Ақын Сұраған Рахметұлы тәржімалаған өлеңдер

Бөлісу:

07.10.2015 2551

001.jpg


Александр Блок (Blok 1880-1921)


Қазан төңкерісіне дейін Орыстағы жаңашылдардың ішінде ең құдыретті жырларымен етене танылған ақын – Александр Блок. Өзгеше бағыт ұстанғандар қуғынға түскен тұста тәңіри қалпын бұзбаған шайыр.



***


Әппақ іңір жөңкіген мамыр айы – мұңым бұл

«Бері шық» деп сәт сайын есігімді қағады.

Дарияның үстіне шөгіп жатқан бұлыңғыр,

Үркіп жетер үрейдей түнеріп тұр қабағы.

Өңірімде қураған сарғалдақтың жұлымы,

Ояныңдар оймақтай обалына күйгендер!

Жеңіл жүріс желпілдек жерде қалмай тұлымы,

Үзілмейтін күшпенен жан-тәнімді түйреңдер.

Қойнауы мен қолаты қоңыр-қоңыр өңір кең,

Алқақотан билеген аймаласқан мұнтаз үн.

Көзелермен балқыған көкке шалқып көңілдер,

Әтір иісі аңқыған өрілген кіл гүл тәжі,

Өзге аруға қараған жанарымнан төгілген,

Арманым мен мұңымды шыр айналған ынта-жыр –

Таңғы шықпен күлімдер мөлтең-мөлтең шөбіңмен,

Басқа бақыт, басқаша табылмай да тұр қазір.


1908 ж.


***


Қай сілеммен жортсаң да Ұрымға кеп жалғасқан,

Ғұмыр деген баяғы аясы тар шеңбер-ді.

Не болары болжаулы, бояуы анық әу баста

О, құдірет неліктен көзсіз сүйгем сендерді.

Бұлдыр-бұлдыр болашақ тереңіне жасырып

Басқалардай мені де басқаратын күш бар бір.

Көк тәңірі сый еткен перизатым, ғашығым

Опасыздық жасауға оған дағы іспармын.


1909 ж.


***


Түнгі көше бұлыңғыр, дәріхана мүлгіп тұр

Көлеңкені қайырған көгілжім от жарығы.

Көптеген жыл жалғасқан жаттамалы тірлік бұл

Өзгермеген ештеңе, өңі-түсі бәрі бір.

Жоғалғанмен әлі бір қайталанған нәр ізі

Баяғының сәтіндей, баяғының әрі бұл.

Қараңғыны қақ жарып сыза тартқан кәрізі

Дәріхана таяуда, көшенің пәс жарығы.


1912 ж.



Поль Элюар (Paul Eluard 1865-1952)


Әлемдік әйгілі лирик. ХХ ғасыр оған ірі мүмкіндіктерді әкелді, әперді. Француз әдеби әлемінде ол,өзіндік нақты іздерін қалдырды. Сюрреализм негізін қалады. Элюар бүкіл ғаламдық поэзия іліміне теңдессіз үлес қосты. Өлеңіндегі жаңа тәсіл, жаңа үн, соны әуендері тек қана құр әуестіктен емес еді. Поэзиядағы нақты айшықтар мен абстрактілі әлемнің арабайланысын зерделеді. Оның басты ұстанымдары - азаттық идеаларына бағытталады.


***

Арлы-берлі арындап, бұлт көшеді жылыстап,

Жұмсақ жерді қопарып кірш етеді күрегім.

Жылы көрпе астында жатқан ару тыныстап,

Үнсіз іңір ай нұрын алма кезек тұр еміп.

Баяғының әндері өзгертпеген түсін бір,

Бар ғаламның бақытын баянды ету үшін жүр.



Қымбат сенім


Көңілім кірсіз сыршыл ем,

Құпиялы жұртым күрсінем.

Елеусіз бастап бір сілем

Қанды жасыма тарайды.

Еңкілдеп самал, жылы іңір

Ең қымбат бізге саламат.

Тілегіңменен тірі жүр,

Жамағат сізге аманат.


1917 жыл.



Чеслав Милош (Czeslaw Milosz 1911-2004)


Төтенше талант. Литвада туған текті поляк. 1980 жылы Нобель сыйлығын алған. Оны Польшада керемет қадір тұтады. Себебі Дүниежүзілік 2-қанды соғыста Варшава майданында соғыста болған. Тұңғыш тырнақалдысы Польшада жарық көрді. Ақындық пен саясатты қатар ұстанған қабілетті саясаткер, қарымды қаламгер. 1951 жылы Францияға қарай қашып шыққан. КСРО оны қашқын деп есептесе, батыс Еуропа келімсектігін бетке басатын. Ол Парижге барғаннан кейін «Қамақтағы көзқарас» атты эссесін жазды. Өлеңі өте күрделі, ішкі әуені, әсері терең жаһұт жырлар. Чеслав Милоштың шырқау шағы Батыс Еуропада жүрген кезінде тіптен қарқын алды.


Иен қала


Тұрғындары түгелдей меруерттің соңында

Қара дәрі сатады дорбалары қолында

Кім ойлайды қаланы – қадірі жоқ оның да.

Зерлі қапшық ішінде шерлі керней күй үккен

Кең далаға әуені кезіп жетті биіктен

Бозторғайдың соңынан боздап тұр ма күйікпен.

Мұнар басқан қияңның қынасына тоқтаймын

Бал-бұл атқан гүлдерде бал арасы оттайды

Қайран қаймақ өңірім: сол көктемді жоқтаймын.

Салшылардың айқайы ағындардан әрі лағып

Күнқағарлы бозбала жас аруда жанары

Төрт қолымен ескекті есіп өтіп барады.

Зертхананың төбесін көмкереді аспаны

Ақиқатшыл ойшылға жұлдыздан жоқ басқа ұғым,

Шылымының қорабын мыжғылайды жас ғалым.

Кедір-бұдыр жолдармен тіміскілеп іркіліс

Жөйттің ақ күймесі ұзағанда бір тыныш,

Дулығаның ішіне ұя салды жыршы құс.

(Тұ-р-р-ғындары түгелдей меруерттің соңында

Қара дәрі сатады дорбалары қолында

Кім ойлайды қаланы – қадірі жоқ оның да?!)


1981 жыл.



Иосиф Бродский (Joseph Brodsky 1940-1996)


Иосиф Александревич Бродский орыс ақыны. Орыны бөлек тұлға. КСРО-ның социализмінен теперіш көрген саяси қуғын, әдепсіз, үлгісіз, сенімсіз делінген рухани тастанды. Санкт-Петербургте руханиятқа теңдессіз ойран салған ой иесі. Таптауырындылықты, біржақтылықты тас-талқан еткен тегеуірінді реформатор. Оның қылығы КСРО-ның шабарларының шамына тиген. 1964 жылы 5 жыл мерзіммен солтүстік қиыр Шығысқа, итжеккенге жер аударылған. Ақынның бақытына жарай Батыстағы шайырлер арашасынан бір жылдан кейін айыптан бостан болған. Тұңғыш жинағы 1972 жылы ағылшын тілінде жарық көріпті. Бұл қылығы тағы да Кеңестік үлгідегілердің басына сыймады. Қуылды, қудаланды тағы да.

1987 жылы Ресейде 5-ші болып Нобель сыйлығын алды. Перестройкадан кейін оны өз отаны тани бастады. 1991-1992 жылы АҚШ сыйлығы берілді. Бұла күш егесінің, теңдессіз ақынның жүрегі 1996 жылы жарылды, тоқтады. Ақын өлеңдері қазақшаланды, қазақшаланбады білмейміз. Әйтеуір бірнеше өлеңдерінің сұлбасы қазақтың төл тілінде оқылсын деп ниеттендік. Ендеше...


Натюрморт


Verra la morte e avra l tuoi occhi.

C.Pavese

(Ажал келсе қарайды сенің көзіңмен...)


1.


Дүние боқ кісілер

Қаумалайды аш күндеп,

Қарашығымды ісірер

Қараңғыға қашқым кеп.

Бақшаларда айқай-мұң

Тобырын-ай, халықтың,

Соларды да байқаймын

Күндізден мен жалықтым.

Қабырғада күнделік

Қыс, қақаған бірінші Ай

Қамыққанда түндегі

Қара сөзім бұрылса-ай.


2.


Уақыт келді, бір іс қыл

Не айтамыз, ойпырмай,

Жақ ашқаның дұрыс-ты

Ұртыңа шай толтырмай.

Нендей арқау – Күн, Түн бе?

Қойсақ қалай кеңесті,

Байлықты айту мүмкін бе?

Кісі керек емес пе.

Қажеті не... Мәңгі ме ел,

Біз де өлеміз бәрімен.

Желге жұққан әңгіме,

Нәтижесіз әріде.


3.


Сұп-суық қаным ақырғы,

Түбіне дейін мұз қатқан.

Жек көрем ондай пақырды

Жабырлы жанды сыздатқан.

Қарауға одан жиіркенем,

Тағдырдың түсі – не түрлі,

Өшпейтін кекпен бүркеген

Арылмас сиқы бетінде.

Сүйкімсіз сүрең, бұл бір сын,

Тығылып жатқан пай-пай мін.

Әлде кім әйтеу, кім білсін

Алдап тұрғанын байқаймын.


4.


Жинағаны бірдеңе еш,

Ұжымақсыз, күнәсіз.

Бергі беті іргелес,

Тереңі ұқсас шүбәсіз.

Байлығының жайыты

Қабатында қабықтың.

Көбелектің мәйіті

Жатырында жабықтың.

Шырақ жақсаң күңгірт бір,

Шыр маңайын жарық қып,

Бей керемет жым-жырттық

Бәрі айдай жарықтық.


5.


Әйнекті күмбез жарасымындай,

Әдемілігі ішінде

Париж «Құдай анасы» мұндай

Әйгілі асқақ пішінде.

Қараңғы түнек нәрхана іші,

Көлбіреп еден жуғышы.

Қаптаған шаңды қалқалау үшін

Керек-ті соның түрлісі.

Шаң-тозаң бетін шұбатып жайғап,

Қабағын әсте шытпастан.

Топырақ деген - Уақыт айлар

Ет пенен қан ғой құт басқан.


6.


Қоңыр түн емес, азанда

Қалғитын болдым, қалғитын.

Ойласам ажал тажалдай,

Айнамен демді аңдитын.

Тынысымда да шуақты ұшқан,

Ұшқынын һәм соңғысын.

Байқайтын сынақ уақ дыбыстан,

Жетер деп қалай мол күшім.

Содан соң солай қозғалмай

жатқан табытпын

Қол-аяқ қатып мұздаған

Бұлқына соққан қан тамырларымды

ағыттым


7.


Шексіз де шексіз ғажапты

Шетінен аздап демесіп.

Құдыретіменен азат қып

Құбылыс затына кеңесіп.

Арзанқол бұйым жансыз-ды

Шындықтан лағу нүктесіз.

Кеңістік түбі – мәнсіздік

Бұлардан өзге түкте сіз.

Сындырып оны құрдым ғып

Болар-ау бұзып тастауға.

Алайда бағың мыңғырылып

Қайтадан түспес астауға.


8.


Ағаштар. Сая. Жыныстар,

Тамырлар сіңіп жоғалар

Бәдіздер, өшкін құбылыстар

Өрнекті саздар, обалар.

Шырмауық шыраш тамырың

Осылай сырмақтастарым,

Сетінеп шеті сөгілер

Орнында жұмбақ тастарым.

Зерделі, жансыз ашықты

Орнымен қозғау мүмкін бе?

Тордағы топты балықтай

Сұлбада жүрген шіркіндер.


9.


Бұйымдар. Қоңыр кестелі

Түрі мен түсі өзгерген.

Бұлыңғыр. Өшкін ештеңе,

Қашаңдау сұлба көз көрген.

Арудай алда шешінген

Ажалың жанап жеткенде.

Бұлыңғыр бұлаң көшіңнен

Бұрылтып алып кеткенде.

Бұрымы, басы, сүйегі...

Өзі емес өзге, өзгерген.

«Ажалың жетті, ие бол

Имене енген көз көрген».


10.


Сен менің балапанымбысың?

Әлі де тәңірімсің бе?

Қадаққа қайта қадаласың ба?

Таусылып тамыры ішінде.

Тәңір мен сені танымай тұрып

Өмір, өлімді ажырата алмаймын,

Қалай аттаймын табалдырықтан

Өліксің әлде,

Кескіндегі елес.

Ө-өөө! Өренім менің

Тәңірімсің бе,

Бұлай ұмсынба.

Христос айтады:

«Екеуі де емес».


1971 жыл



Тәржімалаған Сұраған Рахметұлы


Бөлісу:

Көп оқылғандар