Талғат Ешенұлы: Ұлы қаладағы блюз

Бөлісу:

14.10.2016 4416




IMG_3418.JPG

ТҮН БОЛСА ҒОЙ


Ұнатпаймын күнді онша.

Түн болса ғой.

Түн болса –

Алматыға қарайлап,

Айға іңкәр жұлдыздарша.

 

Ұясына күн қонса,

Алматыда түн болса.

Өзіңменен бір болса,

Ай сәулесі сынғанша.

 

Қара мақпал түн болса,

Қара көздер нұрланса.

Көктөбеге мың барса,

Шолпан жұлдыз туғанша.

 

Сүлік қара түн болса,

Шымбұлаққа мың барса,

Сүлік қара көліктің

Қос өкпесі тынғанша.

 

Мөлдір қара түн болса,

Махаббаттан уланса.

Беу, өтеді-ау бұл шақ та,

Көзді ашып-жұмғанша.

 

...Сен де ұнатпай күнді онша,

Сарғаярсың түн болса –

Астанаға қарайлап,

Айға іңкәр жұлдыздарша.


 

ҚАЛА ЖӘНЕ БІЗ


Біз танысқан қаланың

Оты өшіп қалған ба?

Біз табысқан жатақтың

Шамы сөніп қалған ба?

 

Бізді қосқан тағдырдың,

Адасқан ба жолдары?

Біз түсетін бұрышта 

Аялдама болмады.

 

Бізге бауыр Көктөбе 

Жат болуға таяпты.

Соқпақтары бөтенсіп,

Шала берді аяқты.

 

Жел ұйтқыды, жас талдай 

Жан-жүйкемді жұлып бір:

Біз кіретін кафенің

Есігінде құлып тұр.

 

Бұлт бүркіді көз жасын,

Көзім жасқа тұнып тұр:

Біз жүретін гүлзардың

Орындықтары сынық кіл.

 

Біз білетін көшенің

Аты да жоқ бұрынғы.

Біз ғой, күттік неше жыл,

Осы жермен жүруді.

 

Қалыппыз-ау, екеуміз

Естеліксіз, қаласыз.

Алматыға бөтенбіз,

Ал, тағдырға – шарасыз.

 

ҰЛЫ ҚАЛАДАҒЫ БЛЮЗ


Ұлы қаласың.

Алматы – ұлы қаласың.

 

Қайырым күткен қамкөңіл жандардың бәрін,

Жоғалған тағдыр, адасқан жолдардың бәрін –

Бір сиқырыңмен өзіңе бұрып аласың.

 

Көктөбең көкке шаншылып,

Кеңсай мен кенттің –

Пәни мен бақи дүниенің тіліп арасын,

Онсыз да қысқа ғұмырды ұршықша үйіріп,

Уақыттың зымыранына мініп ағасың.

 

Ұлы қаласың.

Алматы – ұлы қаласың.

Есігі мәңгі жабылмас вокзалдарыңда,

Есігін тарс қып пойыздар қозғалғанында,

Көз бен көңілде мөлтілдеп тұрып аласың.

 

Зәуде бір жаныңмен жоқ іздеп, көшеге шықсаң –

Ағылған көп пен көліктің бірі ғанасың.

«Жетім бұрышта» абайсыз ұмыт қалдырған

Жолаушы өмірдің арзанқол жүгі ғанасың.

 

Шулы қаласың.

Алматы – мұңлы қаласың.

 

Алаңдарыңда тоққызыл таңдар атқанда,

Құлқынсәріден қу тірлік жанға батқанда,

Арпалыстырған жаныңның улы жарасын

Сездірткің келмей ешкімге, білдірткің келмей,

Өзіңдей жұртпен бір жылап, бір қуанасың.

 

Түнгі қаласың.

Алматы – мейрам қаласың.

Алқара түні жатқанда шамсыз керіліп,

Саясат, қызмет, барлығы мәнсіз көрініп,

Тауға да тасқа соғылар қайран да басың.

 

Кедей еңбегін бұлдаған, байлар бағасын,

Мәйхана тектес үйлерде мейман боласың.

Ғапыл дүниені ұмытып, кафе-барларда

Таныс, бейтаныс жандармен жайнаң қағасың.

Неткен қаласың?

Алматы, неткен қаласың?

 

Біреуден мүлде алыстап кеткен қаласың,

Біреудің қолы енді әрең жеткен қаласың.

Онсыз да қысқа ғұмырды ұршықша үйіріп,

Әп-сәтте ақпан, әп-сәтте көктем боласың.

 

Қайырым күткен қамкөңіл жандардың бәрін,

Жоғалған тағдыр, адасқан жолдардың бәрін

Кең құшағына сыйғызған тек сен ғанасың!

 


ТАБИҒАТТЫҢ БАЛАЛАРЫ


Аспақ едім оң қолымды

Жұп-жұмыр ақ төсіңе,

Жанарыңмен таң қалулы

Қарадың да тесіле.

 

Солқ-солқ етіп жылай бердің.

Жылап, күліп, наза қып,

Құшағыма құлай бердің,

Ысып, суып, бозарып.

 

Көңілдегің, көзіңдегің –

Өрекпіген өпкенің.

Үзілгенің, езілгенің –

Әнтек дір-дір еткенің.

 

Әлің құрып, көз ілгенің –

Бір рахат күй шеккенің.

Гүлдеп тәнің, сезімдерің,

Гүл боп неге кетпедің!

 

Жамалыңды бүркеп, қызық,

Керілдің де көсіле.

Оң қолыңды сылқ еткізіп,

Аса салдың төсіме.

 


ӨЗІҢЕ ТЕЛЕФОН СОҒАРДА


Өзіңе телефон соғарда,

Ой, Алла,

Жанымды қоярға

Жер таппай,

Қорқақтай

Беремін.

Теремін

Нөмірді саусағым дірілдеп.

Дірілдеп,

Жұлып жеп

Өзімді.

Айтатын сөзімді

Жұтам да,

Үндемей уақыт ұтам да,

Тұтығам.

Құтылам –

Телефонды өшірем.

Осы мен

Жынданған шығармын.

Өйткені, күмәнді:

Не барын?

Несіне телефон соғамын?

Несіне өшірем?

Несіне

Айыққан адамдай күнәдан,

Алмасаң қуанам

Жанымды қоярға

Жер таппай?

Ой, Алла!..

 

ӨЗІҢЕ


Қарашығы көзімнің.

Сен ғой менің өзімнің

Көз тамшымнан жаралғансың,

Оралғансың солай маған екінші бір ғұмыр боп.

Бар қымбатым сен ғанасың,

Сенен басқа түгім жоқ.

 

Өлеңіне алданған,

Өрлігіне малданған

Тағдырымның мойынына тұмарым боп байландың.

Менің мұңсыз күндеріме жол болған,

Тұмарым сол,

Қаз үніңнің дірілінен айналдым!

 

Сен болмасаң нәрестенің хәлін кешем демде мен

Көңілімнің бесігін,

Өмірімнің бесігін

Сен тербедің, сен жұбатып салдың ән.

Менің жарты жүрегім сенің әзіз кеудеңде,

Сен тоқтама, сен өмір сүр, сен қуан!

 


ӨЗІҢСІЗ БІРТҮРЛІ


Өзіңсіз біртүрлі,

Бояусыз мына өмір, ақылдым:

Қып-қызыл мың күнді

сарғая-сарғая батырдым;

Қап-қара мың түнді

Көкпеңбек сияға матырдым;

Қоңыр мұң күлкімді

Ұрлады.

Жазуға отырдым.

Ақ қағаз жыртылды,

Қу тартып боз таңды атырдым.

Өзіңсіз біртүрлі,

Бояусыз мына өмір, ақылдым!

 

СОЛ СӘУЛЕМ


Үп еткен ерке желім,

Мөлт еткен лағыл жасым,

жалт еткен жарық сәулем –

Сол сен ғой!

 

Көңілім желбірейді,

Жанарым мөлдірейді,

Жүрегім елжірейді.

Келсең ғой!

 

Қызғалдақ гүлдегенде,

Шырғанақ бүрлегенде,

Сен келсең бірде, егер де –

Құлдығың болсам мен.

 

Көңілім желбіремейді,

Жанарым мөлдіремейді,

Жүрегім елжіремейді.

Келмейді-ау, сол сәулем.

 


МЕН ТЕРЕЗЕДЕН ЖҰМАҚТЫ КӨРДІМ


Мен терезеден жұмақты көрдім,

Жұмақты көрдім кәдімгі.

Жағасында екен құрақты көлдің,

Жан-жағы алтын адырлы.

 

Жазира дала, алма бақ, айдын,

Жемісі жұпар не түрлі.

Кәдімгі біздің Тарбағатайдың

Көкорай белі секілді.

 

Сүтті жаңбыры себелеп, көнбей,

Гауһардай көктен шашылар.

Гүлі қанатты көбелектердей –

Мың сан бояумен ашылар.

 

Аспаны бұлтсыз.

Шуақ, шұғыла.

Топырағы – күміс тостаған.

Терезе алдына жұмақты мына,

Тәңірі ме, әкеп тастаған?

 

Самалы әке алақанындай,

Саямды енді таптым мен.

Балпаңдап қаздың балапанындай,

Анама бара жаттым мен.

 

Нұрға шомылып, гүлге көміліп

Отырған әзиз жандарға

Қосылмақ едім, дүр көтеріліп,

Ұшты да кетті аңғарға.

 

Төбемнен пейіш құстарын көрдім,

Көңілді, көркем, бір керім.

Адамның құс боп ұшқанын көрдім,

Құстың адамша күлгенін.

 

Оны да көрдім – сауықшыл қауым,

Жазбай таныдым – ақындар!

Періштелердің қауырсындарын

Көкпеңбек көлге матырған.

 

Жүректерінің алтын ұшқынын

Түнекке жай қып атқандар.

Пәниде таппай жан тыныштығын,

Бақида байыз тапқандар.

 

Нұрға шомылып, гүлге көміліп

Отырған әзиз жандарға

Қосылмақ едім, дүр көтеріліп,

Олар да ұшты аңғарға.

 

Шіркін-ай, сәтке жақындар болса,

Жете алмай жылап, күлдім мен.

Ол жақта анам, ақындар болса,

Бұл жақта не істеп жүрмін мен?

 

Мен терезеден...

«Бәйтерек» екен,

Солқылдап жатыр самайым.

Жұмысқа әлі ертерек екен,

Қой, аздап мызғып алайын.

 


ТАҒДЫР САПАРЫ


Тағдырым кейде жат,

Әй бір,

Жетім ботадай боздайды.

Кейде енді жанған от,

Әй бір,

Өртеніп кете жаздайды.

 

Боздағандағы жасымен

Өрт мінезімді өшірем.

Тағдырым, саған несіне

Еге болды екем осы мен?

 

Иідің, кейде қатайдың,

Сапарың жайсыз, зор қандай –

Аякөз бен Тарбағатайдың

Арасындағы жолдардай.

 

Иісең әндей есілем,

Қатсаң қайыстай кесілем.

Тағдырым, саған несіне

Еге болды екем осы мен?

 

Сапардың бар ма, тұрағы?

Естеліктерің зіл қандай –

Алыста, Алматыдағы

Жатақта қалған жылдардай.

 

Әр нәрсе түсіп есіме,

Әр нүктеге бір тесілем.

Тағдырым, саған несіне

Еге болды екем осы мен?

 

Шын, кейде өзі түндей бір,

Күндей бір, таңды шат қылған.

...Беймезгіл шақта кімдер бұл,

От алып тағы кеп тұрған?

 

Сенсің бе, тағдыр?

Досым ең,

Қайтем, бәрін де кешірем.

Жалқы ғұмырды несіне

Жетімсіретем осы мен!

 

ӘТКЕНШЕК ӘҢГІМЕ


– Айтшы, қайда сияды, арда басың?

– Пенде әлсіз ғой: жоққа – зар, барға – масыл.

– Бақ басым ба өмірде, сор ма басым?

– Қайыры жоқ, тұрлауы болмағасын.

– Байлық бақыт емес қой?

– Жарымағасын,

Жұбаныш қып жел сөзді малданасың.

– Сыйластық ше?

Меніңше, бар бағасы.

– Сатулы көңіліңнің жарнамасы.

– Махаббатты айт.

Тек жоқ деп қорламашы.

– Бар деп жүрміз, даулы жәйт ол да расы.

– Сонда шын не?

– Өтірік.

– Алдамашы...

– Пенде сол ғой: жоққа – зар, барға – масыл,

Айтшы, қайда сияды арда басың?!



"Қазақ әдебиеті" гезетінен алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар