Таңжарық оқулары өтеді

Бөлісу:

18.03.2015 2869
Таңжарық-Жолдыұлы.jpg 

Биыл Шығыс Түркістандағы Алаш идеясын насихаттаушы ұлт қайраткері, тарихи тұлға, ақын, ағартушы Таңжарық Жолдыұлының (1903-1947) туғанына 112 жыл толды.

Таңжарық – қазақ жазба поэзиясының көркемдік деңгейін көтеріп қана қоймай, айтыс өнерінің де тарихи беттерін ашқан адуынды айтыскер. Абайдан бастап замандасы болған Алаш арыстарының шығармашылығын жете танып меңгеріп өзгелерге насихаттаған. Құлжада алғаш рет қазақ театрын ашып Бейімбеттің «Шұға» пьесасын сахналап, басты рөлді сомдаған. 1935-жылы қытай қазақтарының тұңғыш баспасөзі – «Іле өзенін» шығаруы ұйымдастырған әрі бас редаторы болған. Көптеген мектептердің ашылуына ықпал еткен. Ақынның көп өлеңі абақтыда жазылған. Түрме әдебиетін қалыптастырып, сол кездегі қоғамдық шындықты өлең, толғау, әндері арқылы бүкпесіз паш еткен. 
Ақынның көптеген өлең, арнау, толғаулары бар. «Елмен қоштасу», «Түрме халы», «Кілтшіге», «Абақтыда кім жатыр?» т,б шығармаларында XX ғасырдың алғашқы жартысындағы қытайдағы қазақтардың тарихи тағдыры, алмағайып саяси ахуал, күрделі әлеуметтік мәселелерді айна қетесіз ашып көрсетеді. «Іле сипаты», «Шын тілек», «Ой толғау», «Өткен күн»,т б, толғаулары, «Анар-Сәуле», «Садық пен Сәлихан», «Нүптебектің асы», «Нәзигүл», «Бақсы мен молда», «Бөрі мен бөрібасар», т,б, дастандары, бірнеше қисалары, Қойдыммен, Әлекенмен, Нұриламен, Ұлжалғаспен айтыстар бар.

Ақынның 112 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдық мерей тойына орай Алматыда қалалық «Таңжарық оқулары» өтеді. Оған қаладағы ірі ЖОО-ның студент, магистранттары қатыспақ. Игі шараны Қазақ мемлекеттік Қыздар университеті ұйымдастырып отыр. Басты мақсаты: Алаш ұранды әдебиеттің белді өкілі, ұлт қайраткері, ақын-ағартушы Таңжарық Жолдыұлының өлеңдерін, өнегелі өмірін дәріптеп, жас ұрпақты қазақ әдебиеті мен тарихының ақтаңдақтарын ашуға, зерделеуге шабыттандыру. Қатысушылар Таңжарық өлеңдерін жатқа оқып, ақын өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап беріп, театрландырылған қойылымдар жасайды. Оған филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов бастаған Таңжарықтанушы ғалымдар, зерттеушілер, Серік Қалиев, Бақыт Жағыпарұлы сынды айтыскер ақындар, Нұржан Жанпейісов, Тілеубек Қожан секілді әншілер қатыспақ. Іс-шара аясында Таңжарық Жолдыұлының айтыстарынан үзінді орындалып, әндері шырқалады. 

Шараның өтетін уақты: 18.03.2015 жылы, сағат: 14:00-де
Мекен-жайы: Алматы қаласы, Гоголь көшесі, 114. 1- ғимарат, 218 кабинет, Қазақ әдебиеті кафедрасы.
Байланыс телефондары: Тұрсынбай Дәуітұлы: 233-19-31, 8-701-148-20-10

Бөлісу:

Көп оқылғандар