Сұраған Рахметұлы. Хаһиқ аспанында ақиық көшті

Бөлісу:

08.09.2015 2015



kakishev (1).jpg

Қазақтың әдебиеттану әлемінде өз үнімен, өзіндік төл мінезімен түрен көтерген ерен тұлға Тұрсынбек Кәкішұлы ағамыз дүниеден көшті. Қазақ руханиятының көшбасшыларының жақсылығын асырған жағасы кең, арнасы ауқымды қаламгер еді дейміз. Ұлы Мағжанды даралап, Сәкенді саралап, Сәбиттің ұлылығын ұлағат еткен еді қайран кен! Ұлтқа берген, қасиетті де өрелі мінезбен өрен тартқан өршіл аға – Қазақ дүниесінің мәңгілігін күллі жұртқа паш еткен. Бауырмалдылық, қайырымдылық, ақылдылық тағы сондай теңдессіз қасиеттерді пір тұтқан біртуардың мақсаты – ақиқаттың асқарына жету болды. Халқымыздың аса бай, майлы мұрағаттарында сақтаулы жатқан хас шеберлер мен қадірменді ардақтылардың қарым-қатынасына қатысты тың деректерді ұзақ уақытқа ұрпақ кәдесіне жаратуды ойлаған-ау. Бірде біз Литвада туған поляк ақыны Чеслав Милоштың «Қамақтағы көзқарас» атты эссесін оқығанымыз бар. Сол сәттерде ойымызға бірден келетіні Мұхтар Мағауин мен Тұрсынбек Кәкішұлының асау, арынды бейнелері еді. Ой құдіретін сөзге, сөз құдіретін ойға теңдеген көшпелі әулеттің қырандарының байқампаздығына таң қалатынбыз. Енді мінеки, сол хас қайратты тамаша тұлғалардың жасап кеткен тас жолының үстінде отырмыз. Алдымызда бір күрделі бағыт – көшпелі қазақтың түйесінің ізіне жазылған тағылымды жол бар. Сол сұлба бізді, біздерді, күллі қазақты әлемдік кеңістікке қарай бастайды.


Бүкіл қазақтың күнін жоқтау үшін ерекше бір үнмен қоса қайтпас қажырлылық, табандылық қажет болған тұста жас таланттар адамшылықтың хас биігінде тұрған қаһармани тентек ойлы текті ағаларға қарайтынбыз, сенетінбіз. Шетін жүрген қазақтың таланттыларын тану, оларға риясыз көңілмен қолғабыс, қолдау көрсету тек ғана Тұрсынбек Кәкішұлының қолынан келді. Алтай шыңдарының саф ауасындай таза, әрі асқақ, әрі құдіретті, әрі нәзік тұлғаның жарқын бейнесі жаһан дүниенің о шеті мен бұ шетінде жүрген әр жас қазақтардың жүрегінде жаһұттай жарқырары сөзсіз.


Марқұм ағамыздың отбасына, туған-туыстарына, аяулы жеңгеміз Күләш Ахметқызына қайғыра көңіл айтамыз. Көк Түріктің көк аспанынан салбыраған ақ бұлттар арасында ақиық қыран көшіп барады. Сол ақша бұлтпен көз жасымызды сүртіп тұрмыз. Қимастықпен, сағынышпен!



Сұраған Рахметұлы, ақын, жазушы,

Моңғолия қазақ қаламгерлер кеңесінің төрағасы

Бөлісу:

Көп оқылғандар