Рас, қайғы-қасіреті бар қаптаған,
Ғұмырлар бар батқан және батпаған.
Әкелгенмен әр адамға бір қайғы,
Сол жылдарға қарғыс айту жат маған.
Жанды-жансыз бар табиғат түнерген,
Әр кеудеде бір шер барын білсем мен.
Қан майданда ерлік етсе біреулер,
Қарсы жауға біз де шықтық түренмен... -
деп басталатын Мұқағали Мақатаевтың өлеңі – әбден ақын болып танылған кезінде, өткен уақытына бір қайырылып қараған шағында балалығынан көкірегіне оралған сурет болса керек. Мақатаев өлеңдері романтикаға бай, оқығанда өзекті қозғап түсер нәзік тербелісті лирикасы кім-кімді де жіпсіз байлап тастайтын сиқыры бар тұғын. Десе де, махаббатқа құштар, өмір сүйгіш ақын өлеңдерінің арғы жағында қобыздың өксік уілі секілді, сыбызғының құмыққан сарыны секілді бір үн ойнайды да тұрады. Әсіресе балалық шағы туралы сыр шертетін өлеңдерінен сол үн тіпті де қанық естіле түсетіндей.
Көктем кетті, күз, міне, жуықтады,
Бармысыңдар, бауырлар, қырықтағы?
Бәрің тірі қалдың ба, қарығанда
Қырықыншы жылдардың суықтары?... –
"Құрдастарға" атты өлеңі өзімен тете туған құрдастарына «Амансыңдар ма?» дегендей сәлем жолдайды. Балалығы соғыспен тұспа-тұс өткен Мұқағали секілді қаншама бала болса, сонша баланың табанына батқан тас ортақ, маңдайынан өткен күн ортақ болғаны анық. Мақатаевтың: «Бәрің тірі қалдың ба, қарығанда, қырықыншы жылдардың суықтары?» - деген жолдарына сай, ақын тұтас өз буынына «Бармысыңдар, тірі қалдыңдар ма?» деп сұрақ қоюы, ақиық ақыннан кейінгі еш буынның басында болмаған зауал мен сауал.
Кәрі арыстан атанған Хемингуэйдің өзінен кейінгі жазарман қауымның фразасына айналған: «The best training for a writer is an unhappy childhood» яғни, «Мықты жазушының дайындығы бақытсыз балалықтан басталады», - дейтін атақты сөзін осы жерде Мақатаев өміріне кірістіре кетсек. Ұлы ақынның ең бір бал-шырындай тәтті де, балғын майсадай үлпілдеп өсер тұсының соғыс деген сұрқиямен қатар өткенін қаперге ала кетуіміз керек секілді. Мұқағалидің балаң шақтан естелік айтар қаншама өлеңі бар. Ақын шығармашылығын парақтап кеп жібергенде, айналып, үйіріліп соғып отыратын өкпек желдей, әсіресе есіңде бірден қалатын, балалық көзбен суреттелген өзгеше өлеңдері еді. «Қырқыншы жылдар», «Құрдастарға», «Қайран жандар», «Қайран жеңгем», «Бала шақтан, болашаққа» секілді бір топ өлеңдері болса, «Дариға жүрек» поэмасы да әлемді тас-талқан еткен соғыстың кесірі отанға ғана емес, отбасының да берекесін қалай қидай сыпырып, қиратып кеткенін суреттейтін өкініш пен мұңға толы ғажайып дүниелер.
«Шаруасы шайқалған шағын үйдің,
Шаңырағына шаншылдық уық болып...», -
деп еркек кіндікті соғысқа кеткен, ауыл болса бос қалған, күллі тіршілік ендігі әйел заты мен жасы келген егде ақсақалға, қала берді буыны қатпаған балалардың мойнына артылған. Ақынның өткенін суреттеген өлеңдерін оқығаныңызда, танауы желбіреп үй шаруасына жарап қалған Мұқағалидің бала бейнесі көз алдыңызға елестейді. Адам жасы келген сайын өткен күннің елесіне шомылып, санасында қалған балалық естеліктермен, қызықты сәттермен жиы қауыша бастайтын әдет табатын сияқты. Әсіресе, балалық шағынан алған әсері күшті сезімтал адамдар үшін тіпті де солай.
Мұқаң да санасында өшпестей таңбаланған балалық елесін еріксіз өлеңге айналдырып, күйініші мен сүйінішін ақ қағазға таңбалау арқылы жүрегінің кейбір жұбанышын содан табатын секілді.
Қайран, біздің шешелер!
Арды ойлаған,
Шілік шауып, ши орып, бау байлаған.
Әйелдігін ұмытып күні бойы,
Түнде ғана,
Жатарда сезінетін....
Қайран біздің жеңгейлер!
Өскен ерен,
Егін орып, бау байлап, дестелеген...
Қайран біздің Атайлар - Ғұламалар
Тоқтап қалған тірліктің машинасын
Жүргізетін, бір жерін бұрап қалып. -
Соғыстың ауыртпалығын көтерген үлкендердің айта алмай кеткен өкініші мен шығара алмай кеткен өксігін ақын өлең формасында әдіптеп, қағаз бетінде тамшылату арқылы – ұлт кеудесіндегі беріш болып қатқан қайғы мен көзінде қалған бір тамшы жасты құрғатқандай болады. Бұл өлең жолдарынан ақын көңілінің аса сезімталдығын, қырқыншы жылдарда балалығы өткен, бала Мақатаевтың радар санасының сол заман аурасын тым қанық сезе алғандығының дәлелі десек артық айтқан болмаймыз.
«Шаруасы шайқалған шағын үй мен тоқтап қалған тірліктің машинасын жүргізетін», - жесір әйел мен қайраты қайтқан қарияның да жағдайы жараспағанын, жетім қалған жалғыз балалар ғана емес, күллі ауыл-аймақтың жетімек күйде екенін, арқа сүйер әке-еркексіз иен қалған тіршіліктің қандай сүреңсіз, қандай тіршіліксіз болғанын суреттейді. Оқисың, құмығып тамағыңа бірдеме тығылады. Соғыс болмаса бейбіт күнде тіршілігін жасап, бала-шағасының ортасында отыратын еді. Қайнап жатқан өмір өз гармониясын сақтап айналып жүре беретін бе еді, кім білсін. Бірақ, соғыс салған азаптан сырқат кеудесін сүйреп қарт жерге көмілсе, жаулығын оранған ана қартайды, желегі желбіреген жеңгенің тағдыры талқандалғанына куә боламыз. Ал, балалар ше. Балалар бозторғайдай шырылдап, жыныс орман арасында солқылдап зорға көктеген шыбықтай, қорғансыз, жетім қозыдай туа сала тағдырдың таразысына тартылады.
Су сұраса сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қарғаның валетіндей едірейіп,
Қасыңа мына біреу қайдан келген?...
Жеңеше-ау, есіңде ме біздің ағай?
Сыйласып отырар ек біз құдадай.
Қанды балақ соғысты қарғыс атсын,
Қайран жеңгем, шырқынды бұзды қалай... –
Бір қарағанда әзіл, жеңіл өлеңдей көрінетін бұл өлең қарапайым өмірді, биік поэзияға қалай айналдыра салған деуге көбіміздің ауызымыз бармады. Ойды қозғау үшін ақын күрделі, ауыр сөздерге жоламастан, күнделікті тұрмысымызда кем болса болмайтын су мен сүтті сұрату арқылы жеңге мен қайны арасындағы сыйластықты паш ететін үлкен өлең жаза салады. Ақынның осы өлеңін соң ішіңе бір өкініш ұйып, - Қап, әттеген-ай! - деген ішкі бір тілеулестігің еріксіз оянады. Осы бір парақ өлеңнен - басына жаулығын жаба тартқан, қызығынан ерте айырылып, мезгілінен бұрын қартайған, тағдырдың маңдайына сызғанына көнген әйелдің портреті өзіңе қарап тұрғандай болады. Шағын өлең, қарапайым сөз, бірақ, сол сөздер, деталдар өмірден үзіп ала салған әркімге таныс картина. Бірақ, бұл картинаны ешкім бұлай қарапайым ғана үзіп ала салуға болатынын осы өлеңді оқығанша білмеген де, ойына келмеген. «Су сұраса сүт берген, айран берген» - бұл тіпті сонау биіктен саулап құлап жататын поэтикасы күшті, көркем тіл де емес. Бірақ, неге екен өзің жазғандай бір оқып отырып жаттап аласың, бір оқығаннан, жадыңа хатталып қала береді. Сосын кенет жары соғысқа кетпесе де, өмірде жесір қалмаса да, сондай бір өмірдің кілтеңінен таяқ жеген жеңгеңді есіңе аласың. Көз алдыңнан ауылдағы әлдебір жеңгелеріңнің бейнесі кетпей қойсын.
Жалпы әйел тағдыры, ана қасіреті Мақатаевтың өлеңдерінің негізгі ұстынындай. Өзін бала ретінде қиындық көрдім, зарладым, жыладым деместен, арды ойлайтын ана мен кестеге сағынышын салатын жеңгелерінің тағдыр тауқыметін көбірек тілге тиек етіп, қалам тартады. Ал, шындығында бала Мұқағалидің ақындық талантының ашылуына көзі көрген - маңдайынан тер аққан әйел затының тылдағы ерен бейнелері арқылы қалыптасқанын ақын осындай риясыз өлеңдері арқылы аша түседі.
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қайғыға мойымаушы ең.
Қайдан келген?!
Сағынып жүрсің бе әлде, қадірлім-ай,
Баяғы жастығыңды майданда өлген?.. –
деу арқылы ақын аяулы жеңгесінің қара мұрттыға кіріптар болуы тікелей соғыстың салған лаңы екенін айғақтай түседі.
Ақынның соғыс зардабын тақырып ете отырып жазған тағы бір үлкен туындысы - «Дариға-жүрек» поэмасы.
Болғанды менде бір жеңге,
Жылайтын еді бір демде,
Күлетін еді бір демде;
Күлетін еді күллі әлем,
Дариға жеңгем күлгенде;
Жас тамып жасыл бүрлерден:
Қарағай, терек, бүргеннен;
Жылайтын еді гүлдер де,
Дариға жылап жүргенде;
Ауыра қалып бір демде,
Айығушы еді бір демде... –
деп екпіндеп басталатын поэмадан бірінші тарауы халқымыздың ғаламат ғашықтық жыры Қыз Жібекті суреттегендей Дариға жеңгесін ақын аспанға көтереді.
Қос жанар бірден жалт етсе,
Жарқ етіп шыққан күн еді;
Дариға-жүрек кім еді?..
Даланың жалғыз гүлі еді,
Екеуі болса, бірі еді,
Біреуі болса, өзі еді... -
Осы жолдардағы шедеврлікті айтпағанда «Сүт беріп, айран беретін» қарапайым жеңгесіндей емес, ерке де, отты жеңгесінің айналасының көз қуанышы болғанын, өзі қандай әдемі болса, әні де сондай әдемі, ортасының гүлі болғанын Мақатаев майын тамызып тұрып жырлайды. Бірақ, сондай ерке жеңгісінің бір талабы орындалмай ақ қойғаны. Тағы да соғыс! Тағы да сұм соғыс аққудай болған жеңгесінің жарын не өлі екені, не тірі екені белгісіз қалдырады. Басқа өлеңдеріндегі арды ойлаған ана-жеңгелерінің ішкі мені ашылмаса, «Дариға жүрек» поэмасында Мақатаев мүлде басқа ракурстен келеді. Бұл жолы ақын сырттағы, айдаладағы дүниені күйретіп, қиратып жатқан соғыс өртін емес, адам ішіндегі, қалау сынды адами сезімнің өртін ортаға алып шығады. Арды ойлаған ана мен Дариға жүрек жеңгесі мүлде керағар бейнелер. Дариға жүректің екінші бөлімін оқығанда оқырман не болғанын өте жақсы түсінеді. Оны ақын қалай шебер жеткізсе, ойлы оқырман солай анық түсінеді. Ақын жасырмаған дүниені біз жасырып не істейік. Осы жерде Мұхтар Әуезовтың «Қаралы сұлуындағы» Қаракөздің ішіндегі талай жыл арпалысқан қара жыланды, абайсызда тап болатын қара шал өлтіретіні бар емес пе еді. Сол секілді тән қалуы жеңген, жастықтың оты күйдірген дене Дариға жүректі де өртеп кетеді.
Дариға-жүрек кім еді?
Тасылмай қалған өзені,
Ашылмай қалған өзегі,
Келмей бір кеткен кезегі,
Керемет жанның өзі еді;
Айтылмай қалған сөз еді;
Ашылмай жүрген сыр еді,
Басылмай жүрген жыр еді... -
Әйел заты үшін мынау жалғанда боламын деп болмаған, толамын деп тола алмаған дүниеден асқан сорлылық жоқ шығар. Ақын жырлаған Дариға жүректің осы трагедиясын кім қалай қаралағысы келіп, кім қалай жақтағысы келсе де патша көңілдің еркінде. Бірақ бір нәрсе анық, Дариға жүректе соғыста жау оғынан қаза тапқан солдаттар қатарында десек де болар. Қара жыланның шырмауына түсіп, Мақатаевша айтқанда жеңгесі қанша жыртқышқа айналса да, оны кіналай алмайды. Өмірдің белгісіз бір нәзік байланысы қайны мен жеңгені қалай шырмап-матаса да, жеңге еркі өзінде болса да, неге екені жерік болған жеңгені жек көріп тұрып бір айналып келіп ақын болып жоқтайды, ақындық биікке шығып алып күнәсіне, кінәсіне қарамай мәңгілік ескерткіш орнатады. Бұл не сонда? Поэмадан ақынның бала көзімен, бала көңілмен беретін пәк көзқарасын оқып отырып, Дариға жеңгесіне кінә артпайтын бала пейілін танысақ та, есейген ересектер жасап алған мынау қоғамның қатал да, қатаң қағидаларымен қарайтын қатыгез жандарымыз ба, тіпті жыртқыш біз емес пе деген де ой келеді.
Осылайша ақынның қозғаушы элементі соғыс болған бір қатар өлеңдеріне ат басын бұрып, аз ғана аял жасап, қозғау салған болдық. Мақатаевтың Мақатаев болуына Хемингуэйше айтқанда соғыспен тұспа-тұс өткен бақытсыз балалығының әсері анық еді. Оны ақынның өзі айтқандай:
«Муза деп атап, ақындар ғибрат қылатын,
Сол екен — менің періште жырым, мұратым
Дүниенің мынау, қабағын бағып тұратын,
Дариға- жүрек, өмірге берді бір ақын», -
деген жолдардан ақынның ақын болуына Дариға жеңгесінің трагедиясы тікелей әсер етті дегенге оқырман ретінде сенуге хақымыз бар шығар деген ой айтқымыз келеді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.