Жұмекен Нәжімеденов пен Иосиф Бродский

Бөлісу:

28.08.2017 5498

Безымянный.png

Неміс ойшылы Хайдеггердің айтуынша, өнердің мәні бар нәрсенің шығарма арқылы берілген ақиқаты. Осыны айта тұра, келесі жолында ол оған мынандай комментарий береді: «Ал бірақ осы уақытқа дейін өнерді ақиқатпен емес, әдемілік және сұлулықпен байланыстыратын еді ғой?»

Сонымен бірге Хайдеггер философия мен поэзияны қатар қойған, ал кейде поэзияны тіпті философиядан биік қойған алғаш ойшыл. Және ол онша ғажап емес те, себебі, 20 ғасырда батыс философиясы өз мүмкіндігін сарқып, оның есесіне поэзия қатты дамыған еді. Осының нақты дәлелі ретінде Райнер Мария Рильке, Георг Тракль поэзияларын атауға болады. Бұларда шынымен әдемілікке табынудан гөрі поэзия арқылы философиялық пайымға көтерілу басым. Меніңше, біздің қазақ топырағындағы осындай ақындардың ең ірісі Жұмекен Нәжімеденов. Бұл ақынымызды кез келген әлемдік деңгейдегі ақынмен салыстыра беруге болады. Мен оны ең алдымен атақты орыс ақыны, Нобель сыйлығының лауреаты Иосиф Бродскиймен бірге әңгіме етуді жөн көрдім. Өйткені олар бір заман және бір совет топырағында туса да, бір бірімен жақындаса да және бір бірінен алыстай да білген.

Өте танымал ақындарды таныстырудың қажеті шамалы. Әйтсе де, Жұмекен дегенде,еске қазір ресми әнұранымызға айналған «Менің Қазақстаным» әнімен ақынымыз философиялық жанрға айналдырған баллада жанры түседі. Жұмекен кеңес кезеңінің ақыны. Ал сол кезде біз көшпенді халықтан отырықшы халыққа айналып, ғажап қалалық мәдениет жасай бастаған кезіміз еді. Шынын айтқанда сол кезде, 50-60 жылдары жасалған қазақ мәдениетін біз әлі күнге дейін пайдаланудамыз. Әсіресе, бұл музыкалық мәдениетімізде басым көрінеді. Мен осы кезеңнің символы деп Шәмілдің әндерін, Жұмекен Нәжімеденовтың поэзиясын айтар едім. Бұлардың шығармашылығы жұмсақ, биязы романтизмге толы және бұлардың сол жәйбарақат, мейрімшіл дүниетанымы сол кезеңнің басты нотасы, лейтмотивіне айналғандай.

Жұмекен бақытты ақын, ол Мұқағали сияқты жүйеге ашық қарсылықта болған жоқ, бірақ ішкі қарсылығы мықты болды. Ол тек қана тоталитарлық жүйеге емес, отарлаушы Ресей империясына деген қарсылық еді. Міне, осы қарсылықта ол Кеңес империясына түбегейлі қарсылықта болған Иосиф Бродскиймен кездеседі. Әрине, өмірде емес, поэзия кеңістігінде. Екеуі де Кеңес заманының ақыны бола тұра, оны көрмегендей болады, заманынан аттап, виртуалды, мәңгілік рухани ағыстарға шығады. Жұмекен Шығысты дәріптесе, Иосиф Батысты дәріптейді. Сөйтіп олар ұлттық болмысы көмескі, рухани өмірі жалаң ұраншылдыққа сүйенген, саясатшыл Кеңес заманынан аттап өтеді. Бұл тұрғыда Жұмекен қазақтың мұсылманшылдығына, исламдық мәдениетіне аса көңіл бөлген адам. Және ол қазіргі исламшыл сектанттарды қолдамас еді, өйткені оның ойынша қазақ дүниетанымы ислам философиясына және рухани ізденістеріне молынан суарылған. Жұмекен де Мұстафа Шоқай сияқты былай деп айта алар еді: «Түркілердің бесігі, Түркістан, елімізде өшпес ізін қалдырған ең көне араб-парсы мәдениетінің ошағы. Алғашқы түркілер тарих аренасында 6 ғасырда пайда болса, ислам Түркістанға 7 ғасырдың аяғында кіреді. Түркістанда Қарахандардың алғаш түрік династиясы негізін қалаған». Исламдық нақыштар Жұмекеннің көптеген өлеңдерінде кездеседі.

Сонымен қатар ақын исламның көптеген қағидаларын қабылдамайды, ислам идеологиясына сыни, тіпті, атеисттік көзқараспен қарайды. Бұл әсіресе оның Алдар Көсеге арнаған әйгілі шығармасында анық көрінеді. Сонда ақын ислам тақырыбына не үшін барады? Рухани негізімізді жоғалтпау үшін, адамзаттағы рухани ізденістерден қазақы нақышты табу үшін. Бұл жағын бізге түсіну оңай, ал бірақ ол неге өзі атеист бола тұра, діни сенімге бойлағандай болып, өзі исламшыл болғандай қылып жазады? Бұл ата баба болмысын ұғынуға тырысудан, өз-өзін бұрынғы, ежелгі қазақ болмысына сүңгітуден туындаған әрекет, бұл сенім-наным емес, ол осы нанымға сырттан келіп бойлау, бұл сенім емес, шартты сенім, мүмкін сенімнің философиялық пайымы. Ақында мұндай қасиет болмаса оның шығармашылығы да беймүмкін. Шығармашылықтың өзі қиялға батудың, болмыстың алуантүрлілігіне еркін бойлаудың тамаша инструменті емес пе? Инструмент демекші, бұл Жұмекеннің шығармашылығын ашуға өте-мөте дәл келеді. Өйткені Жұмекен үлкен профессионализмге тырысқан ақын. Оның басты принципі күнде жазу және мол жазу. Оның өлеңдері, әсіресе, балладалары өлеңнен гөрі философиялық трактатқа ұқсайды. Ақын әрбір құбылысты жан- жақты зерттейді, барған сайын тақырыбына бойлай береді, қадам басқан сайын оның жаңа қырын ашады, ақыры оның мейлінше сипаттамасын беріп өлеңін бітіреді. Бұл тұрғыда да әлем поэзиясында Жұмекенге бір тең келетін ақын Иосиф Бродский. Бірақ екеуінің суреттеу тәсілдері әр басқа. Жұмекеннің басты тәсілі таусылмайтын ішкі монолог болса, Бродский ақыннан гөрі суретшіге ұқсайды, ол баяндамайды, суреттейді. Жұмекеннің басты органы құлақ, меңіреу, тілсіз, тылсым дүниеге құлақ түру десек, Бродский көзге сүйенеді, оның көзі мейлінше ашық және оның тойымсыз рухани әлемі түрлі боялаурмен нюанстарға мейлінше толы. Бродский ақынның қабылдау кеңістігін мейлінше кеңіткен. Оның тағы бір қасиеті, Бродскийдің поэзиясы идеологиядан ада, ол тек суреттеумен айналысады және соның нәтижесінде бір құбылыстың толық картинасы пайда болады. Ал Жұмекен ұзақ балладасын бастамай жатып, оның немен бітетінін алдын ала білетін сияқты. Мұнда мәселе оның пландап қойғанында емес, менталитетінің өзгешелігінде. Шығыс мәдениеті әлі өзінің ақылымен күресе қоймаған, болмысы мен рухы бір-бірінен ажырамаған тек тұтастыққа талпынудағы мәдениет. Ал Батыс мәдениеті үшін Ақылға табыну оның онша ұзаққа созылмаған бір кезеңі ғана болды, ал соңғы бір-екі ғасырда Батыс осы кезеңді әшкерелеумен келеді. Батыс философтарының айтуынша, адам тек ақылдан тұрмайды және іс жүзінде ақыл ешнәрсеге билік ете алмайды, өйткені әлемдегі әрбір құбылыс өз бетінше, дербес дамиды. Адам ол тек бір қалау емес, ол қалау ағындарынан тұрады және осы ағындарға қарсы тұрмай, оларға бағынуға тиіспіз. Сонымен қатар Батыс бірігуге, немесе тұтастыққа талпынбайды, керісінше, ол айырмашылықтың кез келген түрін дәріптейді. Біз тек басқа біреуге ұқсамағанда ғана өзгеше боламыз. Хайдеггердің айтуынша айырмашылық біз өз-өзімізге тең болудан бұрын болған. Шынымен де, егер ақындар болмысын алсақ, олар өзінің творчестволық жолын бастағанда қандай ақын болатынын білмейді, оның шәкірт кезеңі классик болған кезеңіне мүлде ұқсамайды. Сөйтіп, бір адамның өзін де ол өз-өзімен толық ұқсастықта деп айту қиын. Осыған байланысты батыс философтары ұжымшылдықты емес, жекетұлғалық болмысты дәріптейді, бір-біріне мейлінше ұқсамауға, бөлек, дербес болуға тырысады.

Мысалы, Бродский үшін Еуропа, оның эллинистік бастауынан бері ол үйлесімділік, қозғалыс, өмір, ал Азия – хаос, керенаулық, өлім.

...өлім Азияның нобайындый

Сейілсіз, - дейді ол бір өлеңінде.

Бродскийдің Азияны өлімге теңеуі философ Владимир Соловьевты оқуынан туындаған. Бродский поэзиясындағы Ресей − Батыс тақырыбын бейнелеу үшін қолданған тұрақты таңбалар жүйесін бұл тақырыптың евразияшылдық ілімінде қойылуымен де салыстыруға болады. Мысалы олар орыстардың ұлттық танымына суық климаттың маңызы зор деп санаған. Жаңа евразияшылдың бірі айтқандай: «Русь пен Батыстың шекарасы қаңтардың жағымсыз изотермасы». Сонымен қатар бұл мәселеде Ислам мен Христианствоның теке-тіресі де маңызды.

Азия, ислам, татаршылдық Бродский үшін тек қана қоғамдағы емес, сонымен бірге жекетұлғалық санадағы ұжымшылдықтың метафорасы. Бұған оның қара сөзбен жазылған «Стамбұлға саясат» үлкен ойтолғауы арналған, бұл 1985 жылы жазылған шығарма «бізді» «менге» таптатуға қарсылық, адамның жігерін құмға айналдыруға келіспеушілік.

Ал енді шынайы Азияға Иосиф Бродский қалай қарады екен? Мұны зерттеген Лев Лосевтің айтуынша, 1990 жылы ол 2001 жылдың 11 қыркүйегінен кейін көріпкелділік боп көрінетін мынандай сөздер айтқан: «Біздің әлем құдайсызға айналып барады. Және мен ойлаймын осы құдайсыздық бізді қақтығысқа әкелмейді ме екен деп, мен бұдан қатты сескенемін... ислам әлемімен және христианство жөнінде тек әлсіз естеліктері ғана қалған әлеммен... осы екеуі қатты діни қақтығысқа келеме деп жағамды ұстаймын. Христиан әлемі өз-өзін қорғай алмайды, ал ислам әлемі оны шынымен-ақ тықсырады. Өйткені олар көп, өте көп, проблеманың бәрі осы қарапайым факторға байланысты. Мен үшін бұл қақтығыстың болуы нақты көрінеді. . <...> Бұл төзімділік рухының төзімсіздік рухымен теке-тіресіне толы болашақ. Іскер адамдар бұл екі әлем арасындағы қайшылық онша зор емес дейді. Мен болсам оған бір сәтке де сенбеймін. Меніңше исламдық дүниетаным өз ақырына жеткен нәрсе, оны жою керек. Қалай болғанда да, біздің әлем исламнан алты ғасыр үлкен. Сондықтан, менің ойымша, не жақсы, не жаман жөнінде үкім жүргізуге біздің хұқымыз бар».

«Өсиет» өлеңі 1987 жылы жазылған және түгелімен Азияны қауіпті мекен деп суреттеуге арналған. Онда саяхатшыны әрбір қадамы сайын сатқындық пен қылмыс күтеді, онда адам өмірінің бір тиындық құны жоқ. Бұл өлеңнің мәтінінен біз Бродскийдағы кереғарлыққа толы Азия нақышының шешімін табамыз. Зейін сала оқығанда, біз таза азиялық, дәлірек айтқанда ортаазиялық сипаттармен қатар – мысалы, жалпақ бет, мойыл көз, таулық көрініс, сортаң өзендер, тезек иісі мен бірге арнайы орыс сөз қолданыстарының қақтығысын байқаймыз. Егер бірінші жолда оқырман Азияға шақырылса («Азиямен саяхаттап, жат үйлерде қонып...», келесі Азиядағы «жат үйлер» қандай болатынын анықтайтын екінші жолында, мынандай тізім келтіріледі: «избаларда, моншаларда, қоймаларда, бөренеден соғылған теремдерде». Мұндағы аталған барлық үйлер дәстүрлі Руське тән. Осы таза азиялық және арнайы орыстық нәрселерді араластыру бүкіл өлеңді қамтыған. Егер екінші жолында «Жалпақ беттен сескен» десе, үшіншісінде «изба», «мұжық», «ұрғашы» суреттеледі. Өзге сөзбен айтқанда «Өсиет» өлеңінде Азияға айналған Ресейдің, Евразияның, Соловьев айтқандай «Ксеркс Ресейінің» қорқынышты бейнесі суреттеледі.

Бродскийдің ойы он тоғызыншы ғасырдың жазушыларынша «Орысты тырналасаң татарды табасың» деуде емес, себебі Азия ол үшін геосаясаттық ұғым емес, менталдық құрылым. Оның ойынша, егер Орталық Еуропа авторитарлық режимдер таптауында өмір сүре берсе, оны «Батыс Азия» деп санаған жөн.

Егер Соловьев: «Азия – қауіпті жазмышты жау», ал евразиялықтар «Азия ол біз емеспіз» десе, Бродскидің бұл Ресей - Азия мифіне қосқан үлесі оның ар-ұждандық позициясында. Бродский Соловьев сияқты өркениеттердің ақырғы айқасына шақырмайды және «Скиф» өлеңіндегі Блок сияқты өзінің азиат екеніне масаттанбайды. Оған ұжымшылдықтың кез келген түрі жат, қолайсыз. Бродскийдің ойынша, халық, ұлт егер бірнәрсені жойса, сол қылмысы үшін күнәсін мойындауға тиіс, онда ақын халқымен бірге болады, бірақ жағымды табыстар оған жеке тұрғыда, жекетұлғалық еркіндікте ғана мүмкін. Жоғарыда келтірілген деректердің бәрі Лев Лосевтің «Иосиф Бродский. Опыт литературной биографии. Серия ЖЗЛ. — М.: Мол. гвардия, 2006.» кітабынан алынған.

Көріп отырғаныңыздай, Бродский үйреншікті орыс ақындарына мүлде ұқсамайды. Орыс ақындары көбінесе патриот болып келеді. Олардың ойынша Ресейдің өзіндік өзгеше жолы бар, ол басқа өркениеттерден өзге, бөлек болмыстағы ел. Оның басты қасиеті православие шіркеуіне жұмылу. Славянофилдер оның осы қасиетін соборность деп атаған. Бродский үшін бұл ұжымшылдықтың бір түрі ғана, ал ол ұжымшылдықтың кез келген түрін қабылдамайды. Сондықтан ол үшін Ресей Шығыс Еуропа емес, Батыс Азия.

Егер Бродскийді сол кездегі ең атақты кеңес ақындарымен салыстырсақ, олар бұған қарағанда мектеп оқушылары сияқты. Мысалы, егер сол кездегі Евтушенконың, Вознесенскийдің өлеңдеріне үңілсек, онда мүлде өркениеттік таным жоқ, тек кеңес идеологиясы. Олар Сталинге қарсы болса да, Ленинді дәріптеген. Мысалы, Андрей Вознесенский: «Ленинді ақша бетіне баспаңдар!» деп жар салған. Бродский ащы мысқылмен бұл өлеңге пародия жазған. Кеңес кезеңінде ең атақты оппозиционер Солженицын болды. Оны «Архипелаг ГУЛАГ» романы үшін Ресейден қуды. Кейін сол романы үшін оған шет елде Нобель сыйлығын берді. Былай қарасаңыз мінсіз адам сияқты, ал Бродский болса Солженицынмен де онша келісе бермейді. Ол оны демократ емес, орыс ұлтшылы деп санайды. Бір журналист айтыпты Бродскийге: «Солженицынның ойынша, Ресей Батыс жоғалтқан құндылықтардың сақшысы». Бродский ашуын жасырмай оған былай депті: «Солженицынның айтқаны анайы сандырақ. Кәдімгі демагогия, тек минусы плюске ауысқан. Саясаткер ретінде ол тек қана қампиған ноль!»

Солженицынның рухани аталары славянофилдер, Достоевский, Леонтьев, Бердяев жасаған «орыс идеясы» бағытындағы діни-романтикалық тарихнама Бродскийді қызықтырмайды. Ол үшін жеке адам тағдырынан тыс тарих жоқ және жазушылық зейіннің басты мақсаты ретінде тарихтан бәрінен көп жапа шегетін адам болуға тиіс. Тарихтың мағынасы жөніндегі барлық спекуляциялар адам трагедиясын байқауға мүмкіндік бермейді.

Ал егер бұл тұрғыдан Жұмекен Нәжімеденовқа келетін болсақ, ол да өзінің жалпышығыстық болмысына күмәнмен қарайды. Бірақ оның Бродскийден айырмашылығы ол өзінің қазақы ұлттық болмысын танығысы келеді. Және оны ол ең қарапайым нәрселерден табады. Ол өзін, өзінің лирикалық кейіпкерін далалық болмыс, ауылдық бейбіт көріністерінен, көшпенділер тіршілігін сипаттайтын табиғат ерешеліктерінен ажыратпайды.

Жыңғылыңды көлеңкелеп көз ілдім,

көз ілдім мен төсегінде сезімнің.

Саған тартқан өз ұлыңмын - өзіңмін

тұла бойым тұтас құйған төзіммін.

Әсіресе бұл «Қоңыр» өлеңінде ғажап көрініс тапқан.

Қоңырайып жатыр алда жол әлі –

кеудем кейде қоңыр жырға толады.

Қазақ қоңыр әнмен бесік тербетіп,

өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы,

Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн...

қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.

Жұмекеннің бұл тақырыптағы айырмашылығы оны әсіресе Олжас Сүлейменов шығармашылығымен салыстырғанда анық көрінеді. Олжас үшін көшпенділер мифтік мінсіз тұлғалар, ақын оларға кір жуытпайды, өзге халықтардың бәрінен биік көрсетіп мадақтайды. Ал Жұмекен үшін қазақ халқы тарихи хроникадан алынған абстрактты геройлар емес, олар кәдімгі жұмыр жердің жұмыр басты пенделері. Бірақ Жұмекенге олардың осы қарапайымдылығы, болмыс ырғағымен, немесе табиғатпен етене жақындығы ұнайды. Бұл тұрғыда Жұмекен Бродскийге емес неміс ақыны Рилькеге ұқсайды. Өйткені Рильке өз тақырыбын ең кәдуілгі нәрселерден іздеген, ол ең қарапайым заттарды, ымыртты, фонтандарды сөйлеткен.

Бәрі болар ұлы һәм бұйырымды,

Жер − кәдімгі, суы да − иірімді.

Ағаштар − нән, ал дуал − бір-ақ аттам.

Жайлар сонда қырың мен қиырыңды

Қойшылар мен дихандар жұрағаттап.

Шіркеу болмас құдайды қоршалаған,

Тұтқындағы аң сынды боршалаған,

Қан жылаған жоғалтып сыңар ізді.

Ұйлер болар қонақжай ығынумен,

Шегі жоқ құрбандыққа жүгінумен

Қылығымыз көркейер мына біздің.

О дүниеге телмірмей, зейіндемей,

Қайғы түгіл ажал да көзге дықсыз.

Күнделікті тірлікке бейімделе,

Аялармыз өмірді өзгеріссіз.

Рилькенің «Мінәжәт» кітабынан алынған бұл өлеңді кезінде мен өзім аударған едім. Байқап отырсаңыз мұнда адам табиғатқа бағыныштылығымен, туысшыл ұжымшылдығымен, жалпы айтқанда, болмысқа үйлесімділігімен қымбат. Осы қасиеттердің бәрін біз Жұмекеннің қоңырлыққа сүйенген, осы сөзді поэтикалық образға, философиялық категорияға айналдырған биязы поэзиясынан байқаймыз.

Ал егер біз Жұмекеннің нағыз ұстазына тоқталатын болсақ ол меніңше көне грек поэзиясының негізін қалаушы Гомер. Өйткені Жұмекеннің әрбір балладасы кішкене илиада сияқты. Гомер қалай ерінбей-жалықпай әрбір хиқаяны тараулап суреттесе, қазақ ақыны да алған құбылысын ақырына жеткізіп суреттеп тынбайды. Сонымен бірге Жұмекеннің Гомер поэзиясына өз көзқарасы бар, ол оны мифолог Кунның баяндауынан емес, өз поэмаларының мәтінінен оқыған. Мысалы, «Илиаданы» ол құдайларға сатира деп түсінеді, ал Гомердің басты мақсаты қарапайым тіршілікті суреттеу деп ұғады. Сөйтіп поэмадағы бүкіл қою мифология рационалист Жұмекеннің көзімен қарағанда Гомердің қоңыр күлкісі боп шығады. Және ақын өзі де кейбір антикалық топтамаларында осылайша суреттейді. Егер біздің қазіргі санамызда Құдай ізгіліктің, адамгершіліктің, дұрыс жолдың, ұлттық дәстүрді сыйлаудың айғағы және сол арқылы өзіңді биік азамат, салихалы кісі, жөнді қазақ қылып көрсетудің амалы болса, Жұмекен үшін құдай, немесе құдайлар халық шығармашылығының туындысы. Осыны айта тұра ақын халықтың өзі біреуді құдай жасап алып, сосын оған маңдай жарып табынған аңғалдығына күледі.

Құдайлардың құдайы халық, халық,

Халықты аңыз етуден жалықпалық.

Бағын талай аңыздың араладық,

Халық барда аңыз да қалады анық.

Құдай ойлап шығарып мұңайғанда,

Сол өздері тудырған құдайларға

Құлдық ұрған өздері бала-халық.

Мұндай жолдар Иосиф Бродскида да бар.

Құс болмаса тауығың, ем-домы бос,

Тауық миға ем қонбас, нанасың ба?

Егер тусаң Дүр елде, ең жөні, дос,

Шетте тұру, теңіздің жағасында.

Цезарь алыс, өзің де ірідейсің,

Бәле де жоқ іздеп кеп ұрынатын.

Әкімдердің бәрі де ұры дейсің,

Қанышерден маған, дос, ұры жақын.

Бірақ егер Бродский биліктегілерді екі топқа бөлсе, қазақ ақыны тек халқына сенеді.

Халық көсем деп қарап, екі араны

Құдай − пәнде деп бөлмен шекараны:

Халқым адал, аман бол, сен аман бол,

Ал құдайлар келер де, кетер әлі!

Сонымен біз талдаған екі ақынды біріктіретін де, айратын да көп нәрселер бар. Оның себебі меніңше мынада: бұлардың екеуі де бір заманның тұлғасы, бірақ екі бөлек мәдениеттің өкілі, Бродский Батысты дәріптесе, Жұмекен, оны сынаса да, мінесе де, өзінің шығыстық болмысынан айырылғысы келмейді. Соған қарағанда Шығыста әлі біраз құпия, біраз өміршеңдік бар. Өйткені Бродскийдің өзі ғұмырының соңғы жылдарында қытай мәдениетіне елтіп, қытай тілін оқи бастаған екен.

Әуезхан Қодар

Бөлісу:

Көп оқылғандар