Ескі ғасырмен əке кетті, жаңа ғасырмен ұл келді. Ақын келді!

Бөлісу:

10.11.2015 6519


12002902_503652709795883_8358627013752816517_n.jpg

Шынымды айтайын. Оның жастай көрген қиыдықтарын мен көрмедім. Оның балалық шағындай "болмаған балалық шақ" (Ақберен Елгезек) менің басымнан өтпеді. Оның жасында менде өлең де болған жоқ. Өйткені қалай жазуды білмедім. Жазбақ түгіл, өлеңнің не екенін түсінбедім. Кез келген ақынның аяқалысы, тырнақалдысы деген болады. Алдыңғы ағаларым алғаш қалам тартқан өлеңдеріме газет бетінде алғысөз жазған болатын. Енді сондай жас ақынды таныстыру кезегі өзіме де келген секілді. Ендеше, таныс болыңыздар!

Асылан Қуанышұлы. Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданының орталығы – Ақкетік (Форт-Шевченко) қаласында 1999 жылы дүниеге келген. Есбол Өмірбаев атындағы мектептің 11-сынып оқушысы. Ендігі екі ауыз әңгіме – Асылан туралы. Асылан деген есім көне түркі тілінің Аршылан (Арыстан) сөзінен шыққан. Сондықтан болар, оның өлеңдерінде батылдықтың, өжеттіктің үні бар. Əр шумағынан өрлік, ер мінезділік байқалады. Жас ақынның əр жазғанын талдап, пікір білдіріп сөзді көбейтеймін. Оны оқырманның еншісіне қалдырдым. Ол ғасырлар тоғысында туылды. Соның себеп-салдары тағдырына əсер еткен шығар, кім білген. Бала шыр етіп мына өмірге келген кезде... Әкесінің жаны пыр етіп ана өмірге ұшып кете барды. Бір-бірін мүлде көрмеген. Міне, саған тағдыр! Ғасырлар алмасты, ғұмырлар алмасты. Ескі ғасырмен əке кетті, жаңа ғасырмен ұл келді. Ақын келді! Болатын бала! «Боламын деген баланың бетінен қақпа, белін бу» дейді дана халық. Алладан амандығын тілейік. Əке жолын ұл жалғар, ұл жалғамаса кім жалғар?!.

 


 

Асылбек Жаңбырбай, ақын.

 

 

 

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ: «Ақкөз ерлік танытумен өтермін!..»



12236970_518128328348321_1224197332_o.jpgОПАСЫЗ



Шер-шарап құйды да толтырып,
Түн-досым ұсынды кесесін.
Ал, сосын... Боқтадық өлтіріп
Тағдырдың шешесін...

Маңғаздық – қабырға тасында,
Бізді үнсіз бақылап тұр, әні.
Көңілшек гитара қасымда
Егіліп жылады...

Құдды қос періште сықылды,
Жазатын əр сөзі – амалым.
Тың тыңдап шығарды зықымды
Қағаз бен қаламым...

Бозарып кетіпті жамалы,
Болмады-ау ғұмыры тым сəтті.
Мөлтілдеп жас тұнған жанары,
Муза кеп мұң шақты...

Бәрібір – күйін не күйінбе,
Тырнала жандағы жараны.
Қалдырып мені мас күйімде,
Түн кетіп барады...

 

 

БЕЙІТ БАСЫНДАҒЫ БӘЙІТ



Дәл осынау кезге дейін
Қалдырыппын ұмыт көп.
Әке, happy birthday to you,
Құтты болсын қырық төрт!

Келем некен-саяқ тым,ә,
Перзентіңді кеше гөр!
Ұмытыппын аятты да –
Сауабыңды еселер.

Нанға бердім кеше түгел,
Сен деп ақша жинап ем.
Тұршы, қане, есесіне –
Жыр әкелдім сыйға мен.

Қарашы, әке, көрден шығып,
Кесе ұстаған қолымды.
Анам жасын берген сығып,
Қандырсын деп шөліңді...

Намыс сорып, талмап арды,
Жүрміз, әйтеу, жан бағып.
Мен жолыңды жалғағам-ды,

Сапарларға қамданып.

Жоқ!
Мұңайма!
Қаншама әлі
Жасымақпыз, о тоба!?
Жел де бүгін ән салады 
Ең көңілді нотада.

Сәруарым, ділім – бүтін,
Иесі сен бұл күннің!
Және де,әке, бүгінгі түн –
Қадір түні Рухымның.

Дәл осынау кезге дейін 
Қалдырыппын ұмыт көп. 
Әке, happy birthday to you, 
Құтты болсын қырық төрт!

 

 

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

 

Жетім жүрек...
Саяқ тағдыр...
Некен мұң...
Жалғыз жүріп бәрін өзім көтердім.
Шақырады біреу мені «бауыр», - деп,
Шын мәнінде – бөтенмін!

 

Иә, бөтенмін!..
Ар-анасын аттаған;
Шындық айтқан дүмді үн әсте жақпаған;
Өңшең залым – жүрекке дық сақтаған
Найсап ғалам жат маған!

 

Алдына жан салмас айтса мақтау-ән;
Қиюға да әзір тұрар таққа жан;
Иман гүлін тұқылындай шылымның
Табанында таптаған
Найсап ғалам жат маған!

 

Қара пейіл – қара тұман қаптаған;
Шуақ шашып, таңы арайлап атпаған;
Былдырлаған балалары боқтықты
Аяттайын жаттаған
Найсап ғалам жат маған!

 

Бір-біріне қайырылмас алаңдап,
Құлқын саусақ жейді бәрін жалаңдап;
Ұятының тәні қалған лыпасыз
Қона ма екен одан бақ!?
Найсап ғалам маған жат!

 

Солай досым...
Жалған – кебін, қоғам – көр!
Ақырзаман. 
Қаймықпайды одан да ел.
Дайынмын мен шер-шеменге тұншығып
Өлуге де, түзелсе егер содан Жер.

 

Жетім жүрек...
Саяқ тағдыр...
Некен мұң...
Қайыры жоқ мына әлемге бөтенмін.
Зәрін шашып тұрар маған мекер-күн,
Ақкөз ерлік танытумен өтермін!..

 

 

ТҮНГІ АҢСАР



Жаздың сарша тамызында суық түн... 
Суық түнде жанарыңа тұнып мұң, 
Суретіме қарап жаның езіліп, 
Сен де егіліп отырсың ба, қылықтым? 

Қиғаш қастым, қинап тағдыр заңы нық, 
Адыра қап тәтті армандар, бал үміт... 
Қабағыңа қырау қатып, тұнжырап, 
Отырсың ба сен де мені сағынып? 

Бақытымның жамалынан шер көрдім, 
Келіп еді-ау бесігінде тербелгім... 
Бақ пен сорды жасымнан тел емгенмін,
Өйткені, мен – Өлең дейтін елденмін. 

Мені қойшы... Татпай жүрген кермек пе?! 
Төзем – жанды жатса-дағы кернеп не. 
Жүрек-сәби шырылдайды жәутеңдеп, 
Кеуде дейтін кіп-кішкентай жөргекте. 

Мендік жүрек – сенен туған... Өз ұлың! 
Жылатып көр, жетсе егерде төзімің! 
Жүрек-сәби шырылдайды кеудеде, 
Керек боп тұр сенің мейірім, сезімің... 

 

БОЙЫ ҰЗЫН ҚЫЗҒА

 

Көңілімді жадыратар келіп кім,
Өзім ләззат іздемесем бар күннен?..
Қыларға іс таба алмадым, зеріктім,
Сосын саған ғашық бола салдым мен.

 

Жасықтықты жібердім де құрдымға,
Кезді ұмыттым ұяңдау һәм байсалды.
Өп-өтірік мүләйімсіп тұрдым да,
Өп-өтірік «сүйем сені» дей салдым.

 

«Жұп болайық» дедім сосын тағы да...
Пайда болды адамилық ақауың:
«Ойланшы өзің, сені қалай жаныма
Серік қылам, тапалым-ай, тапалым!»

 

Дедің дағы, миығыңнан күлдің-ау...
Өкінішті көрдім бірақ көзіңнен.
Аяп кеттім қыз екен деп бір мынау,
Басына кеп қонған бақтан безінген.

 

Ерек өскен бақыт гүлім дегенге
Неге сонша кербездене бересің?!
Қара да тұр, ерегісіп, сенен де
Ұзындау қыз тауып алам.
КӨРЕСІҢ!..

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар