2025 жылдың 6 мамыры күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Жеңіс жауынгерлері. Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты жинақтың, сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбай мен ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері Көпболсын Бекмағанбет бірігіп шығарған «Өтті жылдар – отты жылдар» атты кітабының және тарихшы Жұмабай Доспановтың «Қару мен қалам» атты жинақтарының таныстырылым рәсімі өтті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу және насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы, «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрген бұл жинақтар Жеңістің сексен жылдығы аясында әзірленген екен.
Іс-шарға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, БАҚ өкілдері, оқырмандар қатысты.
«Жеңіс жауынгерлері. Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» кітабы әсерлі, көркем әрі мазмұнға бай 1941-1945 жж. Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан қазақстандық жауынгерлер жайында кеңінен мағлұмат береді.
80 жылдық мерекеге арнап тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбай мен ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері Көпболсын Бекмағанбет әзірлеп шығарған «Өтті жылдар – отты жылдар» атты кітабына майдангерлердің қанды қасапта жүрсе де, аузынан әзілі түспей, табан астында тауып айтқан тапқыр сөздері мен ұтқыр жауаптары, өткір де өнегелі әзіл-қалжыңдары, қасіретті жылдардың қас-қағым сәттік езу жиғызарлық оқиғалары мен майдан даласының даласының тыныс-тіршілігін көрсететін шағын әңгіме, аңыз оқиға, өлең жырлары және сирек фотолар топтастырылған. Бұл кітап баспадан жаңартылып, толықтырылып қайта шығарылды.
Тарихшы Жұмабай Доспановтың «Қару мен қалам» атты кітабына қан майданда, одан бұрын, не кейін де қару мен қаламды қатар ұстаған қазақстандық журналистер, әдебиетшілер, ақын-жазушылар туралы анықтамалар топтастырылған. Еңбек түрлі құжаттарға, архивтік материалдарға сүйене отырып, кеңінен мәлімет береді.
Таныстырылым рәсімінің тізгінін ұстаған жазушы, баспагер, журналист, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әлібек Асқаров кіріспе сөз сөйледі.

Модератор өз сөзінде бүгінгі тұсауы кесілгелі отырған кітаптардың маңызына тоқталып өтті бұдан соң алғашқы сөз Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет мырзаға берілді:
- Армысыздар, қадірлі қауым!
Бүгін бір үлкен іс-шараны өткізгелі отырмыз. Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару, тарату жұмыстарымен айналысады. Осы орайда биылғы мерекенің қарсаңында да бізде үлкен-үлкен кітаптар жарық көріп отыр. Атап айтқанда бізде төрт кітап жарық көрді. Өткенде Алматыда бір кітаптың тұсауын кесіп келдік. Үш кітаптың тұсауын Астанада, қарашаңырақта кесейік деп отырмыз. Бұдан бөлек Мәдениет және ақпарат министрлігінің атынан келіп отырғаннан кейін министрліктің осы саладағы атқарып отырған жұмыстары жөнінде бір ауыз айтып өткенді жөн көріп отырмын.

Өздеріңіз білесіздер, Отан соғысындағы жеңістің сексен жылдығын мерекелеу туралы Үкіметтің арнайы қаулысы бекітілген болатын. Одан бөлек әрбір өңірлерде өзінің жұмыс жоспарлары бекітілді. Осы ауқымда екі мыңға жуық іс-шара жоспарланып отыр. Министрліктің ішінде арнайы бекітілген медиажоспарымыз бар. Осыған сәйкес белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Жоспар аясында ақпараттық сүйемелдеуге барлық республикалық, өңірлік БАҚ-тар, интернет-ресурстар, әлеуметтік желілердің барылғы тартылған. Қолымда мыңдаған іс-шаралардың есептері бар. Олардың барлығы өздеріңіздің көз алдарыңызда, өз деңгейінде өтіп жатыр. Соның ішінде біздің саламызға қатысты кітап шығару бойынша, осы үш кітаптан өзге, өткен жылы бастап кеткен болатынбыз. Атап айтқанда Әшірбек Көпішев ағамыздың «Жеңістің туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаев», Айсұлу Нұрмағамбетованың «Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов» деген фотоальбомдарын басып шығарып, бүкіл кітапханаларға тараттық, тұсаукесерін өткіздік. Сондай-ақ министрліктің ішіндегі біздің комитетіміз, архив құжаттама және кітап ісі комитеті тағы да бір үлкен жұмысты атқарды. Ол «Айбын» орденінің І дәрежесіне Сағадат Нұрмағамбетовтің, ІІ дәрежесіне Бауыржан Момышұлының, ІІІ дәрежесіне Рақымжан Қошқарбаевтың есімін беру үшін тиісті заңдарға өзгерістер енгіздік. Бұлардан бөлек бізде архив басқармасы биыл «Батырларға тағзым» (https://batyrlarga-tagzym.kz) атты веб-порталды іске қосты. Бұл да болса қоғам тарапынан ыстық ықыласқа бөленген жобалардың бірі болды. Архив – ұлттың жады. Ал архивтік құжаттарға сүйене отырып жазылған мұндай еңбектер – жадымызды жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңірер алтын көпір. «Қару мен қалам» арқылы біз соғыс жылдарындағы қазақ қаламгерлерінің батырлық болмысын, рух биігін танимыз. «Жеңіс жауынгерлері» – майдан даласында от кешкен боздақтарымызға құрметтің белгісі. Ал «Өтті жылдар – отты жырлар» сол жылдардың қайғысы мен қуанышын, ерлік пен үмітін жырмен жеткізетін рухани дастан іспетті.
Біздің басты міндетіміз – осы еңбектер арқылы Жеңістің бағасын ұмытпай, болашақ ұрпаққа аманаттау. Себебі тарихты құрметтеу – елді сүюдің ең биік көрінісі.
Барлық жұмыстарымызға сәттілік берсін! Кітаптың авторлары да осы кітапты басып шығаруда теңіздей тер төккен баспаларға, ғалымдарға ризашылығымды білдіремін.
Кітаптардың жолы болсын! Таныстырылым сәтімен өтсін!
Бұдан соң кітаптардың тұсаукесер рәсімі өткізілді.

Тұсаукесер рәсімінен кейін сөз алған белгілі қайраткер ғалым, профессор Әбдіжәлел Бәкір қан майданға аттанған қазақ жауынгерлерінің бойындағы адалдық сезім туралы тоқталып өтті:
- Біріншіден, осындай іс-шараны ұйымдастырып отырғандарыңыз үшін көп рақмет! Біз Кеңес үкіметі кезіндегі Ұлы Отан соғысы дедік. Екінші дүниежүзілік соғыс деп жүрміз ғой. Ол кездегі көзқарас пен бүгінгі көзқарас бөлектеу. Қазір тәуелсіз елміз. Өз нәрсемізге өзіміз ие болуымыз керек. Өз шындығымызды өзіміз айта алатындай болуымыз керек. Менің екі жасымда екі әкем де: туған әкем мен бауырына салып алған әкем маусым айында кетті. 1942 жылдың аяғында екеуі де өмірден өтіп кетті. Біреуінің жатқан жері табылды. Біреуінің дерегі жоқ, хабарсыз кетті. Әуелгі кезде қазақтардың соғысқа дайындықсыз кіруі, тіпті қару-жарақтары болмағаны сияқты нәрселерді шамалы ашыңқырау керек. Бәріңіз жақсы білесіздер, Бауыржан Момышұлы үш рет Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылды бірақ үш ретінде де ала алмады.
Кешегі соғыстағы қазақтың ұлттық рухы ешкімнен кем болған жоқ. Өздеріңіз білесіздер, украиндардан кейінгі ең қазаға көп ұшыраған қазақтар болды. Бір жағдайды айтайын: біздің Сырдария ауданында Айдарлы деген жерде менің әкем және әкемнің құрдасы әскери комиссияға келеді. Әлгі құрдасының сақалы бар екен. Комиссариаттағылар: «Сіз шалсыз, қайта беріңіз! Сізді алмаймыз, мына кісін аламыз» - дегенде: «Жоқ, мен шал емеспін. Мен мынамен құрдаспын!» - деп шығып кетеді де, шаштаразға барып сақал-мұртын алдырып келеді де: «Ал, енді қараңдар, мен шалмын ба?» - деп әскерге аттанып кеткен екен. Міне қазақтың тазалығы, Отан дегендегі шын көңілі – ол басқа көп ұлттарда кездесе бермейтін дүние. Сондықтан осындай мәселелерге қатты көңіл бөлініп жатса жаман болмас еді. Сондықтан менің айтарым: кешегі кеңестік кезеңнің көп дүниесіне біз басқаша көзқараспен қарауымыз керек. Біз тәуелсіз ел, сол тәуелсіз елдің азаматы есебінде қарауымыз керек. Өзіміздің шаңырағымыз, туымыз, өзгеше жағдайымыз бар деп алға сеніммен қарауымыз керек. Мен мына кітаптарды біле қоймаймын. Бірақ өз ойымша мұны құрастырған адамдар да лайықты дүниелер топтастырғанына сенімім мол. Назар қойып тыңдағандарыңызға рақмет!
Мемлекет және қоғам қайраткері, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Өмірзақ Озғанбай сөз алды:
- Құрметті қауым! Сексен жылдың ішінде Ұлы Отан соғысы туралы талай әдеби шығармалар, ғылыми жұмыстар жазылды. Ол әлі бітті деп айтуға ерте. Ол әлі де жазыла береді. Соның бірі – бүгінгі тұсауы кесіліп отырған жаңа кітаптар. Алапат соғыс, адамзат баласына қатты қиындық әкелген соғыс болды. Оның ішінде Қазақстанның арқалаған жүгі өте ауыр болды. Қазақстанда соғысқа кеткен адамдармен бірге қорғаныс өндірісінде істеген адамдардың санын қосқанда бүкіл елдегі халықтың 25 пайызын ұстайды екен. Не соғысқа кетті, не ауылда соғысқа қарсы тылда еңбек жасады. Ал сол соғысты бастаған Германияның өзінде халықтың 14 пайызы ғана қатысты. Бұл соғыс – қазақ үшін өте ауыр соғыс болды. Бір-екі мысал айта кетейін. Қазіргі көптеген деректерде Кеңестер Одағының шығын болған адамының саны 27 миллион деген цифрды айтады. Бірақ ол аз да болуы мүмкін. 27 миллион деген цифр аз ба, көп пе, соны мына мысалмен елестетіп көрейік. Сол адамдардың әрқайсысына бір минуттан үнсіздік жариялап еске түсіру үшін елу жыл керек болады екен. Соғыс жылдары Қазақстанға көптеген өндіріс орындары келді. Осы қаланың өзіне қаншама зауыттар келді. Олар тез арада іске қосылып жатты. Ауылдағы шаруаның барылғы аналар мен балалардың, қариялардың иығына түсті. Таңертеңнен кешке дейін колхоздың малының соңында жүрді. Бұл сол кездегі: «Бәрі де майдан үшін, Бәрі жеңіс үшін!» деген ұран аясында болды.
Бұл шығып жатқан кітап туралы айтқанда: бұл кітап – ерекше кітап. Ерекше болатыны – адам қазір шабуылға шығайын деп отырса да күлкілі, қызық әңгімеге қызығып, соған қуаттанады екен. Әлгі «наркомовскийге» қосылатын осындай әзіл-оспақтың өзі адамды көңілдендіреді ғой.
Біз біраз әңгімелерді тердік, жинадық. Айтқыштар өте көп болған. Олар әзіл әңгімелермен өзінің ойын жеткізіп отырған. Және тиімді жеткізіп айтқан. Олар сөздің арасында Сталинмен, Молотовпен т.б. кездескенін күлкілі жағдайда жеткізіп отырған. Бір-екі жағдай: Шотан деген кісі әскерден аяғы кем болып оралған екен. Ол кезде аяғының кемдігіне байланысты берілетін «Запорожец» дейтін брезентті машина болды. Сол «Запорожец» машинасына бұл кісі үміттеніп, арызын береді. Қарап-қарап келгенде: «Ақсақал, сізге бұл машина тиісті емес. Себебі: сіздің кесілген аяғыңыздың қалған тұқылының ұзындығы бес сантиметр артық екен. Сондықтан сізге берілмейді», - дейді. Әскерден қаны қызып келген контуженный адам айғайды салып ұшып түрегеліп: «Осы мекеменің басшысы бар ма? Шақырыңдар! Балта бар ма? Балта әкеліңдер!» - дейді. «Мұнда не болып жатыр?» - деп басшы өзі жүгіріп жетеді. «Менің мына бес сантиметр тұқылы артық екен. Қазір маған балта бер, соны шабамын! Содан кейін берсең мына брезент машинаңнан үміттімін!» - дейді сонда әлгі қария. Кітапта осындай көптеген әңгімелер қамтылған.
Осындай әңгімелер көп. Мұны қолға алып қарап шықсаңыздар, үйде шай ішіп оқып отырып, көңілденіп күліп отыратын көптеген әңгімелер бар. Солардың бәрі сіздерге жетсін деп осылай жұмыс істеген жайымыз бар. Ел көлемінде қалған 110-дай майдангер бар. «Бұл –бәріміздің өміріміз ғой!» - деп сол ақсақалдар кітапқа ерекше баға берді. Сондықтан кітап құтты болсын! Бақытты болсын!
Кітапты құрастырушылардың бірі Көпбосын Бекмағамбетов жинақтың өзіндік ерекшелігі мен құндылығы жөнінде қысқаша таныстырып өтті:
- Бұл кітап сегіз бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің өзіндік айтары, берері, соғыстың нақты тақырыбы бар. Мен бірер дүниелерге ғана тоқталғым келіп отыр. Біздің қазақ әлмисақтан өлеңге жақын ғой. Жауынгерлер соғыста жүріп үйіне өлеңмен хат жазады. Ол – еріккеннен емес, ол – көңілдің толқуынан, ішіндегі жүрекжарды ойларын баласына, әкесіне жазған өлеңдері. Бір өлең емес, бір ауылдан емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен он бес-жиырма өлең таптық. Бұлар – үйіне үшбұрыш хатпен келген өлеңдер. Кітапты жинақтап жатқан кезде бір қарындасымыз әкесі мен шешесінің соғыс кезінде бір-бірімен өлең арқылы жазысқан хаттарын алып келді. Он бес-он алты шумақтан бар екен. Бұл кітаптың көлемі көтермейтінін түсіндіріп, әрі кетсе бес-алты шумағын қалдырайық деп ерінің де, әйелінің де өлеңдерін енгіздік. Бұл бір ерекше дүние болды.
Содан кейін тағы бір айтарым: кілең қаламгерлер отырсыздар: Ұлы Отан соғысына кейбір дәлел-дәйектер бойынша алпыстан астам қаламгер қатысқан десек, солардың ішінен Бауыржан Момышұлы оныншы жылғы ғой. Жұмағали Саин, Әбу Сәрсенбаев т.б. ақын-жазушыларымыз отыздан асқан сақа жігіттер болған. Ал Мұзафар Әлімбаев, Қалмұқан Исабаев, Сырбай Мәуленов т.б жастардың көпшілігі он тоғыз-жиырмаға жетпеген, 23, 24, 25-жылғылар екен. Солардың 41-жылдан жазған алғашқы өлеңдерін беріп отырмыз. Соғыстың әсерінен дейік пе, өзінің талантынан дейік пе, майданда туындаған өлеңдер. Осындай-осындай ерекшеліктер бар.
Одан кейінгі бұл кітапқа бір талабымыз – адамды шаршатпайды, ұзақ болмайды, бір әңгімеміз екі-бет үш беттен әріге бармайды. Бір беттегі миниатюралық дүниеге тұщынасыз, күлесіз, жымиясыз. Сондай жеңіл оқылатын, жалып халыққа ортақ оқылатын дүние болды деп ойлаймыз. Бұл алғашқы кітап шыққан кезде «Егемен Қазақстанда» басқа басылымдарда да пікірлер білдірілді. Жалпы халық жақсы қабылдағаннан кейін келесі жылы қосып жан жақтан толықтырып жинаған еңбек болып отыр. Қысқаша айтарымыз осы.
Бұдан соң «Қару мен қалам» кітабының авторы, әскери тарихшы Жұмабай Доспановтың бейнежазбасы тыңдатылды:
- Құрметті қазақстандықтар! Биылғы 2025 жыл – әлемдік тарихта ерекше даталы уақыт болып саналады. Ол – бүкіл Жер шарын жау қолымен жапырып, алапат заман орната жаздаған фашизмді, толық алты жылдық Екінші дүниежүзілік соғыстың, оның ішіндегі төрт жыл майданда 27 миллион кеңес халқының өмірін жалмаған Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуына 80 жыл толуы. Әлемнің 61 елін шарпыған соғыста өмірлері қыршынынан қиылғандардың арттарындағы жоқтаушылары – халық пен қоғам. Мемлекетте оларды ұзағынан есте сақтау шаралары жүргізіліп келеді. Уақыт өткен сайын ол жұмыстар еселене түсуде. Сол шексіз істердің біріне бүгін өздеріңіз куә болып отырсыздар. Мемлекетіміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза өткен жылы Үкіметке Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге байланысты тапсырма бергенін, соның негізінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева ханым қазақстандық майдангер қаламгерлер туралы республика жұртшылығын толыққанды жаңа ақпараттармен қамтамасыз етіп, үлкен тарту жасады. Арадағы бір жыл мерзім ішінде жоспарланған «Қару мен қалам» атты майдангер қаламгерлер хақындағы тек қана жеке құжат деректер мен зерттеулер болашақ кітапты белгіленген мерзімде дайын етіп, Алматыдағы танымал «Күн сәулесі» баспасына тапсырсақ, ол ұжым абройлы да жауапты істі лайықты орындап шықты.
Соғыс аяқталғалы жарық көрмеген 224 беттік кітап, оған енген 225 майдангер мен осыған дейін 70-80 ғана болатын. Үш мың дана болып, республиканың барлық жиырма аймағындағы кітапханаларға берілмекші. Бұл үкіметтің Ұлы жеңіс датасына еліміздің қалың оқырмандарына майдангер ұрпақтарына өз тарапынан жасалынған үлкен қамқорлығы, сый-құрметі. Сол кездерде «Қару мен қалам» кітабы қашан және қалай жазылғаны оған кімдер енгені туралы қысқа ғана айтып өтейін. Оның электронды архивтерден ізденіспен жазылуы 2024 жылдың сәуірінде басталып, 2025 жылдың наурызында аяқталып, баспаға жолданған еді. Алдымен майдандық қазақ газеттері болды. Олардың жалпы саны – он бес майдандық газет болды. Біріншісі – «Дабыл», Екінші – Шығыс майданы. Редакторы – майор Аймұратов, Екіншісі – «Жауды жоюға», Брянск майданы. Мұнда қатысқан аудармашы, аға лейтенант Тұрымбетов. Үшінші – «Жауға қарсы аттан», Калинин майдандық, І Балтық жағалауы майданы газеттері Редакторлары – майор Сәду Машақов, майор Нұрсейітов, майор Аймұратов. Төртіншісі – «Қызыл Армия», І Белорус майданы. Онда лейтенанттар Ақшолақов, Әбдіқадыр, капитан Дінішевтер болған. Бесінші – «Қызыл әскер ақиқаты». Батыс майданы, кейінгі ІІІ Белорус майданы, капитан Әбішев. Алтыншы – «Майдан правдасы», Волхов майдандық газетінің капитан Қорабаев бастаған құрамы. Және ІІ Белорус майданы, редакторы майор Елшібеков. Жетінші – «Отан намысы үшін», Воронеж майданының редакторы аға лейтенант Құлбабаев, І Украин майданы газетінің редакторы, майор Құлбабаев. Сегізінші – «Отан үшін!», Солтүстік-батыс майдан. Газеттің жауапты редакторы капитан Усманов, әкімшілік лейтенант Сейітов...»
Осылайша әрбір майданда қазақ тілінде шығып тұрған басылымдардың атуы мен оларды шығаруға атсалысқан журналист, жазушыларды атап өтті. Бұл есімдердің көбі қазақ оқырмандарына кеңінен таныс болды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Абай Тасболатовтың бейнеқұттықтауы тыңдалды:
- Құрметті ағайындар! Қазақстан – Ұлы Отан соғысы жылдарында», «Казахстан в годы Великой Отечественной войны» атты орысша, қазақша, ағылшынша, сексен жылдыққа орай толықтырып шығып жатқан кітаптар құтты болсын! Мен шығармашылық ұжымды Ұлы Жеңістің сексен жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Әрине кітап шыққан дұрыс. Бұл әсіресе біздің өскелең жастарымыз үшін қажет. Олар кешегі соғыстың тарихынан хабардар болып өсуі тиіс. Бұл жеңістің оңай келмегенін, қазақстандықтардың, қазақтардың оған қалай қатысқанын білулері керек. Кітаптың тұсаукесеріне қатысушылардың барлығына шын жүректен сәлем жолдап құтты болсын айтамын!
Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, журналист Сауытбек Абдрахманов алапат соғыстың салдары мен әзіл-оспақтың қай-қашандағы маңызы, сондай-ақ дәуірлер жүзіндегі көзқарастар туралы кеңінен толғап өтті.
- «Кітапты оқымай, мақтаймын» деген бір әзіліміз бар. Сол айтпақшы, әлі оқып үлгерген жоқпыз. Бірақ бұл еңбектерді оқымай да айтуға болады. Қалай болғанда да бұл – сауапты, жауапты шаруа екені анық. Жеңістің 80 жылдығы, бұл маңызды да қасиетті дата.
Бұл соғыста біздің халқымыздың намыс туы жоғары көтерілді. Халқымыздың жаңа деңгейдегі имиджі қалыптасып, кәдімгідей өзгеріп шықты. Өйткені 1936 жылға дейін қазақ Одақтық Республика мәртебесін ала алмай жүрген халық болатын. Арада бес жылдан кейін мынадай үлкен соғыс басталды. Сол соғыста қазақ халқы биік мәртебе алуға әбден лайық екенін қай тұрғыдан да өте биік деңгейде көрсете алды. Осы тұрғыдан келсек, бұл шығарылған кітаптардың бәрі өте үлкен шаруа. Келесі кітапты да көріп отырмыз. Мұнда соғыс туралы мәліметтер, операция карталары, иллюстрациялар, фотолар, барлығы жан-жақты қамтылған деп үміттеніп отырмыз.
Өмекеңдер, Тұрсынбай ағалар құрастырған кітапты қарап отырмын: Бұл да солдат рухының ерекше көрінісі. Атақты «Евгений Онгениннен» кейін көп қарайтын кітабым Василий Теркин. Сонда: «На войне одной минутки, не прожить без прибаутки», - деген сөз бар. Бәрібір, адам жүрген жерде, өмір бар жерде әзіл-қалжың жүреді. Адам өзіне қорғанышты әзіл-қалжыңнан, күлкіден іздейді. Содан қуат алуға тырысады. Бұл – адамның адамдығының бір белгісі, мойымаудың бір кепілі. Бұл кітап бұрын да шыққан бірақ осы тұрғыдан келгенде құнды. Бұрынғы жинақты оқығанмын. Соғыс кезіндегі неше түрлі оқиғалар, ойдан құрастырылған әңгімелер ой еркіндігінің бір көрінісі ғой деп ойлаймын.
Майдангер қаламгерлер туралы кітапты қарап отырмын. Менің бір ғана тілегім: жалпы адамдарды орденінің санына қарап талдамау керек. Мұнда Тоқаш Бердияров сияқты біршама адамдар, екі орден алса Тоқаштың қорқақ солдат болғандығынан емес шығар. Басқа адамдарды айтпай-ақ қояйын. Кейбір тұста едәуір қателік кеткен. Мұны оқыған олардың ұрпақтары ақыры бұл кітапты Қазақстанның майдангер қаламгерлері деп атағаннан кейін бабаларын, аталарын іздейтіндігі анық. Оларды мүмкіндігінше мына кітаптың жаңа басылымында ескеру керек. Басқа жағын таратып айтып жатпай-ақ қояйын. Бұл бір ойландыратын жағдай.
Ал бұл біткен үлкен шаруа құтты болсын! Әңгімелер айтыла береді. Бұл – біздің соғыс емес еді, бекер ұрындық деген сөздер айтылады. Мұның бәрін тарих өзі орнына қояды. Мысалы Өзбекстан осы жолға түсті. Ана жылдары осындай пікірмен біршама қырын қарағаны белгілі. Қазір Ш.Мирзиеевтің тұсында көбі қайтадан қалпына келтіріліп, Екінші дүниежүзілік соғыс батырларының есімі қайта көтеріліп жатыр. Мысал үшін Ш.Мирзиеевтің тікелей тапсырмасы бойынша, кешегі жылдары ысырылып тасталған Сабыр Рахимовтың ескерткіші ең биікке қайтадан қойылды. Ел үшін жасалған ерлік – еш уақытта ұмытылмайды. Ұсақ детальдары болуы мүмкін. Бірақ концепциялық тұрғыда ұлттың ұлы рухының көрінісі ретінде өшпейді. Сондықтан біз бұл Ұлы Жеңіске 180 градус бұрылып қайта қарауға ешқашан бармаймыз. Кешегі Бауыржан да, Мәлік те, Әлия да өзінің отанын қорғап соғысты. Ол уақытта принципті тұрғыда қазақ халқында: «Кеңес Одағы – біздің ортақ отанымыз» деген ұғым орнап үлгерген болатын. Сол жолда жанын пида қылды, сол жолда қанын төкті. Сондықтан біз бұл ерлікті ревизиялауға бармауымыз керек. Жекелеген детальдарды, басқа-басқа дүниелерін қараймыз. Мен соғыс тарихымен айналысып көрдім. Неше түрлі жағдайлар болды. Мысал үшін Ворошилов пен Буденныйлардың шолақ ойлылығы салдарынан кавалерия полктары жасақталды. Соғыстың жаңа дәуірі тұсында күні кеткен кавалерия полктары түгел қырылды. Олжас Сүлейменовтің «Прощайте воины» деген сценарийі бар еді. Керемет дүние. Оқығанмын. Ақыры соны қойғызбады. Өйткені қазақтың кавалерия полкінің трагедиясы туралы еді. Сондай-сондай нәрселер бар. Түптеп келгенде бұл соғыс – біздің де соғысымыз, бұл жеңіс – біздің де жеңісіміз. Ол – басы ашық ақиқат. Рақмет!
«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры, әдебиеттанушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы қан майдан қасіретін өз әулетін мысалға ала отырып, тартымды тарқатып өтті:
- Құрметті ағалар! Құрметті аға буын, құрметті әріптестер, замандастар! Бір аптаның көлемі болды, еліміздің түкпір-түкпірінде, соның ішінде Астана мен Алматыда жеңіс кітаптарының тұсаулары кесіліп жатыр. Жақсы сөздер сөйленіп жатыр. Ғалымдарымыздың, баспагерлеріміздің жақсы ізденістерін көріп жатырмыз. Мәдениет және ақпарат министрлігіне қолдағандарына рақмет айтамыз. Кейбір азаматтар бастамашылдықпен өздері шығарған. Бұл да жақсы нәрсе. Екінші дүниежүзілік соғыс, фашизмге қарсы соғыс дейміз, оның проблемасы бәріміздің жанымызды ауыртады. Халықтың түрлі ой-пікірі айтып жатқанын, оны да ескеруіміз керек.
Мен де майдангердің баласымын. Әкеміз он сегіз жасында барған. Соғысқа қатысқан, тұтқынға түскен. Тұтқында азапталған, құрамаға қайта қосылған. Тұтқынға түскендерді қайтадан келген кездегі қиындықтардан өткен майдангердің оныншы баласымын. Менен кейін тағы бес баласы бар. Егер сол соғыстан аман келмесе қалай болар еді деп ойлаймын. Атамыздың інісінің жағдайына байланысты оқиға бәріміздің басымызда бар ғой деп ойлаймын. Айнабек Мыңбаев деген кісі еді, колхоздың төрағасы болған. Бронь берілген екен. Сол кісіге ауылдың бір апасы: «Сен ел басқарып жүрсің, біздің балалар қырылып жатыр!» - деп айтқан ғой. Осыдан кейін намыстанып, қырық үшінші жылы майданға аттанып, хабарсыз кеткен екен.
Өздеріңіз білесіздер, Мәскеу түбіндегі Подольскідегі архив 2001-2002 жылдан ашылып, құжаттарды өңдеуге шығарды. Сол кезде қаншама деректер интернетке қойылды. Біздің Айнабек атамыздың да дерегі табылды. Сол майдангердің артында қалған баласына, қазіргі ақсақалымызға түннің ортасында хабарласуға жүрек дауаламай, таң азанда хабарласып отырмын ғой. Сондағы менің сұрағым мен ана кісінің жауабы қызық көрінеді. Таза қазақ психологиясын береді. Қадірбек деген кіс еді, көкеміз, марқұм болып кетті. «Ассалаумағалейкум!» - десем: «Тыныштық па?» - дейді. «Тыныштық, көке, әкеңіз туралы дерек табылды ғой!» - дедім. Сондағы бірінші сұрағы: «Әкем тірі ме екен?» - болды. Содан кейін барып: «Жоқ, көке. Қайтып кеткен екен. Бірақ қай жерде жатқаны бәрі шықты. Орел облысы, Свердлов ауданы, бәленінші мектептің ауласында жерленген екен. Мәліметтің барылғы шығып тұр. Тек әжеміздің есімінде сәл бір жаңсақтық бар екен», - деймін ғой. Әжеміздің аты Сырға еді. «Сухра деп жазылыпты», - десем, ана кісінің ойы: «Әкем сонда тағы бір қатын алған ба?» - дейді. Оған кезінде айтқан ғой, балалар: «Сенің әкең хабарсыз кетті. Ары қарай сатылып кеткен шығар» деген ғой. Міне, соғыстың зардабы. Подольскіде миллиондаған дүниелерге өңдеу жасалды.
Тағы бір дүние, біз әдебиетшіміз, әдебиет тарихын зерттейміз. Соғыс кезеңіндегі әдебиетті Отан соғысы жылдарындағы әдебиет деп атайтын. Ол ақта тұтқынға түскендер, шетел асып кеткендер бар. Олардың қилы-қилы тағдыры бар. Италияда тұратын Сарин деген кісі Ғылым академиясына: «Елімді сағынып жүрмін», - деп хат жазады екен. Сол сияқты шетте қалып кеткендер де көп. Майданның екі жағын да тең қарауымыз керек. Ол байғұстардың не кінәсі бар? Генерал Власовтар миллиондаған әскерімен бірге тұтқынға түсіп кеткен жоқ па?
Тағы да бір айтатын нәрсе мынау: Әлия мен Мәншүкке қатысты. Екеуінің де суреті бар. Бірақ екеуінің де бізге белгілі бейнелерін кезінде суретшілер салған. Бүкіл оқулықтарда, кітаптарда сол салынған бейнелері жүр. Солай болуға бола ма? Біз білетін суреттерге ұқсамаса, сәл беті жалпақ болса, оның еш сөкеттігі жоқ емес пе? Өмірде қандай болды, солай болуы керек. Қолдан сұлу қыз салғаннан ештеңе шықпайды. Меніңше, таза өздерінің суретін қойған дұрыс деп есептеймін.
Бәрімізге маңызды бір нәрсе, оны ағалардың пікір алмасуларынан көріп отырмыз: қалай дегенде де бұл датаға әлемдік тұрғыда мән беріп қараумыз керек. «Егемен Қазақстанда» Екінші дүниежүзілік соғыс немесе фашизмге қарсы соғыс жатырмыз. Оның да себептері бар. «Казасхтанскафя правда» Отан соғысы деп жазады. Басқаша жазу орыс тілді азаматтарға өте ауыр. Бұл менің ғана таңдауым емес, бұл – бүгінгі жаңа буынның таңдауы. Біз мұндай үлкен дүниеде өз еліміздің саяси абыройын да ойлауымыз керек. Оны ешқандай да бәсеңсітуге болмайды. Ал қаншама адамдар ақымақ генералдардың шешімі салдарынан соғыстан қайтпай қалды. Басқа да айтылар дүниелер бар. Қазір шығып жатқан мұндай фактілерді де халыққа жариялауымыз керек. Бұл соғыстың айнасы, біздің де талай бейкүнә боздақтарымыздың тағдырын айқындап беретін жағдай. Өмірде әрбір нәрсе қайталанады. Біз осыны ескеруіміз керек. Кітап шығарған азаматтардың бәріне ризашылығымызды білдіреміз. Жазарларыңыз да, кітаптарымыз да көбейе берсін! Аман-сау болыңыздар!
Белгілі ақын, жазушы, манасшы жырау Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, майдангердің ұлы Баянғали Әлімжанның да бүгінгі жинаққа айтылымдары енген екен. Қаламгер өз сөзін тұсаукесерге жиналған жас буынға қарата сөйледі.
- Ассалаумағалейкум ағайындар! Бүгінгі тұсаукесер құтты болсын!
Біздің әкелеріміз Ұлы Отан соғысы деп соғысты ғой. Алдыңғы сөз сөйлеген адамдар «бұл соғысты ревизиялауға болмайды» дегендей, біздің ревизиялауға хақымыз жоқ. Олар солай өмірден өтті, ол тарих солай өзгермейді. Қай жағынан бағала. Қалай десең олай деп бағала. Бұл күллі қазақ халқының қасіреті болған. Қазақтың жыламаған үйі жоқ. Біздің әулеттен қаншама адам кетті.. Әкеміз Берлинге дейін барып, үш рет жараланып аман келген. Кітаптағы «оқ тию» мәселесі менің әкемнің басынан да өткен. Машина ала ма деген үмітпен мен де әкемді военкоматқа апарғанмын. Дәрігерлер: «Әкеңіздің он кісілік еңбегі бар екен, бес кісілік ерлігі бар екен, мұның бәрі үшін машина берсек болады. Бірақ аяғынан жаралануы керек екен!» - дегені бар. Біздің шал бастан жараланған. Зеңбірек оғының жарықшағы шекеге кіріп кеткен ғой. Дәрігерлер ала алмай, госпитальден келіп тамақ ішіп отырғанда ірің теуіп, табағына сылдыр етіп түскен ғой. Содан военкоматтан шығып келе жатып әкеме: «Әке, басында, соғысып жатқанда ойлануың керек еді. Оққа басыңды қойғанша, аяғыңды қоймадың ба?» - дедім. Бұл бір ғана трагедия.
Менің әкем Таханның ерлігі көп айтатын,
Жау тылынан тіл іздеп түнде талмай жортатын.
Тоғыз танк талқандап таң атқанда қайтатын.
Сөйтіп жүрген батыр шал, бейбітшілік заманда,
Бір тележкі шөп сұрап, конторға қарай жортатын.
Сөйіп жүрген батыр шал менің шешем Бәтима марқұмнан жаман қорқатын.
Менің әкем Тахан шал – Берлинге дейін барыпты, фашиске ойран салыпты.
Қиратушы ед оны да, қырық шақырым қалғанда соғыс бітіп қалыпты.
Гитлер мен Геббельс:
«Тақан келсе болмайд деп, жағдаймыз оңбайд деп», ақыры өлім тауыпты.
Менің әкем секілді қара шалдар жасасын, қорғап қалған халықты! –
деп айтқаным бар еді.
Мен соғысқа қатысқан тағы бір жазушы кісіні көрдім. Әскен Нәбиев деген ағамыз болды. 1943 жылы Сталинград соғысында жарты басын граната жұлып кеткен ғой. Мен ол кісіні киноға түсірдім. «Қолыңды әкелші!» - деді, бірде. Қолымды бердім. Басының сүйегі жоқ, терісі бүлкілдеп соғып тұр екен. Осы ағамыз сөйтіп жүріп сексен тоғыз жыл ғұмыр кешіп өмірден озды. Қаншама кітаптар қалдырды. «Алақайғы» деген, ашаршылық туралы деректі романы бар екен. Он бір бала өсіріп тәрбиелеген кісі. Ағасы Мақсұт деген кісі тосқан екіге келіп қайтты. Бұл кісі неміс тұтқынына түскен. Сол жақта Мұстафа Шоқай аман алып қалған. Ағасы Мұстафа Шоқайды ардақтайды, мына кісі Советті ардақтайды. Тағдыр деген осы. Үлкен алапат соғысты ұмытуға қақымыз жоқ. «Аруақ аттаған оңбайды» дейді, атам қазақ. Аталардың не үшін қан төккенін ұмытуға болмайды. Біз орыстар, қырғыздар, өзбектер, украиндер т.б. халықтармен бірге фашизмге қарсы тұрып жеңген халықпыз. Олжас Сүлейменовтің бір айтқан сөзі бар ғой: «Бұл соғыс – фашизм мен интернационализмнің соғысы болды» деген. Халықтар достығы арқылы біз фашизмді жеңгенбіз. Фашизмнің бетін аулақ қылсын.
Бұл кітаптардың бәрі де керекті кітаптар. «Қару мен қаламға» есімдері кірген жазушылардың Тоқаш Бердияров, Кемел Тоқаев, өзге біразының көзін көрдім. Мәлік Ғабдуллин сабақ берген. Ол кісінің бір ерлігі: майдангер ақын Дихан Әбілевтің «Майданбек» поэмасындағы кешегі ауыл баласының немісті қалай өлтіремін деп ойланған жерін біреулер көрсетіп жіберіп, сол себепті Дихан Әбілевті трибуналға салмақ болған жерінен Мәлік Ғабдуллин құтқарып қалған. Дребеднев деген генералға дәлелдеп жүріп. Нәтижесінде Дихан Әбілевті екі айға елге демалысқа жіберіп, «Майданбекті» бастыртып әкеліп, майданға таратқан. Мәлік Ғабдуллиннің мейірімі мен ерлігі Дихан ақынды өлімнен арашалап қалып, Дихан баба атанып, ұзақ өмір сүрген тарихы бар. Осы ардақтыларымыздың есімдерін жаңғыртып кітап қылып шығарып жатқан сіздерге рақмет!
Белгілі әдебиетші ғалым Амангелді Кеңшілік өз сөзінде соғыстың көлеңкелі тұстарын көрсеткен орыс қаламгерлерінің туындыларына тоқталып өтті:
- Сәлеметсіздер ме, ардақты ағайын! Соғысқа байланысты қазір түрлі-түрлі деректер шығып жатыр ғой. Бұл жерде қандай да бір кесінді пікір айту қиын. Бәріміз де советтік идеологияны санамызға терең сіңіріп өскен ұрпақпыз. Сондықтан біздің ойымызда да көптеген стереотиптер бар. Джон Паульс деген бір үлкен жазушының: «Адам өзінің ойы мен қоғамнан таңылған ойды ажырата білуі керек», - деген бір сөзі бар. Сондықтан өз басым, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты қандай да бір асығыс қорытынды жасаудың қажеті жоқ деп санаймын. Менің ойымша бұл дүниежүзілік соғыс барысы әлі де сараланады, түпкілікті зерттеледі. Өйткені совет заманында көптеген шындықтар айтылмады. Виктор Астафьев деген орыс жазушысы бар. Сол жазушының «Прокляты и убиты» деген ғажайып романы бар. Сол романында соғыстың ащы шындығы суреттеледі. Онда қазақтар туралы да молынан айтылған тарау бар. Соғысқа дайындайтын жерге қазақтарды қалай алып келгені, соғысуға еш қауқары болмай барғаны: бір вагон қазақтың құлақ-мұрындары үсіп кеткені, сонда» қиын жағдайда олардың тәрбиеленіп, дайындалғаны туралы жазылады. Орыс жазушысы Виктор Некрасовтың «В окопах Сталинграда» деген кітабы шығып жатыр. Онда да сол кездегі көптеген шындықтар айтылады. Генералдардың кесірінен қаншама мыңдаған солдаттардың бекерден-бекер қырылғанын жазады. Бұрын айтылмаған қаншама деректер шығып жатыр. Мысалы 28 панфиловшыларға байланысты осыдан бірнеше жыл бұрын фильмдер түсірілді. Сонда шын мәнісінде 28 панфиловшының сол жерде өлмегенін, одан әлдеқайда көп адамдар қырылып қалғанын нақты деректермен дәлелдеп жазады. Сондықтан біздің тек қана пафоспен, айғаймен ғана кетпей, сабырмен саралайтын кезіміз келді. Мұны не үшін айтып отырмын? Өйткені қазір де соғыс болып жатыр. Біз келер ұрпақты осыдан сақтандыру мақсатында түсіндіруіміз керек. Әділеттілік, ізгілік, адамгершілік мәселесі алда тұруы керек. Осы соғыста адамдардың жаны қаншалықты ластанды, соғыста жеңгендер мен жеңілгендер болмайды. Соғыста екі жақ та жеңіледі.
Біз көбінесе совет жазушыларының шығармаларын оқимыз. Ал батыстың жазушыларының жазған шығармаларын оқыған кезде мысал үшін Генрих Бердің немістер өздерін қаншалықты моральдық қиын жағдайды сезінген трагедиясын жазған туындысы бар. Мен өз басым ойлаймын, осы мәселелердің барлығын тереңнен зерттеуі керек. Әрине біздің ата-бабаларымыз «Ұлы Отан үшін соғыстық» деп өтті. Бірақ біз сол көзқарасқа дәл сол тұрғыдан қарауымыз керек пе? Олардың көбі біраз шындықты біле алмай кетті, мүмкін айта алмай кеткендері де бар шығар. Жалпы соғыс мәселесін насихаттап дәріптей бергенді мен қаламаймын. Қазір де сол. Бұл бір азырақ ойланып-толғанып барып, тереңнен қаузап жазушымыз керек деп ойлаймын! Рақмет!
Келесі сөзді алған "Ілтипат" қоғамдық ұйымының басшысы Табия Жанмурзина тылдағы еңбеккерлер өмірінен былайша сыр шертті:
- Сәлеметсіздер ме? Бүгінгі іс-шара құтты болсын! Мен «Ілтипат» деген қоғамдық ұйымның басшысымын. Жиырма жылдан бері сол қоғам ауқымында қызмет етіп жүрміз. Бағытымыз – аға буын мен жастардың арасындағы өзара сабақтастықты нығайту. Жақсы-жақсы пікірлер айтылып жатыр. Бәрін тыңдадық.
Сол замандағы тылдағы адамдардың жағдайы қалай болды? Осы туралы тоқталып өтсем деймін. Қарғанды-Сұрыптау станциясы жақтағы біздің туыстарды ешқандай соғысқа алған жоқ. Олар тылда жұмыс істеді. Қарағандыда келе жатқан теміржолды солтүстікке қосу үшін тынымсыз еңбек етті. Таңғы сағат төртте тұрып, атамыз алтыға дейін демалып, қайтадан жұмысқа кететін.
Әкем сол уақытта бір қойманың басшысы болды. Қоймаға біз де кіріп жүретінбіз. Менің таңғалатыным: сонда қойманың төбесіне дейін бидай тіреліп жиналып тұратын. Бірақ ауылда аштық болатын. Әкемнің бір үлкен қалталы плащы бар. Содан ептеп кешке қойманы жапқан уақытта біраз салып алады да, үй-үйді аралап жүріп әрбір үйге бір-бір уыстан табаға төгіп жүріп өтіп кететін. Мен өзім жанында жүріп көрдім. «Неге елге қап-қабымен бермейміз?» - деп сұраймын ғой. Олай жасауға болмайды екен. Себеп: «Бәрі де майдан үшін!» Қоймадағы бидайды, сиырларды да қосып, вагон-вагонымен соғысқа жіберіп жаттық. Сондықтан да осындай жағдайларды да елге, халыққа жеткізу керек деп санаймын.
Шолпан Балманова деген қатысушы өзінің майдангердің қызы екенін айтып, өзінің «Майдангердің қызымын» атты өлеңін оқып берсем деген өтінішін білдірді. Автордың оқыған өлеңіндегі:
...Білмеймін, мен білмеймін, бәрі жұмбақ,
Білместі отырамын қалай жырғап.
Оралмаса майданнан сол әкешім,
Осы кезде, осы қыз қайдан тумақ? –
деген шумағы майданнан аман-есен оралып, ұрпақ өрбіткен жарты миллионнан астам жауынгердің ұл-қыздарының, бүгінгі немере-шөберелерінің ортақ қуанышы, шүкірлігі екені даусыз. Осылайша тұсаукесері өткен кітаптар қалың оқырманымен қауышты.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.