…Көше аттарын жиі өзгерту жеңіл де емес, жөн де емес. Сондай-ақ көше мәдениетін көңілдегідей көтеру де бірер жылдың шаруасы болмаса керек. Дей тұрғанмен, алдағы уақытта мына бір мәселелер ескерілсе деп ойлаймыз:
…Әркім өзіне шақ киім киеді, Ыбырай Алтынсарин атамызға да өзіне лайық шапан жапсақ…
…маңдайымызға сауатсыздықты жазған жоқ, маңдайшаларға да мән берсек….
…небір транспорт тұрғанда «ат, көшесінде» атқа мінбесек…
…Алматының әр жерінде «Алматылықтар, Алматыны үлгілі қалаға айналдырайық!» деген ұран бар. Барлық ұран, безендірулер осындай қатесіз, әдемі жазылса…
…осыларды бір ретке келтірген соң: «Ау, облыс орталықтары, жағдайларың қалай?» десек…
Іске сәт!
***
«Кішкентай халыққа үлкен қанжар керек». Бұны 1981 жылы Шәміл айтқан.
«Кішкентай халыққа үлкен дос керек». Бұны 1941 жылы Әбутәліп айтқан», – дейді Расул Ғамзатов «Менің Дағыстаным» кітабында.
Ал 1991 жылы біз айтар едік: «Қазіргі кішкентай халыққа бәрінен бұрын асқақ рух керек». Рухы болмаса – қанжардан оған не пайда, үлкен достан не қайыр! Және қазіргі қанжар – қауқарсыз, достың көбі – тұрақсыз.
Рухы жоқтың жігері, намысы жоқ: жігері, намысы жоқ халық – халық емес – тобыр. Айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін тобырдың малдан несі артық?!
***
Қай уақытта, қай елде болмасын, ұлттың ұлы перзенттері ең алдымен сол ұлттың рухын көтеруді ойлаған. Сол үшін күрескен, сол үшін қам жеген, қайғырған. Қараңыз: үнді елі ағылшындардан азат болған кезде Махатма Ганди: «Біздің халық ұзақ жылғы отарлық езгіде небір асылы мен қымбатынан айырылды. Солардың арасынан біз бір ғана қасиетті дүниемізді таяу арада қайыра алмаймыз ба деп қорқамыз. Ол – халықтың рухы. Одан үлкен байлығымыз да жоқ еді», – деп күйінген.
***
Қиын-қыстау кезеңдерде ел басқарған адамдардың бірі – ақын, бірі – публицист болғаны да тегін емес. Демек…
Демек, халықтың, ұлттың, ұрпақтың жайын ойлаған адам алдымен әдебиет жайын ойласа керек.
Қазір біз дәл сондай сәттің үстінде тұрмыз. Дәлірек айтқанда, бәріміз өтпелі кезеңде тұрмыз. Әрбір өтпелі кезең өз патриоттарын өмірге әкелетіні заңды: ашаршылық кезінде – Т.Рысқұлов, Ғ.Мүсірепов, жаппай репрессия тұсында: «Ол жау болса – мен де жаумын» деп басын қатерге тіккен тағы да Ғ.Мүсірепов пен чекист Серікқали Жақыпов, соғыс жылдарында – Бауыржан Момышұлы, Хрущев тұсындағы жер дауын-да – Жұмабек Тәшенов, кешегі Желтоқсан оқиғасында – ақын Жұбан Молдағалиев суырылып алға шығуы – нағыз саналы ерліктің үлгісі. Оларды ойласақ, біздің рухымыз көтеріледі.
***
Егер сіз болмағанда бір айда бір қазақ кітабын сатып алсаңыз – ұлт алдындағы бір парыздан құтылғаныңыз;
Егер сіз келесі жылдың болмағанда бір баспасөзіне жазылсаңыз – ұлттық намысыңыздың сәл де болса оянғаны;
Егер сіз өз тіліңіздегі сол кітап пен баспасөзді ыждағатпен оқып отырсаңыз – күн сайын рухыңыздың өсе түскені;
Егер сіз оқығаныңызды насихаттай жүрсеңіз – онда ұлттық санаңыздың самғау биікке ұмтылғаны.
Қысқасы, саны аз халықтың саналы азаматтары, бізге қазір ақыл да, намыс та, ерлік те, бәрі-бәрі керек. Ол үшін ең бірінші еліміздің еңсесін, рухын көтере білейік. Рухты көтеретін ұлы күш – жоғарыда айтқан әдебиет, баспасөз. Ендеше, бәріміз жиылып осы әдебиет пен баспасөздің көсегесін көгертуге ұмтылайық!
***
Біз қалада күніне қаншама оқиға, қаншама құбылысқа кез боламыз. Соның әрқайсысына өзімізше баға беріп, шамамызша түйін де түйе жүреміз. Бүгін осы түйіндерді қуалай келіп, мынадай сауалдарға тірелген тәріздіміз.
Қалада «ассалаумағалейкум!» дейтін адамның «қай жерденсің?» дейтін дәстүрлі сұрағы бар. Сонда қанша жыл қалада тұрсақ та «қалалықпын» деуге көбіміз қысыламыз. Неден қысыламыз?..
Бір интеллигенттің «монамахтың бөркі» деп киіп жүргені Аяз бидің жыртық тымағы емес пе екен?..
Сонау бір кезде қалаға даланың жусан иісін ала келген бәтеңкеміз ауылдың аздаған шаңын да жұқтыра келген сияқты. Соны кейбіріміз теуіп түсіре алмай, қырып келтіре алмай жүр-ген жоқпыз ба?
Қала – қайнап жатқан үлкен қазан іспетті. Оның бетінде қаймағы да, көбігі де бар. Соның қайсысын қалқып жүрміз біз?..
***
Сексенінші жылдардың ортасында Орталық комитеттің газет-журналдарға берген бір ауызша тапсырмасы болған. Ол – Ілияс Есенберлиннің тарихи романдарын сынау еді. Не үшін? Әрине, жаттанды желеу «ұлтшылдығы» үшін. Енді қараңыз: жылдар бойы тарихтың таяз, мәдениеттің шамалы, сауатың жоқ деп тұқыртып келген халықты сол романдар қандай биікке жетелеп, қаншама ұрпақтың рухын асқақ көтергенін білесіз бе? Білесіз. Жоғарыдағылар да, Мәскеу де білген. Сол себепті де қорыққан ол кітаптардан…
***
«Әр қоғамның ертеңі мықты болуы үшін оның бүгінгі әдебиеті мықты болу керек» дейді сыншылар. Бұған да дау аз шығар…
В.И.Ленин революцияға дейін тікелей әдебиет туралы бірнеше мақала жазса, оның негізгі себебі: «Әдебиет – революция үшін пайдаланылатын аса зор күш» екенін білген ол.
Дайындаған: Елдос Тоқтарбай