Тұрсын Жұртбай: Көгiлдiр әлем. (Фантастикалық поэма)
Бөлісу:
« Адам, өзiңе-өзiң қамқор бол!»
Людвиг ван Бетховен.
Қыршын ғұмыры мен уайымсыз есiл жастығы осынау көгілдiр түстi көкжиекке көз сүзумен өттi. Сабағында жаудыраған қарақаттай қос жанарына мұң ұялап, көкiрегiн бұлыңғыр тұман басқалы қашан. Өкiнiштiң орны толар ма. Қызыл таңның нұрымен шырайланған қызғалдақтай алма жүзi солып, ажарына терең әжiм сызатталған. Шашақталған торғын орамалын мойнына салып, тағы да жалғыз келдi. Дүние түгел демiн iшiне тартып, түнгi дала баяу мүлгидi.
Тыныштық.
Уайым толы жүрегiн сағыныш сазы сыздатып, зарығумен дәурен кешкен ару-түннiң мақпал көрпесiн жамылып, көкжиектегi мұнар басқан шоқыға ұзақ қарады. Қасiрет пен сенiмдi, үмiтсiздiк пен арманды қарашығына сыйғызған ғажайып жанардың кiрпiгiне жалғыз тамшы жас iркiлдi. Егер тiршiлiк иесi екенi рас болса, осынау көзқарастан ананың нәзiк махаббаты мен шарасыздығын аңғарып, пенде атаулының жан дүниесi шымырлап кететiн. Қарлығаштың қиылған қанатындай сүйкiмдi қасы түйiлiп, мөлдiр шық кiрпiгiнде ұзақ дiрiлдедi. Адамзаттың тағдыры жалғыз тамшы жаста тұрғандай қалтырап барып үзiлiп кеттi.
Жүрегi қатты шаншып, сыздай жөнелдi. Мамықтай жұмсақ алақанымен төсiн басқанда, омырауының исiнiп бара жатқанын аңғарды ана.
Самайының ақ шашын самал жел жұлқи тартып, желбiретiп әкеттi. Аруананың өңi бозарып, ауыр күрсiндi.
Онда көкiрегiнен жасырын бiр күштiң бүршiк атып, гүл шоғындай түйiн тастап, тал шыбықтай бұралған бал дәуренi болатын. Содан берi арнасына қаншама сулар толып, қаншама құзар тастар мүжiлдi.
Тағы да тылсым тыныштық, меңiреу дүние.
Кейуана ана ұзақ аялдап, ойға батты. Көгілдiр шұғылаға оранып, ғайыпқа айналып кеткен ұлының хабарын тосты. Сонау арайлы дәуреннiң аясында, ай нұрын жамылып айтқан Замана ғұламаның да қия басып, қатерге ұшырағаны ма. Тiрiге тiктеп қараған жан емес сияқты еді. Бүлдiршiн ғұмырын құрбан ғып, обалын мойнына жүктегенi ме. Шынымен, тұнық сезiмге де үрейленiп, сенiмсiздiкпен қарау қажет пе. Ғалам толғанысы санасын тербеген Замананың да қателескенi ме? Күмiстей аппақ шашын жел қағып, өтiнiш еткен соң, ғұламаның көңілiн қайтармаған. Сонда пейiлi неге тарылып, қатыгездiк танытпады. Тұла бойы тұңғышын, ұлын бiр көруге зарығып, аңсаумен ғана өтіп барады ғой ғұмыры.
Ол...
Ол көкiрегiн бүр жарып, омырауын алғаш иiткен тұңғышы болатын.
I
...Түннiң бояуы қоюланып, тереңнен шымырлаған толқындай салқын тартты. Даланың шалғынын жапыра ескен самалдан жоңышқаның хош иiсi аңқиды. Кiшкентай жүрегiн шоқтай қыздырған ұшқыр қиял жанын баурап алған өрiм жас қос терезенi серпи ашты. Түн күмбезiн ғажайып сәулелермен тiлгiлеп, жұлдызды аспанда зымырап жүрген зымырандарға отты жанарымен құштарлана қарады. Кiрпiгiн қақпай ұзақ тұрды. Мынау ғаламды тербеген дiрiл мен гүрiл оның жанына асыл әуендей құйылып, қыршын жанын баурап алды. Шексiз әлемнiң тұңғиығына сапар шеккен жандарға қызығып, өзiнiң шарасыздығын ұғынды. Шұғылалы нұры арайланып, тағы да бiр алып ракета алыс планетаға саяхатқа аттанды. Маңдайы жарылып туған қандай бақытты перзенттер.
Шыдамсызданып, ернiн тiстеледi.
Өмiр бойы ғарышты аңсап, жаны үздiгуде.
Оның көгілдiр аспанға назары ауғаны соншалық, көңілiнiң көбесi сөгiлiп, дүниенiң бесiгiнде кешiгiп тербетiлгенiне налыды. Ғарыш санасын сарғайтып, жүйкесiн баурап алған. Ол ғажайып саяхаттардан оралған зымырандардың жерге қонған гүрiлiн естiгенде, жүрегi егiлiп, күре тамырын қиып жiбергендей сылық етiп отыра кететiн. Құба жондардағы құрлықаралық жаhан серiктерiнiң сынықтарына барып, жанын жұбататын. Жансыз, тот басқан темiрлердiң iшiнде қиял қуып, өзiн ұшқыр зымыранның тұғырында отырғандай сезiнетiн. Шұғылалы жұлдыздар, ғаламат планеталар келбетiне таңданатын. Жанарын ашқанда... Баяғы өлi қаңылтырлардың iшiнде отырғанын аңғарып: "Шiркiн-ай, ғарышқа ұшса ғой, ғарышқа!" – деп назаланып, үнсiз қыстыға жылап жiберетiн. Жастайынан космосқа ұшуды армандап, бүлдiршiн кезiнен денесiн тас түйiндей шынықтырып өстi. Ендi неге зарықтырды, ғарышқа ұшатын топтың қатарына қалайша алмайды. Күтiп жүр ғой зарығып, күтiп жүр.
Терезенiң жақтауына сүйенiп, мықынын таянып тұр. Қоңыр самал төсiн аймалап, перделердi желпiдi. Жанарынан алғырлық пен ақылдылықтың нышаны аңғарылады. Кенет қоп-қою түннiң бояуы қара жалындай қаршыға денесiн аймалап, бойын дiр еткiзедi.
Жанарынан жалын оты алаулаған жас тәнi шымырлап, жұлынын сұп-суық нәрсе қарып өттi. Өңi сұрланып, жұмсақ жүзi түтiге бастады. Қан тамырлары дызылдап, ып-ыстық боп қызып бара жатқанын аңғарды. Күштi соққы миын шаншып, солқылдата жөнелдi. Көзi бұлдырап, қарауытты. Қорқыныш жүрегiн билеп, белгiсiз бiр күш оны арбап тұрғанын сездi. Шынымен, ғажап хикаяның басталғаны ма...
... Ол еш нәрсенi санасына саралап үлгерместен есiнен танды...
... Кiрпiгi әзер қимылдап, жат дауысты құлағы шалды. Көзiн ашқанда – шашы күмiстей ағарған, маңдайының әжiмдерi тарамдалып, қарлыққан даусымен толғана сөйлеп отырған ғұламаны аңғарғанда жас ұлан қатты қуанды. Сұңқар әкесiн бiрден таныды. Анасы үнемi мұңая қарап отыратын суретiнен аумайды. Құс төсектiң жанындағы кiлемде iлулi тұратын. Ес бiлгелi көргенi осы. Аса бiр құпия ғылыммен шұғылданып, ғұмырын соған арнаған. Жалғыз ұлының туған күнiне жолдаған қымбат сыйлықтарынан оның тiрi жер басып жүргенiн бiлетiн. Сол бiр құпия дүние Сұңқардың жанын ынтызар етiп, аңсай күтетiн асыл құпиясына айналды. Айпара анасы кей күндерi әкесiнiң түрлi түстi суретiн төсiне басып, бетiндегi әжiмдерiн саусағымен сипайтын. Мiне, ендi, әкесiнiң сөзiн анасы Айпара үнсiз тыңдап отыр. Жанарында қуаныш пен мұң аралас.
– Тозығы шыққан денемнiң жұлындары қарағайдың тамырындай барбиып, тәнiмнен қураған түбiрдiң қаңсыған иiсiн сеземiн. Жүрегiмнiң көбесi сөгiлгендей. Ескi жел диiрмендей ақауы мен сықыры молайып, даусым неге көне қоңыраудай барылдап шығады? Қаралы сазды орындайтын қобыз iшегiнiң ызыңын құлағым шалатын сияқты. Сонда оның нендей күдiк болғаны... Айпара ана, шынымен бұл әуен менiң өмiр қызығын құрбан қылып, арпалысқан қасiреттi сөз – өлiм бе... Жеңiс тақау ғой. Жоқ, мен тiрi тұрғанда, оған жол бермеймiн. Зерттеулерiм аяқталды. Соған сенiң рұқсатыңды сұрай келдiм.
– Менiң қандай көмегiм қажет, Замана. Ниетiм, тiлегiм сен емеспiсiң...
Әкесi ұзақ ойланып, қайтадан сөйледi. Сұңқар аса маңызды нәрсенiң шешiлгелi тұрғанын сезiп, орнынан қозғалмады.
– Тiршiлiк ұсақ түйiршіктерден тұрады. Әр бөлшек өзiнше өмiр сүредi. Клеткалар шаршағандықтан дене бұзылады. Оны жас күшпен толықтыру қажет. Сонда адамзаттың биологиялық дамуына ғылыми басшылық жасаймыз. Планетамыздың перзенттерi мәңгiлiк рухани ғана емес, биологиялық даму тұрғысынан да жас болып қалады. Қураған теректiң бүр жарғаны саған аян. Бүгiн еккен алма ағашының көшетi бiр-ақ күнде бүршiк атты. Керi реакция жасағанымызда, қайтадан көшет қалпына түстi. Демек, қаусап тұрған кемпiр мен шалдар ертең-ақ бозбала, бойжеткен болып шыға келедi, түсiндiң бе? Бiздiң жаңа зерттеуiмiз, биологиялық өрiс – соны жүзеге асыруға бағытталған. Гүлдердiң де бiр-бiрiне ғашық болатыны ашылып отыр. Бiр гүл өлсе, екiншiсi де сөзсiз қурайды. Мен тәжiрибе жасап жүрген көгілдiр кеңiстiктiң өзiндiк құпиялары мен проблемалары бар. Ақыл тоқтатып, дүниенiң дәмiн татқан адамдар оны өз пайдасына бағындыруы мүмкiн. Сондықтан да ғажайып құбылысты қызықтағыш, қиялшыл, батыл, шымыр бүлдiршiндердi сынауды ұйғардым.
Осы сөздi естiгенде Айпара ана батылданып, бойын жиып алды. Анасының оқыс мiнезiнен сескенген Сұңқар бiр нәрсенi бүлдiретiнiн ұғынды.
– Қыршынынан қиып, қызығынан айырасыздар ғой оларды. Бүрi ашылмаған көк шыбықты балтамен шаппас болар. Өзге құрығандай адамның жеке басын сынаққа айналдырған не сұмдық. Сiздерде жүрек жоқ шығар осы...
Ғұлама қабағын түйiп, ауыр күрсiндi.
– Дүние тағдырын ойлап, ғұмырымды арнаған арманым – адамгершiлiк сияқты едi ғой. Сен оған күдiктенсең, не шара. Адамзат тарихында қаншама миллиард адам жер құшып, топыраққа айналды. Басып жүргенiмiздiң барлығы солардың шiрiндiсi. Қайран боздақтар. Мұндай қасiретке өлiм мен соғыс кiнәлi... Мен сол екеуiн ауыздықтап, планетамыздың сорына қарай оның берiш боп қатқан қанды да қасiреттi дертiн сылып тастағым келедi.
– Сен де түсiнсеңшi менi, Замана. Кiндiгiңнен тараған жалғызың. Тым тәуекелге бармайықшы екеумiз. Көңілiмiздiң жұбанышы ғой. Сенен тiрiдей ажырағаным да бiр басыма жеткiлiктi емес пе.
Анасының мұңлы жанарына қарағанда, оны аяп кеттi. Әкесiнiң неге бас тiгiп отырғанын түсiндi. Алайда космос... космос... Неге қиналды анасы, неге.
– Қимасыңды қалағаным – сенгенiм шығар. Мынау арпалысқан заманда пенделердiң тыныш өмiр сүруiне мүмкiндiк жасап, бақталастықтан азат ұрпақтарды өмiрге әкелу, қара ниеттi пенделердi ауыздықтау – мақсатым. Ондағы өткiзген ғұмырына ұлың өкiнбес. Дауыл да, жел де, шөл де, өсiмдiк те болады. Тек жердегiден сәл ғана өзгешелеу... Көгілдiр кеңiстiк... Ей, ғұмырымның өлшемi сияқты осы сөз. Жер жаhаннан жетi бүлдiршiндi таңдап ем. Соның тұңғышы – екеумiздiң Сұңқарымыз... Қиялшыл қыр баласы. Космос оның жаны ғой, Айпара.
– Бiлемiн. Мүмкiн оның баратын ниетi жоқ шығар.
Үндемесе, өзiнiң арманынан ажырап қалатынын сезген Сұңқар дауыстап жiбердi.
– Ма - ма! Барамын, барамын...
Анасын құшақтап, жалына бастады.
– Жiбершi, мама. Рұқсатыңды бершi, өтiнемiн...
– Айпара ана, ұлыңды кешер қызығынан айырасың, оның мәңгiлiк өкiнiп өтетiндiгiн есiңде сақта. Үгiттемеймiн. Сенiң жаныңа жақын. Мен кеттiм. Ризашылығың болса... Таң нұрын жамылып сонау мұнар басқан шоқыға бет алсын. Қош, Айпара!
Ол орнынан көтерiлiп, Сұңқарға қарай жүрдi. Баласына ұзақ қарады да, тарамыстай салалы саусағымен шашынан сипап, ернiн маңдайына тигiздi. Еппен ғана сүйдi.
Түннiң нұрына малынған бөлменi тағы да дiрiл билеп, дүние шымырлай жөнелдi. Замананың батыл өңi оңып, тәнi ыдырай бастады. Балықшының ауындай тор көзденiп, денелерi бөлшектендi. Ұсақ клеткалар ауада сәл қалықтап, ғайыпқа айналды. Ғұламаның жойылып, көрiнбейтiн ұсақ бөлшектерге айналған мүшелерiне салмақтана көз тастаған Айпара сабыр сақтады. Замананың ойлы да сенiмге толы жанары бөлменi ұзақ шарлап, кенеттен суға тиген бордай ерiп кеттi. Баласының бойы шымырлап, дел-дал күйге түстi.
Тұнық ауаны дiрiлдетiп, ғұламаның үнi тағы естiлдi.
– Ұлым, сөзiмдi саған айтамын. Ұлы өзгерiстi басыңнан өткiзуге дайындал. Сенiң алғырлығыңа сенемiн. Аз уақыт анаңмен ажырасқаныңа өкiнбеймiсiң. Бас тартуға еркiң бар.
– ... Келiсемiн, әке.
– Сен қазiр адам тәнiн ыдырататын жасанды биологиялық реакцияның алғашқы сатысын көрдiң. Ол кеңiстiк мәңгiлiк көгілдiр шұғылаға малынып, күлгiнденiп тұрады. Еркiн ғұмыр кешесiңдер. Қалаған сәттерiңде ер жетесiңдер. Қоятын шартым, айтар өсиетiм – сақ болыңдар, балам. Адамзаттың тағдыры мен үмiтi сендерде.
Гүрiл басылып, дүние тыныштық қалпына түстi. Сұңқар бұрышта көзiнiң жасын бұлап, егiлiп тұрған анасының қасына келдi. Анасы мұны төсiне басып, құшырлана қысты. Баласы шешесiнiң шықтанған кiрпiгiнен сүйдi. Содан кейiн бiр сәт ғажап қиялға батып, ғарыштағы ғұмырын асыға күттi.
Iштей арпалысқан жан-дүниесi тынышталып, көңіл хошын тапты. Кенет Сұңқардың анасының омырауын иiскеп, еркелегiсi келдi. Ғарыштың ғажайып құбылысы көкiрегiн мазасыздандырып, санасын сарғайтқалы сәбилiк мiнезi сап тыйылған. Айпараның мойнына асылып, төсiне басын қойды. ұлына мейiрлене қараған шеше оның қалай тез есейiп кеткенiне таңданды. Өзегi талып өтi езiлсе де, сапарынан қайтып тоқтатсын. Талайына жазылғаны солай болса, арашашы тiлемес. Сұңқардың көмiрдей қара шашын қолымен сипап, осындай ұлды дүниеге әкелгенiне сүйсiнген аналық сезiмi бойын билеп, жабырқау жаны рақатқа бөлендi.
– Бетiңнен жарылқасын ботам... Тағдырыңды талайыңа тапсырдым. Табындырған – адал жаның мен тазалығың шығар, – деп ұлына мейiрлене қарап күбiрледi.
Таңертеңiнде барлық достарымен iштей қоштасты. Қарақаттай тұнық көзi мөлдiреген көршi қызға жалғыз тал гүл сыйлады. Ол жымиып қана iлтипат көрсетiп, бұған ұрлана қарап қойды. Дөңестегi шөп басқан темiрлер, қаңқалар... Жансыз сырластарын көргенде Сұңқардың көзiнен жас ыршып кеттi. Темiр де болса арманын ғарышқа баулыған ойыншықтар ғой.
Шалғыны жайқалған қоңыр даланың самалы естi.
Көкжиекке бет алған ана мен бала баяу басып бара жатты. Мұнарланған шоқының етегiне iлiнгенде кешегi өрiс толқыны бойларын шымырлатып жiбердi. Айпара ана Сұңқарын сабырмен бауырына басып, маңдайынан иiскедi. Жанарына үйiрiлген жасын орамалының ұшымен сүртiп, мойнына қолын салып, шүберекке оралған түйiншектi алды.
– Бетiңнен жарылқасын, ұлым. Мынау бiр уыс топырақ, кiндiк қаның тамған жер-ананың ырыздығы. Қатерсiз дүние жоқ... Төс қалтаңда сақтарсың... Қош, ұлым.
– Қош бол, мама!
– Қырағылығыңды ұмытпа...
Қыршын денесi жеңiл көтерiлiп, көгілдiр шұғылаға оранды. Сағымдай бұлдыраған толқындардың құшағында кеткен жас ұланның бейнесi бұлыңғыр тартты. Аса күштi өрiстер ағысы оны баурап әкеттi. Қас қағымның арасында ұлының көгілдiр ауаға айналып, ери бастағанын байқаған ана алақанымен бетiн басты. Даланың қараторғайы да жанталаса қанатын қағып, ана мен баланың арасында шырылдаумен болды. Кiшкентай бөтегесi жарылып кетердей бүлкiлдеп, даусы ащы шықты.
– Сұңқарым...
– Мама!
– Ұлым!
– Қ - о - ш!
Әттең... ... "Қош, балалығым", – деп айғайламағаны өкiнiштi.
Жас қиялына ажырамас арман ұялатып, ғарыштың шұғыласына шомылған бал дәуренi болатын.
Замана сынды ғұламаға табыстырып, көгілдiр түнекке айналған жетi боздақтың қатарына қосқан да сол жеткiншек ғұмырың едi ғой, Сұңқар. Мүмкiн айтып та үлгермеген шығарсың, қиялшыл ұлан.
Сейiлмей тұрған қою түтiндей көлеңке сәлден соң ғайыпқа айналды.
Оның артында шөп басқан темiр үйiндiлерi мен Айпара анасы қалған, Айпара анасы...
Ғажайып дүние басталып кеттi.
II
Ғұлама «көгілдiр әлем» жасанды кеңiстiгiн аса құпия ұстап, тәжiрибе сәттi аяқталған соң ғана жариялауды ұйғарған болатын. Сынақтың ойдағыдай болып өткенiне iштей сенiмi мол. Алайда таңдайы тақ-тақ етiп, адамға тесiрейе қарайтын әлемдегi ең бiр өсекшi, жалған қауесетке құмар баспасөз өкiлiнiң тiлшiсi мистер Джек қабылдау бөлмесiне жетiп келгенде, секем алып, әрi таңданып қалды. Тiлшiлер сұрақты рұқсатсыз-ақ жаудырып, бастырмалата жөнелдi. Замана оның иiсшiл екенiн сезетiн. Демiн iшiне тартты да, сұрақ күттi.
– Замана, сiз өзiңiздiң биологиялық өрiс туралы зерттеу жұмысыңыздың бағытын дұрыс деп санайсыз ба? Тым ерте қолға алған жоқсыз ба? Көзқарас бiрлiгi болмаған жерде тыныш тiршiлiк те негiзсiз. Мақсатыңыз не, алдыңызға қойған?
– Мен қысқа ғана жауап қайырамын. Сiзден де соны талап етем. Адамзатың арманы – ұзақ жасау. Қартаю процесiн неғұрлым тежеу. Мен осы салада ширек ғасыр еңбек еттiм. Тұжырымым: бұл қиял емес, шындыққа жарасымды жорамал.
– Сiз өз жаңалығыңыз арқылы қоғамға зиян әкелмейсiз бе? Оны айта аласыз ба? Пайдасы не? Кәрi адамдар еңбекпен айналысатындардың сорына айналмай ма? Бұл ұрпақтар арасында ала ауыздық тудырмай ма? Бiздiң сол өлмейтiн аталар мен әжелердi киiммен, тамақпен қамтамасыз етуге экономикалық қуатымыз, мүмкiндiгiмiз жете ме, ғұлама?
– Сауалыңыз үрейге толы. Тым секемшiл екенсiз. Тәуекелсiз жеңiс жоқ. Кәрiлердiң жасы ғана ұзармайды, олардың еңбек ету қабiлетi де молаяды. Неғұрлым көп жасаса, солғұрлым қоғамға пайдасын тигiзедi. Оның бойындағы рухани күшi еш уақытта әлсiремек емес.
– Артық айтсам, кешiрiңiз. Бұл адамды қанаудың жаңа түрi ме? Ол мәңгiлiк өндiргiш күшке айналмақ па?
– Мен таза ғылымның адамымын. Саясатты онша түсiне бермеймiн. Бiрақ та арандатуға да төзбеймiн. Адам санасы биологиялық болмыс ретiнде ол өз бақытын еңбектен табады. Демек ол қорлық көрмейдi. Өмiр – күрес дейтiн сөз тiркесiнiң мәнi сол.
– Аса көрнектi геронтолог адамсыз. Қартаюдың сыры неде? Қалай түсiндiресiз.
– Қартаю – көп сатылы, салалы процесс. Ол адам бойындағы биофизи-калық, биохимиялық құрамның бұзылуы, денедегi жылудың азаюы. Қазiр әрбiр сау азаматтың таза биологиялық мүмкiндiгiнiң өзi екi жүз жылға жетедi. Егер осы үшiн қоғамда барлық жағдай туғызып, зиянкестiктi жойсақ, бейбiтшiлiкте, тыныш өмiрде – ешқандай дәрiгердiң көмегiнсiз-ақ екi ғасыр өмiр сүресiз. Бiрақ дәл қазiр бұл iс жүзеге аспайды. Ол үшiн сiздiң өз көзқарасыңызды өзгертуге тура келер.
– Қазiр адамзат даму ағымында. Осының өзi қауiп тудырып, қатер төндiрмей ме. Күрделiден қарапайымдылыққа, жаңадан көнеге, нәзiктiктен дөрекiлiкке ауысатын заман тумайды деп сендiре аласыз ба?
– Сiз керi кету теориясын, яғни, инволюцияны нұсқап тұрсыз. Бұл – Спенсердiң философиясы мен Джексонның неврологиялық тұжырымы. Ол өте ескiрген қисын. Ондай сұрақпен ешкiмдi шалып жыға алмайсыз. Қартаю – биологиялық даму. Қазiр бұл қисынды дәлелдеуге бағытталған үш жүзге тарта пiкiр бар. Бiздегi мақсат екеу. Бiрiншi, тактикалық жоспарымыз – табиғаттың биологиялық даму ретiнде адамға сыйлаған мүмкiндiгiн толық пайдалану. Екiншi, стратегиялық жоспар – қартаюдың тездетiлуiн тежеу, оны адам өмiрiн ұзартуға бағыттау. Бұл мақсат биологиялық өрiс арқылы, организмнiң өсу программасын ретке келтiру мен қызметiн жақсартудың негiзiнде жүзеге асады...
– Сiз соңғы тәжiрибеңiз туралы...
– Ол әлi жүзеге аспаған ой.
– Құпия ма?
– Әзiрше солай...
– Сонда бұл жаңалық тек «Алашордаға» ғана қызмет ете ме?
– Жоқ, барлық адамзатқа. Алайда дәл бүгiнгi сәтте бұл iстiң шартына ордалықтар ғана сай келедi.
– Сiз, толығырақ...
– Кешiрiңiз, мистер Джек. Мен сөздiң емес, iстiң адамымын. Кезiнде көремiз.
– Сiз не, сонда әлден мұхиттың ар жағындағы тыныш елге қыр көрсетпексiз бе?
Тiлшiнiң даусы шәңк ете түстi. Ғұлама оның әдейi аярланғанын сезiп:
– Күш көрсетпеймiз, сендiремiз. Ал жалпы сұғанақтық ер жiгiтке мiн, – дедi кейiп.
Ол домалаңдай жүгiрген тiлшiнiң мiңгiрлегенiне құлақ аспастан ғайыпқа айналды. Тiлшi бiр орнында қатты да қалды. Оны да уақытша биологиялық өрiске айналдырмағанына кейiннен өкiндi.
III
Ғұлама биолог Замананың құпия көгілдiр кеңiстiгiне жұмыр жерден жетi ұлан аттандырды. Дүние жұртшылығы ғылымның бұл бастамасынан бейхабар болатын. Жетi жеткiншек – дала түлегi Сұңқар, американдық бозбала – Ричард, қасиеттi Фудзияманың аруы – Айко, үндiлiк қара бала және...
IV
Қара көк түнде маздаған оттың жалыны мұнарлы ауаның өзегiн өртеп, таңдайын қаңсытқандай. Алаулаған жарықтың нұрына ойлана қараған үшеудiң жүздерi қызғылттанып, балбұл жайнады. Алтындай сары шашы желбiреген Ричардтың қабағы түйiле түскен. Қарақаттай мөлдiр көзi ойнақтаған Айко әлдебiр терең ойға батқан. Бiр ошақтың қызумен қуат алған үшеуi тез бауыр басып кеттi. Жерден үзiлiп түскен үш тамшы мынау кеңiстiктiң тереңiне шым-шым батып бара жатты. Олардың алдында осынау планетаның тарихын жасап, тағдырына адамзат атынан жауап беру мiндетi тұрған. Саябыр тартқан тыныштықты Ричард бұзды.
– Табанымыз тағы жердiң топырағын басты. Бiзге қауырт қимыл қажет. Ойласып алайықшы, соны...
– Мынау көгілдiр дүниеден тыныс тапқан жалғыз бiз емес шығармыз. Соларды iздеу керек. Жаңылмасам, әкем жетi қыршын сол ғаламға аттанасыңдар ғой деген.
– Ғұлама туған әкең бе, Сұңқар.
– Иә.
– Сен, қандай бақыттысың. Менiң папам мен мамам Нагасакиде...
– Кешiрiм өтiнемiн, Айко. Қасiретке толы оқиғаны еске сала көрмешi. Менiң жазығым қанша.
Ричардтың даусы ренжулi адамның сыңайын танытады.
– Мейлi, уақыт озса да, қылмыс пен жауыздықтың мәнi өзгермейдi. Егер сенiң отандастарың сол қаруды қолданбаса, әке-шешемнiң ортасында бұлаңдап өсiп, жетiмдiк тартпас ем ғой.
Айконың көзiне жас толып, сөзiнiң аяғын жұтып қойды. Ричард жасқана көз салып, кiрпiгiн Сұңқарға тiке қадады.
– Сен неше жастасың, Сұңқар?
– Он үште.
– Тым балауса екенсiң. Көгілдiр дүниенiң сырын ұғынып, түсiну үшiн бозбала атану қажет. Айко, бой жеткiң, келе ме?
– Балдырған қиял сенi жалықтырды ма?
– Жоқ. Бiрақ планетаның тағдыры мен қызығы жолында тәуекелге бел байлағым келiп тұр.
– Табиғилықтан аулақтаған дүние бiр кесiрiн келтiредi. Ол сөзсiз.
– Бiз жермен, анамызбен қуыршақ ойнау үшiн қоштасқан жоқпыз ғой. Адамзат өмiр сүрiптi ғой дегiзетiн бiр белгi қалдыруымыз қажет. Болмаса маған рұқсат етiңдершi... Сәл ақылды, ересек болғанның зияны болмас.
– Мен қарсымын, Ричард. Көңілiңе келсе де айтайын, iскер американдықтардың жетiстiгi немен аяқталғанын тағы да есiңе салғым келедi.
Екеуiнiң сөзiне Сұңқар араласпады. Iштей толғанып, Айкоға налыды. Ричардтың бабалары жасаған сорақылықты бетiне неге баса бередi. Ол кiнәсiз ғой. Расында да ойласқан лайық.
– Басты мiндет – өзiмiздiң әрiптес құрбыларымызды iздестiру. Мүмкiн олар да...
Сұңқардың сөзiн Ричард iлiп әкеттi.
– Бiз сияқты қиналып жүрген шығар. Содан кейiн аса сақтанған дұрыс. Көгілдiр әлемдегi тiршiлiктiң бiреуi орынсыз бүлiнсе, оның керi әсерi – қасiретке соқтыруы ғажап емес.
– Шынымен, адам мұңсыз ғұмыр кешетiн заман орнай ма екен? Жерде қырқысып, бет жыртысқандағы табары бiр уыс топырақ қой. Соны да көпсiнгенi ме жұрттың. Көгілдiр әлемге бет алғанда шығарып салатын анашымды...
– Торыға бермешi, Айко. Бақытыңды табасың. Жаның күнәсыздыққа құштар.
– Сендер шер тарқатып, армансыз сырласыңдар. Жат дыбыс пен дiрiлдi секемшiл жүрек сезгендей. Шолып қайтайын...
– Көрмеген жердiң жұмбағы мол, Ричард!
– Алаңдамаңдар. Қақса жылқы қағыс баспайды. Кәрi аңшының тұқымы емеспiн бе? Әр ағашты көрмей-ақ, иiсiнен ажыратамын.
Баяу басып, мұнар тұнған орманның iшiне кiрiп бара жатты. Анда-санда ағаш бұтақтарының сынған дыбысы мен жапырақтардың сыбдыры ғана естiледi. Алаулаған от жалыны бетiн нұрландырған Айконың ажарлы жүзiне ойлана қараған Сұңқар жүрегiнде нәзiк сезiмнiң бүршiк атқанын ұғынды. Қан тамырына сиқырлы әсем қиялдың ағыны құйылып, бойын қызу шалды. Оған қарай түскен сайын өзегiн дiрiл билеп, сүйкiмдi көрiндi. Жанары жаудыраған қыз өзiнен көз алмаған Сұңқарға сескене қарады да, жымиып қойды. Әдепсiздiгiне ыңғайсыздаған Сұңқар қыз назарын басқа жаққа аударып әкеттi.
– Сонша неге Ричардты жасытасың. Оның жан дүниесi таза.
– Соған сенгiм келмейдi. Олар айлакер. Әлемдi уысында ұстауға құштар. Сенгiм келмейдi, түсiншi, сенгiм келмейдi. Өмiр бойы осылардың лаңынан зардап шектiм. Бауырларым ақ қаннан қыршынынан қиылды. Қалай сенейiн оған...
Көзiне жас толып, қос тамшы төмен қарай моншақтай жөнелдi. Табиғаты жiбектей үлбiреген серiгiнiң ең ауыр жарасын қозғап, көңілiн босатқанына қатты назаланған Сұңқар жұбанышты аңсаған жанның нәзiк пернесiн тербеттi. Өзiнiң де тiрi жетiм атанғанын, ғұмырында әкесiн бiр-ақ рет көргенiн, анасының күтумен өтіп жатқан күндерiн елестету жанына батып жүргенiн айтты. Кенет зуылдаған құйынның дыбысы ағаш басын суылдатып өте шықты да, ғайыпқа айналды. Түршiгiп қалған екеуi от басында үрпиiсiп, тынышталды. Тек Айко ғана:
– Сенгiм келмейдi... – дедi.
Ол бұл сөздi түсiнде де қайталап жатты.
Түн ортасы ауа Сұңқар елеңдеп, шошып ояна бердi. Мүмкiн адаспас, аңшының тұқымы ғой... Оның ернiне күлкi үйiрiлдi.
Әлдекiмнiң үнiнен Сұңқар сескенiп, ұйқысы шайдай ашылды. Таң атыпты. Ол терiс қарап жылап отырған адамды көрдi. Екi иығы солқылдап, өксiгiн баса алар емес. Сақал-шашы өсiп, сабалақтанып кеткен. Үстiндегi киiмiне назар салғанда Сұңқардың тәнi шымырлап кеттi. Ричард! Ричард! Шыңғырып жiбере жаздады. Ол нағыз жасынан кексе тартып, есейiп кетiптi.
Серiктерiне толғана қараған Ричардтың жанарында ерекше бiр азап пен қауiп төнгендiктiң, тамыры терең өкiнiштiң табы бар едi. Адамның қас қабағына қарап өскен Айко да оны тез түсiнiп, кешегi сабырсыздығына кешу өтiнгендей қиыла қарады да:
– Не болды саған, айтшы? – деп, оны құшақтай алды. Тамағын кенеп, қатты толғанған Ричард:
– Бiз ешкiмге қажет емеспiз. Мен көгілдiр әлемдегi екiншi топқа ұшырастым. Олар мүлдем басқа ниеттегi жандар. Тiс қағып, кексе тартқандар. Түстерi мүлдем суық. Олардың ойын түсiну үшiн есеюге мәжбүр болдым. Сонда ғана зұлымдықтарын аңғардым... Мынау көгілдiр әлемдi талан-таражға салып, шекараға бөлмекшi. Қоршаудан әзер құтылдым. Келсем, жайбарақат ұйықтап жатырсыңдар. Тыныштықтың қадiрi-ай десеңшi!
–Не жетпейдi оларға?
– Түсiнбеймiн. Анығы – олар нағыз қиялшылдар емес, арандатушылар.
– Тек жалғыз ғана жанды көзiм шалды. Қолынан күрек түспедi сорлының... Жанары жалынышты...
– Жердi, жердi сағындым, – дедi Айко.
... Көгілдiр шұғыла оранған үш боздақ, ғажап сұлу табиғаттың аясында да зұлымдықтың сұр жыландай бас көтергендiгiн ұғынды. Қыршын жүректерi лүпiлдеп, адал пенденiң тiршiлiгiне бет бұрды. Таңғы кеңесте Айко жерде сонау заманда ғайып болып, жоғалып кеткен өсiмдiктердiң суретiн салып, оның қасиеттерiн зерттемекшi едi әуелде. Сұңқар да алып зымырандарды аңсағандай қиялға берiлiп, тұнып тұрған сұлулықты тамашалап залымдық қасиет биологиялық дамуға әсер ете ме, соны ойластыру тапсырылған. "Гүлдердi тiкендермен будандастырып, тәжiрибе жасаса ғой", – деп қиялға батқан. Саналы Ричард сақтығын байқатты. Ол мынау екеуiнiң тiршiлiгiне әлдебiр абыржушылық әкелдi. Өзi тұйықталып алды. Қиялға толы көгілдiр әлем өзгерiп кеттi.
Пендешiлiк пен тiршiлiк-ай! Сатқындық пен күңшiлдiк-ай! Зұлымдықты өткiзу үшiн қолданылған саясат-ай! Балалардың еркiн өмiрiн, бейқам арманын құрбандық етiп, жауластырып жiбердiң-ау. Не жазығы бар едi олардың. Жетi көгершiн ұшып едi аспанға. Қайсысы қанатына оқ пен зұлымдықты iлестiрдi екен. Кiм кiнәлы, кiм?..
V
Кәрi тамырлары барбиып, маңдайы бiлеуленiп, жүзi сұрланған Замананың айбатты, ызаға толы өңi суық. Жанары қанталап, қарашықтары әдеттен тыс шақырайып, қасқырдың көзiндей шатынап кеттi. Апаттың, қатердiң дабылын басқару орталығынан анықтағанда күйзелгенi соншалық – қаусаған арбаның дөңгелегiндей дiмкас жүрегi жарылып кетпегенiне таң. Ол өзiнiң алға ұмтыла түскен бойы сiресiп тұрғанын аңғарып:
– Ғұмырымның текке өткенi үшiн өкiнем. Адамның ұлылығы жеткен жерге, залымдығы да бойлайды екен-ау. Сүт иiсi аңқыған балғын тәннен қанның шып-шып шығарын ойлаған пенде бар ма? Пәк жанды қыршындар қандай қасиет жолында қырқысып, талан-таражға салынуда, қандай... – дедi түтiгiп.
– Оқиға барысының бағдары тым күрделi, ғұлама. Ой-өрiсiн барлау және сыртқы дүние ықпалынан қорғау топтарының мәлiметiнше: екiншi аймақтағылардың атқарып отырған қатерлi жолы – ұландардың өз ақыл-ойының жетiстiгi емес-ау деймiн. Сыртқы күштiң ықпалы ма, болжам соған нұсқайды. Операцияны тоқтату қажет.
– Бiзде екi ұшты сөз жоқ. Адам тағдыры бар. Барлық топтың зерттеу жүйесi тексерiлсiн. Ерекше бөлiм оларды қатаң бақылауға алсын, кез келген сәтте балалар қатерден қауiпсiздендiрiлетiн болсын. Зерттеу жалғастырылсын...
– Тым тәуекел пiкiр, ғұлама. Мен сатқындық пен қастандықтың иiсiн сезiп тұрмын. Соны ойластырайықшы... Мүгедек ұл, сәтсiз тәжiрибе кiмге қажет. Қанша айтқанмен адам ғой.
– Жаным онсыз да күйзелiп отыр. Тынысымды тарылтпаңдар. Не өмiр, не... Тым құрыса қандарының соңғы тамшысында iзгiлiктiң тұқымы табылар. Балалық шығар осылары.
– Бұйырамын: барлығыңызға. Адамзат алдында қара жүздi атануға қақымыз жоқ. Шыққан шығын су емес, маңдай тер. Ендеше, соңғы мүмкiндiкке дейiн тапсырма орындалсын.
Өктем естiлген, жанталаса айтылған өтiнiштi көгілдiр әлемнiң басқару жүйесiндегi ғалымдардың барлығы үнсiз тыңдап, iшкi шешiмдерiн сыртқа шығармады.
Қатер дабылы жиiлеп, төне бастады. Қатер... Қатер...
Қ... А... Т... Е... Р...!
Бұлт айыққан жоқ. Қайта қоюланып, көкжиек тұтасып бара жатты.
VI
Осынау жас ғұмырында адам тағдырының қас қағым шақта тез өзгерiп шыға келетiнiн түсiне алмады. Шұғылаға оралған көгілдiр кеңiстiктегi өткiзiлген ақырғы күндерiнде басынан кешкен қысасы Айконың нәзiк жанын қинады. Торлаған дауыл көгілдiр әлемнiң қара көк шымылдығын жыртардай жұлқынады. Ағаштардың бұтағы сынып, тамырларының сiңiрлерi шығып, жалаңаштанды. Ай көрiнбедi, тұтылды. Жердiң топырағы шығып, төңiрек түгел құмдауытқа айналды.
Кеңiстiк жүнi жұлынған тауықтай жұтады.
Тұманың басында Айко жалғыз өзi жуынып отыр. Жанарына тұна қалатын мөлдiр тамшылар жүрегiн дiрiлдететiн.
Қатерге толы оқиғалар күрделенiп, оның еркiне бағынбай барады. Батыл Ричардтың томаға тұйықтанып, отты көзiнiң күдiк пен үрейге толғаны, өзiн-өзi жеп жүйкесiн тауысып бара жатқаны, анау балалардың қорқынышты әрекеттерi Айконың тағатын тауысып, алаңға толып кеттi көңілi. Өзiн мұндай шыдамды қызбын деп есептемейтiн. Ол залымдықты да, зұлымдықты да, үрейдi де тайсалмай қарсы алатын Сұңқарға таңданды. Талай ауыр түндi, оқиғаны басынан кешiрген кезде жасығанын аңғартқан емес. Оның да жанын жеп жүрген көршiлердiң құпия тiрлiгi, бұларға өшпендi әрекетi. Үлкен адамдардың неге қас болатынын Айко түсiнетiн. Тiрлiк. Бақталас. Дүние. Ал балаларға не жетпейдi? Еркiн қиял, қызықты оқиға, ұлы хикаяларды жалғыз бастан кешiру iш пыстырады ғой. Егер барлығы бiрiксе, көгілдiр әлемде керемет сапар шегiп, тамашаға бөленедi. Оны неге түсiнбейдi екен, неге... Балаларға өштесуге рұқсат етiлмесе. Жерге барғанда, ұлы Фудзияманың асқарына шығып, осы тiлегiмдi айтармын-ау. Мүмкiн қабыл етер. Әлемде балалар қастаспасыншы. Олар тым жас қой. Бал дәурен достар үлкейгенде бiр-бiрiне мейрiмдi келедi. Кейiн ересек тартқанда бүкiл адамзат қайырымды болады деймiн. Неге өштестi олар? Саясат па? Оның қандай қатысы бар? Бүлдiршiндерге оның қажетi қанша? Егер оның Фудзиямаға айтқан тiлегi орындалған күнде мұнша азапқа түсiп, жапа шекпейтiнi сөзсiз балалардың.
Айко ешқашанда мұнша тез бой жетемiн ғой деп ойламаған. Қандай қызық. Кешегi дауылда Сұңқар екеуi жан ұшырып, пана iздедi. Адасты. Ричард та аяқ астынан ғайыпқа айналды. Сұңқар мұның қолынан мықтап ұстап, ықтасын iздедi. Дауыл сәл басылған кезде Сұңқарға қарап едi, шошып кеттi. Алдында ересек тартқан нағыз бозбала тұр. Даусы дiрiлдеп:
– Сен, сен өзгерiп... Жо-жоқ... Ер жетiп кетiпсiң, Сұңқар. Бұларың не... Сонда мен, мен ғана...
Сөзiнiң аяғын айта алмастан жылап жiберген.
Сұңқар байыппен езу тартып:
– Аңғармадың ба, Айко. Сен де бой жетiп кеттiң, – дегенi.
Ол осынау бiр биязылықтың тұла бойынан нәр алып, қос түйiннiң бүршiк жарғанын аңғарған. Сұңқарға еркелегiсi келген. Оның жүрегiнiң дүрсiлiн сезген. Бiрақ қатерлi шақтың дауылды түнiнде сабыр сақтаған.
Ерке сезiм билеген Айко омырауындағы қос түйiндi ақырын ғана сипады. Сүйкiмдi жұқа ернiне күлкi үйiрiлiп, жымиып қойды. Көгілдiр щұғылаға оранған он екi мүшесi ерекше бiр мейiрiмдiлiк тiлеп, нәзiк әуен жүрегiне құйылды. Жылы леп бұла тәнiн баурап, тамырлары күннiң күлгiн сәулесiне балқып, балбырады. Әлдебiр сезiмдер қытықтады. Оны алыстарға, құпия бiр қызықтарға шақыратын тәрiздi. Тумысынан сезiмдi қадiрлеп өскен зиялы жұрттың аруы оның ұлы ұғымға айналып, шынайы жүрек тасқынына ұласқанын ұғынды. Соны қадiр тұтты, әрi сескендi. Қызған ыстық құмды бауырына басып, жасырын әрi аяулы шақты көз алдына елестетiп, қиялға батты. Түрлi түстi оқиғалар көңілiнен ақ керуендей көшiп, бұлт iшiнде қалықтап кеттi. Әйгiлi мадонналармен бiрге жүрген екен... Тамаша... Олардың ернiне үйiрiлген жымиысы, жұмбақ көзқарастары...
Кенет жып-жылы, әрi қуатты алақан көзiн басты. Жүрегi дүрсiлдеп, жиiлете соқты. Нәзiк саусағымен оның қолын сипап, қысып-қысып қойды. Мынау ғажап шақтың, сонау бүлдiршiн жасынан асыға, қымсына, ұяла күткен маусымының тұла бойын алаулатқанын-ай! Оның осындай сиқырлы әуенге толы болатынын ойламағаны-ай. Бейне бiр күй сандықтың қоңыраулы үнiндей ғой. Неткен таза үн. Бұлақтай сылдырайды. Жұмсақ алақанымен оның бетiн, қалың қара шашын сипады, саусақтарымен тарамдады. Көзiн ашқан жоқ, жанары жұмулы. Лап ете түскен жалын алма жүзiн қарып, ернiне ып-ыстық темiр басқандай болды. Көгілдiр кеңiстiк мұнарланып, ғажайып түрге ендi. Әттең, сонау күнгi жамырай өскен лала гүлдер мен таңқурайдың, жасыл шалғынның, сыршыл жапырақтардың жоғы, қурағаны, дауылмен бiрге тозаң боп жоғалғаны өкiнiштi. Аянышты. Албырт жүректер асаудай тулап, алқынып басылды. Табысқан құшақ ұзаққа дейiн жазылмады. Қос жеткiншектiң жүрегiнде ләззат тамшысы дiрiлдеп, ыстық-ыстық демдерiмен, бiр-бiрiнiң лебiмен тыныстады.
Қара шаштың арасында ақ шабақтай ойнақталған нәзiк саусақтар тынымсыз. Құм қыздырған денелерi балбырап, босаң тартты. Қапылыста дүниенiң құлпырып, ғажайып толқындарымен тәндерiн қытықтағанға өкiнбедi қос ұлан. Асқан бiр мейiрiммен Сұңқарды аймалай қараған Айко:
– Көзiң неге қап-қара. Мөлдiреп тұрғаны сондай, қазiр ақ тұнық ауаға ерiп, ғайыптанатын сияқты...
– Жанарым қара болса да, жүрегiм аппақ қой, Айко.
Бейне ақша қардан жаралғандай ару Айко қазiр-ақ әуенге айналып, дүниенi сырлы сазға бөлейтiндей... Құм да бал татып, тiл үйiрдi. Көгілдiр әлемнiң ауасы тұнық судай төгiлiп, екеуiн мейiрiмдi толқындарымен шомылдырды. Кенет жарқ ете түсiп, күлгiн ауаны өткiр жарық осып өттi. Тосын құбылысқа сескенiп, дала перзентi жалт қарады. Сонау алыстағы көгілдiр теңiздiң жағасынан қаз бауырлаған ақ кеменi аңғарды. Баяу қалқиды. Өңi тартымды, түсi суық. Желбiреген ту мен кеме жиегiндегi таңбаны көрiп, тұла бойы шымырлады.
– Индияның соғыс кемесi!
– Мүмкiн емес, қай елдiң?
– Индияның...
Екеуi де үрпиiсiп қалды. Адамды зекудiң өзi күнә деп есептейтiн, өнердiң ең көне мұрасын құрметтейтiн, iзгiлiктi өсиетке қалдырған халықтың, мынау аянышты, орны толмас опасыздығы-ай. Япырау, мынау қаршадай үндiлiк қыршынның не ойлағаны, қандай асыл мұратты мақсат қылғаны. Мүмкiн, алып ойыншық шығар... Солай ойластыруы да ғажап емес қой... Жо-жоқ. Нақ кеменiң өзi. Кәдiмгi қопарғыш электр өрiсiн тарататын соғыс кемесi. Сұмдық-ай. Эмблемасы... Сұңқар мен Айконың көзi толық жетпедi. Тек кеменi әлдебiр шеңберлi күңгiрт толқындар қоршағанын, ол толқындардың шеңберi үлкейiп қара қошқылданып, аспанды торлап бара жатқанын анық аңғарды. Құпия әрi жұмбақ көрiнiске Сұңқар мен Айко түсiнбедi. Кеме бүйiрiндегi эмблемадан көзге таныс әрiптi шалғандай едi... Сол жаққа назары ауып, таңданып, әрi үрейлене қарады. Олардан бiр шақырымдай жерде жирен шашы желбiреген Ричард, тұйықтанып алған қазымыр Ричард кемеге жүгiрiп бара жатты. Мұның батыл әрi асыға адымдағаны сонша, жолындағы кедергiлер де, көлденең жатқан төмпешiктер де тосқауыл болмады. Шашы жалбырап, желкiлдедi. Қолын орынсыз сiлтейдi. Тiксiнiп қалған Сұңқар Ричардтың бiр батыл шешiмге келгенiн, ол шешiмнiң қатерлi екендiгiн сезiп:
– Ричард! Тоқташы, тоқташы! – деп айғайлап жiбердi. Сезiмтал арудың да жүрегi тiксiнiп:
– Тоқтасаңшы, ол соғыс кемесi ғой, – дедi, – соғыс кемесi ,ғой...
Қос серiгiнiң дауысын таныды ма, жоқ, соңғы рет қарап, олармен қоштасқысы келдi ме, Ричард ақырын аяңдап, қайыра iлгерi жүгiрдi. Оның ессiз, түссiз қимылдағаны сондай, жынданып кеттi деуге болатын. Кемеге тақаған сайын аяғы шалына бердi, тәлтiректедi. Соған қарамастан жанталаса алға ұмтылды. Кеменiң таратқан қара көк шеңберiне тақағанда ауада дiрiл пайда болды. Жұмбақ өрiстер әсерi қос ұланға да сезiлдi. Қара көк шеңберге Ричардтың оң аяғы iлiнiсiмен, аспан күңiренiп, әлем бұрынды-соңды шалынбаған қопарылысқа ұшырады. Жирен шашты ұлан көтерiлген бойы түтiнi бұрқыраған ауада қалықтап тұрып, ерiп кеттi. Қайран қыршын ғұмыр... Оны өмiрмен қоштастырған қандай күш, неткен өшпендiлiк десеңшi!..
VII
Аңыз әлемi, көгілдiр дүние қара көк түннiң ұйыған күңгiрт бояуына таңның алғаш себездеген сәулесiндей бозаңданып, оның барлық құпия қасиетi жоғалып бара жатты. Қызыққа толар деген, думанға ұласар дейтiн ұлы мұрат жай ғана бiр балапанның қиястығынан қырсыққа ұшырағандығына қалай сенерсiң, қалай. Өкiнiшке орай, солай тамамдалды ғой. Өкiнiшке орай, солай...
Соғыс кемесi де, оның экипажы да, Ричард та көгілдiр әлеммен қоштасты. Күтпеген кезде, ешқандай соғыс та, бейбiтшiлiк те жарияламастан қоштасты. Шынын айтқанда көрген түстей, ғапу өтiнемiн, соғыстағыдай аяқталды. Шайқас даласында жаралылар болған жоқ. Барлығы да белгiлi, белгiсiз себептермен, қадiрленiп, қадiрсiз боп қоштасты көгілдiр әлеммен... Ғұлама, ұлы геронтолог Замана да аппақ күмiстей шашы ұйпаланып, әжiмдерi бiлеуленiп, мұңға толы жанарын белгiсiз кеңiстiкке қадап, еш нәрсеге мән бермедi. Ауыр ойға батып, iштей күңiренiп, толғануда.
... Ғұмырымның соңғы тынысы шығар осы. Өкiнбеспiн. Өкiнермiн. Боздақтарым-ау, жетi бiрдей боздағым-ау. Сендердi қалай бағалап, қайтiп түсiнем. Жүрегiме сенгендей иланып, ертегiге нанған сәбидей қызығушы ем. Көгілдiр әлемдi көгертер, ол гүл – шешекке айналса-ау. Қайран жiгерлi ғұмырым... ғылыми дүние өмiр емес екен ғой. Өмiр мен ғылымның, қастандық пен адамгершiлiктiң арасы мұншама кереғар, алшақ болар ма. Адам, неткен күрделi құбылыс ең... Сенiң биологиялық құрамыңнан тiршiлiктегi әрекетiң анағұрлым қиын. Қатар нәр алса да, жер қуаты түгелiне тiрлiк сыйлап өсiрсе де қырқысып, бiр-бiрiн құртуға, кедергi жасауға тырысқан, тiстескен тамыр сияқты. Басқаны былай қойғанда, мынау жетi қыршынға таңданамын. Өмiр бойы күтiп ем бұл аяулы шақты. Адамзаттың тағдырына жанымды құрбан етiп, асыл Айпарамды ғұмыр бойы аңсаттырып, сарғайттым... Ол пендешiлiк пе сонда. Тым ұшқары пiкiр, қияли iзденiс пе. Жетi боздақтың басын бiрiктiре алмағанда, адамзаттың тынысын реттеу... Зұлымдармен бiрге оның қастандық ойлары, қатiгездiк мiнездерi, арам пиғылдары да жасарып, жаңарып, мәңгiлiк жалғаса бере ме? Залым ойы ұрпағына да ұласа ма? Сонымен қатар iзгi ойлар да салтанат құрады ғой. Жоқ, бұл бағыт, биологиялық өрiс, көгілдiр әлем дер кезiнде ашылды. Ғасыр ойының шоқтығы бұл. Адамзатқа тиесiлi қажеттi жетiстiк. Бұл ерте ме, кеш пе жүзеге асады. Өңi солғын арулар, кәртамыс серiлер жасарады. Олар жастық шағына қайтып оралды. Тек қазiр сәл ғана ерте. Ол уақыт, ондай заман алда. Сөзсiз туады ол ғасыр.
Ой толқыны сәл саябыр тартты. Көз қиығы солып бара жатқан жасанды кеңiстiктi бақылайтын теледидарға түстi. Мөлдiреп, гүлiн аша бастаған қасиеттi Фузияманың мұңлы аруы биологиялық өрiске айналып, оның мүшелерi ерiп, әуелгi он үш жасар қалпына келуде. Ғылыми қызметкерлер қатаң бақылауға алған. Өзгеру операциясы сәттi өтуде.
Қандай бозбаланың бағы ашылып, жүрегiн жандырады. Ғажап, сезiмтал бүлдiршiн. Менiң Сұңқарым, тұңғышым, кенжем, төл басым... Ол ең соңғы кезекте жерге оралады ғой. Бiр дем алармын. Маған қазiр бәрiбiр. Өз идеямды дәлелдедiм, әлемге паш еттiм. Ендiгi мiндет адамзаттың өз қолында. Апыр-ау, үндiлiк қара бала мұнша қаскөй болар ма. Дүние, байлық оған мұра еместiн. Кедей, бiрақ зиялы отаудың түлiгi. Ойынан американдық эмблемасы бар ақ кеме кетпеген соң, оны соншама аңсаған соң, теңiзге құмарлығын бiлушi ем, сондықтан ғана шын кемеден айнымасын деп үлкен қуыршақ ақ пароход сыйлап ем. Қастандықты күтпеген ем... Анау Ричардымды айтсаңшы. Оның көгілдiр әлемге қосқан үлесi қаншама. Соңғы кездегi тұйықтығын түсiнбедiм. Қатерлi кемеге неге құлшына жүгiрдi. Психологтардың байқауынша, оған кеменiң эмблемасы қатты әсер еткен. Әкесi соғыс заводын иемденетiн. Тоқта, мәселенiң бәрi осында болмасын.
Ол жерге жараланып оралған...
Ащы дауыс, ең қатерлi шақта берiлетiн үн бүкiл бақылау орталығын аяғынан тiк тұрғызды. Кәрi жүрегi әрең соғып тұрған ғұламаның денесi қалтырап, орнынан үш ұмтылып көтерiле алмады. Белгiсiз күш иығына басып, тұншықтырып, тәнi жер тартты. Өңi сұрланған бақылаушы айғайлап жiбердi:
– Апат! Құрыдық, Ғұлама!
– Н... Не...? – дедi жағын әзер ашып.
– Қалпына келтiру жүйесi бұзылды. Ендi... Сұңқар қайтадан қалпына түсе алмайды.
– Қопарылыс кезiнде басты тармақтың бiрi зақымдалған, ғұлама.
– Кiм... Неге... Мен Айпараға, анасына...
Тiлi күрмелiп, орындықтың арқалығына ақырын жантая бердi. Бiр арнаға тоғысқан тамырлары, мүшелерi босап, қолы жазылып кеттi.
– Ғұлама!.. Сiзге не болды?
– Ұлым! Жаным... Ол жерге оралса... Бәрiбiр... Қасiрет шегедi. Осында... Көгілдiр әлемде... Бас..сқару... орталығында қа... л... лсын. Кеш-ш... ме-ме-нi, Ай... па... ра...
Бұл ұлы ғұламаның соңғы сөзi, өсиетi. Ол бүлдiршiндермен, аяулы әлемiмен қиыспай, қимай мәңгiкке сапар шектi, бiрақ қоштаспады. Өйткенi, осынау ақ бас шал өлiмдi көзiнiң тiрiсiнде жеңген болатын, адамзатқа өлiмнiң қауiптi еместiгiне көз жеткiзген.
Қайтiп Сұңқар жерге оралмайды. Әттең, балалығыңмен бекер қоштаспаған екенсiң сонда. Бал дәуренiңмен, қыршын қиялыңмен қоштаса да алмай қалдың-ау, Сұңқарым. Достарың сенi ұмытпайды, жадында сақтар, жадында.
Олардың арасында өмiрге өш болып туғандар жоқ болатын.
VIII
Ұланы ұшқан шалғын далаға мұңлы жанарын қадаған ананың қабырғасы сөгiлiп, омырауы иiп, езiлiп кеттi жүрегi. Тұла бойын дiрiл билеп, буындары босаған Айпараның мөлдiр көзiнен ащы жастар боталай ағытылды. Торғын орамалының ұшымен кiрпiгiне үйiрiлген шықтарды құрғатса да, тыйылар емес. Не сездiң, ана жүрегi. Қайырлы хабарға көрiнсешi... Қабағының асты тартты ғой. Жолын тосқан жалғызы қайда? Жүрегiне жалғасқан тамыры қиылды ма, шынымен. Ауа жұтып тынды ма, ақыры... Жаңа ғана жат зуылын сезген. Ғайыпқа түпсiз тұншыққаны ма.
"Қанатынан талған қыранда арман не? Бауырын да жаза алмады-ау. Сұңқарым қайда, Замана?"
Есiнен танған Айпара жаулығын бетiне басып, жердi құша жығылды. Жаманатты ана жаны сезiп тұр ғой. Қалай ғана жасырсын. Баласының хабарын тiлсiз жүректiң дүрсiлi мен лүпiлi де жеткiзедi емес пе. Зардың емес, өкiнiштiң әуенi баурағандай. Әйелдiң көз жасына шыланған шөп тамыры мен топырақтар шықтанып, езiле бастады. Омырауы тырсылдап, сағыныш сазы кернеген қос анардан аппақ сүт, ананың аппақ сүтi саулап аға бастады. Құдіреттi өмiр дәмiне, ананың ақ сүтiне Қара жердің де дәтi шыдамай, әйелмен бiрге тебiрене толғанып:
– Ақ сүттiң обалын мойнына көтерген қайсы пенде? Бетiңде болса ұятың, мұндай iске қалай дәтiң жеттi. Ақ дәм менiң жүзiмдi жуып, өзегiме өрт тастады. Обалына қалмайықшы тiрiнiң. Қылмысты жерде қан iзi жататын.
Шөп – тамырым, орман – тауым, мұхит – суым, Айпараның баласынан хабардар болсаң, айтыңдар. Құшағыма қыршын тәнi әлi енген жоқ, сезiп жатырмын. Жыламасыншы мынау әйел! Ананың әрбiр тамшы сүтi – өмiр. Өмiрден, анадан асқаның жоқ қой, адам! Баласы қайда, баласы? Қайтарыңдар өзiне. Таптыңдар ма, жауабын айт, – деп күңiрене жар салды сонда ЖЕР-АНА.
Бораны қасқырдай ұлыған Гималайдың шыңы да, Тынық мұхиттың толқыны да, Кербаланың шөлi де, дала да, орман да, ажал да:
– Көрмедiк оның баласын, – деп қайырды жауапты.
Таппады оны толқындар, бүркемептi тоғайлар. Өлтiрмептi қарақшы, қамалмапты зынданға. Хабарсыз кеттi жас ұран. Қаhарланған ЖЕР-АНАНЫҢ қатуланып қабағы, қайталады жарлықты.
– Күнәкар болсаң, тiршiлiк, күнәңдi де кешiрдiм. Тас болмаса табытың көрсетшi әйел көзiне. Суытсын мұнлы көңілiн! Тамшысына ақ сүттiң, тас та ерiп барады. Дiнiң қатты қайсы жыртқыш, жалғыздарды талаған.
Табыңдар!
Дүние түгел тiк тұрып, таппады ұлын ананың. Табиғат сонда шулады.
– Көрмедiк, – дедi бөрiлер.
– Бiлмедiк, – дедi өлiлер.
Сәбилер қойып жылауын, жетiмдер басты солығын.
Айпараның қос анарынан саулаған сүт бұлақ боп аға бастады.
– Сұңқарым қайда, Замана? Ұлымды қайтар, Ұлымды!.. Жер бетiне ақ сүт төгiлдi.
– Пенделерiм, өтiнемiн соңғы рет. Бұл жұмбақты түсiнбедiм. Құшағымнан ұшқан құстай қайда кеттi, Азамат. Кiндiк қаны маған тамған ұл болса, менiң торқа көрпемдi өлседағы өлуi керек жамылып. Қарғысымды жаудырмаймын ешкiмге. Не бiлгендерiң бар осы? Ей, адамзат айтыңдаршы? Алдарыңа бас ием!
* * *
– Кешiр менi, ЖЕР-АНАМ. Өзегiңнен қаншама рет өксiте бiр жаныштасам да, маңдайымнан қақпадың. Бүгiн сенi қаламымның ұшымен мазалап, тыныштығыңды алғаныма ренжiме. Тынышталшы, Айпара ана.
Ал сүйiктi менiң, кейiпкерлерiм: айырылысар сәт алыс емес. Сырласайыншы өздерiңмен. Сан түнгi жанарымның нұрын ұрлап, жанымды азаптағандарыңа рақмет. Ренжiспеспiн өмiрi. Түн аясында баурап, аяулы жанарымның ыстық құшағынан айырған шақтарыңа мен ризамын. Тек ағынан жарылыңдаршы.
Жаралы жаның зарлап жатса да, туған топырағыңа аман оралдың, Ричард!
Сен қасиеттi фудзиямаңа қондың, Айко.
Сонау Ганга өзенiне мұңая қараған қоңыр бала, Капур, тоқташы.
– Арманыңды атом өрiсiне неге айырбастадың? Әлде мен сенiң тағдырыңды бұрмаладым ба? Қоштасарда көңілде сыз қалдырмайық. Қабағың неге түюлi?
–Сiз жалған жазған жоқсыз. Мен кiнәлімын.
– Көгілдiр әлем есiңде ме. Соғыс кемесiн неге аңсадың?
– Есiмде жоқ, тақсыр.
– Ендеше, өзiңдi неге жек көресiң?
– Ғарышқа ғашықпын. Сол арманым орындалатын күнi... Бiр мырза зұлым ұсыныс жасады.
– Қандай?
– Егер ғарышқа құпия өрiс апарсам, ол жердегi әке-шешемдi алтынмен аптауға уәде бердi. Келiстiм. Оларды жалғыз өзiм асырайтынмын. Ұшсам – екеуi аштан өледi ғой? Ғарышта менен үнемi соғыс кемесiн ойлап жүруiмдi қатты өтiндi.
– Мырзаның аты кiм?
– Кэ - бер - не!
– Ол соғыс-теңiз заводының қожасы, Ричардтың әкесi ғой. Сонда өзiнiң баласын өзi...
– Алдыңғы айтқаныңыз дұрыс. Ал анау есiмдi өмiрi естiген емеспiн.
– Бақытты шығарсың, арманың орындалды ғой?
– Мен ғарыш туралы еш нәрсе бiлмеймiн.
– Ата-анаң қайда?
– Олар қазiр өте дәулеттi тұрады. Қалай шаш-етектен пайдаға батқаны түсiнiксiз. Мен екеуiн де жек көремiн. Сондықтан қашып кеттiм.
– Ричард, сен өз әкеңнiң эмблемасын танисың ба?
– Әрине. Бiрақ мен оны әке деп сыйламаймын. Бала болудан бас тартам. Неге жаралғаныма қайранмын. Ғарышқа ұшуға зияны тимесе екен, шiркiн...
– Сұңқар!
– Бәрiн де бiлемiн. Мезгiлсiз есейгенiм – өкiнiш. Замана әкемнiң өсиетiн орындап, ұлы iсiн жалғастырсам, өз өмiрiме ризамын. Әттең, анам жыламасыншы! Тапсырдым оны саған, ЖЕР-АНА! Қош, қоштаспай кеткен бал дәуренiм.
Қайыр, боздақтарым!
ЖЕР! Сенi мұнша әбiгерге түсiрiп, тiршiлiктi дүрлiктiрген себебiм:
АЙПАРА АНА!
Жалғызыңнан айырып, ғұмыр бойы шерлi көңіл мұңлы әйел болғаның:
ЗАМАНА!
Тiршiлiктiң ең маңызды тамырының қиын түйiнi, ұлы жаңалығың:
СҰҢҚАР!
Сенiң бал дәуренмен мезгiлсiз қоштасуың – осынау жұмыр жердiң
ТАҒДЫРЫ.
Сол үшiн мазасызданамын. Өйткенi, жасырын құпиялар тым ұлғайып барады ғой.
... Айпара ананың жүрек дiрiлi саябыр тартып, бойын сергек сезiндi. Көк жиектен жанарын аударып әкеттi. Ол ендi қарақат көздi ұлын қайта сәби күйiнде көрмейтiнiн, бiрақ оның тiрi екенiн түсiндi.
Ызыңдаған қарандыздың тiкендерiн жел ұшырып, тоз-тозын шығарды.
Торғын орамалды әйел алтын күннiң арайына оранды, ал қызыл нұрға. Аялдашы, Ана. Қоштасарда ұланыңның балалық дәуренiнiң белгiсi ретiнде өзiнiң ең сүйiктi құлынының суретiн салайыншы.
... Алдыңнан жарылқасын.
Әлмерек, 1975 ж.
Түсінік: «Көгілдір әлем» – бұл жас жазушының көркем әлем мен қиял әлемін авторлық ой ағымы мен сезім арқылы ұштастыруға ұмтылған фантастикалық шығармасы. «Бесқарагер» (1982), «Болашақтың бәйтерегі» (2007) атты жинақтарға енген. Шартты ұғымдар мен соғыс кемесі туралы әсіре емеуірін сол жылдардағы идеологиялық талапты қанағаттандыру мақсатында алынған. Ол автордың мақсатты көркем тартыс нысанасы болып табылмайды.
Бөлісу: