Әуезхан Қодар. Өр рухтастық биігіндегі Бижан

Бөлісу:

22.12.2015 4024


12935.jpg

Кезінде мен «Азаттық» радиосы сайтындағы жазбаларымды бард ақын Табылды Досымовқа арнаған блогымнан бастап едім. Өйткені маған 45-ке қараған шағында дүниеден озған ақын-әріптесімнің тағдыры еліміздің, қоғамымыздың, кешіріңіз, ең бірінші, билігіміздің, қазіргі жас таланттарға деген қалың немқұрайлығымыздың кесірлі үлгісіндей көрінген. Мен сонда қыршын кеткен дарынымыздың биыл 50-ге келетін кезі, бірақ өкінішке орай бұл мерейтой аталмай қалатын сияқты деген сезігімді білдірген едім. Қателескен екенмін! Мен бүгін осыған қуанып отырмын.


Себебі Табылдыны іздейтін елі де, қоғамы да, билік те бар екен, бірақ осы келелі істің басында өр рухты ақынымызбен рухтас, пікірлес, үзеңгілес досы, қазіргі Табылды Досымов атындағы қордың директоры Бижан Қалмағамбетов деген азамат болмағанда, дәл осындай оптимизмге беріле алар ма екенбіз? Осы қордың сүйемелдеуімен жақында аль Фараби атындағы КазНУдың Студенттер сарайында Т.Досымовтың 50-жылдығына арналған шығармашылық кеші өтті. Зал лықа толмаса да, кештің энергетикасы тамаша болды, кейін, концерт біткенде, залдағылар тараспай, орнынан тұрып қол соғумен болды. Міне, осы сәт мәдениетіміздегі жаңа буынның, жас ұрпақтың даусы шыққан, үні естілген, өзінің шексіз дарындығын аға, апаларына мойындатқан жұлдызды сәт болды деп санаймын.


Ертеңіне Бижанды үйіме шақырып, құрметті қонақ қылып, біраз толымды сырға қанығуымның реті келді. Сөйтсем, ол Табылдымен 2006 жылдан бері жақын араласқан екен, кейін ақын дүниеден қайтқан соң, туған-туыстары, дос-жарандары осы қорды құруды әрі басқаруды Бижанға тапсырыпты. Сөйтіп, 2012 жылы ақын атындағы ұйым өз жұмысын бастап кеткен. Осы жылдар аралығында біраз іс-шаралар өткізілген. Ең алғашқысы, Табылды тірі кезінде ақынның 2000 дана дискісі шығарылған. Кейін өзі дүние салған соң, өлеңдерін, жақындарының естеліктерін, сол кісіге арналған арнау өлеңдерді топтастырған, «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты кітап шыққан. Және бұл кітаптың шығуына Бижанның бір мақаласынан кейін сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед тікелей ықпал жасаған. Демек билік те Табылдының жарқын шығармашылығынан аттап өте алмаған. Оның есімінің жарқырай шығуына қамқорлық еткен. Кітаптың тұсаукесері мен еске алу кеші ақынның туған жері Атырау қаласында өткізілген. Сонымен қатар, 2012 жылы Ақтөбе қаласында Табылдыға арналған «Мен қазақпын», 2014 жылы «Сәйгүлік» атты шығармашылық кештері өткізілген. Ақтау қаласында да курстастары Табылдының кешін ұйымдастырыпты.


Жақында Бижан Қанат пен Света Айтпаевтармен бірге Қытайға Табылдының әндерін насихаттау мақсатында барып қайтыпты. Ол жақтың қазақтары Табылдының әндерін жақсы қабылдаған. Енді сондай ұсыныс Моңғолиядағы қандастарымыздан да түсіп жатыр екен.


Енді Бижанның болашақ жоспарларына көз жүгіртсек, Табылды Досымов атындағы фестиваль ұйымдастырғысы келеді. Екі жылда бір өткізіп, гитарада ойнайтын жастарды жинамақ. Және Табылды Досымовтың шығармашылығын, оның сан қырлылығын тақырып етіп, ғылыми-конференция өткізу де жоспарда. Бижанның әлдеде біраз мақсаттары бар. Солардың бірі – Табылдының атына көше беру, мұражайын ашу. Ал осылардың ішіндегі ең зоры Табылдыға байланысты шараларды «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізу. Шынымен де, өте орынды талаптар емес пе?


Іске де, сөзге де шебер жігітке қарап отырып, мен біраз сәулелі ойға берілдім. Қоғамды қоғам қылатын оның өкілдерінің бір біріне деген жанашырлығы, жанкешті адалдығы емес пе? Өзі Ақтөбе облысының тұрғыны болса да, Атыраулық ақынның қасиетті ісін жалғастырып, кештерін ұйымдастырып, баспасөзде, бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттап,шет елге таныстырып, өскелең ұрпағына қамқорлық жасауы, мұндай азаматтыққа кейінгі кезде тек Алаш қайраткерлері ғана қабілетті болатын. Мүмкін, осы Табылды, Бижан сияқты жігіттердің арқасында Кеңес дәуірінде қатты жараланып, пәре-пәресі шыққан ұлттық тұтастығымыз, бұрынғы дегдарлығымыз, тектілігіміз қалпына келіп, жаңа жеміс беретін шығар? Мүмкін, Бижан Қалмағамбетов осындай шұғылалы тірліктің, еркін ұрпақтың алғашқы қарлығашы шығар? Әлде оны Табылдыға сонша жақын болғаны, өзінің кеудесінде де көрнекті орын тепкен ұлттық дәстүріміздің құнарлы құндылықтарына суарылған ақындығынан ба екен? Мүмкін оның «Ғашық жүрек» және «Сәйгүлік өмір» жинақтары соның айғағы шығар? Кезінде мен Абай өлеңдерін орысшаға аударғанда, ақын Мейірхан Ақдаулетов «Киеге де ие керек» деген мақала жазған еді. Ойлап қарасаңыз, өте сәтті табылған формула. Киелі дүниеңді иелене алмай қалсаң, құр қол қалғаның. Өкінішке орай, біз жетпіс жылдан аса, шексіз отарлануымызға байланысты, бар қасиет пен киемізден айырылуда болдық. Енді ғана бізде Бижан сияқы меценаттығына ақындығы сай, азаматтығына кең пайымы сай, көрнекті тұлғалар пайда болып келеді. «Ұзағынан болсын!» - демеске амал жоқ.


Тәңірім осыған жазғай деп аяқтағым келеді бұл жазбамды.


Бөлісу:

Көп оқылғандар