А. Ысқақов: Абай және қазақ әдеби тілі
Бөлісу:
08.08.2015
13770
Қазақтың қоғамдық ой-санасының, ұлттық мәдениеті мен әдебиетінің, сондай-ақ әдеби тілінің даму тарихында Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың алатын орны да, оған сіңірген еңбегі де орасан зор, қосқан үлесі мен көрсеткен үлгісі де аса мол. Осыған орай халқымыздың қоғамдық өмірі мен ой-пікірінің және рухани тіршілігі мен әдебиетінің тарихын бұрынды-соңды зерттеген, солар жөнінде пікір айтқан қалам қайраткерлеріміздің бір де біреуі Абайдың осы салаларға қосқан үлесіне тоқталмай өткен емес. Абайдың қазақ әдебиеті мен әдеби тілін дамыту жолында қалдырған мұрасы үстіміздегі ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап осы уақытқа, дейін үздіксіз зерттелуде. Абайдың әдеби мұрасы қазақ тарихы мен мәдениетінің жалпы мәселелеріне байланысты баспасөз бетін көрген еңбектерде жоғары бағаланып келеді. Ұлы ақынның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, ондағы орны, маңызы туралы, сондай-ақ қазақ әдеби тілін дамыту жолында тұтынған жаңа бағыты, соны жолы жайында, үлгісі мен өнегесі жөнінде ондаған кітаптар, кітапшалар, мақалалар жарияланып, қазақ әдебиеті мен әдеби тілін байыту, жаңарту жолында сіңірген еңбегі аса зор бағаланады.
Абайды тану, оның мұрасын игеру сияқты мәселелердің бағыт-бағдарында өзіндік тарихи даму қисыны, диалектикасы бар. Соларға орай әр ғалымның дұрыс ойлары, қорытындыларымен қатар, ағат айтылған пікірлері де, ұшқары жасалған тұжырымдары да жоқ емес. Мысалы, сондай теріс қағиданың бірі - Абайға дейінгі қазақ әдебиеті мен әдеби тілінің статусы, мазмұны жайындағы мәселе. Орныққан сол қағида бойынша, XIX ғасырдың екінші жарымына дейін қазақта көркем әдебиет те, әдеби тіл де болмаған. Қазақ халқының бес жүз жылға созылған ұзақ тарихи тұрмысында әдебиеті де, әдеби тілі де болмаған дегенді ағаттық деп қана бағалаудың өзі де мәселеге тым жеңіл қарағандық болары хақ. Бұл - тым ұшқары қорытынды. Ол Абайды дұрыс түсіну, білу, тану, оны жұртқа дұрыс таныту істеріне ғана нұқсан келтіріп қоймай, қазақтың әдебиет тану ғылымы мен тіл білімін ашылмайтындай қалың деуге болады. Рас, қазақ филологиясына тасталған бұл «темір бұғалықты» әдебиетшілеріміз бірте-бірте үзіп, қазақ әдебиетінің бойын әуелі үш ғасырмен өлшесе, кейін бес ғасырға жеткізіп отыр. Бұған «Алдаспан» (1970 ж.), «Үш ғасыр жырлайды» (1965 ж.), «Бес ғасыр жырлайды» (1985 ж) кітаптары айғақ. Олар қазақ әдебиеті қазақ халқының өзімен құрдас екенін, әдебиеттің тарихы оның нағыз иесі - халықтың тарихына орай жарыса өсіп, бірте-бірте дамып, жетіліп отырғанын аян етеді. Қазақ филологиясының бұл ірі жетістігі халықтық әдеби тілдің де тарихына бойлауға мүмкіндік беріп отыр.
Абайды әдеби тілдің негізін салушы деп санаушылардың бір дәлелі - оның Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағынан шығып, сол өлкенің диалектісі әдеби тілге іргетас етуі болатын-ды. Ағылшын әдеби тіліне Лондон диалектісі, орыс әдеби тіліне Москва диалектісі, өзбек әдеби тіліне қалалық диалектілер тобы негіз саналған болатын-ды. Ал қазақ әдеби тіліне солтүстік-шығыс диалектісі телінген шақтың (1947) өзінде оған қарама-қарсы пікірлер де туып, 1952 жылы осы мәселеге арналып дискуссия да өткізілді. Бірақ дискуссияда белгілі бір шешім табылмай, зерттеу жұмысын алдағы уақыттарда да жүргізе беру керектігі ләзім саналған-ды. Сонан бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Қазақстанның батыс, оңтүстік, шығыс аймақтары тұрғындарының тілдерін арнайы тексеруге экспедициялар жіберілді, осы тақырыпта әлденеше диссертациялар қорғалды, көптеген мақалалар, бірнеше монографиялар жарық көрді.
Біз де қазақ тілінде, мысалы, өзбек, түрікмен тілдеріндегідей бадырайып тұрған ірі диалектілер болмағанымен, азын-аулақтаған болса да, жергілікті ерекшеліктер барлығына ешқандай шәк келтірмейміз, бірақ оларға белгілі шек қоюды дұрыс деп санаймыз.
Біздің бағдарлауымызша, қазақ тілінің диалектілерінен оқшауланып, бәрінен де мерейі жоғары тұратын жалпы халықтық сипаттары - тілдік формалары аса күшті. Бұл жалпы халықтық сипат, қазақ елі бұрынғы замандарда, ең әуелгі кездерде бөлек-бөлек, ру-ру, тайпа-тайпа болып жүргендерінде де, кейін ауық-ауық бірігіп, ауық-ауық бөлініп жүргендерінде де, оны біртұтас организм етуге, басын құрауға септігін тигізетін негіздің негізі де, дәнекер де болған. Демек, тілдің жалпы халықтық сипаттары, атап айтқанда, дыбыстық грамматикалық, лексикалық құрылыстың негіздері болып қалыптасуы себебінен әуелдегі ру-ру я тайпа-тайпа диалектілерін бір ізге, бір жолға түсіріп, олар әрқилы бірлестіктер немесе одақтар болып жүрген шақтарында да тілдерін де бірыңғайластыруга бірден-бір тірек, кейін қазақ елі біртұтас халық болып құралған кезде де бірден-бір таяныш болған.
Демек, бастапқы ру тілдері бірте-бірте тайпалық тілдерге айналғанда да, тайпа-тайпалардың тілдері бірте-бірте бірлестіктердің (одақтардың) бірыңғай тілі болып құралған, сөйтіп, ұлыс-ұлыстардың тілдері бір бүтін халықтың тілі болып қалыптасқан. Сөйтіп, қазақтың ұлттық сатыға дейінгі тілі осылайша баспалдақтап келіп, XV-XVIII ғасырлар бойында халықтық тіл болып қалыптасқан.
Қазақтың ұлттық әдеби тілі әлдеқалай аспаннан түсе қалған жоқ. Ол халықтың сөйлеу тілі, халықтық әдеби тілдің - табиғи жалғасы, демек, олардың ілгері дами түскен, толықси түскен жалғасы. Ұлттық әдеби тілге халықтық әдеби тіл негіз болған. Халықтың сөйлеу тілі бірден туа да, қалыптаса да салмағаны сияқты, оның әдеби түрі (өрнегі) де бірден пайда бола кетпеген. Әдеби тіл дегеніміз - халықтың кәдімгі карапайым тілінің сөз шеберлерінің елегінен өтіп, бірте-бірте өңделе-өңделе келіп, әдеби нормаға түскен, үлгілі дәстүрге айналған түрі. Ондай өңделген әдеби өрнектің ауызша түрі мен жазбаша түрі болады. Әлбетте әдеби тіл - өзгеше бір немесе екінші бір тіл емес, оның негізі халық тілінің сөздігі мен грамматикалық құрылысына сүйенеді, солардан құралады. Тек әдеби тілдің халық тілінен гөрі сөздігі бай, стилі жатық келеді. Ендеше әдеби тіл мен халық тілі екі тіл емес, негізі бір тіл. Егер жазушы тілінде ерекше қолданылған сөздер, сөз тіркестері, өзінше сөз саптау үлгілері болса, ол ана тілінін мүмкіншілігін пайдаланудың нәтижесін көрсетеді.
Қазақтың аса бай, дәстүрлі де күшті эпикалық жырларына, қыруар көп толғау, естірту, жоқтау, терме тәрізді мейлінше мол әдеби нұсқаларына үңілсек, олардан диалектінің ешқандай нышанын көре алмаймыз: олардың тілдері замандар бойы аймақтардан аймақтарға, бір түкпірден бір түкпірге көшіп, талай рет ауызша қайталанып, өңделіп, қазіргіше айтқанда, редакцияланып отырған да, ұрпақтан ұрпаққа өзінше (ауызша) ұстартылып жетіп отырған. Олардың әрқайсысы әр замандағы жыр я өлең шығарушылардың, оларды ел арасына таратып отырған жыршылардың, өлеңшілердің ауызша редакцияларынан өте жүріп, өзінше өңделіп кондицияларына жеткізіліп отырған. Бұл нұсқалардың тілдерінен қазақ өлеңі (түр-түрімен де) өздерінше орнығып, нормаға түсіп, ауызша әдеби тіл дәрежесіне әбден жеткендігі көрінеді де, олардың бастау көзі шығу, қалыптасу дәуірі тіпті арғы замандарда жатқаны аңғарылады. Ендеше, қазіргі қазақ әдеби тілінің де, оның негізі - қазақ әдебиетінің де түпкі төркінін қазақтың ұлттық сатыға дейінгі тарихынан іздеген жөн де, сол ертерек замандарда әбден дамыған ауыз әдебиетінен іздеу, солардан шығару керек екені байқалады. Бұған қазақ ауыз әдебиетінің ең үлкен өзекті саласы - эпикалық поэзиясының, сондай-ақ ескі замандардан үзілмей, халықтың өзімен қоса жасасып келе жатқан толғау, естірту, жоқтау, сыңсу сияқты көне түрлерінің (онымен де тынбай), тіпті ертегі тәрізді қара сөзді шығармалардың тілдерінде диалектілік элементтердің жоқтығы айғақ. Сонымен қатар бұған олардың тілдерінде әр жанрдың тарихына, рухына, ертелі-кешті дүниеге келулеріне орай әуелде я әдейі я әдетке қарай сұрыпталып қолданылған жай қарапайым сөздер мен сөз тіркестері, тұрақтанған сөз тіркестері мен әрқилы шаблондар, көнеленген қос сөздер мен неше алуан ескі өрнектер де, ескірген сөздер мен көнеленген формалар, шет тілдерден (монғол, парсы, араб, т. б.) енген элементтер куә. Осы аталған тілдік ерекшеліктердің қай-қайсысы да жергілікті диалектілерге тән нәрселер емес, жалпы халықтық тілге тән, соның бойында ғана болатын өрнектер екенін, диалектілердің аяларына сыймайтынын, олардан шеңбері де, ауқымы да кең жалпы халықтық өрнектер екенін сипаттайды.
Қазақтың сөз өнері және оның шеберлері жергілікті диалектілерден жоғары тұрып, аулақтай отырып, халық тілінің бірыңғай, біртұтас болып бірігуіне де, қалыптасуына да көптен-көп қызмет көрсеткен. Қазақ поэзиясының құрамында қанша, қандай (түрі) өлең болмасын, дыбыс, буын, жол, ырғақ, интонация сияқты ұйқастары арқасында қашан, қайда айтылса да өзгерілмей, ұзақ сақталатын болған.
Әдебиетті, оның тілін әңгіме еткенде Абайға дейінгі ұзақ замандар бойында қазақ даласында белгілі бір саяси-әлеуметтік, шаруашылық-экономикалық, мәдени-руханн өмір мәселелеріне арнап еңбектер жазу, мақалалар жариялау салты болмағанын ескеруге тиістіміз. Егер ондайлардың там-тұмдаған нышандары болса, олар. әдетте не араб, не парсы, не түркі үлгілерімен жазылып, қолдан көшіріліп отырған. Есім ханның «ескі жолы», Қасым ханның «қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты елеулі документтер ең әуелі қазақ тілінде жазылды ма, түркіше жазылды ма,- ол жағы белгісіз, екіншіден, олар жазылған күнде де тек қолжазба түрінде ғана жасалып, көшіріліп тарағанға ұқсайды (орыс тарихы олардың фрагменттерін қандай текстен алып орысшалады, о да беймәлім. Тіпті бертіндегі Абылай ханның әмір-жарлығынан да бізге ешқандай жазба белгі жеткен жоқ). Дегенмен ХУ-XVIII ғасырлардан тіпті ныспысыз емеспіз. Бұл тұстардағы кейбір сұлтандардың, старшындардың патша үкіметіне я басқаларға қазақ тілінде жолдаған хаттары мен қатынас кағаздары, арыздары бар. Олардың кейбіреулерінің тілдерінде түркі элементі басым болса, кейбіреулерінде қазақ тілінің мерейі үстем болып келеді. Оған Сырым Датов айналасынан жолданған жазба нұсқалар куә. Сондай-ақ Махамбет Өтемісұлының бір досына өз қолынан жазған хаты сақталыпты. Онда қазақ тілінің бірқыдыру элементтері түркі өрнегінше таңбаланған. Біздің қолымызда «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының ізінше қайтадан ел болуға, ұйымдасуға шақырып, үндеу сөз ретінде қара сөзбен (ішінде «Қаратаудың басында көш келеді» өлеңі де бар) жазылған (авторы белгісіз) тіпті көне қолжазбаның нұсқасы бар. Онда да сөздер кейде түркі өрнектерінше айтылып, сол үлгі бойынша таңбаланған. Біздің байыптауымызша, сол замандарда бірдеме жазу керек болса, түркі дәстүрін сақтап жазу, оның сөз саптау нұсқаларын араластырмай, қатыстырмай жазу лайықсыз саналған сияқты да, жалпы рәсімге қайшы келерліктей немесе оны бұзарлықтай көрінген тәрізді. Сонымен қатар сол кездердің өзінде, рәсім қанша берік болса да, түрікшені азайтып, қазақша жазуға беттеу, соған тырысу я ұмтылу тенденциясы да туып, бірте-бірте таза қазақша жазу салты беки бастағаны анғарылады. Оның бер жағында, осылай беттеу, біздіңше, тарихтың даму ағымы мен қоғамдық тұрмыстың дүмпуінен туған құбылыс сияқты. Тек Абай ғана емес, онан едәуір бұрын қалам ұстап, тарих сахнасына ертерек шыққан Ш. Уәлиханов пен Ы. Алтынсариннің әлемге жарқырай көрініп, құлшына үлкен іске кірісулері де сол дәуірдің әлеуметтік ішкі серпінінің жемісі болса керек-ті. Мысалы, Ш. Уәлиханов: «Қазақтар моңғол да емес, татар да емес, өз алдына басынан кешкен тарихы бар, өзі жасаған мәдениеті бар, өзінің бай ана тілі бар жеке халық»,- деп әлемге жар салып шығуымен қатар, оның тарихына, әдебиетіне орыстың, Европаның назарын аударды. Ал Ы. Алтынсарин қазақ даласыңда орыс үлгісімен тұңғыш азаматтық мектептер ашып, оған орыс тілінен, ана тілінен оқу құралдарын жасады; жарғақ құлағы жастыққа тимей, «салпақтап жүріп» (өз сөзі) қазақтың этнографиясын, әдебиетін жинады, қазақша газет шығаруды көксеп, оның үлгісін жасап үкіметке ұсыныс енгізді. Алтынсарин сол кездерде мұсылман ортасындағы діни мектептерде әрі «тіл сындыру» үшін, әрі түркі тілге «машықтандыру» үшін қолданылып жүрген Әбілғазының шежіресін, Рабғузидің «Әулие-әнбиелер туралы қиссасын» қазақ шәкірттері түгіл, өз тіліміз дейтін «татарлардың өздері де түсінбейді, ол кітаптар қазақ шәкірттерінің түсініп оқып, әңгімелеулеріне де, орысшаға аударуларына (тілі түсініксіз) да мазмұны ауыр» - деп оқу жоспарынан шығартып тастап, орнына өзінің «Қазақ хрестоматиясы» атты әйгілі тұңғыш оқулығын жариялады, оған орыс тілінен балаларға түсінуге де жеңіл, орысшаға аудартып жаттықтыруға да ықшам шағын-шағын әңгімелерді өзі қазақшаға аударып енгізді. Осылардың бәрі де қазақ ортасында туған, өршіп келе жатқан әлеуметтік, ұлттық сезімнің көрінісі еді.
Қара сөздің ішінен шешендік сөздің әдеби тіл жүйесінен алатын орны ерекше. Мұны «Көсем ел бастайды, шешен сөз бастайды», «Шешеннің тілі ортақ, шебердің қолы ортақ» деген мақалдардан да аңғаруға болады. Тыңдаушылардың әдетте шешенді ұйып тыңдауы оның сөзінің (тілінің) әуезділігі, көріктілігі, әсерлілігі, бейнелілігі, өткірлігі, көкейге қонымдылығы, құлаққа жағымдылығы сияқты әдеби тілге тән ерекшеліктерінен пайда болса керек-ті. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тауып сөйлеу - Жиренше шешен сияқты асқан тапқыр сөз шеберлерінің ғана қолынан келсе керек. Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би тәрізді билер де, Ақтайлақ, Байдалы сияқты шешендер де, арғы-бергі замандардағы өзге де ірі ақындар мен жыраулар да ескі шешендік дәстүрді дамыта түсушілер екені даусыз.
Сонымен қазақтың ауызекі сөйлеу тілінен ауызша қара сөз саласы, оның көркем (әдеби) өрнектері туып, халық тілінің мол байлығын бойына жиған. Қоғамдық тұрмыстың талап-тілегіне орай қалыптасқан әдеби көркем) формалар қара сөздің әсерлі, көрікті, бейнелі амал-тәсілдеріне сүйене отырып, өздерінің функционалды қызметтерін ұлғайту негізінде, іштей әр саласы (формасы) өзді-өзіне тән стильдік өрнектерге (ерекшеліктерге) ие болған. Бұған ең алдымен мақалдар, мәтелдер, тұрақты фразеологиялық тіркестер, шешендік сөздер тірек болған.
Жоғарыда айтылған анықтама, дәлелдемелерден соң мынадай жалпы қорытындылар шығады.
1.Кейбір қазақ тілі мамандарының қазақта бұрын жазу болмаған, қазақ жазуы Абай Құнанбаев өз әдеби туындыларын жазып шығарғаннан кейінгі кездерде, XIX ғасырда пайда болған дейтін қағидалары да, сондай-ақ Абай Құнанбаев Қазақстанның солтүстік шығыс өңірінен шыққан, сондықтан қазақ әдеби тіліне осы өлкенің тілі (диалектісі) негіз болған дейтін қағидалары да - қазақтың азаматтық тарихы тұрғысынан карағанда да, ғылыми-теориялық лингвистика тұрғысынан сараптағанда да дәлелсіз, негізсіз екені айқындалады.
2.Қазақ даласында XIX ғасырға дейін, яғни Абайға дейін, екі түрлі әдеби тіл өмір сүріп келген. Оның бірі - көне түрік замандарынан бері қарай жазу дәстүріне сүйеніп, түрік жұрттарының бәріне де бірдей (ортақ) «түркі» (түрікше) деп аталатын жазбаша тіл, екіншісі - ерте кездерден қазақ халқының ауызекі (сөйлеу) тілі негізінен сала-сала әдеби өрнекке, соларға орай тиісті стилистикалық нормаға түсіп қалыптасқан, ауызша туып, ауызша дамып, ауызша өмір сүрген байырғы төл тіл. Бұл екі нұсқаның да бастапқы төркіні бір болғанымен, кейінгі замандардағы тарау шегі, қолдану аясы бір дәрежеде болмай, бір-бірінен бірте-бірте ажыраса келіп, біреуі кітаби тіл дәрежесінде ғана қалып, екіншісі - түпкілікті әдеби тілге айналып өмір сүрген. Қазақтың қазіргі ұлттық әдеби тілі - байырғы төл әдеби тілдің әрі табиғи, әрі тарихи жалғасы.
3. Абай Құнанбаев, сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин өз шығармаларын белгілі бір диалектіге немесе бірнеше диалектіге сүйенбей-ақ, қазақтың бұрыннан ауызша өмір сүріп келген байырғы әдеби тілінде жазған және соның негізгі лексикалық, фонетикалық және грамматикалық нормаларын таяныш еткен. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің бұл классиктері кітаби тілдік элементтерді де, ауыз екі тілдегі қарапайым сөздер мен диалектілік элементтерді де, өзге тілдерден енген шет сөздерді де жатсынбай, керегінше пайдаланған.
4. Өткен XIX ғасырдың екінші жартысы қазақ елі-түгелдей дерлік Ресей қол астына еніп, экономикасына капитализм элементтері ене бастаған, халық саяси-әлеуметтік және мәдени-рухани жақтарынан тұтасуды аңсаған, ұлттық сана-сезімі ояна бастаған шақ еді Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев осы шақта тарих сахнасына шығып, қазақтық жалпы халықтық тілін бірыңғай ұлттық әдеби етуге барынша күш салды. Бұл кездегі тілді ұлттық әдеби тілдің құралу, қалыптасу шағы десе болады.
5. Қазақтың байырғы әдеби тілі жалпақ жұртқа түсінікті, өмір бойы жаппай қолданып келе жатқан жалпы халықтық әдеби тіл еді. Бұл тілдің ауызша және жазбаша түрі болған. Қазақ елінің тарихи-экономикалық, географиялық, саяси-әлеуметтік құрылысы мен көшпелі тұрмысының жағдайларына байланысты, әдеби тілдің ауызша түрін қалың көпшілік жаппай қолданады да; жазбаша түрі тек ат төбеліндей хан-сұлтандардың, билеп-төстеуші топтардың, діни адамдардың арасында ғана тұтынылды.
* * *
Қоғамдық құбылыстардың басқа да салалары мен түрлері сияқты, әдеби тілдің статусы, оның неше алуан өрнектері де бір сәтте туа салмағаны және бір қалыпта тұрмағаны хақ. Кейбір ғалымдар қазақ әдеби тілінде де осындай күрделі процестер болғанын және бар екенін ескермейді. Әдеби тілдің әр дәуірдегі құрамы да, құрылысы да, құрылымы да бірдей емес және бірдей болуы мүмкін де емес. Тіл құрылысындағы категориялардың бәрі де бірден пайда бола кетпегені тәрізді, әдеби тілдің құрамы мен құрылымы да бір дәуірде туып, ізінше қалыптаса салмаса керекті. Ендеше Абайға дейінгі қазақ әдеби тілінен бүгінгі әдеби тіліміздің бүкіл құрамы мен сипатын іздеу, оларды таба алмаған соң, оны әдеби тіл деп танымау дұрыс емес. Абайға дейінгі әдеби тілде өлеңсөз тіпті басым еді де, қарасөз өте әлсіз еді. Ол кездегі қарасөздің құрамынан роман, повесть сияқты шығармаларды іздеу қисынсыз. Олар ғана емес, неше алуан оқулықтар да, ғылыми-публицистикалық әдебиеттер нышаны да жоқ болатын-ды. Бұл мәселелерді сөз етіп отырған себебіміз – бізде әдеби тілдін статусын тек көркем әдебиет аясында шектеп, көркем қарасөзге жатпайтын ғылыми, публицистикалық әдебиеттің, оқулықтардың, газет пен журналдың, мемлекеттік ресми документтер мен кеңсе қағаздарының тілін әдеби тілдің стильдік салалары, өрнектері деп танымау сияқты көзқарас та бар. Кемеліне келіп, шарықтап өскен қазіргі әдеби тілімізден осы сыр-сипаттың бәрін де табуға болады. Қазіргі қазақ әдеби тілі функциялары ұлғаюы мен өсуі нәтижесінде, қандай көркем суретті болсын, қандай нәзік сезімді болсын, қандай күрделі терең ғылыми ойды болсын көңілдегідей етіп айтып бере алады. Әдеби тілдің статусына, құрамына, стильдік амал-тәсілдердің деңгейіне статикалық тұрғыдан емес, тарихи (динамикалық) тұрғыдан қарау ләзім болмақ.
Абайдың тілі деген тақырып аса күрделі, өйткені Абайдың тілін білу, тану деген сөз - қазақ әдеби тілінің Абайдан бұрынғы жайын да, Абайдың тұсындағы қалып-күйін де, Абайдың өз шығармаларының тілін де, жөні келсе, тіпті Абайдан кейінгі кездердің жайын да түгел қамту дегенмен бірдей. Абай тілі де қазақ филологиясында көп сөз болды. Дегенмен солардың біразы ғана Абай тілінің егжей-тегжейін талдайтын арнаулы зерттеулер еді. Соның ішінде Р. Сыздықованың «Абай шығармаларының тілі» (1968) атты монографиясы мен «Абай тілі сөздігі» (1968) атты еңбектен Абай тілінің бүкіл болмысын көруге де, тануға да әбден болады. Бірақ біз бұл арада осы екі еңбектің мәні мен мазмұнына тоқталмай-ақ, Абайдың қазақ әдеби тілі тарихында алатын орны мен оған сіңірген еңбегі туралы бірер сөз айтумен тынып, оның тамаша өрнекті, үлгілі тіліне іргетас, стиліне дәнекер болған лексика саласына, оның да жалпы сипатына ғана тоқталуды мақұл көрдік.
Абай қолына қалам ұстап, өлең жаза бастаған шағында парсы, түркі үлгілерімен әуестеніп, өлеңдерін сол дәстүрмен жаза берген болса, кітаби ақын болар еді. Бірақ Абай Асфағанға да, Бұқараға да, Самарқанға да табынбай, қазақтың ежелгі әдеби дәстүрін жақтап, өз шығармаларын сол дәстүрдің табиғи жалғасына қарап, осы ізбен жазуға бетті біржолата түзегені аян. Ендеше Абайдың байырғы қазақ әдеби тілінің үлгісін жақтап, сол дәстүрді әрі қарай дамытқан ақын болғаны даусыз. Бірақ Абай қазақ әдебиетінің байырғы жолына ғана түсіп, біржолата соны қуалап кеткен жоқ, кітаби дәстүрден де біржолата қол үзбей онан керегін ала отырып, өлеңдерін мазмұны жағынан болсын, түрі жағынан болсын соны үлгіге түсіріп, қазақша жырлады. Және ол өлеңдерін ауызша емес, жазбаша шығарып, қағаз бетіне түсіріп отырды. Өзінен кейінгі ақындар өлеңдерін ауызша шығарсын мейлі жазбаша шығарсын мейлі, тек өлеңнің бағытын, мазмұнын өзгертсе екен дегенді арман етті; егер өлеңнің мазмұны өмірге, тіршілікке тікелей байланысты болса жұртты адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеуге сай болса, оның формасы да баяғыша бірін-бірі қайталай беретіндей емес, өзгеретініне көзі жетті. Абай өлеңдерінің мазмұны жаңа және терең болуы да, түрінің көркем және көкейге қонымды болуы да «жазуда» емес еді. Олардың сыры да, түпкі тамыры да ақынның аса дарындылығында, асқан шешендігінде, жан теңдесе алмайтындай терең ойлылығында еді. Жазу Абайды жетектеген жоқ, ол ақын көңіліндегі ойды қағазға түсіруге, басқаша айтқанда мәңгілік етуге қызмет атқарды. Шынында да Абайдың біраз өлеңі XIX ғасырдағы газетте жарияланбаса, едәуір өлеңдері XX ғасырдың басында Петербургта жеке кітап болып шықпаса, Мүрсейіт молла үнемі көшіріп, өзгелерге «сатып» отырмаса, Совет өкіметі орнағаннан кейін дүркін-дүркін том-том жинақтары шығарылып, халық қазынасына айналдырылмаса, Абай өлеңдерінің тағдыры қандай кепке ұшыраған болар еді!
Абай қазақтың замандар бойы ауызша туып, ауызша тарап, ауызша сақталып келген әдебиетін көп біліп, батыс (орыс), шығыс (түркі, парсы) әдебиеттерімен жақсы таныс болып, оларды толық игеруі арқасында өзінің дарыны мен қабілетін мазмұны да, түрі де жаңа әдебиет жасауға жұмсады, соның нәтижесінде қазақ өлеңіне неше алуан тамаша жаңа өрнектер енгізді. Сөйтіп, қазақ әдебиетіне жаңа бағыт беріп, үлкен өзгеріс жасады дейтін бұрыннан айтылып келе жатқан пікірлерге біз де түгел қосыламыз, оларды тегіс жақтаймыз. Расында да, Абай қазақ әдебиетіне, оның тіліне көп жаңалық енгізген, олардың дамуына жаңа жол салған, бағыт берген ұлы классик. Абай – сөздерді сұрыптап орнына қарай шебер қолданудың, оларды бір-бірімен жүйесін тауып тіркестірудің, құрастырудын амал-тәсілдерін жақсы білген, оларға көп жаңалық, соны үлгілер қосқан асқан сөз зергері, ұлы ақын. Абайдың сөзді қалай да қадірлеп, қастерлегенін, қалай қолданып, тілді қалай «ұстартқанын» төмендегі айғақтардан айқын көруге болады.
Дүние жүзі тарихында ешбір елде бірде-бір жазушы өз тұсынан жаңадан тіл жасап көрген емес және жасамақшы да емес. Керісінше, барлық елдердің ұлылы-кішілі жазушыларының қай-қайсысы болсын өз шығармаларын жазуға өзінің ана тілін тірек еткен. Сол себептен де, өзге елдің жазушылары сияқты, Абайдың тілінде қазақтың жалпы халықтық тілінің сипаттары мен нормаларының толық сақталуы заңды да, орынды да. Сонымен қатар Абайдың тілінде сол кездегі тіл нормаларынан азды-көпті ауытқитын кейбір ерекшеліктердің болуы да соншалықты табиғи нәрсе. Өйткені ондай ерекшеліктердің болуына, біріншіден, ақынның шығармалары; екіншіден, сол кездегі қазақ әдеби тілінің даму дәрежесі мен жағдайлары да себеп болды.
Халық тілі, оның ғасырлар бойы жиналған күллі байлығы Абайға халықтың ауызекі сөйлеу тілі арқылы, халықтың бай ауыз әдебиеті арқылы, ақынның өзіне дейінгі және өз түсындағы жазба әдебиеті арқылы жетті.
Абай осы үш арнадан құралатын бай тілдік материалды әрі ұштастыра отырып, әрі оған үңіле қарай отырып, оның ішінен өз шығармаларына керектісін ғана іріктеп алған. Сол сұрыпталып алынған сөздер мен сөз тіркестерін кәдімгі халық тілінде қалыптасқан дәстүр бойынша қолданумен бірге, ақын олардың кейбіреулеріне, шығармаларының мақсаты мен ерекшелігіне қарап, я қосымша мағына жамап, я сәл де болса өзгешерек реңк үстеп, творчестволық жолмен қолдану арқылы түрі мен үлгісін де азды-көпті басқашаландырып, өзгертіп те жұмсаған. Бірақ Абайдың сөз қолданудағы бұл өзгешеліктері әрі соны, әрі балғын бола тұра, ұлттық тілдің табиғатына орай құрылғандықтан, халық тілінің заңдарын да бұзбай, соларға сәйкестеніп тұра қалады. Осының нәтижесінде Абайдың өлеңінде де, тілінде де халық өлеңіндегі, халық тіліндегі үйреншікті өрнектер де, олардан өзгешерек, басқашарақ, бірақ ана тілінің рухына сай, оған ешқандай да жаттығы жоқ жаңа үлгілер де тоқайласып отырады және олар өзара бір-бірімен үндесіп кетеді. Соның арқасында Абайдың тілі әрі соншалықты байырғы да үйреншікті болумен қатар, әрі соншалықты жаңа да соны сияқтанып көрінеді. Сөйтіп, Абай сөз қолданудың ескі өрнегін сақтаумен бірге, оны жетілдірумен қабат, жаңа нұсқаларын да тудырады. Осы жаңалықтар Абайды» өлеңіне (мазмұны мен түріне) де, тіліне де жаңа түр мен жаңа мазмұн беріп, ақынның өзіне ғана тән, өзіндік яғни Абайлық стиль туғызады. Абай шығармаларының осы айтылған өзіндік стилі оның еңбектерінің идеялық мазмұны мен өзіне тән сөз қолдану ерекшелігінің бірлігінен, олардың бір-біріне орайласып келуінен туады. Абай өлеңінің мазмұнын түрінен, түрін мазмұнынан бөліп алып қарауға болмайды. Абай шығармаларының мазмұны мен түрінің және Абайдың тілінің өзінен бұрынғы және өз заманындағы ақындардың шығармаларынан олардың тілдерінен үздік шығып, асқар тау сияқты болып көрінуінің бір себебі де ақынның өзіндік осы стиліне байланысты.
Оның өлеңі де, тілі де атамзаманнан бері қалыптасқан дәстүрлер мен өрнектерді бұзып, қазақ әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің жаңаша дамуына жаңа үлгі, жақсы өнеге көрсетті. Абай ана тілінде қандай жоғары идея мен мазмұнды болса да, қандай қиын және күрделі тақырыпты болса да, ауызша баяндай беруге де, жазбаша суреттеп жазып беруге де әбден болатынын іс жүзінде дәлелдеп берген және оған жұртты мойындатқан ақын болды. Абай ана тілін болашақ ұлттық үлкен әдеби тілге айналдыруға бүкіл ойымен, жан-тәнімен кірісіп, орасан көп еңбек етті. Бұған оның «Мақсатым - тіл ұстартып, өнер шашпақ», «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» дейтін өз сөздері де айғақ. Абай осы күнгі БАЙ ҰЛТТЫҚ әдеби тіліміздің мызғымас негізін қалаған және оның кейінгі кездердегі дамуына жол салып берген ұлы адамның бірі болды. «Бірақ, Абай бірі болғанда, С. Мұқанов айтқандай, қатардағысы емес, бірегейі болды».
Абай да өз шығармаларына ана тілін негіз етіп, сол тілдің нормаларына сүйеніп, тиісті образдар жасап, өз ойын, өз түсінігін сол тілде айтып (жазып) беруге бел байлап, «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» деп, жар салып, үлкен іске құлшына кіріскен шақта, қазақ даласында біріне-бірі нәр беріп, бір-біріне өзінше әсер-ықпал жасап, сөйте тұра, бірінен-бірі қара үзіп кете алмай, дегенмен, қазақ қауымының шабан да болса, ілгері дамып келе жатқан әлеуметтік өмірінде әрі бірден-бір ғана қатынас құралы болып қызмет етіп, әрі рухани тіршілігіне негізгі таяныш болып келе жатқан жалпы халықтық тілінің, жоғарыда айтқандай, үш сала ауызекі сөйлеу тілі, ауыз әдебиеті тілі және жазба әдебиет тілі жарыса өмір сүріп жатқан еді.
Дәл осы кезде сол жалпы халықтық тілдің негізінен туып, оның сол жоғарыда аталған үш арнасына сүйей отырып, қазақтың болашақ ұлттық әдеби тіліне ұйтқы болуға тұқым сеуіп, оның келешегіне айқын бағыт ашып, сара жол салып, енді-енді ғана қаптай өріп көктей бастаған, өзі әрі таза қазақша, әрі басқа елдердің әдеби тілдерінен үлгі алып, мәдениеттене де, әдебиеттене де бастаған жаңа әдеби тіл дүниеге келіп, өмір сүре бастаған еді. Бұл жаңа әдеби тіл қазақтың тұңғыш педагогі, болашақ ұлттық үлкен жазба әдебиетінің іргесін қалаушылардың бірі - Алтынсарин Ыбырай негізін салған әдеби тіл еді.
Осы кезде қазақ даласында XVIII ғасырдан бастап патша үкіметінің ресми тілі есебінде жұмсалып келген, қажет болған жағдайда ресми документтер мен іс қағаздары жүргізіліп, хат-хабарлар жазылып отыратын татар тілі тарай бастаған. Осы тілдің арабшаланған, парсышаланған, түрікшеленген түрінде діни және басқа әдебиеттердің нұсқалары кітап болып шығып, қазақ ауылдарына тарап отыратын-ды. Осы тілде дінді уағыздайтын, жаназа шығаратын, хатым оқитын, құран аударатын, бала оқытатын татар молдалары мен олардың шәкірттері де ауыл-ауылды шарлайтын-ды. Осы шұбар тілге орысша, қазақша сөздерді араластырып, оны бұрынғыдан да шұбарлаңқырай түсіп, қазақ ауылдарын татар тілмаштары мен татар саудагерлері де аралайтын-ды.
Бұлармен қатар түрік тілдерінде (азербайжан, башқұрт, қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, т. б.) сөйлейтін халықтардың бәріне ортақ әдеби тіл жасауды көксеп, осынау құрама тілде Петербург, Қазан, Стамбул және басқа қалаларда кітаптар шығаратындар да жоқ емес-ті. Ондай дүниелер қазақ ауылдарындағы «мұсылманша» сауатты адамдардың қолдарынан кездесе беретін. Мұндай кітаптар әрі арабшаны, әрі түркі тілдегі әдебиетті оқуға машықтандыратын дәнекер болған. Ондай кітаптардың ішінде, мысалы, Қожа Ахмет Яссауидің, Софы Аллаярдың (Алдиярдың), Сүлеймен Бақырғанидың өлеңдері де, «Қырық Хадис» («Пайғамбардың қырық өсиеті») атты кітап та ұшырасатын. Соңғы кітаптар түрік тіліндегі тіл ашар (оқу) кітабы болу мен қатар, ісләм дінінің жаршысы есебінде қызмет еткен.
Бұл арада әдеби тілге қатысы болған араб, парсы, тілдерімен байланысты жағдайды ерекше ескере кеткен мақұл. Бүкіл Орта Азия және де басқа атырап-аймақтар сияқты, VIII ғасырдан бастап қазақ даласы да ісләм дінінің шеңгеліне ілініп, оны қабылдағаны мәлім. Сол шақтардан бастап араб тілі діннің тілі, діни әдебиеттің тілі болып, үстемдік алуымен байланысты
түрік жұрттарының көне жазуы сырылып тасталып, оның орнына тек араб жазуы ғана қолданылатын болғаны белгілі. Ал, Абайға дейінгі және оның кезіндегі қазақ даласындағы кейбір қалалар мен ауылдарда мұсылманша оқытатын діни мектептер мен медреселер ашылып, оларда оқу түгелдей араб тілінде оқытылып, ал патша үкіметі тарапынан ашылған орыс мектептерінде араб тілі (және «татар тілі») арнаулы пән ретінде жүргізілгені аян.
Ресми діни мектептер мен медреселер және ауыл-ауылдағы молдалар араб тілін және араб тіліндегі кітаптарды оқытумен қатар, парсы тілін де қоса үйреткен де, оқушыларға өздері сабақ үстінде аударып, құранның жетіден бір бөлігінің мазмұнын баяндайтын «Әпитиек» атты кітапшаны, сонымен қатар шығармаларын парсы тілінде жазған Хожа Хафиз және басқа сол сияқты шығыс ақындарын оқуды да ұсынған.
Қазақ пен орыс халқының арасындағы саяси-әлеуметтік, шаруашылық, мәдени-рухани байланыстар мен қатынастардың тарихи ерте замандардан басталатыны аян. Арғы замандардан басталатын сол қарым-қатынастардың нәтижесінде қазақтар мен орыстар алғашқы уақыттарда тек тілмаштар арқылы ғана түсініскендерімен, бірте-бірте ауызба-ауыз сөйлесу, орыс тілін үйрену, орыс мектептеріне түсіп оқу тәрізді дәстүрлер кеңи-кеңи, өрістей-өрістей келе, бергі Абай заманында қазақ ортасынан орыс мектептерінде оқып шыққан интеллигенттер орыс тілінде басылып шыққан саяси, әдеби, ғылыми әдебиетті оқумен ғана тынбай, өз ойларын, еңбектерін орысша жазып, жариялай бастаған болатын-ды. Бұған Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметі куә. Бұған Алтынсариннің қазақ балаларына орыс тілін оқытуға арналған жетекші және басқа методикалык құралдар бастырып шығарғанын айтсақ та жеткілікті.
Сөйтіп, бұл кезде қазақ даласына орыс тілінде басылған әр алуан әдебиеттер мен газеттер, журналдармен қатар, мемлекеттік документтер де (бұйрықтар мен жарлықтар, заңдар мен ережелер, нұсқаулар және басқа іс-қағаздары) орыс тілінде таратылып, орыс тілін тек орыс мектептерінде оқитын қазақ балалары ғана емес, мұсылманша мектептердегі балалар да пән ретінде оқитын болған. Мысалы, Абайдың өзі орыс тілін ең әуелі Семей қаласындағы мұсылманша мектепте оқыған шағында үйрене бастаған. «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» дейтін өлеңін жазып, Салтыков пен Толстойды оқы деп, Крыловтың, Пушкиннің, Лермонтовтың өлеңдерін өзі қазақ тіліне аударып, жұртқа үлгі етіп тартып, өзі ғана білгенді місе тұтпай, қазақ жастарына орыс тілін оқы, оны біл, орыс өнерін үйрен дейтін Абай өсиеттері де осы айтылғандарға толық айғақ.
Орыс тілінен әр алуан өлеңдер мен әңгімелерді аударуды Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаев бастап берсе, бұл дәстүр ХІХ ғасырдың екінші жартысында шыққан «Түркстан уалаяты» (1870-1878) мен «Дала уалаяты» (1888-І902) газеттерінің беттерінде күшейе түскені белгілі.
Абай қазақ даласында осындай әр алуан тілдер, әр түрлі өрнектер мен стильдер, әрқилы бағыттар мен көзқарастар біріне-бірі «қара көрсетісіп», аралас-құралас, жарыса, жанаса өмір сүрісіп, ел ішіндегі рухани тұрмыс пен тіршілікке олардың әрқайсысы өзінше әр қадарлы «дақ» түсіріп жатқан шақта тарих сахнасына шықты да, өзінің бағыты да жаңа, мазмұны да жаңа, тілі де жаңа шығармаларын жазды. Ешқандай тұйыққа да тірелместен, қоғамдық өмірдің өзге де жақтары сияқты, тіл мәселесіне де сын көзімен қарай отырып, ұлттық әдеби тілді тек жалпы халықтық тілдің негізінде дамытудың бағытын бірден-бір нысана ұстады. Осы жолда ол ерінбей еңбек ете отырып, әдеби тілді орынсыз қолданылатын араб, парсы және басқа шет сөздерден тазартты да, зәрулігі болса, қазақ тілінде бұрын ұшырмайтын жаңа сөздерді де енгізіп отырды. Жалпы алғанда, Абай сөзді орнына қарай дұрыс қолданудың тамаша үлгілерін көрсетіп, қазақтың нағыз әдеби тілін жасауға орасан көп еңбек етті.
Біз бұл арада Ыбырай Алтынсаринді, оның қазақ әдеби тілін дамытуда ұстаған бағытын Абай білген, оның бағытын қолдаған екен деген пікірден аулақпыз, өйткені олай деуге тарихи дәлеліміз жоқ. Бірақ қазақтың әдеби тілін дамыту жөніндегі Абай ұстаған бағыт Ыбырай Алтынсаринмен үндес болып, екеуінің де әдеби тіл жайындағы көзқарастары, іс жүзіндегі тәжірибелері үндесіп, қазақтың ұлттық әдеби тілінің дамуына даңғыл жол ашқанына шәк келтірмейміз.
Абай қазақтың сол кездегі тілін мейлінше жетік білгенімен, көңілдегі көрікті ойлары мен топшылауларын жарыққа шығарып, жазып беруге келгенде, көп пайымдап ойлаудан туған жаңа қағидалар мен жаңа қортындыларды айтып беруге келгенде, сөз тапшылығынан да, сөзді қолдану мен қараудың олақтықтарынан да көп жәбір шеккен тәрізді. Бірақ, солай бола тұрса да, Абай өзіне біткен қабілет пен дарындылықтың арқасында бір алуан сөздердің үйреншікті мағыналарының үстіне саналы түрде қосымша жаңа мағыналар мен жаңа реңктер үстеп, бір алуан көне сөздер мен көне формаларды өз шығармаларының стильдік талабына орай жаңғыртып жұмсап, бір алуан сөздерді тілдің байырғы заңдарына лайықтап, өзінше жаңадан тудырып, бір алуан сөздерді өзге тілдерден де қажетіне қарай еркін алып қолданған. Сондай-ақ кейбір әбден қалыптасып, байырғыланып кеткен тұрақты тіркестерді де, белгілі-белгілі ғана сөздерді қалайтын еркін тіркестерді де бұзып, жаңаша жұмсап және сол бұрын-соңды қалыптасқан тіркестерге ұқсастырып, сөздерді өзара тіркестірудің жаңа кестелерін жасады. Тілдің орамы жетпей, бір-бірімен астаспай жатқан жерлерін селбестіріп, жалғастыру арқылы, сетінеген ескісі мен болбыраған үзігін септестіру арқылы жаңаша ұштастыруды өзіне негізгі борыш деп есептеген сияқты. Бірақ осындай амал-тәсілдердің барлығы да қалай болса солай, кездейсоқ түрде емес, белгілі бір жүйе бойынша, ана тілінің табиғатына да, заңдарына да орайластырылып, соларға лайық құрылады. Бұған ақынның шығармаларыңда қолданылған қилы-қилы сөздер мен сөз тіркестері айғақ.
Мысалы, Абай шығармаларындағы ұлықтар, еркелі қол, нұрлы ақыл, еркейтіп, еркеленіп, иттеніп, ешкі көзденіп, яр үшбу, адам ұғлы, езгулі, анадүр, білмей-дүр, сезе-дүр; бірлән; һәммә; мүлкигә, үшіндән, олмая, олуда, олса, тағы басқа да сөздер мен формалардың да қолданылуының тарихи себептері болғандығына ешқандай күмән болуға тиісті емес. Өйткені мұндай формалар сол кездегі және одан бұрынғы замандардағы қазақ тілінде де, өзге түрік тілдерінде де, сондай-ақ барлық түрік тілдерінің түпкі төркіні саналатын көне түрік тілдерінде де кездесетін.
Абай шығармаларында осы күнгі тілде бен шылауының мен, пен және бенен, менен, пенен болып жұмсалатын варианттарымен қатар, сол шылаудың әрі ертеректегі төркіні, әрі кітаби тілдегі формасы болған білән мен бірлән түрлері де, осылар сияқтанған өзге сөздерді тиісті бейне, ұғым жасау ниетімен қолданған. Мысалы, «Миллион хикмет бірлән жасаған машина, фабрик адам баласының рахаты, пайдасы үшін жасалса, бұл жасаушы махаббат бірлән адам баласын сүйгендігі емес пе?» (II том, 200-бет); «Жә, ол сегіз сипаттына сипатымызды һәм ол аттары бірлән ағламланған фиғыл құдаға фиғылымызды ертпек не бірлән табылады, қалайша табылады, аны білмек керек» (II том, 57-58-беттер) деген сөйлемдегі хикмет бірлән, махаббат бірлән, аттары бірлән, не бірлән деген тіркестерді, араб, парсы, орыс сөздерін іркілмей, еркін қолданған.
Абай шығармаларында ақын өмір сүрген кездегі, одан бұрынғы және кейінгі замандарда қазақ тіліне еніп, етене болып, әбден сіңісіп кеткен қарапайым сөздер мен кітаби сөздерден басқа, негізгі сөздік қордан орын тебе алмаған, тек арабша, парсыша оқып түсіне алатын адамдардың лексикондарында ғана ұшырасатын араб, парсы сөздері кездеседі: әмәнту, әзәли, әхмәр, әһли, биһтар, ғашар, дәйри, жаһли, иғтиқад, инсан, рәғид, рәһбар, тибдил, тақын, фәрияд, халис...
Мұндай түсініксіз сөздердің көпшілігі ақынның «Ғақлия» атты мақалаларында қолданылғанын атай кеткен жөн. Түсініксіз сөздердің көбірек кездесуінің, әрине, өзінше тарихи себептері мен дәлелдері бар
екені даусыз. Өйткені «фольклор мен жазба-баспа әдебиетінің жапсарында шыққан ақынның шығармалары әрі ауызша, әрі жазба әдебиеттің күйін бірдей кешеді» (М. Әуезов). Абай тілінде кемшілік болса, соның бәріде
казақ әдеби тілінің белгілі дәуірдегі тарихи даму жолындағы қиыншылықтардан туған көріністер деп бағалаған мақұл. Мысалы, қазіргі кезде бізге «орынсыз» көрінетін бір алуан араб, парсы және басқа тілдерден алынған сөздерді және олардың формаларын сөз етпей-ақ, белгілі бір сөздердің қазақ тіліндегі түрлері мен сол кездегі жалпы түрік әдеби тілінде қолданылатын түрлерін ақынның жарыстыра жұмсағанын алсақ (ақ-хақ, дауа-дағуа, әділет-ғадалет, ғабираттану-ғибратлану, мәдет-медет, мейір-меһир, жар-яр, адал-халал, хақтық-хақлық, тура-тұғра) осының өзінен де тиісті қайшылықтың сызаты көрініп тұр емес пе. Тіпті ол былай тұрсын, қазақ тіліндегі бұдан-мұнан, содан-сонан, одан-онан, болып-боп, келіп-кеп тәрізді формалар Абай заманындағы тілде ғана емес, осы күнгі қазақ тілінде де жарыса қолданылып, екеуінің қайсысы әдеби норма болары айқын анықталмай, тізелес жұмсалып келе жатқаны белгілі емес пе?
Абай тілін, оның мәдениеті мен өрнегін, байлығы мен кәмілдігін, жатықтығы мен жетіктігін, бейнелілігі мен көркемділігін алсақ, ол заманда оған бұл жағынан теңдесерліктей ешбір ақын жазушы, әдеби тілдің басқа бір үлкен я тұтас ескерткіші болмағаны анық.
Абайдың өзге тілдерден сөз алуы да, өз тұсынан жаңадан сөз жасауы да, сондай-ақ бұрын қазақ тіл рәсімінде бір-бірімен отаспаған сөздерді өзінше тіркестіріп, жаңаша қолдануы да, бір жағынан, ұлы ақынның ой өрісі мен түсініктеріне лайық және соларға сай тілектерден туған талап болса керек те, екінші жағынан, қазақ әдеби тілінің сөздігін байыту, сөз қолдану амал-тәсілдерін жетілдіру мұқтаждарынан туған заңдылықтар болса керек. Шындығында да ұлы ақынның, мысалы, жүйрік уақыт, тентек өмір, ылай ой, тәтті қыз, саңырау қайғы, салқын өмір, жар есігі, жүрек жігі, өмір тоны сияқты жаңа тіркестеріне; күлкінің ерні, көңілдің күні, үміттің аты, тағдырдың сызығы іспетті күрделенген есім формаларына; жан шөлдеу, жаны асығу, жаны еру, талап қайнау, еңбек сауу, қулық сауу, жанды сауу, қызықты ұрлау, мәндес күрделі етістік кестелеріне; терең ойдың телміріп соңына еру (ермеу), қылықтың қылшығын тану деген сөз құрамдарына үңіліп қараған адамға, олардың әрі соны, әрі мағыналы (астарлы), әрі әсерлі көрінулерімен бірге, тіліміздің шалымы мен оралымын, амалдары мен тәсілдерін жеттіктіре, икемдендіре түсуге қаншалықты үлес қосып тұрғаны байқалса керек.
Абайдың қазақ тіліндегі сөздерді орнымен колдануы, қиыннан қиыстырып тіркестіруі жөніндегі соны жолы, орынды талғамы Сұлтанмахмұт Торайғыровтан бастап кейінгі ақындарымыз бен қалам қайраткерлеріміздің көпшілігіне тәлім аларлық үлгілі мектеп болғанын мойындамасқа болмайды.
Абай өз шығармаларында 6 мыңдай сөз қолданыпты. Бұдан Абайдың сөздігі кедей екен деуге болмайды. Өйткені, қандай үлкен жазушы болса да, өзі білген сөздерді орынды-орынсыз жұмсамайды, тақырыбына, айтпақшы ойына қатысы бар сөздерді ғана қолданады. Шындығында, Абай қазақ сөзін шығармаларында қолданылған сөздердің аясынан әлдеқайда көп білген. Бірақ оларды тегіс қолдана алмаған. Осы себептен де Абай қолданған сөздердің кейбіреулері аса жиі, кейбіреулері тіпті сирек кездеседі. Мысалы, ақынның шығармаларында да етістігі - 1037 рет, де (да, та, те,) шылауы - 796 рет, ал етістігі - 614 рет, кер етістігі - 328 рет қапталанған. Сондай-ақ фразеологиялық (тұрақты) тіркестердің қолданылу шеңбері әрбір тірек (ұйтқы) сөздің ерекшеліктеріне қарай, я көп, я аз кездесіп отырады. Мысалы, ал етістігі - 55 түрлі тіркесте (бәйгі ал, дем ал, қабыл ал, ортаға ал, тіл ал...), кел етістігі - 35 түрлі тіркесте (кез келді, көңілге келді, қырынан келді, пар келді), кет етістігі - 41 түрлі тіркесте (береке кетті, зәре кетті, ойға кетті...) жұмсалған. Ал, көз сөзі - 49 түрлі тіркесте (көз алартты, көз сүзді, көз жасы, ой көзі...), күн сөзі - 26 түрлі тіркесте (әлі күнге, күн көріс, күні жоқ...) кездеседі.
Абай тілінде бірді-екілі рет я онан сәл ғана артық қолданатын сөздер, әдетте, не кірме (шет) сөздер, не көнеленген сөздер болып келеді. Ал ақын тілінен диалект (жергілікті) сөз іздеу деген сөз тек бос әурешілік. Өйткені ондай сөздерді ақын өз заманында қолданғанымен, кейінгі уақыттарда ақын шығармалары дүркін-дүркін басылып шығуының, тіпті көп өлеңдерін жұрт жаппай дерлік жатқа білуінің нәтижесінде, олар жергіліктік (диалектикалық) қасиеттерінен біржолата айрылып, жалпы халықтық сөздердің қатарына көшіп, бірте-бірте не әдеби сөзге, не көнерген сөзге айналып кеткен.
Абайдың: «көп адам бұдан бұрын бой алдырған, бой алдырып аяғын көп шалдырған, өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дейтін өлеңі автордың өзіне арнап айтқандай сөз. Көптеген асыл сөз мұрасын сақтаған Абай шығармаларының тілі бізге аса қымбат.
Абай тағылымы. Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер
/ Құрастырған филология ғылымдарының докторы,
профессор Нығмет Ғабдуллин. -
Алматы: Жазушы, 1986. – 305-324-беттер.
Дайындаған: Анар Малдыбаева, Абай институтының
кіші ғылыми қызметкері
Бөлісу: