ӘУЕНГЕ ЕЛІККЕН – СӨЗДЕРДІҢ МЕКЕНІ (Бауыржан Қарағызұлы лирикасы жайында)

Бөлісу:

05.03.2016 4166


12670074_988403907876154_8508507376097607459_n.jpg

Автор мақаласында Бауыржан Қарағызұлы шығармашылығындағы символистік эстетика яғни модернистік, постмодернистік нышандарды ашып көрсетеді.


Тірек сөздер: Көркемдік шарттылық, модернизм, постмодернизм, интермәтіндік арна.


ХХІ ғасыр басында поэзия әлеміне өзінің ерекше өлең өрнегін алып келген сыршыл да ойшыл лирикасымен жырқұмар қауымды баурап алған қазіргі талантты жас ақындарымыздың бірі Бауыржан Қарағызұлы. Ақын қаламынан туған өлең-жырлардан мазмұн жағынан да, пішін тұрғысында да біршама тың өзгерістер әкелді. Ақын шығармашылығында қарапайым наз бен сезім сергелдеңі өрнектелетін таныс үрдістен өзгеше стильдік ағым сипаттарын аңғару қиынға соқпайды. Ақын лирикасында өмірге сүйіспеншілік тұмшаланып, керісінше одан жеріну, түңілу, басқа дүниеге кетуге асығу іспетті көңіл трагизмі басты дүниетанымдық кредоға айналған. 


Мәселен, «Әлди» өлеңінде:


Мына Түн – талыққан үміттің дауысы секілді,

Кеңістік еркесі Ол – торсық бет кекілді.

Ол бізді бір жаққа шақырған сыңайлы,

Естісем дауысын еске алып Құдайды,

Жүрегім жылқыдай жылайды! – деп Бауыржан Қарағызұлы символистік эстетика яғни модернистік нышандарды постмодернистік толқын аясында төбесінен қойып айту тәрізді сезімдік желімен астастыра бедерлейді. Метафоралық теңеу («талыққан үміттің дауысы секілді»), эпитетпен байытылған метафора («Кеңістік еркесі Ол – торсық бет кекілді»), тосын эпитетті теңеу («Жүрегім жылқыдай жылайды») мазмұн болмысы жағынан бұрын кездесе бермейтіндей тың. «Торсық бет» эпитетіндегі алғашқы сөз маңдайға байланысты қолданылатын. «Кеңістік еркесі» - техногенді замандағы ойлау атрибуты. Бұл өлеңде жай фразалық семантикалық- экспрессивтік мәнін арттыру үшін бас әріпті пайдалану бар. «Жүрегім жылқыдай жылайды» тармағындағы жылқының көзіне жас толуы – сирек құбылыс, терең таңданыспен тамырлас. Жүрек мінезі үнсіз қайғыны кестелемек. Ол соншалық ауыр әрі киелі. Ұлттық ұғымдар мәтін эстетикасын құлпыртқан. Өйткені жылқы – қазақ үшін қасиетті түлік.


Мына Түн – о, мүмкін бағыты жоғалған Жолдарым.

(Жолдарда жанымды жұбаттым, алдадым...)

Өлімді сағынған, аңсаған –

– Қартайған Арманның шаршаған елесі емес пе,

мына Түн??!

Ұйықтамай отырмын неге осы??! – деген жолдарда жарық шығысымен жоғалатын түн бейнелі астарлы түрде өлім концептісімен сабақтасады. Ол тек адамның жан тапсыруын ғана бедерлемеген. Бұл туралы ашық мегзеу жоқ. «Қара түнде» сол адамға қатысты сан алуан, аңсар, үміт, арман рәуіштес асқақ рухани құндылықтардың апат болуын тұспалдайтындай таңбалық маңыз қамтылған. Адасуды аңғартатын «мүмкін бағыты жоғалған Жолдар» немесе «Қартайған Арманның шаршаған елесі» тақылеттес жиі айтыла бермейтін құбылту көріністері лирикалық қаһарман жанындағы күрделі психологиялық үдерістерден хабар береді.


Өлімді А.Белый, Мағжан да әлдилеген. Оларда саналы түрде ауыр үнімен тартына отырып, айналасын сөгуден қашқақтау байқалатын, барлық қасіретті өз басынан іздеуге бейім үстемдік танытатын. Ал Б.Қарағызұлы өлеңінде кінәратты қоғам, белгілі бір субъектілермен байланыстырады. 


Мына Түн –

– мәңгілік әуенге билейтін Сөздердің мекені –

– Анты бар төзімдей, сезімдей некелі.

Жарықты сүйеді, Жарықта өледі...

Жарықтан келеді,

Жарыққа кетеді...

Әлди, әлди, әлди, әлди,

Қара Түн...


Аталмыш туындыда «Анты бар төзімдей, сезімдей некелі» тіркестері тікелей сөздерге қатысты. Демек, инверсия заңдылығы нәтижесінде ырғақ, ұйқас сақтала отырып, сыртқы әлем панорамасы таңбалық нысан – құпия диалог бейнесі ыңғайында эпикалық тынысты байқатады. Әйткенмен Жарықтың алдында шарасыз Қара Түн әлдиді ұнататын сәби кейпіне қайта оралып отырады. Осыған салыстырылатын адам қасіреті де жоғалып, табылумен болады. Оның бетіне әжім сызықтарының түспеуі таңданыс эмоциясының қорғаушы күші. Ақын айнымалы тіршіліктің өмір арбасына жармасқан тәркі қалпын, күйкілігін, бекерге жуықтығын символ арқылы пернелейді.


Бисмилла.., Бисмилла.., шынында...

Үйлеспестен ешқандай бір ұғымға,

Ең алғашқы топырақтай иленген,

Және сазды сырнайдай,

Ең алғашқы жапырақтай билеген,

Есімде сол уәденің уілі...

Иә.., иә.., мына жалған – бес күнге,

Жағынбай-ақ, жалынбай-ақ ешкімге.

Мен Сол жақтан өзімді іздеп келгенмін,

...Біреулерге ілестім де,

Жетегінде желік қуған арманның,

Жоғалдым «мен», саудагердей сандалдым... – деп басталатын «Жоғалу» атты өлеңінде «Әлди» өлеңіндегі поэтикалық идеяны жаңа жағдайда дамытады. Лирикалық кейіпкердің құдайшылдығы – дінге берілгендігінен емес, шарасыздықтан. Оның үстіне автор суреттейтін «мен» тырнақшаға алынғанда, субъектінің кім екені белгісіз қалыпқа көшеді. Лирикалық кейіпкер бірінші жақтық тұлғаны қабылдағанымен, жалпы адамзат атымен сөйлейтіндей. Автор уақыт пен кеңістік ауқымына меже қоймайды. Топтастырылған шартты оқиғалар тым алыста, дерегі жерде өтуі мүмкін, әйтпесе тым жақында бірақ белгісіз ортаға қатысты шығуы байқалады. Қаламгер қаламы ілкі Бастауға дейін сапар шегеді. «Ең алғашқы топырақ», «сазды сырнай», «алғашқы жапырақ» феномендері адамның жаратылуы, жұмақтағы хикметті тұспалдамақ. «Есімде сол уәденің уіліндегі» «уәде» Адам ата мен Хауа Ананың алмаға қатысты шексіз қызығушылығы, күнәға бату туралы аңызбен сабақтас. Өлеңнің минипрологы іспетті интермәтіндік арна бұдан кейінгі жұмбақ эпизодтардың мағыналық кодын (кілтін) құрайды.


...Қаңғырдым,

Тарам-тарам жолдарында тағдырдың,

жан-дүниемнен жараланған жас парлап,

сай сүйегім сырқырап,

езуімнен жынмен қоса у ағып,

әлем-жәлем көшелерде мәңгірдім.

Күрсінісі ызғарлы және өте ырымшыл –

– Өкінішке Обалымды тоңдырдым.

Талай рет үсіткенмін ақыл қонған шекені!

Ұят өлген өлкенің ең сүйікті мекені –

Өмір дейтін мәдениетті құлдықтан,

Бейберекет бір бейтарап сырды ұққам.

Миллиард-миллиард дүние қуған балшық ми,

Түк таппайды құрлықтан!


Шығармада полифониялық сілем басым. Автор толығымен лирикалық кейіпкер төңірегінде жинақталатын жеке дауыстармен тұтасып кеткен. «Мен» «Бізге» айналуға дайын тұр. «Иә.., иә.., мына жалған – бес күнге, Жағынбай-ақ, жалынбай-ақ ешкімге. Мен Сол жақтан өзімді іздеп келгенмін» мұндағы «жалған» дүние мотиві – негізгі трагедиялық Постмодернистік дүниетаным өмірге келудің өзін соншалық қуаныш көрмеумен ұштасады. «...Біреулерге ілестім де, Жетегінде желік қуған арманның, Жоғалдым «мен», саудагердей сандалдым...». Адасу сериялары басталады. Адастыратын – тағы да «желік қуған арман». «...Қаңғырдым, Тарам-тарам жолдарында тағдырдың, жан-дүниемнен жараланған жас парлап, сай сүйегім сырқырап, езуімнен жынмен қоса у ағып, әлем-жәлем көшелерде мәңгірдім». Түр-түстік белгілер алдамшылық әлегін таңбаласа, мекендік нышан абстрактылығымен ерекшеленеді. Өйткені ол бір емес бірнеше субъектілерге қатысты. Уақыт қайталанбалық сипатқа ие. «Күрсінісі ызғарлы және өте ырымшыл, Өкінішке Обалымды тоңдырдым: инверсия заңдылығын ескерген тосын эпитет, метафора ерекше сезімталдықпен тамырлас. Әсіресе «өте ырымшыл» эпитеті сана астарындағы діни-мистикалық желіні үзбей жалғастырады. Етістік түріндегі алмастыру «суықтық» атмосфераны жаңа семантикалық қабатпен толықтырады. Эмоционалдық үдеріс дамытыла түседі.


«Талай рет үсіткенмін ақыл қонған шекені!

Ұят өлген өлкенің ең сүйікті мекені –

Өмір дейтін мәдениетті құлдықтан». 


Постмодернистерге тән қара юмор қолына қамшысын алады. Айқындау мен метафора бастапқы бейнелілік биігінен төмендемейді. Әлқиссалық (сказовость) элементтер бері мысқыл кернеуін мазмұн сапасы жағынан ғана емес, сандық көрсеткіштердің нобайы арқылы ұлғайтады. «Өмір» концепті үмітшілдіктен гөрі терең күйзеліспен бағамдалған. Оның бойындағы адамдар ойластырып тапқан сан қилы жасанды құндылықтардың машықты мәні мансұқ етіледі.


Түсін, күнім,

Менің сәби ойларымды жұбатқан,

Үні мұңлы, тылсымды бір музыка бар қанымда.

Білесің бе?!

Кеше тағы жыладым.

Жалғыздықты жаутаңдатып жанымда.

Түсін, күнім,

Үміттімін, іздегенім табылар,

Сосын, жаным ауыр ойдан арылар...

.............................................................

...Жанарымда жалғаннан тыс арман бар,

Маңдайымда машақаттың табы бар...

...............................................................

Кешір, кешір енді оларға ермеймін,

Ниетімді жұтып қойды сенбеймін...


«Кеше тағы жыладым. Жалғыздықты жаутаңдатып жанымда» лирикалық кейіпкер «жалғыздықты жаутаңдатып» қойып «жылайды». Демек, күнә арқалаған пенденің «байлығы» да, қайғысы да жалғыздық. Әйткенмен жалғыздық лирикалық кейіпкер үшін жағымды дос. Өйткені ол – опасыздықтан, келесі қателіктерден қорғаныш. Жан қайшылығы қарама-қарсы қақтығыстар үстінде суреттеледі.


Бисмилла.., Бисмилла.., сенбеймін.

Алақаныма дем салып періштелерге үрлеймін....

Сау болыңдар,

...Қайда кетіп барамын?!

... Білмеймін. «...Қайда кетіп барамын/ ... Білмеймін» деп адресат тыңдаушыларымен қоштасады. Ол ең басты нәрсе – сенімнен айрылған. Белгісіздік осы тұлғаның ғана үлесі емес. Оған үміткерлер қатары да мол. Жоғарыдағы өлеңінде тыныс белгілері: жол бойы созылатын нүктелер, тырнақша, соңы үтірге бітетін көп нүкте, қатарлас қонатын сұрақ, леп білгілері постмодернистік ойын астарындағы психологиялық, семиотикалық ерекшеліктерді білдіреді. Бауыржан Қарағызұлының «Ұмыт мені...», «Қоштасу» атты өлеңдері де осы аталған стильдік, поэтикалық қасиеттерге толы. Бұл өлеңдерде уайым-қайғы, мұң сарыны тіпті шегіне жете бедерленеді.


 Мәселен, 

«Ұмыт мені» өлеңінде:


Ұмыт мені...

ойлама, өшір мені есіңнен,

Өлсін ойлар, өлсін сөз, өлсін өмір есірген.

Менің досым – өкініш – сенің ессіз ғашығың,

Енді мен де мыңдаған ғасырлардың жасымын.

Қан аралас жаспын – Мен, өтінемін жолама,

Менің сорлы сезімім қаңғып өлсін далада!

Өлсін дала қамығып,

Өлсін қала қағынып,

Мен де өлейін дұғамда – түсінуге ауыр соғатын жолдар, жекелеген сөздер ұшырасады. Бүкіл әлемнен постмодернистік түңілушілік көңілдің шегінбес азасын оқшау әрі соны құбылту мысалдарымен назар аудартпай қоймайтын қалыпта бейнелейді. Ақын өзгеше дүниетанымды елестетеді, басқалар айтпайтын түйсік сырларын ұйқасты мәтін мазмұнына жасқанбай, сый етіп тартады.


Өлсін қазір уақыт, ұмыт, ұмыт барлығын,

Өлсін түндер көміліп, өлсін шөлдеп зарлы күн!

Аңсар сөзін ұқпадың, мен адастым жоқ шара,

Кінә тақпа тағдырға, сосын, мені ақтама.

Өткен ғұмыр – хақ тағдыр, келер күндер еркіңде,

Мен еркіңде өртендім, сен айныма сертіңде,

Өлді.

Бітті.

Жоғалды.

Мұнда да бүгінгі күйге көңілдің толмаушылығы шектен шықпаса да, поэтикалық әсірелеуден ада емес. «Мен» - күрделі кейіпкер. Ол бізге таныс өмір машақаттарын білетін және алыстан сезетін, яғни екі түйсік нүктелерін жалғастырушы субъект. Көркемдік шарттылық, уақыт пен кеңістіктегі орын алмасуы мезеттері шексіз. Ақын өлеңінде барлық өмір игіліктерінен күдер үзеді. «Үміт пен арман» күйреген. Оған заман мен уақыт, салт, ғұрыптың зардапты әсері мол. Айналасына көңілі толмау сарыны бәрінен басым. Лирикалық кейіпкерлер тартысты ғұмыр кешеді. Әлемдегі техногенді заман өзгерістеріне жылы ұшырай алмайды. Байырғы ұлттық құндылықтардың жойылып бара жатуына наразылық күшті. Тәркі дүние соққыларына төтеп беру қиын. Олар жалғанның опасыздығынан түңіледі де, белгісіз бағдарда, уақыт пен кеңістікті сезінбейтін жағдайда шарасыздық мұнарына сіңіп кетуге бет алады. Бұл ахуалдың шынайылығын толығымен теріске шығару жасандылыққа, әсіре саясатшылдыққа апарар еді.



Әдебиет

1. Қарағызұлы Б. Жүрегім жылқыдай жылайды! // Қазақ әдебиеті, 2010. 2. Қарағызұлы Б.


Resume

Author of the article discusses the symbolic aesthetics, i.e., modern, post-modern symbolic in the works of Bauyrzhan Karagazyuly


Резюме

В статье рассматривается модернисткое и постмодернисткое направление в произведениях Б.Карагызулы. 



Ж.СЕКЕЙ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент м.а. 

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті


Бөлісу:

Көп оқылғандар