Әуезхан Қодар: "Алаңға толы фэнтези"

Бөлісу:

09.10.2015 3434


10665966_448115672014664_4135747883003343760_n.jpg

Мақсат Мәліковтің жас болса да, сауатты, әлемдік мәдениеттің мистикалық, утопиялық, қорқыныш, үрей тудыратын формаларына еркін бойлағанына көзім жетті.


Қазір Мақсат Мәліков жас та болса (ол 1984 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген), біраз танылып қалған жазушы. Кезінде ол Х Халықаралық «Шабыт» фестивалінің проза номинациясы бойынша Гран-При жүлдесін жеңіп алған.


Әзірше Мақсаттың бір-ақ кітабы бар, ол 2011 жылы «Жалын» баспасында «Жас толқын» сериясында шыққан «Жұмбақ кітап». Оқып көрсем, қытай жазуын оқығандай болдым. Көп жері түсініксіз. Тосын. Тіпті көркем шығармаға ұқсамайды. Ребус, немесе шарада сияқты. Сосын «қой, мен мұны дұрыстап оқиын» деп, автордың өзі жазған алғысөзінен бастадым. Бір кезде Юкио Мисима деген жапон жазушының ныспысы көзіме оттай басылды. Баяғы өз шығармаларында өлімге сүйсінуші, өлімді дәріптеуші, ақыры харакири тәсілімен өмірден кеткен Мисима. Әрі қарай оқысам, көзім «Зұлымдық портреті» деген әңгімеге түсті. Онда қала шетінде тұрып, өз үйінде Гитлер портретін іліп қойып, неміс фюрерін дәріптейтін бір қызық жан туралы баяндалған екен. Тағы бір әңгімесін оқысам Оскар Уайльдттің «Дориан Грей портреті» шығармасымен жарысып жазғандай. Тағы бір әңгімесін оқысам, Борхестің утопияға толы минималистік стилімен жазылғандай. Шынында да Мақсаттың әңгімелері онша көлемді емес, үш-төрт, төрт-бес-ақ бет, бірақ, осы шағын көлемде көптеген мәселер қойылып, кейбірі тіпті шешімін тауып, немесе мәңгі шешімсіз қала береді екен. Сөйтіп менің, Мақсат Мәліковтің жас болса да, сауатты, әлемдік мәдениеттің мистикалық, утопиялық, қорқыныш, үрей тудыратын формаларына еркін бойлағанына көзім жетті. Әрине, қазақ әдебиеті үшін бұл әлде де тың ізденіс. Бұл тұрғыда мен тек Төлен Әбдіковтың «Оң қол» әңгімесін және орыстілді жазушы Шоқан Әлімбаевтың данышпандық мәселелеріне арнаған романдарын атай аламын. Сондықтан Мақсат Мәліковтің рухани тамырларын қазақ әдебиетінен емес, әлемдік әдебиеттен іздегеніміз жөн. Бұл тұрғыда бірден көзге ұратыны жас жазушының Өлім және Зұлымдық тақырыбына жақындығы.


«Зұлымдық портреті» әңгімесінде автордың меңзеген басты тұжырымы: зұлымдық ол тек тарихта болып өтіп кеткен зұлымдық емес, ол қазір де бар, көз алдымызда жасалып жатқан зұлымдық. Зұлымдық ол біреуге оқ ату емес, ол біздің қоғамымызда қатып-семіп қалған тоңмойындылық, жаңалыққа деген немқұрайлық, қабылдамаушылық, әдебиетімізде келе жатқан жаңа буынға деген мейірбандылығы шамалы, қатқыл көңіл.


Біз қазір бөрі болсақ та, бассыз бөріміз. Дәл осылай аталатын Мәліковтің әңгімесі де бар. Ондағы автордың келген тұжырымы: бассыз бөріге енді бас жоқ. Өйткені Тәңірі ұсынған адам басын ол қаламайды. Ал енді оның басы адамдардың қолында. Бұл жағдайды енді Тәңірі де өзгерте алмайды. Не деген ащы шындық. Мұнда меніңше автордың айтары, біз, әлде де болса мифологиялық халықпыз, бізге бастың өзі ойлау үшін емес, ұлу үшін керек. Адамзатпен араласып адам басына қол жеткізуге болады, бірақ ол бөрі-қазаққа керек емес. Мұнда автор кішкентай эссе арқылы ешкім айта алмайтын шындықты айтқан, біздің қоғамымыздың көбінесе әлде де заманға ілесе алмайтын, архаикалық нұсқада екенін көрсете білген.


Мәліков стилін мистицизм деуге де болады, оның кейіпкерлері бірде көгершінмен, бірде періштемен, бірде Ажалдың өзімен сұхбаттасады, бұ дүниеден о дүниеге, немесе тіпті үшінші әлемге аттай салады. Бұл тұрғыда оның әйгілі аргентиналық жазушы Хорхе Луис Борхестен көп үйренгені көрініп тұр.


Сонымен біз Мақсат Мәліков прозасынан мистицизм мен сыни реализмнің нышандарын тауып отырмыз, ал осының бәрін бір бірімен қабыстырып және еркін пайдаланып, өң мен түс арасындағы жұмбақ картина қылып көрсете алатын жанр фэнтези деп аталмайтын ба еді? Оның ғылыми фантастикадан айырмасы, ғылымға негізделмеген, ол түгелімен автор қиялының шексіз еркіндігінен және авторлық позициясының жұмбақ биіктігінен тұрады.


Бұл арада Мақсат жинағының «Жұмбақ кітап» аталуы тегін емес. Бұл да болса фэнтези жанрының шытырман мистикасына сілтеп тұрғандай.


Алайда фэнтези қазақ үшін тосын болғанымен Батыс Еуропада орта ғасырлардан бері белгілі. Болашақ жанрға ортағасырлық эпос пен рыцарлық романдар қатты ықпал еткен. Бірақ ХХ ғасырдың екінші жартысында оның жаңа дәуірлеуі басталады. Бұл жанрдың кемелденуі Джон Рональд Руэл Толкинның шығармашылығына байланысты, оның персонажы тіпті жаңа жасанды тіл ойлап табуға дейін барады. Ал бізде фэнтезидің дәстүрі болмаған және 70 жыл бойы біз тек соцреализм тәсіліне табынғасын, әлі де сол соқпақтан танбай келе жатырмыз. Сондықтан Мақсатқа суреттеп жатқан барлық кейіпкерлер мен сюжеттерін болжам, емеурін, астыртын сілтемелер сияқты неше түрлі шартты өлшемдерге көшіруге тура келді. Сол арқылы ол бәрімізге айдан анық әлемді күрделендірді, үйреншікті ноқта-түсініктерден айырды, кейде шешілмейтін жұмбаққа айналдырды. Қорытып айтқанда, Мақсат Мәліковтің фэнтезиі қолпаш қиялға толы, мына дүниеден баз кештіретін әлем емес, өзі айтқандай «алаңға толы», өмірдің қайнаған ортасынан алынған, бірақ өзгеше көркем формасын тапқан нақты картиналар.



Бөлісу:

Көп оқылғандар