Р. Сыздықова: Абай тілінің зерттелуі
Бөлісу:
08.08.2015
6655
Абайдың тілі зерттеліп келді дегенге екі түрлі ұғымды сыйғызуға болады: бірі - ұлы қаламгердің тілі туралы жалпы пікір айту, екіншісі Абай шығармалары тілінің өзін талдап-таныту. Әдетте, жеке жазушының (ақынның) тілі жайындағы әңгіме оның өз қаламына тән шеберлік тәсілдері мен өзге де индивидуалдық ерекшеліктерін талдау болып келеді. Әсіресе поэзия иесінің тілін тану дегенді оның поэтикалық тәсілдерін, ол тәсілдердің тілдегі көрінісін зерттеу деп білу керек. Сонымен қатар Абай сияқты қаламгер тілін структуралық жағынан талдау арқылы қазақ әдеби тілінің белгілі бір кезеңдегі сипатын тануға болады, өйткені Абай - дайын тұрған қалып-нормаларды пайдаланған қатардағы жазушылардың бірі емес, сол тілдің даму барысындағы жаңа кезеңін бастаушы, сапалық жаңа түрінің ірге тасын қалаушы адам.
Қай тұрғыда болса да, Абай тілін әңгіме ету оның творчествосын талдаумен қатар жүріп келді. Әрине, бір дәрежеде, бірдей қарқында емес. Сөз жоқ, ең алдымсн, жазушы творчествосының идеясын, тақырыбын, мазмұнын танып-білу қажет болды. Мазмұнның формасына, яғни қаламгер тіліне үңілу содан кейін басталады.
Абайдың творчествосы туралы пікір айту өткен ғасырдың соңғы жылдары мен үстіміздегі ғасырдың басында басталған болса, тілі жөніндегі тиіп-қашты сөзді де осы тұстардан бастап оқимыз. Біздіңше, Абайдың тілі туралы ең тұңғыш айтылған пікір - орыстың көрнекті ғалымы П. М. Мелиоранскийдікі. Ол 1901 жылы айтылған. Акад. Ә. Марғұланның мағлұматы бойынша, князь В. А. Кудашев жинаған Абай өлеңдерінің (Ленинградта, География қоғамының архивінде сақтаулы) қолжазбасын П.М. Мелиоранский редакциялайды. Мұнда Абай өлеңдерінен басқа да үлгілер болады. Қолжазбамен танысқаннан кейін редактор былай деп жазыпты: «Бұл жинақта мазмұны жөнінен, әсіресе мына дүниелер қызықты: «Жыл мезгілдері», «Бүркітші», «Өсекші», «Әйелдің сипаты». Бұл шығармалардың тілі азды-көпті кітаби»1.
П. М. Мелиоранский бұл өлеңдердің авторының кім екенін білмейді (өйткені А. К. деп инициалы ғана қойылған), сондықтан олардың циклын көрсетіп атайды. Абайдың мұндағы өлеңдері осындай тақырыптармен берілген екен. Өткен ғасырда қазақ тілін мұқият зерттеген бұл ғалымның осы бір ауыз сөзінен екі нәрсені түйеміз. Бірі - ғалымның көзі көп дүниенің ішінен асыл бұйымды біртен айырып танығаны, екіншісі - Абан өлеңдерінің тек мазмұны ғана емес, тілі туралы да тұңғыш пікір айтқаны. Бұл жердегі «азды-көпті кітаби» дегенді екі түрлі жорамалдауға болады. Мұнда ақын өлеңдері сол кезеңге тән шағатайша-татарша орфографиямен жазылғанына қарап «кітаби тілге» жуық деп тануы мүмкін. Бірақ бұл - неғайбіл, өйткені Кудашев қолжазбасына кірген Абай шығармалары - жыл мезгілдері туралы өлеңдері, «Қансонарда...», «Өлең сөздің патшасы...», «Қартайдық, қайғы ойладық», «Жігіттер, ойын арзан,..» тәрізді азаматтық тақырыптағы нағыз «қазақы» туындылары. Бұлар емле жағынан қанша шағатайшыланғанмен, тілінің шынайы қазақтығы әудем жерден көрінетін дүниелер. Ондайды П. М. Мелиоранский сияқты мұқият, жетік ғалым сезбей, білмей тұрмаса керек. Сондықтан оның «кітаби» деп отырғаны, біздіңше, басқаға меңзейді: Абай өлеңдері сол жинаққа енген ауыз әдебиеті нұсқалары мен өзге ақындар өлеңдерінен өзінің жазба әдебиетке тән белгілерімен ерекшеленіп, көзге түскен. Абай өлеңдерінде негізгі поэтикалық идеяны нақ бермейтін «буырыл тайлар» мен «терең сайлардың» жоқтығы, образдардың тыңдығы, өлеңнің ритмикалық-интонациялық жағынан да бұрынғы дәстүрден шығып, құбылып келуі - осылардың барлығы сөз қадірін танитын ғалымның көзінен таса қалмай, ақын өлеңдерін жазба әдеби тілде туған деген пікір айтқызған тәрізді. Олай болған күнде бұл - Абайдың тілі жөнінде тап басып, дұрыс айтылған тұжырымдардың бастамасы болмақ. Қазақ топырағында ақынды танып-білу әрекеті үстіміздегі ғасырдың 10-жылдарынан басталса, тілі жөніндегі ой-пікірлер де осы тұста айтыла бастайды. Рас, бұлар әлі тым келте, дәлелі мен дерегі әлсіз. Бұл кезеңдегі назар аударатын пікір - Сұлтанмахмұт Торайғыровтікі. Ол «Айқап» журналының 1913 жылғы төрт нөмірінде «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» деген мақала жариялап, онда сол тұстағы қазақ поэзиясының мазмұн-мәнімен қатар тілін де азын-аулақ сөз етеді: «Нағыз шың айтқан уақытта қазақ тілінде деп бастырып жүрген кітаптардың көбінде қазақтың исі де жоқ. Неге десеңіз, тілдері бытпырақ. Бытпырақ болмағандарының ағыны теріс...»2 дейді. Мұнда «бытпырақ», «шата тіл деп отырғаны - сол кезде қазақ поэзиясының, жалпы қазақ жазба дүниелерінің тіліне шағатайша, татарша элементтердің араласып бара жатқанын айтып, қазақ әдебиетінің қазақтың халықтық өз тілі негізінде дамуына бүйрегі бұрғаны.
Жоғарғы сөздерді айтып келіп, мақала авторы: «Жақсы өлеңдер басқаларға қарағанда пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай, соқыр кісі сыбдырынан танырлық ақ құла ашық тұрады. Марқұм Абай өлеңдері секілді» - деп түйеді. Бұл - жалпы тұжырым болғанмен, Абайдың тілі туралы дұрыс танып берілген және қазақтың демократтық бағыттағы әдебиеті уәкілінің аузынан шыққан баға.
1922-1923 жылдардағы ақын тіліне қатысты азын-аулақ пікірлерді оның 1922 ж. Ташкентте шыққан өлеңдер жинағының редколлегия атынан берілген ескерту сөзден және «Ақ жол» газетінің 1923 жылғы бірнеше санында басылған татар ғалымы Абдурахман Сағдидың мақаласынан табамыз. Ұлы ақын шығармаларының 3-басылымы деп ұсынылған 1922 жылғы жинақта (Ташкентте басылған) Абай текстерінде бірсыпыра түсініксіз сөздер бар екендігі, олардың бірқатары ақын туып-өскен өлкеде қолданылғанмен, Түркістан қазақтарына бейтаныстау екендігі, халық тіліне енбеген араб, парсы, орыс сөздері де Абай мұрасын түсініп оқуға сәл кедергі жасауы мүмкін екендігі айтылады да, кітап соңында оларға түсініктер беріледі.3
Абайдың қазақ әдебиетінде алатын орны мен ұстаған бағыт-бағдары жайында 20-жылдардың ішінде, тіпті 30-жылдардың екінші жартысына дейін баспасөз: бетінде болып келген әр сипаттағы диспут-таластар үстінде де ұлы ақынға әділ немесе бұрыс баға беріп, пікір таластырған адамдар оның тілі туралы да бір-екі ауыз сөзден айтып өткен. Бұлардың ішінде әсіресе ЬІдырыс Мұстамбаевтың батыл және ашық айтқан пікірлері Абай тілі жөніндегі қазіргі көзқарастарымызбен ұштасып жатыр. Ол Абайдың тілі өте шебер екендігін, «жабайы тілмен отырып орайтын мағынасы тым үлкен, қозғайтын сезімдері аса нәзік болып» келетіндігін айтады да: «Ел мейлі не десе о десін, біз өзіміз тіл жағына келгенде, Абай Пушкиндей демесек те, істеген: еңбегінің қадірі одан бір де кем емес деп ойлаймыз» - ден қорытады 4.
1930-жылдардың орта шенінен бастап Абайдың тілі жөніндегі пікірлер молырақ және айқынырақ айтыла бастайды. Әсіресе бұған 1934 жылы ақынның қайтыс болғанына 30 жыл толуын атап ету шаралары үлкен себепкер болғанын көреміз. Осы жылы Абай жөнінде баспасөз бетінде жарияланған мақала-еңбектердің көпшілігінде дерлік ақынның тілі туралы пікір айтылып өтеді, суреткер тіліне арнайы жазылған мақалалар да осы кезден басталады. Мысалы, Құдайберген Жұбанов, Ілияс Жансүгіров және Есмағамбет Ысмайылов пен Зейін Шашкиндер ұлы ақынның тілге деген көзқарасы мен еңбегін, сөз қолдану шеберлігі мен өлең құрылысын арнайы сөз етеді.
Мұхтар Әуезов Абайдың ақындығы, оның қазақ әдебиетінде алатын орны мен жаңа дәуір үшін маңызы жөнінде ертеректен бастап ізденген, ара-тұра айтып келген пікірлерінің үлкен бір түйінін 1934 жылғы «Абай ақындығының айналасы» атты еңбегінде бір тастап өтеді. Сол тұста Абайдың тілі туралы да дәлелді сөз айтады. Мұнда Абайдың «шағатайша» өлеңдерін, олардың тілін өзге мұраларынан бөліп қарайды. Шағатай әдебиеті үлгісіне, соның әсері мен тіліне Абай таза еліктеу нәтижесінде келгенін, ақынның поэзия есігін қағар шақта ізденген, бірақ үйрену орнына еліктеген әрекеті екенін айтады. Бұл үш өлеңде әлі қазақ ақыны Абай жоқ, бұларда «тақырып, тіл, ырғақ, кейде ұйқас және теңеу, салыстыру суреттері (көзі - гәуһар сияқты) - бәрі де өз төркінін кім екенін танытып тұр»5 дейді.
Бұл пікірді М. Әуезовпен қатар I. Жансүгіров те айтады. «Ер жетпей тұрған кезіндегі» Абайдың шағатай үлгісіне еліктеуінің себебін де ашып кетеді. Құнанбай аулы сияқты молда, қожалы ауылда өскен, Семейдегі дін мектептерінде оқыған Абайдың кітаби өлеңдер тілінен, шағатай тілінен әсер алуы заңды екенін көрсетеді. Абайдың бұл еліктеу көпірінен тез өткенін, бетін қазақтың халықтық өз тіліне бұрғанын, әрі қарай «қазақтың таза тілін, күшті сөздерін жаңа мазмұндарға қалап, жаңа мәдениетке, жаңа әдебиетке жөн тартқанын» айтады.6
Бұл екі зерттеушінің осы пікірі Абайдың тілі жөнінде кейінгі ой айтушыларға бас ноқта болғанын көреміз.
Абайтанушылардың ең мықтысы М. Әуезов өзініқ ұзақ жылдар бойы ұлы ақынның өмір кешкен жолы мен қалдырған мұрасына үңілген ұлан-асыр еңбегінде Абайдың тілі жөнінде де дұрыс әрі түбегейлі, програмдық сөздер айтып отырды. Жоғарыда көрсетілген ойын 1951 ж. жазған «Абай мұрасы жайында» деген еңбегінде де, сол тұстарда дайындаған «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» деген монографиясында да және бір қайталап анықтай айтады. Сонымен қатар Абайдың таза қазақша тілі жайында М. Әуезов мынадай пікірлер білдіріп, тұжырымдар ұсынады:
Ең алдымен, Абай - көркем әдебиеттің, поэзияның тілі ретінде өз тұсында көріне бастаған кітаби тілді емес, қазақтың халықтық тілін қалайды. «Горькийдің Пушкин турасында айтқанындай, қазақтың халық тілін, әдебиет тілін қалай жасау керек екендігін, халықтық қорды қалай пайдалану дұрыс болатынын көрсетеді»7. Ол үшін Абай қазақтың халықтық тілін жақсы білген, ескі ақындарын, кемел шешендерін, жорықшыл батырлары жайындағы жырларды танып-біліп өскен дейді.
Абайдың қазақ әдеби тілінің даму тарихындағы орны жайындағы М.Әуезовтің бір пікіріне көңіл аудартуға тура келеді. Кейбір лингвист ғалымдардың Абай тілі туралы 50-жылдарда айтқан сөздерінде «қазақтың әдеби тілі Абайдан басталады» деген тұжырым болды. Шындығында қазақтың жалпы әдеби тілі, жазба әдеби тілі, қазіргі әдеби тілі дегендер барлығы бір категория емес. Егер Абай қазіргі жазба әдеби тіліміздің негізін қалаушы десек, ол түсінік қазақтың жалпы әдеби тілі Абайдан ғана басталады дегенмен бара-бар ұғым болып шықпайды. Білімдар М. Әуезов бірден осыны қатты аңғартады. Қазақта Абайға дейін де ғасырлар бойы әдеби тілі бар болып келгенін жоққа шығаруға болмайтынын баса айтады. Ол тіл - ауызша шешендік пен ақын-жыраулар туғызған поэзия тілі екенін де зерттеуші ашып айтады. «Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы, ұзынды-қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы, шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма? Бұхар, Махамбеттерде әдеби тілдің үлгі-өрнектері жоқ деуге бола ма?»8- дейді. Бұл жерде М. Әуезов Бұхар, Махамбеттерді атау арқылы қыруар өзге ақын-жыраулардың туындылары да әдеби тілді танытатып үлгілер екенін білдіреді.
Осы жерде Абайдың өзіне дейінгі немесе өзімен тұстас қазақ ақындарының тілі жөніндегі көзқарасын білдіреді деген бір ауыз өлеңі жайындағы талас пікірлерді көрсете кету өте қажет. Ол – Абайдың:
Шортанбай, Дулат пенен Бұхар жырау,
Өлеңі бірі - жамау, бірі - құрау.
Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау!-
деген өлеңі. Бұдан Абайдың Шортанбай, Дулат, Бұхар жырларын естіп, танып, жаттап, тіпті тамашалап өскенін сезуге болады. Абайдың осы төрт жолы арқылы «Абай мен оған дейінгі және онымен тұстас қазақ әдебиеті» деген проблеманың шешімін іздеуге тура келеді. Ал, Абайды әңгімелеу үшін одан өзге қазақ ақын-жырауларына соқпай ету мүмкін емес. Сондықтан да болар, Абайдың творчествосы мен тілі туралы шағын мақаладан бастап, монографияға дейін қалам тартып көрген зерттеушілердің ішінде осы шумақты сөз етпей кеткені кемде-кем. Бірақ әркім әр түрлі түсініп, бұл шумақтың мән-мағынасы жөнінде екі ұдай пікір болып келгендігі және байқалады. Бірі - Абай осы бір ауыз өлеңінде өзіне дейінгі ақындардың тілін сынап, қазіргіше айтсақ, әдеби үлгіде емес деп таниды деген болжам, екіншісі - Абай бұл шумағында олардың тілін емес, шығармаларының мазмұнын, тіпті идеологиясын сынап отыр деген тұжырым. М. Әуезов осының екіншісін қолдайды: «Абай «өлеңдері бірі - жамау, бірі - құрау» дегенде, олардың өлең ұйқастарын, сөз қиыстырып жүрген ақындығын олқысынып отырған жоқ. Үшеуінің бірдей идеясын, бәріне ортақ ой кедейлігін әшкерелейді»9-дейді. Абайдың бұл айтқанын өзге зерттеушілердің бірқатары (М. С. Сильченко, М. Сәрсекеев, т. б.) осылайша түсінеді. Біз де бұл жерде Абайда өзіне дейінгі, өзінен өзге қазақ қаламгерлерінің тілін мансұқ ету пиғылы жоқ, оның сыны поэзияның әлеуметтік миссиясына үлкен міндет арту ниетімен айтылған деген пікірді қуаттаймыз.
Керісінше, бірқатар зерттеушілер Абай бұл өлеңінде Бұхар, Шортанбай, Дулаттардың ақыңдық өнерін, тілін қомсынады дегенді білдіреді. Мүмкін, тіпті Абайдың осы сөзіне арқа сүйеген болу керек, кейбір ғалымдар Бұхар, Дулаттардың тілі әдеби емес дегенге дейін барады, енді біреулері бұлардың тілі мүлде әдеби емес-демее де, Абай мұнда өзіне дейінгілердің поэтикалық шеберліктерін сынап отыр деп таниды.9 Ақын мұрасын; жан-жақты ұзақ жылдар зерттеген Сәбит Мұқанов та, Абайдың осы шумағын ақындық шеберлік жайындағы сын деп табады. Абай Шортанбайларды «сөз сатқандығы» үшін емес, өлеңдерінің сыртқы құрылысының «теп-тегіс жұмыр, іші алтын, сырты күміс» болмағандығы үшін, бұрынғы сарыннан сытылып шыға алмағандығы үшін мінейді» - деп табады.10
Сөйтіп, Абайдың төрт жолдық бір шумағында не айтпақ болғанын түсіну үстінде қазақтың әдеби тілі проблемасына қазіргі зерттеушілердің көзқарасы да айқындалады.
Біздіңше, Абай өзі білетін ұлылы-кішілі сандаған ақын-жыраулар ішінен Бұхар, Шортанбай, Дулат үшеуін бөліп атау арқылы оларды екі ғасыр бойындағы қазақ әдебиетінің белгілі бір тобының өкілдері деп танитынын білдіреді. Сол үшеуін атау арқылы осы топтағы ақын-жыраулардың идеялық бағыты мен творчестволық мақсатын сынайды. Өзінің осы топтан демократтық-прогрессивтік идеологиясының межесін осы жерде, осы шумақта ажыратып алады, аулын олардан аулақ апарып қондыратынын білдіреді. Бұл үзіктегі «құрау мен жамаулар», «көрінеу тұрған кемшіліктер» - олардың тіліне, поэтикасына берілген баға емес. Бұл жердегі «сөз» деген сөз лингвистикалық категория ұғымында емес (мүмкін, кейбір зерттеушілерді шатастырған бұл шумақтағы «сөз» сөзін тура мағынасында ұғушылық болу керек). Мұндағы «сөз» - бүкіл творчество, өлең-жыр, айтылған идея мағынасында. Абай «сөз» сөзін 400-ге жуық рет қолданғанда, оны түгел дерлік осы ұғымда жұмсаған.
М. Әуезов Абайдың қазақ әдеби тілінің даму жолындағы орнын көрсете келіп, екі ерекшелігін атайды, бірі - «қазақтың халықтық, салттық және өзінен бұрынғы ауыз әдебиетіне көрік берген мол, шебер сөздік қорынан пайдаланып, халықтың әдебиеттік тілін қалай жасаудың жолын көрсетуі», екіншісі - «қазақ қоғамы ортасында Абай заманында кіре бастаған жаргондық сипаттағы кітаби шұбар тілден іргесін ашып алуы, одан бас тартуы»11- дейді. Сонымен, М. Әуезов Абайдың тілі туралы барлық айтқан ой-пікірін: «Абай - әдеби тілді бастаушы ғана емес, өзінен бұрынғы әдебиет тілін халықтық әдебиет тілі сапасында өсіре, байыта, сұрыптай түскен классик деп білеміз» - деп түйеді. 11
Ұлы ақынның тілге көзқарасы, тіл жөніндегі ұстаған бағыты жайында едәуір пікір білдірген адам - Сәбит Мұқанов. «Қазақтың әлеуметтік тұрмысында Абайдың үлкен еңбек сіңірген мәселесінің біреуі - қазақтың әдебиет тілін жасау, қазақ поэзиясын бұрынғысынан да жоғары сатыға көтеру» деп бастап, Абайдың өз тұсындағы «кітаби тіл» дегеннен іргесін аулақ салғанын, өзііне дейінгі қазақ ауыз әдебиеті мен ақындар үлгілерінің тіліне иек артқанын айтады. Жазушы-ғалым С. Мұқанов Абай тілі туралы осы көзқарасын кейінгі жариялаған Абай туралы монографиясында қайталап, толықтыра түседі, реті келген жерде мысалдармен дәлелдейді.10
Абайдың тілі жөнінде елеулі пікір айтқан ғалым - Қажым Жұмалиев. Өзінің мектепке арналған оқулықтарынан бастап, XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихы туралы жазылған ғылыми еңбектерінде, әдебиет теориясына арналған жұмыстарында Қ.Жұмалиев ақынның творчествосымен қатар, оның тілі жөнінде де сөз қозғамай кете алмады. Ол пікір айтумен бірге тілдік материалды нақтылы талдайды, көптеген жаналықтарды ашып береді. Ғалымның Абай тіліне қатысты түйіндері мынадай:
1) Абайға дейін де қазақтың поэтикалық тілі дамып келді. Ертеден келе
жатқан қазақ ауыз әдебиетінің, XVIII-XIX ғ. тарихи әдебиеттің өздеріне тән ерекшелігі және жалпы құрылысы жағынан болсын, тілі жағынан болсын өзінше даралық, байырғылық сипаты болды. Абай осындай әдебиеттің о заманнан қалыптасып қалған поэтикалық тілін жоғары мәдениеттік сатыға көтерді.
2) Абай заманында едәуір етек жайған тілдегі шағатайшылау,
татаршылауға қарсы күрес ашты, қазақ тілін аса қадірлеп, таза сақтауға күш салды, оның сөздік қорының бір бұтағы орыс тілі болды.
3) Абай қазақтың мол сөз байлығын қолданумен қатар, көптеген көне
сөздерді, жергілікті сөздерді шебер пайдаланып, өзі де жаңа сөз, жаңаша сөйлем құрылыстарын енгізді.
4) Өлең құрылысына қыруар жаңалықтар қосып, жаңа көркемдеу
тәсілдерін ұсынған. Жаңа образдар жасаған. Мұнда орыс әдеби тілінің әсері мол болған.12 Осы тұжырымдарының барлығын Қ.Жұмалиев нақтылы мысалдармен дәлелдейді.
Ұлы ақынның тілі жайында жеке монография арнамаса да, Абай тілі туралы пікірді Ғ. Мүсрепов, М. С. Сильченко, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Т. Нұртазин, Т. Әлімқұлов, X. Сүйіншәлиевтер де айтады.
Абайдың тіліндегі, өлең құрылысындағы жаңалықтарды туғызған оның творчествосының мазмұны екендігін танудың Абай тілін түсінуде үлкен мәні бар. Осы пікірді өзінің жинақы тілімен Ғ. Мүсрепов бір-ақ түйіп айтады: «Абай түрді түр үшін емес, айтайын деген ойын дәлірек, өтімді де ұтымды етіп айту үшін іздеген... ол мазмұнға сай түр керектігін терең сезінген».13 Абайдың тілі жайында да әркез пікір білдіріп келген Б. Кенжебаев та ақынның өлең құрылысын да сөз етеді.14 Абай поэтикасының ерекшеліктерін арнайы сөз еткен Е. Ысмайылов ақын тіліндегі жаңа, көне сөздерді, кейбір сөздердің тура және ауыспалы мағынада қолданылуын, поэтикалық синтаксис мәселелерін қозғап, бірқатар мысалдар келтіреді.15
Абайдың тілі туралы жалпы тұжырымнан гөрі нақтылы талдау айту әрекеті Т. Нұртазиннің мақалаларында көрінеді. Ақынның шеберлігіне арнаған еңбектерінде зерттеуші: әдебиет – көрікті мазмұн, мазмұн болғанмен, оның көркі болмаса, ол шығарма көкейге қонбайды деп бастап, Абай бұрын қазақ поэзиясының уысына сыйып көрмеген өтірікті жүндей сабау, киер киімін ып-ықшам қылу, иығы тиісу тәрізді жаңа образдарды, соны сөздерді, тіпті синтаксистік жаңа тәсілдерді (бір сөздің бірыңғаймен келіп қайталануы, жалпылауыш сөз бен біркелкі сөздерді жинақтау) жасады деген түйіндерін мысал келтіріп дәлелдеуге ұмтылады.16
Сөйтіп, әдебиет танушылар тарапынан Абай тілінің зерттелуі негізінен екі тұрғыда болып келгенін көреміз: бірі және бастысы - Абайдың қазақ әдеби тілі дамуындағы алатын орны мен атқарған қызметі жайында жалпы байлам айту, екіншісі - суреткердің сөз қолданысындағы өз қаламына тән жеке сәттерін көрсету мен өлең құрылысына қатысты кейбір тілдік элементтерді ішінара әңгімелеу.
Абай тілі жайында арнайы сөз қозғау - тіл мамандарының міндеті екені аян. Лингвистердің айтары - жалпы тұжырымнан гөрі, нақтылы талдау болмағы және хақ.
Қазақ тілі білімпаздарының ішінде Абайдың тілі жайында бірінші болып терең әрі дәлелді пікір айтып, талдау жасаған - Құдайберген Жұбанов. 1934 ж. жазылған «Абай - қазақ әдебиетінің классигі» деген кітабында17 айтылған пікірлер мен талданған материалдар тек Абайдың тілін емес, жалпы әдебиеттегі орнын дұрыс бағалап, тану үшін зор үлес қосқанын, күні бүгінге дейін құнын жоймаған еңбек екенін атап өтуге тиіспіз.
Сөйтіп, Абай тілін танып-білу шын мәнінде 30-жылдардың ортасынан - Қ. Жұбановтың зерттеуінен басталады да, 50-жылдардың ішінде бұл мәселеге С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, I. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, А. Ысқақов тәрізді тіл мамандарының қатысуына байланысты едәуір жанданады.
С. Аманжолов көпшілікке арнап 1949 ж. жариялаған «Қазақтың әдеби тілі» лекциясынан бастап, 50-жылдар ішінде жарық көрген мақалалары мен «Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы мәселелері» атты монографиясында Абайдың қазақ әдеби тіліндегі алатын орны мен істеген қызметін кең түрде сөз етеді. Зерттеуші Абайдан бұрынғы және тұңғыш баспасөзге дейінгі (1880-жылдарға дейінгі) баспа бетін көрген бұйымдар, олардың ішінде алуан қиссалар да, Шортанбай, Дулат тәрізді ақындардың шығармалары да жалпы әдеби тіліміздің нағыз үлгісі бола алмайды, жазба әдебиетіміз «Ақмола хабары» (1880), «Дала уалаяты» атты (1894) газеттерден басталады деген пікір айтады.18
С. Аманжолов Абай тілін сөз еткенде, оны диалектология мәселесімен байланысты қарастырады. Зерттеуші XIX ғ. II жартысында, яғни қазақтың ұлттық тілі қалыптаса бастаған дәуірінде оның тірек (опорный) диалектісі - солтүстік-шығыс облыстардың тілі болды, Абай, Ыбырай шығармалары осы өлкелердің диалектісінде жазылған дегенді принципті түрде айтады.19 Ғалым бұл пікірін барлық еңбектерінде қайталайды және өзінің ғылыми кредосы етіп ұстайды. Бұл тұжырым айналасында едәуір пікір талқысы болғанын білеміз. Ең алдымен, бұл ойды М. Әуезов қостамайды: «Абайдың сөздігі мен әдебиеттік тіл жасаған ізденулерін, табыстыратын табыстарын алсақ, ол тек Шығыстық Қазақстан тілімен жазды, деу, біздіңше, жеткіліксіз, дәлелсіз. Рас, Абайдың салттағы сөйлеу тілін өзі өмір кешкен қазақ өлкесінің сөздік үлгісінен алғаны даусыз... Бірақ Абай сол қормен пайдаланумен қатар бүкіл қазақ халқының арғы-бергі заманда ауызша әдебиет үлгісінде тудырған шығармаларының... қазынасын да біледі. Жазба күйде жетпесе де, ауызша айтылып, жыраққа тарап жатқан шешендік сөздердің, айтыс-тартыстардың және өзінен бұрынғы, өзімен тұстас әлденеше жеке ақындардың да шығармаларын көптен-көп естіп, ұғынып, жадында тұтып, қолданып өсті» дейді. Абай: Қазақта Марабайдан артық ақынды мен білген емен дегеніне қарағанда, ол Қазақстанның батыс өлкесіне көп тараған жырларды, сол өлкеде сөзі сақталған ақындардың мұраларын да білгендігін, «Қыз Жібек, жырын тыңдай, оқи отырып, Сыр мен Арал өлкесінің тіл байлығын және қабылдай алғандығын, Бұхар, Шортанбай, Түбек ақындардың сөздерін біле тұрып, Оңтүстік, Жетісу өлкесінің тіл өнерімен де таныс болғандығын айтып, осының бәрі Абайдың бір ғана өлкенің - Қазақстанның шығыс өлкесінің тілінде («диалектісінде») жазбағанын танытады - дейді. 19 М. Әуезовтің мұндағы айтпағы - Абай жасаған кезеңде оған дейінгі қазақ әдебиетінің (ауыз әдебиетінің де, жеке қаламгерлер творчествосының да тіл жағынан қазақ даласының барлық өлкесін топтастырушы ролінің күшті болғандығы, яғни Абай сол әдеби тілді -«Қазақстанның көп өлкесінің тіл қазынасын» пайдалануы арқылы ұлы Абай болғандығы.
М. Әуезовтің осы пікірін I. Қеңесбаев, Н. Сауранбаев, Ғ. Мұсабаев, А. Ысқақов, т. б. тәрізді тіл мамандары да қостайды. Сөйтіп, қазақ әдеби тілінің даму барысындағы Абайдың орны мен қызметі деген мәселе ұлттық әдеби тіліміздің қай негізде: белгілі бір диалект негізінде немесе жалпыхалықтық тіл негізінде қалыптасқаны туралы проблемамен тығыз ұштасып келгенін көреміз.
1950-жылдарда I. Кеңесбаев арнайы мақала жазып, Абай - қазақтың жаңа әдеби тілінің негізін қалаушы деген байлам ұсынды. Мұндағы жаңа деген анықтауышты телу мәнін зерттеуші былайша дәлелдейді. Абайға дейін де әдеби тіл болды, оның өзі екі түрлі сипатта болды: бірі - Орта Азияның түркі тілдес халықтарына ортақ әдеби тіл, екіншісі - қазақтың ауыз әдебиеті мен жеке қаламгерлерінің (Махамбет, Ыбырай, т.б.) тілі болды. Абай ие болған тілдік мұра - қазақтың ауыз әдебиеті мен ауызекі сөйлеу тілі болды. Бірақ Абай шағатаизм, татаризмдерімен шұбарланып келген бұрынғы орта азиялық әдеби дәстүрді де, көне ауыз әдебиеті тілінің дәстүрін де місе тұтпай, әдеби тілдің жаңа этапын бастады - дейді.20 Ғалым бұл пікірін қазақ әдеби тілінің әр кезеңдегі дамуы туралы жазғандарының барлығында бекіте, айқындай түседі. Енді әңгіме тек «қазақтың әдеби тілінің негізі» жайында ғана емес, «жазба әдеби тіл» турасында қозғалады: «Великая историческая миссия столпов казахской культуры в прошлом - Абая и Ибрая - заключается в том, что они богатое достояние народного разговорного языка и устного творчества довели в значительной степени до уровня письменного литературного языка».21
Ғ. Мұсабаев та дәл осы пікірді қолдайды. 1960-жылдардың аяқ шенінде Абай тілінің сөздігін жасауға басшылық еткен А. Ысқақов та Абай - қазақтың жазба әдеби тілінің іргетасын қалаушы деген қағиданы қостай отырып: «Абай қазақ даласында осындай әр алуан тілдер, әр түрлі өрнектер мен стильдер, әр қилы бағыттар мен көзқарастар бір-біріне «қара көрсетісіп», аралас-құралас жарыса, жанаса өмір сүрісіп, ел ішіндегі рухани тұрмыс пен тіршілікке олардың әрқайсысы өзінше әр қадарлы дақ түсіріп жатқан шақта тарих сахнасына шықты да, өзінің бағыты да жаңа, мазмұны да жаңа, тілі де жаңа шығармаларын жазды» - деп, Абай тұсындағы қазақ тілінің жай-күйін білдіріп өтеді.
Тіл мамандарының әдебиетші ғалымдардан бір айырмашылығы - бұлар тек Абайдың қазақ әдеби тіліне қатысы (орны мен ролі) туралы жалпы пікір айтып қана қоймайды, сонымен қатар ішінара тілдік материалдарға талдау жасайды. С. Аманжолов Абайдың сөз қолданысындағы кейбір тәсілдерін көрсетеді: талаптың аты, жүрегіңмен тыңдамай, құлағыңмен қармарсың тәрізді жаңа сөз тіркестерін жасағанын, бір сөзге бірнеше эпитет қосақтайтынын, өткен шақ көсемшені көмекші етістіксіз тиянақты тұлға ретінде қолданатынын, жатыс септіктегі есімшелерді баяндауыш қызметінде жұмсайтынын талдап көрсетеді.22 I. Кеңесбаев та Абайдың сөз жұмсаудағы жаңа тәсілдерін атайды. Олар: сөздің мағынасын өзгертіп қолдану, соның нәтижесінде, бір жағынан, тентек өмір, көңіл құсы, өмір тоны, өкпе сызы тәрізді жаңа тіркестер жасау, екінші жағынан желбуаз, қара қылды қырыққа бөлу, терін сату, қулық сауу сияқты тіркестерге стильдік жаңа жүк арту тәсілдері дейді. Сондай-ақ Абайдың архаизмдерді қолдану шеберлігін, сөйлемдегі сөздердің орнын ауыстыру тәсілін жаңаша пайдаланғанын, аудармадағы шеберлігін сөз етуге болатындығын, бірақ бұған осы мақаласында мүмкіндік болмағандығын айтады.22
Тілдік материалдардың талдауын Н. Сауранбаевтан да табамыз. Ол Абайдың стильдік тәсілдерін сөз етеді. Ұлы ақынның кейбір тұлғаларды экспрессивтік мәнде қолданғандығына қыртың, жыртың, бұртың тәрізді еліктеуіш сөздерді мысалға келтіреді. Халық тіліндегі мақал-мәтел, фразаларды Абайдың сұрыптай, кейбіреулерін өзі жасап қолданғанын атайды, оған мысалдар келтіреді. Зерттеуші Абай текстеріндегі араб, парсы, орыс сөздері не едәуір талдау жасап, қолданылу себептерін көрсетеді. Абайдың бір алуан неологизмдер жасағанын айтып, оған бұлбұл қағу, көсем жүру, малға бөгу, аларман болу, төменшіктеу, өршілдену, мақтан сөйлеу, сымпыс сөздері мен фразаларын мысалға келтіреді. 23
50-60-жылдардың ішінде өзге тіл мамандары да Абай тілінің кейбір фактілерін - сөз қолданысын, сөздік қазынасын, грамматикалық тұлғаларын талдап өтеді. Шора Сарыбаев совет тұсындағы қазақ лексикасының дамуы жайындағы мақаласында Абай тіліндегі орыс сөздерін әңгіме етеді.24 Е. Жанпейісов Абай мен Мұхтар Әуезов тіліндегі ортақ тұлға-тәсілдерді салыстыру үстінде Абай тіліне тән біраз стильдік ерекшеліктерді атап көрсетеді.25 Зерттеуші кейінгі еңбектерінде де жеке сөздердің мағыналық реңктерін Абайдың шебер пайдаланғанына фактілер келтіріп, дәлелді пікірлер айтады.2 «Осы кезеңдерде Абай шығармаларының лексикалық сипатына арналған жеке мақалалар да жарық көре бастайды.27 Қазақ әдеби тілінің даму тарихына қатты зер салып зерттеген ғалым Қ. Өмірәлиев әр сәт Абай тіліндегі ерекшеліктерді арнайы сөз етіп келді. Ол ерекшеліктерді зерттеуші екі топқа бөледі: бірі - шағатай әдеби тіліне тән формалар, екіншісі - қазақтың ауыз әдебиеті мен сөйлеу тіліне тән тұлғалар. Алғашқыларға -мақ, -мақтық, -дүр жұрнақты сөздерді, соңғыларына -па + с+ қа (айтпасқа), -па + с + тық (ұмытпастық), -ар + лық, -тұғын т. б. жұрнақты тұлғаларды жатқызады.28 Қ. Өмірәлиев Абай тілі грамматикасының жеке мәселелерін өзге де еңбектерінде сөз етеді. Т. Қордабаев «XIX ғ. қазақ жазбалары тілінің синтаксисі» деген еңбегінде сол жазбалардың бірі ретінде Абайдың прозалық шығармаларының да синтаксисін талдайды. Мұнда жай, құрмалас сөйлемдер синтаксисіне қатысты категориялар мен шылаулардың қызметі сөз болады. Зерттеуші кейбір грамматикалық категориялардың Абай тіліндегі актив-пассивтігін көрсетеді.29
Абай тілінің грамматикалық ерекшеліктерін танып-білуге 50-жылдардың соңғы кезінен бастап біз де кіріскен болатынбыз. «Абайдың прозалық шығармаларындағы негізгі морфологиялық ерекшеліктер» деген такырыпқа кандидаттық диссертация қорғап, грамматикалык жеке тұлғалар мен олардың қолданылу реті жайында бірнеше мақала жарияладық.30 Бұларда, негізінен, Абай прозасында өнімді қолданылған -мақ, -ар жұрнақты сөздердің беретін мағыналары мен қазіргі нормадан өзгеше келетін ерекшеліктерін көрсетуге және қолданылу себептерін ашуға талпындық. Сондай-ақ кейбір морфологиялық тұлғалардың Абай тілінде екі вариантта – ықшам және толық түрінде - кездесетіндігін танытып, оның да себептерін ашуды көздедік. Материалдың өзін нақтылы талдау негізінде бізден бұрынғы зерттеушілер тарапынан айтылған біраз тұжырымдарға коррективтер енгіздік. Мысалы, -мақ, -ар жұрнақты тұлғалар шағатай не татар тілдерінің элементі емес, қазақтың Абайға дейінгі ауызша тарап келген әдеби тіліне тән, тіпті ауыз әдебиеті тіліне хас норма екенін дәлелдедік. Сондай-ақ -тын~тұғын (баратын~баратұғын), мен~менен (тау мен тас, тау менен тас), да~дағы (барды да - барды дағы) сияқты қатарлардың кездесуі біреуінің норма, екіншісінің нормадан тыс болғандығынан емес, өлең шарттарына (өлшем, ырғақ, ұйқасқа) қатысты деп, өзгеше пікір айттық.
Біз Абай тілін танып-білудегі ізденістерімізді әрі қарай жалғастырып, арнайы жазылған екі монография жарияладық.31 Бұларда енді ұлы қаламгердің мұрасын қазақ әдеби тілі тарихының материалы ретінде зерттедік. Абай тілі - өз тұсындағы қазақ жазба әдеби тілін белгілі бір дәрежеде толығырақ көрсететін сипаттағы дүние. Сондықтан Абайдай сөз иесінің шеберлік лабораториясына үңілмес бұрын, оның сөздік құрамы мен грамматикасын лингвистикалық тұрғыдан тіркеп, жүйелеп талдап шығу қажеттігі тұрды. Бұл талдауларымыздың материалдары мен нәтижелері, бір жағынан, қазіргі жазба әдеби тіліміздің XIX ғасырдың II жартысындағы -өзінің басталар тұсындағы - лексика-грамматикалық сипатын танып-білуге септігін тигізер болса, екінші жағынан, ұлы ақынның суреткерлік шеберлігі мен өз қаламына тән қолтаңбасын көрсететін және қазақ көркем сөзі дамуындағы шоқтығы биік орнын танытуға арналатын әдеби-лингвистикалық (лингвостилистикалық) зерттеу жұмысына дайындық болмақшы.
Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысына арналған екінші монографиямызда қазақ өлеңінің, оның ішінде Абай туындыларының синтаксистік амал-тәсілдерінің проза синтаксисінен өзгешелігі қандай; өлеңнің ұйқасы, өлшемі, композициясы және шумаққа бөліну-бөлінбеуі мен оның синтаксисінің арасында қандай байланыс бар; өлең құрайтын компоненттердің бір-бірімен іліктесіп, байланысу амалдары нендей деген мәселелердің сырын ашуды көздедік. Сонымен қатар бұл еңбекте Абай поэзиясы мен оған дейінгі қазақ поэзиясының синтаксисіндегі айырымдар, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің өлең синтаксисі саласындағы жақындығы мен алшақтығы деген жайттар тұңғыш рет сөз болды. Әсіресе баса көңіл аударылған нәрсе - Абайдың өлең архитектоникасына, синтаксисіне енгізген жаңалықтары, өзгерістерін нақтылы талдау арқылы көрсету болды.
Абай шығармалары (прозасының да, поэзиясының да) тілінің лексикасы мен грамматикасын жүйелі түрде монографиялық планда арнайы зерттеген еңбектерімізде негізгі көздеген мақсатымыз оның көркемдік сипатын, шеберлік тәсілдерін, индивидуалдық ерекшеліктерін айқындау болмағанмен, сөз жоқ, әр кез бұл мәселеге де соқпай кете алмадық. Жоғарғы екі арнайы монографиямызда да, әсіресе «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы» («Мектеп», 1984) атты кітабымызда Абай поэтикасын едәуір сөз еттік.
«Ғылым» баспасынан 1968 жылы шыққан «Абай тілі сөздігі»32- ұлы ақын тілін танып-білу саласындағы аса қажетті, қомақты жұмыстардың бірі. Орыс және өзге де кейбір туысқан халықтар тәрізді, өзінің классик жазушыларының тілінің сөздігін жасау ісіне үн қосқап бұл еңбек бірнеше адамнан құралған коллективтің едәуір уақыт бойы көп ізденіп істеген жұмысының нәтижесі. Сөздік - анықтағыш, жөнеуіш құрал, сондықтан да оның өзіне тән міндеті мен мазмұны бар. Ең алдымен, ол Абайдың тілін, әсіресе лексикасын зерттеймін деушілерге өте қолайлы, реттеулі, түгендеулі материал болып табылады. Іздеуші бұдан белгілі бір сөздің немесе тіркестің қай мағынада қанша рет қолданылғанын таба алады. Үңіле қараған адам бұл кітаптан бір мағынадағы кейбір сөздерді Абайдың қалайша қатар пайдаланғанын, оның ішінде қайсысын актив, қайсысын пассив қолданғанын көре алады. Мысалы, Абайда тіршілік, тірлік, өмір, мағишат деген төрт сөз бір ұғымды білдіреді. Бұлардың ішінде тіршілік 6 рет, тірлік 11, өмір 113, мағишат 1 рет қолданылғанын біле аламыз. Ал бірақ мұның себебін ашып көрсету бұл сөздіктің міндеті емес, ол - Абай тілін арнайы зерттеушінің жұмысы болмақ. Мысалы, ең алдымен, бұл параллельдердің себебін іздеу керек (неге Абай төртеуін де пайдаланды?). Абай тұсындағы халықтық тілде болсын, Абайдың өзінде болсын (тіпті қазірде де) осы ұғымда негізінен екі сөз (тіршілік, өмір) қолданылған, бірақ оның екіншісі (өмір) семантикалық сыйымдылығы әлдеқайда күшті, фраза құрастырғыш қабілеті молдау болғандықтан, өте көп жұмсалады. Ал тіршілік сөзіне дублет болып келген тірлік тұлғасының қолданылуын өзге себептен іздеу керек. Абай тұсында және оның өзінде -лық пен -шылық жұрнақтары едәуір сөздерде қатар жүрген: адамдық - адамшылық, қорлық - қоршылық, т. т. Осы мағынада арабтың мағишат сөзінің бір рет болса да кездесуінің және өз алдына себебі бар.
Осындай жайттарды сөздік көрсетпегенмен, оларға қажет материалдарды табуға зор көмегін тигізеді. Бұл сөздікке қарап отырып, Абайдың көптеген сөздерді ауыспалы мағынада қолданғанын аңғаруға болады. Бұл құралдан жазушы тілінде кездесетін әр алуан варианттылықтың өзін (материалын) тізіп алуға болады: қайуан - хайуан, айла - қайла, абиыр –абұйыр, береке - берекет, т. т. Ал бұлардың мағына жағынан саралануын немесе тепе-тең дублеттілігін, т. б. жайттарды дәлелдеп көрсету - жеке зерттеушінің ісі.
Әрине бұл үлкен, коллективтік жұмыс мінсіз де емес. Ең алдымен, кейбір жеке сөздердің анықтамасы дәл шықпағандығы көрінеді. Мысалы, ақын қолданған бірқатар орыс сөздерінің (майыр, визит, закон, интернат, кандидат, законшік) Абай тұсындағы, Абай тіліндегі мағынасы берілмей, осы күнгі жалпы мағынасы көрсетілген. Сондай-ақ арыз, би, ант, теңдік, ғылым тәрізді сөздердің Абай текстеріндегі мағынасы дәл көрсетілмеген. Дарқан (сөздікте берілгендей «жомарт, мырза» ұғымында емес, Абайда «ұста» мағынасында), далаң (сөздікшілер түсіндіргендей, «ашық, бос жер» емес, орысша сень сөзінің аудармасы ретінде Абай келтірген «орын, жай» ұғымындағы сөз) сөздерінің де анықтамасы оқырманға дәл мағлұмат бермейді. Абайда ғылыми термин дәрежесіне көтерілген ақыл, бірлік, мақтан, қызықпақтық сияқты сөздердің лексикалық мәндері ашылмаған. Ақынның орыс тілінен аударған өлеңдерінде кездесетін кейбір сөздердің де жалпы номинатив мағынасын бермей, контекстегі, оригиналға сай келетін семантикасын көрсету керек еді. Мысалы, бастық сөзін «Сөздік» «басқарушы» деп қана көрсетеді, ал бұл сөз Абайда «архимандрит» дегеннің баламасы ретінде берілген. Сол сияқты Абайдағы жалау сөзі «Сөздіктегідей» «тудың бір түрі» емес, «парус» деген ұғымды беру үшін алынған. Жеке жазушы тілінің сөздігі болғандықтан, мұндай сөздіктерде сөздің номинатив жалпы мағынасы емес, сол контексте ұсынылған нақты мағынасын көрсету керек еді. Кейбір сөздердің түсініктемесінде кеткен сәтсіздіктер тірксс компоненттерін анықтауда да байқалады. Мысалы, бу алу тіркесі алу сөзіне қатысты «бусану, жасаңғырау» деп түсіндірілсе, бу сөзіне келгенде, «булану» деп анықталған, ал бұл тіркестің Абайда кездесуінің өзі бір-ақ жерде, демек, мысал біреу-ақ, оның түсіндірмесі де біреу ғана болу керек қой.
Абай тілін танып-зерттеуге тікелей қатысты, маңызды зор мәселе - текстологиялық ізденістер мен түзетулер жайында. Абай шығармаларының текстологиясына үңілу кейінірек басталды. Дегенмен бұл салада істелген жұмыстар мен жарияланған материалдар ұлы суреткер тілінің әр қырын дұрыс танып, талдауға көп мүмкіндік береді. Ақын мұрасының әр кездегі басылымдарында кеткен текстологиялық ағаттықтар мерзімді баспасөз беттерінде де, жеке жинақтар мен кітаптарда да көрсетіліп, оларға түзетулер ұсынылып келе жатыр. Газет беттерінде жарияланған құнды қыруар мақалаларды былай қойғанда, журнал беттерінде жарық көрген 3. Ахметов пен Ы. Дүйсембаевтың33, Б.Жақыпбаевтың34, М. Сәрсекеевтің35, Қ. Өмірәлиевтің36, М. Бежеевтің37 мақалалары мен Қ. Мұхаметхановтың арнайы жазылған кітабы 38 Абайдың тілін де танып-білуге үлкен септігін тигізетін жұмыстар екені даусыз.
Жеке сөздерді немесе тұлғаларды дұрыс берудің тіл тарихын, оның ішінде ақын-жазушылардың тілін тануда мәні бар. Мысалы, М. Әуезов Абайдың 1922 жылғы Ташкенттегі басылымында кеткен текстологиялық ағаттықтарды қынжыла отырып көрсетеді: мұнда редактор өлекшін сөзін ұлы-кіші деп, жалауды желкен, қанжарды қылжан деп қылжақ жасайды дейді.39 Әрине, ұлы-кіші деген мен өлекшін сөздері бір-бірінен мүлде алшақ, ауылы алыс дүниелер, сол сияқты жалау мен желкеннің қайсысын пайдалану автордың стильдік талғамын танытады. Сондай-ақ Татьяна өзі жөнінде «талапсыз, бақсыз мен сорлы» демесе керек еді (талайсыз деуі керек: талай сөзі - бақыт сөзінің түркілік варианты). «Көрмей тұрып құсамын Темір көзді сарайды» емес, күсемін болуы керек деп Қ. Мұхаметхановтың текстологиялык түзетулер ұсынуы Абай лексикасындағы көне немесе өзге де сипаттағы сөздердің авторлық қолданысын тануға көмектеседі. Басқа да текстологтар көрсеткендей қазір мен әзір варианттарының, қаңғыр-күңгір мен қоңыр күңгір дегендердің арасында үлкен айырмашылык бар. Абай олардың сол жерде қайсысын қолданды - мұны дұрыс берудің Абай лексикасын, поэтикасын зерттеу үшін көмегі де, мәні де зор. Сондықтан біз Абайдың текстологиясы жайында жазылған, ұсынылған материалдарды жазушының тілі жөніндегі ізденістер мен зерттеулердің бір бөлігі ретінде танимыз.
Сөйтіп, қазақ филология ғылымының абайтану (абаеведение) деп аталатын саласының бір тармағы ретінде Абайдың тілін зерттеудің 70-80 жылдық тарихы бар. Бұл мерзімнің ішінде ұлы қаламгердің тіліне арналған жеке монографиялық еңбектер де жазылды, көлемді не шағын ғылыми мақалалар да жарияланды, кандидаттық және докторлық диссертациялар да қорғалды. Бұл проблеманың зерттеу тарихындағы бір ерекшелік - әуелі тұжырым айтылып, жеке талдаулардың кейін басталуы. Мұның, біздіңше, объективті себептері бар. Абайға келгенде тіл проблемасы ерекше маңыз алады, бұл - заманы туғызған жайт, өйткені Абай дәуірі - қазақ қоғамы өмірінде екі әдеби тілдің (қазақтың жалпыхалықтық тіліне негізделген, ауызша дамып келген байырғы әдеби тілі мен орта азиялық түркі әдеби тіліне негізделген жазба әдеби тіл - «кітаби тілдің») тайталасқа түскен шағы. Осы екеуінің Абайдың қайсысын таңдауы оның творчествосы мен және ұстаған идеологиялық бағытымен тығыз байланысты. Сол себептен Абайдың жазушылық, азаматтық тұлғасын сөз еткен тұста тілі жайында да әңгіме қозғалады. Ұлы қаламгердің бүкіл творчествосы мен идеологиясына үңілген зерттеуші жеке талдауларды күтпей-ақ, тілі жайында жалпы байлам айтуға мәжбүр болады, оны айтуға мүмкіндігі де болады, яғни ақын тілінің негізі бұрыннан келе жатқан ауызша әдеби тіл, жалпы халықтық тіл екендігі, оның үстіне бұрынғы әдеби үлгілерде кездеспеген тың көркемдеу тәсілдерінің молдығы, көптеген лексика топтары мен грамматикалық тұлғалардың активтеніп, жаңаша қызмет атқарып тұрғандығын сезеді. Осының барлығы Абайдың қазақ әдеби тілінің даму барысындағы істеген қызметі мен атқарған ролі жайында жалпы тұжырым-кесімдер айтқызады. Бірақ әрі қарай бұл қағида-тұжырымдар фактілермен дәлелденбесе, әрқашанда жалаңаш ой шолымы (умозрительное суждение) болып қала бермек. Сондықтан әрі қарай Абай тілінің жеке құбылыстарын танып-білу әрекетінің басталуы тағы да заңды. Дегенмен бұлайша танудың әлі де кенжелеп келе жатқаны байқалады. Абайдың тілін тану оның жазушылық творчествосын зерттеу дәрежесіне әлі де теңдесе алмайды. Әсіресе ұлы сөз зергерінің поэтикасы жүйелі түрде, толық, жан-жақты талданбай келеді. «Абайды жаңа поэзия үлгісін жасады дейміз. Бірақ осы поэзия тіліндегі үлкен лексикалық байлық, ақыңдық тапқырлық, дәлшілдік, суреткерлік... т. с с. көп мәселелер әлі жете анықталған жоқ, толық танылған емес»39. Бұл, сөз жоқ, алдымызда тұрган ізгі міндет. Соңғы 10-15 жылда Абайтану саласындағы ғылыми ізденістердің бәсең тартқанын мойындай отырып, әлеуметтік ой-пікіріміздің, ғылыми күшіміздің бұл аса маңызды проблемаға жаңа ынта-жігермен, соны тәсілдермен қайта оралып кірісетіндігіне күманымыз жоқ.
ӘДЕБИЕТТЕР
Марғұлан Ә. Абайдың Ленинградтағы қолжазбасы.- Әдебиет және искусство. 1957, № 3, 87-6.
Торайғыров Султанмахмұт. Қазақ тіліндегі өлең-кітаптары жайынан.- «Айқап» 1913, № 22-23.
Абай. Таңдамалы өлеңдері. Ташкент, 1922, III-V және 276-284 б.
Мұстамбаев Ыдырыс. Абай.- Жаңа әдебиет. 1928 № 7, 37-бет.
Әуезов М. Абай ақындығының айналасы. - Әдебиет майданы. 1934, № 11—12, 12-6.
Жансүгіров I. Абайдың сөз өрнегі.- Әдебиет майданы 1934, № 11—12, 45-6.
Әуезов М. Абай мұрасы жайында.- Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабарлары. 1951, №2 (71), 128-6.
Әуезов М. Қазақ әдеби тілінің мәселелері.- Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабаршысы. 1951, № 3 (72), 97-98-6, Абай (Ибраһим) Кұнанбайұлы.- Абай Құнанбаев. Алматы, 1967, 129-130-6.
Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. Алма-Ата, 1959, с. 186.
10. Мұқанов С. Жарқын жұлдыздар. Алматы, 1964, 279-6. 286-296-6.
11. Әуезов М. Қазақтың әдеби тілі туралы.- Әдебиет және искусство. 1951, № 4, 60-61-6. және 62-6.
12. Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. Алматы. 1960, 144-193-6.
13. Мүсрепов Ғ. Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи ролі.- Абайдың өмірі мен творчествосы. Алматы, 1954, 34-35-бет.
14. Кенжебаев Б. Қазақ реалистік әдебиетінің негізін салушы // Абайдың өмірі мен творчествосы. Алматы, 1954, 94-98-6.
15. Исмаилов Е. 0б особенностях поэтики Абая - Известия Каз ФАН СССР, серия языка и литературы, 1945, вып. II.
16. Нұртазин Т. Абайдың ақындық шеберлігі туралы // Абайдың өмірі мен творчествосы. - Алматы, 1954, 162-172-б. Абай - көркем сөз шебері // Халық мұғалімі, 1954, № 8, 11-16-6.
17. Жұбанов Қ. Абай - қазақ әдебиетінің классигі.- Әдебиет майданы. 1934, № 11 - 12.
18. Аманжолов С. Қазақтың әдеби тілі. Алматы, 1949, 9-б.
19. Әуезов М. Қазақ әдеби тілінің мәселелері.- Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабаршысы, 1951, № 3, 98-99-6.
20. Кеңесбаев С. Абай - основоположник казахского литературного языка - Советский Казахстан, 1955, № 9, стр. 125.
21. Кеңесбаев С. Развитие казахского литературного языка в советское время. М. О. Ауэзову. Сборник статей к его 60-летию. Алма-Ата, 1959, с. 57.
22. Аманжолов С. Вопросы истории и диалектологии казахского языка... с. 176-178.
23. Сауранбаев Н. Т. Роль Абая в развитии казахского литературного языка.- Сб.: Жизнь и творчество Абая. Алма-Ата, 1954, 178-181
24. Сарыбаев Ш. Ш. Развитие лексики казахского языка в советскую эпоху.- М. О. Ауэзов. Сборник к его 60-летию. Алма-Ата. 1959, с. 235.
Жанпейісов Е. Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовтің тіліндегі стильдік кейбір ортақ өрнектер.- Вестник АН ҚазССР 1962, № 11.
26. Жанпейісов Е. Қазақ прозасының тілі. Алматы, 1968, 52-54-6.
27. Балжанов Ш. Абай поэзиясындағы етістіктерді қолданудың стильдік ерекшеліктері.- Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабаршысы, 1962, № 3, 74-78-6; Нұрпейісов Р. Абай шығармаларының лексикасы туралы.- Халық мұғалімі, 1954, № 6, 70-73-6; Сүлейменова Б. О русских словах в произведениях Абая.- Известия АН КазССР. Серия обшеств. наук, 1964, № 4, с. 57-66.
28. Өмірәлиев Қ. Абай шығармаларындағы кейбір тілдік ерекшеліктер.- Ученые записи Гурьевского пединститута. Серия историко-филологическая. Вып. II, Уральск, 1962, с. 185-205.
29. Қордабаев Т. Қазақ жазбалары тілінің синтаксисі. Алматы 1966.
30. Сыздыкова Р. Абайдың прозалық шығармаларындағы морфологиялық тұлғалардың сипаты.- Қазақ ССР ҒА-ның Хабаршысы, 1959, № 5, 30-34-6; Абайдың «Қарасөздеріндегі» -мақ аффиксті тұлға жайында.- Қазақ ССР ҒА-ның Хабарлары. Филология сериясы, 1959, № 1, 76-84-6. Абай шығармалары мен XIX ғ. жазу нұсқаларының тілін зерттеудің маңызы.- Қазақ тілі мен әдебиеті, 1959, № 2, 48-55-6; Абайдың прозалық шығармаларында күрделі ойдың берілуі.- Исследования по истории казахского языка. Алма-Ата, 1965, с с. 42-57. т. 6.
31. Сыздықова Р. Абай шығармаларының тілі (монография). «Ғылым» баспасы. 1968. Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы (монография). «Ғылым» баспасы. 1970.
32. Абай тілі сөздігі. «Ғылым» баспасы, 1968.
33. Ахметов 3., Дюсембаев. И. Некоторые вопросы текстологического изучения произведений Абая Қунанбаева.- Вестник АН КазССР, 1953, № 10.
34. Жақыпбаев Б. Абай шығармаларының тексті туралы.- Майдан. 1945, № 2.
35. Сәрсекеев М. Абай шығармаларының текстологиясы жайында - Әдебиет және искусство. 1956, № 10.
36. Өмірәлиев Қ. Абай текстологиясы және оны бір ізге келтіру мәселесі. - Қазақстан мектебі. 1962, № 11.
Бөжеев М. Абай өлеңдерінің текстологиясы туралы. Қазақ фольклоры мен әдебиет шығармаларының текстологиялық зерттелуі. «Ғылым» баспасы. 1983.
Мұхаметханов Қ. Абай шығармаларының текстологиясы жайында. Алматы, 1959.
Мырзахметов М. Өмірәлиев Қ. Абайды танып біттік пе?- «Қазақ әдебиеті», 1985, 29 март.
Абай тағылымы. Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер
/ Құрастырған филология ғылымдарының докторы,
профессор Нығмет Ғабдуллин. -
Алматы: Жазушы, 1986. – 324-344-беттер.
Дайындаған: Анар Малдыбаева, Абай институтының
кіші ғылыми қызметкері
Бөлісу: