Жұлдыз Бейсек: "Тыңнан жол салуға ұмтылу керек, жас қауырсын..."
Бөлісу:
«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға жас ақын Перизат Жаңғылышбаеваның өлеңдеріне ақын Жұлдыз Бейсектің жазған пікірін ұсынамыз.
Көңілімді көктем лебі тербеуде,
Көктем лебі ән сыйлады әдемі.
Ақтөбеден осы жаққа келгенде,
Жүрегімде бір арманым бар еді!
Бақыт жайлы сұрай-сұрай қыздардан,
Деп ойладым, бар ма әлде сағым ба?
Шын бақытты тапсам деген ізгі арман,
Орындалды сені көрген шағымда!
Өміріме салдың келіп өрнекті,
Жанымды енді сенен басқа кім емдер?
Менің мына жүрегімді көрмепті,
Келбетіме ғашық болған біреулер...
Қателессең көзім көрмей көбісін,
Шарықтасаң шаттануға асықтым.
Сенің өткен өміріңмен жоқ ісім-
Сезім толы жүрегіне ғашықпын!
Сенсіз менің жүрек гүлім солардай,
Өзің барда көңіл – күйім тасқын – ақ,
Біздің мына от сезімді көре алмай,
Арамызды айырмақшы доссымақ.
Адам сырын тек сүйетін жан білер,
Тереңіне үңілген соң жақындап,
Арамызға от салғанда әлгілер -
Сезіміміз маздай түсед(і) лапылдап!
Қара бұлтты алыстаттың түнерген,
Сүйген күні – мына әлемге сыймадым...
Өмірімді әдемі ғып жіберген,
Саған ғашық жүрегіме ризамын!!!
****
Жанымның үні жаңғырып көктен,
Жастықтың ұқтым не екенін!
Жүрегімдегі мәңгілік көктем-
Мәңгілік менің мекенім!
Қанымда жатыр өткірлік менің,
Көңілім шуақ түнекте.
Сезімсіз күнді - бос тірлік дедім,
Өмірім менің- Жүректе!
Қайтер ек, Күн де жанбаса бір күн?
Ойлау да ауыр мұндайды!
Арманың асқақ болмаса, құрбым-
Қалғаны түкке тұрмайды.
Жауқазындарын солдырмағасын,
Қайтеді ғашық уақытты?!
Сезімім шықтай мөлдір болған соң,
Мен сүйген адам бақытты!
Армандар сол бір қаңғырып кеткен,
Алдаса дағы сананы.
Жүрегімдегі мәңгілік көктем,
Мәңгілік болып қалады!
****
Жүрегімде жасырулы қанша мұң,
Үнсіз іздеп, үнсіз ғана аңсадым...
Қоштасып ап табысудан жалығып -
Табысып ап қоштасудан шаршадым!
Таңмен кеште екі көзім сағатта,
Мұндай сәтте қалмайды екен тағат та.
Жабығумен өтіп жатыр әрбір кун,
Сағынумен өтіп жатыр әр апта!
Бүгін бірге, ертең жырақ... Елессің!
Екеумізді бөле берді-ау белес мың,
Мен де сені ұғына алмай жүргендей.
Түсіне алмай жүр ғой қазір мені ешкім...
Өткінші бір сынақ шығар бәлкім бұл,
(Осындайда ақыл айтқыш әркім бір!)
Сағынғанда күннің өзі күңгірттеу,
Кездескенде күннің көзі - алтын нұр!
Ойға мені өзіңдей кім батырсын?
Біресе алыс, біресе тым жақынсың,
...Кеше келіп қуантып ең,
Ал бүгін...
Бүгін... Тағы кетіп бара жатырсың!
****
Сағындың,
Аңсадың,
Жабықтың...
Кінәңнің біразын жаңа ұқтың,
Шуағын аспаннан төксе де,
Бұрынғы күн емес жарық Күн!
Осындай тағдырдың есебі,
Кім оны ұғады, шешеді?
Мінекей: Сен барсың,
Мен бармын,
Бірақ та " Біз " жоқпыз кешегі...
Сағынып жабығып кеткен боп,
Зыр етіп уақыт өткен боп...
Сезімің өшпеген...
Өшпейді! (білемін)
Алайда, кешегі көктем жоқ!
Көктем жоқ...
Көктем жоқ...
****
Көк аспанның түсініп көркем үнің,
Жаның тылсым сырларды шертеді мың.
Бар ғаламның сезгенмен құпиясын,
Ерке қыздың ұқпайсың еркелігін...
Менің сырым кеудемнің тереңінде,
Көңілшек боп барасың неге мүлде?
Біле тұра несіне өкпелейсің,
Сүйе тұра, "сүймеймін" дегенімде!
Жүрген едім тұлғаңа таң сыңар деп,
Жанарына тығылды тамшылар кеп...
Не істесемде ойлашы біздер үшін -
Оның да бір керегі бар шығар деп!
Сезімімді әдемі ізгі ән қылдым,
Құлатсам деп зіл тасын құздан мұңның!
Мен де сені келеді алаңдатқым,
Мен де сені келеді қызғандырғым..!
Мен кінәлі демейік, сен кінәлі...
Шаттығыңды бос күдік кем қылады,
Сене бермей сөзіме әрбір айтқан,
Сенші жарығым, көзіме ендігәрі!
«Шын бақытты тапсам деген ізгі арман,
Орындалды сені көрген шағымда!».
Сезімінің күйін шерте отырып, өзінің ғашықтығын ашық білдіреді. Адал, таңғы шықтай мөлдір махабатына үміт артқан ол, жүрегін тербеген жанды бақытты етеріне сенеді. Көктемі мәңгі көктеп, құлпырып тұратындай күй кешеді.
«Сезімім шықтай мөлдір болған соң,
Мен сүйген адам бақытты!».
Енді бірде сағыныш сазы әлдилеп, тәтті мұң тұңғиығына батырады. Оңаша қалған сәттердегі көңіл күйін де жырына арқау еткен.
«Жабығумен өтіп жатыр әрбір күн,
Сағынумен өтіп жатыр әр апта!»
Дегенмен, өлең деген қасиетті өлкеге үлкен дайындықпен келген абзал. Аға буын өкілдерінің бағасыз байлығын бойыңа сіңіріп, ұлттық топырақтан нәр ала отырып, әлемдік әдебиеттің жауһарларын сүзіп оқып, өз қолтаңбаңды қалдырғанға не жетсін?!.
Жас қалам иесінің өлеңдері төрт аяғын тең басса деген тілек бар. Және сөздерді ұйқас қуалап, мағынасына қарамай қоса беруге болмайтынын ескерткім келеді.
«Қанымда жатыр өткірлік менің,
Көңілім шуақ түнекте», - дегенде көңілін шуаққа балап тұрып, тас қараңғы «түнекте» сөзін қосу қисынсыз. Әр сөздің мағынасын түсініп, жүйесімен жазу керек. Бір өлеңде бір сөзді бірнеше рет қайталау – ақынға абырой әпермейді. Өлеңнен қуат, сөзден шуақ қашады.
«Сағындың,
Аңсадың,
Жабықтың...
Кінәңнің біразын жаңа ұқтың,
Шуағын аспаннан төксе де,
Бұрынғы күн емес жарық Күн!»
Осы өлеңнің соңғы шумағы:
«Сағынып, жабығып кеткен боп,
Зыр етіп уақыт өткен боп
Сезімің өшпеген...
Өшпейді! (білемін)
Алайда, кешегі көктем жоқ!
Көктем жоқ...
Көктем жоқ...» .
Сондай-ақ, артық сөзді қосу – өлеңнің ырғағынан ауытқып кетуіне сеп болып тұр.
Бір-бірімен жымдасып, шалқар шабыттан туған өлеңнен сәуле төгіліп, оқырманын бірден баурап алады.
« Көк аспанның түсініп көркем үнін,
Жаның тылсым сырларды шертеді мың.
Бар ғаламның сезгенмен құпиясын,
Ерке қыздың ұқпайсың еркелігін», - деген шумақ тілге жеңіл орала кетті.
Ақындық – Алланың сыйы. Өлең – тазалық пен мөлдірліктің символы. Арыңның алдында ақ болып, мөлдірлігіңді сақтап, қара өлеңді қадірлеп, тыңнан жол салуға ұмтылу керек, жас қауырсын!
Жұлдыз БЕЙСЕК
Бөлісу: