Әбу-Асқар Мекешұлы. С. Алексиевич Нобельге лайық па?

Бөлісу:

13.10.2015 2859



6fe04e3a99f700b3bdd508805db169ff.jpg

Жуырда Швеция ғылым академиясы Әдебиет саласы бойынша 2015 жылғы Нобель сыйлығын «осы заман адамдарының қайғысы мен ерлігіне сөзден ескерткіш қойған» беларусь жазушысы һәм журналисі Светлана Алексиевичке берді. Бұл туралы барлық жерде жазылды да, айтылды да. Осы оқиғаға байланысты өз ойымен бөліскен әдебиет майталмандары мен журналистика жүйріктері де жоқ емес. Мәселен, белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы: «Бұл жазушының біраз дүниелерімен таныс болғандықтан, оның азаматтық ұстанымына, принципшілдігіне үлкен құрметпен қараймын... Дей тұрсақ та, Светлана Алексиевичке Нобель сыйлығын беруді ұйғарған Швед Академиясының оны осыдан он жыл бұрын беларусь жазушысы Василь Быковқа не себептен бермей қойғаны маған мүлде түсініксіз. Шындыққа жүгінетін болсақ Василь Быков суреткерлік шеберлігі жағынан да, жазушылық таланты жағынан да, шығармашылығының тереңдігі жағынан да Светлана Алексиевичтен анағұрлым биік тұрған қаламгер», - дейді. Ал танымал журналист-ғалым Қуандық Шамахайұлы: «Әдебиет саласы бойынша 2015 жылғы Нобель сыйлығының беларусь журналисі Светлана Алексиевичке берілуі екіұдай ойға жетелейді. Жазушылар тарапынан оған көңіл толмаушылық туындауы кәдік. Оған түсіністікпен қарауға болады. Көркем әдебиеттің шоқтығы қашан да биік әрі ол құдіретті дарын-қабілеттіліктің жемісі. Ақын-жазушы деп аталатын мамандық жоқ, ол кәсіп те емес, жүректың қалауы. Құдай жаратқан дарынды ешбір оқу орны бойыңа сіңіре алмайды. Ал, өз кезегінде журналист де дарыннан кенде емес. Бір ойшылдың: "Журналист дегеніміз роман жазуға уақыты жоқ, бірақ қабілеті зор жазушы" дегені бар. Онымен де санасу керек сияқты. Қалай десек те, аталмыш сыйлықтың журналиске берілуі әлемде әдебиеттің орнын публицистика басып озып келе жатқандай көрініс береді. Шынымен де, оқырман қауым көркемдік шындықтан гөрі шынайы дерекке көбірек ден қойып, журналистика дәуірлеп бара жатқан жоқ па екен», - деген ойға жетелейді.


Не десек те, Светлана Алексиевичті осы бір жетістікке жеткізген деректі проза екені анық. Енді сол «деректі проза деген не?» деген сұраққа сәл кідіре кетейік. Негізі деректі проза немесе деректі әдебиет - сюжет желісі тек қана болған оқиғалардан құрылатын, арасында аздаған әдеби өңдеу болатын әдебиеттің ерекше жанры.


Ол куәгерлердің естеліктері мен құжаттар негізінде жазылады. Сонымен қатар автордың да естеліктері қолданылуы мүмкін. Оның үстіне автордың жеке көзқарасы материалды іріктеуде және құрылымдауда анық көрініп, оқиғаны бағалауға тікелей араласады. Оқырманның патша көңіліне қандай да бір оқиға бұрын айтылып жүрген қырынан мүлде басқа мағынада немесе соны толықтыра баяндалады. Деректі прозада публицистикалық стиль кеңінен қолданылады.


Тағы бір айта кететіні, деректі прозаның журналистикадан, оның ішінде репортаж бен очерктен айырмашылығы – баяндалатын оқиғаның өте үлкен уақыт аралығын және кең ауқымды қамтуы. Сонымен қатар, деректі прозаны ғылыми-тарихи зерттеулерден айырып алатын тағы бір қыры – оқиғаның жарқын да жанды бет-бейнесін жасап, адамдардың психологиялық келбетін сомдап беруінде деп айтуға болады.


Деректі проза атақты адамдардың өмірбаянын жазуда, қандай да бір оқиғаның тарихын баяндауда, елтану суреттемелерінде немесе атышулы қылмыстардың ізіне түсу кезінде қолданылады.


Сонымен, Светлана Алексиевичтің тура осы жанрда өндіре жазып, бірнеше кітаптарын жарыққа шығаруының арқасында бақ жұлдызы жанды деп айтуға болады. Жазушы әйелдің өз пікірінше, ол сыйлыққа нақты бір еңбегі үшін емес, жалпы шығармашылығындағы «Красный человек. Голоса утопии» циклына енген «У войны не женское лицо» («Соғысқа әйел бейнесі тән емес»), «Последние свидетели» («Соңғы куәгерлер»), «Цинковые мальчики» («Мырыш балалар»), «Чернобыльская молитва» («Чернобыль дұғасы») және «Время секонд хэнд» («Секонд хэнд уақыты») кітаптары үшін лайық деп танылды.


Жалпы, С. Алексиевичтің ой-өрісіне, ойлау жүйесіне, еркіндіксүйгіш табиғатына Василь Быков, Алесь Адамович, Виктор Коваленко, Эдя Огнецвет сынды ұстаздарының өзі таң қалған. Ең бірінші, яғни «У войны не женское лицо» атты кітабын жазайын десе, жолсапар түгілі, дені дұрыс диктофон сатып алуға ақшасы жоқ жүрген жас журналиске осы кісілер ақша жинап, ақ баталарын беріп, алғашқы сапарына аттандырған екен. Сол сапары сәтті болып, аталған кітабы жарыққа шыққан кезде, В. Быков: «Оның бұл кітабы соғыс туралы сол соғысқа қатысқан адамдардың өздері жақсы әрі өндіріп жазған беларусь әдебиетінің өзіне тың леп әкеліп, шынайы әсер етті», - деп мойындаған. Сосын автордың Ауған соғысының бет-бейнесін ашып берген «Цинковые мальчики» атты кітабы шыққан кезде, жан-жақтан жұлмалаған «сыншылар» мен шолақ белсенділерден де осы кісілер арашалап қалған.


С. Алексиевичтің тереңіне сүңги зерттеген тақырыбы – социализм идеологиясы, Кеңес дәуірі, кеңес адамы. «Мен кеңес өркениетін 40 жылдан бері зерттеп келемін. Социализм мен фашизм – ХХ ғасырдың екі идеясы. Олар өте жымысқы әрі еліктіргіш. Мені, мәселен, қазіргі Ресейдегі сияқты қоғамның көрсоқырлығы қалай пайда болады деген мәселе үнемі толғандыратын. Барлық коммунистерді қуып шығып, олардың портреттерін жұлып тастау – бір басқа, ал оларды адамның жан-жүрегінен сылып тастау әлдеқайда қиын. Жуырда менің әкем қайтыс болды және көз жұмардың алдында өзімен бірге партия билетін қосып жерлеуді өсиет етті. Ол коммунизмге шүбәсіз сенді. Мен бұрынғы КСРО құрамындағы 15 республиканы қамтыған ұлан-ғайыр кеңістікте мұндай жағдай қалай қалыптасқанын түсініп, зерттегім келеді», - дейді ол.


Ол зерттеді де. Зерттегенде салақұлаш қылышын сүйреткен цензурадан тайсақтап, маймөңкелемей, турасын айтты. Ащы шындықты шырылдатытып тұрып, шыңғыртып тұрып жазды. Оның шығармасынан сол кездің бет бейнесін анық көруге болады. Бірнеше мысал келтірейік.

 

«Қолға тұтқын түсірсек, отрядқа алып келетінбіз... Оларды атпайтынбыз, бұл олар үшін тым жеңіл өлім, біз оларды шошқалар сияқты мылтықтың сүңгілерімен піскілеп, туралайтынбыз. Мен соларды өз көзіммен көруге баратынмын... Күтетінмін! Жан төзгісіз аурудан олардың көздері шарасынан ағып түскенін көру үшін қанша уақыт өтсе де күтетінмін...», - деп келтіреді ол ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқан әйелдердің естеліктерін «У войны не женское лицо» атты кітабында.


Ал «Чернобыльская молитва» кітабында апат салдарынан қаза болған адамды қалай жерлегенін айтып тұрған әйелдің сөздерін «...Үстіне мерекелік форма кигізіп, кеудесіне фуражкасын қойыпты. Аяғы қатты ісіп кеткендіктен, аяқкиімін кигізе алмапты. Екі аяғы бомба боп жарылғалы тұр. Мерекелік форманы да денесінде сау-тамтық болмағасын, кесіп кигізген. Тұла бойы түгел қанды жара... Қолын көтеріп едім, сүйегі бос, былқылдап тұр, денеден ажырап қалған. Өкпе, бауыры бөлшек-бөлшек болып аузынан шығып жатыр... Әбден іріп кеткен ішкі-құрылысына қақалғаны байқалады... Қолыма дәкені орап алып, аузына салдым да, тазалаған болдым... Сүйіктім менің. Мұны айтып жеткізу мүмкін емес! Мұны жазып беру де мүмкін емес! Мұны бастан өткізу де ешкімнің қолынан келмейді... Ешқандай аяқкиім аяғына сыймады. Солай... жалаң аяқ жерленді», - деп береді.


Енді мынаны оқып көріңіз. «Соғыс басталғалы жеті жыл өткенде халық не деп жатыр? Бұл туралы газеттерде не жазуда? Сауда тапшылығы, геосаяси мәселелер, империялық мүдделер және оңтүстіктегі шекара туралы. Қалалардағы құжыра тамдар мен ауылдардағы шаруалардың үйлеріне жіберілген хаттар туралы сыбырлап айтылған әңгімелерді естігенбіз. Кейіннен 1960-жылдары салынған «хрущевка» үйлерге сыймайтын үлкен табыттардың өздері де жеткен. Тастай суық темір табытты құшақтап зар еңіреген аналар жиналып, ұжымдарына, тіпті мектептерге барып «өздеріңнің Отан алдындағы міндеттеріңді орындаңдар» деп балаларды үгіттеуге мәжбүр болған. Біздің жақтан болған шығындар туралы жазуға қатаң тыйым салынған». Бұл «Цинковые мальчики» кітабынан алынған үзінді. Қарап отырсаңыз, осы бір үзік-үзік үзінділерде қара тастан да ауыр қасірет, әркімнің аузынан шыға бермейтін ақиқат үні жатыр. Олар осы бір қасіретті оқиғаларды өз көздерімен көріп, жүректерімен сезіп, жан-тәндерімен қабылдауға мәжбүр болған адамдардың жан-айқайы. Оларды автор сол күйінде, қаз-қалпында, кейіпкердің көңіл күйзелісі мен жан азабына титтей де сызат түсірмей жеткізе біледі. Міне, осы бір жан-дүниеңді табаға салып, қуырып әкететін ащы ақиқат пен шырылдаған шындық Алексиевич кітаптарының өн бойында өрім-өрім болып өрілген. Оларды кеудеңнің бір қуысындағы жапырақ-жүрегің дірілдемей, қайғыдан қан жыламай отырып оқуың мүмкін емес.


Не дегенмен, баяғыдан Еуропаны мойындатқан беларусь жазушысы екі-үш жылдан бері соңынан қуып, жеткізбей жүрген кезекті бір белесін бағындырды. Бағындырып қана қоймай, Нобель сыйлығы туралы теріс пікірде жүрген көптеген адамдарға бұл өмірде барлығы мүмкін екенін дәлелдеп берді. Мәселен, біреулер Нобельді Ислам дінін қаралағандарға ғана береді деп жүрсе, Алексиевич Кеңес дәуіріндегі келеңсіз оқиғалар, соның ішінде адамзаттың ортақ қасіреті – соғыс туралы қалам тербей жүріп-ақ алды сол сыйлықты. Немесе тағы бір топ Еуропалық жазушылар ғана алатын Нобель деп жүргенде, араға 28 жыл салып, орыс тілді жазушылардың арасынан суырылып алға шықты. Енді біреулер Алексиевич оппозицияшыл жазушы болғандықтан Нобель алды дейтін болса, оған да айтарымыз дайын. Жазушының өзі айтқандай, ол ешқандай да саясаткер емес, оның жазатыны қарапайым адамдардың өмірі, қарапайым адамдардың тағдыры ғана.


Бәлкім осыдан кейін қолдарын бір сілтеп, «Қойшы соны» деп жүрген біздің жазушылар да ойланып, тың тақырыптар мен түрлі жанрларға түрен салып, соны көзқарастар мен жаңа көкжиектерге жол ашар деген үміттеміз.


Әбу Асқар

Әбу-Асқар Мекешұлы   

Бөлісу:

Көп оқылғандар