Сағадат Ордашева. Авторын іздеген кейіпкер (әңгіме)

Бөлісу:

06.08.2015 2798



486195_778212278_Screenshot_2015-07-30-12-18-46.jpg


Санамда жазылған сан шимайға бытысып, талықсып ұйқыға батып барамын. Миымда саудырлап шұбақ-шұбақ сөйлемдер іркес-тіркесін тауып салаласып, сабақтасып барады. Көзімді жауып жатқаным болмаса, санам тірі. Қараңғы бөлмеден көз тігер сәулені іздеп, соңғы рет жалтардым. Бірақ қала көшелері әлдеқашан көлегейленіп, күңгірт тартыпты. Айнала жым-жырттықта дем бүркігенде салқын леп қарманып шалқайдым. Қолдарым икемді іздеді. Қаламға икемін келтірді де, ауаға сыза бастады. Әдемі бейнелер жұптаса бастады. Жазылмаса ең жақсы, ең үздік туындыма айналар бейсауат бейнелерім кеудеме басын қойды. Сағым дегім келсе де, олар сағым емес, әне олар, әне, сырғып өтіп барады...


«Көмескілеу сәуленің бұрышына тығылған бір сұлба көтеріліп келді де, терезеге жақындап барып, тұрып қалды. Иесіз даладан үнсіздік естіледі. Құлағын тігіп тұрған сықылды соған. Сосын үстіндегі ұмаж киімін сілкіп жіберді, басына біреу шығып алғандай олай-бұлай шайқады да, шашының астаң-кестеңін шығарды. Біреулер топырлап кіріп келді. Сықырлап сиқырланған есіктен үркек көзі шалынған дудар басты еркек бас сұқты. Үстіндегі ескі қара плащын сілкіп түсірді де, жерге отыра кетті. Артынан тағы біреулер кіре бастады. Бұлар кімдер деп Калмыков аңтарылып тұр. Сән-салтанаттағы қауқылдасқан қауымның ішінде жасы да, жасамысы да бар. Қыз-қырқынның жұпар иісі лап берді ішке. Сылқылдап сапырылып бір ауылдың адамдарындай қауым тар бөлмеге жинала қалды. Шетте аузын басып Калмыков тұр. Сөзді Достоевскийдің Дмитрий Карамазовы бастады.


‒ Құдай бар ма, жоқ па өзі?

Өмірі егіз туған қозыдай екимдесіп жүретін Добчинскй мен Бобчинский тыпырлап келіп, аптыға асығып сөйлеп кетті.

‒ О не дегеніңіз?

‒ О не дегеніңіз?

‒ Тоқтаңызшы, мен айтайыншы...

‒ Тоқтаңызшы, мен айтайыншы...

‒ Тоқтаңызшы, аптықпай түге, ал сіз барсыз ба, жоқсыз ба?

‒ Мен бе? ‒ деп таңданды Дмитрий. ‒ Әрине, көріп тұрғаныңыздай бармын.

‒ Олай екен...

‒ Олай екен... түу, тоқтаңызшы, мен айтып алайын. Сіз бәрін бытыстырып-шатастырып, құртып аласыз қазір.

‒ Жоқ, мен айта салайыншы, Дмитрий мырза, сіз, біз бар болсақ, онда Құдайдың жоқ болуы ақылға сыя ма?

‒ Дауысқа салмаймыз ба? ‒ деді қатқыл дауыс. Осы дауыс бөлмедегі сабылысты қақ жарып түсті. Бәрі аңтарылып ортада мойынтартқышы ақ көйлегінің алқымын буындыра байлаған ұзын бойлы кісіге бұрылды. Бұны Калмыков тани алмады.

‒ Дауысқа салсақ, Құдай бар ма, жоқ па, тез әрі оңай шешілуші еді, солай емес пе, мырзалар?

‒ Ия, ия, дұрыс айтады Нұрлан мырза, ‒ деп қоштады басқалар.


Калмыков есіне түсіре алмай дал болды. Бұрышта теңселіп әлі тұр.


‒ Біздің мұнда саусылдап келгеніміз де сол түйінді шешу болатын. Тез шешейік онда. Кәне, Құдай бар ма?


Топырлаған адамның бір де бірі қолын көтермеді. Нұрлан мырза ғана алақтап жан жағына қарап алып қолын көтеріп еді, бәрі де бір ауыздан көтеріп жіберді.


‒ Сіздер мазақ еткелі тұрсыздар ма, мені?

‒ Айттым ғой, мырзалар, Құдай жоқ! ‒ Дмитрий енді алба-жұлбасы шыққан шашын ысқылап тарап алды да, елірген жындыша әр адамның бетіне қарап: ‒ Құдай бар болса, титімдей сәбидің көз жасына малынған әлемді қалай көтеріп тұр? Қорланған сәбилердің көз жасының төлемін ана дүниеде бермек болса, онда ол төлемнің қандай жақсылығы бар? Кәне, әділеттік?


‒ Сіз осы, бәрін дауысқа салғыш-ақсыз. Дауыспен де, жаңғырықпен де, жарым айғаймен де шешіле бермейтін күрделі мәселелер бар, Бөспеауыздар Одағының Төрағасы, ‒ деді Шақан Шері етігін қонышынан басып шешіп тастады. Басындағы қаптама қалпағын кіреберістегі иығы құлаған үстелге қоя берді. Қолындағы ұңғысынан барлығы жиырылып қалған.


‒ НЕГЕ БІЗ ОСЫ?.. Неге біз осы тартыса береміз? ‒ Сақал-мұрты жүзін жапқан егделеу кісі басын қойнына басып отыра кетті. Калмыковтың жанары жылт етті. Енді түсіне бастаған сияқты.


‒ Мырзалар, сіздер бағанадан бері неге айтысып отырсыздар? Құдай жоқ дегеніңіз не? ‒ Калмыков қауымның ортасына шығып таңдана қарады: ‒ Құдай жоқ болса, мені онда кім жаратты? Мені жаратқан Құдайым емес пе? Дәл осылай ақымақ, әумесер, аңқау етіп, бірақ тым-тым ақылды етіп. Өнерге ғашық етіп. Құдай бар болғандықтан да, біз осылай айтысып отырмыз, ‒ деді Калмыков.


‒ Неге... неге түсінбейсіз сіз, а? Сіз неге қасіретіңізге көз жұма қарайсыз, а, Калмыков? Бейшарасыз ғой, сіз, сізді ақыры жындыханадан бір-ақ шығармады ма Құдайыңыз? Ал менің соншама, ғұмырбойғы азабым аздай түрмеге тықты. Өз әкемді өлтірмегенім үшін.


‒ Тоқтаңыз, саспаңыз, Дмитрий, Құдайдың өз есебі бар мұнда. Үлкен жұмбағы бар.

‒ Түкірдім жұмбағына. Маған десе, әлем үстін-астына төңкерілсін. Бәрібір Грушенкаға жетпеген күніме мың қарғыс!

‒ Әділетті түрде айта аламын, Құдай жоқ! ‒ деді Данияр. Калмыков қараторы, ұзын бойлы жігітке таяп барды.

‒ Сіз кімсіз?

‒ Мен, Данияр.

‒ Қай Данияр?

‒ Альбер Камюдің досы.

‒ А, сіз емес пе, өңкей шығармаларыңызда быдырлап Құдай бар ма, жоқ па дей беретін?

‒ Не бопты, мен болсам? Сол, сіздермен келісе алмаймын, Құдай жоқ.


‒ Қойыңызшы, сіз осы, «Мастер мен Маргаританың» үлгісін романыңызға қондыра салған сізден оңды сөз шықпайды. ‒ Жағадан келіп Айжан қосылды. Ақ кофтасының желкідеген желегін желпіп қаракөзді келіншек Даниярға таяп келді. ‒ Құдай бар, иманым куә. Қоңырқазымның ұшып кеткен жағы сол Құдайдың мекені болатын.


Калмыков анық таныды. Сол, сол ғой, Айжан. Гамбургерді қоқыстан алып жейтін қыз. Қара велвет шляпасын басып қойып, Мәлік жөткірінді.


‒ Мұнда айтыстарыңызға қосарым: Фалес айтады: «Өмір мен өлім бірдей» деп. Сөйтсе біреу оған онда неге өлмейсіз десе, өйткені екеуінің айырмасы жоқ қой депті-міс.

‒ Сонымен не демекшісіз? ‒ деп орнынан көтерілді Таған. ‒ Сіз... үнемі жобалап жортаңдап сөйлейсіз. Анығын сіз айтарсыз, бәлкім, Құдайдың бар болғаны ма?

‒ Ақшаңдамаңыз. Ол туралы мендегі түсінік мынау: ‒ Құдай бар, бірақ оның бізге қатысы жоқ.

‒ Қалайша? Сіз сайтан бар, бірақ оның бізге қатысы жоқ демекпісіз?‒ Қап-қара күртешелі, басына қара домбал қалпағын басқан кәдімгі Коровьев тұр. Жүзінде ыбылжыған күлкі-кейіс. Қолындағы таяғымен басып барып, бөлменің шетіне шоңқиған орындыққа жантайды.

‒ А-а-а абайлаңыз, орындық майып етеді сізді, ‒ деді Калмыков.

‒ Қорықпаңыз, бұл орындықтан мен құлай қоймаспын. ‒ Бір иығы салбыраған орындық мығымданып, төрттағандап қапты.

‒ Иә, Құдай туралы түсінігім бағзыша: Құдай дегенің басы жоқ, аяғы жоқ дүние, ‒ деді Мәлік.

‒ Онда өмір де басы жоқ, аяғы жоқ бірдеме ме? ‒ Таған аласұрып барып Мәлікті жағасынан алды. ‒ Өлімнің жоқ болғаны ғой онда?

‒ Жіберіңіз, сіз осы, ана жақта да жағамнан алып жүретінсіз, мына жақта қойсаңызшы енді. Айтайын, айт десеңіз, өлетіндер өлмейді, өлмейтіндер өледі.


‒ Түһ! ‒ Айғайлап жіберді Шақан Шері: ‒ Ішіңіз толып кеткен неткен цитата мен афоризм! ‒ деп мылтығын төбеге кезеп, тарс еткізді. Дүр сілкінген дауыстан сескеніп, Ләйлә басын көлегейледі. Ол топтан сырылып шықты да, терезеден төнген айға қолын созды. Ләйлә...


‒ Өйтіп былшылдаған Фалес пен Гераклит. ‒ Мәлік аузына қыстырған шылымын сораптап, ышқырын көтерді. Көзі қылиып Коровьев отырған орындыққа түсті. Орындық астында лыпылдап ойнаған құйрық жатыр. Калмыков бұрышта тұрған суретін ақтарыстыра бастады. Саңқылдаған дауысқа бұрылғанда таң қалды. Адасқақ та осында екен. Өңі сары, көзі көк. Адасқақ Мәлік, сосын қасында үлбіреп, жаудай жамалына күн тимеген Бағила тұр. Сосын Бовари ханым, оның қасында Данияр, одан соң Дмитрий, одан соң Таған, одан соң Шақан Шері, одан соң Мартин, одан соң Ләйлә, Маргарита, Күнекей, Ғазиза... Күбірлескендердің шеңберін айналып, бір ару шалынды. Аппақ, аққудай шалқып жүзіп бара жатқандай. Кенет сыбыр-күбір тынып қалды да, бөлмеде Айдай ару мен Калмыков қалды. Сұлу бұрылып қарар емес, қиялында ұшып бара жатқандай. Әуселесі түсіп аңқиып қапты.


‒ Аспан неге Жерге құлап кетпейді деп неге сұрамайсыздар? Құдай жоқ болса, аспан жерге әлдеқашан құлап та кетер еді. ‒ Араға сыптай киінген сары өңді Мартин килікті.

‒ Ха, егер Жер сол Аспанның өзінде ілініп тұрса, қалай Аспан оған құламақ, Мартин көке? ‒ деді Мәлік.

‒ Аспан мен Жерді тірескен періштелер ұстап тұр десем ше?

‒ Сайтандар қайда жүр екен онда?

‒ Сіздер Құдайдан гөрі, бос сөзге құмарсыздар, Құдайды тауып алайықшы, алдымен, ‒ деп Таған бойын көтерді. Көзі қызарақтап, жүзі солған. Басын қысып ұстап, әрі-бері жүріп, сабылып кетті. Қара-құрымның сыбыр-күбірі көбейгенде, саңқ етіп шыққан дауыстан қауым ес жиды.

‒ Мынаны көргендеріңіз бар ма? ‒ деп Коровьев орнынан тұрды да, таяғын бір сілтеді. Бұрыштан мойнынан қан атқылаған бассыз адам жүгіріп шықты да, айқай салды:

‒ Басымды көргендеріңіз бар ма, басымды іздеп жүрмін?! Басым қайда, басым?..


Аузынан шылымы түсе жаздаған Мәлік орындыққа ақырын барып қона беріп еді, жалпайып түсті. Жаңа ғана Коровьев тұрып кеткен орындық паршасы шығып құлады.


Таған Калмыковқа таяп кеңірдегін шертіп бір жартылық бар ма деген ишара білдірді. Калмыков шетте тұрған айран ыдысын нұсқады. Таған епелектеп басына бір-ақ көтерді. Аузы-басы айран болып, сіміре жұтты да, жалт беріп еді, қара көйлекті қызбен соғысып қалды.


‒ Ай, көзіңіз бар ма? ‒ Таған көзін ашып, алайтып алды да, Маргарита мен Мастердің бетіне бажайлап қарады.

‒ Құрыдық, мыналар жүрген жерін оңдырмайды. Кетейік, құрысын Құдайы бар болғыр, тынысым тарылды! ‒ Таған аласұрып Шақан Шеріге жетіп келді.

‒ Таған! Сіз ажалсыз адамсыз. Асықпаңыз, бассыз қалғыңыз келмесе. ‒ Коровьев пеньснесін мұқияттап сүртіп алды да, қасында тұрған дәу қара мысыққа берді. Анау көзіне тағып, үлкен кітапты ақтара бастады: ‒ Ым, Тағанның ажалы мынадан... Мәліктің ажалы анадан... Даниярдың ажалы анадан... Айжанның ажалы мынадан... Дмитрийдің ажалы... Калмыктың ажалы... Мартиннің ажалы... ұзынсонар тізімді мыңқылдаған мысық шұбақтап соза берді. Тұрғандар серейіп қатып қалған. Дмитрий ғана аяғын іліп басып қабырғадағы суреттерге бажайлап қарап шықты. Сары ұйпа шашын артқа сілкіп тастап, Калмыковқа таяп келіп, мойнына асылды. Калмыков ыржаң етіп күлді. Анау одан жұбатарлық дем күткен. Карамазов оның құлағына «сіз бақытты адамсыз» деп сыбырлады. «Сіз білмейсіз, Дмитрий, уылжыған нәрестесіз ғой, мені Құдайым Ұлы етіп жаратқан» деп күбір етті. Анау «Өнеріңіз ғажап екен, сорлысыз ғой, бейшарасыз ғой, бірақ ештеңе емес, ештеңе етпес, ‒ деді күрсіне мойнына қара күртесін іліп: ‒ Достоевский менің досым еді дегейсіз». ‒ Сүйретіліп бұрышқа тығылды.


Калмыков манағы көз алмаған сұлуын іздеп тапты. Жер тіреп басын төңкерді. «Леонардо да Винчидің жердегі суретімін»... Мына суретті қай кісі салып еді? Нұрқанат емес пе еді? «Ай мен Ару». «Сұлу мен суретші». Қандай ғажап сурет. Мынау теңдессіз шедевр. Кенет тағы дабыра шуда екенін сезінді. Барлық лықылдап төгілген сезімдердің астаң-кестеңі шықты. Көз ұшында ару мен айдың бейнесі жұтылып жоғалды.


‒ Дмитрий, енді қайттық? ‒ деді Таған жүзін қолымен жасқап.‒ Құдай жоқ болса, болар, бірақ бір Жаратушының бары рас қой? ‒ деді бұрышта бүгілген басын көтермей.

‒ Әрине! ‒ Қақ ортадан аппақ нұрға бөленген тыржалаңаш сұлу келбетті кісі көрінді. ‒ Мен...

‒ А, тоқтаңыз, бұл кісі...

‒ Бұл кісі...

‒ Бұл кісі, тоқтаңызшы, Бобчинский, мен ай-й-тайыншы...

‒ Жоқ, мен айтайыншы, сіз бәрін бүлдіресіз қазір...

‒ Түге, тоқтаңыздаршее, осынша кекеш болмасаңыздар! ‒ Таған жетіп келіп, түкірігін екеуіне шашырата жекіп берді де, өзі шөкелеп отырып: ‒ Сіз, Микеэл періште емеспісіз? ‒ деді тыржалаңаш кісіге жақындап.

‒ Иә, Таған, мен әулие Толстойдың Микеэлімін.

‒ Бәсе, ол шал неге арамызда жоқ? ‒ деп шапшыды Дмитрий.

‒ Құдайсыздар арасында Құдайдың болуы мүмкін емес қой, Дима, ‒ деді Айжан.

‒ Жоқ, әрбіріңізде Құдайдың сипаты бар екеніне куәлік беремін және ол қан тамырыңыздан да жақын. Әбзелі осы, Құдайды іздеуде алдымен осындай сауал туады.


Коровьев пен қара мысық көлеңкеленіп ғайып болды. Бөлме іші жарық нұрға бөленді. Сұры қашқандардың жүздері ажарлана түсті.


‒ Сұрақ деңіз, періштем! ‒ Нұрлан мырза қыстырыла кетті.

‒ Сіз шынымен періштесіз бе? ‒ Калмыков аңтарылып тұр.

‒ Солай, Жаратушы мені сіздерге бір сәт үш сұрақтың жауабын тапсын деп жіберді.

‒ Не сұрақ?

‒ Не сұрақ? ‒ Добчинский мен Бобчинский егіздесіп жетіп барды.

‒ Әуелім, адам немен тірі? Сосын адам нені білмейді? Соңғысы, адам несіз өмір сүре алмайды?

‒ Осындай көпсөзділікке жаным қас.

‒ Үндемей, сабыр сақтаңызшы, Данияр, ‒ деп жалт етті Айжан.

‒ Жаратушы барлығыңызды құзырында күтіп отыр. Сіздерге осы үш сұрақты тапқасын, мәңгілік ғұмыр сыйламақ.

‒ Рас па? Шынымен Құдайдың бар болғаны ма? Зарланып бар шерімді тарқатсам, тыңдар ма еді ол мені? ‒ Бетін басып Дмитрий отыра кетті.

‒ Иә, барлық ұлылардың жүрегіне ұлы махаббатты Жаратушымыз Құдай салған. Демек, өз бөлшегінің зарына құлақ салады.


Калмыков бәрін бағып қарап тұр. Бір сәт кейіпкерлер қозғалмай қатып қалды. Серейіп, селтеңдегені де тапжылмай қалды.


‒ Апырмай, осылар неге менің үйіме келді екен? Бұлар неғып жүр? Менің басымда ма, үйімде ме? Суретшінің үйінде бұлар неғып жүр? Жаным-ау, Оболенская, сен неғып жүрсің? Қатып қалған сұлбалар өше бастайды. Көз алдында ғайып болды бәрі. Терезеден күңгірт қала сәулелері шалынады».


Тымырсық ауадан салқын леп қарпып аунақшыдым. Олар Құдайды тапты ма, жоқ Құдайдың өзі оларды тапты ма, білмеймін. Бірақ олардың Құдайды іздеп жолға шыққандары анық. Ал мен, санамда шұбырғандарды шұбалтып отырып, көзімді жұмдым.

Бөлісу:

Көп оқылғандар