Арман Әлменбет. «Кейіпкерлер съезі»
Бөлісу:
Алдыңда жатқан әңгіменің авторы кім екенін білмей отырып пікір жазу әрі әділетті, әрі әділетсіз екен. Әділеттісі, автордың көңіліне қарап, атағы бар болса, содан именіп отырып бұра тартпайсың. Әділетсізі, оның кім екенін, қай жастағы адам, дүниетанымы қандай екенін білмей отырып бірнәрсе жазу тағы оңай емес. Өйткені, сынды автордың бойына шақтап айту – Зейнолла Серікқалиевтерден қалған дәстүр екені белгілі. Бірақ «жарайды» деген бір ауыз сөзді айтып, авторы белгісіз әңгімені алып қойған соң, жазбасқа амал жоқ...
Өзі авторы белгісіз әңгіменің аты да «Авторын іздеген кейіпкер» екен. Алғашында жазылмаған бір әңгіменің кейіпкері шығар деп қалған едік. Сөйтсек, ол Құдайына ұмтылған адам баласы екен. «Құдай бар ма, жоқ па?». Өткен ғасырда жазылған шығармалардың кейіпкерлері жиналып алып, осы сұрақты талқылайды. Ақырында мысық сөйлеп, кейіпкерлер қатып, көп ұзамай көзден ғайып болады. Енді сұрақ: Құдайды іздеген кейіпкерлер ме, әлде осы әңгімені жазып отырған адам ба? Жалпы бұның бәрі не үшін жазылды дейміз ғой. Рас, сүйікті жазушыларымыз өздері Құдайды іздеп (негізінен орыстар) шарқ ұрды, солар Құдайын тапты ма екен деген сұрақ бәрімізді мазалайды. Бірақ бұл кісі олардың кейіпкерлерін бір жерге жинап, Құдай туралы қалай болса солай сөйлету арқылы қандай межеге жеткісі келді екен? Әлеуметтік желілерде жүретін әзіл шалыс мына сөз еске түседі: «Құдай бар ма, жоқ па, оны Құдайдың өзі біледі!».
Бірер тіркеске тоқталсақ. «Шашының астаң-кестеңін шығарды» дейді. Алдымен астаң-кестең емес, астан-кестен болса керек. Содан соң шаш ұйпа-тұйпа болады, бірақ астан-кестен бола алмайды ғой. Қоғамына оғаш көрінген осыншама кейіпкер кіріп келсе, үйінің астан кестені шығатын шығар, бірақ басын қанша жұлқыласа да, шаштың астан-кестен шықпайды.
«Сонымен не демекшісіз?» дейді бір жерінде. Осы сөзге қарап, автор Жамбыл өңірінің тумасы ма деп қалады екенсің. Көше төбелесі басталардағы сөз сияқты көріне берді. «Не дегіңіз келеді», «Не айтқыңыз келеді» емес, «Не демекшісіз?».
Ең қызығы, «Дауысқа салайық» дейтін кейіпкер екен. Сірә, әңгімедегі жалғыз кейіпкер емес кейіпкер. Яғни, басқа кейіпкерлер дайын, бұрыннан классикалық шығармаларда өмір сүріп келе жатқан адамдар болса, бұл кісі өмірде бар адам. Арамызда жүрген кісі. Бойы ұзындау адам келіп «дауысқа салайық» деді, оған жұрт қосыла кетті деген кезде «мынау сол кісі емес пе екен» деп мырс етесің. Кейін сол күдікті Шақан-шері растайды. Бірақ... Ол кісінің дауысы қатқыл емес қой? Әуенді, биязы, арасында саңқ етіп, толқытып сөйлейді десе, тіпті бірден танығандай екенбіз.
Әсілі, бұл дайын кейіпкерлер туралы толғаныс секілді. Эссе дейміз бе... Сахналық қойылым жасаса, қатып кететін де сияқты... Бір жағы «Марвел» компаниясы бұрынғы кейіпкерлерін жинап шығарған «Өш алушылар» («Мстители») секілді ме...
Кітап оқыған адамдардың бәрінің басында бар жағдай: кейіпкерлер аңда-санда еске түсіп тұрады. Сөздері, әрекеттері, мінездері. Жақсы сомдалған образдарды ұмытпайсың. Кейде солардың басынан өткен жағдайлар өмірде қайталанады, ондайда әзілмен, кейде ойлана еске алып, ойша оларды өзіңмен, айналаңдағылармен қатар қоясың. Кей кейіпкерлердің жұмбақ тұстарын шеше алмай жүресің. Тіпті, кейбірін сағынасың. Автор осындай күйді жақсы беріпті. Басқа да әңгімелерін оқитын болсақ, жазушының жан-дүниесін жақсырақ түсінетін шығармыз.
Бөлісу: