Әбіл-Серік Әбілқасымұлы. Постмодернизм - бізді арбаған бір сиқыр
Бөлісу:
Егер реализм дегеніміз – бұл «шындық туралы шындық», ал, сюрреализм дегеніміз – бұл «шындық турасындағы жалғандық» болса, онда постмодернизм дегеніміз – бұл көркем образдылықтың ақырын білдіретін «жалғандық турасындағы ақиқат» болып табылады.
Австрияның экспериментатор ақыны Эрнст Яндль (Ernst Jandl 1925-2000 жж.) өзінің 1966 жылғы «Laut und Luise» туындысында: «Бүгіндері кімде-кім заманалық әдебиеттің жоғын түгендесе оны алдын ала дәстүрге қарсы шығушы деп ағаш атқа мінгізсе, керісінше кім жан-тәнімен өткенді ұнатып, көбірек білетін болса, замана көшіне топырақ шашушы деп әпенділеу көрінетін ұрда-жық кесік айту бар» деп жазды.
Біз батыстық үрдіспен кейде тұлғаны өте-мөте дерексіз формаға айналдырып, тұлғатсызданып жіберетін сияқтымыз. Әлеуметтанушы Дж.Хоуменс «адамдарды теорияға оралуға» шақырады, бізде коммунистік идеологиядан бас тартқаннан кейін, өзіміздің тәңіршілдік реңктегі исламдық келбетімізге орайлас теорияларды қалыптастыруға, алашты оны танып-білуге үйретуге деген ғылыми талпыныс орныға бастады. Қазақ заманалық шығармашылық теориясындағы басты мәселе – жазушының индивидуалды шығармашылығы (ЖИШ). Жас прозашылар мен ақындарды осы аңыста қарастырған орынды. Ол үшін – постмодернге жүгіну керек.
Постмодернизмнің 4 аспектісі (философия, эстетика, мәдениет және өнер) бар. Оны зердеушілердің Батыстағы ең көрнектілері Ж. Бодрийяр (Франция), Дж. Ваттимо (Италия), Х. Кюнг, Д. Кампер (Германия), Д. Барт, В. Джеймс, Ф. Джеймсон, Ч. Дженкс, Р. Рорти, А. Хайсен, И. Хассан (США), А. Крокер, Д. Кук (Канада), М. Роз (Австралия).
Постмодернизмді 1917 жылы Р. Паннвица "Еуропа мәдениетінің дағдырысы" кітпабында алғаш қолданса, ал, 1934 жылы әдебиеттанушы Ф. де Онис "Испан және латын америкасының поэзиясының антологиясы" кітабында модернизмге қатысты қолданды. Термин бірақ кең қолдау таппады. 1947 жылы А. Тойнби өзінің "Тарихты зерделеу" кітабында оған мәдениеттанушылық мән беріп, ендігі жерде термин дін мен мәдениеттегі батыс үстемдігінің өз соңына жетуін символдандырды. Америка дінтанушысы Х. Кокс 70-ші жылдардың басында Латын Америкасындағы дін проблемаларына арнаған еңбектерінде "постмодернистік діннтану" ұғымын кеңінен қолданды.
Постмодернизм терминінің аясы өте кең. Біз осы терминді әдебиетке қатысты ғана қарастырып отырмыз. 20 ғасыр соңындағы әдебиетке байланысты айтылған осы сөзді неміс тілінен сөзбе-сөз аударар болсақ «модерннен кейінгі» деген ұғымды білдіреді. Осы қазіргі қазақ әдебиеттануында қалыптасып отырған, әсіресе, жастар тарапынан кең қолға алынып зерттеле бастаған осы әдеби бағыт қосарлы: бірде – оны модернге қарсы қойсақ, келесіде – оның бойынан модерндік әдеби жалғастықты табамыз.
Амбивалентті пікір (қаққа жарылған ғылыми ой) постмодернизмді бағалауда осылайша ұлт әдебиеттанушылары мен сыншылары арасында орын алып отыр.
Негізінен ұлттық прозамызда Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» аяқталмаған романынан бастау алып, 1960 жылға дейін үзіліп қалған, ал, жалғастығын Р.Тоқтаров, Т.Әбдіков т.б. тарапынан тауып, қайыра жаңғырған модерндік қазақ әдебиетінің орын басқан ПОСТМОДЕНРНИЗМДЕ өзіндік ерекшелік жетіп артылады. Қазіргі жастар прозасы мен поэзиясында дәйексөзділік, асқан күрделікке толы алаш және әлем мәдениетіне терең бойлау, хаостылық, замана келбетінің орталықсыздануы (не бірыңғай – Батыстың, не бірыңғай – Шығыстың жетігіне ілеспеу), ұлт әдебиетіндегі «мәдени-рухани» ҒТТ (ғылыми-техникалық төңкеріс) пен ақпараттық «жарылыстың» орын алуын ешкім жоққа шығара алмайды.
Енді осы саладағы зерттеулері бізден көш бойы алған кеткен елдердің ғалымдарының сөздеріне жүгінер болсақ: Р.Мерелмен постмодернизм мәдениетін «мәдениетпен әлсіз байланысқан» деп атайды. Міне, осы әлсіз байланыс кей кезде ескі түсініктегілерді жастар шығармашылығына қатысты байбалам салуға ұрындырып жүр. Т.Адорно болса, тап осыған қатысты «адамның ойлау қабілетін төмендетуші» деген ой айтады. И.Берлин өз кезегінде постмодернизмді – адамзаттың қарағайға қарсы өскен қисық бұтағына балайды. Америка жазушысы Джон Барт постмодернизмді бұрынғы өткен мәдениеттің нәрін құныға сорушы арық-тұрық әдебиет деген ойын алдымызға көлденеңдей тартады. Бұны қазіргі жастар поэзиясынан «соцреализмнің поэтикалық нәрін құныға сорушы арық-тұрық әдебиет» деген пиғылда Мұқағали мен Төлегенді іздегендер танытып отыр.
Ихаб Хассанға жүгінер болсақ, әдебиеттегі постмодернизмге арналған 1982 жылғы «Орфейдің жіліктенуі» еңбегінде осы бағытты бурлеск, гротеск, фантастика тағы да басқа әдеби форма мен жанрлардан құрылған антиформадан тұратын, бойын зорлық-зомбылық, ессіздік, ақырзамандық жайлаған антиәдебиет деп атайды. Қазақ модернизмінде Төлен Әбідіковтің «Тозақ оттары жылтыңдайды» хикаяты кеңестік дәуірдегі ұлт тірлігін фантастикалық гротескімен берген болатын. Бүгінгі ұлт тірлігін Талғат Кеңесбаев "Аққудың өлімі" минихикаятында ақырзамандық сарында кескіндеп отыр.
Ихаб Хассан осы зерттеуінде модернизм мен постмодернизм арасындағы айырмашылықтарды төмендегі кестемен береді:
Модернизм - Постмодернизм
Мақсаты - Ойындық
Барлық - Адалық
Трансцендентті - Имманентті
Орталықтанған - Ала-құлалық
Синтез - Қарама-қайшылық
Арт-объект / аяқталған туынды Бір сәттік жағдаят
Ой ұшқыны - Жағдаят
Иерархия - Анархия
Арақашықтық - Төбе көрсету
Көптеген назариятшылар постмодернизмді модернизмнің азғындануы деп санамайды. Қайта осы екеуі бірін-бірі толықтыратын, ендігі дәуірлерде бірін-бірі ауыстырып отыратын ойлау типі деп есептейді. Сонымен қазақ реализмі осы қос әдеби бағытқа орын босату үстінде.
Біз үшін әл-әзір Батыстық Дерридадан гөрі миымызға сіңіп қалған орыстық Хлебников, Бахтин, Лосев, Лотман мен Шкловскийлердің ой-пікірлері көбіміз үшін көңілге қонымды болып отыр. Ал, Батыстың заманалық ақыл-ойын жастар түпнұсқадан оқып білуде.
Маркстің азғынданған ілімімен уланбаған Кіші буын «Әлем дегеніміз – мәтін» деп таниды. Постмодернизм теориясы әлем таныған ықпалды философ (сонымен қатар, семиотик, лингвист, мәдениеттанушы, әдебиеттанушы) Жак Дерриданың концепциялары негізінде орнықты. Деррида бізге «Әлем дегеніміз – мәтін», «Мәтін – реалдылықтың бірден-бір ықтимал моделі» ұстанымдарын тарту етті. Бұдан бөлек екінші ерек тұлға – ницшелік ойлау желісін ұстанған әрі философ, әрі мәдениеттанушы Мишель Фуко. Тарих – Фуко үшін – кең көлемді адамзат ессіздігінің көрініс беруі мен жаппай бетімен кеткен санасыздықтың орын алуы.
Дерриданың ізбасарлары ретінде жолын ұстанып, ғұламаның шалқар ойын бірде терістеп, енді бірде құптайтын өздерінің дербес назарияларын алға тарта білген Жиль Делез, Юлия Кристева, Ролан Барт (Франция), ал, АҚШ – Йель мектебі постмодернизмге орасан зор үлес қосты. Осы ізденістер қазақ ғалымдары тарапынан енді қолға алына бастағаны көңіл қуантады.
Жазушы өзі жазып отырған жанрының заңдылығына сай, өткен мен бүгінді жалғап, ой қисындандыру, яғни, дискурс (латынша discurs – «логикалық қисын») арқылы баяндалушы тарихтың төркінін түстеп тани алады.
Жұрт таныған еуротекті ғылыми танымның нақтылығы дүркін-дүркін сенімсіздік тудырып отырады. М.Хайдеггер шындық болмысқа түркі төркінді «поэтикалық ойлау» негізінде сана түкпіріндегі түйсік арқылы қол жеткізе алуға болатындығын ең алғаш сөз ете білді. Осы өткеннің тоңы сіресе қатқан ғылыми танымының көбесінің сөгілуі постмодернизмде әлемді – хаос, ал, сол әлемді танушы адам санасын ретке келтірілмеген үзіктілік (фрагменттік) түрінде ұғындыратын «постмодернистік сезімталдық» анықтамасын қалыптастырды. Арамыздан ерте кеткен ағамыз Әмірхан Балқыбектің “Қасқыр Құдай болған кез” туындысы мен қазақ постмодернінің атасы Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Қаз-сақ аңқымасы» қазақ постмодернизмнің теориялық іргетасы саналады. Әрі осы бағытта – Әуезхан Қодар, Серікбол Қоңдыбай мен Таласбек Әсемқұловтар талай дүние тындырды.
Әлемдік амалятта Дж.Фаулз, Джон Барт, Ален Роб-Грийе, Рональд Сьюкеник, Филипп Соллерс, Хулио Кортасар, Мирорад Павич сынды қаламгерлер өз мәдени ортасы үшін (христиан әлемінде) постмодернизмге қатысты қыруар шаруа атқарды.
Маркстің азғынданған ілімімен уланбаған Кіші буын «Әдебиет пен ғылым дегеніміз – Метамәтін» деп таниды. Француз философы Жан-Франсуа Лиотар мен америка әдебиеттанушысы Фредерик Джеймсондар «нарратив», «метамәтін» теориясын жасап шықты. Лиотарша «Постмодернистік енші немесе жазымыш» дегеніміз постмодернизмдегі метаәңгімелерге күмәнмен қараушылық. «Метамәтін» (ал, сонымен бірге осы ұғым-түсініктен туындаған: «метахикаяттау», «метаәңгіме», «метадискурс») ұлтымыз үшін өзгеге кеткен есемізді ақтайтын өзгелердің жазғандарын жоққа шығаратын діндегі, тарихтағы, ғылымдағы, психология мен өнердегі кез келген алаши «түсіндірмелер жүйесі».
Бұрын қоғамдағы қазақ ақыл-ойында “тұрақты” Батыс пен Шығыс жазып-сызып берген үлгі салтанат құрып келсе, енді «заманақыр теориясына» негізделген «тұрақсыздықты іздеу» постмодернизмі жастар тарапынан өмірге келіп отыр. Постмодернизмнің өзіндік бір ерекшелігі болып табылатын «тұрақсыздықты іздеудегі» «Заманақыр теориясын» «тұрақты жүйе» ұғымына қарсы француз математигі Рене Том енгізді.
Жастардың осы «тұрақсыздықты іздестірулері» кейбіреулерді қатты састырады. Әдебиетіміздегі модернизм жастары (1960-1990 жж.) «кеңестік түркі дүниесіндегі хаос, нигилизмнен... аулақтап, шығармашылықта рухани-мәдени тыншу табу үшін» белгілі бір деңгейде орыстың отаршыл идеологиясы жылымық туғызып, түркілерге аярлықпен бүйрегі бұрғанситын «метахикаяттаудың беделіне жалғандығын біле тұра көбіне арқа сүйесе», азаттық дәуірінде әдебиет есігін ашқандардың постмодернистік метахикаяттаулары мүлдем бөлек. Көп қаламгеріміз орыс тілді, еуро ділді болуды билік қалаған қоғамның әлсіздігі мен мәнсіздігін пародия формасында дәлелдеп шығуды мақсат тұтады. Қазақ тарихының шынайы мәнісін танытуда қаламгерлер постмодерн үлгісін өз метамәтіндерінде түрлі қырынан деконструкциялап тұтынып жүр.
Орыстық және кеңестік эстетикалық өлшемдердің жастарда ұшыраспауын қазақ әдебиетінің басты құндылығы деп ұғынғанымыз жөн.
Маркстің азғынданған ілімімен уланбаған Кіші буын «Өнер дегеніміз – Поп-арт пен концептуализм» деп таниды. Бұрынғы өнерде 70 жыл билік құрған орыстық эстетикалық ұстанымдар мен қазаққа таңылған кеңес адамының этикалық тұжырымдамасын (оның бүгінгі қазақстандық ұлт түріндегі жаңғырған формасын) постмодернизмге бүйрегі бұратын бейнелеу өнері мен әдебиеттегі алаштық концептуализм келмеске кетіруде. Батыс – «өз өткеніне» топырақ шашса, бізде – «кеңестік кезеңге» топырақ шашу орын алуда. Қазақ рop art-ы өнер саласындағы – қазір ұлттық дәстүрді орыс тілділер тарапынан мансұқтау («Қайрат – чемпион» секілді фильмдер т.б.), ал, олар өкси армандайтын кеңестік дәуір (немесе бір саусағын бүгіп іске асыруды армандайтын алашты ұлты ретінде жоюды мақсұт тұтқан “орыс әлемінің” қазақстандық үлгісі) – қазақ тілділер тарапынан мансұқталатын бұқаралық құбылысқа айналды. Бұның барлығы да қазақ әдеби постмодернизмінде көрініс тауып отыр. Постмодернизмдегі «Табылған ғаламзат» тәсілін қазақ әдеби процесіне жетектеген тазыдай аңға қосар болсақ, «ұрланған нысан» термині алдымызды кес-кестейді. Бұрын жазуға болмайтын, айтуға болмайтын алаштық тыйымдық табулар енді әдеби шығармаларда бой көрсете бастады. Батыста француз «жаңа романистері» өз туындалары бойына жоқтан өзгені енгізсе, біздің неороманшылар басқа мәдениетке тән түрлі ұғым-түсініктерді қазақиландырып қолданудың ретін тауып, жөнін келтіріп отыр.
Өткенді аңсау, ескі мәнерде жаңаша ой толғаушы кері құбылыс –постмодернистік ТМД-лық коллаждаудан тұратын (қазақстандық ұлт идеясын көкке көтеретін) Соц-арт билік ұстанған күмәнді бағыттың орыс тілді қазақ әдебиетіндегі орыс әлемі мәдениетін хоштаудың концептуализмдік ұстаным болып табылады.
Маркстің азғынданған ілімімен уланбаған Кіші буын көбіне «Әдебиет дегеніміз – Постмодернистік сезімталдық» деп ұғынады. Әдебиетімізде орныға бастаған бұл ұғымның негізін Ж.-Ф.Лиотар, А.Меджилл, В.Вельш, Д.Фоккем сынды ғалымдар салды. Голланд зерттеушісі Доуве Фоккемнің постмодернистер өмірдің басты салаларын әлдебір жүйеге түсіремін деу өнбес тірлік деп санайды деген ойымен бізде келісеміз. Қазақ тілді қоғам мен орыс тілді қоғамды жақындастырамын деудің бос тірлік екенін қазақ постмодернистері өз туындыларына арқау етіп отыр. Толеранттық ұғымы олар тарапынан пародияға айналды.
Постмодернизм арқа сүйейтін постструктурализм өзіне дейінгі структурализмнің даму үрдісінің жалғастығы болып табылып, назарияттық тұрғыдан қазақ жас әдебиеттанушылары тарапынан төрт бағытта: (а) құрылымдық проблемасы, (ә) таңбалылық проблемасы, (б) аралас-құраластық (коммуникативтік) проблемасы, (в) тұлғат (субъекті) тұтастығы проблемасы сипатында қарастырылуда.
Осы тұрғыда аға, орта және іні буын арасында постструктуралистік сыни пафос орын алып, орыс үстемдігі қалыптастырған "метафизикалыққа" түбегейлі оппозициядағы «себептілік», «ақиқаттық» және «өзіндік келбеттік» қағидаттарынан тұратын рационалдылық кіші буын өкілдері үшін бүгінгі қазақ қоғамында ұлтты шетқақпайлап, өзгенің шашбауын көтерген биліктің тірлігі қазақ ділді парасат кеңістігінің адымын аштырмайтын "догматизм пәренжесі" түріліп, милети "ақыл-ой империализмі" оқырман тарапынан қолдауға ие болуда.
Осы рационалдылық бұрынғыдай әр ғалым әрқилы ұғындыратын әдеби терминдердің жетегінде кетпей, кез келген туынды бойынан «себептілік», «ақиқаттық» және «өзіндік келбеттік» қағидаттары басшылыққа алынатын «мәдени кодты» іздестіру процесін тудырды. Алаштың "ақыл-ой империализмі" ендігі жерде өзімен санасуды блікке де, өзге ділді, өзге тілді қазақ қоғамның өкілдеріне таңа білді. Оған әдеби-мәдени «Қайырхан» мен «Шыңғысхан» концепциялары арасындағы "догматизм пәренжесі" куә. Екі ұстанымды ұстанушы топ өзінің "догматизм пәренжесіне" тас қымтай бүркеніп алған. Әлем тарихындағы ерек тұлғалар (Ғұмар, Гілгемеш және Қорқыт) алаштандырылуда. Біз бұған мәдени-рухани кеңістігіміздегі Алаштың "ақыл-ой империализмі" арқылы қол жеткізіп отырмыз.
Постмодерндік “Шизоанализ” термині ұлттық парасат-пайымымызда «шала қазақ» пен «мәмбет» ұғым-түсінігін тудырды. Екі топқа бөлінген қазақ "ақыл-ой империализмі" бірін-бірі жарым ес санайды. Осы ұғымды өмірге әкелуші Жиль Делез бен психоаналитик Феликс Гваттарилер шизофрения адамды азат ететін қоғамның қозғаушы күші деп санады. Қазақ осы ұғымды «Мәңгүрт» ұлттық терминімен алмастырды.
Қазақ жастар поэзиясы «қасқырға – шылым шеккізіп», «түлкіге – шарап ішкізіп» жаңа постмодернистік сөз саптамды өмірге әкелді. Өйткені, жастардың көбісі демесек те, біраз бөлігі өзіне дейін қазақта ешкім жазбағанды жазып, жаңаны өмірге әкелудің жолында есі кетіп, автоматты хат формасына жүгініп, «шизоанализ» рухындағы «кеңестік дүниетанымды тасталқан ету» мен «жаппай әшкерлеуді» қолға ала бастады. Бұлай дейтініміз – реализмнің абақтысына жабылған сөз тұтқын, оның рухы солғын, егер оны аға буын мен орта буынның кей бөлігі қамап ұстап отырған шығармашылық қамақтан шығарар болсақ, ұлттық дисурс өз басына бостандық алып, өзінің жаңа формасын айшықтай алады.
Маркстің азғынданған ілімімен уланбаған Кіші буын көбіне «Әдебиет дегеніміз – «Автор өлімі» және интермәтін» деп ұғынады. Реализмнен аулақтаған сайын Әдебиет «дәйексөздік әдебиетке» айналады. Авторлар «өзгенің сөзін»: дәйек сөз, аллюзия, реминисценция арқылы ойынға айналдыратын интермәтіндемеліктің алаңына айналдырады. Біз оның белгілі бір жас қаламгердің туындысында барлығын бірде аңғарсақ, енді бірде аңғармай қаламыз. Басқаша айтар болсақ, авторларға өз тарапынан бұрын болмағанды болдырған сияқты көрінгенімен, оқырман оның мәдени кодты өзгертіп, жаңа қырынан қаламгерлік кәдесіне жаратқанын сезіп отырады. Центондық (дәйекшелі сөз айшығы) белгілі бір сөз саптам өз бойына әдеби, философиялық, фольклорлық және тағыда басқа туындылардағы үзіктерді сіңіреді.
Автор өзінің торын құрып, өрмекшідей тығылып қалады да, шыбын кейіп оқырман ол құрған тордан құтылуға жанталасып, қосар авторлық өмірге келеді.
Қоғамды мөлдір тіл және таза тарихнамалықтың синтезінің иерархиясы арқылы пародия, сатира, юмор, ирония формасында белгілі бір мәдени цикл аясында тән мен жанның арасын, өмірлік пен тілдік тіршіліктің арасын, мәтін мен ойдың арасын бөліп тұрған мәдениеттің пәренжесін керек қылмай тастайды.
Бұрын біз (оқырман) реалистік әдебиеттің авторларының айтқан ойын қапысыз ұғынып, қаламгер ойын қайталап шығатын «әдеби тоты» болсақ, енді «қосар авторға» айналып отырмыз. Бұндай әдебиетке өту – «автор өлімін» тудырды (постмодернизм теориясында Р.Барт енгізген терминді өз әдебиетінің мәнісін ашу үшін қазақ та қолдана бастады). Бұл ұғымның біз үшін білдіретіні ұлттың оқыған-тоқығаны мол білікті де, зиялы әр оқырманы автор дәрегейіне дейін көтеріле алып, жетпеген жерін жеткізу стилистикалық амал-тәсілінің пырағына мініп, ешкімге жалтақтамай, туындыгердің ойына келмеген идеялардың жалауын желбіретіп, мәтінге кез келген ойды қосақтап, қайыра жазып, өз ойын шектеусіз айта білудің заңды құқығына ие бола алады. Милорад Павич өзінің «Хазар сөздігі» (әйелдік нұсқасы) мәдени-танымдық романында мынандай дәйексөзді келтіреді: «Біздің әрқайсымыз өз ойымызды бұғауланған маймылдай алдымызға салып серуендетеміз. Егер кітап оқитын болсаң тап осындай бірі – өзіңдікі, екіншісі – өзгенікі болып табылатын екі мешінмен істес боласың. Немесе істің бұданда сорақысы бір маймыл мен бір қорқау шибөрінің қыспағында қалар болсаң. Көзің тас төбеңе шығып, қайсысының қарнын қалай жұбатудың жолын іздеп басың дал болады. Өйткені, олардың әрқайсының талғамы әрқилы…».
Біз қазақ оқырманы – қалмагерді де өзімізді де: бірде мешінге, бірде қасқырға айналдыра алатын дәрегейге жеттік. Бұнымыз көп жағдайда қаламгерге ұнамайды. Әрине өзін арыстан санайтындардың әлдебір оқырман тарапынан не мешінге, не болмаса, шибөріге айналғысы келмейді. Бұл дегеніңіз енді қазақ әдебиетінің есігін қаққан шақырусыз қонақ – «автор өлімі» терминіне деген қарсылық. Қазақ әдебиетіндегі туынды дегеніміз жеке шығармашылық тұлғаның ісі емес, оның өміріге келуіне жұрттың бәрі ат салысатын «жалпыға ортақ хат». Тіпті біз бір ауыздан реалистік туынды деп мойындаған «Абай жолына» ұлттың түрлінше пікір айтуы оны «алаши» мәңгілік туындыға айналдырды. Абайдың сүйікті жары – әмеңгершілікпен алған – інісі Оспанның жесірі Еркежан, ал, Қодардың өз туған келіні – Қамқамен көңіл қосқан тарихи шындықтың орнын көркем шындықпен өрілген Әйгерім мен Құнанбайдың зұлымдығының «авторлық маскасының догматизмі» басты.
Мұхтардың қаламгерлік ерлігі ұлтын данышпаннан жоғары қоя отырып, әлем әдебиетінде болмаған жеке тұлғаға арналған эпопея жазуы. Бұл – реалистік аңыстағы жұрт таныған ғылыми концепция болса, постмодерндік жосықта: “Абай жолы” – эпопея емес, өйткені, тарихи тұлғаға арналған туынды ешқашан эпопея болып табылмайды (орыс әдебиетінде А.Толстойдың «І Петр» романы эпопея деп танылмайды, роман деп аталады, өйткені, бұл тұлға халықтан алыс тұр және М. Әжіше сөз кестелесек, оның өзі емес, істеген істері жасанды), бұл ұлттың ешбір елдің әдебиетінде жоқ үлгіні постмодерндік үрдісте өмірге әкелген қаламгердің ұлтына аманаттаған «халықтық кигіз кітабы» деп бұрынғы "догматизм пәренжесін" түріп, мәдени-рухани бетін ашады.
Маркстің азғынданған ілімімен уланбаған Кіші буын «біздің тіршілік кешіп жатқан қоғамдағы өмірді әдеби тұрғыдан – ирония, “пастиш”(итал. pasticcio – өзге туындылардан құрылған стильденген попурри)» деп ұғынады. Жастар үшін ұлттық өмір дегеніміз жеке тұлғаның ғұмырындағы метамәтіннің тасталқандану жағдаяты. Олар ұстанған эстетикалық әдіс реалистік боямасыз – «өмірді қалай болса, солай беру». Бірақ осы ретте посмодернистік пародия «қосар кодтылықты» иеленеді. Қазақ әдебиетіне пародиялаудың өздік ерекшелігі пастишті біз бірауыздан реалистік қаламгер деп танитын Дулат Исабеков «Ескерткіш», «Социализм заңғары» әңгімелерімен енгізіп, Бейімбет Майлиннің модерндік метаәңгімелеуін ұлттық аңыста жаңғырта білді, кейін осы бағытта көлемді жанрда Жүсіпбек Қорғасбек «Премьер-министр» хикаятымен толықтырды. Дулат Исабеков пен Жүсіпбек Қорғасбектер қазақ постмодерндегі шағын және орта жанрдағы «пастиштің» аталары. Осы қос қаламгерден бастау алған классикалық үрдіс жастар арасында кең қолдау тауып отыр.
Умберто Эко және Эдоардо Сангвинетилермен бірге «63 тобын» (“Gruppo 63”) құрған италилік филолог Анджело Гульельми (Angelo Guglielmi): пастиш – бір мезетте әрі фантазия, әрі пародия, не болмаса автопародия деген ой айтады. Біз классикалық Бейімбет туындыларынан қай жерде автор байыпты ой айтып тұр, қай кезде өмірді келеке етіп тұрғандығын ұғына алсақ, кейбірде жастарда пародия қайда шынайы мәтін қайда кеткенін айыра алмай дал болып қалатынымыз да жасырын емес. Бұл кемшілік емес, қазақ постмодерніндегі авторлардың өз оқырманымен «тышқан мен мысық» ойнаған қаламгерлік қаламының қуаты.
Ж. Лаканнның сөз егесі (жазушы мен философтың) қаламынан шыққан хат айналып келгенде қашанда оқырманға (адресатқа) жетеді деген уәждауына Деррида өз қарсылығын білдіріп, пікірталасқа түседі. Өйткені, соңғысінікі дұрыс, себебі көркем тілдің кез келген элементін конмәтіндік деконструкцияға ұшыратып, эстетика мен өнердегі постмодернизм біздің жағдайда кейбір ағайынға ұнамаса да, емін-еркін басқа тарихи, әлеуметтік, саяси, мәдени, эстетикалық конмәтінге ауысып, не болмаса, кез келген мәтіннен тыс тәпсірленеді.
Маркстің азғынданған ілімімен уланбаған Кіші буын «біздің тіршілік кешіп жатқан рухани-мәдени тірлігімізді әдеби тұрғыдан – хат көпдеңгейлігі, әйелдер хаты» деп ұғынады.
Постмодернде басты орында әлемге, яғни, ағылшын, испан және француз тілді ортаға танылу басты орында тұрады. Қазіргі жастар өз туындысын аға және орта буын өкілдеріндей орыс тіліне аударылуына құлшынысты емес. Бұрынғы таптауырын сюжеттер мен амал-тәсілдерді ирониялық аңыста қолдануда жас қаламгерлер алдарына жан салмауда. Хаттың көпдеңгейлігі дегеніміз – ары оқысаң – реализм, кері оқысаң – модернизм төбе көрсететін постмодерндік оқырмандық оқу типі. Бұлайша әдебиетті мәдени дәйексөзге мүшелей, жіліктей оқу, әрі оның бойынан белгілі бір әдеби бағытты іздестіру жастар тарапынан өмірге келді. Бұған қуануымыз керек.
Бізге ұстанған діни сенімімізге орай еш қатысы жоқ, бірақ Батыс постмодернизмінде әбден орныққан екі ұғым бар: “Әйелдер хаты” және осы ұғымға қатысты фаллогоцентризм (Ж.Лакандық фаллос (гр. φαλλός – қаса) теориясына сүйеніп, осы нышанатты тұтастықтың атрибуты әм билік таңбасы деп танушылық). Қазақ негізінен еркекті еуропаша абыройын ашып жалаңаштандырмай: сыпайгершілікпен бойына бөрік кигендердің барлық қасиеті сыйып кететін бір ғана – «қамшы» мәдени кодының бойына бәрін сыйдырған.
“Әйелдер хаты” ұғымы қазақ әдебиетінде даулы дүние. Оны бар деп те айтуға болады, жоқ деп кесікті жауап беруге болады. Осы екеуінің бірін айтуға ешкімнің жүрегі даулап бара қоймайды. Кімнің артында талай аруларымыз тұрған өнер өлкесінен бір терминнің мәнін ашам деп өзіне жау тауып алығысы келеді дейсің!?
Бірақ Батыста осы бағытта аты айғайлап, атағы әлемге жайылған бұрымдылар Ю.Кристева, Л.Иригарэй, Э.Сиксу тарапынан жазылған еуропалық дәрегейдегі классикалық еңбектер бар. Орыс тілді қазақтар славяндық рухтағы Т.Толстая, Н.Габриэлян, М.Голованиевская, Л.Улицкая, В.Токарева, Н.Искренко, В.Нарбикова және тағы басқа ТМД «әйелдік хаттың» егелерінің туындыларымен жақсы таныс. Орыстілді қарындастарымыз немесе отандастарымыздың бірі: «мен орыс тілді қазақ әдебиетіндегі “әйелдер хатының” негізін салушымын» деп айды аспанға шығарса оған еш таңдануға болмайды. Бірақ біз үшін ұлттық постмодернизміздегі әйел мен еркек қаламгердегі стильдік бір айырмашылық: алғашқыларында – сентименталды-пародиялық басым болса, соңғыларында – бәрін терістеуші пародиялық басты орында тұрады. Біз – жыныстық бөлінушілікті ала қойды бөле қырқу деп танимыз. Әлемдік әдеби процесте Мәдени және Діни бөлінушілік орын алғанымен, жыныстық бөлінушілікке орын жоқ.
Маркстің азғынданған ілімімен уланбаған Кіші буын «біздің тіршілік кешіп жатқан рухани-мәдени тірлігіміздегі көркем туындыны кейбірде әдеби тұрғыдан – мәтіннің Эротикалық денесі» деп ұғынады. Тіпті, әдебиеттанудың тарихына бойлайтын болсақ, Аристотелдің өзі біз құдайдай табынатын еңбегі “Поэтикасында” шығарма бойынан санамен емес, сезіммен танып білумен қатысты болып келетін «қанағаттана ләззат алуды» сөз етеді.
Кейін келе, әлемдік рухани тұнықтылықты былапаттай лайлаған Фрейдтен кейін, оңды сөз айта білген Р.Барт Фрейд лағындығын шетке ысырып, Аристотелден бастау алатын өзінің «мәтін тояты» концепциясын өмірге әкелді. Адам өмірге қызық көрсем, өмірден рахат тапсам деп келеді. Асылзат Арыстанбек пен Индира Керей туындыларын қолға алған кезде оқырман бойында от сезім ойнақтап, «мәтін тояты» салтанат құрады. Тек тәннің ғана емес, жанның да «мәтін тояты» бар екенін естен шығармауымыз керек. Қазақ – қай кезде болмасын басты орынға «мәтін тоятын» емес, «эстетикалық ләззатты» қойған ұлт. Осы «эстетикалық ләззатты» жастардың оқырманмен санасын сандалтатын интеллектуалды ойынынан табамыз.
Қазір жастар прозасында бой көрсетіп жүрген әдеби кейіпкер характерінің әдеби кеңістік пен уақыттың бойына сіңісіп жоғалып кетуін оның орнын авторлық әлеуметтік және психологиялық аңыстағы авторлық персонаждың басуы тосын сипат екені дау тудырмайды. Ағылшын жазушысы әм әдебиеттанушысы Кристина Брук-Роуз «дәстүрлі характердің» күйреуге ұшырауының басты-басты бес себебін алдымызға тартады: 1) «ішкі монолог» пен персонаждың «ойын оқу» және басқа амал-тәсілдердің дағдарысы; 2) буржуазиялық қоғам мен ол тудырған романның келмеске кете бастауы; 3) тарих сахнасына БАҚ әсер етуімен «жасанды фольклордың» шығуы; 4) эстетикалық жалаңаштықтың өмірге дендеп енуі «клиптік ойлау» типіндегі «танымал жанрлардың» беделін өсіреді; 5) реализмнің ХХ ғасырдың ессіздік пен зорлық-зомбылыққа толы барша амалятын барлық қырынан бере алмауы.
Жастар «ескі» оқырманмен қатар «жаңа» оқырманның да талғамын қанағаттандыруды қаперлерінен шығармайды. Камп балалары ҒТТ буыны көркем әдебиеттен гөрі деректі әдебиетті немесе «таза фантазияны» хош көреді. Сол себепті постмодернистік роман мен ғылыми фантастика қаздың балапанындай ұқсас. Қазақ жаңа романы жазылып жатыр, осы бағытты ұстанушылар шығармашылық тәжірибе жинау үстінде, біз бүгін оларды оқырман мен ғылыми ортаны дүрбелеңге түсірген шағын әңгімелерінен танысақ, ертең көлемді жанрдағы туындыларымен таныс боламыз, бірақ ол бұрынғы біздің көзіміз үйренген реалистік туындылармен сорпасы қосылмайтын соны дүние болып табылады.
Олар қазақ қоғамындағы «кішкентай адамдардың» трагедиясын кең ауқымда «әлдебір азаматтық мәртебеге ие, әлеуметтік және психологиялық күрделі тарихы бар» қайталанбас жеке тұлға арқылы емес, өзінің қоғам туралы жеке бастық түсінігін персонаждары бойына сыйдырып беруге талпыныс жасайды.
Қазақ жаңа романы бойына барша жанрлардың синтезін, ұлттық мәдениетіміздің барлық құндылықтарын сыйдырған жаңа типтегі әдебиет ретінде реализмнен бойын аулаққа салған технологиялық жаңғырған алаш әлемін басқа қырынан танытатын соны дүние. Біз қазір жаңаның өмірге келуі жақындай түскен «өліара әдеби дәуірде» тіршілік кешіп жатырмыз.
Беллетристикаланған эрудициялық Борхесизм қазақ прозасында жастар тарапынан қолдау тауып жатыр. Деректі проза мен көркем проза арасында жастар тарапынан шығармашылық-интеллектуалды одақ құрылды. «Жолдастар», «Өскен өркен», «Менің құрдастарым» секілді аяқталмаған романдар жастар тарапынан әдеби ремейктеліп жаңаша жазылып аяқталып жатса, оған ешкім кедергі бола алмайды.
Маркстің азғынданған ілімімен уланбаған Кіші буын «біздің тіршілік кешіп жатқан рухани-мәдени тірлігіміздегі көркем туындыны кейбірде әдеби тұрғыдан – Симулякр» деп ұғынады. «Мәтіннің Эротикалық денесі» – Симулякрдың (Эйдостың) көрініс табуы.
Образдың бітімі және оның үлгісі – парадигманың үйлеісмін айқындауда философиялық дискурстың симулякр (лат. Simulacrum, Idola, Phantasma) түсінігі ”Эйдос“ ежелден белгілі. Туындыгерлік образ (phantasia) бен елесті образды (phantasma) Платон сөз етеді.
Образ-симулякрларды антикалық атомизм денелік қабылдаумен байланыстырды. Дене өзінің не тереңінен не сыртынан еленбейтін жеңіл элементтерді сезінеді. Оны Эпикур – идол десе, Лукреций – симулякрлар деп атады (О природе вещей, М., 1933, II, 250-260, 485-500, IV, 90-110, 263-270). Тереңінен ағындап шыққан симулякрлар сырттан аңыздап шығады да, дененің сезімдік қабылдауы арқылы образға айналады. Симулякрлардың үшінші түрі – фантазмдар заттан сүзіліп шықпайды, аяндану арқылы ұйқысырағанда, сандырақтағанда өмірге келеді (сонда, IV 130—142).
Орта ғасырдағы дінтануда — адам образы (imago) оның Құдайлық сүлдесі (similitude) пікірталасқа арқау болды. Қазақ әдебиетіндегі Симулякр, яғни, «көшірменің көшірмесі» түрлі таңбалылықпен көрініс табуда.
Бізде "постмодернизм" терминіне үрке қараушылық басым, қаламгерлердің бірінен постмодерндік сарынды аңғарған әдебиетішілер кейде еріксіз үнсіз қалуға мәжбүр болатын жағдайға да жетіп отырмыз. Канонданған батыстық ұғындырулар бізде басқаша аңыста кесірлі-мысқылшылдықпен түсініліп келеді. Бізді айтасыз орыс тілді ТМД кеңістігінде осы жаратпаушылық кеңінен өрістеген. Әдебиеттанушылар пікірлері қаққа жарылып, жағымсыз мәніндегі ой түюлер: "замана мәдениетіндегі ең тіріг, ең эстетикалық өзекті бөлшек" деп жөндемді ой айтқан В. Курицынге (Постмодернизм: Новая первобытная культура // Нов. мир. 1992. № 2) қарсы В.Малухиндердің (Пост без модернизма // Изв. 1991. 8 мая.) "эстетикалық ауа жайылып бетімен кетушілік" дегендері бой көрсетіп отыр. Бұл орыс тілді кеңістікте өткен ғасырдың 90-шы жылдары айтылған пікірлер. Осы ой түйіндеуден қазақ әдебиеттануы әл әзір айнымай отыр. Біз үшін постмодерн бүгінгі Батыс мәдениетінің феномені ғана.
Ешқайда бұра тартпайтын тірік сөзге, ойға қонымды сөзді жұртқа жаятын қағаз бен қаламға үйреніп қалған қазақтың байқастамаса ұлттық сан ғасырлық эстетиканы іштен ірітетін постмодернге замана ағымымен түлкіні тазыдай шалып ілесе келген компьютерлік мәдениеттің сананы лаңдаған вирусы деп үрейлене қарауы да жөн. Бұл бағытта бағын сынағандарды ата-бабамыздың көрін қазып масқараушыларға балауға да болады. Өзге елдің жылтырағының соңына желөкпелікпен құлынперен болып ілесушілерге де жатқызуға болады. Бұның бәрі ұлттық сана ағымның әлсіз тұстарын ғана аңғарудан, ал, постмодернист қаламгерлер батыстағыдай эстетиканы милеттік этикадан аластатып отырған жоқ. Қайта постсоцреализмнен өрбіген модернизмді ұлттық жосықтағы постмодернмен жалғастырды. Постсоцреализм мен модернизм жетістіктерін өзіне қабылдап ала білді, алаш эстетикалық ортасында лакундар маркстік идеология тәрк еткен мәдени танымдық тәжірибені мансұқтайды. Бұл мансұқтау оған беріле қызмет еткен әдебиетшілер тобының кейбіріне ұнамай, постмодернге әдеби лағынет айтқызуыда мүмкін.
КСРО-ның құлауының өзі жастарды айтпағанда, әдеби қадамын кеңестік дәуірде бастағандар арасында да соцреализм, постсоцреализм мен модернизм идеалы мен құндылықтарына көңіл қалушылықтың постмодернистік ауанын тудырып, шығармаларының бойына айшықталып, ел кісісінің парасаттың салтанат құруына, алаш жұртының мүмкіндігінің шексіздігіне деген сенімін білдіреді. Қазіргі осы бағытта жүргізілген зерттеулерде жалпыға ортақтықтан гөрі әр ұлтты өзгеден ерекшелендіретін постмодерннің милеттік нұсқаларында мәдениеттің өз ішінде «шаршау» дәуірі, эсхатологиялық ауандағы «энтропилік», эстетикалық лағындану, үлкен стильдердің жарылысы, көркем тілдің эклектикалық былығуы орын алып жатыр. Әрі әдебиетімізде әлемдік көркем мәдени деңгейден кем түспейтін ирониялық дәйексөздік басты орынға шыға бастады.
Постмодернизм мәдени феномен ретінде бір ауыздан танылып отырғанымен оған бірін-бірі толықтыратын түрлінше концепциялар жетіп артылады. Ең дұрыстысы осы терминді бірде әдебиеттануға, бірде өнертануға жапсырмай, Х. Кюнг ұсынған модернизмді біздің дәуірімізден еректеп тұратын «бүкіләлемдік тарихи аңыста» қарастыру орынды дер едік. ТМД-да да модернистік европоцентризмнің орнын постмодернистік жаһанданған полицентризм басып отыр. Африканың постколониалды, постимпериалистік үлгісін Орталық Азия елдері енді бастан кешуде. Алаш жастары оған өздерінің лайықты үлесін қосып жатыр.
Бөлісу: