Нобель сыйлығының лауреаты Вислава Шимборскаяның өлеңдері
Бөлісу:
Көрнекті жазушы, Халықаралық Абай клубының президенті Роллан Сейсенбаев поляк ақыны, Нобель сыйлығының лауреаты Вислава Шимборскаяның өлеңдерін қазақ тіліне аударған.
Халықаралық Абай клубы – қазақ елінің көрнекті мәдени қоғамдық орталығы. Абай клубы «Аманат» атты халықаралық әдеби журнал мен сол журналдың 200 томдық кітапханасын шығарады. Бұл кітапханаға әлемнің озық ойлы жазушыларының, Нобель сыйлығы иегерлерінің, қазақ әдебиетінің атақты жазушыларының кітаптары енген.
Халықаралық Абай клубы Еуропаның озық баспаларымен бірлесіп кітаптар шығаруды да дәстүрге айналдырған. Италияның, Ұлыбританияның, Польшаның, Германияның, Испанияның баспаларымен бірлесіп шығарған көркем кітаптары сол елдердің кітап дүкендерінде сатылады. Айтулы кітапханаларға ол кітаптар тегін таратылады.
Абай клубы шығарған Вислава Шимборскаяның «Исаактың жазығы неде?» жыр кітабыннан ақынның өлеңдерін ұсынамыз.
Елші сөзі
Вислава Шимборская (1923-2012 ж.ж.) – поляк халқының ұлы ақыны, белгілі эссеисті, халықаралық Гете атындағы (1991 ж.), Гердер атындағы (1995 ж.), сонымен бірге Нобель сыйлығының лауреаты (1996 ж.). Американың Өнер және Әдебиет академиясының құрметті мүшесі (2001 ж.). Польшаның ең үлкен «Ақ бүркіт» орденінің иегері.
Вислава ақын аса қарапайым, тұйық, жалғыздық құшағын ұнататын адам, сонымен бірге тұңғиық ой иесі, қашанда оқырмандарының жүрегін бебек қақтырады. Оның өлеңдері біліктілік биігімен, терең лиризммен, философиялық ой-қуатымен ерекшеленеді.
Ақын өмірден өткенімен оның поэзиясына табынатындар қатары азайған жоқ. Шығармалары 42 тілге аударылған, 42 елде кітап болып басылған.
Біз қазақ елінің оқырмандарына Вислава Шимборскаяның бір томдық таңдамалы өлеңдерін тұңғыш рет қазақ тілінде әйгілі Халықаралық Абай клубының кітапханасынан шығарып отырмыз.
Нобель сыйлығының лауреаттары Чеслав Милош пен Вислава Шимборскаяның өлеңдерін қазақ тіліне аударған атақты қазақ ақыны Әбубәкір Қайранға алғысымызды айтамыз. Осы арада, ыңғайы келген сәтті пайдаланып, қазақтың әйгілі жазушысы, Халықаралық Абай клубының президенті, «AMANAT», «Жасын» журналдарын, «Жидебай» жылнамасын дүниеге әкелген, Роллан Сейсенбаевқа ұлттар мен елдер арасындағы мәдени және әдеби қатынастарды барынша кеңейтуге, һәм тереңдетуге жасаған қуатты, өміршең еңбегі үшін ерекше алғысымды білдіремін.
Поляк халқының әдебиеті мен өнеріне білдірген құрметтері үшін Қазақ халқына, қазақтың әдебиеті мен өнеріне рахмет айтамын. Поляк әдебиетінің тереңдігі мен кеңдігін қазақ оқырмандары жүрегінен өткізетініне сенімім зор.
Веслав ОСУХОВСКИЙ,
Польша Республикасының
Қазақстандағы титулярлы елшісі,
Алматыдағы Польша Республикасының
Генералды Консулы.
Ғасыр аяғы
Жиырмасыншы ғасырымыз өткендерден
жақсы болам деп еді.
Үлгермеді алайда, жылдар қалды санаулы,
шалынысып аяғы, демі бітіп барады.
Болуға тиіс жағдайдан
көптеу болды болмауға тиіс жағдай,
ал келуге тиісті шақтар
келмей кетті қайрылмай.
Негізінен көктемге бір қуаныш
жорамалы бар еді.
Кету керек болатын қорқыныштың әлегі.
Өтіріктен жылдамырақ ақиқат
жету керек болатын мақсатына дәмелі.
Әлдеқандай сұмдықтар –
аштық, соғыс сияқты
болмас еді сол кезде.
Шын құрметке бөленуі тиіс еді
қорғансыздық қарусыз,
сенім және сондайлар.
Құштар адам өмірге
мақсат қойды алдына
мәңгі қолы жетпейтін.
Ақымақтық – бола алмайды күлкілі.
Ал даналық – бола алмайды көңілді.
Үміт деген –
кешегі жас қыз емес
et catera , өкініш.
Құдай бір күні сенуі керек еді адамға –
қайырымды, күштіге.
амал қанша, қайырымды мен күшті –
әлі күнге екі адам.
«Қалай өмір сүрем» деп біреу маған хат жазды,
қоймақ едім мен оған дәл осы бір сауалды.
Бүгін және қашанда
(жоғарыға қарап қой) –
шұғыл сауал мүлде жоқ,
аңқау сауал болмаса.
Кесірткенің қаңқасы
Сүйіспеншілікті Бауырлар,
алдымызда алмағайып бір зат тұр:
кесірткенің әбден тозған қаңқасы.
Қымбатты Достар,
сол жақта – құйрығы, шетсіз шексіз созылған,
оң жақта – мойны, басқа жаққа бұрылған.
Құрметті Жолдастар,
ортасында, дәу қарынның астында – төрт табан,
шайқалыстан майысқан –
Мәртебелі Азаматтар,
табиғат қателеспейді, әзілдегенді ұнатады,
мына күлкілі басқа назар салыңыздар –
Ханымдар мен мырзалар,
мұндай бас алдын ала ойлауға дәрменсіз,
сондықтан да ол құрып тынған –
Жоғары Жиналыс –
мидың аздығы, аранның алапаттығы,
данышпан үрейден ақымақ қиялдың көптігі –
Лайықты Қонақтар,
бұл жағынан келгенде, өзімізде еш мін жоқ,
өмір керемет, ал жеріміз біздің –
Қадірменді Демғаттар,
жұлдызды аспан
ойшыл құрақтың үстінде, бірақ
ізгілік заңы соның өзінде –
Теңдессіз Комиссия,
мұндай тек бір рет қана іске асқан,
бәлкім, осы бір жалғыз күннің астында.
Кеңес төріндегілер!
қандай епті қолдар, қандай
шешендік сөздер, қаншама
бастар шықтырлағы –
О, Жоғарғы Инстанция,
құйрықтағы қандай жауапкершілік?!
Құдай тәубесіне түскен түн
Поляк халқының әдебиеті әлемдегі ең үздік әдебиет санатына жатады. Мен сол әдебиетпен ерте таныстым. Бұл әдебиеттің қуаты, көркемдігі мені таңқалдырды. Жүрегімді тербеді. Шыңғыстаудың алып аспанының астында, мен, он төрт жастағы бозбала поляк әдебиеті мен өнеріне ғашық болдым. Сол әдебиетті жүрегіммен сүйдім. Сол тайсалмай тура шапқан, жырларын ерлікке суарған поляк әдебиетінің биік шыңдарының бірі – Вислава Шимборская. Вислава ханым әлемде сирек кездесер шындық жұтқан ұлы ақын.
1962 жылдың қара күзінде Қарауылда Анджей Вайданың «Пепел и Алмаз» фильмін көріп, далаға шыққанымда менің жан дүнием ғажайып арпалысқа түсті; ақиқат атты алып толқынның астында қалып тұншықтым, ақиқаттың ешқашан өлмейтін, түгесілмейтін ерекше құбылыс екенін бозбала жаным сезіп аласұрды; бұл фильмнің қуаты менің жүрегімнің тас-талқанын шығарды. Санамды сандалтты. Қарауыл төбенің басына шығып ұзақ отырдым. Жалғыздық жеңген бозбала жаны «Пепел и Алмаз»-дан соң есі ауысқан, төбе басында талмаусырап қанша отырғаным есімде қалмапты. Мен төбеден түскенде күздің қоңыр кеші ауылды тұмшалаған-ды.
Атам мені аула ортасында тосып тұр екен. «Балам, қайда жүрсің? Малдар өрістен келіп алды, ал сен жоқсың?.. жоқсың... Бұл жарамас мінез, қарағым!..», – деп үн қатты. «Мен де оралдым, ата, оралдым», – деп атамның құшағына ендім. «Ата, кешір мені, кешір...». Бойы еңгезердей, батыр тұлғалы атам мені құшағына басты. Қайтып атам да үн қатпады, мен де үн қатпадым. Ата мен немере үнсіз ұғысқандай еді. Бозбала жүрегіндегі бұлқынысты атам сезген. Әр нәрсенің өз сәті, өз соғар сағаты болатынын атам жақсы білетін. Сол түні ұйықтай алмай, ұзақ дөңбекшіп шықтым. Фильмдегі трагедияға толы суреттер көз алдымнан көлбеңдеп өтіп жатты. Ақиқатты осынша терең таразылаған көркем өнер туындысымен бұл менің тұңғыш кездесуім, тұңғыш табысуым, тұңғыш арбасуым болатын.
Бәлкім, суреткер жазушы болуға бекінген бозбала тілек сол түні оянған болар. Бұл ақиқатты айтудың, жазудың, ақиқатты жүрекке түнетіп өмір кешудің қиямет-қайым теориясын сол түні түсінбеген болармын. Бірақ ақиқатқа беріле ұмтылған талпынысымды сезінгенім айқын еді. Ұйқымнан да сергек, сенімді қимылмен атып тұрғаным есімде. Таңмен таласа атамның көк атына қарғып мініп, өзенге қарай шаба жөнелгенім әлі күнге дейін көз алдымда. Жазушы болуды пешенеме Алла-Тағаланың өзі де сол түні жазып жіберген болса керек. Әлде ол жаза ұрыққа ілесіп осы дүниеге бірге жете ме екен?
Айтшы, әкей, маған,
Исаактың жазығы неде?
Доп лақтырды ма көршінің терезесіне?
Дастарханды ластады ма?
Жалғыз шалбарын жыртып тастады ма?
Құс үркітті ме?
..................................................
Терезеден әлдене ағараңдап көрінді,
басында құс боп, сонсоң жел боп сезілді.
Бірақ мұндай құс қанатын да,
мұндай жел санатын да көрмегем.
Құдай, әрине,
көршіміз кейіптеніп,
Өзін сөгіп,
өзін табалайды,
ал, сонсоң
әкемді әңгімеге шақырып,
ас үйде оның жанын жаралайды.
Міне, таңертең,
Әкеммен сыртқа шықтым,
жаныммен
жек көру сезімін ұқтым – жақсылық,
махаббат – бәрі бекер,
күзгі жапырақтай әншейін, лекер.
Сенім де жоқ,
алдайды бәрібір,
Махаббат ол да жоқ,
бос кеудем әлі жүр.
Бар болса, бар шығар.
Бар болса, ол менде,
кепкен саңырауқұлақтай,
жүрек орнында, кеудемде.
Құдай бұлттан
алау-жалынға қарайды.
Ал мен өлемін, өзімді несіне алдаймын.
Тірі жүрсем деп ешқашан жазбаймын!
Осы бір түннен соң, жап-жалғыз үннен соң,
тебіреніс пен күңіреністен соң,
Құдай тәубесіне түсті,
тура айтудан гөрі астарлап айтуға көшті.
Бұл – Вислава Шимборскаяның толғанысы. Өлмейтін өлеңдердің бірі де осы өлең. Қырық миллион халқы бар Польша ХХ ғасырда төрт бірдей Нобель сыйлығын алды. Олар – Владислав Реймонт, Генрик Сенкевич, Чеслав Милош, Вислава Шимборская. Поляк әдебиеті мен өнері туралы кезі келгенде, еркін отырып, еркін сөз айту керек болар. Ол менің парызым іспетті. Ерте есеюіме, ерте сана бекітуіме, рухымды аспандатуға, намысымды биік ұстауға қазақ әдебиеті туғанымнан қалай тәрбиелесе, маған америка, жапон, орыс, поляк әдебиеттері де сонша ықпал жасады. Бұлар әлемдегі шоқтығы биік әдебиеттер. Сонан да болар, сексенінші жылдары қары қалың Мәскеуде екі апта бойы дала бетін көрмей өз-өзімді «жалғыздық абақтысына» қамап, «Желтоқсан күндері» атты повесті ұйқы көрмей, бітірген едім.
Бұл поляк кинорежиссері әйгілі Анджей Вайда мен жас қазақ режиссерінің өнер туралы, өмір туралы, адам тағдыры туралы айтылған толғаныстарға толы ойлары болатын. Бұл қазақ пен поляк халықтарының адам айтса нанғысыз трагедиялары жайлы жанайқайы еді. Ол туралы Кеңестер заманында жазу да қатерлі болатын. Бірақ шындық жұтқан жандар, сол шындықты айтпаса орта жолда өліп тынардай болған Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Белла Ахмадулина, Василий Аксенов өз шығармаларымен, Олжас Сүлейменов «Аз и Я»-сымен Кеңес баррикадасына кеуделерін тосқан кез еді. Бұлардың қай-қайсы да нартәуекелге бел буғандар болатын. Бірақ Ақындар да, Ел билеушілер де сақтық сақтайтын. Сондай кереғар заман еді. Ал бұлардай жанкештілер Батыста көп кезігетін. Олардың шығармаларын біздер «самиздат!» арқылы оқушы едік. Қолжазбаны бір түнге оқуға алатынбыз. Мен Венгрияда, Польшада, Финляндияда, Германияда, Америкада болғанымда (Кеңестер кезінде 1980-1990 жылдар) «самиздаттың» кітаптарын іздедім. Москвада көрсетілмейтін, Кеңес үкіметінің идеологиясына кереғар келеді деп есептелетін ғажайып кинофильмдер мен театр қойылымдарын көруге ұмтылдым. Оның бәрі «кеңес түрмесінде» мылқау да, сақау да, соқыр да болған біздер үшін табылмайтын саф алтын тебіреністер еді-ау! Будапештке бір барғанымда жеті түн, жеті күн «Астория» қонақ үйінен шықпай «самиздат» кітаптарын оқып едім. Әрине, бүгін ол «самиздаттар» кітап сөрелерінде толып тұр. Әттең, оқырмандары таусылған, асыл қазыналарды шаң басып жатыр!.. Сол «самиздаттар» сол кезде біздің жанымыздың өлмеуін қадағалаған сақшылар екен-ау! Сол кітаптар болмаса біздің көңіл аямыз күңгірт тартқан болар еді. Сол кітаптар бізді Адам болып қалуға, Адам болып өлуге тәрбиелеген асылдар болатын. Сол «самиздаттарды» бүгінгі тәуелсіз аталатын мемлекет басшыларының бәрі оқыған. Сол бостандық ауасын жұтуға олар да жандарын салған. Олар қорғанған, қорыққан, бірақ бостандық ауасын сезіну ерекше бақыт болатын. Бүгін сол кездегі Кеңес азаматтары, бүгінгі ТМД елдерінің Президенттері, сексенінші жылдардағы бостандықты аңсаған, бостандыққа ұмтылған күйзелістерін ұмытқан да болар, бірақ менің ойымша, сол кездегі бостандық дәмі, кей түндері оларды да түн ұйқыларынан тұрғызатынына мен кәміл сенемін. Бостандықтың, Ақиқаттың, Әділеттің дәмі адам тіріде таңдайдан кетпек емес.
Вислава Шимборскаяның өлеңдерін мен тұңғыш рет Нью-Йоркте «Континент» журналындағы орыс жазушыларынан бір түнге алып оқып едім. Таңғы аста қайтып бердім. Ал Вислава ханымның өлеңдері менің жүрегімде төңкеріс жасап жатыр еді.
Біз өз дәуіріміздің баласымыз,
саясат дәуірінің.
Бар ісіміз біздің және сіздің де
саясатпен өзектес
күндізде де, түнде де.
Қала, мейлі, қалама –
бұл саяси тек – нақты
дәл терінің түсі мен
көз реңі сияқты.
Айтқан сөздің бәрінде
саяси мән болады,
үндемесе – тек құпия тұрады.
Орманда да егісте
әр қадамың саяси,
сол саяси амалың.
Саясатқа қарсы өлеңнің өзі де
саясатпен оқталған,
ойдың өзі партиялық мәнге ие.
«Боламын ба, болмаймын ба?» – мәселе,
соның бәрін шешеміз
тек саяси сезіммен.
Саясаттың жолында
адам болу міндет емес, сенсіз-ақ
бола берер жанармай мен сүрлем шөп,
немесе әлгі шикізат.
Өмір, өлім шешілетін қасында
үстел үсті айғай-шуға толады,
дауласады ай бойы – мына тұрған үстелдің
шеше алмастан не сопақ,
не дөңгелек екенін.
Дәл сол сәтте халық күйреп жатса да,
аң аңырап,
үй өртеніп, дала жылап жатса да,
мың жылғыдай бұрынғы
құр даңғаза бұл саяси даурығу.
Вислава Шимборскаяның қайтыс болғанын естіген күні мен үйге сыймадым. Халықаралық Абай клубында шығарған «Поляк поэзиясы» кітабынан ақынның өлеңдерін тауып қайта оқыдым. Жан тыншымады. Тауға да бардым, Барға да бардым. Оңаша да қалдым, бірақ жан тула-уын тоқтатпады. Ұйқысыз тағы бір түн өткізіп, Алматыдағы Польша Республикасының Бас консульствосына арнайы соқтым. Бас консул – жақсы досым Веслав Осуховскийге көңіл айттым. Әдебиет пен өнерге жаны үйір Веслав, Нобель сыйлығының иегері болған Милош пен Шимборская туралы естеліктері мен ойларын ортаға салды. «Веслав елші, Вислава Шимборскаяның кітабын шығарайық», – дедім. «Өте дұрыс. Мен қолдаймын. Сенің Абай клубың шығарсын. Аудармашы табайық», – деді. Милошты аударған арынды ақын Әбубәкір Қайрановқа аудартатын болып келістік. Екеуіміз бірдей орнымыздан тұрып қол алыстық. Құшақтастық. Сөз бітті. Іс басталды.
Польша мен Ресейдегі аудармашылармен, Әбубәкір ақынмен келіссөздер жүргізілді. Бірақ күзде жүрек сыр беріп қайтадан ауруханаға түстім. Бұл менің сол жылы бесінші рет ауруханаға түсуім еді. Жүрекке екінші операция керектігі анықталды. Менде басқа жол да жоқ болатын.
Астанадағы жүрек клиникасының кең палатасының үлкен терезе алдындағы тумба үстінде менің қолжазбаларым, Вислава Шимборскаяның өлеңдерінің қазақша аудармалары, Абай клубында жаңа ғана басылып шыққан Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жаһангез», Гетенің «Фауст» дастандары тұр еді. Сол асылдармен қоштасып таңертең операция столына жаттым. Операция сегіз сағатқа созылды. Мені есіме келтіріп, екі күннен соң палатама алып келгенде, екі алып ақынның кітаптары, Шимборскаяның аудармалары, өзімнің жазып жатқан «Өлгеннен соң есептесерміз» атты Қазақстанда өршіген терроризм мен діни лаңкестік туралы сахналық трагедияның қолжазбасы қарсы алды.
Бар ішінде бомба жарылады он үш
сағат жиырмада.
Бізде әлі он үш сағат, он алты.
Біреу шығып үлгеріп,
біреу кіріп барады.
Лаңкес шығып үлгерді жолдың арғы бетіне.
Бұл қауіпсіз қашықтық,
Көрінеді бәрі анық:
Сары күртелі бір әйел, міне, шығып келеді,
Әйнек киген бір еркек қыр соңынан ереді.
Джинси киген жастар да бір әңгіме үстінде.
Он үш сағат, он жеті, төрт секунд және де.
Көлігіне мініп жатыр әлдекім,
ажалы жоқ екен де.
Мына біреу жоғарыдан кеп кірді.
Он үш сағат, он жеті және қырық секунд.
Әсемденген анау қыз бері беттеп келеді.
Оны автобус көлегейлеп тастады.
Он үш сағат, он сегіз.
Көрінбейді қыз әлгі.
Кірді ме өзі, ақымақ, кірмей өтіп кетті ме –
өліктерін бәрінің шығарғанда көреді.
Он үш сағат, он тоғыз.
Ешкім кірмей қалды ғой.
Өзі семіз, өзі таз – біреу шығып тағы да,
біраз тоқтап, қалталарын қарауда.
Он секунд қалыпты он үш сағат, жиырмаға,
Қайта кірді әлгі таз ұмытқанын алуға.
Міне, болды он үш сағат, жиырма да.
Уақыт қалай өтпейді. Мүмкін, қазір.
Жоқ, әлі емес. Иә, қазір, дәл қазір
Жарылады бомба да.
Бұл жолы да өлмейтініме, жүрекке жасалар екінші операциядан да тірі шығатыныма, мені тосқан ұлылардың құшағына қайтып оралатыныма еш шүбә келтірмеген едім. Туған халқым мен туған әдебиетімнің алдында өтелмей бара жатқан парызым бар еді. Бар жан қуатымды салып сол парызды түгел орындау керек болатын. Адам үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін қызмет қыл деп өсиет айтқан Абай бабамның тілегін қалай жерге тастармын?!
Қалың екі кітаптың мұқабасында салынған суреттердегі Руставелидің де, Гетенің де көздерінде қалың мұң тұнып тұр еді. Операцияда жамап-жасқаған жүрек қайта тулап берді. Көзім қарауытты.
Ең жүйрік қас-қағымдық запыран шашқан зәрлі ойлар миымды жаулады.
Сонда «шындық жұтқандарды жалғыз қалдыру күнә» деп ойладым.
Он бесінші ғасырдан жүрегі шерменде болған грузин Руставелиді, он сегізінші ғасырдан жүрегі уланған неміс Гетені, жалғыздық қапасын көрген Адам Мицкевич пен мадияр-қыпшақ Шандор Петефиді, қазақ Махамбетті, Шоқанды, Абайды керексіз қылып жалғыз тастағандарымыз үшін шын күнәһармыз-ау деп.
Сонда ойладым: ұлыларының есті сөздерін естеріне сақтап қалдыра алмаған халық тірі өлік болар деп.
Рухы мен намысын, адамгершілігі мен бостандығын санада өшірткен; мәңгіге естен адасқан тірі өліктер кезген кеңістікті көз алдыңызға елестетіп көріңіз...
Көрдіңіз бе? Көрсеңіз ондай кеңістікте өмір сүруге бола ма?.. Өзіңізді ойламаңыз... болашақ ұрпағыңыздың тағдырын ойлаңыз. Біз келмеске кетуге керуен тартқандармыз. Ал қазақтың жас тұяғы қайтып күн көрмек?..
Әлем саясатын басқаратындарға, заман өткен сайын адам туралы ойлау қиындап барады. Олардың ойлары ақшаға шырмалып үнсіз жатыр. Оларға керегі екі-ақ нәрсе. Біреуі – билік, екіншісі – ақша. Билік болса, ақша болатынын, ақша болса, билік болатынын олар жақсы біледі. Замандар бойы саясат салған сара жол осы. Ол – коррупция мен сатқындық жолы.
Сонан да қара жерге аманат қылып жіберілген шындық жұтқан Ақындар, Батырлар еш тайсалмастан саясатшыларға қарсы шығады. Бұл мәңгілік қарсылық майданы.
Билік Құдай жіберген асыл ақындарды да, көзсіз батырларды да амалын тауып өлтіріп жатады. Бірақ қарсылық қозғалысы еш тыным таппайды.
Батыр өледі. Бірақ, қара жерді дүр сілкіндірген даңқы аңызға айналады.
Ақын өледі. Бірақ қара жерді шындық пен мейірімге толтырған асыл сөздері, жылы, шуақты желдей көшіп жүреді.
Билік басындағылар да өледі. Бірақ олардың бірен-сараңы болмаса, арттарында түк те қалмайды. Құшағын толтырған көк ақшаларын құшақтап, көрінген төбенің басында құмға бөгіп өліктері қалатынын ұзақ-сонар тарих айтады.
Қара жерде өлмейтін, Алла жіберген Сөз ғана.
Алып Аспанның асты мен қара Жердің үстінде күн кешкен халқымызды ардақ тұтайық.
Ақын да, Батыр да, Саясаткер де, сол халықтың құшағынан суырылып шығатынын еш ұмытпауымыз керек.
Вислава Шимборская ханымның жан тербеген өлеңдері осы өлең кітапты шығарар тұста мені қайтадан қинағаны рас. Мені тәрбиелеген ұлы ақындар мен ойшылдар туралы тірі болсам естелік кітап жазуды өзіме ант еттім. Ол өзім үшін де, – олардың рухына тағзым етіп, рахмет айтуым керек еді; өсіп келе жатқан қазақ өлкесінің жаңа ұрпағы үшін де – бұл олардың рухани әлемін тәрбиелейтін аманат ретінде қалу керек еді. Менің бұл ойымды Вислава ханым да растағандай:
Мұнда жатыр Шимборская деген жан,
нүктелі үтір секілді. О, қара жер,
болма алаң,
әдебиетшілер тобынан алшақ шығар,
кім білді.
Құшағыңа алыпсың бұл жазушы әйелді.
Жапырақ па, үкі ме – бәрі, міне, шығарма.
нәтсіз тасты әрлесең, ол мәңгілік тұрар ма?!
Ей, жолаушы, электрон миыңмен,
бұл әйелдің тағдыры туралы да бір ойлан.
Бұдан өзге ойға берілу күнә екенін сезіп, сөзін тежеп, көңілін тіктеген.
Роллан Сейсенбаев
Бөлісу: