Рахат Әбдірахмановтың жаңа өлеңдері
Бөлісу:
Жылама, жан қарындас...
Бүлдіршін ең бір мұңы аңғарылмас,
Адастырып кетті ме арманың рас?
Тамшы жасың тастан да ауыр тиді,
Жыламашы...
Жылама...
Жан қарындас!
Жауап іздеп маңайын мың шарлаған,
Наз көремін көзіңді бұрсаң маған!
...Арзан бақтың алдында сатылмайтын,
Қайран сенің жаныңды-ай кір шалмаған!
Бірі күн боп, жұлдыз боп бірі жанып,
Өзгертіпті кей құрбың түрін анық...
Биік тұрмын деп жүр ғой сенен олар,
Арларының үстіне шығып алып!
Адал жанның жүрегін бұза-жарған,
Қашамын деп жүр екен кім ажалдан?
Осындай боп кетті ғой адам біткен,
Осындай боп кетті ғой мына жалған!
Ғұмырыңның бұралаң жолдарында,
Көп жолыға бердің-ау сорға, мұңға!
Бақытты боп кетер ме ең, сен де ботам,
Сәл ақымақ, сәл ессіз болғаныңда!
Арам жолмен келгеннің бар ма әсемі?
Ұрлағанның бағыңды алда шері!
...Аппақ адал жаныңды сақтап жүрген,
Қатты жақсы көреді Алла сені...
Адастырып кетсе де арманың рас,
Жанға айналшы бір мұңы аңғарылмас,
...Тамшы жасың тастан да ауыр тиед(і),
Жыламашы...
Жылама...
Жан қарындас!
***
Қалдырдың мені көрікітім қайран,
Боларын бұлай білгем бе?
Кезіктің қайдан, жолықтың қайдан,
Өзіммен өзім жүргенде!
Ұшқынды мынау өшіріп алсам,
Сол енді нағыз сор қайнау!!!
...Көзіңді сенің көшірер болсам,
Дәл мендей ақын болмайды-ау!
Жанарың салып тылсымдар әнін,
Өртенгендейсің білдірмей...
Сен мені тау деп тұрсың ба жаным,
Мен сені Күн деп тұрмын ғой...
Мәңгілік жырым бола аласың ба,
Қала аласың ба қасымда!?
Ең ыстық ұя сала аласың ба,
Кеудеме менің расында?
Қалдырдың мені көрікітім қайран,
Боларын бұлай білгем бе?
Кезіктің қайдан, жолықтың қайдан,
Өзіммен өзім жүргенде!
***
Көңілім гүлсіз еді, көбелексіз,
Көгімнен нұр төктіңіз себелеп сіз.
...Құдай-ау, бұл не деген керім жанар,
Құдай-ау, бұл не деген керемет қыз.
Шаштарың қара түннен қиылған ба?
Жанарың таңның берер сыйын жанға.
Еее, сен қыз сор боларсын біреулерге,
Еее, сен қыз бақ боларсын бұйырғанға.
Кейпіңді көрер ме еді дәл қазіргі,
Алтыным балдан тәтті, алма жүзді.
...Жұлдыздан оқығын кеп отыр ма екен,
Маңдайға көктен түскен сан жазуды.
Шықпайтын жан болсан да мұңы бетке,
Сенесің сезім атты құдіретке!
....Айнаға қарап әлде отырмысың,
Түсіріп өзіңді-өзің сүгіретке.
Қағазға қайта қонып сырым, мұңым,
Жүрегім тағы түрді шымылдығын.
Біреулер көміп кеткен сезімімнің,
Қайтадан туған күні бүгінгі күн!
Көңілім гүлсіз еді, көбелексіз,
Көгімнен нұр төктіңіз себелеп сіз.
...Құдай-ау, бұл не деген керім жанар,
Құдай-ау, бұл не деген керемет қыз.
***
Жүзің болып жарқырап санамда арай,
Сенен басқа әлемді тағы аңдамай,
Оңашада отырмын қиялға еріп,
Қиялымды шындық қып алам қалай?
Ажарыңды көрсем де алдыңғы күн,
Жаутаңдаған жанарды талдырды мұң!
Тағы сені іздеді іңкәр жүрек,
Тағы сені сағынып қалдым бүгін!
Сұрғылт аспан мұң қосты қалпыма сұр,
Бала көңіл қалайша салсын асыр?
Бірге болған жалғыз күн-жарты минут,
Бөлек жүрген жарты күн-жарты ғасыр!
Табыстырып біздерді талай бал түн,
Бір бақыттың ауылы қарайған-тын...
...Сағыныштан аспанға жыр оқысам,
«Мынау жынды шығар »-деп қарайды әркім...
Сезім билеп барады сөніп санам,
Кезде қалай жүргенмін жолықпаған?
...Құмарымды қандырып бір иіскеп,
Құшағыма басқанша өліп барам....
***
Қымбат болып тұрсың ғой
Қымбат болып!
Жанарың жүр жап-жарық жұмбақ төгіп!
Шақырымдар араға жатып алды,
Шақырып ем қолымды бұлғап көріп.
Сендей адам жалғыз ғой...
Білуші ме ең?
Сезімің бар ерекше, біріншіден!
...Сатып ала салатын зат емес ол,
Ханшатырдан...
немесе Үрімшіден
Үйретсе де сынақтар үйретудей,
Бақыт келсе деп едім сүйретілмей...
...Жырларымды лақтырып тастамашы,
Жүріп кеткен пойыздың билетіндей.
Алтын деген алтын ба қолда барда...
Соны ұғасың әйтеуір соңғы амалда.
Тағдырыңа жазатын хаттарыңды,
Оқу керек екен ғой жолданарда.
Қымбат болып тұрсың ғой
Қымбат болып!
Жанарың жүр жап-жарық жұмбақ төгіп!
Шақырымдар араға жатып алды,
Шақырып ем қолымды бұлғап көріп.
ӨМІР-КӨШЕ
Жүрек өлең, жан өлең, ойым өлең,
Дүниенің ісім жоқ тойыменен.
Жалғыз өзім келемін жаяулатып,
Қатар-қатар тас үйлер бойыменен.
Кештер ұзап кеткен соң күзгі қоңыр,
Бір ғажапты күтеді ізгі көңіл.
Көңіл нені күтсе де, көше мынау,
Осы көше сияқты біздің өмір.
Көріп жүрген көп іске үнсіз налып,
Танытамыз әлі күн мұңсыз қалып.
Құнсыздардың құны артып баратындай,
Құндылардың барлығы құнсызданып!?
Қайдан табам пенденің пейілін кең,
Көңіл қалды, кей аға, кей інімнен.
«Қыздар, қыздар» дейді әне бір апамыз,
Қымыз сатып тұрғандай мейіріммен!
Сұлу сөзден бірдеңе құраған боп,
Ақын деген атақты сұраған көп!
Өлермендеу болмасаң өңмеңдеген,
Өлеңіңе қарайтын бір адам жоқ.
Мына көше өзіндей жалған күннің,
Жалған күнде мұңға мұң жалғап жүрмін!
Бәрін бітпей көшіріп тыныштық жоқ,
Маңдайыма жазылып қалған жырдың!
Бірі былай асыққан, бірі былай,
Тіршілікте ұғарсың тіріні қай?
Жалғандағы жалғандық жан күйдіріп,
Өтіп жатқан беймаза ғұмырым-ай!
***
Жүретін шырайланып бірге өлеңім,
Жүректе айналғансың гүлге керім!
...Көктем деп сүйер едім күз боп кетсең,
Көлеңке болып кетсең Күн дер едім...
Аспанның ақ шуағы бойға дарып,
Көкке ұштым жырдан қанат байлап алып!
Мұң болсаң шаттығым деп сенгенімдей,
Түн болсаң таң дейтінім айдан анық!
Тас болсаң тас демеспін, мақта дермін,
Мақтаға тамған қаным шап-шақ ернің!
Ренжітсең-сүттен ағым деп өзіңді,
Бәрінен кінә іздедім басқа әлемнің!
Ең жақын бағым болдың бір қарасам,
Ең алыс сағым болдың бір қарасам!
...Көгімнен жауған нұр деп жақсы көрдім,
Көзімнен сағыныш боп сырғанасаң...
Ғашық боп, таусылғанда сайран кезім,
Өзіңнен өзге әлемді жойған да өзім!
...Бетіңе шыбын қонса көрмейді ғой,
Бойыңа шаң жуытпас қайран көзім...
Не деген жылы дермін қарға айналсаң,
Қалайда өрт қыламын жанбай қойсаң!
...Мен сені жүрегімде жасап алдым,
Ал сенің өз еркіңде қандай болсаң!
***
Сағат сайын арпалысқан сабыр, мұң...
Мұндай өмір кімге ұнайды...
Қадірлім?
Ұмытуға тиістіні ұмытпай,
Сағынуға болмайтынды сағындым!
Түсіме еніп таңнан сұлу түндер кей,
Өкінішке күйгенімді білгендей:
Қимайсың деп, ойлайсың деп тек мені,
Қинайсың кеп...
Мен жетісіп жүргендей!
Көңіл сынық...
Өмір мынау...
Күнде осы!
Мына шоқты өзің келіп үрлеші!
Құлап қалса, не боларым белгісіз,
Соңғы үміттің әрең тұрған іргесі!
Көңіл қалды көшедегі кісіден,
Араздастым бақыттың да құсымен!
...Мониторға тесілемін күні-түн,
Сен жүгіріп шығатындай ішінен!
Сағат сайын арпалысқан сабыр, мұң...
Мұндай өмір кімге ұнайды...
Қадірлім?
Ұмытуға тиістіні ұмытпай,
Сағынуға болмайтынды сағындым!
* * *
Тылсым бір ой кешкенде түнге иланып,
Есігі бақ пен сордың бірдей жабық!
Ақ та емес қара да емес күн кешіп ем,
Қай жерден шыға келдің күндей жанып!
Жанымды балдай тәтті сөзің баурап,
Көркіңнен сала алмадым көзімді аулақ!
Жылы да суық та емес еді жүрек,
Өртеніп барады енді, сезім лаулап!
Мазасыз ойлар ғана құшып санам,
Күйлерге көп түсіппін кісі ұқпаған!
Тым биік, тым төмен де емес едім,
Қиялым қанат байлап,
Ұшып барам!
Тұрған соң от лебің бойға дарып,
Жүректің кешер күйі айдан анық!
Бір әсем әлемге ертіп кеттің мені,
Мөп-мөлдір жанарыңа байлап алып...
Тағдырым дей алмаймын былай қылсын,
Білерім:айдан нұрлы шырайлымсың!
Таңымда күлесің бе? Ол да жұмбақ...
Бағым ба, сорымсың ба?
Құдай білсін!
***
Күңгірттеу күндер әлде өртеді ме,
Күдікпен қараушы едім ертеңіме!
Мен сені ертіп бардым дәмханаға,
Сен мені ертіп бардың ертегіге!
Аққудың қанатындай ақ көңілің!
Көңілге-көз тоймайтын шақ көрігің!
Жанарың жанарыма байланды да-
Өзгеріп шыға келді сәтте өмірім!
Айрылған кезімдегі кіл мұз,жүктен,
Өлеңім осы бәлкім мың қыз күткен!
...Түнеріп тұрған еді аспан кеше,
Ал, бүгін жымыңдайды жұлдыз біткен...
Арманмен жылжыған соң күнде кешің,
Қиялды сан аралап үлгересің!
Періште деген сөзді бәрі айтады,
Сен жаным, жер көкте жоқ «бірдеңесің»!
Ал, енді өсектесін жата қап ел,
Олары болса маған батар егер...
...Көзімді жұмып едім:сұрықсыз күн,
Ашып ем, алдымда тұр фотомодель!
Көрсем де шытырманын мың көшенің,
Шектен бір шығарған жоқ мүлде шерім!
Өкініш көп тістеген мынау ерін-
Бетіңнен сүйіп кетті түнде сенің!
Күңгірттеу күндер әлде өртеді ме,
Күдікпен қараушы едім ертеңіме!
Мен сені ертіп бардым дәмханаға,
Сен мені ертіп бардың ертегіге!
Рахат ӘБДІРАХМАНОВ
Бөлісу: