Әннас Бағдат: "Қайда отыр екенсің..."
Бөлісу:
Бақтан өткенде...
Ойлап отырғам...
Құмырсқалар мен періштелер жайлы,
Жасыл жібек киген құлдай құлпырған
Бақтағы ағаш түбінде.
Батып барады күн иығына ескі сарайдың,
Қайта туатыны шын оның
Қонаққа барып.
Сүлейменмен сөйлескен құмырсқалар,
Илеуінен шығып,
Оқыған секілді мейірім сіңген бір өлең,
Жаттағың келеді естісең.
Адасып қонған көбелек шетіне орындығымның,
Түтінін үрлейді.
Саусақтарыңды алақаныма басқым кеп,
Аяңдадым...
Ойымды көтеріп
Періштелер мен құмырсқалар тоқыған.
Дәрияның түбіне түнеп жатқан нұрдай боп,
Қайда отыр екенсің...
Кімсің сен, иесі саусақтардың алақанымдағы?...
Көшеде
Аңқыған әуендер билейді жол бойын.
Піскен алма секілді ол, бақшада гүлдеп,
Татып көрмеген ешкім де дәмін.
Афродитаның ізіне көктеген,
Ағашы алманың.
Көшеде, ағыстардың арасындамын,
Тырнайды бетімді айғай.
Пенделер өлмейді өкпелеп.
Жұлдыздар сөнбесін,
Әмиін!
Кім екен, айнаңды тастаған кірлеп...
Төгілген жапырақтарға қақпайды дабыл
Көліктер темір.
Тамшылар астында
Қолтығымда ой,
Бағдаршамдарға көнбеймін.
***
Топырағына қайтарып бердім, қиялымдағы гүлді.
Сұрадым сыбырлап:
Солып түскені-ғой...
Қайта көктеп шығады, сосын
Үзіп алар иесі,- деп ымдадым.
Терезем алдында ағаш,
Жәудіреп қарайды маған жапырағы.
Үстелімнің үстіне тамғанша жасы
Сезбеймін.
Бүркеніп алады жүзін жапырақ,
Және сезу де ауыр.
Ағаштың терезем алдындағы
Тамыры гүл-ау,- дедім сыбырлап.
Ымдай алмадым бірақ.
* * *
Мен емес, ештеңе айтпайтын,
Сыбырламайды ОЛ.
Үнсіз үн қатам.
Шілтерлі перденің ары жағына
Жасырынған Жұмбақ.
Анамыз біздің
Үзіп алып бір түйір дәнді
Құрсағына еккен.
Бүрі біз дәннің,
Таңдайымызда ашты дәмі,
Маңдаймызда табы,
Және кесінді уақыт.
Көкірегімде Гүл
көктеп шыққан ішімдегі Нұрдан,
Егілем искеп.
Сапарым менің...
Атамның еншісі іздегенім.
ПІКІР
"Бақтан өткенде..."
және
өзге де ақ өлеңдер турасында
Өлеңдер өте сергек жазылған. Автордың шығыс поэзиясының музыкасына қанып өскені аңғарылады. Себебі, сөйлем құрап, оған келетін сырлы бояу, сөз іздеп, қиналу байқалмайды.
Жалпы, ақ өлең деген жарықтық поэзияға алдын-ала даярлығы жоқ қатардағы оқырман үшін ұйқассыз жолдардың бей-берекет құрастырылуы сықылды шалынуы мүмкін. Бірақ, ақ өлеңдегі сырлы бояу мен нәзік музыка ұйқастың орынын толтырып тұрады. "Бақтан өткенде" – жапондық хоккулардың қосындысы деп те қиялдауға болатындай.
" Ойлап отырғам...
Құмырсқалар мен періштелер жайлы,
Жасыл жібек киген құлдай құлпырған
Бақтағы ағаш түбінде" – жапон оқырманы үшін сәтті хокку!
немесе:
" Дәрияның түбіне түнеп жатқан нұрдай боп,
Қайда отыр екенсің...
Кімсің сен, иесі саусақтардың алақанымдағы?.."
Автор оңаша мұңға бейім, лирик. Өте нәзік суреткер екені де аңғарылады. Бірақ, осы суреттерді салған адамның дәстүрлі қараөлеңмен жазылған жырларын оқып көрсе, мүлде басқа адам деп қабылдауымыз да әбден мүмкін-ау. Қалай болса да, "Бақтан өткенде" – мың жыл бұрын жазылған өлең болса да, қазіргінің қияли ақынының сиясы кеппеген жыры болса да өміршең өлең. Жекелеген суреттері аса сәтті шыққан.
"Көшеде" – алғашқы өлеңге қарағанда, автор сәл кібіртіктеп қалған сыңайлы.
Адамның ішкі тебіренісі мен нәзік мұңды, табиғатты, онда да адам қолымен жасалған "екінші табиғатты" өзінің оңаша қиялымен байланыстыру оңай емес. Өлеңді оқи отырып, жаңбырлы күні қала көшесінде жұмыстан қайтып келе жатқан жан көз алдыңа келеді. Тіпті, өлең күз қарсаңында жазылған деп болжауға болатын секілді.
Бізге беймәлім автордың кейінгі екі өлеңі, сірә да, өзара байланысты. Дүние-жаратылыстың тоқтаусыз жалғасуы, ұласу, бір түрден екінші түрге құбылу туралы, уақыт пен кеңістік арқылы кешегі мен бүгінгінің бір-біріне ұштасуы турасында пәлсапа айтқан. Табиғат-ананың бір түйір дәні – уақыттың үзіп алған, үзіп алып, қайыра топыраққа еккен, ертең қайыра өніп шығатын гүлі. Кешегі өткен өмір иелерінің жалғасы, сол "аталарының еншісін" іздеп сапарға шыққан табиғаттың бір түйір дәні (тірлік иесі) туралы шағын ғана трактаттың үзіндісі тәрізді. Мәңгілік туралы, пенденің тірліктегі кесікті мерзімі – сол мәңгіліктің уақыт пен кеңістіктегі кесіндісі туралы; терезенің сыртындағы жұмбақты адамның өзі шешуі керектігі туралы айтқысы келген-ау автор.
Олай болмай шықса, автордан ғапу. Тәйірі, көбіне әдебиетте оқырман автор айтпаған ойларды өзі іздеп тауып, сол арқылы қаламгердің өзі үшін жаңалық ашып жатады ғой. Біздікі де, әдебиеттің дәстүрлі теориясына белгілі бір деңгейде ғана сүйете айтылған пікір деп қабылдаңыз.
Ақ өлең оқу мен жазуда, оқырманға жеткізуде ежелден бар проблема: оқырманның ұйқас көргісі келетіні. Қазақы қараөлеңнің қат-қат жолымен, тақ-тақ тактісімен, буынымен оқылмайтын ақ өлеңді "өлең емес" деп ысыра салуға бейілдіміз. Себеп: ұйқас жоқ, буын сақталмаған. Ол екеуі болмаған соң, оқырман ойдан да жаңылады. Оқырманның кінәсі жоқ.
Меніңше, ақ өлең жазуға қараөлеңнің техникасы мен тәжірибесін әбден меңгерген қаламгер ғана барғаны абзал. Қайткен күнде де, сәтті жазылған ақ өлеңнен қараөлеңнің астарын, музыкасын, ұйқасын да тауып алуға болады. Бірақ, дайындығы мығым оқырман үшін ғана жазылады ақ өлең. Сондықтан, да автор қараөлең жазса өте кең өріске шығары анық...
Серік Сағынтай, ақын
Пікір жазуға ұсынылғанда өлеңдердің авторы көрсетілмеді
Бөлісу: