Сағадат Ордашева. «Құдай Бекторыны кездестіргеннен сақтасын!»
Бөлісу:
Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» хикаятына орай
Сөзді туындыгердің өз сөзімен бастайық: «Ең әуелі қандай да болмасын тексті пайымдай бастағанда, ол, өнер топырағынан өсіп шыққан ба, өнердің егемендігінде тұр ма – осыларды анықтап алу керек». Өйткені, өнер деп өрлеткен дүниеміз той-томалаққа, дабыра-даңғазаның уытын күшейтуге, жаңғырығы басым шаңқылдың өзі болуы мүмкін. Әлемдік әдебиеттің жауһарларын сүзіп шықсаңыз, бүгінгі әдебиеттің мәтін бұзғыш, пішін құбылтқыш, тәпсірлеудің тәртіпсіздігінің тамырын анық ұққан болар едіңіз. Мұны «постмодернизмнің» аяулы ылтипаты дерсіз, бірақ, өрекпіген өркениет қалпымызды бұзса да рухымызды қозғай алмайтынын автордың бар шығармасында андағайлап тұрады. Таласбек Әсемқұлов дәстүршіл, ұлтшыл, қажет болса көзсіз көнешіл буынның сарқыншағы еді. Алайда, уақыттың тынысын сезініп жаңара білген қаламгер. Мұны кемел шағында туған «Бекторының қазынасы» хикаяты айшықтай түскен. «Американдық роман» үлгілерінде сирек кездесетін «роман ішіндегі роман» тәсілімен адамның бойынан емес, ойынан, түпсанасындағы топалаң басып, тұншығып жатқан бейсаналы өмірі ашықталады.
«Бекторының қазынасы» хикаятындағы Бекторы пері қызы, «Ер Төстік» ертегісіндегі батырға қастық ойлаған кейіпкер. Бірақ, шығармадағы әже «немелтайына» Бекторының сұлу кейпіп әспеттей әсерлегенінен бала көңілін оны жауыз, зұлым ретінде емес, керісінше, керімсал кепиетіне ғашық еткен. Адам санасы жамандықты өз пейілімен көріктендіре алса да, жақсылықты жауыздықпен бүркесе де өз ниетінде. Осынау қастық пен өштік бейнесіндегі кейіпкерді Жанат Әскербекққызы да «Перінің қызы Бекторы» атты өлеңі де ашықтай түседі.
Адам бала кездегі алғашқы түйсік пен танымның жемісі. Дала дастандарындағы құба жонды ұл мен бұла қыздың барақатты ғұмырын тыңдап өскен бабалардың ұлы мұраты биік еді. Суреткер бала сананың ең нәзік санасына ерте кезде құйылған сәуленің барша ғұмырының өткелектерінде орала беретінін дәлелдейді. Түпсанадағы талмаурап естілетін үннің жанымызды қажап кеміруге түсетінін аңдатады. Түсінде Қайырболды болып ғұмыр кешкен Сағындық шын мәнінде іш кеулеген сансыз сұрақтардың алаңында жүрген адам. Құдықтың шыңырауындай шымға батып құмыққан өз үніне құлақ аспай жүрген адам. Жүрегіне құлақ тоспай жүрген көптің бірі.
Байқасаңыз, шығармагердің барлық туындысында (түгеліне жуығында) кейіпкер бала кезден жоқшылықтың уын тартып, қамыққан қам күндерді бастан кешіреді. Шығармалары күңгірт кейіптегі көріністерді еске сала беретін оқиғалармен кептелген. «Бекторының қазынасындағы» Қайырболды да тұрмыстан қажыған, алайда жан дүниесіндегі дауыс бәрібір Бекторы перінің құлағына жеткен. Діни тәмсілдерде «Бізді іздеген, шақырған адамға біз бармыз», «біздің есікті тақылдатып сұрағанға біздің есік ашық» сияқты періштелер мен перілердің уәдесі еске түседі. Яғни, қазақ «жақсы сөз жарым ырыс» деп түйе салған.
Қайырболдының қолына үлкен ұтыс ойынына қатыстырылған лоторея түсті делік. Көне қазақ (немесе тіпті көне түрік) мифологиясында перінің қызының аты Бекторы, ұлының аты Бегімсал делінеді. Бегімсал есімі ауызекі әңгімелерде, мифологиялық хикаяттарда ұшырасып отырады. Перінің екі баласы да міндетті түрде жамандықтың символы болуы шарт емес. Олар адамды жолдан тайдыра да алады, ал белгілі бір жағдайларда адамға жақсылық та қыла алады, көмек те көрсете алады. Тіпті аумалы-төкпелі бақтың өзін кейбір пендеге қондыра алады. Жомарттығына сыйланған Бекторының жүзігін сатып Қайырболды үй алды, арқасы кеңіді, алайда көңілі байырқа таппады. Іздегенге табылған Бекторы көп ұзамай тағы соқты, бұл кезде өзінің айла шартымен келген. Әлдеқалай «гиперкеңістікке» ұласқан бөлмеге кіргізді де, «мен Бекторымын» деді.
«– Сонда біз қайдамыз? – деді Қайырболды, – Мына үй... мына байлық...
– Сен осы үйдің табалдырығын аттағанда-ақ фәниден кеткенсің, – деді Бекторы, – Сен қазір өңіңде емессің. Анықтап айтатын болсам, біз қазір сенің түпсанаңда отырмыз».
Суреткердің зерттеу-зерделеу мақаласында айтылғандай «Әлемде жеке дара өзі жаратылған, бөлек тұрған текст жоқ», яғни «өзім жараттым», «өзім жаздым» деу әбестік саналады. Кез келген шығарма алдыңғылардың жалғасты өксігі, қабаттас жұрнағы.
Шығыс дастаны «Тотынамада» бір әлемнен екінші әлемге лездікпен өтіп ғұмыр кешетін оқиғалар көп баяндалады. Тіптен, Таяу Шығыс елдерінің көне фильмдерінде де мұны анық әспеттей алған. Бір әлемнен екінші әлемге көшу үдерісі, уақытаралық кеңістікте сапар шегу - таңғаларлық ақылға сиымсыз дүние. Сөйте тұра, шындық. Араб елінің бір фильміндегі кейіпкер ғұмырбойы Меккеге барып тәуәп етуді армандайды. Құдайына жылап ақыры ауылдың ақсақалды молдасына барып арызын айтады. Ақсақал бір есікті ашып жіберіп еді, алдынан ақ сәуле пайда болып 6 айда жол жүріп жететін Меккеге 6 күнде барып қайтады. Келе сала Меккеге барып келдім деп әйеліне, көрші қолаңға айтса ешкім сенбейді. Сол сияқты Пайғамбарымыз с.ғ.с. Миғражға сапарлап қайтқанда бір кесе сүт құлайын деп жатқан еді, қайтып келсе енді құлаған екен, немесе төсегінен тұрып кетіп қайтып келгенше төсегі әлі жылы болған деген хикаялардың нұсқалары бар. Яғни, біз үшін тылсым деп аталатын құбылыстың бәрі осы түпсанада болып жатқан әрекеттер.
«Осы, адамның жүрегі деген қызық нәрсе, – деген тағы да Бекторы, – Өзі бар, өзі жоқ. Өзі жоқ, өзі бар.
– Сөзіңіз жұмбақ, – деді Қайырболды, – Бірін түсініп, бірін түсінбей тұрмын.
Бекторы көңілсіз жымиды.
– Айтайын дегенім, жүрек, бар болғанда – жоқ. Ол, өзі жоқ болғанда ғана бар».
Есіңізге бірден «Алла бұл әлемде де емес, бұл әлемнен бөлек те емес», немесе «Ол Алла әлемнің сыртында да емес, ішінде де емес» сияқты Құран аяттары оралады. «Әлемнен бөлек те емес, бірге де емес». «Бар да жоқ, жоқ та бар». Жазушының «Риясыз әңгіме» бағдарламасындағы Құдай хақындағы жауабы да қызық: «Мысалы, метафизика ғалымдарының зерттеуінше, мына дүниеде бір белгілі қабылдағыш сана бар. Сол ғалымдар айтады, сен әлденені іздесең ғана бар, яғни бар болушы сенің бар болуыңмен өлшенеді, яғни сен іздеуші болмасаң табылушының өзі болмайды» деген түйіні көп сырды аңдатса керек.
– «Сендер, адамдар өздеріңді өздерің білмейсіңдер. Түк те білмейсіңдер. Осы бүкіл дүние, не керектің барлығы, бүкіл ғарыш өздеріңде екенін, өздеріңнің іштеріңде екенін білмейсіңдер, – Бекторы тақау келді, – Сонымен жүрегіңді маған бересің ғой?»
Адам өзіне, жан дүниесіне не керегін білмеуімен адам, керісінше айтсақ, адам жан дүниесіне не керегін іздеуімен де адам. Бірақ, бір шарт бар, адамның адамшылығын сездірген асыл қазына – ол жүрек. Қазақ зұлым адамды «жүрексіз», «жүрегі жоқ екен», «жүрегі тас екен» деп бейнелей салады. Абай «Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін» дейді. Яғни, Бекторының бұл келген сапарында Қайырболдымен шарт жасасуға келген. Түпсанада. Адам түпсанасында байқаусызда, аңдаусызда дүниені, қызылды-жасылды мархабатты дүниені аңсап қоятынын, тілеп сүйіп қоятынын, ойымен-ақ жаза басып жазаға ұрынарын аңдамай да қалатынын астарлайды. Қайырболды Бекторыға жүрегін берсе, ол мәрмәр тасты жүрек салып бермек, ол жүрекпен де адам атанып жүре беруге болады. Алайда, адам емес, адам кептес болып жүресің дейді. Абайдың «Масғұт» поэмасында кейіпкердің ғайыптан бір шалға кезігіп көмек көрсетеді. Ақсақал Масғұтың көмегіне риза болып үш жемісті гүл ұсынатын. Бір басы қызыл, бірі сары, бірі ақ. Қайсысың таңдайсың деп ерік беретін.
Міне, суреткер де әуелгі дастандық дүниетанымызды тірілтіп, әфсаналық әулие әлемге әкетіп отыр. Оқырманға байқатпай, әфсанашыл, діни-дәстүршіл танымын ұсынып отыр. Ия, Қайырболды дүниені таңдады. Жүрексіз жүрген жақсы екен, қынжылыс пен қамығу, қайғыру мен қапа жоқ ғұмыр. Өйткені, Қайырболды дүниеге жүрегін сатты. Демек, жүрегі өлді. Әулие Баязид Бистамиден бір кісі «Адамның жүрегі қайтсе өледі?» деп сұрайды. «Адамның жүрегі дүниеге махаббат қылса өледі» деп жауап береді.
Өлген жүрекпен Қайырболды белшесінен байлыққа батып алаңсыз ғұмыр кешті. Бірақ, бір күні мұндай бағылан ғұмырдан баз кешерлік оқиға болды. Жан дүниесі алғаш ошарылып түскен Қайырболды баяғы Бекторыны іздеп түпсанасына аттанады.
-«Білгем, – Бекторы елжірей жымиған, – Қайтып келген санаулы адамның бірісің. Сол үшін ризамын.
– Мыналар ешқашан қайтпайды, – Иегімен сөрелерді меңзеді, – Жүрексіз жүрген ұнайды екен. Жүрексіз жүргеннен шаршамайды екен, жалықпайды екен. Көбі құрдымның шетінде тұр. Ал көбі құрдымға баяғыда құлап кеткен.
Кенет жер-дүние солқ ете қалды. Қайырболды жан-жағына қараған.
– Бұл келе жатқан апаттың белгісі, – деді Бекторы.
– Ненің апаты? – деді Қайырболды үрейленіп.
– Жанның, рухтың, иманның апаты, – Бекторы Қайырболдының жанына келді».
Ия, оқырман, бұл жер дүниені жаулаған жүрексіздердің ойлап тапқан сойқан апаты. Жүрексіздердің жалаулатқан жалған айқайлары. Қайырболды мұның бәрін ұғынды, түпсанасында Құдайына дұға жасап ғазиз жүрегін тіледі. Құдайдың қапысыздығын мойындады. Құдайсыз құрай сынбайтынын мойындады.
Автор зерттеу еңбектерінде интертекстуалдық мәтіннің – өз шарқынан асып, өзге ойға көлеңке түсіретінін айтады. Яғни, «тексттен тыс талдау» әдісі ойдың, тоқтамның мың сан нұсқасын өзің ізденіп табуыңа жол ашады деген сөз. Асқар Сүлейменовше айтсақ, жаңа заманның интеллектуал мәтіні - «мағыналық блоктардан» құралған. Хикаяттағы ықшам, артық кемсіз эмоциясыз диалогтардың астарында әлемдік деңгейдегі кітаптардың ұлы тұжырымдары жатыр. Постмодерндік шығармалардың ұтқырлығы сол – ақпаратты екшеп, сығымдап сырт айналдырып беруге шебер. «Бекторының қазынасын» өзге өлшемде, тағы бір өзге пәлсапаның қиырын аңдап талдауға болады. Шығармагер өйткені, бір аудиторияға емес, баршаға бірдей қолжетімділікпен ұсынған.
Түсінде Қайырболдының адасқан, адасып барып өзін тапқан ғұмырын кешкен Сағындықтың түпсанасында жылдар бойы төңкеріліп тұталақайы шыққан әлеміш әлемінің бас көтерген ұшқыны еді. Түс көрмей, осының бәрін өңінде кешіруіне де болатын еді, алайда, Құдай тағаланың жақсыны жарылқауының себебі көп қой. Сағындықты ата-бабасының бәз баяғы батасы ма, әлде бір Құдайға ұнаған қылығы ма, әйтеуір бір әлемге сүйрелеп апарып аман әкеліп тастады. Травен Торсванның «Макариосы» іспетті. Мұндайда жазушымен бірге санаң серпіліп, жан дүниең түлей түседі екен.
«Бекторы жалт етіп Сағындыққа бір қараған.
– Не айтқың келгенін түсінем. Дүниеге жамандықтан не пайда демексің ғой. Жанында жамандық тұрмаса жақсылықтың жақсылық екенін қайдан білесің. Қарсысында жалған мен өтірік тұрмаса ақиқаттың ақиқат екенін нендей тиянаққа сүйеніп білдің. Жолдың серті – адасу, адасып барып түзелу. Екі түрлі пәктік бар. Біреуі анадан туғандағы, күнә мен зина, қиянаттан бейхабар, тәжірибесіз, мінезсіз пәктік. Екіншісі, бұ дүниенің барлық сатыларынан қан кешіп жүріп өткен, өтсе де лайланбай қалған пәктік. Адам болып қалам десең осының бәрінен өтуге, осының бәрін көруге міндеттісің. Міне, осы қасіретті өткелектің бәрінен өткізетін, біз, жындар, перілер».
Түсінен оянған Сағындыққа Бекторы өңінде (бәлкім түпсанасында) кезігеді. Екеуі адамзаттың ғұмырлық мәні туралы ең асқақ зейінді кісілерше сұхбаттасады. Ажары көз тайдыратын Бекторыға «кетпеңізші» дейді Сағындық.
– «Мені кетеді деп кім айтты, – деді Бекторы жымиып, – Мен сенімен ғана амандасып тұрмын. Өйткені саған енді менің керегім шамалы. Мен елден кетпеймін. Ешқашан да. Перінің қызы Бекторы қазаққа әманда керек».
Міне, қазақтың танымындағы пері, жын деген ұғымдар ешқашан өшкен емес, ата-бабамыз күлді баспа, түнде суға бар ма, шашты тастама, үйге жүгіріп кірме, түнде терезеге қарама деген сияқты көптеген ырым-тыйымдарының астарында адамзат ғұмырымен паралел жүрген шайтан, періштелер мен пері әлемі барын айдан анық білген һәм айтып ұқтырып отырған. Мағжан Жұмабаев Ақанның соңғы жылдары пері қыздарымен қонып, адамдардан алыстап, перілерді көретіні туралы «Ақанның өлеңінен гөрі ғұмыры сұлу» деп жазған. Яғни, жын-періге сұранған тілекке міндетті түрде жауап қатылады. «Құдай Бекторыны кездестіргеннен сақтасын!»
Шығарма соңында суреткер меймана көңілін паш етеді. Ғадауатпен кешкен ғұмырына мадақ айтады. Жаратқан мен барша жаратылысқа ғапылдығымен мол ризашылығын білдіреді. Әзиз жүрек мәңгі сарқылмайтын саф ғұмырдың тосып тұрғанын, жұпарлы ғұмырдың мінсіз үйлесімдігіне көңілі жібіп – түстей ғапыл ғұмырға сансыз шүкірлік айтып, дұға оқиды. Дұға емей немене, Таласбектің бүкіл талап тілегінде дұғаның лебі есіліп жататын.
«Мен заманымда кедейлікті де, байлықты да көрдім. Басыма нелер келіп, нелер кетпеді. Кедей едім. Кедей болсам да көңіліммен бай едім. Бай болдым, Бай болсам да – кедей болдым. Ақшасы көп қайыршы болдым. Тастан сарай салдырдым, алтынды уыстап шаштым. Бірақ кеудемдегі жүрегім де тас еді. Міне, мен қазір ешкімнен артық та емеспін, кем де емеспін. Тіршілігім бір басыма жетеді. Есесіне кеудемде тірі жүрегім бар. Көңілімде адамдарға деген құрмет пен ықылас-пейіл бар...»
С.Торайғыров «Қалқақтан көп ішінде мен де жүрем... Бай көрген дүниені мен де көрем...» деп ХХ ғасырдың соңында қазақ баласын жұбатып кеткен екен. ХХІ ғасыр басында бізді Таласбек Әсемқұлов иегіңе қол артып, құшақтап жұбатып отыр. Өзіндей Өнердің ұлы мұратын түйсінгеннің мұратын аялап, басын иіп мұңдасып отыр. Сіз оны емес, ол сізді тыңдап отыр, жаны шер-шемендей байланып бұлықсып жатса да бір қазақтың еңсесін көтерейін деп тыңдап отыр. Ал, сіз айтып қалыңыз. Айтыңыз, абыз тыңдап отыр!
Бөлісу: