Шерхан Мұртаза: БIР КЕМ ДYНИЕ

Бөлісу:

18.08.2015 6765

 



скачанные файлы (13).png

  

ДУАНАНЫҢ ЖИРЕН ҚАСҚАСЫ


 

Қасиеттi қарт Қаратаудың қойнында, Қарағай деген байдың тоқсан тоғыз (99) жирен қасқа тұлпарлары болыпты. "Қанша дәулет бiтсе де, бай қуанар егiзге" дегендей, байекем сол сәйгүлiк жирен қасқалар жүзге жетсе екен деп армандапты.

Бiрақ, Құдайдың құдiретi, биелерi қайтып жирен қасқа құлын тумай қойыпты.

Сондай күндердiң бiрiнде бай ауылына ел кезген бiр дуана келе қалады. Қараса, астындағы аты - Жирен қасқа! Бай жiгiттерiн жұмсап, дуананың атын тартып алады. Бұдан асқан қорлық, бұдан асқан зорақылық бола ма?!

Сөйтсе, дуана жай дуана емес, қызыр шалған әулие кiсi екен, таудан арқырап аққан асау өзендi бөгеп тастап, Жирен қасқамен өрге шапшып, бай ауылын қарғап кетiптi. Бай дәулеттен айрылып, қайтып мал-мүлiк құтаймай қойыпты.

Тоқсан тоғыз Жирен қасқа хикаясын айтқан Өмiрбек Байгелдi.

Бiреуi-ақ жетпеген. Дуананың қарғысынан Қарағай елi, Еңбек Ерi Байгелдiнiң тұсында ғана арылған.

 

 

 

ҚҰР АЛАҚАН


 

Жарты әлемдi жаулаған тағы бiр жаһангер - Александр Македонский - Ескендiр Зұлқарнайын өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға берiптi.

Бiр данышпан алақанына бiр шөкiм топырақ салған соң ғана қолы сылқ етiп табытқа түсiптi.

Сөйтсе, Ескендiр тiрiлерге:

- Ей, жарандар, мен дүниенiң жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Мiне, қараңдар, - деп алақан ашып көрсеткенi екен.

Қайран дүние, тiршiлiкте кiм тойған...

Адамның ашқарақ көзi топыраққа ғана тояды.

Бiр кем дүние...

 

 

 

АУЫЛ ИТТЕРI


 

Ахмет Байтұрсынов:

- Қинамайды абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрiнен өз ауылымның иттерi үрiп, қапқаны, - деп едi-ау.

Әттең, дүние-ай, 1937 жылы бiздiң әкейдi де өз ауылымыздың шолақ белсендiлерi нақақтан жала жауып, ұстатып жiбердi де, жоқ қылды ғой. Обалы кiмге? Қорлықты көп көрдiк қой.

1937 жылы "халық жауы" деп ұсталып, атылған, айдалған, асылғандардың бәрi кейiн ақталды.

Бiрақ жазықсыз жапа шеккендер қайта тiрiлген жоқ.

Бiр кем ғана дүние ме екен? Орны толмас орасан обал дүние.

 

 

 

ИТАЯҚТЫҢ КЕСIРI


 

Шiлденiң шықылдаған ыстығында күншығыстан қарасаң, күнбатыс жақта Келiншектау ағып жатқан асау алтын өзен сияқты.

Күннiң аптабы қайтып, кешкi салқын түсе Келiншектау анық көрiне бастайды.

Сонда Келiншектау туралы ерте-ерте ертедегi аңыз еске түседi.

Отыз күн ойын, қырық күн тойы болып, байдың қызы ұзатылады. Қырық түйеге артылған жасаудың бәрi алтын, күмiс, гауһардан екен дейдi.

Ұзыннан ұзақ созылған дәулетжар көштiң алдында келе жатқан қыз әкесi қызынан:

- Қалай қызым, жасауыңа көңiлiң тола ма? - деп сұрапты.

Сонда ұзатылып бара жатқан қыз:

- Ризамын, әке, тек итаяғым алтыннан болмады-ау, - дептi.

Мұндай тойымсыздыққа не айтарын бiлмеген әке байғұс қос қолын терiс қарата жайып жiберiп:

- О, қанағатсыз мұндар, қаратас болып қатып қал! - деп, қатты қарғапты. Қарғыс Құдайдың құлағына шалынып, бүкiл асыл көш лезде қаратас болып қатыпты да қалыпты.

Қанағатсыздыққа, тойымсыздыққа Құдайдың қаһары осылай тиiптi.

Қарап тұрсаң, мына қазiргi заманда да, сол бейшара қыздың абайсызда айтып қалған айып сөзiн кешпеген Жаратқан ие мына қазiргi заманда түйенi түгiмен, кеменi жүгiмен жұтып жатқандарды қалай көрмейдi - ғажап!

Бiрақ Құдай асықпайды: бұл дүние болмаса, о дүние бар; зауал әйтеуiр бiр соғар.

Бұл тек бiр кем дүние емес, екi дүниеде де кешiрiлмес мол кем дүние.

 

 

 

БҮКIР ДҮНИЕ


 

Бiрiншi Петр патша солтүстiктiң Балтық дейтiн теңiзiнiң бiр қолтығына, батпақтың үстiне қала салдырды. Сол қала батпаққа батып өлген мыңдаған адамдардың сүйегiнiң үстiне салынды. Атын Санкт-Петербург деп қойды.

Кейiн ол ат лезде өзгерiп, Ленинград болып шыға келдi.

Опасыз дүние. Жетпiс жылдан кейiн Ленинград аты өшiп, бұрынғы есiмi қайта оралды.

Сталинград Волгоград болды.

Қаланың, елдi мекендердiң әуелгi атын өзгерте берген жақсы емес.

Ақмола едi... Целиноград болды... Астана болды...Әлдекiмдер шошаңдап, тағы да өзгертемiз деп жүр.

Кешегi Кеңес өкiметi тұсында жер-су аттары қопарыла өзгерiп: Андреевка, Алексеевка, т.б. толып жатқан колонизаторлар атымен тоғытылды.

Содан не береке шықты? Қайтадан Күреңбел, Қызтоған, Қошқар-Ата, Түктiбай, Сұрым, Кәрi-Қорған болып, баяғы қалпына келдi.

Бiрақ, әсiресе, бiр кезде Хрущев пен оның губернаторлары Соколов, Бородин, Демиденко дегендер "Целинный край" деп өзгерткен Солтүстiк Қазақстан тарапы сол патша заманынан, Хрущев дәуiрiнен қалған аттарға тұнып тұр: Киевка, Малиновка, Александровка, т.т.

Киевка дегенi - Нұра өзенi бойындағы елдi мекен. Әйгiлi ғалым, халқының ардагер азаматы Кәрiм Мыңбаев туған жер. Киевканы қойып, Кәрiм Мыңбаев қояйық десең көнбейдi. Баяғы отаршылдық қамшысы қарғыс таңбасындай басылып қалған байғұстар, "Киевка" атынан айрылса, арам өлетiндей өзеурейдi.

Мiне, бұл бүкiр дүние.

 

 

 

БIР ТАМШЫ ЖАС


 

О, Сүйiнбике! Алтын Орда хандарынан қалған тәбәрiктей асыл жан.

Сен жасыңда дәуiрледiң.

Қазан халқының ханы болдың. Қазанды билеген әйел затынан шыққан тұңғыш хан.

Сенiң сорыңа орыс патша Иван Грозный замандас болар ма?!

Қазанды сол қиратты.

Қазан қамалын зеңбiректен атқылап құлатып, сенi тұтқынға алды.

Сен Қазанмен қоштасарда көзiңде жалғыз тамшы жас тұрып қалды.

Кейiн тамаша суретшi Бақи Орманшы (Урманче) сенiң суретiңдi ағаштан ойып салғанда, кiрпiктерiңнiң астынан сол бiр тамшы жас ерекше көрiнiп тұрды. Сол тамшы жас болмаса, суретте жан болмас едi. Сол тамшы жас болмаса, бiр кем дүние - шын кем дүние болар едi.

 

 

 

АСАТУ


 

Көне түрiк сұлтандарының салты:

Сарай ақынының өлеңдерi ұнаса, аузы толғанша алтын тiллә асатады.

Ұнамаса, аузы толғанша жылқының тезегiн асатады.

Қазiргi ақын-жазушыларға да осы әдiстi қолданса, әдебиет шыңға шығар едi.

Бiрақ "ералаш" қой.

Бiр кем дүние.

 

 

 

ДАР МЕН ДАҢҚ


 

Өлтiру оңай. Тiрiлту қиын. Сталин дәуiрiнде небiр марқасқалар атылды.

Бас айыптаушы прокурор Вышинский.

СССР Жоғарғы Сотының бастығы В.Ульрих.

Атылды:

Бухарин, Рыков, Ходжаев, Икрамов, Рысқұлов, Сейфуллин, Майлин, Жансүгiров, Нұрмақов, Мағжан Жұмабаев... тағы басқа аса iрi қайраткерлер.

Сталин өлгеннен кейiн солардың бәрiн ақтады. Ақтағаны былай тұрсын, мақтады.

Бiрақ одан не пайда? Моральдық, адамгершiлiк жағынан пайда бар шығар.

Бiрақ зорлықпен өлтiрiлгендердi қайтып тiрiлте алмайсың ғой.

Бәлкiм, кiнәсiзден "кiнәлi" болғандардың жағдайы о дүниеде жақсы шығар. Бiрақ жалған дүниеге қайтып оралмайды ғой.

Мiне, бұл бiрегей кем дүние.

 

 

 

МЕКТЕПТIҢ ТҰҒЫРТАСЫ


 

Ұлттық кеңес жиналысында: Бiлiм тұжырымдамасын талқылау.

Президент резиденциясы.

Мен:

- "Байқоңыр қорлығы. Байқоңыр намысы деген ұғым туды. Унизительный и оскорбительный Байқоңыр.

Байқоңырды өзiмiз игере алмайды екенбiз, тетiгiн, техникасын бiлмейдi екенбiз. Бұған бiлiмiмiз жетпейдi екен. Ендеше, несiне кекiрейемiз?!

Ауыл мектебi. Бастауыш мектеп. Тұғыртасы мықты болса, үй құламайды. Бастауыш мектепте тұғыртас жоқ. Бар бәле содан.

Бастауыш мектеп - уыз. Уыз орнына - көкшалап.

Мұғалiм қайыршы. Одан бедел бола ма? Қаржы жоқ дейдi.

Бюджет салықтан тұрады. Ал бюджетке мұнайдан мұнша, мыстан мұнша, хромнан, молибден, бокситтен мұнша түседi деген статья бар ма? Жоқ!

Қазақстан қайыршы болатындай сорлы емес. Оны сондай болуға мәжбүр еттi.

Ұлы ұрлық дәуiрi. Сөз бiттi",

Әбiш Кекiлбаев қолдады. "Байконурский синдром", - дедi. (6.08.1995 ж)

Бұл қай, қандай кем дүние?!

 

 

 

АЙУАН АРТЫҚ


 

Бауыржан Момышұлының Кеңсайдағы ескерткiшi тоналды. Мыспен қапталған шинелiн "шешiп" әкетiптi. Мыс қымбат.

Адам адам болудан қалды.

Айуан артық. Ол зиратты тонамайды.

Бiр кем дүние. (21.08.1995 ж.)

 

 

 

ОПАСЫЗ АЛТЫН


 

Жүз жасаған теректi арқалап, балталап жатып алып кеткен. Томары қалып қойған. Кедей кемпiр самаурынға деп, күнде барып, томарды шетiнен кемiре бередi.

Бiр күнi балтасы тасқа тигендей болды. Қазып қараса, шағын сандық екен. Ашып көрiп едi, iшiнен киiзге ораған алты кило алтын шығады. Милицияға хабарлайды. Өкiмет кемпiрге алтын құнының 25 процентiн бередi. Баласы ұрсады:

- Балам-ау, осыған да шүкiр де. О баста өз иесiне опа қылмаған алтын ғой. Осыған да қанағат. Қанағат қарын тойғызар. Қанағатсыз жалғыз атын сойғызар. Саған қатын алып беруге осы да жетедi, - дептi кемпiр.

Баласы дүрдигенiн қоймапты.

Бiр кем дүние.

 

 

 

АДАЛ МЕН АРАМНЫҢ ТАРАЗЫСЫ


(Мешiтте айтылған уағыз)

 

Бiр кедей пенде жалғыз сиырын сауып, соның сүтiн сатып динар ақша жинайды екен. Бiр қалта динар жинаған әлгi кiсi кемеге мiнiп, бiр жағдаймен жолға шығады.

Кемеде келе жатып ұйықтап кетедi. Сонда бiр маймыл оның динар салған қалтасын ұрлап алып, кеме желкенiнiң ұшар басына шығып кетедi.

Жолаушы оянып, ары-берi қараса, динар салған қалта жоқ! Ары iздейдi, берi iздейдi. Ақыры желкеннiң ұшар басында отырған маймылды көредi.

Қараса, маймыл бiр динарды алып мұның қолына лақтырады. Келесi динарды алып теңiзге лақтырады. Сөйте-сөйте қалтаны босатады.

Мәнiсi: әлгi мiскiн сиырын сауып, сүтiн сатарда аздап су қосады екен. Иесiне лақтырған динар - адалдан. Теңiзге лақтырған динар - арамнан. Яғни судың үлесi - суға, сүттiң үлесi - иесiне.

Әр заманда адал мен арамның арасын анықтап тұратын осындай таразы болса ғой, шiркiн.

Бiрақ ондай құрал жоқ қой...

Бiр кем дүние.

 

 

 

ҚАЙДА


 

Тұрар Рысқұлов 1938 жылы атылды деп жазылатын. Қабiрi Москва түбiндегi Бутова деген деревнядағы зиратта дейтұғын. Бiрақ кейiн iздеушiлер сол Бутовадан таппады.

Кейбiр басылымдар Тұрардың өлген жылы "1943" деп жүр.

Тұрар Рысқұлов туралы "Служение народу" атты қомақты кiтап жазған москвалық профессор В.М.Устинов: - Өте құпия құжаттар бар. Ол тек генсектiң рұқсатымен ғана көрсетiледi. Бiр сөз бар: Тұрар Рысқұлов Солтүстiк Қазақстанда өлген, - дейдi-дағы, сыбырлап: - Аштан өлген, 1943 жылы, - дейдi.

"Ақыр байдың баласы аштан өлген". Тұрар, миллиондарды сталиндiк-голощекиндiк аштық ажалынан (геноцид) арпалыса арашалаған Тұрар Рысқұлов ақыр соңында өзi аштан өлген?! Әдiлет қайда, атасына нәлет!

Тым болмаса моласы да жоқ.

Шыңғыс ханның моласын осы уақытқа дейiн толып жатқан зерттеушiлер таба алмай келедi.

Ал халықты аштық қырғыннан сақтап қалған Рысқұловтың моласын кiм iздейдi?!

Бiр кем дүние.

 

 

 

ТАЛАНТ САТЫЛМАЙДЫ


 

- Бәрiн де сатып алуға болады,- дедi Ғабең бiр жолы.

- Ақшаң болса қалтаңда,

Талтаңдасаң - талтаңда!

Бәрiн де - атақты да, ар-ұятты да, әйелдiң махаббатын да...

Ал бiрақ талантты сатып ала алмайсың. Ешқашанда. Талантты адам бермейдi, Құдай бередi.

Бiздiң Союздың есiгi айқара ашық: халтураға да, дарынсыз сүмелектерге де. "Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi" деген сол. Бiлдiң бе?

Мен, әрине, бiлемiн.

Бұл да бiр кем дүние.

...Қазiргi Жазушылар одағы - бiздiң Мыңбұлақтың егiс даласындай: еккен арпа-бидай арамшөптiң, есекмияның, кекiренiң арасынан көрiнбейдi.

 

 

 

ҚАЗАҚ КӨП ПЕ, АЗ БА?


 

Алыптардың бiреуi Ғабит Мүсiрепов айтты:

- "Бiз жиылсақ - көппiз, жайылсақ - жоқпыз", - деп.

- "Бiз мына кең далаға сыймай жүрген жоқпыз, сыйыспай жүрмiз", - деп.

Соңғы санақ бойынша 8 миллионның ар жақ-бер жағы. Содан берi, бәлкiм, 9 миллион болған шығармыз. Шет елдерде, шамада, 5 миллион бар дейiк.

Шығыстағы айдаһар елi - 2,5 миллиард. Батыс пен терiстiктегi Аю елi - 150 миллион.

Тiптi iргемiздегi өзбектер 20 миллионнан артықпыз деп мақтанады.

Ғасырлар бойы соғыс-сойқан, ашаршылық, жоңғарлар, патшалар, Сталин, Голощекин, Хрущев...

Қытай көптiгiнен бала тууды шектейдi. Бiз неменеге жетiсiп шектеймiз?! Бiздiң ханымдар бiр-екi баламен қақайып қалады. Үкiмет көп баланы лайықтап қолдамайды. Тiптi халқы көп деген Ресейдiң өзi көп балалыларды қошеметтеп, көмектесiп жатыр.

"Аз халықтың маңдайында бақ тұрмайды" деушi едi. Алла өзi жар болсын!

Бiр кем дүние.

 

 

 

ШОШҚА ТIКЕН


 

Жылт еткен жақсылық хабар бар ма? Үлкен қаланың түнгi аспанындағы сирек жұлдыздардай жыламсырап әрең-әрең көрiнедi.

Сонда бұл дүние, өзiң бес-ақ күн қонақ болсаң, несi қызық?

Қызық ету, сiрә, аса дарынды сирек адамдардың ғана қолынан келетiн болар.

Мысалы, мына Нұрғиса сияқты жарқылдап өтсең дүниеден.

Бiрақ ол қиыншылық көрмеп пе? Тағдыр қиыншылығының көкесiн көрген шығар. Оған мойымаған, қайғыны да, мұңды да көрiп-бiлiп жүрiп бүгiлмеген адамнан анандай сұрапыл да сұлу күйлер, әдемi әуендер төгiлер.

Олар - Құдай сүйген құлдар.

Таланттар раушан гүлi сияқты жан-жағына жұпар шашады, көңiл ашады. Тiкенi, азабы өзiне.

Талантсыз топастар шошқа тiкен сияқты. Гүлдемейдi. Сүйкiмсiз. Азабы өзгеге. Жамандық солардан.

Мұндайлар бiздiң әдебиетте бар ғой.

Бiр кем дүние.

 

 

 

ЖАЛҒАН ДҮНИЕ


 

Арқаның таңы ағарып атқанда, Құдайдан жақсылық тiлеп жатқанда, қайран тiлек керi кетiп, қаһарлы сұп-суық хабар жеттi: сұм дүниеден жампоз Камал өттi.

Қайран, Камал! Бiз екеумiз бiр-бiрiмiзбен хат жазысып, бiр-бiрiмiзге ұдайы да жақсылық тiлеушi едiк. Елдiң, қазақтың арманы мен аңсарын айтып, ол хаттар "Егемен Қазақстан" атты аға газетте жарияланып жатушы едi.

Ендi не болды?

Заманның дидары мен кепиетi туралы сырларымды ендi кiммен бөлiсемiн?

Сен тым ақкөңiл, адал едiң ғой, Камал! Қоғамда болып жатқан толайым кемшiлiктердi мен ашына жазғанда, сол қоғамдағы зәредей жақсылықтарды тiзбелеп, маған басу айтушы едiң. Заманның, қоғамның алдағы күндерде жақсылыққа, ақжарқын күндерге жететiнiн дәлелдеп, ұдайы да үмiт отын жандандыратынсың.

Екеумiз бiр-бiрiмiзге жазған осы хаттар кейiн, "Елiм, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!" деген атпен кiтап болып шығып, сол кiтап халықаралық абыройлы сыйлыққа ие болып едi.

Кiм ендi менiмен сыр бөлiсiп, армандар, тiлектер айтысып, кiм ендi маған хат жазады?

Әттең, дүние... Екеумiз жұп жазбай Ұлытауға барып-қайтып жүретiн заман-ай...

Сен, Камал, осы заманның Баубек Бұлқышев ағаңдай батыры әрi қара сөздiң ақыны едiң. Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан берi жұп жазбай, жұп жазсақ та, көз жазбай, қатар келе жатқан бiр жылдың төлдерi едiк.

Жатқан жерiң жәннат болсын! Аллаһу-Тағала о дүние қызығын берсiн, қанаттас, қаламдас асыл дос!

Сенсiз дүние - бiр кем дүние.

 

 

 

ТҮЙЕНI ТҮГIМЕН


 

Көне Мысырдың "Марқұмдар кiтабында" мынандай жазулар бар екен:

 

" - Мен ағын суды бөгемедiм.

- Мен ешкiмдi өлтiрген жоқпын.

- Мен таразыдан жеген жоқпын.

- Мен әлсiздердi жәбiрлемедiм.

- Мен ешкiмнiң көз жасына қалмадым".

Осы өлшеммен келгенде, қазiр бiзде қалай?

 

 

 

АЗДЫҢ МАҢДАЙЫ ТАР


 

Жолда өзiнен үш есе үлкен тезектi домалатқан көң қоңызын әлдене басып кетiптi. Шымалдар соған жабылып жатыр.

Шымал - құмырсқаның ергежейлiлерi. Мыңы жиналып, қоңыздың үлкендiгiне жетпейдi. Бiрақ мыңы жиналып, әлгi өлiктi жылжытып барады. Қайда апарады? Әлде азық қыла ма? Әлде арулап, көмгiсi келе ме?

Сiрә, азық шығар. Қу тамақ. Ал әлгi қоңыздың өзi де қу құлқынның құрбаны болған.

Дүниенiң кепиетiне қарап тұрсаң, тiршiлiктiң бәрi осындай.

Көпшiлiк азшылықты аямайды. Тiптi, жеңiмпаз Құбылайдың өзiн қытайлар кезiнде лек-лек түмен әскерiмен түп-түгел жұтып жiбердi. Жеңiмпаздардың өзi қытайланып кеттi.

Сонда ақырғы жеңiмпаз кiм?

Бұл қай сипатты дүние?

 

 

 

ЖАЙНАМАЗ


 

Әкемiз Мұртаза марқұмның қызғылтым шырайлы, әдемi гүлдерi жайнаған жап-жаңа жайнамазы бар едi.

Алдымен мешiт бұзылды. Оның үйiндi болып қалған кiрпiштерiнiң үстiнде байғыз дейтiн құс сұңқылдап, зарлап отыратынды шығарды.

Көп ұзамай Мұртаза рахметiлiк "халық жауы" ретiнде ұсталды. Бұл 1937 жылдың, сiрә, желтоқсан айы едi.

НКВД үйге тiнту жасады. Мен ол кезде 5 жасар баламын. Бәрi есiмде. Тiнткенде бәлендей байлық табылған жоқ. Тек бiр милиционер төрде iлулi тұрған жайнамазды жазып көрдi де: "Е, мынау шұлғау болуға жақсы екен. Аяғым тоңып жүр едi",-деп Алланың аты жазылған жайнамазды бүктеп-бүктеп, қойнына тыға салды...

Арада алпыс жыл өткенде жолым түсiп, Кереку қаласына барып, мешiтiне кiрiп, дұға оқығанда, Тәңiрi жарылқағыр бас имам маған Қағбадағы мешiттiң суретi салынған сұлу жайнамазды сыйлады. Сонда баяғы милиционерге шұлғау болып, қорланған жайнамаз ғайыптан құс болып келiп, қолыма қонғандай ғажайып хал кештiм. Мұны марқұм Мұртазаның әруағы сездi ме... бiлмеймiн.

Бiр кем дүние...


adebiportal.kz



Бөлісу:

Көп оқылғандар