Бейбіт Сарыбай. "Перiнiң қызы – Бекторы" (әңгіме)
Бөлісу:
«Сұлу өзiнiң сұлу екенiн бiлген күнi сайтанға айналады. Ал ақын өзiнiң ақын екенiн бiлген күнi перiге айналады» деушi едi менiң бiр досым.
Бүгiнгi мерекелiк дастарханның басында сол сайтан мен перi кезiктi. Сырт кейiптерi сабырлы болғанымен отырыстың қызған шағында екеуi iштей өзара айқаса бастаған. Бiр–бiрiне деген ешқандай кек те, өкпе де, ренiш те жоқ едi, араларында. Бұл арбасу мүмкін екеуiнiң амбицияларының айқасы шығар, кім білсін. Бұрын жүздесiп көрмеген екеудiң алғашқы кездесулерi ешқандай себепсiз және өздерiнiң еркiнен тыс осындай iшкi қарсылықпен басталды.
Дастархан басына жиылған отыз-қырық адамның iшiндегi бұл ортаға жаңа қосылғаны да осы екеуi. Содан да болар тамада жiгiт көпшiлiктiң назарын сайтан мен перiге аударып:
– Бiздiң ортамызға екi бiрдей қонақ келiп отыр. Бiрi - қазақ поэзиясына үлкен жаңалықтар алып келген, көптеген конкурстың жүлдегерi Ғали деген ақын досымыз. Екiншiсi - жақында ғана «Қазақ аруы» атанған Назым атты сұлуымыз, – деп таныстырды да, артынша: – Екеуi де шақыртып келтiре алмайтын қонақтарымыз. Ғали ендi ер азамат қой. Ал мына Назым тұп-тура ертегiден келген қыз. Бұндай қыздар өмiрде болады десе басқа-басқа мен сенбес едiм. Бiрақ көзiмiзбен көрiп тұрған соң амалсыз сенуге мәжбүрмiз, – дедi.
Перiнiң жыны келдi. Мына бiр топастықтың төрiне шыққан шешенсымақтың соншалықты табынғаны несi? Талғам дегеннен жұрдай бейшара екен деп ойлады. Ана сайтан да бұндай мақтаулар мен мадақтауларға әбден етi үйренген болса керек, аса сабырлы қабылдады. Және осылай болуы, оны жұрттың бәрiнiң мақтап табынуы заңды сияқты ма, қалай? Бүйткен қазақ аруына болайын. Егер шынымен қазақ аруы сен болсаң, бiзге онда қырғыздан қатын алу керек шығар деген тағы бiр ой мазасын алды. Оның осы бiр аласапыран ойын асабалықты қолына алған жiгiттiң сөзi бөлдi.
– Ал, ендi бiздер әрдайым бiрге болып жүргендiктен бiр-бiрiмiздiң тiлегiмiздi тыңдап жүрмiз. Егер сiздер қарсы болмасаңыздар бүгiнгi алғашқы тiлектi ортамызға жаңа қосылған Ғали мен Назымға берсек, – дедi. Перi Сайтанды сынағысы келдi. Егер ол шынымен «Қазақ аруы» деген атқа лайық болса онда жолымды кеспес, ал, өзiне лайықсыз атаққа мастанған болса iркiлмес деп ойлады. Сайтан өзiнiң сайтандығын жасады. Ғали:
– Қыз бала ғой, Назым сөйлесiн, – деп айтып үлгерместен, ол орнынан тұрып, қолына вино толы бокалды алып, оқушылардың естелiк дәптерлерiнде жазылатын арзан да жаттанды тiлектердi жаудырды. Оның сөзiне дастархан басындағы қыз-жiгiттердiң барлығы жабыла соғыстырып алып қойды. Ғалидың жыны келдi. Мынадай арзан сөздерден кейiн ешқандай сөз сөйлегiсi келмедi. Дәл осы ортаға iзгi ниетiн қор қылғысы келмей, ол да арзан тiлектi гөйітті. Бұның да сөзiне жұрттар жаппай алып қойды. Қонақтар ақын жiгiттен өлең сұрады. Ғали сол тұрған қалпында «Мен бүгiн Перiште көрдiм, қыз кейпiндегi» деген өлеңiн оқыды. Қазақ аруы ұйып тыңдады. Амал не, бейшара түк түсiне алмады. Мейiрiмсiз әкенiң ықылассыз әрекетi мен құнарсыз ұрығынан жаралып, сезiмсiз шешенiң махаббатсыз дүниеге әкелген қызы бесiкке бөленбесе, бесiк жырын тыңдамаса, әрiп танығалы берi бiрде-бiр өлең оқымаса, онда қалай поэзия түсiнбек?! Тек қана «Мен бүгiн перiште көрдiм, қыз кейпiндегі» деген жолдарды ғана аз-кем ұққандай болды. Онда да сол айтып отырған перiштесi мен емес пе екенмiн деген есек дәмесi басымдау еді. Оның ойын оқып қойғандай, асаба жiгiт те:
– Қандай ғажап өлең. Дәл мына Назымға арналғандай екен,–дедi. Назым қасын керiп, жымиғандай сыңай танытты. Ғали iштей топас деп тыжырынды. Бойындағы қырсық мiнезi оянып:
– Дәл таптың досым. Бұл өлең Назым сияқты қыз кейпiндегi перiштелерге арналған, – дедi. Ана санасыз сұлу соған сенiп қалды.
Кеш өте көңiлдi аяқталды. Тек Перiнiң өзiне тым немқұрайлы қарағаны Сайтанның мазасын алды. Өйткенi ол кез келген ортада жiгiттердiң өзiне деген зор сүйiспеншiлiгiне бөленiп жаман үйренген едi. Бүгiн де бiршама жiгiттер оған көз алмай қарады. Тек Перiнiң қылығы ұнамады. Ол неге қарамауы керек? Ал Перi мына бiр жiгiттердiң барлығының Сайтанға арбалып қалғанына ренжiдi. Бiрнеше жiгiт сыртта темекi шегiп тұрған. Сайтан бұлардың жанына келiп, кiшкене қолсөмкесiнен темекi алып тұтатты. Онсыз да ызасы келiп тұрған Перi «қазақ аруы» деген атты малданып жүрген мына бейшараның шылым шекенiне қарап терiс қарап кеттi.
– Әркiмнiң қолы жете бермейтiн ару ғой,–дедi жiгiттердiң бiрi.
Дәл осы сәтте Ғалидың бойындағы жыны қозып кеттi. Айтқанынан қайтпайтын, ойлағанына жетпей тынбайтын, сертiне берiк жiгiттiң қырсық мiнезi бойында бұрыннан бар едi. Сол мiнезi тағы да бой көтерiп келе жатқанын ол iштей сездi… «Ол жәй ғана театр актрисасы. Ал мен өмiр сахнасының актерiмiн. Олай болса сынап көрейiн» дедi iштей әлденеге бекiнiп… Қол жетпейтiндей қаншалықты биiктiгi бар екен?
...Ғали перiлiгiн iстеп тынды. Қиыннан қиыстырып, орайын келтiрiп, Назымды таңды бiрге атыруға көндiрдi. Сонымен Перi мен Сайтан оңаша қалды. Онда да ешкiм мазаларын алмайтын орында. Қонақ үйдiң төртiншi қабатындағы 414-номер. Бiр-бiрiне қарама-қарсы отыр.
- Маған аз ғана құйшы. Басым айналып тұр.
- Мен де масайып қалдым-ау шамасы.
Ғали осы сәтте Назым отырған кең креслоның бiр бұрышына жайғасып, оң қолын қыздың иығына қойды. Қыз оның жүзiне аңтарылып қарады. Жiгiт оны мекiрене иiскеп құшағына тартты...
Көп созбақтап суреттеп жатудың бұл арада қаншалықты қажетi бар. Болар iс болмай қалсын ба. Болды. Жоқ, бiздiң Перiмiз соншалықты нәпсiқұмар емес. Талай мәрте қонақүйлерде небiр арулармен жеке қалған. Өлең оқып, әңгiме қылып, ешқандай артық iссiз талай таңды атырған. Бiрақ бұл жолы осылай болды. «Қазақ аруының» дене бiтiмiнде мiн жоқ екен. Оны алғашқы көргенде-ақ, байқаған. Ет пен терiсi сәбилiк қалпында сақталыпты. Ваннаға барып шайынып келгеннен кейiн төсекке емес, бiрден кiшiгiрiм дастархан жайылған столдың шетiндегi креслоға отырды. Бұның құштарлық құлатқан төсекке оралмасын бiлгесiн қыз да орнынан тұрып келiп, Ғалидың жанына жайғасып, темекi алып тұтатты. Екеуi тағы да елу грамнан ұрттап қойды.
- Таң да атып қалды…
- Жүр, жатайық.
- Жоқ, таңды осылай отырып қарсы алған жақсы.
- Тойынып кеттiң бе? – деп қыз оның құшағына кiрiп, ернiнен сүймек едi, жiгiт қаламайтындығын қимылымен бiлдiрдi.
- Наз, ренжiмешi менiң зауқым жоқ. Бiр рет сүйiскен адамыммен екiншi рет сүйiспейтiн әдетiм бар.
- Неге?
- Бiрiншiден, тереңге барғым келмейдi… Екiншiден, маған сүйiскен ұнамайды. Тек сол сүйiске дейiнгi процес ұнайды…
- Сонда бiз ендi кездейспеймiз бе?
- Жоқ.
- Қанша қыздың обалына қалды екенсiң.
- Бiр-ақ қыздың.
- Кiмнiң?
- Қазақ аруының.
- Қалай?
- Бiр сәтке болса да саған айырбастағаным үшiн соның обалына қалдым ба деп қорқып отырмын.
- Менi айтып отыр екен десем.
- Жоқ, мен тырнақшасыз қазақ аруын айтып отырмын. Ал, сен тырнақшаның iшiндегi қазақ аруысың. Қазақ аруы деген басқалай болуы керек.
- Мен бұл атты 36 қыздың iшiнен дара шығып, жеңiп алғанмын.
- Саған бұл атты қиғандар ет пен терiнi бағалайтын адамдар ғой… Бiздiң ақылсыз шалдардың талғамы халықтың шешiмi болып табылмайды.
Назым бұрқ еткен ашудан жарылып кетердей болып аз ғана тiстенiп отырды да артыншы көз жасына ерiк бердi. Бейшара қыздың қанша дегенмен намысы бар екен. Мүмкiн бұл намыс емес, менменсiген өркөкiректiң шектен тыс тәкаппарлығынан туындаған ашу-ыза шығар. Өмiрi ешкiм бетiнен қағып көрмеген қыздың алғашқы алған соққының алдындағы дәрменсiздiгiне деген көңiлiнiң наласы шығар. Кiм бiлсiн. Әлден уақыттан кейiн киiмдерiн асығыс киiнiп, сыртқа қарай бет алды. Есiктiң жанына барып тоқтап, артына бұрылып қарады. Өзiн осынша жәбiрлеген адамнан әлдеқандай сөз, тiптi болмаса кешiрiм тiлеген көз жасқа тұнып тұр екен.
- Наз, сен Перiнiң қызы Бекторыны бiлесiң бе?..
- Ол кiм?
- Кешiр, айтпақшы сен ертегi оқып көрмеппін деп едiң ғой.
Ғали перiнiң қызы Бекторының шырмауынан шығып, үйiне таң ата келдi. Бұрымы белiне түскен инабатты жары есiк ашты да:
– Аяғыңды ақырын бас. Балалар ұйықтап жатыр, ертең сөйлесемiз,–деп жетi айлық перзентiнiң бесiгiне таяу салынған төсегiне барып жатты да, аз ғана уақыттан кейiн пысылдап ұйықтап қалды. Ғали әйелiнен «сен Ақжүнiстi бiлесiң бе?» деп сұрағысы келдi. Бiрақ бiлетiнiне сендi. Өйткенi оның әйелi ертегiлер мен жыр-дастандардың барлығын тауысқан адам. Ол – нағыз қазақ аруы.
Бөлісу: