Ербол Тілешов. «Әдебиет танытқыш» және жанрлар теориясы

Бөлісу:

17.08.2015 11026

Ербол Тілешов.jpg

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиетіндегі, ұлт руханиятындағы, қала берді азаматтық тарихымыздағы орны жөнінде сан айтылып та, сан жазылып та жүргені баршамызға мәлім. Мұндай еңбектерде қайраткердің ағартушылығы, «Қазақ» газетін шығарудағы басты рөлі, Алаш көсемдерінің бірі екендігі жөнінде орайлы сөздер, лайықты пікірлер ортаға салынып та жүр. Ұлы қайраткердің халқы үшін атқарған ісін, өз дәуірі үшін жасаған ілгерінді қадамдарын ұрпақ санасына сіңіру, мұсылмандық жолымен келгенде аруақтың рухы ырза болуы үшін – сауап іс. Десек те Ахаңның сан салалы мұрасы жайынан сөз қозғағанда, біз мұнымен шектеле алмаймыз. Себебі, Ахаң біздің қолға алып әуелете көтерер туымыз ғана емес, ой-санамыз, ғылыми зердеміз өсіп-өнер құнарлы топырағымыз да.

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындар мен емес – бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын,

Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін


деп өзі жазғанындай Ахаң сынды алыптың мұрасы өз заманының ғана жоғын түгендеуші емес, қазақтың көрер жарық күні қанша болса, сонша жасар мәңгілік игілігіміз. Сол себепті, оның ақындығынан болсын, саяси-қоғамдық көзқарасынан болсын, ғылыми, ғылыми-әдістемелік еңбектерінен болсын, кемел азамат, сұңғыла санаткерлігінен болсын, кісілігінен болсын жоралы жол, айтулы із тауып, ерен тағылым іздеу – бүгінгі қазақ азаматының парызынан саналмақ.


Қаламгер-қайраткердің мол мұрасын саралауға жылдар жұмсалар, бәлкім ғасырлар керек шығар. Бүгінгі біздің айтпағымыз – қазақ руханиятының туы мен топырағы, яғни мақтанышы мен мекбеті болған және бола да беретін Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін бүгінгі дамыды деп жүрген ғылым, білімімізбен ұштастыру, қазіргінің қажетіне жараты. Біздің ойымызша, саралы болар бұл бағытта әдебиетшілер, тарихшылар, саясаттанушылар мен мәдениеттанушылардан гөрі қазақтың тілтанушы ғалымдары Ахаң еңбектерін игілікке жарату ісінде ілгерілеп кеткен секілді. Ал, әдебиетшілер бұл тарапта Ахаңның көркем әдебиет, әдеби аударма саласындағы туындыларын мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында оқытып жүрсек те оның әдеби-теориялық құнарлы ойға, бағалы ғылыми байламдарға толы «Әдебиет танытқышын» қажетке жаратпай жүргендей әсер қалдырады. «Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиет теориясы мен эстетика» пәндерінде көркемөнер, сөз өнері, шығарманың сюжеті мен композициясы, өлең құрылысы, шығарма тілі, жанры сияқты мәселелерде А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышынан» алар тәлім әлі көп.


Біз бүгін осы шағын еңбегімізде «Әдебиет танытқыштың» бірер бөлігіне, атап айтсақ, автордың әдебиеттің тегі мен түріне арналған бөліміне ғана тоқталып, ой сабақтамақпыз. Әдебиеттегі идеяны жеткізуші, көркем образды таңбалаушы шығарма тілінің тұтас жүйесін қалыптастыратын, мөлшері мен түрін айқындайтын жанр туралы сонау көне заманғы Платон мен Аристотельдерден бастап Ахаңның замандастары Потебня мен Веселовскийге дейін ондаған, бәлкім жүздеген үлкенді-кішілі, маңызды-маңызсыз дүниелер жазылғаны ғылым тарихында хаттаулы. Бұлардың қай-қайсысы да әдебиеттің түрлері жөнінде өздері білетін, өз дәуірлерінде танымал болған шығармаларды жүйелесе, ал әдеби текке келгенде лирика, эпос, драма деп жіктейді. «Әдебиет танытқыш» авторы да «Ақындықтан шыққан сөзді, яғни лебізді шығармаларды, үлгілі жұрттар айтылуына қарай үшке бөледі: 1. Әуезеленіп айтылуына қарай. 2. Толғанып айтылуына қарай. 3. Ғамалдап айтылуына қарай» - деп әдебиеттің үш тегін көрсетеді /1, 103/.


Әдебиетті текке бөлудің осы күнге дейін ең аз дегенде негізгі үш принципі белгілі болып отыр. Жанрлық тек мәселесінде ғалымдар негізінен осыларға сүйеніп келеді. Біріншісі – Аристотельдің «Поэтикасынан» бастау алады да әдеби тек автордың қатысына қарай сараланады. Көне грек философы: «... оқиғаны өзіне қатыссыз түрде әңгімелей отырып, бір нәрсеге тек бір тұрғыда ғана еліктеуге болады немесе еліктеуші өз болмысын жасырмай, өзімен-өзі жеке қалады, не болмаса суреттеп отырған адамдарды қимыл-әрекет үстінде көрсетеді» - дейді /2, 160/. Яғни, грек ойшылының айтуынша, автор өзі бейнелеп отырған жайттарға тікелей қатысты болады немесе қатыссыз болады, болмаса оларды әрекет арқылы көрсетіп береді. Содан барып эпос, лирика және драма жеке-жеке сараланады. Біздің заманымызға дейінгі ІҮ ғасырда әдебиеттің көптеген терминдері қалыптаспаған себепті Аристотель мынау эпос, мынау лирика, мынау драма демеген. А. Байтұрсынұлы: «Ақын әуезе түрінде сөйлегенде, уақиғаның ішінде өзі болып, басынан кешірген адамша сөйлемейді. Тек сыртта тұрып бақылап, уақиғаға көз салған адамша, біреуден естіген адамша айтады... Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін, мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды... Айтыс-тартыста ақын өз басындағы емес, басқаның басындағы уақиғаны көрсетіп, өз басынан, көңілінің күйінен еш нәрсе қатыстырмайды» - деп әуезеге, толғауға, айтыс-тартысқа қысқаша анықтамалар береді /1/. Осылардан Аристотельдің жанрды автордың қатысына қарай бөлуінің ой сілемдерін аңғару аса қиын емес. Қазақ оқымыстысы әдебиетті текке бөлуде Аристотельдің бейнелеу тәсіліне негізделген принципін негізге алғанмен де жанрға бөлу тәжірибесінде оны бірден-бір принцип ретінде қабылдамаған.


Көне грек дәуірінің оқымыстылары Платон, Аристотельдерден басталған өнерді өмірге, табиғатқа еліктеу деген концепция, одан берідегі классицизмнің нормативті поэтикасы, ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар шегінде, әсіресе, классикалық неміс философиясы өкілдерінің тарапынан өзгеріске түсті. Канттың, Гегельдің эстетикалық көзқарастарында өнерді жеке тұлғаның субъективті шығармашылық қабілеті дүниеге әкеледі деген тұжырым кең етек алды. Мұндай көзқарастар эволюциясы А. Байтұрсынұлының әдеби-теориялық танымына да тән болған еді.


Әдебиеттің тектерін көрсете отырып оларға сипаттама беруде А.Байтұрсынұлы Аристотельдің бейнелеу тәсіліне, яғни автордың қатысына негізделген принципінде қалып қоймайды. Сөйтіп, «Әдебиет танытқыш» авторы ары қарай ішкі ғалым, тысқы деген ұғымдарды қолдана отырып әуезе, толғау және айтыс-тартыс жөніндегі ойларын тиянақтай түседі. Ахаңның осындай ой жосығынан Гегельдің «Эстетика» еңбегінің әсері байқалады. Әйгілі еңбегінде неміс философы эпос жөнінде: «рухани әлемнің сыртқы болмысын кең түрде көрсетеді» десе, лириканы, оның мазмұны – барлық субъективті нәрсе, ішкі әлем деп анықтаса, драмаға келгенде «алдыңғы объективті дүниені әкеледі» - дейді /3, 419-420/. Гегельдің лириканы – ішкі әлемнің, эпосты сыртқы әлемнің, ал драманы осы екеуінің нәтижесі деу – жоғарыда айтылған оның көркемөнерді субъективті шығармалық акт дейтін жалпы философиялық көзқарастарынан туындап жатты. Гегельдің «Эстетикасындағы» мұндай жалпылық мәндегі тұжырымдар әрі әдеби жанрға қатысты нақты байламдар орыс сыншысы В.Г. Белинскийдің «Поэзияны тегі мен түріне қарай бөлу» еңбегінде кеңінен пайдаланылды /4/. Оны бүгінгі орыс әдебиеттанушылары да жоққа шығармайды. Айталық, В.Е.Хализев: «Поэзияны тегі мен түріне қарай бөлу» мақаласының авторы В.Г. Белинскийдің арқасында гегельдік тұжырымдама (соған сәйкес терминология) отандық әдебиеттануда орнықты» - дейді /5, 295/. А.Байтұрсынұлының Гегельді оқығаны мен білгенін жоққа шығармастан, оның «Әдебиет танытқышында» орыс оқымыстысының «Поэзияны тегі мен түріне қарай бөлу» еңбегімен сабақтаса келіп жататын тұстары баршылық екенін айтуға тиіспіз. «Әдебиет танытқыш» пен Белинский еңбектерінің өнер түрлерін саралап, оларға сипаттама беретін ең алғашқы беттерінен-ақ осыған көз жеткізу қиынға соқпас еді. Мәселен, орыс сыншысы эпос жөнінде: «Мұнда бүкіл ішкі сезім сыртқа терең жайылады, сөйтіп бұл екі жақтың екеуі де – ішкі және сыртқы – бір-бірінен жекеленіп көрінбейді» десе, лирикаға келгенде: «Мұнда поэзия ішкі элементте, шарқ ұрған, сезгіш ойда қалады» - дейді /4, 26/. Бұл шағын үзінді мен «Әдебиет танытқыш» араларында бірқатар ұқсастық, ең бастысы – мәселені аңғарту барысындағы концептуальды сабақтастықты бірден байқауға болар еді. Айталық, «Әдебиет танытқыштағы»: ... сезіліп тұрған тысқарғы ғаламмен, сезіп тұрған ішкергі ғаламның екі арасы санаға келіп түйіскен жерде жыртылып айрылғысыз болып беріледі» - деген сөйлеммен осының алдында ғана келтірілген Белинский пікірі арасындағы тікелей ұқсастықты аңғару қиындыққа соқпайды. Мәселенің шешуші тұсы мұндай жеке сөйлем, ұғым-түсініктердің, сөз тіркестерінің, кейбір сөздердің, орайласуында емес. Мәселе, қазақ ғылымының іргелі теориялық мәселені түсіндірудегі жан-жақтылығы. Жалпы, ғылымның дамуы – өзіне дейінгілердің ілгерінді, келешек қажетін өтейтін ұстанымдарын өз дәуірінің қажетіне жаратып, одан ары дамыта түсу десек, Ахаң есімі бұл тарапта да асқақ тұруға тиісті. Осындай деуіміздің түп-төркінінде әдеби жанр мәселесі төңірегін алғанның өзінде екі мәселе жатқанын ескертеміз. Біріншіден, А. Байтұрсынұлы бейнелеу тәсіліне негізделген Аристотель принципін де, бейнелеу объектісіне негізделген Гегель, Белинский принципін де табысты қолданған. Екіншіден, жанрлық түрлерді жүйелеудегі ұлттық танымының тереңдігі. Гегельдегі ішкі әлем, тысқы әлем, Белинскийдің ішкі сезім, сыртқы құбылыс деп жазғандарымен Ахаңның ішкі ғалам, тысқы ғалам дегендерін параллельдер ретінде көрсетуге боларлық. Қазақ теоретигі лирика жөнінде: «Әуезелеуші ... өзінен тысқары ғаламда болған істі әңгіме қылады... Толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады» - дейді. Бір қызығы – А.Байтұрсынұлының әдеби тектер жайындағы теориялық қисындары – оларды жеке-жеке саралау барысында ғана емес, олардың кейбір ұқсас тұстарын аңғартуда да көзге шалынады. Гегельдің «Эстетикасында» драманы эпос пен лириканың синтезі ретінде қарастыру ұшырасады. Осы ізбен келіп Белинский де осындай тұжырымды қолдайды. Бұл концепция ХХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс әдебиеттануында қолдау таппай отыр. «Әдебиет танытқыш» авторы: «Айтыс-тартыста ақын өз басындағы емес, басқаның басындағы уақиғаны көрсетіп, өз басынан көңілінің күйінен еш нәрсе қатыстырмайды. Бұл жағынан айтыс-тартыс әуезеге (әңгімеге) жақын» дейді де драманы екі жанрдың қосындысы түрінде емес, объективті жанр ретінде ғана көрсетеді. Әлбетте, қазақ ғылымы Гегель мен В.Г. Белинский теорияларынан ұзап шыға алмады деген ұғым тумаса керек. Бұл Ахаңның әдеби тек жайында айтқандарынан да, сондай-ақ ішкі жанрлық түрлер жөнінде айтқандарынан да аңғарылады. Айталық, Белинский: «Эпикалық және лирикалық поэзия, біріне-бірі тікелей қарама-қарсы жатқан дүние шындығының дерексіз екі қиыр шеті...» десе /4, 27/, «Әдебиет танытқышта»: «Ертек (әуезе орнына қолданып отыр – Т.Е.) тысқарғы ғаламның жыры деп, толғау ішкергі ғаламның күйі деп екі бөлгенімізде, тіпті сорпасы қосылмайтын бөлектік бар деп ұқпаса керек» - делініпті. Әдеби тектердің құрылымдық жүйесінде бір-бірінен ауысып, түйісіп жататын белгілер бар екендігі, кейбір жанрлық түрлерде осындай синкреттілік басым сипаттардың бірі болатыны мұндай құбылыс, әсіресе, роман жанрында болатыны да «Әдебиет танытқышта» сол тұста-ақ айтылған екен. Мысалы: «Ұлы әңгімеде жазушы көркем сөздің әуезе, толғау, айтыс – барша түрін де жұмсайды» - деп жазады.


Жанр саласында ізденістер жасаған ғалымдардың өзіндік ғылыми беті, зерттеу бағдары әдебиеттің тектерін қарастырудан гөрі әдебиеттің жанрлық түрлерін қарастырудан байқалады. Әдебиеттің басты үш тегі: эпос, лирика, драмадан өзге жаңа сипаттағы дербес төртінші немесе бесінші, алтыншы және одан да көп тектерді табу ешкімнің қолынан келмеді. Әдебиетті текке бөлуде тақырыптық, идеялық принциптер немесе көркемдік әдіске негізделген жүйелеулер өз жемісін бере алмады. ХХ ғасырда төртінші тек ретінде лиро-эпикалық жанр аталынып жүр. Ондай қосынды сипаттан туған жанрлық құрылымдарды негіз еткен жанрлар бар. Мәселен, лиро-эпикалық поэма, қара сөзбен жазылған әңгіме, баллада, мысал. Дегенмен, бұлар жаңа жанрлық тек емес, эпос пен лириканың кейбір басты немесе жанама белгілеріне құрылған – аралық тектің түрлері. Реті келгенде айта кетсек, бұлар өздері қазақ әдебиеттану ғылымында арнайы зерттелмей отыр. Арнайы тақырып. Тың ғылыми нысана. Ал жанрлық түрлердің жөні басқа. Ол текке қарағанда мейлінше ұлттық. Сол себепті мұндай жанрлар жүйесіне келгенде жалпы өлшеммен келуге болмайды. Мұнда ұлттық поэтикаға сүйену керек.


«Әдебиет танытқышта» жанрлық классификациясының үш түрін көруге болады. біріншісі – ауыз әдебиетінің жанрлары, екіншісі діндар дәуір әдебиетінің жанрлары, үшіншісі сындар дәуір әдебиетінің жанрлары. Жанрларды былайша жеке-жеке топтап қарастыру Гегель мен В.Г.Белинский еңбектерінде мүлде ұшыраспайды. Бұл қазақ ғалымының дара тәжірибесі. «Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде молдалық қылып, дін үйретушілер, бала оқытушы қожалар, ноғай молдалар болған себепті жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған» - дейді А.Байтұрсынұлы. Жазба әдебиетін кеңестік кезеңде біресе Абайдан бастап, біресе Абай алдындағы дәуірінен бастап, оны жазбаша таралған шығармалардан бастап келгенбіз, алайда Ахаң сияқты тап басып тану, себебін саралау жағы мүлде болмаған еді. Тіпті тілтанушы ғалымдар әдеби тіл тарихына байланысты көкейкесті мәселелер көтеріп, өз ойларын білдіріп жатқанда әдебиетшілер қазақтың жазба әдебиетінің туу, қалыптасу кезеңдерін әлі межелемегенін еске түсірсек, бұл мәселенің де дереу зерттеу нысанасына айналуы қажеттігі бәрімізді де мықтап ойландыруы тиіс. Діндар әдебиет қазақ әдебиетінде жүз жылдай уақытқа созылды. Ол зар заман, ағартушылық, сыншыл реализм әдебиеттерімен, ХХ ғасыр басындағы романтизм, символизм, сентиментализм сынды әртүрлі ағымдармен, бағыттармен қатар өмір сүрді. Діндар дәуір идеялық ағым болуымен бірге өзіндік поэтикасын түзген арналы ағым. Жанр, стиль, көркем тіл, бейнелеу тәсілі, образдар жүйесі сияқты басты әдеби категорияларын да қалыптастырды. Бұл мәселелер У. Қалижан, А. Жақсылықов еңбектерінде тек тақырыптық-идеялық және жеке ақын-жазушылар шығармалары төңірегінде айтылды, діндар дәуір поэтикасы А. Байтұрсынұлы бастаған және аяқтаған жерінен әлі ұзап шығып, біздің заманымызда лайықты ізбасар зерттеушісін таба қойды деу қиын. Қисса, хикаят, насихат, мінажат, мақтау, даттау, айтыс, толғау, намыс толғауы, марқайыс, терме – міне, Ахаң белгілеген діндар дәуір әдебиетінің жанрлары. Алғашқы екі жанрды қазіргі кезде эпостың құрамында қарастырудың жөні бар. Оқиғаға құрылған объективті әдеби тек – эпос құрамында бұлар көрсетілмей келеді. Мақтау мен даттауды жанрлық түр ретінде қарастыру қиын, себеп – олар әдеби жанрды емес, шығарма пафосын ғана көрсетуге жарайды, ал жеке жанрлық құрылымды құрау үшін мазмұн мен пішіннің соған сай дербес тұтастығы қажет. Ал, айтысты фольклор шегінде қарастыратынымыз белгілі, Ахаңның өзі де солай еткен, мұнда, асылы, автор діни айтысты меңзеген болар. Ал, автор толғауларға келгенде қайталаушылыққа барады, оларды термеге қоса лирикада қарастырған абзал.


Әуезенің түрлерін А. Байтұрсынұлы ертегі жыр, ұлы әңгіме яки роман, әуезе жыр, тарихи жыр, ұзақ әңгіме, аңыз өлең, әңгіме, көңілді сөз, мысал деп аңғартады. Бүгінгі күнде бұларды роман, повесть, поэма, новелла деп жүрміз. Ғалымның жанрлық түрлерді жіктеуінен ол ұстанған үшінші принципті аңғаруға болады. Мәселен, қазіргі әдебиеттануда поэма делініп жүрген жанрды А. Байтұрсынұлы ертегі жыр, тарихи жыр, әуезе жыр, аңыз өлең дейді, яғни мұнда ең алдымен идеялық мазмұн және шығарма пафосы бірінші қатарға шығарылады, осындай ұстанымды толғауды ішкі түрлерге таратуынан да байқаймыз. Бұл, ХХ ғасырдағы әдебиеттануда бар принцип. Әдеби жанрды осындай мазмұны мен пафосына қарай бөлу, мәселен, Г.Н.Поспеловтың белгілі еңбегінен көрініс берген болатын /6/. Ахаңның әуезенің түрлерін таратудағы еңбегін жоғары оқу орындарында оқытылып жүрген «Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиет теориясы» пәндерінде жанрлық түрлерді түсіндіру барысында қолдануға әбден болады.


Толғауды ішкі түрлерге ажыратуда «Әдебиет танытқыш» авторы тағы да идеялық мазмұн мен шығарма пафосын негізгі арқау етеді. Мұнда айта кететін мәселе қазақ лирикасын еуропалық қалыпқа салып элегия, идиллия, ода, дума дей бермей ұлттық ұғымға лайықты әрі атауынан мазмұны бірден аңғарылатын марқайыс, налыс, ойламалдау, күліс деген сияқты сөздерді термин етіп енгізу жағын қарастырудың еш сөкеттігі жоқ сияқты. Әрине, Ахаңнан бұрын Белинскийді, Тимофеевті, Жирмунскийді т.б. оқыған біз үшін ол сөздердің тосын естілуі әбден мүмкін, дегенмен ол бірте-бірте санамызға орнығары сөзсіз деп білеміз. Драманы жанрлық түрлерге бөле отырып, оларға ғалым қазақша атаулар береді. Жалпы, драма жанры Ахаңның өзі айтқандай бізге басқа әдебиеттерден келген жанрлар болған себепті оларды трагедия, комедия және драма деп қалдыра берген дұрыс сияқты. Дегенмен, бұл тарапта «Әдебиет танытқыштағы» драма жөніндегі құнарлы ойларды негізге алудың артықтығы жоқ деп ойлаймыз.


Біздің ойымызша, ендігі жерде «Әдебиет теориясы» немесе жанрларға байланысты оқулық не зерттеу жазам деген қазақ «Әдебиет танытқышты» айналып өтпеуі тиіс, себебі мұнда осы еңбекте бірі айтылған, жүзі айтылмаған қаншама пайдалы, бүгінгі ұлттың әдебиеттану үшін өзекті қабат-қабат теориялық қисындар жатыр. Тек соны көре білейік, жай көріп тамсанып қоймай қажетімізге жарата білейік, ағайын!



Әдебиеттер

1. Байтұрсынұлы А. Шығармалары. Алматы, 1989

2. Аристотель. Об искусстве поэзии. Москва, 1957

3. Гегель Г.В.Ф. Эстетика. В 4-х томах. Т.3. Москва, 1971

4. Белинский В.Г. Шығармалары. Алматы, 1987

5. Хализев Е. Теория литературы. Москва, 1999

6. Поспелов Г.Н. Проблемы исторического развития литературы. Москва, 1972 

Бөлісу:

Көп оқылғандар