Қазақ болмысының құлын дауысы және жазушы жаны

Бөлісу:

09.09.2016 5933

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Әкім Таразидың шығармашылығы бойынша жазылған бұл зерттеу еңбек ұлтымыздың болмысы жайына үңілу мақсатында қолға алынып еді. Ұлт болмысының өзгерісі әрине үлкен процесс. Оны тек қана тарихи фактілер арқылы ашып көрсету мүмкін емес еді. Бұл күрделі үрдістің құпиясына тереңірек бойлауға әдебиеттің, соның ішінде адам жанының терең қалтарыстарын шынайы образдар арқылы аша білетін прозаның орыны айрықша екендігін осы шығармаларды оқу барысында тіпті де анық түсіндім. Сондықтан да Әкім Тарази прозасын таңдадым.

Мынау сол еңбегіміздің бір парасы. «Болмыс» деп аталатын кітабымыздан үзінді. Жазушының туған күні қарсаңында қазіргі қалың оқырман қауымның көзтігері болған «Әдебиет» порталы арқылы ұсынғанды жөн санадым.

Мақала ішіндегі тырнақшаға алынған үзінділер тақырыптағы аталған шығармалардан алынды.

автор

Құлақ бұрау

3af0796f0e93d89d7a1f4dd66c720467.JPG

«Тарихты көркем әдебиет дей алмасақ та, әдебиетті көркем тарих деп әбден айта аламыз» деген Чернышевскийдің сөзін Қазақстан Жазушыларының V-ші съезінде «Көркем әдебиет шығармалары терең де шыншыл болсын» атты тақырыпта баяндама жасаған Жұбан Молдағалиев мысалға келтіреді. Ал қазақтың ұзақ тарихын шындық негізінде ғылыми жүйеге түсіруге талпыныстар болғанымен Кеңес үкіметінің цензурасы оған мүмкіндіктер бермегені, тарих ғылымының жүгін амалсыз әдебиет көтергені де рас. Бұл сөздерді ары қарай растап керегі жоқ. Өйткені, оны қаламгер шығармалары дәлелдейді. Біз соны талдап көрсете алсақ болғаны.

Жазушы Әкім Таразидың бірқатар көркем баяндалған хикаяттарының ұлтымыз бастан кешкен тарихи оқиғаларды жадыңда қайта жаңғыртуымен және шындығын көрсете білуімен құнды екенін автордың «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз» романдарындағы кейіпкерлердің қоғаммен ымыраға келу-келмеуі, санаға салынған түрлі бұғаулар жөнінде кеңінен талқылаған еңбек жазған едік. Оларды ұлттың санасына, жанына салынған құрсау, шіре десек, ендігісін ұлттың санына яғни тәніне салынған қылбұрау деуге болады. Тіпті, одан да ауыр...

Тәуелсіздік жылдары қазақ халқы үшін ең алдымен сана-сезімді, ойлау жүйесін бостандыққа шығаруымен қымбат болатын болса, сол тәуелсіз сана тудырған талай ғылыми-көркем әдебиеттерге «жүк» болған тарихи тақырыптар біздің санамызға сіңіп кетті деуге болады. Соны «көркем тарихтың міндетін атқаратын» шығармалар оқтын-оқтын жаңғыртып тұратыны бар. Неге десеңіз, ғылыми әдебиеттердегі құрғақ баяндаулар мен көп цифрлардың «ар жағында» қалып кететін адам тағдыры, жақсылық пен жамандықтың, зұлымдық пен мейірімділіктің, махаббат пен ғадауаттың майданы, бастысы сол тұстағы қоғамдық өмір, адамдардың психологиялық жай-күйі, өмірге көзқарасы көркем әдебиетте ғана ашылатынына бәс тігуге бармыз. Сонымен, жазушының жекелеген кейіпкерлер мен бірқатар кейіпкерлер арқылы тұтас дәуірдің ақтаңдақ тұстарын көркем шындықпен бейнелеуіне әсер еткен оқиғалар желісі қандай және ол қай әңгіме, хикаяттарында анық көрініс табады дегенге келейік.

«2999999+1», «Андрей», «Аран» және «Күлтай жеңешем мен Александр Солженицын» сынды әңгіме, хикаяттар арқау болмақ. Әр қайсысы қазақ халқының басынан өткен зобалаң жылдардың белгілі бір кезеңдерін суреттейді. Өз алдына бөлек-бөлек әңгімелер болғанымен бірін-бірі толықтырып отыратын туындылар екенін талдау барысында білетін боламыз.

Сонымен, осылардың ішіндегі ең ауыры, ең қасіреттісі, тіпті адамзат тарихында болмаған қасіреттісі «2999999+1» атты жұмбақ әңгімеден бастадық. «Адамзат тарихында болмаған» деген сөзімізді артықтау алынды деп ойларсыз, жоқ. Оған да көзіміз жетеді әлі...

Адамзат тарихындағы аянышты эпизод

2999999+1. Өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ тарихының ең бір қаралы беттері реттерінде бейнеленетіні әмбеге аян. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылық барысында халқымыздың тең жарымына жуығы қынадай қырылды, біразы шетел асты. Бірақ түрлі зерттеу жұмыстарында түрлі цифрлар көрсетіліп, бұл туралы ортақ тұжырым жасалмаған соң біз өз тарапымыздан «дұрысы мынау» дегенді айта алмаймыз. Өкінішке қарай, ашаршылық салдарынан құрбан болғандар саны туралы әлі ортақ тұжырым болмай отыр. Әрине, бұл туралы нақты мәлімет беру тарихшылардың міндеті екенін білеміз. Ал, көркем әдебиеттің міндеті сол ақтаңдақ жылдардағы қоғам басындағы жағдайды көркем шындық арқылы бейнелеу. Соны бейнелеу аясында кейіпкерлер галереясын, қоғам картинасын жасау. Жазушы Әкім Таразидің ұлт тарихының ақтаңдақ беттерінен шағын бір эпизод алынған «2999999+1» әңгімесін оқып шығып, түйгенімізді төмендегі жолдарға арқау еттік. «Шағын эпизод» дегенді әдейі айтып отырмыз. Алапат ашаршылық қазақ жерін түгел қамтып, қазақ халқының жартысына жуығы аштан өлгенде, әңгімедегі Абыз ағаның айтқан оқиғасы шынымен шағын ғана эпизод сияқты әсер қалдыратыны бар. Бірақ, сол эпизод қазақ халқының бастан кешкен тауқыметін өмір бойы есіңнен қалғысыз етіп, миыңа шегелеп тастауға жетіп жатыр.

Жоғарыда айтылған шығарманың ең бірінші, тақырыбы туралы ойланбасқа болмайды. Неге бұлай? 2 999 999 шартты түрде аштан өлген адамдардың саны болсын дейік, ал оған қосылып тұрған 1 кім? Бастан кешкенін әңгімелеген Абыз аға ма? Сыртым бүтін болғанымен, ішім өлген дегенді айтқаны ма? Әлде аштықтан «сүйгенінің» етін жеп, өзі Абыздың қолынан қаза болған Қосан ба? Әлде социалистік конвейер қоғамның қанды шеңгелі жанын азаптап, шығарма соңында өртеніп кететін Омар ма? Жоқ, әлде, сол 2999 999-дың өліміне бір ғана кінәлі социалистік жүйе, сол үшін 2999 999-дың ажалы соның мойнында дегенді тұспалдау ма? Міне, бұл жұмбақ...

Шығарманың өз басы әңгіменің ішіндегі әңгіме сияқты әсер қалдырады. Өткен шақ пен қазіргі шақты байланыстырып тұрған орталық кейіпкер - Абыз аға. Жазушы негізгі кейіпкер Омардың да, орталық кейіпкер Абыздың да қоғамдағы орнын өңірлеріндегі «Алтын жұлдыз» арқылы көрсетеді. Бірі өз сөзімен айтқанда «сегіз жүз отыз жыл өмір сүрген», яғни, іші өліп қалған аға болса, екіншісі айналасымен де, өз жанымен де арпалысып, тірі жүруге де, өлуге де себеп таппай аласұрған іні. Шығарма барысында сол іні ағаның айтқан әңгімесін көңіл экранынан кәдімгі кино лентасы сынды тізбектеп өткізіп, әрбір деталына шұқшиып, тағы бір тұстарда лентаны тоқтатып қойып, ірі планмен көріп отырады. «Абыз аға ұзақ сөйледі. Асықпай сөйледі. Тіпті баппен, мәнерлеп сөйледі. Айтқаны – өз тарихы. Өз тарихы дегені ел тарихы. Алтауы бірігіп тажал аузына бет алды. Өз еріктерімен. Алтауы... Үлкен Тажалдың өзіне хат жазбаққа серттесті». Тоқтай тұрыңыз, бұл туралы нақты тарихи деректер қандай еді? «Ф.И. Голо­ще­кинге жолданған Т.Рысқұловтың «Сталинге хаттары», Ғ.Мүсiрепов, М.Ғатаулин, М.Дәулет­қалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев жазған «Бе­сеу­дiң хаты», қазақ даласында «оттай лаулаған» ашар­шы­­лық туралы көрнектi қазақ зиялылары Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Нұр­мақов, Ораз Исаев, Сұлтанбек Қожанов және т.б. жазған Мәс­кеуге ресми хаттарда қазақтың «қара шыбындай» қырылуы мен үдере шетел асуының негізгі себеп­терi, экономикалық және демогра­фия­лық шы­ғынды айғақтайтын нақты мәлiмет­тер берілдi» дейді Қали Омаров «Аштық тауқыметі» атты мақаласында. Енді жазушының кейіпкері кім? Осы тұлғалардың ішінде емес пе екен? Әлде?.. Біздің мақсат, әрине, Абыздың кім екенін анықтау емес, сондықтан жұмбақ әңгіменің жұмбағына осы жерге дейін ғана бойлап, тізгін тарталық... Ойымыз өткен шаққа, яғни, оқиға өтіп жатқан мерзімнен 55 жыл ілгері мерзімге саяхат жасайтын Абыздың жан дүниесіндегі «таңдаулы кейіпкерлерді» алып шығып, соны ішкі сыры ретінде ғана баяндауы еді...

Кеңес үкіметі «бай мен кедейді теңейміз», «әйелдер теңдігі» деген желеумен небір текті билерді, небір іргелі байларды ит тепкіге салғаны рас. Иә, бұл оқиғаның да соған қатысы бар, анығы – содан басталған. Әңгіменің желісін қысқаша айтсақ, былай болған.

Абыз бұдан аттай 55 жыл бұрын Арқа даласына келген. Міндетпен келген. «Байларды кәмпескелеу», «ескіліктің қалдығын жою» сынды міндетпен келіп, Күреңби деген әрі би, әрі бай кісінің Гүлғайша атты тоқалын тартып алып Қосан деген бір жігітке қосады. Күреңбиді итжеккенге айдатады. Сосын, бір ақынға ақшасын төлеп «Қосан мен Гүлғайша» деген поэма жаздырып, оны Мәскеудегі ең таралымы мол, беделді газетке шығартады. Жырда Гүлғайша мен Қосан ғашық болады, Гүлғайшаны Күреңби байлығымен алған болады. Кедей Қосан ынтызар болады. Сөйтіп жүргенде Кеңес үкіметі келіп кедейдің жоғын жоқтап, «ғашықтарды» қосады. «Теңдік» әпереді. Құйдай өтірік поэманың айдай ақиқаты осы. Адамзат тарихында болмаған сұмдық осыдан басталады. Енді болған жайды шығарманың өзімен байланыстыра отырып ретімен айтайық.

«...Абыз-аға ол кезде жас бәлшебек. Тууы туралы куәліктегі аты-жөні бөлек. Жазушы боларын, Абыз атанарын әлі анық білмейді. Жамбасына батқан жамбастай тапаншасы тұла бойын күйдіріп барады. Әй-шәйға қарамай атып тастайтын Кеңестің атқамінерлері ауыл-ауылды аш бөрідей кезіп жүрген кез. Жұртта үрей қалмаған. Тап жауы – сенің жауың, оларды аясаң – өзің құрисың. Алдына жүгініп отырған еңгезердей көркем кісі Жас Бәлшебекке мұрты едірейген құбыжық болып көрінді.

- Атыласың! – деген сөз маржандай тізілген отыз тістің арасынан жұп-жұмыр, сүйкімді қалпында үзіліп түсті. – атыласың! Екі әйел алуға Кеңес өкіметі тиым салатынын естіген шығарсың. Сауатты едің ғой. Орынборда оқыған едің ғой! - Айтам деген зілді сөздерінің қауқарсыз шыққанын сезіп жас Бәлшебек түйіліп қалды...

- Жаз. Қолына қалам, қағаз беріңдер! Ал, жаз! Кеңес өкіметінен кешірім сұраймын! Гүлғайша тоқалымнан бас тартамын! Гүлғайша тоқалымды Кеңес өкіметінің құзырына бердім! Солай деп жаз! – Бұл, әрине, Жас Бәлшебек...

- Әйел теңдігі! – Бұл енді, екі ғашықтың желкесіне шұқшиып тұрған тұрған екі іні, комсомол».

«... Көрікті жігіт Қосан. Өзі әнші, өзі шешен. Үкілі бөрік, үкілі домбыра, төс қалтасында алақандай төрт бүктелген ақ орамал, иіс майын аңқытып... киіз үйге кіре берді де, төрде отырған кеңестік төре Абыздың алдына тізерлей жүгінді.

- Тақсыр! – дей беріп тез түзелді. – Жолдас орталықтың өкілі!

Біреулер алдын ала әзірлеп, айтар сөзін, істер қылығын әбден үйретіп қойса керек. – Ғашықпын! Ғашықпыз! Еркіндік алып бер! Байдың тоқалы! Сүйіп... Болмаса – өлеміз!

Қарулы екі жігіт екі білегінен ұстап келіншекті де кіргізді. Орталықтан келген айбарлы өкілдің алдына жүгіндірді.

- Айт, әпке! Қысылма! – деді екі жігіттің бірі. Інісі-ау шамасы.

- Теңдік! Тақсыр, теңдік! – деді келіншек Абызға тайсалмай тік қарап. – теңдік!

Әйелдің сұлуы осындай-ақ болатын шығар. Мұндай көз, мұндай маңдай, мұндай тіс, мұндай мүсін Үрдің қызына да бұйыра бермейтін шығар».

Бұл әңгімені Абыз 55 жылдан кейін айтып келе жатыр. Пойызда. Тыңдаушысы – Омар. Абыз: «Мен болып, Торғайдың үлкенді-кішілі текешіктері болып, әйтеуір, көп ұзамай үш мың жылқысы бар, бес мың жылқысы бар оқыған азаматты Жайық жаққа жер аудардық қой! Екі ғашықты некелеп қостық. Облыстық ақын Шалабайды астанаға шақыртып, өз үйімде жатқызып «Қосан мен Гүлғайша» деген поэма жаздырдым... жаздырдық!».

Міне, Абыз сол далаға қайта келе жатыр. Бұл келе жатқан кез қандай кез? «Ақмоладан үрейлі хабарлар келуде: бүкіл уезді аштық жайлаған, – деп жазады Түркістаннан. Аштыққа ұшыра­ған­дар­дың саны, оның көпшілігі қазақтар, 30-40 мыңға жетіп жығылады. Тамақ із­деген мыңдаған адамдар туған жерлерін тастап, жан-жаққа босып кетті. Баласыз ата-аналар, ата-анасыз балалар…Қазақ даласының барлық жеріндегі оқиғалар осы шамалас».

«Алтауы... Үлкен Тажалдың өзіне хат жазбаққа серттесті. Абыз айтты: «Мақұл, келістім. Бірақ менің мінезімді білесіңдер. Өз көзіммен көрмей... – Мен елді көрем!

...Абыз елге барды. Әрине, қаһарлы мекемелерден рұқсат алып барды. Ел күйзелді деген сөз бекер екен. Ел күйзелмепті, ел таусылып бітіпті. Тып-типыл.

Облыс басшысы Абызға күдікпен қарады. Күдігін жасырған да жоқ. Май басып кеткен іркілдек денесін әрең басқарып, орындықта әрең қозғалып отырса да даусы шіңкілдеп, қатын мінез танытты.

- МҰНДАЙҒА Алматы қалай араласады? Москваның құзырында емес пе?

Кімнің құзырында екенін көрді Абыз. Қостанайдан Бетпақ-Қараға шейін жолдың екі жағы... Арқаның азынай соққан екпінді желі апталап қуса да, айлап қуса да тазалап кетіре алмаған күлімсі иіс, қолқа қапқан қоңырсық иіс, соңғы үш тәулік бойы көктем лебін аңқыта келген Алтын күректе қолқа қапқан сасықтан құтқара алмады бұларды. Қайта Алтын күрек тозақтың есігін айқара ашып тастаған тәрізді. Қыстай қар астында жатқан өліктер... Өліктер! Бірін көргенде жүрегі дір еткен, онын көргенде жүрегі лоблыды, жүзін көргенде өлердей алқынды, мыңын көргенде мәңгіріп қалған, он мыңдап көргенде ойсырап барып оңалып кетті! Осылай болуға тиісті ме, қалай... бұған таң қалудың қажеті жоқ па, қалай... өмірдің заңы осылай ма, қалай... алба-жұлба киімдердің жұрнақтары, ағарып кеткен арық сирақтар, көкке қарай созыла беріп түсіп түйіліп қалған жұдырықтар, көкке қарай созыла беріп түсіп ашылып қалған алақандар, ана төсін аймалап жатып көз жұмған сәбилер, ата-анаға өкпелеп, жарық дүниеден көңілі қалып, етбеттеп жатып, етбеттеп жатып жер құшқан нәрестелер! Құшақтасып жатып жан тапсырған ғашықтар...».

Бұл шығармада автор көп жайды астарлап та береді. Оны сөз-сөйлемге мұқият бақылап отырған адам ғана аңғарады. Жоғарыда орталықтың өкілінің алдына келіншекті қарулы екі жігіттің алып кіргені, «айт әпке» деп тұрған жігіт оның інісі екені, Қосанға сөздердің үйретіліп қойғаны... бәрі-бәрі бұл істің зорлықпен істеліп жатқанынан хабар береді. Сол секілді Абыз елге келгенде оны атшанамен Николай деген орыс алып жүреді. Осы орыспен арадағы сөз-сөйлем әрекеттері арқылы да автор қаншама жайды паш етіп тұр.

«ОГПУ қосып берген атшы Николайдың мінезіндегі оғаштықтарды өкіл Абыз алғашқы сәттен-ақ түсінген. Ысқырып «өлеңдетіп», қалаған кезінде, қалаған жерінде көлікті тоқтатып, мән-жайды бұған түсіндірмей жолдан алыс кетіп, әлдебір қаңырап тұрған бос тамдарды, әлдебір сай-саланы аралап кетеді. Кей-кейде бұған қарап:

- Ал, осы арада қуығыңды босатып ал, бастық! – деген «қамқорлығының» астарында: «Сен өлкеден келген дөкей болсаң да менен мықты емессің! Себебін ішің біледі ғой! Ішің білуге тиіс қой!» - деген ызғар жатады.

... Қанша кең болса да Абыз, тынысы тарылып, басы айналып, жүрегі лоблып, көзі қарауытып, қолқа қапқан күлімсі исі жүрек түбіне запыран жинап, құсып тастаудың, ақтарып тастаудың амалын іздеп келе жатты. «Мынау ит те мені өліктің ең бір қылаң тұсына әдейі кезіктіріпті-ау! Осы араға әдейі тоқтаған-ау!» - деп түйді Алматыдан келген келе жатқан дөкей. «Бұл өлкенің қожасы сендер ме, біздер ме, өзің түсін, түсініп ал!» - дегені анық!».

Сөйте тұра, мына Николайға ыза бола тұра Абыздың Мәскеу, Кремльге шаң жуытпайтынын да аңғартып өтеді автор. Сол арқылы орысқұлдық сананың бір көрінісін тағы да көрсетіп өтеді. Николай туралы жаман ойлағанына өзі шошынып қалғанын қайтерсің?!.

«Сұмдық ойдан Абыздың жүрегі шым етті. Тізесі дір етті. Буындары босап, жүрелей құлады. Бұл сүмелек сезім бұрын да көңіл қақпасына талай мәрте мысықтабандап, ұрлана бас сұқпақ болған. Қуып салатын. Мәскеу. Кремль ондай емес! Ондай болуы мүмкін емес!» - дейтін. Болашаққа деген үміт нәрестесін әлдилеп, жылы құндақтап, көңіл бесігін тербете бастайтын. Үміт».

Енді келдік. Енді келдік адамзат тарихында болмаған сұмдық оқиғаға. Шығармадан тағы да үзінді келтірейік.

«- Жолдас өкіл... Сіз шанада отыра тұрыңыз! Ешқайда ұзамаңыз! Мен – қазір... деді.

... – Осы ауылда... Шолақ-Су ауылында адам жейтіндердің бандасы бар. Соларды бір шолып өт деп еді бастығым... – Қаруыңызды оңтайлап қолыңызға алыңыз. Сізге қарай жүгірсе ойланбаңыз – атып тастаңыз! Бір қолыңызға божыны ұстаңыз. Мылтық атылса – Теңбілкөк ала қашпасын!

ОГПУ қызметкерінің «ауыл» деп ауыз толтырып айтқаны – жолдың екі жақ шетіне шашырай түскен бес-алты тоқал там екен. Есік-терезелері жоқ, сукөзденіп, үңірейіп тұр. Арғы шеткі бір үйдің ғана сыртқы есігі мен екі терезесіне киіз ұсталған. Мылтығын көлденең кезенген Николай асықпай-саспай барды да киіз «әйнектерді» жұлып лақтырды, іш жаққа бірдеңе деп айқай салды. Үйден өңкиген үш қазақ шықты. Киімдері күтімді. Қызылжағалы олармен ұзақ сөйлесті. Содан кейін киіз «есікті» жұлқа тартып ішке кірді.

... Жас Бәлшебек толғанып отырып байқамапты: сыртқа шыққан Николай қол бұлғап бұны шақырып тұр екен. «Мына найсап менің кім екенімді ұмытып кеткен-ау! Осыдан Қостанайға қайтып келейік, қызметінен қудырмасам да шенін төмендетпесем!». Бұл Абыздың ойы, аяр ойы. Дәл осындай тұста, осындай өліктердің арасында ойлап отырған ойы.

«Кіжінуін кіжінді, бірақ, әлдебір бұйрыққа бас игендей, шанадан түсіп, аяқтарын жазып, біраз тұрды да бұл да барды «сол жаққа».

Келіңіз, төрлетіңіз, жолдас өкіл! – деді Николай енді таза қазақша, сәл иіліп, төрге төселген құрақ көрпешені иегімен нұсқап. Үнінде жағымпаздық аңғарылады. Мына үш қазақтың алдында жота мүләйімсіп тұрған «орыстың ойыны» екенін жас Бәлшебек бірден түсінді. Түсінді де бірден сыздана қалды...

Тізе бүк, хайуандар! Кімнің алдында тұрғандарыңды сезесіңдер ме?..

... Пеш түбінде тұрған үшеу тізе бүкті. Қимылдары қолайсыз. Николай бұны жер-көкке сыйғызбай дәріптеп тұр. «Қазақстандағы ең мықты бастық Голощекин жолдас екенін білесіңдер ғой? Білесіңдер, бұл кісі сол кісінің оң қолы! Көздеріңді ашып қараңдар!»

Пеш түбінде тұрған тұрған үшеудің көздері бітиіп кеткен. Беттері быттиып кеткен. Желкелерін май басқан. Езіліп, бір кезде ақ болған қара көйлектер шылқып тұр...

...Көрпелердің ар жағына арқан керіліпті. Арқанда қақталған ет. Жіліктер. Жамбастар. Сүбелер. Көп ет. Жас бәлшебек жүрегі лоблып, құсып жіберді». Бұл адамдардың еті еді. Енді қараңыз, бір кездері «өзі әнші, өзі шешен көрікті жігіт» атанған, Қосанды таниды. Көзі біттиіп, өңі быттиып, екі беті шылқыған майға айналған Қосанды таниды. «Жас Бәлшебек таныды. «Мынау сол ғой. Соның өзі ғой, өзі тапсырма беріп жаздырған поэманың кейіпкері. Әнші. Күйші. Сері. Бай тоқалын бұның өзі тартып әперген, некесін Кеңес заңымен бұның өзі тіркеткен. Қосан. Қосан сері. Бұның өзі поэма жаздырған. Бұның өзі газетке бастырған. Бұның өзі кітап қып шығартқан. «Қосан мен Гүлғайша» поэма. Жыр»...

Міне, әлгі Қосаны. «Ғашығына» қосып кеткеннен кейінгі кездесіп тұрған жері. Қосанның адам жегені сұмдық. Алайда одан өткен сұмдық бар. Одан өткен. Енді одан ары сұмдық өтпейді.

«- Айт! Қайталап айт! –деді мылтықты адам. – шығар қойныңдағыны! Көрсет! – деді мылтықты адам.

- Шеш, көрсет! – деп ақырды Николай».

Абыз ағаның бұл сәттегі жайын: «Өте баяу, өте самарқау қимылдап, жыр кейіпкері жарғақ тонның түймесін ағытты. Ақ жібек орамалға ораған әлденені бұған көрсетті.

...Быттиған май бет өте жай қимылдап ақ жібек орамалды ағытты. Орамал ішінде екі төс, бір құйрық бар екен. Қозықұйрық. Екі емшек. Екі мама. Ұшы қарайып кеткен.

Май басып біттиіп қалған екі тесіктен реңсіз су тамшылары сорғалады. «Жылағаны шығар» - деп қорытты Жас Бәлшебек.

Меңіреу дүние, тас керең дүние зың етті де ашылып кетті.

- Гүлғайша... -деді ісік бет. - Гүлғайша ғой!

- ... ғой! - деді су сорғалаған екі тесік.

- ғой! -деген еді Қосан...

- Гүлғайшаның екі төсі мен қозықұйрығы...».

Ал, бұдан сұмдық өте ме? Адамзат тарихындағы аянышты эпизод! Адамзат тарихында осындай қасірет болған ба? Білмейміз... Бірдеңе айта да алмаймыз. Сондықтан ары қарай да автор сөйлесін, шығарма сөйлесін.

«Содан кейін арбасу басталды. Шананың қасына айдап әкелген үшеудің екеуін мылтықты адам қақпайлап әрірек апарды да, әй жоқ, шәй жоқ екі атып, жар басында отырған қарғадай жалп-жалп құлатты. Екі құлағын қайшылап, тықыршып тұрған Теңбілкөк былқ етпеді. Бар ғалам селт етпеді. Ештеңе болмаған тәрізді... – «Мынау бізге айғақ үшін қажет!»

Мынау дегені – Қосан. Түсінікті.

Ештеңе болмағандай, ештеңе байқалмағандай шананың арт жағында жантайып жатқан жас Бәлшебек бәленің төркінін бұлжытпай таныды: бұл халық осындай жабайы, бірін бірі жеп жатыр деген өсек таратуға бұл, бір, ұтымды жағдай. «Оларды ондай халге жеткізген кім? Қай үкімет? Неғылған құдірет? – деген сауал ешкімнің көкейіне келмейді, әрине. Келсе де отыз тістің ар жағында қалады, әрине. Жоқ. Ол – олай бола қоймас!»

Табиғатында тәрбиелі, биязы жан іштей булықты. Ширықты. Қаны қайнады. Атшыны иығынан түртіп өзіне қаратты.

- Тоқташы! – деді. Жерге түсті. Шөп үстіне төңкеріліп жатқан Қосанға:

- Дәрет сындырып ал! – деді.

Қосан да қиналып, айтуға батпай келе жатса керек, құнжыңдай қимылдап жолдан шыға берді.

Жолдан шыға бергені сол еді, жанына жетіп келген Жас Бәлшебек, үн-түнсіз қалпы, жарғақ тонның жауырын астынан тапанша ұңғысын тақап тұрып басып қалды. Бұл да манағы екі серігі құсап жалп етіп құлай берді. Теңбілкөк талай-талай атысты бастан кешірген әккі ме, қалай, бұл жолы да былқ етпеді.

...Батпақ-Қараға жете бере мұрттай ұшқан Жас Бәлшебек төсек тартты да жатып қалды».

...

Қалихан десем Алтай келеді көз алдыма. Қатын қарағай. Мұзтау. Алыстан көз тартқан күміс ертоқым - Мұзтау. Өрдегі ел, Белдегі ел, Қазақстандағы ең асау өзен - Қатын. Көк тұрғындарының, Көк тұрұқтардың кіндік елі. Сол елдің екі Қалиханы болса, бірі мен боп жүрдім. Кей кездерде мен Алтайға бара алмай қалсам, Қалиханның ағалары, жеңгелері сұрайды екен. - Әй, Қалихан, Әкім неге келмеді? Сен келмесең де, Әкім келсе де бізге жетіп жатар еді ғой!-дейтін көрінеді. Сол Қалиханның әкесі - екі жасар ұлын құшақтап, қатты қысып жатып, ұйқы үстінде өмірден өтіп кеткен ғой. Қапалықтан өлген. Әне, айдап әкетеді, міне, айдап кетеді деген қорқыныштан өлді ме екен? 1937 жыл еді себебі. Хат танитын адам, зиялы жігіт. Хат танитын адамды ол кезде аямайтын еді ғой өкімет. Соның алдында ғана Сапақ деген ағасын этаппен айдап кеткен екен. Этап деген ол - жоспар, алыстағы аудандарда тұратын күдікті адамдарды бірлеп-екілеп айдамайтын, ол кезде жоспар болатын. Жоспар орындау үшін топтастырып, екі айда бір, үш айда бір бүкіл аудандардағы күдіктілерді жинап, Алматыға алып баратын. Бүкіл Қазақстандағы күдіктілерді жинап, Сібірге айдап кететін. Ол сөздің аты - этап еді. Сол этаппен Александр Исайұлы да қазақ жеріне келді ғой, саяси тұтқын болып келді. ...Ол байғұс та этаппен келді. Этап...

Қалиханның әкесі - жалғыз ұлын қатты қысып ұйықтаған қалпы, сатқын заманнан өтіп кеткен. Анасы Күләш ойбайлап жүріп, жылап жүріп, әке құшағында жатқан баласын әрең босатып алған, әрең босатқан. Әке жібермей қойған. Кейін анасы айтады екен:

- Қалихан, сенің өмірің ұзақ болады, себебі әкең саған өзінің қалған өмірін, бойындағы шуағы мен жылуын қалдырып кетті. Өз жылуын қалдырып кетті ғой!-дейді екен.

Сол 42-жылы көзі бақырайған, тәштиген жалғыз ұлын шанаға отырғызып, басына әкесінің үлкен түлкі тұмағын кигізіп, әкесінің қалың сең-сең тонына орап, Күләш келіншек, жас ару он бес шақырым жердегі туысқанына тартады. Күні бойы жүріп отырып, түн ортасы ауғанда әрең жетеді. Қақаған аяз. Аяз – ажалдан да қиын ғой. Ажалда сезім жоқ. Аяз. Аяз адамның бар сезімін кеміріп, асықпай жеп, миыңды шағып, миыңды кеміріп жеп жібереді ғой. Аяз. Таңның атысында шыққан екі жасар ұлын шанаға отырғызып, сүйреп шыққан ана, түн ортасы ауа, он бес шақырым жердегі туысқанына келді. Туысқан – екі жасар нәрестенің туысқаны. Мынау жалғыз бала, сенің ағаңның жалғызы, осыны не істейміз деп алып келген болар. Бірақ туысқаны есігін ашпай қойды. Әйелі шықты. Танымаған болып:

- Кімсің?-деді.

- Мен ғой, Күләшпін ғой, - деді. - Қалиханды алып келіп едім, - деді.

- Ағаң жоқ үйде... - деді әйел. Бірақ ар жағынан ағасының күңкілдеген даусы естіліп тұрды. Ашпай қойды есікті. Аяз болса кеміріп барады. Күләш жылаған шығар әрине. Бірақ, Қалихан оны қайдан байқасын, тұмшалап тастаған Қалихан шанада отыр ғой.

Есік ашылмады.

Ақырында, жарайды ендеше деп, Күләш жас келіншек, жас ару бұрыла берген кезде, есік шиқ етіп ашылып, әкесінің туған інісінің әйелі жарты күлше нанды лақтырып жіберді.

- Мә, мә, мынаны жеңдер! - деп.

Нан қатып қалған екен.

Сол кезде селк етіп оянды ма екен, әлде есін жинап алды ма екен Қалихан нанды шап беріп ұстап алды. Ұстап алды да қатты нанды қойнына тығып жіберді. Анасы ұрысты, әрине.

- Таста, таста нанды, саған керек емес, бұл жарты нан саған медет болмайды, таста! - дейді.

Бала тастамады, қойнына тығып жіберген. Ана тартып алып, лақтырмақшы болды. Әрине, есікке қарай лақтырмақшы ғой. Бірақ бала бермей қойды.

Беті қайтып қалған ауылдан, жүрегінен, лүпілдеп тұрған жүрегінен теуіп жіберген ағайынының үйінен сәл ұзай бергенде, Күләш байқады ма екен, баласының әлгі қатып қалған нанды аузына салып отырғанын... шананы тоқтатып.

- Әкел бері! -деді де тас болып қатып қалған нанды бала қолынан жұлып алды. Жұлып алды да тісіне ары салып, бері салып, сындыра алмай, ақыры бір үзімін ғана әрең үгіткен екен, бірақ тісінің қызыл еті қан-қан болыпты. Сол қызыл еттің қанымен араласқан нанды шайнап-шайнап Күләш келіншек, Күләш ару баласының аузына салады. Екі жасар нәрестенің аузынан нан ары қарай жүрмей қояды. Содан кейін Күләш сұқ саусағымен, сүйріктей әдемі саусағымен итеріп-итеріп ары қарай өңешінен өткізіп жбереді.

- Әттең-ай, әттең-ай!-деп жылайды содан соң, - Сен болмасаң мынау ит өмірде бір сәт қалмас едім. Тағдырымды бір жарым құлаш кендір арқанға тапсырар едім!-деп зарлайды. «Бір жарым құлаш кендір арқан» дегеннің мағынасын Қалихан ержеткен кезде ғана ұғынады.

Енді баратын жол бес шақырым. Он бес шақырым жүрген ана енді бес шақырымға шыдаймын ғой деп, жолда келе жатыр сүйретіліп. Өзі де былқ-сылқ, баланың басы да былқ-сылқ әрине. ...Бір кезде Күләш тоқтап баласына айқай салады:

- Өлмедің-ау, сен, өлмедің-ау! Сен өлсең маған жеңіл болар еді. Мен мына әдірам қалған тірліктің құнын бір жарым құлаш арқанмен өлшер едім! Сен өлмей қойдың ғой, қу жетім, сен өлмей қойдың ғой.

Еңкейіп, айқайлап, ұрсып тұрған анасының көзіндегі тырнақ басындай қос мұзды көріп үлгереді бала. Мұз. Көз жасы емес, қатып қалған екі мұз...». Күлтәй жеңеше, Солженицын жайындағы толғаныс, қиналыстар жазушы ойын осылай да сүйреген, жазушы жанын осылай да қинаған. Осы оқиғаны есіне түсірген.

«Әлгінде әңгімені келте қайырғаныма ыңғайсызданып отыр едім, енді қайтадан Қалиханға тіл шалдым:

- Әй, Қалаға, сонда анаң айқайлап, саған ұрысқанда екі тамшы көз жасының мұз болып қатып тұрғаны шыннан есіңде ме?-дедім. Қалихан күлді.

- Әй, көке-ай, ол әңгімені жазып қойғам...- деді. -Және журналға беріп қойғам. Мен айттым:

- Ол 42 жылғы оқиғаны мың жазушы мың рет жазса да артық болмайды! Мың жазушы мың жазуы керек, сонда да адамзаттың ұяты ояна қояр ма екен? -дедім. - Сенің әкеңнің ағасы этаппен кеткен еді, сенің әпкең этаппен кеткен еді. Орыстың үлкен жазушысы Солженицын этаппен Қазақстанға келген еді. Сенің әкең мен әпкең этаппен орыстың сібіріне барған еді. Сол заман... - деп сөзімнің аржағын «жұтып қойдым».

Сөзімнің аржағын жұтып қойдым. Өзіме өзім күбірлеп айттым. Сондықтан да бұл эссені жазбасам болмайтын еді. Ішімде қалса дертке айналып кететін еді. Сондықтан да осы эссені жаздым. Бұдан оқтай бір жыл бұрын. Содан бері қанша мәрте қолға алдым, түзетіп, әрлеп, өңдеп жарыққа шығарайын деп... Қаламым жүрмеді. Осыдан бір апта бұрын, А.Солженицынның дүниеден өткеніне бір жыл толғанда Москва телеарнасының бірінен көп сериялы деректі фильмнің бірінші бөлімін көріп қалдым. Александр Исайұлы сөйлеп отыр екен.

- Қазақстан маған қымбат! -деді, - Мен қазақ мектебінде сабақ бердім! -деді. - Қазақ балалары алғыр!-деді. - Қазақ байсалды да өжет халық! -деді.

Хабар аяқталған соң мен орнымнан тұрып терезе алдына бардым. Сол арада көрдім. Сездім. Түйсіндім.

Көк аспанда қырағы көз бар.

Алланың қаһары қатты, Алланың мейірімі де шексіз ғой.

Көк аспанның қырағы көзінен мейірім ұшқынын аңғардым.

Тәубе!».

Жалғыз баласын құшағында қысып жатып, өмірден өтіп кету!.. Не қылған үрей! Ұрмай-соқпай, адам санасына, адам жүрегіне осындай қысым жасау... Неткен аяусыз жүйе. Қазақ даласында уілдеп соққан жел үрей шашып соққан. Жел, боран ел ішін үдей кезген, жел емес, үрей кезген! Үрей!...

Жер бетінде қазақтай туыстық қатынасқа берік, өз ағайынын «Өз қолыңды өзің кеспейсің» деп өз денесіне балаған халық кемде-кем шығар. «Ағайынның азары болса да, безері болмайды» деген, «Кескілесіп кетсең де туысқаның кетпейді» деген қазақтың асыл болмысы осылайша айрандай ақтарылып түсті емес пе. Қалиханның шешесі саршұнақ аязда неге қайнысының үйіне келеді? Ол шықпай қойғанда неге сонша еңірейді? Күйінгеннен неге өліп кете жаздайды? Ол ағайыны деп келіп отыр, бұрынғыша, баяғыша, туыстығын бұлдап келіп отыр. Ал, адам болмысының осылайша өзгеріп кеткенін ол сол сәтте, сол бір ашулы, жаңа ғана күйеуі өлген қайғылы сәтте қабылдай алмады. Қабылдай алмайды да. Мүлде. Туыстың теріс айналғанына күйеуі өлгеннен бетер қиналды емес пе, жан түкпірі қопарылып түсті емес пе! Осылайша, жақындар жалғызға айналды. «Ағайынның қадірін жалалы болғанда білесің» деген қазақтың ағайыны жалалы болғанда қасынан алыстап кетті, қашып кетті, танымай кетті. Суып кетті! Үрейден!

Құрметті оқырман, шығармасын талдап отырып жазушы туралы ой келеді ентелеп. Еріксіз келеді. Жазушы туралы бұл ой жазушы туралы айтпай қалуға мүмкін емес жағдайда айтылды. Тәубе!

Жазушы деген осы екен ғой! Ұлт жазушысы деген осы екен ғой! Ұлтының тарихы, артық-кемі, қасірет-қайғысы, арман-мұраты, мұң-шері қуаныш-күлкісі, намыс-жігері, ар-иманы..., бүкіл БОЛМЫСЫ нағыз жазушының ой-санасын ордалы жыландай орап, тұла-бойын буып, қинап, әбден қинап, толғағы жеткенде топырлап кеп, жүрек деген нәзік жаратылыстың қылдан жіңішке пернесін көпір етіп оқырманға жол тартады екен ғой!.. Топырлап кеп, қылдан нәзік пернені солқылдатып өтеді екен, қылдан жіңішке тамырды кернеп, сыздатып өтеді екен, жүрек деген аяулы жаратылысты аямай солқылдатып, аямай сыздатып...

Тарихшы шығарманы оқырманға жүрек деген көпірден айналып өтіп, санасын өткел қыла отырып жеткізсе, журналист жүрек деген көпірден айналып өтіп, факті мен ақылын өткел қылып жеткізетін шығар. Ал, жазушы, шын жазушы ақыл-санасында баптап, толғағы жеткенде жүрек деген қылдан жіңішке көпірге қарай иіріп айдайды екен ғой үйірлі жылқыны. Таптап өтпей ме, қиратып кетпей ме? Жүрек шыдай ма?.. Және оның ұлты өз жерінде зор қырғынға ұшырап, отарлық қамытын киіп, бодандықта сұраусыз тапталған, аяусыз езілген болса ше?.. Ол жүрек «Қанша қиналғанмен өмірден түңілмеймін» дейтін жүрек болғасын шыдайды, ол жүрек «Алланың қаһары қатты, Алланың мейірімі де шексіз ғой...

Тәубе!» дейтін жүрек болғасын төтеп береді.

Сол жазушы, сол болмысы аяусыз тапталған ұлттың жазушысы бір сұхбатында «Қазақты бір қазақ жақсы көрсе, мендей-ақ жақсы көрсін» депті. Жазушының осы бір ауыз сөзін шын түсіну үшін де осыншама дүниесін ақтару керек екен ғой. Ақтару керек!

Ұларбек Нұрғалымұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар