Нұрлан Қабдайұлы: "Cоқыр үміт туралы қоқыр әңгіме"
Бөлісу:
Әдеби ортаны әдемі әңгімелерімен еркеше әсерге қалдырып жүрген жас прозашы Нұрлан Қабдайұлына замандасы прозашы Қанат Әбілқайырдың "Соқыр үміт" атты еш жерде жарияланбаған, сиясы кеуіп үлгермеген шығармасын ұсындық. Шығарманың авторы әдеттегідей көрсетілмей ұсынылды. Нұрлан Қабдайұлының төмендегі шынайы пікірін оқып, сіз де ой қосқыңыз келсе, бізге хабарласыңыз.
Талғар жақтағы әлдебір совхоздан шыққан адам Саяхат автобекетіне бару үшін Алматыны бетке алуы керек шығар? Ал мына әңгіменің кейіпкері Наташа сол совхоздан «...тағы да Саяхат автобекетіне бет алды». Толымсыз жерлері болса, бірден астын сызып отыруды ұйғарған едік. Сосын... алғашқы сөйлемінен бастап түгелге жуық қып-қызыл қылып шимайлап шығуға тура келді. Әңгіме кедір-бұдыр, мәнсіз-шатпақ сөйлемдерден тұрады екен. Тізіп берейін. «– Ах, Серёга, Серёга. Сенің мұншалық кешігеріңді білгенде, тозаққа болсын өзіңе еріп барар едім», «Қайда қалғаны белгісіз, қызыл көйлек ұшты-күйлі жоғалыпты. Амал жоқтықтан қолына ілінген киімді кие салды», «Наташаның аяғынан әл кетіп, басы айналып құлап бара жатты. Абырой болғанда, қабырғаға сүйеніп қалды. Әйтпесе жерге дүрс ете түсер еді. Әлден уақыттан соң Наташа өз-өзіне келе бастады. Денесі сонда да дір-дір етеді», «Наташа сүт пісірім уақыт еңкілдеп жылап алды да, орнынан тұрды», «Қайтадан айнаға қарауға дәті жетпей, қолындағы далапты аузына тигізді де, ернін жымқырды. Сергейі құшырлана сүйетін ерні кезеріп кеткен бе, қалай өзі?!», «Наташа шиқылдап келіп, ентіге тоқтаған автобусқа мінді», «Дене тұрпаты, сыртқы пішіні Сергейіне ұқсағанымен, мүлдем басқа жігіт екен», «Жігіттің лебі соншалық ыстық болар ма еді! Наташаның беті ұялғаннан қып-қызыл болып қызарып кетті. Бағанадан бері қалай байқамаған, қоянның көжегіндей болып бұл әлгі жігіттің бауырына кіріп алыпты», «Келіншек те қарап қалған жоқ, аузына түскен ұятты сөзді көлденеңдете салды», «Мынау аспанмен таласқан таулары бар Алматымды, Талғарымды қимаймын» деген», «Табаксовхоздың шыға берісінде орыстардың мазары бар. Сол бейіттердің арасында сүйікті әкесі мен шешесінің мүрдесі жатыр». Ал мынау өліп жатқан жігітін құшақтап жоқтайтын сәті: «Серёга, Серёга, тұршы... Ояншы, күнім. Сен бұлай өлмеуің керек. Сен мені қалай тастап кетесің, қалай? Серёга, тым құрыса бетіңнен бір рет сүйгізші, ақтық рет... Ол зіңгіттей жігітті аударып кеп жіберді. Жерде жатқан Сергей емес, қазақ екенін көріп, орнынан атып тұрды». Өстіп кете береді, өзіңіз де оқыдыңыз ғой.
Әңгімедегі романтикалық суреттердің сықпытын қараңыз. Автор оқығанды тебірентіп жіберемін деп дәмеленген болар. Шын мәнінде күлкі шақырады. Оқып көріңіз. «Серёга жігіттің төресі болатын. Оның Наташаны еркелеткені де керемет қой, шіркін! Ол «мысығым, мысығым» деп ғашығының сүйір мұрнын қысып-қысып қоятын-ды». Немесе «Әне, анау емен ағаштың түбінде Наташа Сергеймен тұңғыш рет сүйіскен. Ех, қайран күндер! Ғашығы Наташаны осы ағаштың түбінде ұзақ-ұзақ аймалайтын, еркелететін. Ал Наташа болса, ана бір сәкіде Серёганы алдына жатқызып алып, шашынан сипап отыратын. Күні кеше ғана болған сияқты. Сайран салған сол күндер зымырап өтті де кетті...»
Автор тыныс белгі дегендерді қалай болса солай қолдана береді екен. Көңіліне жаққан жерге көңіліне жаққанын қоя салады. Кейде тіпті ашылған тырнақшаның жабылған жерін таппай қаласыз. Өйткені автордың өзі ұмытып кеткен. Қараңыз. «Наташа, мен дипломымды әкелген соң, екеуміз үйленеміз. Сосын сен шекесі торсықтай ұл туасың. Ол ұлдың атын Сергей деп қоямыз. Біз оны «кіші Серёга» деп атайтын боламыз. Өзің ойлашы, Сергеев Сергей Сергеевич, керемет емес пе?
Наташа күліп жіберді.
«Ай, ақымағым-ай, сен алдымен зарықтырмай келші. Сосын қанша бала туып бер десең де, мен мақұлмын», «– Сен «Сегіз жылдан бері бұл әйелді тегін тасып жүрмін» дейсің».
Ал мынау кейіпкердің түс көретін жері. «Екеуі қол ұстасып алып Шымбұлаққа қарай кетіп бара жатыр. «Неге соншама күттірдің?» – дейді бұл. «Сенің мені мұншалықты шын сүйетініңді білмеппін», – дейді ол. «Сен осыған дейін қайда болдың?» – деді Наташа. «Қайда болғаны несі, Табаксовхоздамын ғой», – дейді Сергей. Бір қараса, Сергей мен Наташа мазарлардың арасында жүр. «Наташа, сен үйге кете бер, мен сені осы жерде күте тұрамын», – деді Сергей».
Автор кей жерде бір сөйлеміне екінші сөйлеммен (бір ойына екінші ойымен деуден аулақпыз) қарсы шығады. Былай, мәселен. «Наташа Серёганың «Ресейге кетейік» деген ойымен келіспеген болатын. Оны былай қойып, Сергейдің: «Мәскеуге барып қыдырып қайталық. Менің диплом алу кешіме қатыс», – дегеніне де көнбеп еді. Негізі, Мәскеуге барып келуге болар еді, әкесі ғой жібермей қойған». Немесе «Наташа дәл сол күні бұл өмірге тек Серёга үшін келгенін іштей түйсініп еді. Көре салып ғашық болып қалғанына таңғалды». Бұл автордың ойлаудағы салақтығынан болған. Егер әрине ойланған болса.
Көркем шығарманың диалогтары да көркем болса керек-ті. Ал мұнда көшенің тілін көшіріп қоя салған. Шынайы қылудың жөні осы ма еді?! Қараңыз. Автобуста екі келіншек сөйлесіп отыр.
«– Түсінбейді. Ернін қарашы, қып-қызыл етіп бояп алыпты. Псих болуы керек.
– Жоғей, псих емес. Жынды болса, елдің берекесін алар еді ғой. Кстати, мен осы кемпір жайлы бір әңгіме естігенмін.
– Қалаға жеткенше айтып берсеңші...
– Ой, ваще-то, неважный әңгіме. Мені білесің, сөзуар емеспін. Кез келген әңгімені екі ауыз сөзбен бітіре саламын».
Қысқасы, мынаны жазған автор әуелі сөйлем құрап үйренуі керек. Тыныс белгі дегеннің не екенін, қай жерге не үшін қойылатынын білгені де абзал. Ал жақсы шығарма дәмету… Оған енді бүгін-ертең дәметпей-ақ қойыңыз!
Бөлісу: