Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ләйлі Құндақбайдың «Сәруар сарын» жинағы жарық көр...

03.12.2024 353

Ләйлі Құндақбайдың «Сәруар сарын» жинағы жарық көрді 12+

Ләйлі Құндақбайдың «Сәруар сарын» жинағы жарық көрді - adebiportal.kz

Әйгілі Сыр сүлейлерінің заңды жалғасындай болған, Сыр өңірі жыршылық мектебінің бағзы дәстүріне адалдықпен ақындық жолға түскен үлкен өнерпаз, әрі айтулы ақын, ғалым, аудармашы Ләйлі Құндықбайдың «Сәруар сарын» атты жыр кітабының тұсауы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында кесілген болатын.

Құндақбай Ләйлі Шегебайқызы 1978 жылы 26 маусымда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қуаңдария ауылында дүниеге келген. 1995 жылы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп гимназияны үздік нәтижемен тәмамдап, 1995-1999 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультетіне білім алып, өте жақсы нәтижемен бітіріп шығады. 1999-2001 жылдар аралығында Қармақшы ауданындағы Сүлеймен Есқараев атындағы №27 дарынды балаларға арналған лицейде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. 2001-2018 жылдар аралығында Алматы қаласында, Қазақ ұлттық қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінде қызмет атқарған. 2007 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы диссертациялық кеңесте «Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармаларының тілі» тақырыбына жазылған кандидаттық диссертациясын жоғары деңгейде қорғап шыққан. 2088 жылдан бері Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының білім беру бағдарламалары орталығында редакторлық қызметін атқарады.

2006 жылы «Арыс» баспасынан «Тұмар» деп аталатын алғашқы жыр жинағы жарық көрген. Үстіміздегі жылы «Сәруар сарын» деп аталатын жыр жинағы оқырмандарына жол тартып отыр. Кітапқа автордың таңдамалы өлеңдері, толғаулары, қиса-дастандарына қоса, орыс ақыны Анна Ахматовадан, шығыс классиктері Шамси Тебризи, Жалаладдин Румиден тәржімалған аудармалары топтастырылған. 

Жинақтың алғысөзін жазған белгілі ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржан автордың «Сәруар сарынына» жүрекжарды лебізін білдіре отырып шығармашылық иесін: «Құдайдың сыбызғысына айналуды мақсат еткен ақын», - деп бағалайды. Ақын шығармашылығына өзінің ақжарма тілегін арнаған даңғайыр жырау, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматов «Сәруар сарынды» «құбыладан ескен сырлы сарын», - деп бағаласа, Ләйлі ақынның өзін «Сыр сүлелерінің ізін жалғаған шайыр», - деп алқап, ақ батасын берген екен. 

Ақын өз шығармаларында бүгінгі қоғам мен әлеумет өмірін ғана емес, адам жан дүниесінің құпия сырларына үңілген. Ізгілікке, жақсылыққа үндейтін, жас ұрпаққа ұнамды бағыт-бағдар көрсете алатын тақырыптарды қамтыған. Ақын өлеңдеріндегі сұлулыққа, іңкәрлікке, ізгілікке толы жыр жолдары көзі қарақты оқырманның лайықты бағасын алады деп сенеміз.

Кештің шымылдығын ашқан Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы ақын туралы ұзақ толғай келе былай деді: «Кешегі Абай, Шәкәрімдердің қалдырған дүниесінің ар жағына Яссауидің адами, ізгілікті ту еткен рухани дүниесі бағыт-бағдар болса, Яссауидің жолы күллі түрік баласына шамшырақтай нұр шашып, жол көрсетіп тұратынын несін жасырамыз. Бүгінгі – кешегінің жалғасы, бүгінгі – кешегінің жаңғырығы десек, бүгінгі Ләйлі ақынымыз сол кешегі Яссауиден жол алған сопылық бағыттағы жыршы-жыраулардың заңды жалғасы екеніне еш күмәніміз жоқ», - деп сөзін түйіндейді.

Қызылорда облыстық филармониясы директорының орынбасары Амандық Бүрлібаев Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтау хатын оқып берді:

«Құрметті, Ләйлі Шегебайқызы, сізді «Сәруар сарын» атты жинағыңыздың тұсаукесерімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ руханиятына талай танымал тұлғаларды әкелген қасиетті сыр өңірінің мәдени-рухани дамуына қосқан еңбегіңіз қашан да құрметке лайықты. Сіз Қармақшыдан қанат қағып, еліміздің бас қалалары Алматы, Астаналық оқу орталығында қызмет атқарып, ел руханиятының дамуына айырықша үлес қостыңыз. Сырдың шайырлық өнерін қайта жанданып, сыр сүлейлерінің ізімен қалам тербеп, оқырмандардың көзайымына айналған ақындардың шығармаларын елге таныстыру ерен еңбектің үлгісі. Сіздің «Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармаларының тілі» тақырыбындағы кандидаттық диссертацияңыз Сыр сүлейлерінің туындыларын кеңінен насихаттауға мол мүмкіндік берсе, шығармашылығыңыздың бойтұмарына айналған «Тұмар» жыр жинағы оқырман назарынан тыс қалған емес. Өзіңіздің таңдамалы өлеңдеріңіз, керемет толғаулар мен қисса-дастандарыңыз және аудармаңыз жинақталған «Сәруар сарын» атты кітабыңыз ұлт руханиятына қосар үлесі зор деп білемін! Сізге шалқар шабыт, денгіңізге саулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін! Құрметпен, Нұрлыбек Нәлібаев». Осыдан кейін облыс әкімінің арнайы кәде сыйларын тарту етті.

Келесі сөзді ақынның туған жерінен ат сабылтып Астанаға жеткен, Қармақшы аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаева алып, аудан әкімінің құттықтау хатын оқыды: «Құрметті, Ләйлі Шегебайқызы, Сізді Сыр сүлейлердің ізін жалғап, ескі аңыз-қиссаларды жаңаша жырлап, шығыс шайырларын төл тілімізде сөйлетіп жүрген, поэзия әлемінде өзінің орыны бар, оқырманның жоғары бағасын алған, талғамы биік ақын, сара сөздің шебері, аудармашы ретінде туған жеріңіз Қармақшы елі мақтан етеді. Қорқыт қобызының сарынынан нәр алып, өзегі мықты рухани құндылықтарды жас ұрпақтың бойына жаңаша үлгі ретінде сіңіре білгеніңіз үшін сізге алғысымды білдіре отырып, «Сәруар сарын» атты жыр жинағыңыздың таныстырылымымен құттықтаймын! Өзіңізге зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыңызға бақ-береке тілеймін! Құрметпен Жандос Еркінбек».

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған әйгілі жырау Алмас Алматов былай деп лебіз білдірді:

- Ләйлі Құндақбай – Сырдың ежелгі құяр сағасындағы, Қармақшы деген, жүз жырау шыққан елде дүниеге келген ақын. Топырағы – жеті атасы мекендеген жер. Сондықтан да болар, бесігіндегі әлди сөзінің өзі қамшының өріміндей Сыр сүлейлерінің ән-жырлары, терме-толғауларымен бірге өрілді деп айта аламыз. Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Қарасақал Ерімбет сынды сөз зергерлерінің шығармашылығы негізінде Сыр бойы жазба ақындық өнері қалыптасты. Осы жазба ақындарының айналасында мектеп болып Жиенбай, Мұзарап, Кете Жүсіп, Сәрсенбай сынды жыраулар топтасты. Демек ежелден ақын жазады, жырау айтып таратады. Осы мектеп, мінекей, күні бүгін жиырма бірінші ғасырға дейін үзілмей, арқау жібін үзбей бізге жетіп отыр. Кешегі кері саясат кесірінен Тұрмағамбет Ізтілеуұлы туралы айту мен насихаттау қуғынға ұшыраған сәттерде, ұлы ақын іздеусіз қалған еді. Тек тәуелсіздік алған соң ғана ақынның жүз жиырма бес жылдығына орай Ерхан Кәрібоз, Ләйлі Құндақбай үшеуіміз отырып мұраларын жинақтап, төрт томдық еңбекті құрастырып шығардық. Содан осы төрт томдықты ұстатып тұрып Ләйліге: «Айналайын, Ләйліжан, қазақта не көп ақын көп қой. Мынау мінәжат, ғазал жырларымыз үзіліп, өшіп барады. Айналайын, осы тақырыпқа қарай келсең қайтеді. Мынау төрт томның ішінде бір медресенің ілімі жатыр», - деп өтінген едік. Көп кешікпей біз Ләйлінің өлеңдерімен бірге аудармаларына да куә бола бастадық. Ал мына жаңа шыққан «Сәруар сарын» жыр жинағы қолымызға тиген уақытында біз Ләйлінің кемелденген, қалыптасқан ақындық күш-қуатын көрдік. Демек өнер өлмеген, дәстүр үзілмеген екен. Ләйлінің жазған жыры негізінде мінеки, Майра Сәрсенбаева, Мәриям Кетебаева, Төлеген Нұрәлиева сынды жыршылар тік тұра келді. Яғни, біз аталарымыздың жасап кеткен, бірі жазып, бір жырлап халыққа тарататын шығармашылық зертханалық жұмысын жалғастырып келеді екенбіз деп қуанған едік», - деп сөзін аяқтады жырау.

Кеш барысында елімізге белгілі қаламгер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, кинодраматург Айгүл Кемелбаева ақының ақындығынан тыс, зерттеуші, ғалымдығын да қатты құрметтейтін тілге тиек етті. 

Өз кезегінде жыршылар кезектесіп жыр жырлап, қобызбен күй тартып, кешке қатысушы көрерменнің көңілін тербеп, кештің мазмұнын байыта түсті.

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар