Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Торғайда дүбірлі той басталды!...

Торғайда дүбірлі той басталды!

20.09.2025

1065

Торғайда дүбірлі той басталды! - adebiportal.kz

Қазыналы Қостанай, қарт Торғайда Міржақып тойы басталды.

2025 жылдың 25 қарашасында ХХ ғасыр басында қазақ халқын ұлт-азаттық сана биігіне бастаушылардың бірі, «Алаш» арысы Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толмақ. Бұл – барша алаш жұрты үшін маңызды, ел болып тойланатын елеулі дата. Міржақыптай ұлт тұлғасының мерейтойына орай ел рухын тағы бір асқақтатып, Ұлы Дала төсін дүбірлетіп алудың орайы тумақ. Яғни қыркүйек айының 20-21-і күндері Міржақып Дулатұлының туған топырағы, Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Торғай кентінде дүбірлі той өтеді. Бұл – барша еліміз үшін айтулы дата, ортақ мерейтой. «Той өтеді демекші», той басталып та кетті, Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған мерейтой қоңыр күздің тамылжыған шуақты күнінде, дәл бүгін туған өлкесі қарт Торғайда салтанатын арттырып жатыр.

Ұлт тарихында ерекше орны бар талай дарабоз тұлғаларды тудырған Торғай өлкесі бүгін ерекше сәнмен құлпырып, той салтанатына малынған. Торғай кентінің шетінде берісі сексен, арысы одан да бұрынғы замандағы ел өмірінің суретіндей сексен ақшаңқан киіз үй тігілген. Әр аудан мен қалалар әкеліп тіккен киіз үй қалашығында нағыз мерекелік көңіл-күй. Бір ғана киіз үй емес, бірнешеуін қатарлап әкеліп тіккен Қарабалық ауданы сияқты өңірлер де бар екен. Мұндағы тігілген әрбір үй арнайы қазан көтеріп, мерейтойлық ас-су әзірленуде. Әр аудан, қаланың, ауылдың өнерпаздары жиналған тойшыл қауымның алдында әуелете ән шырқап, күмбірлете күй шертіп, бүгінгі күннің салтанатын асыруда. Қойнауы құт, топырағы құнарлы Қостанай-Торғай өңірі еңбеккерлерінің маңдай терінің куәсіндей мол азық-түлік өнімдері мен өзге де сауда-саттық бұйымдары да той көрігін қыздыра түскендей.

«Ел іші – өнер кеніші» дегендей, бір замандарда киім-кешек, үй жабдықтары, ер-тұрман, әбзелдерді, азық-түлік өнімдерін қолдан әзірлеп, қарапайым құралдар арқылы дайындап алып келген халқымыздың дәстүрлі қолөнері де ел ішінде әлі күнге үзіле қоймаған екен. Әр киіз үйдің алдындағы қолөнер шеберлерінің көрмесі – осының айғағы болса керек. Ауыл-ауылдардан келген шебер ұсталар өздері теріден, ағаштан, темірден т.б. әзірлеген бұйымдарын халық назарына ұсынуда.

Тойдың сәні – қазақ халқының ұлттық ойындары, бәйге десек, Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына алыс-жақын облыс, аудандардан, тіпті сонау Қырғыз елінен, солтүстік көрші Ресейден де жүйріктерін жаратып әкелген ат бапкерлері де баршылық. 

Міржақып тойы – аудан, облыстың ғана тойы емес, республикалық масштабтағы дүбірлі мереке болғандықтан, мұндағы жарыстар мемлекеттік ауқымдағы шоқтықты іс-шаралар ретінде өтпек. Атап айтқанда ұлттық ат спорты түрлері бойынша көкпар, бірнеше күнге созылатын аламан бәйге өтеді. Халықаралық «Ұлы Дала жорығы» марафон-бәйгесі дәл осында сөреден аттанады. Ұлттық қазақ күресінен ересектер арасында өтетін сайысқа да Торғай кентіндегі тоға жиналған көпшілік қауым куә болмақ.

Сонау өткен ғасырдың сексенінші  жылдарынан бері қазақ айтысының тізгінін ұстаған Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы осында өтетін дүбірлі аламан айтыстың жеңімпазы мен жүлдегерлерін анықтамақ. Айтыспен қатар, әйгілі жыршы-жырау Алмас Алмат бастаған жыршы-термешілер де той көрігін қыздырып, халық көпшіліктің алдында өз өнерлерін ортаға салмақ.

Аяусыз жаным, мен бір құрбан лағың,

Болса алуға, қаным себеп, мұрадың.

Болайын сүйінші: жұлдызы жанып бақыттың,

Сен көркейді деп естісе құлағым, - 

деп Міржақып Дулатұлының өзі сонау заманда үлкен бір сенім арта жырлағанындай, туған халқының болашағына алаңдап өткен алаш ардақтысы, «Алаш» партиясының көрнекті көшбасшысы, ұлт көсемі Міржақып Дулатов халың елі қазағының азаттық жұлдызы жанып, көркейген кезеңін өзі көрмесе де, ұрпағы көріп, тәуелсіз күннің нұрына шомылуда. Мұның куәсі – ұлы тұлғаның туған топырағында өтіп жатқан осы дүбірлі той. Кезінде өз алдына жеке облыс болып, ақтылы қой мен алалы жылқыны молынан өсіріп, әлемдегі ең қатты сыныпты бидайымен, қойнауындағы бокситімен әйгілі болған, тарихы қатпарлы да терең-тұңғиық қарт Торғай соңғы жылдары түлеп, түрлене түскендей. «Амандық болса, биыл Қостанай облысына міндетті түрде барамын. Жолдауымда Қостанай облысын арнайы атап өттім. Торғай жеріне баса назар аудару керек деп айттым», - деген Мемлекет басшысының сөзі де Торғай халқы үшін үлкен демеу екендігі анық. 

Қарт Торғайға үңілсең – 

Өбісесің өткенмен.

Жас Торғайда бүгін сен

Көрісесің көктеммен.

Тарихқа жүгінсең,

Абыз ғой ол көп көрген! – 

деп Торғайдың төл перзенті Серікбай Оспанов ақын жырлағанындай, абыз Торғайдай арғы-бергі тарихта ұлттық рухқа, руханиятына өлшеусіз үлес қосқан небір топжарғандар шыққан қасиетті өлкеден әлі де талай мықтылар туып шығып олжа саларына сенім зор. «Той – қазақтың қазынасы» дейтін айтылымға ондағы ас та төк ысырапшылдық пен дарақылыққа қарап кейде аса илана қоймайтынымыз да бар. Ал елдің елдігін, ердің есімін ардақтап, рух беретін мұндай тойлар – шынымен де халықтың қазынасы емес пе! 

Алаш арысының тойы құтты болсын!
  Мақалаға “Қостанай таңы” газетінің фотосуреттері пайдаланылды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan