Тұрсын Сыдықов. Жыр қағанының келбеті
Бөлісу:
Асбұлақтың суындай нәрлі, жаралы жүрекке дәру, мұңсыз көңілге ұшқын тастап, ер көңілге қажыр-қайрат бітірген, қара судан шырын ағызып, сары майдан қылшық айырған, қара сөзге жойқын күш дарытқан дуалы ауыздан шыққан уәлі жырымен ел есінде ақсұңқар құстай түлеген қалпында қалған біртуар Алаш ақындарының бірі – Жұматай Жақыпбаев десек, ақиқаттың ақ жолынан бұра тартпасымыз әдді. Не нәрсенің де, қадір-қасиетін, нарқын сан емес, сапа шешеді. Артыңда қалған мұра, тасқа басылған із жаудың бастысын бағындырған, тізесін бүктірген хас ерліктей елдің есінде сақталатыны, жадында жатталып, жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа кететіні күмәнсіз. Небәрі 45 жаспен шектелген қысқа ғұмырында ол «Саратан» (1979 ж.), «Ләйлә» (1981 ж.), «Шұғынық гүл төркіні» (1984 ж.), «Көктемгі хаттар» (1992 ж.) атты төрт-ақ кітап қалдырған.
Жақыпбаев аз жасаса да өз айтарын айтып, өз стилін қалыптастырып кетті. Замандастары үшін оның бар болмысы үлгі саналды. Өлеңшілердің өлеңдеріндегі секілді құр көпіріп, құлақ сарсылтып ығыр етпейтін мінезді өлең жасау ізденістері өзіне үйіре тартып, өз әуез, әуенімен «Жыр қағанаты» мүшелерінің жақсы жырға сусаған жүректеріне жол тапты. Енді сол «Жалын» альманағы жанынан өзі құрған «Жыр қағандығы» мүшелері көзімен ақын, сері, «қаған» Жұматай Жақыпбаевтің тұлғасына үңілейік. «Ол жұмыр денесіне қонымды киім киетін. Сәнденіп, сыланып-сипанып жүруге ерекше көңіл бөлетін... Уыздығы жарыған қозыдай томпиып отырған жұмыр денелі, орта бойлы, қызыл шырайлы, қыр мұрынды, қияқ мұртты, ойлы өткір қара көздері әр кезде күлімдеп тұратын сәл толқыны бар қара шашын оң жақ шекесіне жыға қайырған жайдары, топан су тобығынан келмейтін Жұматайды кім көрсе де жарық дүниеде нені іздесе де табатын, жанында қылаудай жамандығы жоқ екеніне сенемін. Ол сондай адалдықтан жаралған еді», – деп жазыпты Досан Жанбота. Демек, мұнан біз Жұматайдың статикалық, мүсіндік портретін, психологиялық жан құбылысын, сұлулығы мен сырлы сезіміне қылау түсірілмей, қапысыз бейнеленген тұлғасын тұтастай танимыз. Шындығында да, адалдық пен әділдікті пір тұтқанын Досан Жанботаның шоқырақсыз шұрайлы тілі шынайы, мөлдірете жеткізген. Оның серіге лайық қасиетін Досан мырза: «Жұматай бабаларынан мұраға қалған сол серіліктің ХХ ғасырдағы мөлдір бұлақтарының бірі әрі бірегейі. Өзін қоршаған әлемнің тұманданғанына, кірленгеніне төзбейді» десе, Жұматайдың рухани әлеміне бойлай келіп: «Ол жыр болып буырқанды. Қаншама күліп жалған пәниді жалпағынан басып жүрсе де, күй болып күңіренгенін» асау қаны басына шаба күрсіне еске алады. Көзі өткір, көңілі таза, жүрегі құнарлы, жақсыға ауызданған жастың, бұл дегеніңіз, асыра мақтамай, жөнсіз мадақтамай барды барынша қабылдауы. Жұматайдың екінші бір «Жыр қағанатының» мүшесі Қанат Тілеухан естелігін былайша өрбітіпті: «Бар-жоғы қырық бес жыл өмір сүрген ақын, ғажап өлеңдерін айтпағанның өзінде, артына аңыз боларлық өнеге қалдырды. «Жыр қағанатын» құрды. Көктем келісімен қойнауына мал толған Сарноқайына аттанып, Кенежиренін баптады. Қазмойын домбырасының шанағынан «Ләйлә келген» күйін төгіп, Ләйләсін жалауы жығылғанша жырлаумен болды. Бұл фәниден тақымы кеппей суыт өтіп кетті» – деп күрсінеді. Мұнда да «азып-тозып», «жұмыссыз жүрген», жөнсіз қудаланған ақынды көрмейсіз. Кеңес өкіметі кезінде ақын-жазушы еңбек етсе де, таза шығармашылық жұмыспен айналысқысы келсе де, ешкім көлденең тұрмаған. Әдеби қордан көмек алып, бала-шағасының нәпақасын айырып, алаңсыз қаламның қимылын баққан. Қатарлас таланттар соны ескеріп, сүйікті ақынының сүйкімді істерін саралап береді, біз олардың ұлттық-интеллектуалдық мінез-құлқы дұрыс қалыптасқанына көңіліміз көншиді.
Тәрбие деген салт-сана, әдет-ғұрып, ұлттық дәстүрге, тәңірге, наным-сенімге, ата-анадан дарыған қанына сіңген құлқы мен ниетіне, арға, ұятқа, намысқа, қоршаған ортаның ұстанымы, үрдісіне қатысты. Әрбір индивидте этноұлттық өзіндік ерекшеліктері, философиялық дүниетанымы мен психологиялық құбылысы берік орын тебеді. Жұматайдың жырларында оның бала шағынан дана шағына дейінгі өмірбаяны сайрап жатыр. Дана халқымыз ұлылықтың бойында да «ұлы пенделік» жататынын теріске шығармайды. Жұматай сонау сәби шағынан өз бойында балалық бал дәуреннің қылықтары, жасөспірім шақтың еркелігі мен тентек, қиқарлығы, жігіттік шақтың тұсау үзіп, шідерге шамырқанар асаулығын, өзімшілдігін бастан кешіргенін бүкпей, оқырманына өрісін жайып салады:
Жұмағұл – Шора – азан сап қойылғаны,
Мейірімін шешем қосып ойындағы.
Жұматай деп атады. Кейін қыздар,
Осы атты керемет деп мойындады.
Көшеде жүйрік шыбық алып қашып,
Мектепте күс-күс қолмен Әліппе ашып.
Қара жол, бау-бақшада шықтым содан,
Көрнекті сотанақ боп қалыптасып.
Иә, «қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым» демекші, қай ана шаранасын жарып шыққан балапанын аялап, мәпелемесін, еркелетіп жүрегіне жақын атын қоймасын. Зеренің сүйікті немересі Ибраһимді – Абай, Айғаным немересі Мұхаммедханафияны – Шоқан деп атап кеткені тәрізді, шешесі Жұмағұл – Шораны еркелетіп Жұматай атауы, кейде ойынға беріліп, қайда жүргенінен көз жазып қалған анасы «Жүкәлайлап» шақыратыны да сыбызғының күйіндей жылы қабылданады. Ащы ішектей шұбатылған аттан гөрі айтуға ықшам, күміс қасықтай сыңғырлап тұрған әсем әуезді есімінің өзіне ғана емес қыздарға да жағымды, сұлу ныспы екенін ақын әзілге бөлей жырлайды. Жұматай есімі Жақыпбаевке тек үздік жетістіктер әкелгенін ақын:
Осы атпен бас бұзардан боксшы боп,
Ақ шаршы рингке де шықтым кейін.
...Аңдамай ғашық болып, сол атыма,
Бір сұлу қыздың да аты қосақталды.
...Ат бапкер, алаяқ ат иесі боп,
Жас пері, жаңа күйші ретінде.
...Жиреннің қай күліктен атағы кем,
Көкпарда көзсіз болу қате білем.
Үш қабат үйдей тастан ат секіріп,
«Жұматай ажалсыз» деп атанып ем, – деген жолдармен оның шаршы топта жеңімпаз боксшы, қылықты қыз сүйген өнерлі бозбала, ат жалында ойнаған шабандоз, жүйрік ат баптаған бапкер, жүрек жұтқан тұлпар мініп, ту ұстаған батырға тән қасиеттері сараланады. Арыстанның абаданындай үш қабат тастан атын секірту де жігіттің жампозына тән ірілік есептелінбек. Замандастары Жұматайды әрі боксшы, атбегі, көкбаршы, шабандоз, ақын, күйші, биші, сырнайшы т.б. өнердің қамшы салдырмас жүйрігі ретінде танып, құрметтеген. Өзінің қазақы қара домбыраның киесі қонған өнерпаз екенін ақын өзі де мойындаған:
Домбырадан неше түрлі күй білем,
Бәйгеге де басты содан көп тігем.
Атығайдың құласындай жүйрік ем,
Адайлардың қылышындай өткір ем...
Иә, сол өткірлік, жүйріктік оған қонбай қоймаған. Шашасына шаң жұқпайтын желаяқтық қойсын ба, «Ләйлә келген», «Зайда көрген», «Қажытай», «Жұматайдың жұпбасары» атты «шоқтай маздап, оттай лаулап, жалын тілеп, сыртқа бұлқынған» (М. Ершу) сырлы күйлерді кейінгілерге тастап кетті. Ол күйлер тереңдігі, сұлулық, сыршылдығы, шұғылалы сезім, қою бояуы, өзіндік өрнегімен тыңдағанды қилы ой сілеміне салып, күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан бездіреді. Жас кезінен тепсе темір үзіп, бұлқынса бұлтқа жететін ол ерекше мінездің адамы болғаны талас тудырмайды:
Сараң да малын алдырған,
Сайраған кезде жүрегім.
Шөлде де шөлін қандырған,
Жыңғылға тартқан ұл едім, – дейді.
Досқа да, қасқа да сезімін бекем ұстап, адал жүрегін тосатын дарқан Жұматай сараңды Атымтай етіп, жүдеп-жадаған аш – арықтың шөлдесе сусыны, тоңса тоны бола білген мырзалығынан жаңылмаған. Сөзіне қарап кісіні алып, озбыр, кеудемсоқ, жылпостарды қылығынан танып, төңірегіне жолатпай, жылы қабақпен шапшаң «жолға салып жіберуге» тырысқан жайсаңдығы да бітімін асқақтата түскен:
Озбырлар алса бетімнен,
Жымию болды мұратым.
Ол кезде шырша секілді ем,
Көгеріп-көктеп тұратын.
Иә, «мал аласы – сыртында, адам аласы – ішінде». Кімді-кім танып біліпті? Әдебиет – адамтану өнері. Сол өнердің зергері кімге қандай қатынас жасау құралын меңгермесе, құны көк тиын ғой. Жұматай – ол жағынан мәтіби. Ит қапты екен деп итті қапса, аузында не қасиет қалмақ. Керісінше, итке қаптырмаудың амалын тапқан, аязды көктемімен еріткен, шыршадай мәңгі жасыл жасампаз құдіретімен иіткен ұтпақ. Адамның бойында кісілік қасиеттердің өркен жаюы қашан да оның айдынын асырып, әрбір қылығынан көрініп отырмақ:
Бокста көзін ісіріп,
Қойғанда достың не түрлі.
Бетіне бастым қысылып,
Аққұлақ қылып бетімді...
Жұмайтай жас кезінде ауыл балаларымен бокс секциясына қатысып, спорттың ауыр түрімен етін жырта, терге малшына шұғылданғаны мәлім. Демек, Жұматай балғын шағынан «кішілігімен іріленуді», «кісілігімен тұлғалануды» тіршілігінің айнымас берік өлшемі еткенін аңғарамыз. Жастықтың сыртқа тепсініп тұрған астамшылығына, бой алдырмаған.
Ақынның поэзиясы – оның өмірінің шежіресі. Жұматай – бар өнер бойына дарыған, тал бойын барынша күтіп ұстайтын, табиғаттың сұңғыла мінезі болмысына берік сіңген сері жігіт. Жастайынан поэзияға құштарлықтан оның Сегіз сері, Нияз сері, Құлман сері, Дүйсен сері, Ақан сері тәрізді ол да өз ортасында «күнде думан жүрген жері» болғанын байыптау қиынға түспейді. Сол серілік оған «сары алтынның буынан» жаралған жырлар жазуға, әсемдікті ерте сезініп, «өткір күй, жалынды күй жан қояр ма, түлкіге ұмтылмас па тағы тазы» (І. Жансүгіров), «Көргенде сұлу әйел есім қалмас, жігіттік бойымдағы кінәм сол-ақ» (Балуан Шолақ) демекші, ол қызға ерте қырындай бастаған:
Сүт иісің бұрқырап,
Жүлгеше ерке жүр кейін.
Жүрегімді жыртып ап,
Кебісіңді сүртейін, – деп – алғашқы уыз махаббаттың» азабына езіледі. Ешкім қолданбаған сөз тіркестерін еркін қолданып, өлең өрнегін байытып, жетілдіре, ұлттық сезімге лайықтап, тамсандыратын деңгейге жеткізген. «Жүрегімді жыртып ап, кебісіңді сүртейін» деп өбектеген бозбала қандай тапқыр, шешен, иманнан жаратылған, сүттей таза жан ғой. Шынайы ойда желбуаз көпірме сөз болмайды. Сөзбен келістіріп айту, зергер соққан дүние осындай болмақ. Осы шумақты оқыған адам өзегіне от түсіп, жігітке арбалып қалары сөзсіз. Ол қызға қашан ғашық болғанын «Сұлулық тәңірі» өлеңінде сырына былайша ортақтастырады:
Қырық күн шілде – арық пен атыз кешеміз,
Қоңыр лай судан рахат басқа тілемей.
Қашсаң да болмай жатарда жуып шешеміз
Жарылған қолға жағатын еді кілегей, – дейді. Бұл – ауыл балалары біздердің басымыздан кешкен ортақ жай. Байқұс анамыздың үй қарасын көрмей, егінінің шөбін шөптеп оралғаннан кейін ойынның жағын айырып, үйге зорлап енгізген «бұзығына жасайтын емі». Ана үшін баласы әлі «бесіктен белі шықпаған жас». Ал сол «бесіктен белі шықпағанның» көзі неде, көңілі қайда екеніне назар аударайықшы:
Бесінде мүлдем бақ тілеулері басқа боп,
Боқмұрын бізді ортақ та етпей назына.
Қыз, жігіт біткен ойнайтын еді қашпа доп,
Аржағы пішен Алмабай атаң сазына, – дегенінен біз қыз, жігіттер қашпа допты Алмабай қария үйінің жанындағы сазда ойнайтынына емес, неге жастар біткен қашпа допты басқа жерде ойнамай, Алмабай сазында ойнайтынына назар аудартады. Алмабай да, әйелі де қатал. Қызы – Гүлбаршынды үйінен қарыс адым шығармайды. Сондықтан осы ауылдағы ең сұлу Гүлбаршын қызды жігіт біткен бір көру арман боп, ойынды сылтауратып осында жиналуға ынтық. Жігіт біткеннің оны құлай сүйіп, құлдық ұратынын, аяғын құшуға бар екенін ақын:
Құлашы ұзын бір мерген жігіт жоқ па әлі,
Ойыны қанбас осынау топтың ішінде.
Гүлбаршын қызға тимейтін еді доп – тағы,
Тимей ме жүн доп көйлегі жібек мүсінге, – деп әзілдей отырып, жұлдызды аспан аунайтын, қара тас лаулайтын құдіретіне сізді де ортақтастырып, езуіңізді жиыртады. «Боқмұрын» Жұматай да жігіттерден қалыспай, «доп тимейтін көйлегі жібек мүсіннен» көзін айырмай, әлде, бір жұмбақ сезімге арбалғанын:
«Жүкәләй – а – аулап» шақырып
шешем жатса да,
Табылып ғажап көлеңке, жайлы бір арық.
«Гүл-бар-шын» деп мен күнбағыс өскен
бақшада
Жаттым-ау бір күн жұртта жоқ сөздер
шығарып.
...Лап ете қалар махаббаты
бар жаныңның,
Әлі де сәби әскере тентек сол ақын.
О, менің алғаш сұлулық тәңірін тануым,
Қағаздан қара танудан бұрын болатын, – деп сыйқырлы сезім оны сәби кезінде тапқанын мойындатады. Балауса Жұматай ғашықтық азабын «қара танудан» бұрын танығанына иланбағанымызбен, сұлулық кімде-кімді де жайбарақат қалдырмаса керек, Гүлбаршынға оның «күюі мен сүюі» жай балалық қызығушылық. Мұнда иіп әкеліп қиыстырған, бұрап апарып байланыстырған ештеңе жоқ, бәрі табиғи. Әсіресе, бұл жырды оқып отырғанда, бабына жетіп, шабыты оянып, балқып, толқыған күйшінің қолындағы шешен домбырадан даланың бояуы көзді арбаған қоңыр күйлерді тыңдағандай әсерге бөленесіз. Жігіттің жігітінің басты байлығы, бары саналатын осылардың басында адал жар тұратыны әлмисақтан аян. Жұматайдың да басты байлығы, музасы әйел болғанын ол:
Туса да ол қандай кезде, қай елде,
Болса да оның жағдайы өзге, жайы өзге.
Адамзаттың ең алғашқы ақыны,
Тұңғыш жырын жазған шығар әйелге.
«Керегі жоқ, керегі жоқ» дегенмен,
Ол қоштасып бара жатты өлеңмен.
Ең соңғы ақын ең соңғы сол өлеңін
Әйелдерге арнарына сенем мен, – деп ақынның, нар жігіттің рухани және поэтикалық сыйынары һәм сүйсінері әйел екенін, тұңғыш жырдың да, соңғы демің кеудеңнен шығардағы ақырғы жырың, қимас сезімің соған арналарын Жұматай дәл байыптаған.
Шабыты мен шалымы үйлескен кәусар жырларды Жұматай жұбайы Зайдаға да аз арнамаған. Бір мекемеде қатар қызмет істейтін, өзі де ақын қызды кейде бірер күн көрмей қалғанда Жұматайдың «жаны шырқырап», ет-жүрегі езіліп, өзін қоярға жер таппай аласұрғанын:
Кеше, арғы күн сәуле, нұрсыз бірге өлді,
Дүйсенбі кеп дүн-дүние түрленді.
Тек сенбі мен жексенбіні жек көрем,
Сені маған көрсетпейтін күндерді, – деген жолдардан көп нәрсе қылаң береді. Заты, мекеме сенбі, жексенбі күндерінде істемегенде көз салып жүрген аруынан екі күн қара үзіп қалып, екі ай жоғалтқандай «шала бүлінеді». Ал дүйсенбі күні қыз төбесін көрсеткенде «дүн-дүниесі түрленіп», бағында бұлбұл құйқылжиды. Сол айтуға тілі жетпейтін «жетіскен шағын» ақын былайша толғайды:
Мен нәзікпін, мызғымастай ер емен,
Құлағына кірмейді елдің ұраны.
Баяғыда-ақ мен атылып өлер ем,
Сені көргім келеді де тұрады.
Лирикалық кейіпкер сүйгеніне еркелеп, назын айтады. Мұнда әбжілдік, әзәзілдік те, қарадүрсін дүмшелік те жоқ, момын, сыртқа сырын шығара алмайтын біртоға жігіттің имандай сыры жатыр. Ол қаншама сыр айтуға үркек көрінгенімен, сүйгені төңірегіндегі алып-қашпа «өсекке» сенуден, иланудан қалған. Әзірге оны бетінен қайтарар күш, «ұран» жоқ. Нағыз махаббаттың формуласы осылай көңілге тоқылмақ. Керек десеңіз, ғашықтық жеңген лирикалық қаһарман өзін көңілі кеткен аруынан төмен санауға да қорланбайды:
Құда, яки алашша айтсақ, Құдайдың
Құрметінен құр қалғанға жылаймын.
Сен әулие бұлақтайын мөлдірсің,
Қақтан таяз, шалшық түбі-лаймын...
Көзімен көріп жүрген қыздары мен жігіттері шапшаң табысып, өбісіп жатады. Бұл «құдайдың құрметінен құр қалып, ұнатқан аруының назарына көптен бері ілікпей құр сүлдері қалған. Өзін «әулие бұлақ» шошынатын «лайдай» сезінеді. Әйтсе де оқырман аруға «кіжінбей», ірілік танытқан жанның табиғи бітісінде өрлік, тапқырлық, батылдық барына күмәнданбайды.
Жұматай ешқашан махаббат сезімін қорлаған, аяғымен таптаған «сорлыларды» кешпейді, ондай қаныпезерді түптің-түбінде киесі соқпай қоймайтынын, оның аты қалай аталатынын жұлын-жүйкесін инемен шабақтай отырып жеткізе жырлайды:
Адам емес, тіпті, кейде аңдай боп,
Қанша қызды жұмарладым қалмай көп –
Өз жерінен бақыт таппай жат жерді,
Тонап жатқан жат ниетті жаудай боп...
Сыйқырлы сөз, аяр әрекетпен, түлкідей жүз құбылған кейіппен алаңсыз көңіл, тұнық сезімді жасты арбап, қақпанына түсіретін қабыландарды шеней отырып, оларды қан тілеп, қандықасапты аңсаған жаны ашымас жат ниетті жауға теңейді. Шындығында да, ол арын төгіп қорлағаны – бөтені емес, түптеп келгенде, қарындасы, өз ары ғой. Ашкөздік, нәпсіқұмарлық есінен айырып, адам қоғамын тоздырып, азғындауға құлдырататынын жетесіне жеткізеді. Махаббат жолында өміріңді өзгерту – нағыз ерлердің пешенесіне бұйырған ерлік екенін дәріптейді.
Сол ерлікке ерлікпен жауап беретін әйел – үйіңің шырағы, бірліктің тірегі, жақсылықтың ұйытқысы, көктемің мен жазың, мамығын төккен ұяң. Демек, жақсы әйел – өміріңнің тұрағы, көңіліңнің пырағы. Жұматай «Шілде» атты өлеңінде ауылдың талбесігінен шыққан, еңбек тәрбиесін жете игерген, ана сабағын алып, ауыл тәлімін көріп өскен Зайдасының өз отбасындағы жарға-анаға тән істері мен мінез-құлқын санамалап, өлең жолдарында келістіре өріп, басқаларға отбасы ынтымағының әліппесін ұсынады:
Ілезде ыдысыңның жартысы кем,
Жігіттің өтіп жатыр бал тісінен.
Көңілімді таппақ болып жүрсің, жаным,
Көршінің шұбат тасып банкісімен...
Мұнда Зайданың жасаған дәмі тілді үйіріп, күйеуінің тәбетін ашып, табағы лезде «тазаланып» шығатын аспазшылығы мадақталады. Қосағының ішкен асы бойына сіңіп, жақсы қорытылуын ойлаған әйел өздерінде жоқ шұбатты көршісінен тасып, отағасының қамын жеуден ләззат алатын тым елгезек-ақ. Ақылды әйелге сүйгеніне қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Күйеуінің ықыласына бөленген сайын оның өнері гүл ашып, екпініне екпін қосыла түспек:
Ұн әкеп қол батырып тағы нанға,
Түрің жоқ, ренжірге жағынарға
Әніңді қоса созып ащы ішекше,
Шұбалтып кірістің бе лағманға.
Қала ғой, қара, олар қайда мұнда,
Жоқ бүгін жас бауырсақ қаймағың да,
Астан соң қосылып бір күле ішетін
Ойлайсың қызыл күрең шай қамын да.
Қойдың сен бақ аралап гүл көруді,
Бас мешкей тойғыза алмай күнде қуды.
Жиналса аяқ-табақ, сөз ойлайсың,
Газетке жазу жазып үлгеруге.
Жырдың әр жолына үңілсеңіз, елгезек, әмбебап, жаратылысы бөлек әйел затының өз міндетіне, тағдыры телінген шаңырағына адалдық лебі есіп қоя береді. Әлгінде сыңарын тойдырып, шөлін қандырған отанасы енді нанын илеп, келесі астың қамымен лағманын созып жатыр, көңіл-күйі жоғары. Арасында уақыт тауып қызыл күрең бауырсағын да пісіріп, қаймақ қатқан күрең шәйін бабымен дәмдеп, жұбайының бабын табуға жанын сала кірісіп, тамағымен бірге қабағын да беріп, отауының отын маздатып жағуда. Жұматай марқұмның өзіндік мінезі жетіп артылғанына көптеп мысал келтіруге болады:
Артылмай жақсылығым бір өзімнен,
Кезім бұл жүз егіліп, мың езілген.
Таланыма табысым пар келмеуін
Табам-ау баяғы тік мінезімнен...
Өмірден баяғыда озған сұңқар ақын жайлы көз көрмегеннен кейін бойына олқы түсер инаяттауларды үйіп-төгу имандылыққа қайшы. Өзі мойындайтындай «Күледі ел маған, күледі жақсы соң күлген, еркек боп тусам, ерітсем дедім тоңды үнмен. Әдебиет деген әлемге қажет шаруаның, археологы да, геологы да болдым мен» деп жүріп, негізгі қызметі ақсап, басшылығы тарапынан ескертуді көбірек естіген болу керек. Оның үстіне өнер өрісінде өз отауын тігіп үлгерген, халық қошеметіне бөленген, кеңінен танылған талантты өзімшілдігі жеңе бастаған сәтте өзіне талап қоюшылардың пиғылын «кір көңіл, сарайының батпағы бар» (І. Жансүгіров) әділетсіздік сезініп, тік мінез көрсетті ме екен, кім біліпті?... Қормалды қара сабаң болмаған соң, қызмет істейтін, бала-шағаңның нәпақасын айырып отырған мекеменің де қас-қабағын баққан жөн. Жұмекеңнен ондай иіліп, бүгілушілік, қоғамның қасаң талабын мойындаушылық табыла бермегенін зайыбы З. Елғондинова да бүкпей: «Жұматай көктем келсе, үйге сыймайтын. Қызметке баруды да қоятын, үйге де келуді қоятын. Анда-санда «мен тірімін, уайымдама, күніңді көр бәйбіше», – деп сәл шаршаған қарлығыңқы дауыспен телефон шалатын». Мұндай жағдайда кімнің «таланына табысы пар келмек». Кеңсесінің қасаң тәртібі әдебиеттің «археологы мен геологіне» сұлу мінез, сырбаз қылып көрсетіп, сырлы сөздің иесі боп жүруіне жасыл көше ашпасына түсіністікпен қарамау орынсыз. Жұматай Жақыпбаевтың қызмет бабындағы еркіндігі мен еркелігі, денсаулығына мән бермейтін немқұрайлылығы жанашырларын қынжылтпай қоймаған. «Жалын» журналының редакторы, үлкен ақынымыз Тұманбай Молдағалиев бөлім меңгерушісі, «Жыр қағаны» поэзиялық клубының жетекшісі Жұматайға бірде: «Сен қазақтың болашақ ұлы ақындарының бірісің, ойлан Жұмаш, денсаулығыңды сақта», – деп өзі талантына сүйсінетін інісіне ескертудей ескерткен. Амал не, еркелігі жеңген ол «Көктем келсе мас болатын таулардың, мінезі бар менің нәзік кеудемде» деп жүре тыңдаған тәрізді. Жұматай жайлы естеліктерді оқып отырсаңыз, ұяң, биязы, ибалы, ар-ұятқа бекем, әйелдік абырой-мәртебесі жоғары Зайданы да көп мойындай бермегені байқалады. Үйленгеннен кейін ол да ақын емес пе, тосын шабыт буып жылы төсектен жазу үстеліне жайғасқан келіншек күйеуінің қаламымен мезгілсіз келген ойларын ақ қағазға қондырса керек. Соны сезіп қалған Жұматай:
Қосқанмен қоналқаға иістерді,
Қылығың қазақтыққа қиыс келді.
Атына ер-жігіттің мінбейді әйел,
Қарағым, қаламыма тиіспе енді, – деп үстел үстіндегі бір парақ қағазға жазып кетіпті. «Қосқанмен қоналқаға иістерді» деген сөз, әрине, әйел баласына, онда да екі жарты бір бүтін боп қосылған ерлі-зайыптыларға тым ауыр сөз. Жұмекең Зайданың «шынжырына» мойнын ұсыну былай тұрсын, еріксіз дайын қаламын ұстағанын кешпей, «кектеніпті». Ал осы Зайдасының журналда жарияланған махаббат тақырыбына жазған топтама өлеңдерін оқығанда:
Жаныма жақпай тұр-ау батыл ісің,
Сен енді қазақ совет ақынысың.
Махаббат жайлы өлең жазба, Зайда,
Түсінсең, Жұматайдың жақынысың, – деп тағы да үстелдің үстіне бір шумақ өлең жазып тастап кетіпті. Байыптап оқыған адамға «Түсінсең, Жұматайдың жақынысың» деген тіркес нанға ине шаншып бергендей денеңді тітіркендіреді. Бәлкім, «жақынысың» алғы «ақынысың», «батыл ісіңе» ұйқас үшін алынғандай, бірақ мағынасы солғын, орнын таппай тұрған кекесінді сөздей қабылданады. Құдай қосқан қосағы – заңды әйелін қазақ «жақыным» демейді. Керісінше, ол алғы ұйқастарға шегеленіп келіп ұйқасатын, мағынасы толық «қатынысың» деген сөзді қолданса, Зайда жымың етіп, еміренері хақ. Сөз сөзді тудырып, кекесін кекті өршітеді екен, Зайда ақын Жұматай сілтеген қылышқа шоқпарын жұмсапты:
Жүректі жылу аңсап шықты сонша ән,
Қаламын тастамайды құтты ханшаң.
Махаббат жайлы өлең жаза берем,
Өзіңе ғашық қылғын мықты болсаң, – деп бұл да Жұматайдың қаншалықты «жақыны» екенін ескертіп, жауап жазып кеткен. «Сәлемхатты» оқыған Жұмекең Зайдаға 2 – 3 күн тіл-жақтан қалыпты. Бұлар жалпының назарына ұсынбайтын альбомдық, әзіл-қалжың сықпытындағы дүниелер саналғанымен, артында қалған әдеби мұра ғой. Сондықтан оларды байыптай отырып, біз Жұматай мен Зайда арасындағы отбасылық ынтымақ Қабдеш Жұмаділов ағамыз шошына жазатындай, онша ұйып тұрмағанын шамалаймыз. Әдебиет тарихынан мәлім, ерлі-зайыпты Н. Гумилев пен Анна Ахматова екеуі де – орыс халқының жампоз ақындары. Анна Ахматованың махаббат тақырыбына жазған өлеңдерін күйеуі оқып, езуінен сілекейі шұбырып: «Мен енді сен тұрғанда махаббат лирикасын жазуға хақым жоқ», – деп мойындап, тілі жеткенше мақтаған ғой. Тағдыры ортақ, ой-арманы, мұңы ортақ адамдардың жүре келе іргесі жараспай, пікірі үйлеспей, бір-біріне қойнында тас жасыруы – олардың түбі басы бірікпейтіндігінің кепілі. Басын біріктірмейтін, іргесін сөгетін жеті күнә: күншілдік, қызғаншақтық, тәкаппарлық, ашушаң-ызақорлық, жалқаулық, қанағатсыздық, сезім құштарлығы. Жоғарыдағы Жұматай мен Зайданың өзара «сайысатын» альбомдық жырлары, бізше, қызғаншақтық сезімдерінің ашушаңдық пен ызақорлыққа ұласқан формасы. Бір қарағанда қылжақ-әзілдей сезілгенімен, астарын бақсаң, зілқара тастай еңсеңді жаншиды. С. Мәуленов айтпақшы «Күлкілерде тұрғандай уақыт күліп, күлкілерде тұрғандай бақыттылық. Бірақ, бірақ, күлкі бар көлгірситін, Адам ұлын дарға асып, атып тұрып». Жұматай «жарымның» орнына «жақыным», Зайданың өзін «құтты ханшаңмын» деп «тепсініп»: «Махаббат жайлы өлең жаза берем, өзіңе ғашық қылғын мықты болсаң», – деуі көкірегі сараға талай сары тап сырдың кілтін ұстатып тұр. Бірақ мұны сырқат санадан шыққан кеселді пікірлер қатарына қосу да орынды бола бермейді. Қазіргіні, өткенді де таразыласаң, Зайда мен Жұматайдың бұл қылықтарын екі айырылар өзенге, күю, сүю сезімінен айырылған жандарға санай алмайсыз. Өйткені, «Көз соқырынан көңіл соқыры жаман. Көз көре алмағанды көңіл көреді, көңіл көре алмағанды көз көре алмайды» (Ғ. Мұстафин). Көңілі көреген Жұматай өзі жайылған өрісін аяусыз таптап, былғаудың соңы зерек ақылға жеңдіріп, өз көкірегіңе, өз жүрегіңе ерік бермесең, жер қаптырарын шапшаң сезініп, қосағымен арадағы салқын көзқарасты жуып-шаятын жұпар иісті жыр бұлағының бөгесінін ашып қоя береді:
Құдай дана қиыстырған қиыннан,
Сен бір әнсің қасы-көзі қиылған.
Аппағым-ай, саған айтар сөздерім,
Ауызыма бір түспей қойды-ау миымнан.
Сенде де бар, менде де бар бір өкпе,
(Өмір-еке, оны ешқашан жүдетпе).
Сені көрсем, көзге айналдым тойымсыз,
Тұла бойым айналады жүрекке...
Осылайша Жұматай өкпеге қиса да, өлімге қимайтын «Аппағына» базынасын, көңіл кірбіңін ақтарып, өзінің әнінен жаңылмайтынын, қарауға көзі талып көрмегенін, жүрегі тек Зайда деп соғатынын тереңінен толғап, көңілінің кірін жуып, бұлттан шыққан күндей балқытады... Биік мәдениет әйелге деген көзқарастан айқын аңғарылмақ. Демек, жоғарыдағы пікірлерді түйіндей келсек, Жұматайдың отбасында да кәдімгі пенделердей аяқ-табақ шылдырлап, кейде ол көп-көрім ұрыс-керіске ұласып, ауа-райы біраз бұзылғанымен, ақынның ақылы алдында, ашуы артында жүретіндіктен, «сүт иісі бұрқыраған» сүйгеніне кек сақтамай, шапшаң тіл табысуға тырысқан.
Жұматайдың өмірбаяны жағынан да, психологиялық сезім күйі жағынан да өсуге, толысып-есеюге, қияға шығуға табиғаты бейім. Өйткені ол:
Жүрдім мен көгілдір ауылымда,
Тағдырға, өмірге аз өкпем.
Қойды да бақтым мен тау, құмда
Ойды да бақтым мен газетте, – десе имандай сырын ақтарғаны. Ол – жалқау, біреудің есебінен күн көріп, ауырдың үсті, жеңілдің астымен нанын тауып жеп жүрген жылпос, сұғанақ, былық дүниеге бойлап сіңіп кетіп, өзін-өзі суырып ала алмай адасқан бозөкпе емес, нағыз ауылдың отымен кіріп, күлімен шыққан, көгілдір табиғаттың құшағын сүйетін, қырық құбылған қылығына сырмінез, аспанның төсін арда емген шыңдарына ғашық қорғасын бұлттарды сапырған қыран, қойын қайырып, еңбекке ерте араласқан, «газетте ой бағып», саусағын қаламы сүйелдеген журналист. «Әлдекімдер сияқты айқайламай-ақ, кеуде қақпай-ақ, өзінің биязы мінезімен, сыпайы жымиысымен, мұртынан күліп, сәл-пәл қарлығыңқы даусымен ешкімнің бетіне жел боп тимей, жарасымды әзілмен саңыраудың құлағын ашып», «мылқауға тіл бітіретін» жаңашыл, реформатор ақынды «ортасына сыймайды, қызметтен кетті» деу шындыққа жанаспайды. Керісінше, байқалып үлгермеген қырлары жетіп-артылатын хас талантты халқы алақанында әлпештеудің таңы сібірлеп ата қоймағанына, Зайдасы болса бүгін «таппадым аққу мінез ақын жігіт, саған тең келетінді жер бетінен» деп жар төсегінде аласұрса, сенеміз. Асылы, көзі жоқ Жұматайдың төңірегіндегі піш-піштер ойдан шығарылған, бәлкім, әлдекімдердің өзін аспандатып, аспандағыны жер бауырлатуға тырысатын эгоизмнің сарқытына балау жөнге саяды. Тегі, «ұлылыққа» ұмтылғандар алды-артын қырып-жойып жүретін әдеті. Жорға мен жортақтарды айыра білген, қадіріне жеткен адаспайды. Жұматай – жаратушы таудай талап, ұлы арман берген, халқының озық қасиеттерінен нәр алған, кең тынысты, көңілі таза, жүрегі үлкен талант. Абзалы, отындық ағаштан оқтық мүсін боп жаратылғанын уақытында танып үлгермедік. «Ауылдың суына сүрініп, отына оралып өскен» жас, ерлі-зайыптық қатынастан тәжірибесі тапшы Зайда да кезінде салқын ақылдың тезінен өткізбей «айдың арғы бетіндегі Жұмбақты» кеш шешіпті. Оны Зайданың өзі:
Сенің жүзің қандай еді нұр ма еді,
Еліктірген жырдың ғажап дүрмегі.
Сонша азап шегерімді білмедім,
Алып кетті-ау, бір арудың бір меңі, – деп көзінен жас парлап отырып мойындайтындай. Халық – екеш ол да өзің сүйгенге емес, өзіңді сүйгенге қосылуға кеңес беруі өмір бойы шегер «азаптан» азат етуге меңзегені шығар, кім біліпті?.. Демек, Жұматайынан ерте айрылып, ерте қара жамылып қалған қаралы Зайда кейіннен сүйгенінен мезгілсіз көз жазып қалуының себебін былайша «қиялына» сыйдырады:
Бақыт кештің бақ келбеті, не түрлі,
Армандарың ақ қайың боп жетілді.
Сарноқайда, салқын кеште, ақ үйде
Аяғыңды Ләйлә сипап отырды...
Иә, Зайда Жұматайды барынша сүйіп қосылғанымен, жұбайының жүрегін «тарыдай меңі бар» қыз біржола жаулап алып, «таба алмай қойған бақытына айналды». Ешкімге иіліп көрмеген асау ақынның дулығаға сыймас басы мәңгіріп, аңыз-қиссадағы Мәжнүн емес, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған, орындалмайтын, қол жетпейтін ғашықтық сезімнің мына өмірде жер басып жүрген шынайы Мәжнүні – Жұматайы боп шықты. «Сенсіз маған жат төсек, болар бейне көрмен тең» (Абай) дейтіндей деңгейге жетті. Жүректен төгілген лағыл жырлары да сол қасына барса сөз айтуға батпайтын, қарасы үзілсе жоқтайтын Ләйләға арналып жатты. Бірақ сөйтіп жүріп Ләйләні жоғалтып алған «ауру жүрек» Зайдаға қосылған соң «дертінен» айыға ма деп еді, ол онан сайын қоздай түсті. Өйткені: «Ғашықтық келсе жеңер бойыңды алып, жүдетер безгек ауру сықылданып. Тұла-бойы тоңар, суыр, үміт үзсе, дәмеленсе, өртенер күйіп – жанып». (Абай). Сол ғашықтық ақыры Жұматайды «күйдіріп-жандырып, өртеп жіберді»...
Ол да тірі адам емес пе, күйеуі басқа қыздың атын атап, іштей сонымен бірге өмір сүріп, жырларын ашық бұрқыратып жазып жатуы – «әуре-сарсаңға» салғаны рас. Біраз «қарсылық» көрсеткенін жоғарыда айттық. Алайда, Жұматайынан айырылып, жалғыздық тақсыретін тартқан жас келіншек, онда да арқалы ақын, оны аман алып қалудың қандай амалы бар еді деп оңаша ойлағанда, оның «емі» біреу ғана боп шықты. Ол – Жұматай мен Ләйләнің қосылуы екеніне еш күмәні қалмаған. Мұның қасында Лашынға Мұқағалидың: «Іздесең қателік көп менде, сен бірақ түңілме, жек көрме! Лайсаң жауындар, дауылдар, болмай ма күн шуақ көктемде», – деуі, немесе Жарасқан Әбдірашевтің із-тозсыз, хабарсыз жоғалып кетіп үйіне оралғанда: «Ат айналып қазығын табады, Жарасқан айналып Нәзігін табады», – деп ақталса, сәл реніштің арты көктемгі жаңбырдай емірендірер сәтке ұласары анық. Өйткені, болмыс-бітіміңнен, көңіл-күйіңнен сағыныштың лебі есіп, қабақ кірбіңің жазылып, жүзіңнен нұр тамып, көкірегіңдегі от лаулап тұрса, жаныңның аптабы нақсүйеріңе жетеріне сөз бар ма?.. Мұнан шығатын қорытынды, ақын бол, басқа бол өмірбаяның мәнді де мағыналы, ғұмырың ұзақ, ішерің шәрбат, еңбегіңнің жемісін көріп, тіршілігіңнің арнасы солмас үшін отбасыңда жұмақ орнататын Ләйләңді асықпай тауып, қызығы мен қылығы, сұлулығы мен сыры, инабаты мен иманы, іңкәрлігі мен құштарлығы күннен-күнге еселеніп, есіңнен тандыра ғашық ететін сол аруыңмен жағың түскенше жамандық көрмей, қос аққудай жарасып өмірден өту бұйырары хақ. Тәттісінен ащысы басым шолақ ғұмыр бұйырған Жұматай «поэзия – адамның рухани тәні» демекші, терең мағыналы, көркемдігі келіскен өлеңдерімен «өзге емес, өз жайын өзі айтып» кеткен.
Тұрсын Сыдықов,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік
университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы.
Бөлісу: