алады», - деп жазды. Бұл бүгін де өзекті. Өкініштісі, қазір балаларымыздың көбі балабақшада да, мектепте де орыс тілінде білім алып жатыр. Ал егер ана тілімізді меңгермесек, дәстүрімізден, салтымыздан, ұлттық болмысымыздан айырылып қаламыз.

Алаш қайраткерлері бұл мәселені ерте көтерді. 1917 жылы Орал облыстық қазақ съезінде Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедов мектепте балаларды ең алдымен қазақ тілінде оқыту керектігін айтты. Жаңа оқулықтар шығарып, мұғалімдер даярлау мәселесін көтерді. Олар сол кезде-ақ Парламенттік республика құруды ұсынған еді. Міне, олардың ойлары ғасырдан астам уақыттан кейін ғана жүзеге асып келеді.

Халел Досмұхамедовтің мына бір сөзі ойға қонымды: «Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш».

Сондықтан жастарға айтарым алдымен ана тілімізді жетік меңгерейік, дәстүрімізді сақтайық. Содан кейін өзге тілдерді үйрену еш қиын болмайды», - деп залда отырған оқушыларға өз тілегін білдірді.

PhD ғылым докторы, Мақсұт Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті Халықаралық журналистика мектебінің профессоры Алма Сайлауқызы:

«Осы күнге дейін отызға жуық елде болдым. Сол сапарларымда түркітілдес халықтар арасында Ахмет Байтұрсынұлының ерекше бағаланатынына көз жеткіздім. Мәселен, 1926 жылы Әзірбайжанның Баку қаласында өткен «Бірінші Бүкілодақтық түркітану съезі» Ахмет Байтұрсынұлының беделі айрықша болған. Қазіргі таңда да Баку музейінде оның суреттері мен бейнематериалдары ерекше орын алып тұрғаны көзге оттай басылады. Сондай-ақ Анкара қаласында арнайы саябаққа Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнатып, қазақтың мықты ғалымын қадір тұтатынын Түрік жұрты да көрсетіп келеді.

Бұл нені білдіреді? Бұл – Ахметтің тек қазақ деңгейінде емес, әлемдік деңгейде, ең болмаса түркі тектес елдердің ішінде жоғары бағаланатынын көрсетеді. Өзі көзі тірісінде мойындалған және әлі де дәріптеліп келе жатқан тұлғамыз.

Ахметтің ең алғашқы еңбегі – қазақ әліпбиін реформалау. Бұрынғы араб графикасына негізделген, үйренуге қиын шағатай жазуын қазақ дыбыстарына ыңғайлап, ережелерін бекітті. Бұл қазақ халқының сауат ашу ісіне рухани төңкеріс әкелді. Соның арқасында қазақ тілін үйренушілер саны бірнеше есеге артты.

Екіншіден – ғылымға негізделген еңбектері. Ол алдымен сауат ашуға арналған оқу құралын, одан кейін грамматикалық оқулықтарды «Тіл құралы», тілді дұрыс қолдану ережелерін «Тіл жұмсар», оқыту әдістемесін «Баяншы», әдебиет теориясын «Әдебиет танытқышты» жазды. Осы еңбектер арқылы қазақ тіл білімі ғылым ретінде қалыптасты. «Бастауыш», «баяндауыш», «жұрнақ», «жалғау» сияқты негізгі ұғымдарды қазақша алғаш рет Ахмет енгізген еді.

Үшінші қызметі – ғылым тілін қалыптастыру. Ол математика, биология, химия, астрономия секілді ғылым салаларын қазақша сөйлету үшін аударма ережелерін жасады. Ғылыми ұғымдарды қазақ дүниетанымына бейімдеп, сингармонизм заңына сәйкес қалыптастырды. Мәселен, «жасуша» термині оның ұсынысымен енгізілген. Бұл жұмыстары кейінгі Алаш қайраткерлеріне де жол ашты.

Яғни, әліпбиді жасап, оның ережесін бекітіп, кітабын жазып және өзінің керемет шәкірттерін баптау арқылы қазақтың тіліне, руханиятына және бүгінгі күнге әсер ететін үлкен жолды салып берген Ахмет Байтұрсынұлы» еді, - деп сөзін қорытындылады.

Жазушы, баспагер Арман Әлменбет сөз тиегін былай деп тарқатты: 

«Егер бүгінгі заманға бейімдесек, Ахмет Байтұрсынұлы – бірнеше тілді меңгерген, ғылым мен өнерді қатар игерген, қоғамға ықпал еткен, көшбасшы тұлға болар еді. 

Ахмет Байтұрсынұлы тек зерттеуші ғана емес, жаңашыл реформатор болды. Қазақ тілінің әліпбиін жасап, фонетикасы мен грамматикасын жүйелеп, тұтас бір халықтың тіл ғылымын қалыптастырды. Бір академия істейтін жұмысты жалғыз өзі атқарып шықты. Түркі халықтарының ішінде қазақ тілі осылай жүйелі түрде зерттеліп, ғылымға айналғанына біз әлі күнге дейін көз жеткізіп отырмыз.

Әбіш Кекілбай Ахметке: «Қазақ руханиятының дөңгелегін жалғыз өзі әрі қарай дөңгелеткен адам» деп баға берген. Бұл – Ахметтің орны толмас еңбегін айқындайтын сөз», - деді.

ҚР Ұлттық музейі Мәдени мұра ғылыми-зерттеу институты, Қазақтың дәстүрлі мәдениеті бөлімінің ғылыми қызметкері Нұрлыбек Нұрланұлы:

«Ұлттық музейде қызмет атқарып жүргендіктен, бізде арнайы «Алаш» тақырыбына арналған көрмелер, экспонаттар бар. Музей тек жәдігерді тамашалау орны емес, ол – ғылыми орта. Біз сол жәдігерлерді жинап, ғылыми айналымға енгізіп, мақалалар арқылы елге насихаттаймыз. Музей қорында Ахмет Байтұрсынұлына қатысты да, сондай-ақ өзім зерттеп жүрген Хайретдин Болғанбаевқа қатысты да құнды деректер сақталған.

Ахмет Байтұрсынұлы – әмбебап ғалым. Ол тек тіл саласында ғана емес, әдебиет, тарих, мәдениет бағытында да өшпес мұра қалдырды. Оның «Оқу құралы», «Әдебиет танытқышы», «Тіл құралы», «Әліппесі» – бүгінге дейін құндылығын жоймаған еңбектер. Әліппе балаларға барынша түсінікті болуы үшін суреттермен, көрнекілікпен безендірілген. 

Мен Орынбор қаласында зерттеу жұмыстарын жүргізген кезде Ахмет, Әлихан, Міржақып сынды алыптарымыздың жүрген ізімен жүріп өттім. Советская көшесіндегі тарихи ғимараттарда Алаштың ірі жиындары өткен, қазақтың мемлекеттілігіне негіз болған шешімдер қабылданған. 

Бұл – халқымыздың тарихында айрықша орын алған мекендер.

Алаш зиялыларының еңбегі – бүгінгі ұрпақтың биік рухани тұғыры. Олар бізге аманат еткен жол – тәуелсіздікті сақтау, ана тілді ардақтау, мәдениет пен әдебиетті өркендету. Әлихан Бөкейхан түрмеден жазған хатында Ахмет пен Міржақыпқа: «Алда біз көрмесек те, біздің артымыздан күнді көретін ұрпақ келе жатыр. Олар сендерді үлкен құрметпен еске алады», - деген еді. Міне, біз – сол өсиеттің куәгеріміз», - деп сөзін аяқтады.

«Alash24» сайтының редакторы, «Qyr Balasy» қоғамдық қорының мүшесі Ержан Кеңесбай:

«Жастар арасында кейде Ахмет, Әлихан, Міржақып кім болған дегенде түрлі пікірлер айтылады. Бірі – әнші, бірі – жазушы, бірі – ғалым дейді. Ал шындығында, Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әліпбиін қалыптастырған реформатор, тіл ғылымының негізін қалаған тұлға. «Отан» сөзін қазақ тіліне әкеліп, халық санасына сіңірген де осы кісі. Бірақ оның ең ұлы қыры – ұлт қайраткерлігі, рухани көсемдігі. Қазақ жері бодан болып, елі азат болмаған шақта Ахмет атамыз ұлттың тәуелсіздігі үшін күресті. Сондықтан біз ең алдымен оның ұлт-азаттық жолындағы еңбегін есте ұстауымыз керек.

Қазір біз тәуелсіз елміз. Жаңа мектептер салынып жатыр, мықты университеттер бар, жастар әлемдік деңгейде білім алуда. Мұның барлығы бүгінгі күнде өзінен-өзі келген дүние емес, ғасыр бұрын Алаш арыстары айтып кеткен идеялардың жалғасы. Әлихан Бөкейханның «Қазақ автономиясын Қараөткелде құру керек» деген сөзі бүгінде шындыққа айналды. Қазіргі Астанамыз – сол Алаштың ортасы. Мемлекет жүргізіп отырған стратегиялық бағдарламалардың да бастауы – Алаш мұрасы», - деп сөзін түйіндеді.

Ортада: Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі директоры Аблезов Марс

Бөлісу:

Көп оқылғандар