Марат Қоңыров. «Мағжан» фильмі «Хабар», «Қазақстан» сияқты телеарналардан көрсетілмеді
Бөлісу:
- Мағжан Жұмабаев туралы фильм түсіру қалай ойыңызға келді?
- Бала кезімде, Мағжанның шығармаларына тиым бар кезде, Мағжанның «Тыңдашы, тағдыр» деген сияқты өлеңдерін жаттап өстім. Отызға жуық өлеңін жатқа білдім. Тағыдырына қызықтым. Халық мүддесіне жасаған қызметіне бас идім. Мағжан дәуіріндегі қайраткерлердің қай-қайсысын да өзіме үлгі тұттым. Режиссерлік кәсіпке келгенде олар туралы фильм түсіруді мақсат еттім. Уақыты келді. 2012 жылы филімді түсірдім. Түсірілім жұмыстары Мағжанның ауылы - Сарытомарда және Петропавл қаласында, Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы - Булаевода табиғаттағы түсірілімдер жасалды. Негізгі түсіру үрдісі Алматы мен Алматы облысында болды.
- Білуімше, филімнің тұсау кесерінен кейін елдегі арналар «Мағжанды» эфирге шығаруға құлық танытпапты. Бұған не себеп болды?
- Фильм дайын болғанда Алматыда, Ақынның туған өңірі Петропавлда тұсаукесерін өткіздік. Зиялы қауым мен Мағжанның туыстары филімді көргенде көздеріне жас алып, тебреністерін жасырмады. Мен бұл филімді жастарға арнап, ақынның өмір жолын, азаматтығын танысын деп түсірдім. Сондықтан да мемлекеттік телеарнадан көрсетуге өтініш білдіріп, Хабар арнасының директорына хат жаздым. Олар хатқа жауап бермеді. Сосын телефон шалдым жиі, түрлі сылтау айтып, мені жолатпады. Фильм олардың «бюрократиясынан өтпеді». Сөйтіп жүргенде Мағжанның 120 жылдығы да өтіп кетті. Ақынның тойына шенеуніктер жиылып алып, «бешбармақ» жегені болмаса, басқалай тарихи бағасын беріп, той өткізгенін естімедім. «Хабар», «Қазақстан» сияқты телеарналардан көрсетілмеген филімді СТВ арнасы көрсетті. Алайда, Мемлекеттің барлық өңіріне тарайтын бас телеарналарымыз сол бойы құлықсыз. Ұлттық рухтан жұрдай шенділер Мағжан туралы білгісі де кемлейді.
- Филімнің түрік елінде көсретілуі қалай жүзеге асты?
- Түріктер өздері филімді Түркияда көрсетуге ұсыныс жасады. Түркияның АК партиясы арнаулы қаражат бөліп, филімге түрікше дубляж жасатты әрі тұсау кесер өткізгенде біздің жолшығынымызды түгелдей көтерді. Ыстамбұлдағы опералық театрда өткен тұсаукесерге Измир, Анкара, Анаталья сияқты үлкен қалалардан түрлі ғалымдар келіп, бас-аяғы 1 сағаттық филімнің тұсау кесерін алты сағатқа созып, ұзақ қолшапалақтап қошаметін көрсетті. Мағжан туралы олар сахнада ұзақ-ұзақ сөйледі.
Кейін де бізді, мені және филімдегі актерларды арнайы шақырып, мемлекеттік телеарнасында хабар жасап, тікелей эфирде сөйлетті. Фильм де эфирден бірнеше қайталанып көрсетілді.
- Қазіргі күнде Мағжан Жұмабайұлы 1938 жылы атылмай қалған, 1951 жылы Магаданда ауыр еңбектен науқастанып, қайтыс болған деген сөздер бар. Сіздің филіміңізде Мағжан тағдыры қалай шешіледі?
- Иә, ондай пікір бар. Алайда, дәлелдейтін ешқандай құжат жоқ. Оның 1938 жылы өлмей қалуы мүмкін емес деп ойлаймын. Мен түрлі құжаттармен көп жұмыс істедім, олардың бәрінде Мағжанды тірі қоятындай себеп жоқ. Совет заманында шыққан үкімдердің орындалмай қалғаны жоқ қой. Бұл сөз 2009 жылдан бастап шықты. Ал, бұл кезде Мағжанның ақталып, шығармашылығының халыққа еркін таныстырылғанына 20 жыл болған. Мағжан 1938 жылы атылмады деген пікір осы жиырма жылдың ішінде неге айтылмады? Мағжанның немересі Шайзада апамыз менің кино түсіруіме көп көмегін көрсетті. Ол кісілер Мағжан атамыздың сүйгін іздеп, Колымаға, Сусуманға барған кезде ешқандай із-дерек таппаған. Филімнің премьерасы Петропаволда өткен кезде Мағжанның бүкіл туысқандары залда болды. Солардың арасында Мағжанды өз көзімен көрген кісілер де отырды. Солар филімді көргенде Мағжанның өзін көргендей болдық деп жылады. Менің филімімде Мағжанның абақтыдағы күндері, атылғанына дейінгі тағдыры бейнелеген.
- Филімде Мағжанның образын ашу үшін сол тұстағы Мәскеу саясатын көрсету керек. Фильмде мұны анық бейнелей алдыңыз ба?
- Әрине, Совет үкіметінің репрессиясын ашық көрсеттім. Менің «Мағжаннан» басқа Кенесары туралы деректі филімім бар. Соны түсіруді бастағанымда шенеуніктер қатты қорықты. Маған келіп «бұл тақырыпты қозғамай-ақ қойыңыз» деп ақыл айтқандар да болды. Бұл тақырыпқа рұқсат жоқ дейді. Мен оларға: «Рұқсат сендерге жоқ шығар, Кенесары қазақтың соңғы ханы, оны жастар білуі керек, түсіремін» дедім. Бұл филімді де дайын болғанда Хабарға ұсынғанмын, көрсетпеді. Олар толған қорқақтар. Кешегі өткен ерлерді, қайраткерлерін сыйламайды, ардақтамайды.
- Филімге деген халықтың ықласын қалай бағалайсыз?
- Жоғарыда премьера кезіндегі жұрттың ықыласы туралы айттым ғой. Бәрі де жақсы бағасын берді. Алайда, менің жанымның бір қынжылғаны: Гумилев атындағы Ұлттық университетте проректор, Алаштанушы Дихан Қамзабектің қолдауымен филімді студенттерге көрсеттік. Сонда бар-жоғы бір сағаттық киноны жастар тыныш отырып көре алмады. Мінбеге шығып, Мағжан туралы айтқанымда, 500 кісі отырған залда құлақ қойғандар аз болды. Телефонмен сөйлесіп, отырып-тұрып, ары-бері жүргені, күлгені бар – Мағжанның рухын сыйламады. Бұған кім кінәлі, сол жастар Мағжанның сеніп кеткен жастары еді ғой. Мен, әрине, жастарды кінәламаймын. Соларға Мағжанның кім екенін таныта алмаған қоғамды кінәлаймын. Біз арыстарымыздың қадірін білмейміз. Қадірлемек түгілі кейбіреулер танымайды да. Биліктің Алаш арыстарының еңбегін жастарға бүге-шігесіне дейін оқытып, солардың рухымен тәрбиелеуге неге қорқатынын мүлде түсіне алмаймын.
- Мағжаннан басқа да Алаш қайраткерлері туралы фильм түсіру ойыңызда бар ма? Бүгінде қандай шығармашылық жұмыстарды қолға алып жатырсыз?
- Қазір «Хандықтың 550 жылдығы» туралы кино түсіріп жатыр. Онда қазақ тарихындағы тұтас хандар көрсетілуі керек қой. Соңғы хан ретінде Кенесары да көрсетілуі керек. Хандар көрсетіліп қана қоймай қайраткерлік образдары жан-жақтылы ашылуы керек. Олай болмаса, кино түсіріп не керек?.. Сол киноның өзіне бөлінген қаражатты ұрлап-жырлап, енді келіп «жетпейді» деп халыққа алақан жайыпты. Мағжан туралы филімді бітірген соң Мәдениет Министрлігіне хат жазғанмын. Мен Мұхаммеджан Тынышбев туралы кино түсіруге идея ұсындым. Қолымда барлық материалдар бар. Олар елемеді. Мысалы мен «Мағжанды» түсіруге 140 мың доллар, «Кенсарыны» түсіруге 110 мың доллар қаражат жұмсадым. Бұндай қаржы министрлік үшін түк те емес. Ештеңеге қажеті жоқ неше түрлі шоуларға да кетіп жатыр ғой.
Сондай-ақ, Алтай қазақтарының Түркияға қалай жеткені туралы филімді де сценарийін дайындап ұсындым. Онда Халифа Алтай арқылы Алтайдан Анадолыға кеткен қазақтың өмірін көрсеткім келді. Халифа Алтайдың бүкіл кітаптарын орыс тіліне мен аудардым. Сол кітаптарынан кинороман жаздым. Сол ойға алған кино арқылы бабаларымыздың дінді қалай ұстағанын көрсетіп, дәстүрмен біте қайнасқан дін ұстану ғұрпымызды халыққа танытқым келді. Қазір түрлі сұмдықтар шығып жатыр дін атын жамылып. ИСИМ сияқты топтарға қазақтардың кетіп қалуы мүлде діни сауатсыздығы ғой. Дәстүрлі дінімізді көрсеткім келген ол филімнің жобасына да министрліктен жауап жоқ. Одан басқа да түрлі тізімдер ұсындым. Әзірге қолдау болмай тұр. Біздің елде ұлт мүддесіне бағытталған жұмыстарға қолдау болғанның орнына биліктің өзі қолбайлау болып келеді.
Фильм режиссері Марат Қоңыров бізге халыққа жариялайсыңдар ғой деп «Мағжан» филімінің дискісімен қоса, Кенесары хан туралы түсірген деректі филімін де ұсынды.
Сұхбаттасқан: Нұрғали НҰРТАЙ
Бөлісу: