Мекемтас Мырзахметұлы. Абай
Бөлісу:
03.08.2015
8462
«...Абай адамгершілікті моральдық философияда барлық жайдан жоғары қояды».
М.Әуезов
Абай өмірбаяны
Абайдың ғылыми өмірбаянын жазу - өте күрделі мәселелерді молынан қамтиды.
Абайдың ғылыми өмірбаянын терең танып, ақынның заманы тудырған ерекшеліктерін біліп меңгермейінше, Абай шығармаларының қоғамдық-әлеуметтік басты сарындарын ажырата алуымыздың өзі қиынға айналмақ.
Абайдың бірегей биографы Мұхтар Әуезов Абайдың ғылыми өмірбаянын жазу, қалыптастыру жолында ұзақ жылдар бойы толассыз ізденді. Абай жасаған ортада туып, балалық шағынан атасы Әуез арқылы ақын өлеңін жатқа айтып, ел әңгімелеріне қанып өсуі - биограф Мұхтар Әуезовтің Абайдың ғылыми өмірбаянын жазуға көп жеңілдіктер тудырды. Абайдың ақын шәкірттерімен тікелей араласып, ақын жайлы дерек мағлұматқа жастай қанып біліп өсуіне тірі архив иелерінің әсері де айтарлықтай болған. Әсіресе, Абайдың ақын шәкірті Көкбай мен Шәкәрімнің Абай өмірі мен жасаған ортасы, ақындық жолдағы рухани ізденістері туралы құнарлы әңгіме деректері жәрдемге келгенін биографтың «...Менің жұмысым жинастыру сияқты. Әуелі оның өмірін зерттедім... Көптеген деректер тобын жинастырдым. Көкбаймен, атаммен, Ділдәмен, ақынның достары, жауларымен жеке-жеке кездестім... Көкбай, Ділдә, Әйгерім, Нұрғаным... оларды көрдім, әңгімелестім» (ЛММА архиві, 398-папкі, 27-бет), - деп тебірене отырып баяндайтыны бар.
Біздер, қалың қазақ оқырмандары, Абайдың ғылыми өмірбаянын М.Әуезов 1924, 1940, 1944, 1951 жылдары, яғни төрт рет қайта толықтырып жазған нұсқаларынан оқу арқылы меңгереміз. Бұған қоса, XX ғасырдың ұлы жазушысы атанған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын оқу арқылы да таным-нанымымызды кеңейтіп тереңдете түсеміз.
Абайдың әдеби мұрасын өз деңгейінде тереңірек танып ұғынуымыз үшін, алдымен Абай өмір сүрген, ұлы ақынды қоғам қайраткері етіп қалыптастырған отбасы тәрбиесі мен сол заманның саяси-әлеуметтік болмысын, қоғамдық ортасын жете танып-білудің мәні айрықша болмақ. Ол үшін Абайдың өзі ғұмыр кешкен заманы мен оның атасы Өскенбай мен әкесі Құнанбайдың заманын салыстыра қарап, сын көзімен қарасақ, көптеген саяси-әлеуметтік мәселелердің астарлы сыры ашыла түсетінін аңғарамыз.
Абайдың атасы Өскенбай Ырғызбайұлы (1773-1850) тобықты руының атақты биі болған. Өскенбай заманы тәуелсіз қазақ хандығы мен Ресей империясының отаршылдық заманында өмір сүрген. Құнанбай әкесі Өскенбайға 1851 жылы ас бергенде 6 жасар Абай әжесімен бірге сол асқа барған еді. Бала Абай жастайынан атасы Өскенбай заманын, онда болып өткен түрлі оқиғалар мен ру таласын, саяси-әлеуметтік мәселелерді сезініп өссе, олар жайлы тарихи әңгімелерді ел аузынан естіп, көкірегіне түйіп өсті. Өйткені, ол заман әлі де болса қазақтың көшпелі өмірі мен әдет-ғұрпын, ұлттық салт-санасы, дүниетанымы сол қаз-қалпында сақталып, өзгеріссіз тұрған кезең еді.
Ұлы ақын Абайдың 13 жастан өмірінің соңғы күніне дейінгі өмір жолы аға сұлтандық билік жүйесінің соңы мен елді ала тайдай бүлдірген болыстық биліктің заманында өтіп жатты. Сондықтан да Құнанбайды терең танып білмейінше, Абайды жете танып білудің өзі қиынға соқпақ. Құнанбай Абайды 13 жасынан бастап ел билеу жұмысына баулып, ел өмірімен, халықтың тұрмыс болмысымен мидай араластырып жіберді. Абай осы ортада ер жетіп, отбасы тәрбиесі мен халық өмірін танып-білу жолы мен қалыптаса бастады.
Абайдың әдеби ортасы
Осы кезден бастап қазақы ортада Абайдың алғашқы әдеби ортасының қалыптасу жолындағы рухани құбылысын көреміз. Ел билеу жолындағы әкесінің тапсырмаларын орындай жүріп, елдің әдет-ғұрып, салт-санасы мен әңгімешіл қарттарымен сырласа жүріп, халқының рухани қазынасын қаныға түсті. Аты шыққан замандас ақындары Дулат, Шортанбай, Шөже, Балта, Тәттімбет, Қазақбай, Жанақ, Түбек, Біржан, т.б. ақындардың алдын көріп, Сабырбай ақынмен сыр шертіп сырласуы Абайдың әдеби ортасының алғашқы бастау көздеріне жатпақ. Осы ортада жүріп, өзінің тұңғыш ақындық талпынысы Абайдағы бойына біткен ақындық өнердің бүр жара бастаған кезеңін оның бозбала шағындағы экспроматты өлеңдері мен құрбыларымен сөз қағыстыру өнеріне төселе түскен қалпын танимыз. Бұл көрініс М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы арқылы көркемдік тәсілдермен суреттелген көріністер арқылы қаныға түсеміз. Бала Абайдың атақты Барластың (Дулат) ақындық жырын тыңдап, рухани жан дүниесі әсерге бөленуінен Дулаттың «Айтушым судай төгілген, Тыңдаушым бордай егілген» тыңдаушысы жас Абайға бата береді. Байкөкше ақыннан ақындық шабыттың келу сырын ұғынса, айтыс ақындары өнерінен сөз кестесін тоқудағы ақындық психологиялық шеберліктің тылсым сырын сезініп толыса түседі.
Медреседе оқыған жылдары мен әкесінің ел билеу жұмыстарымен айналысқан бозбала Абай жігіттік шағында Шығыстың классик ақындарын оқып, ақындық рухани қазынасы да күн асқан сайын нәрленіп қорлана береді. Ауыл кәриелерінен, ел ақсақалдарынан да әңгіме үстінде шешен, тапқыр сөйлеудің сырын танып, сөз өнерінің тыңдаушыға әсер ету қуатынан сабақ алып, көркем сөздің қоғамдық ойдағы алар орнына мән бере бастайды.
Бұлардың бәрі де Абай мұрасының рухани көздері немесе өзгеден алған рухани нәрлеріне жатады.
«Дүниені көздеп,
Ғылымды іздеп,
Екі жаққа үңілдім», - дейтін Абайдың Шығыс пен Батыстан, яғни екі жақтан алған рухани бұйым белгілері де Абайдың әдеби ортасына жатады. Осы екі салаға қоса Абайдың қазақи қалпын танып білмейінше, кетпен тұяқ кемеңгер ақынның ұлттық, халықтық, ақындық өнер болмысындағы ерекшелігін танып біле алмаймыз. Өйткені, Абайдың өзі күнделікті іздену үстінде нәр тартып, тікелей араласқан, танысып біліскен, шығармаларымен бала жастан қанығып, жаттап өскен әдеби ортасы абайтану саласында айрықша мәнге ие болмақ. Себебі Абайдың әдеби ортасы да өзіне нәр алған рухани қазына көздерінің біріне жатады. Мысалы, М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясында Абай мен Қадырбайдың (Садырбайдың) кездесу кешіне аса мән беруі себепті: «...Екі күн, екі түн бойы әңгімеде Абай ылғи ғана Қадырбай көрген ақындар жайлы сұрастырған.
Қадырбайда үлкен мінезділік, кеңдік бар. Сонысы ...осы кәрі ақын есіне алып отырған Садақта, Шүмекте, Барласта да бар сияқты. Қадырбай қасиеттерінің түбіне бойласақ ақындық дарыған күш... тегінде заманның қасіретін айтады екен. Абайдың жақсы көрген ақындарының бірі Барлас еді. Беріде Шөжені біледі, Балтаны көрді. Абай Қадырбайға ұстаз алдында алмаған азық алғанын айтты» (М.Ә. Шығ. 4 т.,176 б.) - деп Абай тербеліп өскен ақындық бесігі болған әдеби ортаның рухани әсерін анық аңғартады. Абай араласқан қазақы әдеби ортасының аумағы Түбек ақынның Алатауды жайлаған Сүйінбай, Жамбылдармен айтысып жүруі әдеби ортаның географиялық кең өрісін де айғақтап тұрады.
Абайдың әдеби ортасының екінші басқышы Абайдың «өзгеге берген нәрі» немесе оның ақындық дәстүрі деген ұғымды қамтиды. Бұл ұғым 1934 жылдан бастап бермен қарай «Абайдың ақындық мектебі» деген мәселе кең тұрғыдан сөз етіліп, осы саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының мазмұнымен анықталады.
Әдеби мектеп деген күрделі ұғым кемеңгер ақын жасап қалыптастырған жаңа бағыттағы ақындық дәстүрдің өзінен кейінгі әдебиет өкілдері тарапынан жалғастыруы арқылы үдере дамыту жолына түсуін айтамыз. Абайдың көзі тірісінде-ақ, Абайдың ақындық дәстүрін дамыта жалғастырушылар, алдымен, Абайдың ақын шәкірттері деп аталатын Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім, Әріп, Әсет т.б. ақындар шығармалары арқылы әдебиет көшінің басы қазақы, тарихи, философиялық лирикадан батысқа бұрылып, реалистік, романтикалық сюжетті поэмалардың пайда болуын айғақтап тұр.
Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды М.Әуезов кейде тар мағынада, кейде кең мағынада қолданатыны бар. М.Әуезов Абай маңында болып, күнделікті өмірде ұстаз ақынмен мидай араласып, тікелей қарым-қатынаста болып, ақындық өнер жолында нақтылы ақыл-кеңес алып, не сынға ұшырап отыратын шәкірт ақындар тобын меңзеуі, көбінесе, тар мағынадағы ұғымға жатпақ. Бұлар - Абайдың шәкірт ақындары деп аталады.
Абайдағы иманигүл
(үш сүю)
М.Әуезов Абайдың исламиятқа қатысын анықтауда ұстанар екінші тезисі «Абайдың діні - ақылдың, адамгершіліктің діні», - деген танымды ұстанады. Осы тұрғыдан келіп өзекті ой желісін 1902 жылы жазылған «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңін талдау үстінде аша түскен. Өз ой танымын тарату үстінде 27, 38-қарасөзде ерекше мән бере қараған Абай исламияттың кейбір түбірлі ұғымдарын сыншыл ақыл тезіне салып, олардың өзіндік сыншылдық таным тұрғысынан келіп оны адамгершіліктің дініне айналдырады. Бұл әрекетіне Абай танымындағы иманигүл немесе үш сүю мәселесі айғақ бола алады.
Абайда желілі түрде таратып сөз ететін иманигүл (үш сүю), жәуанмәртлік, толық адам сияқты аса күрделі ой желілері тәңірге, оның сипаттары мен өзі таратуды мақсат тұтқан адамгершіліктің негіздері туралы ой толғаныстары М.Әуезов тұжырымының ең өзекті де елулі желілерін қамтитын басты ұғымдарға жатады. М.Әуезов Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіндегі мораль философиясына соғатын үш сүю (иманигүл) деп аталатын ақын танымының мағынасы терең өзекті желілеріне айрықша назар аударады. Абай айтқан үш сүю жайлы ой байламдарын анықтау арқылы ішкі нанымы мен адамшылық жолындағы насихаты мен мораль философиясы жөніндегі танымы түгелге жуық ашылып, өз көрінісін бере алған деп қарайды. Себебі, осы өлеңдегі үш сүюде алға қойылған бастапқы пікір:
«Махаббат пен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», -
деп жаратушы түп иесін, жаралған пендесінің махаббатпен сүюі қажет дейтін бірінші сүюді көреміз.
Екінші сүю - ақын шығармаларында желілі түрде таратылатын басты ой желісі «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айдар тағып, ерекше бөліп көрсетуінде жатыр.
Үшінші сүю - «Және сүй хақ жолы деп әділетті» деп 38 сөзінде Алланың бойындағы 8 сипаттан құдірет пен ғылымды біріктіріп алатын ғақылға (ақылға) Абай нақылия, ғақлия дәлелдерге сүйене отырып ұсынатын ғәділетке (әділетке) ерекше мән беретін үшінші сүюді көреміз. Абай танымындағы әділетті, яғни үшінші сүюді М.Әуезовтің мұсылмандық танымдағы әділеттен өзгешелеу жатады деп ескертуі көп нәрсені аңғартады.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңіне дейін-ақ үш сүю мәселесі жанама әрі тікелей аталып сөз етілген болатын. Бірінші, екінші сүю 27-қарасөз бен «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде нақтырақ әрі жанама түрде таратылады. Бірінші сүю Абайға дейін көне дәуір ойшылдары мен сопылық поэзияда молынан қамтылып жырланған көпшілікке танымал ұғым еді. Абай «Алла деген сөз жеңіл» (1896) өлеңінде нақтырақ, әрі тереңірек мән беріп махаббатпен жаратқан түп иеге жауап ретінде пенделері де махаббатпен сүю керектігін:
«Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса тәңірі үшін», - деп бірінші сүю туралы ойларын осымен шегереді, одан ары бұл мәселе туралы тоқталмайды. Бірақ екінші, үшінші сүю туралы өз ой пікірлері туралы өлеңдері мен қарасөздерінде желілеп, үздіксіз насихаттаумен болады.
«Осы үш сүю болады иманигүл,
Иманның асыл үш деп сен тақиқ біл.
Ойлан дағы үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына малың түгіл», - деп Абай қазақ қауымының рухани жағынан іштей тазарып ұстанар рухани жолының сенімді бағыт-бағдарын нұсқайды. Өйткені, абайтанудың бірегей білгірі М.Әуезов «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде ақынның ішкі нанымы, дүниетанымы, адамшылық жолындағы үгіті мен мораль философиясы жайлы танымы толық түрде айтылған деп біледі.
Абайдың толық адам туралы ілімі
Абайдағы толық адам туралы ойдың о бастағы төркіні «Ғылым таппай мақтанба» (1886) өлеңінен бастау алып, жыл өткен сайын қоюлана, күрделене түсетіні бар. Гуманист атаулы ғалымдардың бәрі де бұл дүниедегі асылдың асылы, ең бағалысы адам деп қарайды. Сол адамның бойындағы қалыптасатын мінез-құлықтың ең басты сипаты неден тұрмақ деген сұраққа әр заман ойшылдары өзі жасаған заман талабына орай жауап беруге ұмтылған. Бұған исламият әлемінде, әсіресе, Түркістан өлкесінде бұл өзекті мәселеге Әл Фараби бастаған XI ғасырдағы Жүсіп Қас Хаджиб, XII-XIII ғасырлардағы Ясауи, Ш.Табризи (Тарази), Ж.Руми жалғастырған жәуанмәртлік, хал ілімі, камили инсани жайындағы ой-толғаныстары танымдары өз үлестерін қосып жатты. Ал XIX ғасырдың екінші жартысында Абай бұл мәселеге айрықша назар аударып, өзіне дейінгі ойшылдар дәстүрін жалғастырып дамытып, толық адам туралы ілімнің негізін салса, XX ғасыр басында өз шәкірті Шәкәрім ар ғылым арқылы жалғастыра дамытты.
Адам болу туралы ой танымын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде көп нәрсенің төркінінен хабар беруі себепті М.Әуезов ол өлеңді «Абайдың, әсіресе, көп ой қорытып айтқан мағыналы және програмдық бір өлеңі», - деп ерекше мән бере бағалауында үлкен сыр жатыр. Абайдың:
«Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз», - деп адам бойындағы мінез-құлқындағы қарама-қарсы ұғымдардың сырын 7-қарасөзінде айтылатын «жанның тамағы» дейтін пәлсапалық мағынасы бар ұғыммен салыстыра отырып сырын ашсақ, көп мәселенің тамырын дөп басамыз. Осы өлеңде ерекше мән бере аталатын Шығыстың озық ойлы Ғұламаһи Дауанидің (XV ғ.) атақты шәкірті Жүсіп Қарабағи (XVIII ғ.) «Рисаласында» «жанның азығы» деген ұғымды еске (память) байланысты қарап талдайтыны бар. Автор «жанның азығы» (духовная пища) деген ұғымды екіге бөліп: бірінші жанның пайдалы азығы (шын сенім, жомарттық, ғылыми түсінік) екіншісі - жанның зиянды азығы (күншілдік, жалған сенім) деп атайды.
Абай танымындағы «жанның тамағы» да жан қуаты арқылы біртіндеп қорланатын рухани байлықты меңзейді. Өйткені, Абай: «...Құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді», - деп көрсетуі арқылы әрбір талапкер жас өзінің дүниетанымының қалыптасу жолында жанның пайдалы тамағымен сусындауға саналы түрде бет бұрса ғана толық адам жолына түсе алмақ, болмаса жоқ.
Ақынның «бес нәрседен қашық бол» деп таңбалап отырғаны адамды аздыратын жанның зиянды тамақтары болып шығады. Адам болу туралы ойлар, әсіресе, ақынның қарасөздерінде молырақ таратылған. Ондағы «адам болу, адам, жарым адам, толық адам, адамның адамдығы, адамшылық, адамшылығының кәмалаттығы, пенделіктің кәмалаттығы, инсанияттың кәмаләттығы т. б. терминдік мәні бар сөздердің бәрі де толық адам жайлы пікірлерімен сабақтасып жатады.
Абай танымындағы хауас мәселесі
«Хауас» сөзінің мағынасы араб тілінде түйсік, сезім деген терең мағыналы пәлсапалық ұғым танымды көрсетуі себепті, М.Әуезов ақын мұрасының шығыстан алған бұйымдарының алғашқы қадамын исламиятқа қатысы жайлы ішкі танымын үңіле зерттеу арқылы қорытқан ой-байламдарын «Абай діні сыншыл ақылдың шартты діні» деген тезисі мен «Абай жолы» эпопеясындағы «Ақын аға» деп аталатын тарауында хауасты танып білудің өрелі желісі жатыр. Мұны 1895 жылы жазылған «Лай суға май бітпес қой өткенге», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деген философиялық лирикасын талдау арқылы аша түскен. Осы өлеңінде Абай түп иені (жаратушы Алланы) ақыл сынына салып барып нануға бағыт алады. Бұл әрекетті танып білуді алдымен хауас туралы Абай танымын жете танып білсек қана мәселенің төркініне қаныға түсеміз.
Хауас ұғымы Абай шығармасында үш түрлі мағыналық қырымен көрініс беретіні бар.
Біріншіден, «хауаси хамса заһири» ұғымы қазақша айтқанда сыртқы бес сезім (хауас) мүшесін танытады. Адам осы сыртқы бес сезім (көз, құлақ, мұрын, тіл және дененің суық, жылылықты сезінуі) арқылы сыртқы объективті дүниеден хабар алу әрекеті жатады.
Екіншіден, осы сырттан хабар алып, ішкі сезім мүшелеріне жеткізетін бес сезімнің бәрі де қызметін мүлтіксіз орындауы үшін кеселге, кедергіге ұшырамай сау, саламат болуын «хауас сәлим» деп атайды.
Үшіншіден, сыртқы бес сезім берген хабарды жанның жибили қуаты арқылы ішкі бес сезімге жеткізіп, осы он сезімді әрекетке түсіруін де хауас деп атай береді.
Ал, Абай 38-қарасөзінде Алланың бойындағы сегіз сипатқа: бірінші - хаят (өмір), екінші - ғылым, үшінші - құдірет, төртінші - басыр (көру), бесінші - сәмиғ (есіту), алтыншы - ирада (тілек), жетінші - кәлам (сөз), сегізінші - тәкин (болдыру), өз тарапынан нақылия, ғақылия дәлелдерге сүйеніп екі сипатты, яғни әділет пен рақымды қосып 10 сипатқа айналдырады. Мұны да хауас ретінде танимыз.
Хауас ұғымына Абай, әсіресе, «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде аса терең мән бере отырып қарайды да:
«Ақылмен хауас барлығын
Білмейдүр, жүрек сезедүр.
Мүтакәлламин, мантикин
Бекер босқа езедүр», - деп ой толғауы арқылы түп иені (Алланы) ақылмен, яғни өлшеусізді өлшеулі ақылмен тани алмайсың деген байламға келді де, түп иені (хауасты) жүрекпен ғана сезесің деген ой танымына аяқ тірейді. Бұл байлам, яғни сопылық поэзияның өзекті танымына айналған жүрек култін мадақтайтын түрік халықтары поэзиясындағы ортақ желілі сарынды аңғартып тұр.
Осы өлең жолдарындағы «Мұтакәллимин, мантикин» сөздері - термин сөз ретінде ғасырлар бойы исламият әлемінде қолданыста болған теологиялық термин сөздер.
Абай және исламият
Абай дүниетанымының қалыптасуында шығыстық рухани қазына көздерінің өзіндік қайталанбас орны барын таза материалистік атеистік ұстанымдағы кеңестік идеология терістеп келді. Абайтану тарихының даму тарихына назар аударсақ анық көрініп тұрады. Абайтанудың М.Әуезовке дейінгі даму жолында Абай мұрасының мұсылмандық шығыстың рухани әлеміне қарым-қатынасы жайлы пікірлер бой көтере бастады. Абай әдеби мектебінің шәкірттері Көкбай, Шәкәрім, Кәкітай тарапынан жанама түрде әр тұста айтылған ойлы пікірлер желісі - осының айғағы. 1928 жыл мен 1937 жыл аралығында Абай мұрасының мұсылмандық шығысқа қарым-қатынасы тұрпайы социологиялық таным тұрғысынан үзілді-кесілді тегістеліп жатты. 1934 жылы М.Әуезов ұстанған Абай мұрасының шығысқа қатысы туралы терең ғылыми танымға негізделіп айтылған ой-пікірі аяусыз қатаң сынға алынып, терістеліп жатты.
М.Әуезов алғаш рет 1934 жылы «Абай ақындығының айналасы» деген ғылыми мақаласында «Абайға шығыстан кірген бұйымдардың басы ислам діні» деп атап көрсетуінде салмақты мәнге ие ой-таным желісі жатты. Өйткені Абай мұрасының рухани нәр алған қазына көздерінің бірі шығысқа қарым-қатынасын танып-білудің бастау көзін Абайдың ислам діні туралы ой-танымынан желі тарту қажеттігі алға қойылады. Осы тұрғыдан алып қарағанда ойшыл ақынның:
«Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа», - деген ой-байламын танып-білудің кезекті желісі хауас мәселесін терең танып, мән-мағыналық ұғынудан басталатынына көзіміз жете түседі.
Бөлісу: