Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағы ж...

19.12.2024 141

Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағы жарық көрді 14+

Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағы жарық көрді - adebiportal.kz

20 желтоқсан Алматы қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы және Халқаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының таныстырылымы өтеді.

Жаһандану мен жасанды интелект дендеген қазіргі таңда ұлттық құндылықтарға айырықша басымдықтар берілуде. Бұл туралы мемлекет басшысы да Ұлттық Құрылтайларда бірнеше рет айтты. Ұлттың ұлт болып сақталуы да ұлтты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің қаншалықты сақталуына байланысты. Осы тұрғыдан   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының берері көп.

Көптомдықтың бірінші, екінші томына ақынның өлеңдері, үшінші томына эсселеріне берілген болса, 4,5,6,7,8 томдар толықтай этнография тақырыбына беріліп отыр. 9,10,11 томдар тарихи-зерттеу еңбектеріне берілген. Ақын туралы жазылған мақалалар мен зерттеу еңбектер 12-томға, сұқбаттары 13-томға енгізілген. Әлеуметтік желі жазбалары 14-томға және орыс тіліне аударылған еңбектері 15-томға берілген. 

Көптомдықтың тұсаукесеріне ақын-жазушылар,  тарихшылар мен әдебиетшілер,  мәдениет һәм өнер қайраткерлері, этнограф-ғалымдар мен журналистер шақырылып отыр.

Өтетін жері: Алматы қаласы, «Эсперанзе» мейрамханасы

Өтетін күні: 20 желтоқсан, жұма, 2024 жыл

Басталатын уақыты: 11.00.

Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы және "Алаш" әдеби сыйлықтарының лауреаты Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағы туралы А Н Ы Қ Т А М А 

Ақын Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының бірінші томына – "Жалын" баспасынан шыққан "Бастау" (1980 ж.), "Жазушы" баспасынан "Қарашық" (1990 ж.), "Бесіктен бейітке дейін" (1997 ж.), "Өлке" баспасынан "Сағыныш" (2000 ж.), "Ол көктем оралмайды" (2006 ж.), "Менің Түркістаным" ("Атамұра", 2008 ж.), екі томдық таңдамалысы ("Ұшпақ", 2008 ж.), "Ақ жаңбырлар әуені" ("Қайнар", 2010 ж.), "Жапырақ жауған қоңыр күз" ("Дәстүр", 2011 ж.) – атты жыр жинақтарына шыққан өлеңдері мен кейбір толғаулары еніп отыр. Кітап көпшілік оқырманға арналған.

Ақын Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының екінші томына – "Күреңбел" ("Дәстүр", 2014 ж.), "Көкжиек" ("Дәстүр", 2020 ж.), "Соны соқпақ, қоңыр мұң" ("Атамұра", 2023 ж.), "Құланиек, құба таң" ("Mereke baspasy", 2023 ж.) атты жыр жинақтарына енген өлеңдері   топтастырылған.

Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының үшінші томына – автордың әр жылдары жазған естеліктері, эсселері, мақалалары, жүргізген сұхбаттары, жасаған баяндамалары мен сапарнамалары еніп отыр. 

Сонымен қатар қуыршақ театрына арнап жазылған "Ер Төстік" поэтикалық драмасы мен "Ұр, Тоқпақ!" пьесасы да кірген.

Көптомдық шығармалар жинағының төртінші томына Қасымхан Бегмановтың абыз, зерттеуші-ғалым Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбаты беріліп отыр.

Төртінші томында – халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, арғы-бергі тарихы, көне мәдениеті, ескі сөздері, ұлттық киімі, тағамы, төрт түлік малы, ырымдары мен тыйымдары, жорамалдары, саятшылық дәстүрі, қазақ күнтізбесі, түс жоруы, жыл қайыруы, жеті ата жолы, жеті қазынасы, қазақ өлшемдері, бүгіні мен келешегі туралы және  шетелдерден елімізге ағылып келіп жатқан күнделікті халық тұтынатын әртүрлі тағам, тәтті сулар мен сағыздардан басқа да түрлі заттардың қайсысы адам денсаулығына қаншалықты зияндығы ашып айтылады. 

Бұл томның ерекшелігі – сыр-сұхбат арқылы нақты деректер мен қазақ халқының сан алуан салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына құрылғандығында деп білеміз.

Кітап ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыптарымызды, тарихымызды, тілді зерттеушілерге, этнографтарға, тарихшыларға және көпшілік оқырманға арналған.

Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының бесінші томына - еліміздің ғұлама-абыздары мен дін, ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері мен салт-дәстүр жанашырларымен жүргізілген тарихи-тәрбиелік һәм танымдық-тағылымдық сұхбаттар топтастырылып отыр. 

Бұл сұхбаттарда қазақ этнографиясы мен тарихы, оқу-білім, мәдениет және өнер, ұлттық қадір-қасиеттер мен тәлім-тәрбие, дін, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғылар, ырымдар мен тыйымдар туралы толымды әңгімелер қозғалып, жан-жақты сараланады. Кітап көпшілік оқырманға арналған.

Ақынның көптомдық шығармалар жинағының алтыншы томына – белгілі тарихшы, этнограф-ғалым Уахит Шәлекеновтің өмірі мен ғылыми шығармашылығы, қазақ тарихы мен этнографиясына қатысты тұшымды ойлары, академиктер – Оразақ Смағұловтың, Сейіт Қасқабасовтың, Жағда Бабалықұлының мұраларын сақтаушы, тарихшы Әлімғазы Дәулетханның тарихи һәм танымдық әңгімелері және салт-дәстүрді бүгінгі той-томалақтарда қалай дамыту керектігі туралы салиқалы сөз өрбіткен ерлі-зайыпты қаламгер-журналистер Марат Тоқашбаев пен Раушан Каршаловалардың ой-толғамдары топтастырылған. 

Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының жетінші томына – этнограф-ғалымдармен жүргізілген сұхбаттар топтастырылып отыр. Бұл кітапта қазақ антропологиясы мен этнографиясы, халқымыздың мұсылмандыққа дейінгі және одан кейінгі салт-дәстүрлері, қазақ шежіресі, әліпбиі және бүгінгі отбасылық мәселелер, көне түркі дәуірінің этномәдениеті, қазақтың зергерлік әрі ұсталық өнері жайлы кеңінен сыр шертіледі. 

Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының сегізінші томына – автордың Қарағанды, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Атырау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Моңғолия, Өзбекстан, Қарақалпақстан сапарлары негізінде жазылған жолжазбалары, көзбен көріп, көңілге түйгендері, архивтер мен музейлер туралы деректері, өңірлердегі өлкетанушылар, ғалымдар, тарихшылар, ақын-жазушылар, этнографтармен сұхбаттары енген. 

Сонымен қатар еліміздегі емшілер, суретшілер, қолөнершілер одақтарының басшыларымен, ұлттық күрес, ұлттық туризм саласының мамандарымен, көп жылдардан бері бүркітшілікті дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан "Қыран" федерациясының директорымен жүргізілген сыр-сұхбаттары топтастырылған. 

Ақынның көптомдық шығармалар жинағының тоғызыншы томына – "Мұстафа Шоқай жолымен" тарихи-деректі, танымдық сапарнамасының 3 бөлімі еніп отыр. Онда ұлы қайраткердің туып-өскен жері, мемлекеттік қызмет атқарған және жоғары білім алған қалаларын (Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ташкент, Ферғана, Қоқан, Самарқан  және Петербор) аралағанда жинақталған түрлі құжаттар, фотодеректер, ағайын-туыстарының және өзін немесе қызметтес болған әріптестерін көрген, не естіген адамдардың естеліктері енген. 

Көптомдықтың оныншы томына танымдық сапарнаманың төртінші, бесінші, алтыншы бөлімдері берілген.

Кітап шоқайтанушы ғалымдарға, студент жастарға және жалпы жұртшылыққа арналған.

Қазақтың көрнекті ақыны Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының оныншы томына – "Мұстафа Шоқай жолымен" тарихи-деректі, танымдық сапарнамасының соңғы 3 бөлімі еніп отыр. Онда Түркия, Грузия, Әзірбайжан, Франция және Германия сапарларының әсерлері айшықты тілмен баяндалады. Аталмыш мемлекеттердегі Мұстафа Шоқай болған, өмір сүрген, қызмет атқарған орындардан жинақталған деректер осы әсерлі әңгімелердің арқауына айналған. 

Олардың сөздері қаз-қалпында беріле салмай, белгілі бір оқиғаларға негізделіп, жүйеленіп, автордың ерекше талғамымен сұрыпталынып берілген. Автор осы экспедицияға жетекшілік жасай  жүріп өзінің көрген-білгендерін, көңіліне түйгендерін куәлердің сөзімен және құжаттармен толықтырып, оқырманға өте сенімді етіп баяндайды. Мұстафа Шоқайдың жары Мария  Шоқайдың туған баласындай болып, сегіз жыл бірге өмір сүрген және Түркістан легионының жетекшісі болған Уәли Каюмханның көзін көрген, немістердің концлагерлерінде ауыр азаптарды өз басынан өткізген 92 жастағы Әлім Алмат ақсақалдың автормен сұхбаты кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. 

Танымдық бұл тарихи зерттеу кітабы нақты деректерге құрылғанымен барынша жеңіл оқылады. Қаламгер шеберлігі деген осы болса керек. Кітап шоқайтанушы ғалымдарға, студент жастарға және жалпы жұртшылыққа арналған.

Ақын Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының он бірінші томына – автордың "Экспедициядан кейінгі өмір" деп аталатын кітабы еніп отыр. Онда Мұстафа Шоқай басып өткен сегіз мемлекетті қамтыған "Мұстафа Шоқай жолымен" атты экспедициясы аяқталып, осы аттас кітап пен төрт сериялы деректі фильмі шыққанға дейінгі аралықтағы төгілген тер, атқарылған еңбек, шеккен азап, бастан кешкен бейнет пен Өскемендегі жылға жуық уақытқа созылған сот құжаттары мен ғаламтордағы, баспасөз беттеріндегі айтыс-тартыстарға толы мақалалардан, оларға жазылған пікірлерден және осы тақырыпқа берілген сұхбаттардан тұрады.

Сонымен қатар, осы тақырыпқа жазылған поэмалары, толғаулары, тарихи драмалары еніп отыр. Кітап жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға және М.Шоқайдың өміріне қызығушылық танытатын барша оқырман қауымға арналған.

Ақын Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының он екінші томына – автордың әлеуметтік желілерде жазған жазбалары жинақталған.

Сонымен қатар, баяндамалары мен автор туралы әлеуметтік желілер мен сайттарда жазылған кейбір пікірлер, мақалалар және "Ол көктем оралмайды" атты поэтикалық драмасы еніп отыр. Кітап көпшілік оқырманға арналған.

Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы және халықаралық "Алаш" әдеби сыйлықтарының лауреаты Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының он үшінші томына – еліміздің аса көрнекті ақын-жазушылары мен белгілі журналистердің ақын шығармашылығы жайлы мақалалары, сұхбаттары һәм лебіздері, ой-тілектері енгізіліп отыр. Кітап көпшілік қауымға арналған.

Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының он төртінші томына – автордың басылымдарға берген сыр-сұхбаттары топтастырылған. 

Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының он бесінші томында ақын еңбегі туралы орыс тілінде мәлімет беріліп, топтастырылған.

Пятнадцатый том многотомного издания произведений выдающегося казахского поэта Касымхана Бегманова состоит из трёх частей. В первую часть вошли статьи об авторе и его творчестве, напечатанные в разный период времени известными деятелями литературы, классиками,  такими как Жумекен Нажмеденов, Кадыр Мырза-Али, Туманбай Молдагалиев, Дулат Исабеков и других. Читателя заинтересуют серия эссе Ильи Жаканова об истории создания нескольких его песен в соавторстве с Касымханом Бегмановым. 

Во второй части представлены стихи автора в переводе Михаила Синельникова, Натальи Орловой, Мурата Ергалиева и Ардак Еженовой. Стихи отличают страстность и искренность. Их удивительная энергетика увлекает и погружают в мир любви. 

В третьей части читатели смогут сравнить два варианты перевода поэмы "Завет Алашорды".

Книга предназначена для широкого круга читателей.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар