Немат Келімбетов және әдебиет әлеміндегі рухани алмасулар
Бөлісу:
«Азап шеккің келмесе, күншіл болма».
Унсури
Жазушы, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты, Еуропаның Франц Кафка қоғамы марапатының иегері, түрколог-ғалым Немат Келімбетовтің есімі өз елімізде ғана емес, шетелге де кеңінен таныс.
Баға жетпес әдеби мұрасы – көркем туындылары мен аудармалары, ғылыми-зерттеу еңбектері мен мақалалары – дүниежүзілік мәдениет пен әдебиетке асыл қазына болып қосылды.
Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов «Ерлік пен даналық дастаны» деп жоғары бағалаған «Үміт үзгім келмейді» кітабы бүгінде әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, шетелдік оқырман қауымның сүйіп оқитын кітабына айналып отыр.
Халықаралық қатынастардың өзегі болған кітап әлем әдебиетін дамыта отырып, әлемдік тарихтың бір бөлшегіне айналуда.
Олай болса, ұлттық құндылықтардан бастау алған қазақ қаламгерінің интеллектуалдық шығармашылық қуаты мен рухани көркемдік деңгейінің әлемдік биік тұғырда тұрғанын айғақтайтын әлем оқырмандарының төмендегі пікірлеріне назар аударайық.
Райхан МӘЖЕНҚЫЗЫ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Француз тіліндегі «Үміт үзгім келмейді» кітабының алғысөзін жазған Қазақстан Президентінің Бейбітшілік және руханият сыйлығының лауреаты, Францияның «Алтын пальма» орденінің иегері, әлемге әйгілі әдебиетші Альбер ФИШЛЕР:
– «Мен мұншама азап шегу адамды «жақсартады» дегенге күмәнім бар, бірақ бұл оның жан дүниесін тереңдетеді». Философ Ницшенің бұл айтқаны қазақ жазушысы Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабындағы жұбайы Қуанышқа бағыштаған монологына дөп келеді.
Осынау өзектен өтетін мәтін таяуда француз тіліне аударылды. Француз тілді оқырмандардың назарын олардың ащы да ашық, кейде күрделі, тіпті, өте ауыр оқылатын дүниеге бел бууға тура келетініне аударғым келеді. Мүмкін еместі еңсеруге – аяқ-қолдарының жансыз қалғанына қарамастан, тірі қалуға тырысқан адамның, кітапта Ержан деп аталатын автордың өзінің, терең де табиғи торығуын көрсеткен шығармаға аударғым келеді. Иә, өзінің тірлігіне ұдайы жабысып айырылмаған үрейді сезіне отырып, тірі қалуға тырысқан. Кітапта оның Гауһар деп аталатын әйелі тағдыр тәлкегіне қарсы тұрған текті де мейірімді ана ретінде көрініс тапқан.
Құрметті оқырман, бұл шығарма бейжай қалдырмайтынын біліңіз, ол өзіне тартып отырады және еш таңданыссыз-ақ «аурухана палатасындағы шынайылық кітапханадағыдан анағұрлым күшті…» екендігін мәлімдейді. Осылайша біз басқа әлемге, ұдайы үзілмейтін дене және жүйке азабының әлеміне ауысамыз. Бізді өмірдің мәні туралы терең пайымдауларға сүңгітетін, көз жасына бұланған әлемді көрсететін бұл кітап, қалай десек те, Гауһардың жақұттай жарқыраған нұрына бөленген ғажайып үміт болып қала береді. Соның көмегімен автор «адам рухының жеңілмейтіндігін» паш етеді.
Сонымен қатар, бұл кітап бізді автордың әдебиеттің сиқыры мен қуатын аша түсуіне жетелейді. Немат Келімбетовтің қаламымен жазылған ойға деген мадақ туындайды, өйткені, оның өзі айтқандай: «Менің ойым, менің түйсігім әлі сөнген жоқ… Бұл қару және қару болғанда қандай!.. Сондықтан, мен жазуым керек!..». Осы мақсатпен Ержан шынында да өзі үшін ұлы еңбектерді ашады, ал олар дала әлемінің өмір салтын, ақыл-ойын, қазақстандықтардың жүрегіне өте жақын хакім Абайдың, оның ізбасары Әуезовтің немесе Мақатаевтың өмірі жайлы еңбектер болатын.
Ақырында Ержан үйрену керектігі жөнінде кеңеске құлақ аса отырып, аудармалар жасаудың арқасында әдебиетшіге айналады: «зұлымдыққа қарсы күресетін жазушылар әскерінің жауынгері» болады. Сөйтіп, ол өзінің табандылығымен «өлімге қарсы тұруға мүмкіндік берген» адамдардың барлығының атынан баяндайды.
Ержан: «Осыншама азапқа мен қалайша жалғыз төзе аламын?..» дейді. Расында да, жұбайы Гауһарсыз ол қалай жазуды игермек? Осынау махаббат монологы арқылы Ержан өзінің жан жетпес жарының алдындағы моральдық парызын білдіреді. Бұған кітаптың үштен екі бөлігі арналған, содан соң қорытынды бөлімде біз Ақылбектің «шайпау әйелі» Раушаннан көретін басқа, қарама-қарсы драмаға тап боламыз. Бұл әйел Гауһардың антитезасы болып табылады және адамзаттың албасты қырын танытады…
Абай өзінің 37-қарасөзінде былай дейді: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?».
Нақ осындай қуаттан қайта тірілген автор өзі сақтай алған адамгершілігінің бар күшімен «Мен тірімін!» деп жар салады.
Иә, бізді түңілу мен өмірге құштарлықтың арасындағы терең орды аттап өтуге мәжбүрлейтін Немат Келімбетов шығармаларын оқу керек!
Париж, 2015
Ағылшын жазушысы Дэвид ПЕРРИ:
– Мен әлі күнге дейін әдебиеттегі кемел ойдың жақтаушысымын. Адам жаны қоршаған әлемді танып-білуде биікке шарықтай алады. Әрбірден соң қазіргі заман прозасы жай ғана жеке басының атын шығару не болмаса мансап құруға емес, ең аз дегенде сенімге негізделуі тиіс. Осы айтқаным расталып шыққандағы ләззатты былай қойғанда, Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» атты ғажап кітабымен танысуым бөлек қуаныш. Шын мәнісінде, соңғы жылдары маған пікір жазуға ұсынылған кітаптардың басым көпшілігіне еш ұқсамайтын дене азабына қарсы тұрған рухани жеңіс туралы баяндалған бұл шығарма мені таңғалдырды. Оны оқырманға жеңіл формада жеткізе білген. Мұнымен қоса, оның жүрекжарарлық мазмұны асқан Шебердің қолынан шыққан. Егер де шеберлікті сапа деп, ал талантты ерекше жасампаздық деп білетін болсақ, Келімбетовтің өмірбаяндық хикаяты қазіргі заманның жаңа классикасының қатарына енеді.
Әлбетте, кемелділік әдеби шеберліктің ғана көрсеткіші емес. Шынайы біртұтастыққа жетелейтін әрекеттер арқылы жете алатын, үнемі жылжып отыратын нысанамен тең. Кең экзистенциалды перспектива тұрғысынан алып қарағанда, Келімбетовті адам ретіндегі өлшем деп білеміз. Бұл тұрғыда, жұлынға жасалған сәтсіз ота нәтижесінде күнделікті қайталанып отыратын бейнетке толы тозаққа автордың төтеп беруінің ішкі сырына терең бойлаймыз. Төсекке таңылған ұзақ он жылды асқан жігермен бастан кешіруге бәрінің батылы жете бермейтіні сөзсіз. Аяусыз жағдайға душар болған жас отбасына жүктелген міндеттерді атқаруда шешімділік таныту қажетін қоспағанның өзінде. Түйіндей келе айтарым, бұл тамаша кітапты дүкеннен не кітапханадан тауып оқыған оқырманның бақыты зор. Мыңдаған қиындықтарға батып кете ме, әлде Келімбетов секілді адам қалпын сақтап қайғыға қарсы тұра ма?
Оқырман автор шеберлігіне тамсанып қана қоймай, кітапты парақтаған сайын этикалық сабақ алып отыру бақытына ие болады. Бұл сирек кітаптарға ғана тән құбылыс. Өз басым, тамаша еңбекті оқу арқылы өзімді жақсырақ сезіне түстім. Егер де кімде-кім әдебиет адам тағдырын жақсы жағына өзгертуге септігін тигізеді деп сенсе, осы шығарманы міндетті түрде оқып шығуға шақырамын. Келімбетовтің өмірбаяндық хикаяты – қазіргі заманның жаңа классикасы.
Лондон, 2014
Әзербайжан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, ақын Чингиз ӘЛИОҒЛЫ:
– …Немат ағаның орыс тілінде шыққан «Не хочу терять надежду» кітабын сыйлаған-ды, соны оқи бастағаннан-ақ бас көтеруден қалдым. Беттен бетке көшкен сайын менің алдымнан өзінің ғажаптығымен адам айтқысыз күшті кейіпкердің бейнесі ашыла берді. Ол өзінің әлсіз, ауру тәнінде өмірде өте сирек кездесетін қаншалықты алапат рух шыңдай білген десеңізші!
Қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті Немат Келімбетовтің мерейтойына арнап ұйымдастырған ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзімде мен бұл кітаптың бас кейіпкері, бәлкім, автордың өзі емес, оған бүкіл өмірін арнаған оның жас жұбайы, дедім. Біздің көз алдымызға қайыспас, күшті, шын берілген, жарын, отбасын сүйетін қазақ әйелінің бейнесі келеді.
Мен бұл кітапты Әзербайжанға әкелдім де, біздің Техран Велиев деген белгілі аудармашыға орыс тілінен әзербайжан тіліне тәржімалауын өтіндім. Сөйтіп, «Үміт үзгім келмейді» «Тэхсил» баспасынан жарыққа шықты. Бұл оқиға туралы хабарлаған мақалалардың бірі «Жаулап алғыш кітап» деп аталды. Мен алғашқыда бұл теңеуге таңғалсам да, кейін оның шынында да адамды жаулап алатынына, бір бастап оқығаннан бас көтеру мүмкін еместігіне көзім жетті.
Н.Келімбетовтің әдеби шығармашылығының құпиясы сонда, оның шығармалары бәріне таныс, бірақ көптеген адамдар көрсете алмайтын сезімдерді ашып беретініне менің сенімім мол.
Баку, 2012
Беларусь Ұлттық академиясының академигі, профессор, медицина ғылымдарының докторы, Беларусь Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Беларусь Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Арнольд СМЕЯНОВИЧ:
– Өзімнің көпжылдық нейрохирургтық дәрігерлік практикамда (бұл іске жарты ғасыр ғұмырымды арнаған екем) маған өте күшті адамдармен жиі кездесуге тура келді. Адам ешуақытта ауруға берілгісі келмейді, өзінің бар күш-жігерін денсаулығы үшін, беріктігі үшін күреске бағыттайды. Өкінішке қарай, бұл күресте бәрі жеңіске жете бермейді. Адамның қатаң сынақ қабырғасының алдында морт әйнек сияқты быт-шыт шашылғанын да талай көрдім. Ал қауіпті ауру басына төнген адамның өзі туралы, азап шегуші туралы не айтарсың!.. Туған-туысқандары да, жақындары да мұндайда өздерін әртүрлі ұстайды. Бастарына келген нәубетке шыдай алмайтындар да аз емес.
Немат Келімбетов болса өзін өзі жеңіп шықты. Оның аса қуатты ерік-жігері үрейлі бәлеге бой бермеді, бағынбады. Науқас өзін нағыз күрескер ретінде көрсетті, ең күрделі сынға шыдай білді.
Ғалым, әдебиетші және жазушы, аудармашы өзінің ауру халінде де үлкен әріппен жазылатын Ғалым болып қалды. Өзінің ғылыми жұмыстарын жалғастыра отырып, зерттеуші ғажайып дүние жасады. «Үміт үзгім келмейді» кітабымен ол ерекше сынақ кезеңіндегі адам мінезінің болмысына терең бойлады. Өз кейіпкерлерін зерделегендегі автордың сұңғылалығы көп нәрсе туралы ойлауға, өмірдің құндылықтарын таразылауға мәжбүрлейді.
Қиын жағдайға тап болған пациенттердің әрқайсына мен Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» повесіндегі ағынан жарылған беттерді оқып шығуға кеңес бергім келетіндігін имандай мойындаймын. Содан кейін оқырмандардың көбі өз күшіне сенетініне, өмір үшін күресуге болатынына және қажет екендігіне көздері жетеді деп сенемін. Өмір – Адамға берілген ұлы сый. Ендеше, неге біз онымен оп-оңай қоштасуымыз керек?!.
Сондықтан да Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабының әлемді шарлап кеткендігі, түрлі тілдерге аударылып жатқандығы кездейсоқ емес. Жеке өз басым оған Жазушы ретінде, талай сыннан өткен және өмірдің құндылықтарын сезіне білген Адам ретінде қалтқысыз сенемін. Немат Келімбетовтің үлгісі, оның адамның қадір-қасиеті үшін, жақын адамдарға, тұтас алғанда, қоғамға пайдалы болу үшін күресі көп уақыт бойы Адамзатты қызықтыратын болады!
Жапонияның Азаматтық дипломатия және Достық алмасу кеңесінің төрағасы, Аояма Гакуин университетінің бұрынғы ректоры Кен МАЦУДЗАВА:
– Алғаш рет жапон тіліне аударылып отырған «Үмітімді үзгім келмейді» кітабы дәл осы жапон жұрты оқуы тиіс қазақ әдебиетінің бір өкілі бола алатын туынды деп есептеймін.
Кітап авторы Немат Келімбетов Ташкент қаржы-экономикалық институтының түлегі болғанымен, өзінің өмірлік жолын бұл салада салмай, ҚазМУ-дың филология факультетінің түлегі ретінде әдебиет саласында өшпес із қалдырған тұлға.
Автордың өзі осы кітаптың басты кейіпкері Ержан сияқты 35 жас шамасында омыртқа дертіне шалдығып, қол-аяғы қозғалмай қалған кісі. Бұл кітап – Келімбетовтің өзі жайлы жазылған новелла. Бірақ, бұл жәй ғана новелла емес.
Оған себеп кітаптың басты кейіпкерінің уайым құшқан сезімі автордың өзінің уайым құшқан сезімін жеткізуден әлдеқайда асып түсіп, оқырманның уайымына айналып кететін әмбебаптығында. Және де осы кітапта көрсетілген қиыншылықты жеңе білудің жолы автордың өзін ғана құтқарып қоймай, оқырманға да қиыншылықтан шыға алатын күш береді.
Міне, осындай дарынды автордың кітабы жапон жұртының мәдениеті мен тарихы бай Қазақстан еліне көкірек көзімен қарауға себеп болса екен деген тілекпен қаламымды қояйын.
Токио, 2015 жыл
Ханкук халықаралық тілдер университетінің профессоры Канг ДУКСУ:
– Қазақ әдебиеті Кореяда әзірше белгісіз. Бұл тұрғыдан келгенде Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабының аудармасы маңызды оқиға. Азияның кіндігінде орналасқан Қазақстан әдебиетінің корей тілінде ұсынылуы Кореяда әлем әдебиеті арнасына келіп қосылған алғашқы аударма әдебиетінің бірі болып отыр.
Тән мен жанның азабынан құтылар жол тек отбасылық махаббатта жатты. Кейіпкердің өмірін сақтай алатын тек адал, сүйетін әйел еді. Ол өлім көлеңкесін ысырып, тірлік сәулесін шашырата алатын. Ержан ажал үрейін еңсеріп, өмірге құштарлық сезімін шыңдайды. Сөйтіп, ол аударма жұмысына кіріседі, өз тарихын жазып, қоғаммен сырласады. Шығармада кейіпкер әйел Гауһардың шынайы, таза махаббаты арқылы Ержан өмірге қайта келеді.
Келімбетов философиясы бес қағидаға негізделген: өзіңе адал бол; қарттарды сыйла; күншіл болма; екіжүзді адамға сенбе; арманыңа үміт арт, соған ұмтыл.
Сеул, 2015
Болгария Жазушылар одағының баспасөз хатшысы, қоғам қайраткері Дмитрий ГАЧЕВ:
– Қазақстанда әлемге әйгілі болған қаламгерлер аз емес. Абай, Мұхтар Әуезов… Сондай-ақ, Олжас Сүлейменов пен Немат Келімбетовтің шығармалары маған ерекше ұнайды…
«Караван» (5 мамыр 2012 жыл) газетінің тілшісі Артем Крыловпен сұхбатынан.
Hertfordshire Press баспа үйінің құрылтайшысы, баспагер Марат (Марк) АХМЕДЖАНОВ:
– Виктор Гюго айтқандай, адамға ілгері жылжу үшін алдындағы шыңдарда ұдайы ерліктің даңқты үлгілері тұруы қажет. Немат Келімбетов осындай ерлік үлгілерінің бірі болып табылады. Оның «Үміт үзгім келмейді» повесі – бұл өмірді сүю туралы, адамның рухани, ізгілік дамуымен ұштасқан күресінің өз нәтижесін беретіндігі туралы монолог.
Менің Немат Келімбетовтің шығармашылығымен таныстығым 2012 жылы Лондонда өзімнің өмірге деген көзқарасымды көп жағдайда қайта қарауға мәжбүр еткен нақ осы кітаптан басталды. Немат Келімбетовтің әдеби дарындылығы мен адами ерлігінің ұштасқандығы оқырман және баспагер ретіндегі мені керемет тәнті еткен-ді.
Оның руханилыққа, жылылыққа толы кітабы ерлік пен жанқиярлықты және де, әрине, бізге армандау мен ұмтылыстарымызға қолдау көрсететін мүмкіндікті баян етеді. Үмітсіз, сол сияқты, сенімсіз адам өмір сүре алмайды. Олар оған ауадай қажет. Бұл екі сезім қатар жүреді. Сенім мен үміттің адамға өмір сүруге, бар қиындықты жеңуге көмектесетін оң қуаты бар.
Бұл – адамға күш-қуат және өзіне сенімділік беретін бірегей еңбек. Повесть кейіпкерінің тағдыры туралы ойланғанда, «Үміт үзгім келмейді» повесінде суреттелген жағдайға тап болған адамдардың трагедиясымен салыстырғанда сенің көптеген проблемаларың мен бәлелерің түкке тұрғысыз екенін түсінесің.
«Үміт үзгім келмейді» повесін ағылшын тіліне аудару – қазақ әдебиетін дамытудағы және ілгерілетудегі маңызды кезең. Бұл азап пен төзімділік философиясын сезіну үшін тек қазақстандық оқырманға ғана мүмкіндік беріп қойған жоқ, ол шетелдік аудиторияны Немат Келімбетов сияқты көрнекті ғалыммен һәм жазушымен таныстырды. Халықаралық байланыстардың жанданып және басқа мәдениеттерге қызығушылықтың өсіп отырған дәуірінде аударма мәдениетаралық коммуникацияның негізгі тетігі болып табылады. Аударма түсінудің, түсіндірудің және қарым-қатынастың құралы ретінде көрінеді. Бүгінде аталмыш кітап әлемнің көптеген тілдеріне аударылды да, жаңа кең аудитория тапты. Сондықтан да «Үміт үзгім келмейді» (I don’t want to lose the hope) повесінің ағылшын тіліне аударылуының қазақ әдебиеті үшін де, дүниежүзі әдебиеті үшін де маңызы зор.
Лондон, 2015
Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Фархад ХАМРАЕВ:
– Кәсіби жазушылар кейде ізгілік проблематикасына терең үңілгендігі соншалық, көркемдік ізденістер аясынан шығып, белсенді де пәрменді түрде көркем публицистикамен айналысқан. Олардың өткір сөзі қоғамда керемет қызығушылық тудырған, қоғамдық пікірдің өзгеруіне ықпал еткен. Мұның жарқын мысалдарын Валентин Распутин мен Шыңғыс Айтматовтың пікірсайыс тұрғысындағы мақалаларынан көруге болады. Бірақ газет-журнал жанрының шеңбері тарлық ететін басқа да жазушылар бар. Олар материалды мейлінше кең, ең бастысы, өте терең қамтуға тырысқан. Мұндайда олардың дүниетанымы өздерінің шығармашылығы арқылы, ұлттық, тіпті, әлемдік әдебиеттің аралық әсерінен байқалатындай көрініс береді. Немат Келімбетовтің «Күншілдік» кітабы – соның дәлелі.
«Күншілдік» кітабы – айрықша шығарма. Оның ерекшелігі түрінде ғана емес, қарастыратын проблематикасының мәнінде. Ол диалог түрінде құрылған. Бәрінің саны он үш. Бұл философиялық пайымдаулар емес, дұрысында, тек философиялық қана емес, диалогтың әрқайсысының кең нақылдық тұрпаттағы тақырыбы бар.
Немат Келімбетовті мұндай шығарма жазуға не итермеледі? Біздіңше, себеп бірнешеу.
Біріншіден, Н.Келімбетов тек жазушы ғана емес-тін, ол ғалым, ежелгі классикалық әдебиеттің маманы болды. Шығармалардың өткенін шола отырып қарастырғанда, ғалым кейбір жазушылардың көзқарастарындағы біршама ұқсастықтарға назар аударғаны күмәнсіз. Бұл алдымен қазақ жазушыларына қатысты. Сөйтіп, өзіндік жүйелеуді талап ететін белгілі бір материалдар жинақтала берді.
Екіншіден, жазушы өзінің туған халқын, оның мақсаттарын, арман-мүдделерін, кемшіліктерін жақсы білді және терең түсінді. Бұл да қазақ әдебиетінің өзіндік дәстүрі еді. Абайдың «Ғақлияларын», Мұхтар Әуезовтің прозасын еске алсақ та жетіп жатыр.
Н.Келімбетов жалпыадамзаттық проблемалардың бар екендігін, оларды шешу алдымен отандық тәжірибеге жүгінгенде анағұрлым пәрменді болатынын өте жақсы сезді.
Үшіншіден, үлкен шебер ретінде ол өзін толғандырған проблема турасында өзінің көркем сөзін айтпай қала алмады. Басында, бәлкім, мұндай ірі зерттеу жазу жоспарланбаған да болар. Жұмыс барысында материалдың көптігінен оны белгілі бір жүйе бойынша алға тартуға тура келді. Материалды берудің түрі (диалог) аса біліктілікпен таңдалды, ал бұл қарастырылып отырған ахуалды жан-жақты көрсетуді анағұрлым жеңілдетіп қана қойған жоқ, мәтінді оқырман түсінігін қиындататын әсіре ақпаратты үйіп тастаудан арылтуға септігін тигізді.
Ең ақырында, мұндай кітаптың отандық әдебиетте болмағанын айту керек. Осы тақылеттес басылымдардың өте қажет екендігін және олардың уақыт өте келе адамдардың ажырамас серігіне, өзіндік энциклопедияға айналатынын тәжірибе көрсетіп отыр.
Нәтижесінде, ешқашан өзінің көкейкестілігін жоғалтпайтын өте қызықты да қажетті шығарма дүниеге келген. Мәселе, әрине, күншілдік сияқты құбылыстың мәңгілік екендігінде емес. Адам тірі жүргенде ол оның әрдайымғы серігі болмақ.
Ташкент, 2015 сәуір
Аударған
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛҰЛЫ.
egemen.kz
Бөлісу: