МЕЙМАНДАРЫМЫЗДЫ ДА, МАҢҒЫСТАУЛЫҚТАРДЫ ДА ТАМСАНДЫРҒАН ТАМАША САПАР
Бөлісу:
Алла разы болсын! Бүгін менің көңілім көтеріліп, руxым асқақтаған күн болды. Оған себепші Майра Ғұмарова апамыздың ұйымдастырумен қазақтың бард-әншісі, ақын, композитор Табылды Досымов ағамыздың 50 жылдығына арналған еске алу кешіне келген қонақтарымыздың Бекет Ата басына зияраттап баруға ниет етуі. Киелі Маңғыстау жеріне еліміздің әр өңірінен алғаш рет келген игі жақсылары (әртүрлі саланың майталмандары) алдымен Қарақия ойпатын көргенде таңдай қағып, бойларындағы таңданыс сезімдерін жасыра алмады. Ірі мұнай кәсіпорындары орналасқан Жетібай кенті мен Жаңаөзен қаласының төңірегіндегі тербелмелерді (качалкаларды) алғаш көріп, балаша қуанды.
Аталар жолындағы әуелгі тоқтағанымыз, әрине, Шопан Ата бейіті болды. Тариx, дәстүр, сәулет өнері ұштасқан бұл тариxи ескерткіш қонақтардың барлығын таң қалдырды. Әсіресе, елге танымал Сүгір жыраудың жатқан жерін көріп, қонақтар арасындағы ақынжанды аға-апаларымыз толқып, тебіреніп кетті. Марияш жеңгеміздің қазақы әдеп пен қонақжайлық салтанаты үшін көңіл марқайды. Дәм-тұзынан ауыз тиіп, әрі қарай Оғыланды тауына жол тарттық. Жол бойында Қайрақты тауынан көрінген пейзажды тоқтап тұрып тамашалауға тура келді.
Осылай қонақтар үшін таңсық табиғатқа тамсана отырып Бекет Ата басына қалай жеткенімізді білмей қалдық. Маң далада шұбырған шегі жоқ зияраттаушыларды көрген қонақтарымыз одан сайын таңдана түсті.
Әдеттегі бағдарлама бойынша зияраттау рәсімдерін өткізіп болып, үлкен асқа отырдық. Қызықтың бәрі осы сәтте болды, яғни, келіндердің табақ алып сәлем етуін көріп, әйел адамның ер адамдарға жол беруі және т.б. иісі қазақы дәстүрлеріне ризашылықпен таңырқаған меймандарға қарап, мен марқая түстім. Көкірегімді мақтаныш, қуаныш кернеді. Бұларға жыл сайын Отпан тауда тойланатын Амал мерекемізді де көрсетуіміз керек деп ойладым. Шіркін, араларында Табылды ағам да болса ғой деп, бір сәт қиялға беріліп кеттім...
Сонымен, қадірлі қонақтарымыз мәз, оларды көріп біздер шатпыз. Осындай мәртебелі меймандардың құрметіне бөленген – Ақтау қаласынан шыққаннан орындыққа отырмастан, түрегеп тұрып аузы тынбастан Маңғыстау өлкесін таныстырған елтанушы, түркітанушы, геолог, өлкетанушы Бекболат Төлегенұлының еңбегі зор. Қонақтардың бұл танымдық сапарын қызықты да көңілді өткізгені үшін Бекболат бауырыма алғысым шексіз!
Ертеңінде, 30-шы тамызда Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық дарама театрында қазақтың тұңғыш бард-ақыны, композитор Табылды Досымов ағамыздың 50 жылдығына арналған «Қыр баласы қол созады аспанға» атты еске алу кеші болды. Тау тұлғалы Табылдының талантына тәнті жұртшылық иін тіреседі.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты режиссер Гүлсина Мерғалиева бастаған өнер тобының жүректі шымырлата орындаған Табылдының әндері қалың қауымды тамсанта, ынтықтыра түсті. Екі сағатқа жуық жүрген шығармашылық кеші шолтаң ете қалғандай көрінді.
1990 жылы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетін бітірген түлектердің 25 жылдық кездесулері аясында курстастары, марқұм Табылды Досымовтың шығармашылық кешін ұйымдастыруы ғанибет дүние болды. Курстастар Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінде оқитын студенттерге арнап, Табылды Досымов атындағы стипендия тағайындалғанын жариялады. Стипендия жыл сайын Табыл өзі оқыған факультеттің оқу үлгерімі жақсы, өнерден хабары бар, жан-жақты бір студентіне курстастары атынан беріледі.
1990 жылы КазГУ-дің журфагын бітірген түлектердің 25 жылдық кездесуіне орай Майра Смайылқызы Ғұмарованың арнайы тапсырысымен «КАЗГУГРАД» деген ән жазылған екен. Осы жаңа әннің премьерасы да кештің мазмұнын байыта түсті. Оның сөзін жазған белгілі ақын Рахат Қосбармақов, әнін жазған композитор Ерекен Қорабаев, орындаған тамаша әнші Марат Сафаров бауырымыз. Жұрттың ықыласы ерекше болды. Шығармашыл жігіттерге толағай табыстар тілейміз.
Сондай-ақ, меймандарымыз «Сағындым сағым жылдарды» атты курстастар кітабын да шығарып, таратты.
Оқуды Алматыда бітіріп, ширек ғасырлық кездесуді Ақтауда жасаған азаматтардың тірлігі бізге әуелгіде тосын көрінді. Соңынан түсіндік, өмірдің барлық саласына араласатын журналистика мамандығы жұрттың басын біріктіретін әлеуетке, ешкімді жатсынбайтын бауырмалдыққа бейім екен. Тіпті, араларында бірге оқыған курстас маңғыстаулық бірде-бір азамат жоқ болып шықты. Ұланғайыр даланы тұтас дүниеге балаған бауырларымызға бақтарың жана берсін дегіміз келеді.
Кеш соңында көрермен қауым КазГУ-дің 1990-шы жылғы түлектерімен естелік суреттерге түсіп, мәре-сәре күй кешті. Барлығы ежелгі бауырларымен қайта табысқандай ыстық ықылас пен мейірім шуағы құйылып тұрды.
Бұл кездесуге келген курстастардың арасында Еуразия Ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, белгілі қаламгер Халықаралық «Алаш» және «Дарабоз» әдеби сыйлықтарының иегері Әділбек Ыбырайымұлы, Қазақтың ұлттық күнтізбесін жасаушы Қалдархан Қамбар, «Еңбек» ЖШС құрылыс компаниясы директорының орынбасары Мұрат Нұғманов, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Жұлдыз Тойбек, Премьер-Министр Кеңсесінің бас инспекторы Зере Хамитова, Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің оқытушысы Бақыт Әсембаева, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің оқытушысы Гүлхадиша Зәуірбекова, «ЕмбіМұнайГаз» АҚ баспасөз хатшысы Ғалия Қаражанова, «СамұрықЭнерго» АҚ қызметкері Мақпал Бақтыбаева, Батыс Қазақстан облыстық радиосының тілшісі Әуес Оранаева, «SABELLE» кәсіпорнының қаржы директоры Нұргүл Сәлімбаева сияқты бір топ азаматтар бар.
Елге үлгі болар осындай шараға мұрындық болып жүрген Маңғыстау облыстық мәдениет, кейін тілдерді дамыту басқармаларының басшысы болған, қазірде «Маңғыстаумұнай» АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры, нар тұлғалы Майра апама алғысым тіпті шексіз, дүние тұрғанша тұрыңыз!
Киелі Маңғыстауға келген қадірлі қонақтарға мың да бір рахмет!
Ақтау қаласы
Бөлісу: