Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Мақпал Мыса. Париж жырлары...

26.12.2024 333

Мақпал Мыса. Париж жырлары

Мақпал Мыса. Париж жырлары - adebiportal.kz

Париж,

сені алғаш ұстазымның сабағынан таныдым,

Француз тілі кітабынан ашылған ед(і) танымым.

Сенің сонда  болмысыңа таңданғам,

Ұшқын атқан жанымда жүр жарығың.

 

Париж,

сенің көркем келбетіңді оқулықтан көргенмін,

Саған сәлем жолдағанмын таулары көп елден мың.

Бала қиял жетелеген желден жүйрік арманмен

Ғұмырымды өлеңіммен өргенмін.

 

Сөз киесі шырақ еді мені алысқа жетелер, 

Әлеміне шақыратын Элиот, Эрнест, Гөтелер.

Адамзаттың ақыл-ойы тоғысатын арнада

Рухың үшін болмайды екен  бөтен ел. 

 

Париж,

сенде аңсар, 

             аяулы ой, 

                   арман нұр,

Шақыратын мені өзіңе жұлдыздары жанған жыр, 

Гюго, Бальзак, Жан-Жақ Руссо, Бодлер, Рембо, Аполлинер 

Қаламынан таңбаланып тамған нұр. 

 

Бұл өмірдің аялдасаң 

 шығар шыңы жетеді,

Түсінгенім - жолаушыға жолдың мәні екені.

Бебеу қаққан беу дүниенің бесігінде тербеліп, 

Сөйле, Париж! 

Ақын туған Аңыздардың мекені! 

 

Бұл да өмірдің жазылатын болар бәлки дастаны,

Туған жердің сәлем айтты тауы, 

тасы, 

асқары.

Арманымды бала Қожа ақ нұрға орап жетектеп,

Саған қарай ұшырды, әне, 

Бердібектің аспаны!

***

Күз. 

Париж. 

Жапырақ жауып тұр,

Сағыныш әуенін шертеді.

Көңілім көркіңе ауып тұр,

Секілді мәңгілік ертегі.

 

Қарашам тіктейтін еңсені, 

Дәл осы ай, бізді ұзақ күткен күз,

О, Париж,

 сен мені, мен сені

 Қанша жыл, ғасырлар күткенбіз?

 

Түн. Эйфел Мұнара төбесі -

Қараймын,

 Сена үнсіз ағады, 

Санамда ғасырлар елесі

Неге оның мұңлы екен қабағы?

 

Осы күз сияқты бәрі де өткендей,

Енді оны із еске салады.

Бағың да көгілдір көктемдей

Дәуірдің көшінде қалады. 

 

Жарығың барады ерітіп,

Сөйлейді санамда тас бейне. 

Құстардың дауысына елітіп,

Таң күтіп жыр жазған жас Гейне. 

 

Алтын жал Париждің арайы

Көзіме құйылды, жан ұқты.

Мұнда жүр таланттың талайы,

Пикассо қаламы даңқты. 

 

Жанарда тамардай тамшы едің,

Жақыным болардай қимайтын. 

О Париж, 

данышпан, құдіретің бар сенің,

Талантқа шын сезім сыйлайтын. 

***

Көңілде күмбірлеп күй нендей,

Өзіңнен осы ма күткенім?

Ғасырдың қалпағын кигендей,

О Лувр, қандай сыр бүккенің?

 

Жаныңның жарасын жай емдер,

Қандай сыр жүрекке тұнды екен?!

Ренуар картина - тек сұлу әйелдер, 

Неге онда Мона Лиз(а) мұңлы екен?

 

Раушан гүл жұпары аңқитын

Моненің пейзажы - сырласым, 

Тұяғы тұлпары тарпитын

Өзіңмен мұңдас ед(і) бір досым. 

 

Мұнда ойға шіркін-ай, жоқ байлау,

Сөйлейді Леонордо дастаны,

Бернардтың кенебі - көк жайлау,

Бальмонттың арманшыл аспаны. 

 

О, Дүние-ай, 

сезгені, төзгені,

… Бірдеңе айтам деп оқталғам…

Өмір деп атаған Өнерді,

Өздері

Уақытқа сіңдіріп жоқ болған…

 

Құпия сырларын алқалап, 

Париж тұр күлімдеп, мұңайып.

Сезімім, санамда - салтанат,

Тоқташы, 

аялдай тұрайық…

***

Подари мне Париж и «фиалку Монмартра,

Фантастический воздух  в столице любви...

                                        Татьяна Воронцова

 Сен маған Париж сыйла!

 

Париж түсімде қалып қойды,

Өңімде елес кезіп жүрмін. 

Жүрек гүлі бүр жарып қойды,

Сен оны сезіп жүрдің. 

 

Сен маған “Монмартр шегіргүлін” сыйла,

Махаббат романтикалық ауа.

Сен оларды Мансо бағынан жина,

Арманға болады дауа. 

 

Нотр Дам де Париден алқа

Мойныма тақ, Күн, Айым. 

Тюильри хош иісі, салтанатты Арка,

Ғасырлар үнін тыңдайын.

 

Клиши бульварында тұрған үйге апар

Онда Пикассо тұрған. 

Мулен Руждағы биге апар

Сән-салтанат құрған. 

 

Мұнда көңіл қияли,

Мұнарадай тіктелсін тұғыр.

Мен үшін Париж - Модельяни,

Патшалар таққа отырған Лувр.

 

Көңіліңді көктем етейін

Күннің арайын жиып ап.

Дүниені дөңгелетейін

Диор көйлегін киіп ап. 

 

Нина Риччи хош иісін сыйла, 

Махаббат жұпары аңқысын. 

Сен маған тарту ет сыйға,

Парижді, 

сосын әлемнің жартысын. 

 

Париж - Ғашықтар қаласы,

Өмір ме айтшы, қимаған бағын? 

Махаббат - жүректің дауасы,

Мен саған сенім

 сыйлағам, жаным!

ВЕРСАЛЬ

Сөз өлмейді ашылса түндігі,

Уақыттың жүрегін тілген.

Версаль - дақпырттар шындығы

Қабырғаларға май болып сіңген.

 

Тарих сөйлейді, 

патшалар сарайы,

Алтынжал ғасырда жаһұт - тақ.

Түн зұлым, күндердің арайы

Бір асқақ болса, ол - ақиқат. 

 

Уақыттың алдында қаймықтың,

Людовик хандардың ғұмыры.

Бағаны балқыған байлықтың

Біреулер іздеп жүр жұғынын.

 

“Ех, шіркін, қалай тұрған иә,

Алтынмен апталған бөлмелер”.

Жанары тұманға тұнғанда

Осылай айтады көрген ел. 

 

Мен мұнда қызықтым бақтарға,

Арудың қолымен өрілген.

Ағаштар сырғалар таққанда,

Көкжиек көктем боп көрінген.

 

Құмығып құмартып қалудың,

Суретші қауымға бұл - азық.

Франсуа бағбан гүл арудың

Өсірген гүлдері тым нәзік.

 

Версальға ұқсас көп сарай да,

Ашылса әлемнің картасы.

Бұл бақтың бақыты алайда

Ленотр бағбанның арқасы. 

 

...Жыр етер әлемнің өрені, 

Ажал жоқ өшпейтін өнерге. 

Версаль да өлместің өлеңі - 

Ғасырлар!

тірісің,

көнерме!

***

О, Сена, 

ар ма, жарығым,

Дүниенің кезіп арасын,

Тірліктің бұзбай қалыбын,

Ақырын ғана ағасың. 

 

Сенің де күйің мәз емес,

Дәуірдің ішіп жарасын.

Жыр жазған ақын аз емес,

Өзіңе айтып наласын.

 

Ұқсатам сені Анаға,

О, Сена, жаның төзімді.

Келмеген кім бар жағаңа,

Сүймеген кім бар өзіңді?!

 

Ерліктің болар символы

Күлі де қалды Ж. Дарктың. 

Дұшпанның сезіп пиғылын

Түнегін түрдің жарықтың. 

 

“Сүйегім қалсын Сенада”, -

Деген ед (і) түспей тұғырдан.

Е, солай, уақыт - өліара,

… Наполеон да өткен ғұмырдан. 

 

Қайғы да жұттың қаралы, 

Өртеніп талай өзегің.

О, Сена, 

жаның жаралы,

Деміңді басшы, Өзенім. 

 

Ағарып ақсын ағының,

Өзіңдей мейір сыйласын. 

Жағаңда 

бірақ, жарығым,

Адамдар жанын қимасын. 

***

 

Мирабоның көпірінің астында 

Ойға шомдым тағы да.

Ақ күмістей сәулелерді шаштым да,

Мен де келдім жаныңа.

 

Сен өмірді есімізге саласың,

Айдыныңмен айнасың. 

Толқыныңда толқып жазған жарасын

Аполлинер махаббаты қайдасың?

 

Мирабоның көпірінде - сан арман,

Бірде кермек, 

бірде болдың бал мекен,

Сол жылдардың жетегінде жоғалған

Түннен хабар бар ма екен?

 

Сена, Сена! 

сендей бірақ сырбазды

Көргенім жоқ, жыр - атың.

Өзің жайлы талай-талай жыр жазды

Есілдегі бір ақын. 

 

Мирабоның көпірінің астында

Бір сағыныш тербейді. 

Өлең деген өрекпіген тасқында -

Махаббаттар өлмейді!

Фотосуреттер автордың жеке мұрағатынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар