Француз ақыны Поль Элюардың өлеңдері
Бөлісу:
ПОЛЬ ЭЛЮАР
(Эжен Эмиль Поль Грендель)
(1885 – 1952)
Француз ақыны
ТӨМЕН ДАУЫСПЕН
Жып-жылы боп кетті бүгін, тіпті, ымырт,
Баданадай жарқырайды жұлдыздар.
Болады ертең таңғы аспаны тұп-тұнық,
Ал Версальды тербетеді мың гүлзар.
Сондай тұнық таңғы шақ...
(Ән аспанда еріп жатыр шар құсап.)
Тұнық көктен себілгенде нұр-ұшқын,
Жақсы емес пе, үйден ерте шыққаның?
Түс те кетіп,
кеш те бітіп,
жұмыстың
Аяқталар сәтін сол сәт ұққаның
Қандай ғажап...
таңғы шақ...
(Ән аспанда еріп жатыр шар құсап.)
Жүрген шақта ұзын көше бойында,
Шығып кеткен сияқтанам қаладан.
Сән-сарайлар бой түзейді ойымда,
Шын сүйсініп қарай берем мен оған.
(Ал ән өлді.
Ғайып болды санадан.)
1914 ж.
* * *
Бүлдіршін-қыз тұңғыш ірет ашты Париж қақпасын,
Бір тарсыл үн нөсер құсап алады есін. –
Сақтасын!
Бүлдіршін-қыз алаңдады...
Алаңдағы сапары оның басталды,
Ал тарсыл үн толқынша ұрып,
жалап жатыр тастарды.
Бүлдіршін-қыз гүлзар бойлап,
кешіп өтті таң шығын,
Үрген местей мырзалардың оятты енді таңсығын.
Ал Париж естімеді жүрегінің тарсылын.
1915 ж.
МЕНІҢ СОҢҒЫ ЖЫРЛАРЫМ
Тұнжыр қиырды жаздым мен,
Жанына таппай жұбаныш
Қайғы жеп,
күтіп қуаныш –
Тозбаған жандар аз мүлдем.
Тұнжыр қиырды жаздым мен.
Түссіз аспанды жаздым мен,
Теңізді,
кеме,
дауылды,
Қарды да,
желді,
жауынды,
Шақты да жаздым жаз кірген,
Сәнді сарайлы – мазмұн кем
Түссіз аспанды жаздым мен.
Бойдағы бұла екпінмен,
Жоғалды жылдар – жұмысым,
Тоналды ділгар – тынысым.
Бақытты жандар – көп күлген,
Сендерге тиген жоқпын мен.
Сұрама менен кешірім, –
Қағуға Оттың есігін
Біржола, міне, кеттім мен.
1917 ж.
* * *
Кәне, досым, ұйықтайық таң атқанша,
Белбеуді ағыт.
Отырмайық мәңгіріп.
Ылаж қанша,
бізге осындай бақ қонса. –
Бесатармен түн күзеткен таңға ұрып
Жігіттерді аясақ та жан жібіп, –
Алады ғой күндіз ұйқы қандырып.
Таң атқанша өтпейді ешкім бұл жермен,
Түнгі жолдың көтерілмес тозаңы.
Итмұрын да көрінбейді түнге енген,
Алақанын оқпандарға созады,
Бұтақтарын ай сәулесі –
нұр көмген, –
Тікенінен жапа шекпес сұр мерген.
Мезгіл болды, жат, кәнеки, дос, мұнда,
Мезі қылды карта, шарап татқаным.
Қаруды іліп, белбеуді ағыт, бас бұрма,
Көкжиектен күліп атқан пәк таңым
Білмей қалсын – көрпелердің астында
Ылғи жыртқыш айуан бұғып жатқанын.
* * *
Дулығалы сарбаз біткен күркіреп,
Гүлді таптап,
ән бастайды күркіреп.
Зеңбіректер,
нан тиеген арбалар
Кідірмейді –
қырдың жолы сілкілеп.
Дамыл-сағат –
күткен сәті кіл ердің,
Ғажабын-ай,
мынау кешкі іреңнің.
Иығынан сырғып түскен сарбаздың
Қабы құсап батып барад күрең күн.
СЕНІМДІ
Мына жатқан шағын ғана шаһардан
Қан мен жасқа жолықтырған көп қаза –
Қиын да тік жол шығады сапарға,
Бірақ біздің жан-дүниеміз тап-таза.
Түндер жылы әрі тыныш.
Жел жұмбақ.
Сүйген жандар үшін біздер күні-түн,
Ғаламдағы адалдықты ең қымбат
Жүрміз сақтап –
аман қалу үмітін.
***
Сапарға аттанамыз таңда тағы,
Осылай жалғасады солдат әні.
Долырған жел мен жаңбыр арасында
Тап келдік ығы да мол қарасынға.
Күле алсаң – делі достай күркіреп күл,
Мәз болып шинельдерін сілкілеп тұр.
Түбінде бір келетін бақты сезіп,
Маңайға тұр естіліп қатты сөзі.
Ал түннің суығы да –
тықыр төніп,
Тұр, міне, қорқыныштан тітіркеніп.
***
Дірілдетті бұлтсыз көк иегімді,
Нөсер өтіп жібіткен сүйегімді.
Аттатпай тұр біздерді құлқын-есеп,
Бөленер ек бақытқа шын тілесек.
Борыш,
алаң:
қос сезім – екі ғаріп,
Өмірімді баратыр жеті жарып,
(Жүрмін екі сезімге малай боп мен,
Сеніңізші! –
Мұны айту оңай деп пе ең?!)
Қарлығашты бұлтсыз көк жалау қылып,
Жапырақтың хош иісі танауды ұрып.
Құстарға еріп,
армандар,
самғадыңдар...
Тыныш үміт жайлы бір арманым бар.
ЫМЫРТ
Бұл түн емес. Бар болғаны ай.
Аспан тым нәзік, жаңа сауылған сүттей.
Досым, сен де бейне бір ғашық болған жан секілді күлімдейсің.
Сен олар туралы айтасың. Олар сенің рухыңды тірілтеді, үйіңді әшекейлейді, өмірімізді әрлейді.
Ал олар, досым, көп болуы керек, – бұл бақытсыз бейшаралар көп: ана да, әке де, әйел де, бала-шаға да.
Бірақ сен армандайсың әшейін.
Ал мен кемеңгерси бастадым.
БЕЙБІТ КҮННІҢ ЖЫРЛАРЫ
Әлем – соқыр, әлем – керең
I
Бақытты сол бір әйелдер қайтадан кешті базарын,
Келді ері күннің астынан –
жанына жылу толтырып.
«Сәлем!» – деп алып,
құшаққа қысады-дағы ғажабын,
Кіреді үйіне ол күліп...
Ентігіп...
II
Менің жарым,
қасиеттім,
сен мендіксің,
ақыры,
Шетсіз-шексіз түннен өттім,
барлық үміт күйреген.
Өткеніммен табысуға жетер ме екен батылым? –
Бесатар мен құтым еді-ау –
өмірімді сүйреген!
ІІІ
Жан аяспас от пен суға түскенде –
Достарым! –
Өздеріңдей бар ма менің жақыным?!
Ал дәл қазір қымбат маған –
үстелде
Бірге отырған балаларым...
қатыным.
Достарым.
ІY
Талай ірет жауға шаптың атқылап,
Көппен бірге талай тыным таптың-ақ.
Енді, міне, жар төсегі. –
Түн іші.
Мың сан сарбаз қорылынан қаттырақ
Дүрліктіред –
әйеліңнің тынысы.
Y
Сәбиімнің әр қылығы –
Еркеліктің жаңғырығы.
Балам – тәтті,
иісі керім,
Қараймын да сүйсінемін.
YI
ЕҢБЕКТЕН
Менің басым – куә,
мынау күс қолым,
Күш – Құдайдан,
жұмыс – байдан.
Істегін.
Үміт күтіп айдан,
жылдан,
аптадан
Махаббатпен тапқан нанды тістегін.
Еңбектен.
YII
Анары айдың иіп тұр,
Бар ғалам нұрға піскендей.
Жіберген шақта құйып нұр,
Ақ раушан оны ішкендей...
Әкелші сәби! –
Сүйіктім,
Аузымнан менің түскендей...
YIII
Бет-ажардың керегі жоқ-ты маған,
Талай сыннан онсыз да өттім аман.
Ал енді – бұр! –
Қайсыңның назарың бар:
Сүйікті болу үшін – ажарым бар,
Бақытты болу үшін – базарым бар.
IX
Ғашық жанды іздеймін.
Дидарыңды бір көруге асықпыз.
Қауырсыннан көйлек киген ғашық қыз,
Үмітімді үзбеймін.
X
Жазғы түнде ай астында балқыған,
Айдың нұрлы толқынында малтыған
Барлық сұлу қызды аңсаймын.
Алқынам...
XI
Алма ағаштар,
ойлы ағаштар айналасын нұрға бөлеп,
Бақшамдағы бұтақтарды толған жеміс ырғап әлек.
Мен бақшамда бақыттымын.
Еңбеккердің салты білем –
Қапырық күн қолдарымды бояйды кеп алтынымен.
ХАЙУАНДАР МЕН ОЛАРДЫҢ АДАМДАРЫ,
АДАМДАР МЕН ОЛАРДЫҢ ХАЙУАНДАРЫ
САЛОН
Махаббатқа есік ашық бұл жерде,
Естімейсің күйді аза.
Бәрі де ортақ:
күн де,
лимон,
гүлдер де,
Ұлпа тәнді кірпияз гүл – мимоза.
Кіре беріс қабылдауда бәрі анық:
Шуақты бір перде сынды шыны да.
Төзім атты ару отыр таранып,
Нұр шашады құмыра.
Махаббатқа есікті ашып тастаған,
Гүл ерінінде күн күлкісі ұйыған.
Алтын шарлар шүпілдеген тостаған
Құр қалдырмас, сірә, бізді сыйынан.
ХАЙУАНДАР ҺӘМ ОЛАРДЫҢ АДАМДАРЫ
КҮЛЕДІ ЖАНУАР
Күледі әлем.
Жарылмай тұр бақыттан жүрегі әрең.
Аузы ашылып,
қанатын жайып тұрып,
Құлап түсті қайтадан – міне, бәлем!
Жас та, қарт та аузына ие болмай,
Құлап жатыр күлкілі күнәменен.
Жануар да күледі құтты іңірде,
Күлкі бұзып ажарын, тіпті, мүлде.
Аң терісі сыңғырлап,
түбіт билеп
Бара жатыр жердің бар түпкірінде, –
Ұқпай күліп бірінің түк тілін де,
Құстар қауырсындарын түтті бірге.
Жануар да күледі – сезгені кем,
Шауып қашып жүр күлкі-безгегімен.
Күледі әлем,
күледі жануар да –
Бәрі қашып баратыр өздерінен.
ЖЫЛҚЫ
Жалғыз жылқы қалды қырда ырымға,
Нөсер ұрып,
таланыпты шыбынға.
Өзі жалғыз,
өзі кәрі шынында.
Шоқырақтап мерекелік соқпақта,
Жерді ұрады тұқайымен тоқпақтап –
Өзін шапшаң өлтіретін еп таппақ.
Ор-шұқырлар кірген әбден сенімге,
Қараңғыны күтеді ылғи тебінде –
Жолды көрмей,
тез жетпекке өлімге.
ТАУЫҚ
Шолақ тауық –
Менің көршім,
өмірден шын бағаңды ал,
Сенші, қалқам,
сырымды айтам саған бар:
Жұмыртқалар құрыметіне сен басқан
Шығарылған ән-дастан
Үшін сені ұстамайды адамдар.
ИТ
Төбетім,
Қожайынның саған етер билігін,
Үнін,
әрбір қимылын
Көп бағасың неге тым?
Өмір деген жел секілді сый бүгін –
Тұмсығыңнан енетін.
Сабыр ет,
төбетім!
АДАМДАР ҺӘМ ОЛАРДЫҢ ХАЙУАНДАРЫ
ПАЙДАЛЫ АДАМ
Тым шаршадың өзің бүгін,
Таста аударып төзім жүгін.
Сөзімді ұғын шөл далада,
Жай қолыңды,
көзіңді жұм.
Кіл түйсіксіз жануармен
Шөлде ойнаудан безін, күнім.
Біткен іс көп,
мүкі қалған.
Жазық дала,
бүкір орман
Көкжиекті тұтып алған.
Зілдей тұнық көк теңізде
Жануар тұр – күтіп алдан.
Осы емес пе – шын демалыс? –
Сен аңсаған бүкіл арман!
ҒҰМЫР ҚАЖЕТТЕРІ.
МЫСАЛДАРМЕН КӨМКЕРІЛГЕН
ТҮСТЕРДІҢ САЛДАРЛАРЫ
Мысалдар
ӨЛУ
Қара – шындық,
Шындық – қара.
Өлікті үйден әрі асырдық, –
Үй шегінді жылжып қана.
Тас қатты де, –
баға – шындық.
Тас емес қой өлік, бірақ.
(Қалма бұған сеніп, шырақ).
ЖҰМЫСШЫ
Талдан тақты таниды ол,
таудан жолды,
Бұла қайрат –
жерде ылғи жылу күткен.
Темір тоқып,
тасты илеп,
бауларды енді
Әшекейлер адами сұлулықпен.
Құрымет тұт –
қардан нәр сауған қолды.
БИ ӨНЕРІ
Қара нөсер шатырлайды-ақ,
Тамшы біткен шатырда ойнап.
Ешбір биші – өрнегі елес
Жауып,
билеп көрген емес!
СӘУЛЕЛЕР
Жер – әлемнің қақ бөлігі,
Жартысы – өлік ақ кебіні.
Ағып түскен жұлдыздардың
Естілмейді әттең, үні...
ҒАЖАП
Бақыт – ғажап.
Кемтар бейбақ татыпты азап.
Соқырларға таң атпайды,
Уақыт – тозақ.
ҚАРТАЮ
Есте ме қарлы көлеңке! –
Сәбидің нұр-жүз – өңі.
Бейбақ қан сөнді неге ерте?
Күндіз еді.
Жылжиды күндер –
Жым-жырт түн.
Мүлгиді гүлдер –
Күңгірт күн.
Аспанның ғана құшағы
Барлығын аңсап құшады.
Аспан.
ӨМІР ӨТЕМІ
ЖАЛҚАУ
Мен бақша жарық болу үшін, шамды сонда тастадым да жатып қалдым.
Маңайдың бәрін дүрсіл алып барады.
Құлақтарым ұйқыда.
Жарық менің есігімді қағып тұр.
КӨРГЕН ТҮСТЕР САЛДАРЫ
ӘУЕНСІЗ
Шындықты айту – еккен үлгім,
Ашуландым,
кекке міндім.
Үндемейтін аярларға
Сенемін деп кетпе құрдым.
Шымбайына шындық батып,
Талай жанға жек көріндім.
Сөкпе, құрбым.
КҮШ-ҚУАТ
Қолдары, оның қолдары – жапырақсыз бұтақтар.
Зілдей аспан мен бөгде жұрттың гүлдерінен ескен арқан сынды.
Ашық түсті қолдары аспанның өрнегіндей.
ЖАРЫҚТАН ТЫЛСЫМҒА ДЕЙІНГІ
ГАММАДАҒЫ ШОМЫЛУШЫ ӘЙЕЛ
Жюльен Вокансқа
Сол күнгі кеш.
Сен сәл қозғалсаң, тып-тыныш теңіз бен құм да дәл солай қозғалады.
Бізді заттардың, тастардың, жарқын іреңктердің һәм сағаттардың сап түзеуі таңғалдырады. Ал көлеңке жоғалады, онымен бірге түсініксіз бір нәрсенің азапты дәмі де жойылады.
Кеш.
Аспан нұрмен боялған. Маңайдың бәрі отқа балқып, от сөніп барады.
Кеш.
Теңіз жарқырап тұр.
Бағзы бір кездегідей сен соған жатып ұйықтап кет.
МАХАББАТ
Жорж Рибмон-Дессенюға
Еппен ғана жантаяды ол тас жолға,
Тас жол болса,
зымырайды аспанға.
Содан соң ол жерге жата кетеді,
Жер де ұшады дөңгеленіп етегі.
Көрген шақта ұл-қызының төбесін,
Байыз табар,
жияр, бәлкім, ол есін.
ҚАЙҒЫ БҰРШАҒЫ
Қайталаулар
ӨЛЕҢДЕР
Жүрегім – ағаш,
қаласаң – бұтақтан оны жұлып ал,
Күлкі мен онда шегі жоқ мейірімімнің нұры бар.
Жеңімпаз-жүрек айнымай періште-сәби қалпынан,
Ағаштарменен бірге әркез аспанға қарай талпыған.
Жылайды сұлу жырақта,
көңілі күрес тілейді,
Қол жайып төбе жанында жеңе алмай отыр үрейді.
Төнсе де аспан үстіне – бұлыңғыр мейлі ашық боп,
Мүмкін бе оны көрген жан қалмауы әнсәт* ғашық боп.
Саусақтар құсап бүгіліп, өтуде жалқау күндерім,
Жаңбырдан солып масақтар, өлуде үнсіз гүлдерім.
Аңсайды салқын қырауды өртенген тәні шілденің.
Өліктің қарап көзімен, ақ қыштың әрін сезінем,
Жалаңаш ақшыл қолдардан тылсым бір әнге кезігем.
Жел менен құстар тұтасып, –
өзгереді аспан тезінен.
-------------------
Әнсәт* – оңай.
ЖАЛҒЫЗЫМ
Армандайды ол талма түстің кезінде,
Мәжбүр етіп мені еріксіз күлуге.
Ешбір мән жоқ күлкім,
жасым,
сөзімде,
Жоқ айтатын түгім де.
* * *
Бақытсыздық көлеңкесі – сұс-сүлде,
Езгілейді жерде барлық тұл үйді.
Махаббатым, ал олардың үстінде
Бұралқы иттей ұлиды.
ЗҰЛЫМДЫҚТЫ ЕСТЕ САҚТАМАЙ
Көзі жасты,
жанында дерт,
пәс дене,
Етпейді әсер – қайғы,
көз жас,
азап түк.
Тірі міскін сұрамайды ештеңе,
Айырма жоқ, –
түрмемен тең азаттық.
Түнек қапқан ұзақ түннен сый күтпе,
Қараңғыда қаңғи алмас тас соқыр.
Күшті – тұтқын,
әлсіз біткен – билікте,
Хан – шарасыз,
ал ханшайым тақта отыр.
Мылқау тіл мен қорқақ көздер шарасыз
Сан қорлықты қосып жұтты маңқаға.
Түк те айтпаңыз, –
босқа күйіп қаласыз,
Қолдарыңды тығып ұста қалтаңа!
ЖАЛАҢАШ ШЫНДЫҚ
Мен мұны жақсы білем
Өкініштің қанаты жоқ,
Махаббаттың тағаты жоқ.
Өңі,
жүзі,
түсі жоқ.
Олар үнсіз.
Қозғалмаймын кісі боп,
Мен оларға көз салмаймын,
Тіл қатпаймын,
жан сықылды ісі жоқ.
Дегенменен мен тірімін,
себебі
Махаббат пен өкініштен –
ішім от.
КІШКЕНТАЙ ТАҚУАЛАР
I
Бүгін менің үйім тұр күлкіменен қымтанып,
Шырқ айналып құстар жүр қанатынан күлкі ағып.
Қауырсындай жеп-жеңіл
жер де,
көк те – бәрі де,
Қарлы ұлпа гүл тығылды оның ұлпа тәніне.
Үнсіздіктің таңбасы һәм раушан пәк, мұңсыз,
Құшақтаған шаттықтың иығында жатты үнсіз.
Оның тылсым сәулесі көлеңкеге оранған,
Әуенді,
епті қолдары нұрға сіңіп жоғалған.
Минуттарды ұйқысыз жырлайды әлем.
О, жалған.
VII
Еркін, бұла табиғатқа өмір торы аран ашпақ,
Ағаш – аспан көлеңкесі,
тындық тәнді жалаңаштап.
Ағаштарда құмның үні,
желді шашып бұлт уыстап,
Сенің айтқан барлық сөзің ту сыртыңда тұр тыныстап.
КЕМЕЛДІК
Нәп-нәзік құмның ғажайып нәрі
Сіңеді гүлдің жапырағына.
Жемістер гүлдеп, тоғайып тәні,
Толады ымырттың топырағына.
Мағұрыптағы, машырықтағы
Өзгерер кешке –
азандағы өңі.
Жоғалар қирап,
шашылып бәрі,
Шегініп кенет ажал да кері.
Ажарын жойып жарықтың өзі,
Айналар жұлдыз қарақұрдымға.
Үнсіздікке ұя – зағиптің көзі,
Пердесін түннің жабады қырға.
ӨЛМЕГЕН СОҢ, ӨЛУ
Бәрін де қарапайым қылу үшін бұл соңғы кітабымды Андре Бретонға арнаймын
ҒАШЫҒЫМ
Ол менің енді ішіме,
Шашымды шырмап шашымен.
Көзімнің мөлдір түсі де
Жарасты қара қасымен.
Көлеңкеме өзін шашты сәт,
Атылған көкке тас құсап.
Көзі ашық ылғи, –
тергейді,
Бір сәт те ұйқы бермейді.
БАСТАУЛАРДЫҢ БАСЫНДА
I
Бар дауыспен
Махаббаттың өрті өршіп лаулады бір,
Аспаннан саулады нұр.
Ес жаңылып жадынан шатырында,
Мойындамай тынды оны ақырында.
Бар дауыспен аспанның төсін бүрген
Қарғалардың бұлттары көшіп жүрген,
Қанатымен тастады жауып мүлде –
Ең бастапқы сәтімді есім кірген.
Толқындарды бір жарық өртеді шын,
Сүйісуден шаршаған ертең үшін.
Ол бар мына жалғанда, –
Өзгермеген түр-түсі ілкіден еш.
Ол барда –
Әділеттің болмауы мүмкін емес.
Тек махаббат жеткізеді арманға –
Өшкен күн құлқын-егес.
IV
Мен мұны саған бұлттар үшін айттым –
нажағайлары тураған,
Мен мұны саған теңіз жағасында тулаған,
Ағаш үшін айттым –
жапырақтарын сулаған,
Әрбір толқын үшін,
жапырақтың ұшқаны үшін қураған,
Бұтақтар арасындағы
құстар үшін айттым шулаған.
Шулы тастар үшін,
Аспан үшін айттым дулаған.
Үйреншікті алақандар үшін айттым сәулелі,
Көрген түсіңе дастан сыйған,
Көздің ішіне аспан сыйған
Ала таңдар үшін айттым әурелі.
Мен мұны саған түн үшін айттым мас болған,
Тор үшін айттым жолдың шетінде бос қалған.
Терезе үшін айттым ашылған,
Жазық маңдай үшін –
таңдай шұғыла шашылған.
Мұны айттым саған –
саф ойларың мен сара сөздерің үшін мен –
Өйткені сенде өлмес сенім мен өр нәзіктік барын түсінгем.
VII
Жеріңіз мынау,
апельсин сынды түгел көк,
Адасуға ерік бермейді,
шын сөздер сені шідерлеп.
Біздерде де енді ән салуға ырық қалмайды,
Сүйіспен ғана түсінісеміз,
жоқтарымызды түгендеп.
Ессізді біздей қаусырды
махаббаттың тылсым құшағы,
Бір-біріміздің еріндеріміз бірігіп кеткен, мысалы.
Күллі құпия тәтті жымиыстарға тұншығып,
Киімге жатыр көміліп –
жалаңаш тәннің нышаны.
Терезелердің моншағын алған тағынып күннің шапағы,
Тіршілік біткен өсімдіктерше гүлінен жұпар атады.
Канат астында жапырақ бұғып,
шаттығың күн боп шашырап,
Ал күннің нұры сұлулығыңның жолында жайрап жатады.
VIII
Сүйіктім, саған белгілі –
жүректің мендік қалауы,
Аспаныңдағы жұлдыздай сөздерің – жанның жалауы.
Тірі түндегі құштар көңілдің,
Іздері мені құшқан қолыңның
Тәнімде жанған бейне бір жеңістің түнгі алауы.
Елесімізден біздердің үздіксіз сәуле саулаған,
Түнгі аспан сынды жаздағы жұлдыздар тынбай заулаған.
Болмасаң егер жанымда менің,
Түсімнен іздеп сабылған едім. –
Түсімде өмір сүремін –
өңімнен мүлде аумаған.
XIII
Жымиысыңмен қымтайсың,
жалаңаштығыңа қымсынып,
Ашылып тағы қаласың,
ынтық сөздерден тұншығып.
Тәніңді түгел отқа орап,
сүйгізер маған мақпал түн,
Мәңгілік менің алдымда тұруы үшін пәк қалпың.
XV
Төнеді ол менің үстімнен,
шығарып сезім ел-селін,
Көзімнен оқып алмақшы махаббатымның мөлшерін.
Сенімін әбден бекітіп,
осы бір тылсым асыл шақ,
Маужырап ұйықтап кетеді,
алақаныма басын сап.
Қайдамыз біздер? –
Тұтасып кетіпті жаны-тәніміз,
Бір тамырменен ағады біздердің тірі қанымыз.
Тірілерден де тіріміз тұңғұйық ұйқы ішінде,
Ылғи да басым домалап жүреді оның түсінде.
Жалғасын "Батыс баяны" кітабынан оқи аласыздар
Тәржімалаған Светқали Нұржан "Айт-Ман"
Бөлісу: