Цзюнь Цин: Тау сұңқары (әңгіме)
Бөлісу:
Автор туралы
Цзюнь Цин (Сунь Цзюньцин) 1922 жылы Шоньдун провинциясында туған. Деревняда ержетіп, он үш жасынан бастап шебердің көмекшісі болып жұмыс істеді. Жапондықтарға қарсы соғыс кезінде үгітшілік жұмыспен айналысып, өз білімін көтеруге күш салады. Алғашқы әңгімесін 1941 жылы жазды. Көп уақыт армия баспасөзінде және Синьхуа агенттігінде жұмыс істеп, 1952 жылдан бастап жазушылық іске түбегейлі ден қойды. Елуінші, алпысыншы жылдардың басында «Өзен үстіндегі шапақ», «Магишан тауында», «Дауылпаз» т.б. әңгімелер жинақтарын жариялады. «Мәдени революцияға байланысты болған біраз үзілістен кейін «Жағаны соққан асау толқын» жинағы мен «Теңіз даусы» атты романын ұсынды. Цзнь Циньнің біраз әңгімелері «Өзен үстіндегі шапақ» деген атпен 1957 жылы орыс тілінде жарыққа шықты.
Бұл өткен жылы болған оқиға еді.
Жаз күндерінің бірінде қаланың солтүстік жағында жатқан Дашаньсян болысындағы Ухулин деревнясына аттанған болатынмын. Жұрттың айтысына қарағанда, бұл таулы ауданның өзінде жер суландыру ісі айтарлықтай жолға қойылған көрінеді... Мен уездік партия комитетінен шыққан кезде күн көкжиекке еңкейіп қалған кез еді. Отыз лидей[1] жолды жаяу жүріп өтуім керек екендігін жақсы білетінмін, бірақ тау жолының оңайға түспесін пайымдай қоймаппын. Ымырт қараңғылығы қоюлана бастаған шақта сапарымның аяқталуына да көп қалмаған болатын. «Күн ұясына қонғанша көз көрім жерге жетесің» дегендей іңір қараңғылығының біртіндеп түсетініне әбден үйренген жан едім, бірақ тау ішіндегі түн тіпті бірден ұйый қалады екен. Мен жол үстінде келе жатқанда күннің тау шоқысына қонақтағаны сол еді, сай іші демде қараңғы тартып сала берді. Күн тауға асығыс жасырынған сәтте-ақ көз байланып, таудың қиялы қиын соқпағында аяқ басу қатерге айнала бастады. Жоғарыға қарасам: биіктен қарауытқан алып шоқылар кез-келген сәтте дәл төбеңе құлап түсердей төнеді, ал төменде: аяғыңның астындағы пышақпен кертіп жасағандай жып-жылтыр жалама жартастар үңірейген терең сайға тарта жөнелердей. Жүріп емес, ауада қалқып келе жатқандаймын. Мұндай жолмен түн ішінде жүрудің қаншалықты ессіздік екендігін енді ғана ұғып келемін.
Бірақ ең басты қауіп-қатер алдымда еді, осы маңның байырғы тұрғындарының сөзіне қарағанда, бұл жолдың айтағасын қиямет бір тұсы бар көрінеді. Жолаушының түпсіз құзға құлдырай жөнелуі үшін абайсыз жасаған бір қадамы-ақ жеткілікті. Қазасын осы құздан тапқандар да аз болмаса керек. Жартастарға қолың тиіп кетсе болғаны опырылып түседі екен. Сондықтан да жолдың бұл тұсын жергілікті тұрғындар «Шайтан жартас» деп атаса керек. Осы жайлар есіме түсуі мұң екен, жүрісім өнбей, тұла бойымды үрей биледі. Мен жолдың осынау қарғыс атқан тұсынан көз байланбай өтіп кетермін деп дәмеленіп едім, бірақ уақыт шіркіннің тез өтсеші деп тілегеніңмен асықпайтыны: сен асыққан тұста керісінше оның қас-қағымда өте шығатын пендеге жасар қасақы қалжыңы қалған ба, бұл жолы да уақыт доңғалағының қара көлеңкесі Шайтан жартасқа менен көп бұрын жетті. Құлаған жартастарға тола терең сайдан ақсұр тұман өрлеп келе жатса, биік шыңдардың басындағы қорғасындай ауыр бұлт төмен түсіп келе жатты. Аздан соң екеуі бір-бірімен астаса келіп, айналаны тұншықтырған сәтте мен жолды көруден біржола қалғанмын.
Амалсыздан тоқтауға тура келді. Сыртқы пошымы жатқан сиырдан аумайтын жол шетіндегі үлкен тас үстіне отырып, терімді сүрттім. Өн бойымды өкініш биледі. Осышама кештетіп жолға шыққаным үшін және қол шамды ала жүрмеген жаңғалақтығым үшін өзімді-өзім кінәлай бастадым. Бірақ, «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» дегендей ендігі өкініштен де, өзімді кінәлаудан да қандай пайда болсын. Маған осынау иен таудың ішіне түнеп шыққаннан басқа ешқандай жол қалмаған еді. Түн төбемнен қап-қара күмбездей болып төне түсті, жылт еткен не бір жұлдыз, не ай көрінбейді. Көп кешікпей нажағайдың ойнайтынына ешқандай күмән жоқ еді. Үйіре соққан қатты желден қарағайлар шулап қоя берді, сай табанындағы асау өзен сарылдып-гүрілдейді. Осынау үрейге толы төңірекке үңілген сайын жүрегімнің соғысы жиілей түскендей. Әбден шаршағаннан бір басуға жарамай қалған аяғымды сүйреп, орнымнан енді жылжи бергенім сол еді, аяғымды тас қағып кетіп, етпетімнен құлап түсе жаздадым. Тас болса түпсіз шыңырауға қарай жер-дүниені басына көтеріп, домалай жөнелді. Біраз уақыт өткен соң барып, жаңағы тастың сай табанына барып түскен дыбысы естілді. Сол сәтте жақын маңнан әлдекімнің даусы ап-анық естілді:
– Бұл кім?
Мен соңыма жалт қараған кезде келе жатқан әлдекімнің сұлбасы көрінді. Қуанғанымнан:
– Жол болсын! Қай жаққа бар жатырсыз? – деп көңілдене дауыстадым.
– Ухулинге. – Жолды таяғымен түртіп болжап келе жатқан кісі менің жаныма келді.
– Жолымыз бірге екен ғой онда! – дедім мен қуанышымды жасыра алмай. – Міне, тамаша болды, қол шамың бар ма?
– Маған оның түкке де қажеті жоқ, – деп жолаушы әзілдей тіл қатты.
Мен амалсыздан үнсіз қалған едім. Менің көңілімнің ортайып қалғанын сезсе керек, ол жүрісін жылдамдатып жанымнан өте берді де, таяғының ұшын маған ұсынды.
– Мә, таяғымның ұшынан ұста да, соңымнан ілесе бер.
Мен таяқтың ұшынан ұстаған кезде бейтанысқа деген ризашылығым шексіз еді. Мен өзімнің жол бастаушымның жүзіне қанша үңілсем де көзге түрткісіз қараңғылықтан оның сұлбасынан басқа ештеңе ажырата алмадым. Алдыға түсіп алып, соншама батыл да мүдірмей адымдай жөнелгеніне еріксіз таңырқаған мен:
– Жолдас, мына қараңғыда жолды қалай ғана тауып келе жатырсың? – деп сұрадым.
– Осы жердің, – деді ол, – Ухулинның тұрғынымын. Өзің ше? Сөзіңнің мәнеріне қарағанда өзің де осы маңдікі боларсың?
– Иә, мен Шығыс жақтан, Хайяннанмын.
– Е, Хайяннанамын де. Онда да болғаным бар еді, – деді ол қатты дауыстап. Үнінен біртүрлі қуаныштың лебі сезілгендей. – Онда да биік-биік таулар бар ғой. Цзюйцзыцянь, Мынцюань, Лэйшин – бәрі де таулы аудандар еді-ау. Қазір қалай ол жақта? Көптеген жаңа құрылыстар салып тастаған шығар? Ал су қоймасы бар ма? Цзюйцзыцяньда үлкен су қоймасын салып, электр қуатын өндіруге болады ғой.
Мен соңғы он жыл бойына болмағандықтан, қазір ол жақта қандай өзгерістердің болғанын білмейтінімді айттым.
Сапарласым көңілі олқы түсіп қалғандай бір күрсініп қойып:
– Он жылдан астам дейсің бе? Демек, шалғай бір жаққы кеткенсің ғой, – деді.
– Иә, дедім мен, – осыған дейін оңтүстік жақта болып, жақында ғана оралдым. Қазір Лайяанға жақын болыстардың бірінде тұрып жатырмын.
Мұны естіген ол қуанып кеткендей тағы да мені сұрақтардың астына ала бастады.
– Е, оңтүстікте де. Саньсяда болғаның бар ма? Ол жерде алып су электр станциясын салғалы жатыр деп естіп едім. Ал Шанхай жақта болып көрдің бе? Олар қалай? Шанхайлықтар үлкен секіріс қозғалысына белсене кірісті деуші еді, шамасы, біраз құрылысты тұрғызған болар? Ал Нанцзинлу көшесі тіпті құлпыра түскен шығар, ә? Вайтан ше? Ол менің бар білгенімнің түгін қалдырмай естіп алайын дегендей сұрақтарды қарша боратты. Шанхай туралы әңгімеміз аяқталды-ау деген кезде Лайяан уезінің оңтүстігіндегі жағдай: тау сағасына орналасқан Ицзыбао мен Дафын деревняларындағы жұрттың қалай тұрып жатқандығы туралы тәптіштей бастады. «Суландыру жүйесін сала бастады ма? Лайянды қайтадан көркейтудің жоспары қалай жүзеге асырылып жатыр? Улунхэ өзенін игеруді қалай іске асырмақ?... Сұрақтар бірінен кейін бірі қойылып жатты. Ол біздің өміріміздегі керемет өзгерістердің бәрін де білгісі келгендей дәл бір бала сияқты үсті-үстіне сауалдар қойып, соның бәрін өз көзімен көргісі келетіндей сыңай танытады. Біраз жайларды біліп болған соң ол өз деревнясының болашағы туралы тебірене әңгімелеп кеткен. Бұрын бұл маңды қайыршылық пен жоқшылық жайласа, енді тіршілік түлеп, жұрт барлық пен бақытқа кенеле бастапты. Осы жылдың көктемінде деревняның шығыс жақ шетіндегі Хейсяцзы өзенін бөгеп, үлкен су қоймасын салған екен, енді ол тек егістікті суландырып қоймай төңіректегі деревняларды токпен қамтамасыз етеді екен. Жуырда кинотеатр салынып, тау ішіне тас жол тартылатын көрінеді... Оның осы жаңалықтардың бәрін де соншалықты мақтанышпен, ерекше шаттана айтқаны соншалық, менің еріксізден «Міне, уақытпен бірге жарысып, өмірмен қоян-қолтық қатар қадам басқан жан» деген ойға келуіме тура келді. маған оның әңгімені айту мәнері ол революцияның от-жалынынан өткен кешегі солдаттың сөзіндей болып көрінді. Осынау ойдың маған маза бермегені соншалық оның өзі туралы енді сұрасам деп оқтала бергенімде ол тоқтай қалды да, төбемізден төніп келе жатқан қорғасындай ауыр бұлтқа өз бетін тигізгісі келгендей басын жоғары көтеріп, мойнын жан-жағына бұрды да, көңілдене тіл қатты.
– Көп кешікпей жаңбыр жауады. Нағыз нөсер. Қателесіп көрген емен! Мұндай жаңбырдан кейін біздің станция ток бере алмайтын шығар. Тіпті, бүгін түнде-ақ деревнямызда электр шамдарының жанбауы ғажап емес. Жарық поселканы ғана емес, осы тау ішінде де нұрын төгеді. Көрдің бе, жолды жағалай электр шамдары құрылып қойылғанын.
Бірақ мен ештеңе де көре алғаным жоқ, айналада түгелдей ұйыған қараңғылыққа бөгіп тұрған кезде бірдеңені байқау мүмкін емес еді.
– Шынымен-ақ осы жерлерге де шам қойылған ба? – деп сұрадым мен.
– Иә, сай бойына түгел қойылған. Егер сен осы жолмен түн ішінде тағы да бір рет жүруіңе тура келсе дәл бүгінгідей қорқа қоймайсың! – деді ол мақтанышпен. – Алдымызда бір жер бар – Шайтан жартас деп аталады. Естігенің бар ма? Қазір, сәл жүрген соң жетеміз. Дәл сол жердің өзіне жүздей шам қойылды. Мұның бәрі де түк емес, келесі жолы келгеніңде машинамен зырлап отырып, тура деревняға кіретін боласың. Қой, жылдамырақ жүрелік, қазір нөсер жаууға тиіс.
Ол сөзін аяқтап үлгірмей-ақ найзағай ойнап, күннің күркіреген сарыны естіле бастаған. Бұлт жер бауырлап, қараңғылық одан әрі қоюлана бастады, найзағай ойнар алдындағы табиғаттың әдеті қайталанып, ауадан бір тәтті дәм біліне бастады. Көп күттірмей-ақ жерге жаңбырдың алғашқы тамшылары тама бастаған. Жол ауырлай түсті. Серігім де үнсіз жүріп келеді. Ол таяғын өз қолына алды да, білегімнен тас қып ұстап алды. Мен жаңағы айтқан қауіпті жерге жеткенімізді іштей түйсініп келемін. Желдің ұйтқи соққан үнімен-ақ оң жағымыздан биік жартастың төніп, сол жағымызда терең шатқалдың жатқанын сезіп келемін. Біз балықтың қыр арқасындағы сүйектері сияқты шодырайып шығып тұрған үшкір тастарды басып, жалғыз аяқ жіңішке соқпақпен жүріп келе жаттық. Найзағайдың көз қарықтырар жарқылы кезінде оң жағымыздағы үлкен қой тастың бетіне «Шайтан жартас» деп жазылған иероглифті көріп қалдым. Жүрегім лүпілдеп, аузыма тығылды. Серігім осыны сезгендей, менің қолымды қаттырақ қыса ұстап алды да, мені жартас жаққа қарай шығарып, өзі құздың жиегін жағалап жүріп ортырды.
– Қорқа берме, жолдас, – деп, ол мені тыныштандырып қойды, – бәрі де ойдағыдай болады.
Тағы да найзағай ойнап, дәл төбемізден күн шатырлаған кезде биік тау қопарыла құлап келе жатқандай айнала гүрілге толды.
Жаңбыр шелектеп төкті. Малмандай су болған біз тайғанақ тастың үстімен әрең жылжып келе жаттық, бірақ менің серігім бұрынғыдай қолымнан ұстап алып, жетелеп келеді. Көп ұзамай осынау қарғыс атқан тұстан өткен едік. Тастақты жол біткен кезде табанымның қатқыл жерге тигенін сезіндім. Сол кезде қалың жаңбырдың арасымен алдыма түсіп алып жортып бара жатқан бейтанысқа қарап, жан-дүниемді бір түрлі ризалық сезімі бөледі. Менің алдымда майданда өз өмірін қауіп-қатерге тігіп жолдастарын ажалдан құтқарған нағыз ержүректің өзі кетіп бар жатқандай. «Иә, – деп ойладым мен сапарласымның бар болмысын қалтқысыз біліп алайын дегендей, – бұл тек майданда ғана емес, бейбіт күндерде де ерлік көрсете беретін кісілердің бірі ғой». Бұл кісі туралы қаншалықты көбірек білгім келгенмен жаңбырдың сытырлаған үнінен ештеңе естуге болмайтын еді. Жаңбыр басталған сәтте нағыз нөсердің болатынын айтып, қалай шаттанып, қалай қуана алға қарай адымдай басқанын көргенде оны әлдебір маңызды істің күтіп тұрғанын білгенім кенеттен есіме түскені. «Бәлкім электр станциясына асығып келе жатқан болар» деп шештім мен.
Біз деревняға кіргенде ол менің бір үйдің қақпасының алдына алып келді.
– Түннің бір уағы болды, осында түнерсің, ал ертеңгісін кооперативтің бір жұмысшысын ертіп келермін. Мұнда бір жалғызілікті қарт коммунист тұрады, уезден, ауданнан келген меймандар көбіне осы үйге түседі.
Ол солай деді де, барып есікті қаққан.
– Атай, уезден бір қонақ келіп еді, сіздің үйге қонып шыққысы келеді.
Үйдің есігі шиқылдап, қарт кісінің жөткірінгені естілді.
Есік айқара ашылып, қарттың өзі де көрінді:
– Ертеңге дейін сау болып тұр, жолдас! – деді де менің сапарласым бұрылып алып, жүріп кетті.
– Бұл кім? Жаңбыр құйып тұр ғой өзі, тезірек үйге кір. Анау сенімен бірге келген кім? Бұл сенсің бе, Чжиган? Қайда бара жатырсың? Үйге кіріп, киіміңді кептіріп алмадың ба?
– Ештеңе етпес, атай, – деді сапарласым сәл кілдіріп. – Менің әлі де біраз шаруаларым бар.
– Қайдағы шаруа ол? Жігітім, сенің оттан көйлек кигендей шапқылап келіп жүретінің-ай осы! Кіріп, дем алсаң болар еді ғой.
– Жоқ, атай, су қоймасына баруым керек. Тасқын бола қалса бәлкім, бүгін түнде станцияны іске қосармыз, – өзі қараңғылыққа сіңіп, көрінбей кеткен жігіттің үні анық естілді.
– Байқап жүргейсің! – Қарт қиғаштай жауған жаңбырға біраз қарап тұрды да танауының астынан әлденелерді айтып үйге кірді.
– Әй, жігітім-ай, саған не дауа бар?
Осы бір жалғыз ауыз сөзді астарынан ол жігіттің мақтаныш етудің және оған деген ерекше ілтипаттың лебін сезгендеймін.
Қарт ошаққа отты лау ғып жағып, менің кептірініп алуыма кеңес берді. Отқа жылынып тұрып мен қартқа Шайтан жартастан қалай өткенімізді тебірене әңгімелеп бердім. Менің сөзімді тыңдап болған ол басын изеп қойып, ерекше мақтанышпен былай деді:
– Жап-жас жігіт! Екі көзі бірдей су қараңғы деп ешқашан ойлай алмайсың.
– Немене? Сіз не дедіңіз? – Мына сөзге сенейін бе, сенбейін бе?
– Ал сен оны байқамадың ба, немене? – Қарт маған таңырқай қарады. – Ол қос жанары бірдей көрмейтін, зағип жігіт.
Өз құлағыма өзім сенер емеспін. Мұндай болу мүмкін бе? Менің соншалықты таңырқап отырғанымды көрген қарт күліп жіберді:
– Әрине, ол үшін мынау дүние тамұқпен бірдей қараңғыға айналғаны рас. Оның осындай зағип жан екеніне сену қиын. Жігіттің жай-жапсарын бұрыннан жақсы білмеген болсам мен де сенбес едім. Ал оның өзіне келетін болсақ, дәл әкесі сияқты нағыз ер.
Қарт әлдебір ойға берілгендей басын төмен салбыратып отырды да, отқа екі-үш бұтақ тастады. Қу бұтақ сытыр-сытыр жанып, лап еткен жалынға айналды, сол сәтте алау нұры ойнаған қарт жүзінен ойға батқан, әлде толқып отырған дидарын тануға болар еді.
– Чжиган туралы айтып беріңізші, – деп өтініш жасадым.
Ол менің бетіме көз тастады да, мойнын қисайтып, терезеден тың тыңдады. Деміл-деміл күн шатырлап, барған сайын үдей түскен жаңбырдың тысыры бүкіл тау ішін ерекше бір ырғақты гуілге толтырған үн естіліп тұрған.
Қарт найына шылым толтырып тұтатты да, маған қарап басын изеген:
– Жарайды, тыңдай бер. Яжиган менің көршім, үйі мінеки іргелес орналасқан. Біздің фамилиямыз бөлек-бөлек болса да бір туғандай болып кеткен жандармыз, әкесімен бала күнімізден достығымыз жарасқан, ол кезінде менің партияға өтуіме кепілдік берген еді. Есімі – Сюй Лаосань болатын – сен ол туралы уезде естімеп пе едің? Қырық бірінші жылы осы деревняның оңтүстік жағында тұрған Сюй Чжуннань помещиктің қолынан жазым болды. Помещиктің ұлы Суйэрху Чжао Баоюань қолбасшылық ететін гоминданшылар әскеріндегі екіншгі аудан отрядының комапндиі болатын. Ол кезде Лаосаны біздің өлкедегі астыртын жұмысты жүргізетін. Бір күні түнде Сюй Эрху мен оның бір топ жендеттері Даосаньның үйіне басып кіреді де, оны байлап-матап, Шайтан жартасқа алып барады. Оны құлама құздың жиегіне апарып қойып, жергілікті коммунистердің аты-жөндерін айтып беруін талап етеді. Ай сүттей жарық еді, ажалды жартас басында қандай сұмдықтың болып жатқанын деревняның кей адамдары көріп тұрады. Әрине, Сюй Лаосань аналарға дәнеңе айтпайды, оның есесіне өздерін жақсылап тұрып сыбайды. Сол кезде Сюй Эрху оны төмен қарай итеріп жібереді. Сәті болғанда құламаның түбіндегі зәулім ағаш биіктен құлаған денені бұтақтарымен тосып алып, оның тасқа түсіп, өліп кетуіне мүмкіндік бермейді. Оны үйіне алып келген кезде тіл қатуға шамасы болмаса да, кеудесінде жаны бар еді, әлдебір маңызды шаруасын айтып кетейін дегендей жаутаңдап бетіме қарай берген.
– Лаосань, кегімізді жібермейміз, сен үшін міндетті түрде кек аламыз, – дедім мен оған.
Бірақ ол ең басты өсиеті айтылмай жатқандай менен көз айырмай қарауын тоқтатпады. Мен жан-жағыма қарадым. Жанымда ернін көгерте тістеп, ыстық жасын ішіне жұтқан Чжиган тұрған.
– Лаосань, көп қамықпа, сенің ұлың менің де балам болады. Егер менде бір үзім нан болса Чжиган аш қалмайды.
Тағы да менің сөзім оған еш әсер етпей, жанарын өңменіме қадауын тоқтатпады. Сасайын дедім. Жан дүниесіне байыз таптырмаған қандай кеп? Мен ұзақ ойланып, ақырында тапқандай болдым. Бір жолы екеуіміз тауда жұмыс істеп жүргенімізде Лаосаньның айтқан арманы бар-ды: «Егер біле білсең мен үшін негізгі екі-ақ мақсат бар, одан басқаны өмірден тілемеймін де. Біріншіден, революцияның жеңгенін, біздің таулы өлкеде коммунизмнің орнағанын көрсем, екіншіден, Чжиганды екеуміз сияқты коммунист қып тәрбиелесем деп армандайтынмын. Бірақ, кейде ұлым маған бір түрлі босбелбеу болып көріне береді», – деген еді ол. Осы бір жай есіме оралысымен мен былай дедім:
– Лаосань, сені ұлыңның тағдыры толғандырып жатыр ма? Бірақ оған қам жемей-ақ қой. Партия, жолдастары оны нағыз адам етіп тәрбиелеейді, сенің өзіңдей болып ер жететін болады. Оның жолында мен де аянып қалмаспын.
Оның менен күтіп жатқаны да осы сөз еді. Жүзінен қуанышты күлкінің табы болар-болмас сезінді де, ол көз жұма берді.
Ол кезде Чжиган он жаста ғана еді. Бала әке мәйітінің жанында тұрып көп жылады, бірақ жұрт көзінше бір тамша жасын көрсетпеді. Ол күні бойы мақсатсыз ойын қуатын біздің балалар сияқты емес, мінезі ауыр, ұстамды жеткіншек еді. Әкесі көз жұмған соң оның мінезі күрт өзгеріп кетті. Бұрын оның ағаштың басына шығып, жартастарға өрмелегенiн немесе құстардың ұяларын көріп, қасқыр апандарын тіміскілегенін көрген ешкім болмайтын. Енді күні бойы тау кезіп, әсіресе қайдағы бір қиын жартастарға өрмелейтінді шығарды, бәрінен бұрын Шайтан жартасқа жиі барғыштайтын. Тіпті қысқа күнде сол жерге қарай кемі жүз мәрте жүгіретін болар. Шешесі жазған қараусыз кеткен ұлы үшін шыжақтап, ол бір күні тастан құлап өлер деген қауіптен оның тауға баруына да тыйым салыпты. Бірақ жеткіншек оған тоқтар болмады. Бірде тіпті шешесі ұлын аямай ұрып та көріпті, бұдан да еш нәтиже шыға қоймады. Әбден амалы таусылған әйел маған келген. Әкесі қайтыс болғалы бері Чжиган айтқанымды екі етіп көрмеп еді, бірақ бұл жолы мен де оны тоқтатар қайран таба алмадым. Мен оны Шайтан жартастың жанынан тауып алып ақылымды айтқан кезде ернін тістеп, үнсіз тыңдап тұрған еді, алайда ертеңінде тағы да тауға қарай бет алды. Көп ұзамай Чжиган жақпар тастардан тау текедей секіріп, ең қиын деген жартастар оған бөгет болудан қалған, ал Шайтан жартастың әр кедір-бұдырына дейін жатқа білетіні соншалық, оның қиямет жолымен екі көзін тарс жұмып та өте берер еді. Тек осы кезде ғана менің санама әлдеқандай бір сәуле түсе бастаған болатын. Көп ұзамай-ақ, бірнеше ай өткен соң болжамым шындыққа айналды.
Бір күні осындай найзағай ойнап тұрған түн ішінде Сюй Чжуннань помещик жанында ұлы және жанында күзетші солдаты бар қаладан қайтып келе жатып, Шайтан жартастан құлап үшеуі бірдей өледі. Дәл сол кезде олардың соңынан ілесіп, базарға барып қайтқан Ванфу келе жатады. Ол кейінірек айтып жүрді: Нажағай жарқ ете қалған кезде кіп-кішкентай бір тіршілік елбең етіп, жартастан секіріп түсіп, жүргіншілерді қарсы алдына тұра қалады. Шарт етіп күн күркірейді, сол сәтте Сюй Чжуннань есіріктерімен бірге құздан құлап жоқ болады. Нажағайдың оты тағы бір жарқ ете қалғанда Ванфу жаңағы кішкентай тіршіліктің жартастың кенересіне жабысып кетіп бара жатқанын көреді. Ол бұл сұмдықтың адам емес екендігін, адам баласының түн қараңғылығында Шайтан жартасты өрмелеп тез жүруінің мүмкін еместігін айтып, ант-су ішті. Ол жаңағы тіршілік Сюй Чжуннань помещиктің шектен асқан қаскөйлік әрекеттері үшін оны жазалап, жанын жаһаннамға жөнелту үшін келген тау киесі екендігіне титтей де күмән келтірмеді. Оның әңгімесін тыңдай отырып, мен іштей сүйсіне күлген едім, бірақ бала үшін қорқынышы да жоқ емес болатын. Келесі күні Чжиганды тауып алып, мен одан:
– Бұл сенің ісің-ау, ә балақай? – деп сұрадым.
Ол үндеген жоқ, бірақ қос жанарындағы ерекше бір жарқылды байқадым.
– Бұлайша әрекет жасауға болмайды, – дедім мен оған. – Әкеңнің көз жұмар алдындағы соңғы тілегін білесің бе?
– Иә, есімде, атай, – деп жауап берді ол. – Маған бір шаруа тапсырыңызшы.
Айтары не, Чжиган ақылына батылдығы сай бала болып өсті. Көп ұзамай ол біздің астыртын байланысшымыз болған еді. Күн өткен сайын ол ең бір жауапты да қиын тапсырмаларды орындаумен болды. Оның батылдығы өз алдына, ол іске адалдығы мен берілгендігі жөнінен оған тең келер кісі табу мүмкін емес-ті. Бірде оны біз Датаочжандағы бір жолдасқа барып келуді тапсырғанбыз. Жол үстінде оны гоминьданшылар шала жансар күйге түскенше сабапты, бірақ ол жұмған аузын ашпайды. Ауыр соққыдан есінен танып жатқан баланы өлдіге санаған жаулар оны түбінде суы бар шұңқырға тастап кетеді. Түн ортасы болған кезде есін жиған Чжиган еңбектеп отырып, тапсырған затты беруге тиісті жолдастың тұрағына жетеді. Үйіне келген ұлының өне бойында сау-тамтық қалмағанын көрген шешесі оның қандай сұмдыққа тап болғанын сұрайды, бірақ бала да шұңқырға құлап кеттім дегеннен басқа дәнеңе демейді. Шешесін тыныштандыру үшін еш жері ауырмайтын кісі сияқты сыңай танытады ғой. Жеткіншек бұл шаруадағы жауапкершілікті жақсы сезінетін, шешесін жан-тәнімен жақсы көре тұрса да өзінің іс-әрекеттері туралы сездірмейтін ғой. Бірде шешесі төсек тартып ауырып қалады да, үйде бір үзім нан болмайды. Бұл жайды білген біздің жолдастар Чжиганға азын-аулақ ақша береді... Ол базарға барып, үйіне бірнеше шелпек нан сатып әкеледі. Бірақ нанның қайдан келгенін анықтап алмайынша шешесі шелпекті аузына салмайды. Чжиган ол нанды базардан мен сатып әперді деп еріксіз өтірік айтады. Ол кезде менің кемпірімнің бар кезі. Дәл сол күнің біздің үйдегі кісі Чжигандікіне барса шешесі жазған кемпірімді алқап қоя берсе керек. Аңқау кемпірім қайдан білсін: «Жоғ-а, бііздің шал кешелі-бүгін базарға барған жоқ» деп қойып қалыпты. Сөйтіп, Чжиганның өтірігі ашылып қалады. Нанды базардан ұрлап алды деп ойлаған шешесі шелпекті күлдей қып үгіп тастап, Чжиганды етпеттетіп салып қойып жазалауға кіріседі ғой. Ұлын соғамын деп шешесі екі таяқты сындырады, қатты ауырсынғаннан өне бойын тер басып кеткен Чжиган ернін тістеп жатып: «Шешей, ашуыңды басқың келсе мені сабай бер. Бірақ мен нанды ұрлаған жоқпын. Сенің ұлың ондай адам емес. Мен әкемнің атына ешқашан кір келтірмеймін, – дейді. Бала осылай дейді де, жылап жібереді, таяғын лақтырып жіберіп, шешесі де оны құшақтай алып, қоса жылайды...
Көрдің бе, бұл баланың қандай жан екенін, сол кезде ол небәрі он үш жаста ғана болатын.
Қырық жетінші жылы гоминьданшлар Цзядунға шабуыл бастаған кездеб Чжиган да армияға аттанады. Майданда ол көзсіз ерлік пен қажырлы табандылық танытып, әрбір шайқас үшін наградталып отырады да, наградаларын үйіне, шешесіне жолдаумен болады. Соның бәрі де әлі күнге дейін үйлерінің қабырғасында ілулі тұр. Америка агрессорларына қарсы қозғалыс тұсында ол Кореяға көмек көрсету үшін майданға аттанған кезде рота командирі дәрежесіне көтерілген болатын. Сангалерен үшін шайқас кезінде оның өкпесіне оқ тиеді де әскерден босайды, сөйтіп өткен жылы үйіне оралды.
Оның үйіне оралғанын көрген кезде қуанышым мен ренішімнің ара салмағы бірдей еді: қуанатыным – араға көп жыл салып, тумаса да туғандай болған ұлыммен есен-сау көріскенім: ренжігенім – Чжиганның ес біліп, етек жапқалы бір күн тыным табу дегенді біле алмағаны. Ол әкесінің кегін алып, Отаны үшін шайқасты, енді міне, мүгедек болып, оралып отыр. Әлі қыршын жас қой өйткені, оның әрі қарайғы тіршілігі қалай болар? Бірақ Чжиганның өзі болса кемтарлығын мүлде ұмытып кеткендей. Ол алғашқы күні-ақ маған:
– Атай, мінеки үйге де келдік, маған берер қандай жұмысың бар? – деген болатын.
Мен оған:
– Қазір қолыңнан не келеді сенің? Қазір саған жақсылап тұрып тынығу керек! – деп жауап бердім.
– Оның не, мені мүгедектердің үйіне аттандырғалы тұрғаннан саумысың? Жоқ, оған әлі ертелеу шығар!
– Ал, сонда не істегің келіп еді?
– Қандай шаруа болса да бәрібір емес пе?! Бостан бос сенделіп жүрмесем болғаны.
Біз екеуміз ұзақ сырластық. Мен оған өз өмірім туралы әңгімеледім. Ол кезде коопперативтендіру қозғалысы басталып, шаруалар қай соқпаққа түсерлерін шеше алмай, толқып тұрған кез. Қайсыбіреулер кооперативке кіріп алып, қолының ұшымен ғана қимылдап дегендей, өздерінің үй қояндарын бағып-қағып жүретін. Бір кезде бұл өлке тұрғындарының жаппай қоян асырап, сонымен күн көрген кездері де болғанын сен естіген де боларсың. Әскерден босап келген Сюй Чжунцзян деген біреу өзінің демалысқа шыққанда алған бірнеше жүз юанын сол қоян асырауға жұмсаған болатын. Осының бәрін естіп-білген соң Чжиган маған бір ауыз сөз айтпастан үйіне кеткен болатын, сөйтсем әскерден босануына байланысты алған бар қаражаты – бір мың бір жүз юанын кооперативке апарып беріпті. Содан соң өздері кезінде бір ротада болып, жаумен қатар шайқасқан қанды көйлек досы Сюй Чжунцзянға барыпты. Олардың сол күні не туралы әңгімелескендерін білмеймін, бірақ содан кейін Сюй Чжунцзян өзінің қояндарын тастап, кооператив жұмысына қызу араласты. Көп ұзамай ол коопертивтің ең белсенді мүшелерінің бірі болды.
Көп ұзамай Чжиганды болыстық біріккен партия комитеті секретарының орынбасары етіп сайлаған-ды, ал ол болса жұмысқа жан-тәнімен кірісті де кетті. Біздің аудандағы деревнялардың бір-бірінен соншалықты бытыраңқы орналасқандығын бірінен біріне жету үшін түрлі-түрлі қилы қиын жолдармен өрмелеу керек екенін саған ескертіп қояйын. Чжиган болса денсаулығының нашарлағына қарамай күн сайын бір деревнядан екіншісіне жүгірумен жүріп, кейде уақытымен тамақ ішіп, уақытымен дем алу керектігін де ұмытатын. Ол күн санап жүдеп-жадап жүрсе де, жұмысқа келгенде өгіз сияқты жүре беретін. Іс-әрекетіне қарағанада оны ауданымызды бір-ақ күнде байытып, көркейтіп жіберетін адамға ұқсатуға болар еді. Біздің деревняларымыздың тұрғындары өте кедейшілікпен күн көреді, астықтан жақсы өнім алу дегенді ешқашан көрген емеспіз, бұл өңірді қуаңшылықтың жайлап алғанына он жылдың мұғдары болды. Тауларымыз биік, егістік жерлер әбден тозған, жаңбыр жауса болды, тасқын жолдағының бәрін жайпап жуып өтеді де, жауын-шашын басылған бетте-ақ жер қолма-қол құрғап кетеді. Тіпті будың қалың көтерілетіні соншалық, айнала түгел түтіндеп жатқандай көрінеді. Сондықтан да әрбір көктем сайын біз ашаршылыққа ұшырап, үкіметтен көмек күтіп, аузымызды ашып отырар едік. Әскерден келгеннен кейін көп кешікпей актив жиналысында сөйлеген Чжиган былай деп еді:
– Жолдастар, біз мемлекетке не беріп отырмыз? Ештеңе де, біз ел үшін – нағыз арамтамақтармыз! Жыл сайын алақанымыызды жайып, үкіметтен дән сұраймыз. Бұл қандай тіршілік? Ешқандай да тіршілікке ұқсамайды. Біз бұның тамырына біржолата балта шабуымыз керек.
Содан кейін мен оны тау жақтан жиі көретін болдым, ол үнемі әлденелерді байқап жүргендей көрінетін. Нағыз тау киесі сияқты биік-биік шоқылардың басына шығып алып, әлденелерге көз тіккендей бір орнында ұзақ-ұзақ отырар еді, немесе жұрттың бәрін аралап, олармен әңгімелесетін. Мен оның әлденелерді ой сарабына салып, бір түйіннің шешімін таба алмай жүретінін білетінмін. Айтып-айтпай, көп кешікпей ол маған келіп, былай деді:
– Атай, бір мәселелер туралы ойлағаным бар еді, сол жайлы өзіңмен әңгімелессем бе деп едім. Меніңше, деревнямыздың шығыс жақ шетінен Хзйсяцзы өзенін бөгеп, су қоймасын салсақ, су бізден қашып ешқайда да кетпес еді. Бөгетке келіп жиналған мол судан тіпті ток өндіруге де болар еді. Сонда ғана біздің аудан ешқандай да құрғақшылықтан қауіптенбейтін болады, оның үстіне электр қуатының пайдасы да мол болар еді. Біздің таудың сай саласы да көркейіп сала берер еді.
Көрдің бе, оның қиялының қайда-қайда кеткенін? Көп кешікпей ол осы ұсынысын болыстық басшы қызметкерлердің жиналысында мәселе ғып көтерді. Бірақ ол кезде бізде жер суландыру жолындағы қозғалыс бастала қоймаған, су қоймасын салудың пайдасын түсіне бермейтіндер оның ұсынысына қарсы шығады. Бірақ бірбеткей Чжиган өз ұсынысын уездің алдында да қойды. Уездің партия комитеті оның ұсынысын қолдап, тіпті жер бедерін тексеретін арнаулы мамандырды да жіберді. Өткен жылдың қысында құрылыс басталған болатын. Көршілес болыстардың шаруалары құрылысқа жұмылдырылып, тіпті жергілікті әскери гарнизоннан бүтін бір батальонды да көмекке жіберді. Жұмыс қызып жүре берді. Чжиган бақыттан басы айналған бала сияқты өте қуанышты еді, тіпті халық құрылысшылары мен жауынгерлерді кернейлетіп-сырнайлатып қарсы алуға жұртты бастап өзі шығып жүрді. Сол бір күндері ол екі қолын төртеу ете алмай жүрген жан сияқты тынышсыз қимылдап бақты, күндіз жұртпен бірге таудан тас қопарса, кешкілік кеңсеге келіп, түннің бір уағына дейін тапжылмай отыратын. Адам шіркіннің темірден жаралмағаны белгілі ғой. Оның үстіне, өзінің де бұрыннан денсаулығы мәз емес. Бірнеше күннен кейін ол өзі-өзіне ұқсамай жүдеп-жадап бет сүйегі сопайып, көзінің шұңқыры тереңдеген, жүзі сарғайып, қан түкіре бастады. Ауылдастарының бәрінің де жандары ашып, оның аз да болса да тынығып алуына кеңес беріп көрген, бірақ ол ешқайсысын тыңдамады. Бірде маған шешесі келіпті: «Енді не істейміз. Мені тыңдайтын түрі жоқ, мүмкін сенің тіліңді алар» дейді. Мұндай істе оның мені де тыңдамайтынын біліп тұрсам да, бәрібір мен оған бардым. Қар түсіп қалған кез, түн ызғарлы еді. Чжиган болса шинелге оранып, әскери құлақшынын бастыра киіп алып, болыстық комитеттің от жағылмаған кабинетінде қағазын созғылап отыр екен. Өз ісіне алаңсыз беріліп кеткені соншалық, менің есікті ашып, ішке кіргенімді де білмей қалды. Тек қасына таяу келгенімде ғана басын қағаздан көтерді. Шамның өлеусіреген жарығынан мен оның топырақ түстес қан-сөлсіз жүзін, қып-қызыл болып талаурап кеткен көзін көрдім де жүрегімді ерекше бір аяныш сезімі биледі.
– Чжиган, сен дем алуға тиіссің. Революция бір күнде жүзеге аспайды, бұлайша зорығудың қажеті жоқ, денсаулықты сақтау керек. Сенің денсаулығың үшін қанша адамның мазасы кетіп жүргенін ойлап көрдің бе? – дедім оған.
Ол менің сөзімді күле отырып тыңдады.
– Қапа болмай-ақ қойыңыз, атай, мен бала емеспін ғой.
– Жоқ, Чжиган, оның дұрыс емес...
– Атай, бермен таман жақындап, мынаған көз салыңызшы, – деп ол менің сөзімді бөліп жіберді.
Ол мені үстелге таман жақындатып, қайдағы бір сызықтар тартылып, ирек-ирек белгілер түсірілген қағазды алдыма таман жылжытып қойды.
– Ұқсам бұйырмасын, мынауың не тағы да? – деп сұрадым.
– Бұл ма? – деп Чжиганым маған қағаздағының мәнін түсіндіру үшін қолын сермеп қойып, сөйлеп кетті. – Өзің де дәл келе қалдың, әйтпесе мен қазір саған барғалы отыр едім. Менің бір жақсы ойым болып тұрғаны, қанеки, соны тыңдап жіберші. Су қоймасын ғой, біз жасап алдық, ендің ашаршылық дейтін бәле келмеске кетті. Бірақ жолдың мәселесі әлі сол күйінде қозғаусыз жатыр ғой. Құлама құзды жартастардың үстінен салынған шайтан соқпағындай жолымыз бізді социализмге жеткізбейді. Шынында оған, атай, күлудің қажеті жоқ. Өзің ойлап көрші, енді ғой бізде астық өнімі ойдағыдай болады, артығын мемлекетке сатуға тура келеді. Ал оны қалай жеткізерміз. Арқалап апарамыз ба?! Бір жыл болса бір сәрі. Әрі қарай тыңдай бер. Жұрттың бәрі де жеріміздің әбден тозығы жеткен деуге даяр тұрады, мен болсам, жоқ, біздің жеріміз өте қасиетті мекен дер едім. Жуырда ғана мен таудан тастардың біраз үлгілерін жинап, уезге тексеруге жібергенмін. Олардың қандай тас екенін білдің бе? Құрамында алтын мен күміс бар болып шықты. Тауымыздың қандай қазынаны жасырып жатқанын байқап тұрсың ба? Егер жол салынбаса оларды қалай өндірмекпіз? Әрі қарай кеттік. Біздің адамдар болса дәл бір жабайылар сияқты өмір бойы жартастарға өрмелеумен келеді. Мұны не деуге болады? Мінеки, менің ойымның түйіні – Шайтан жартасты қиратып отырып, үстін шығысынан Яньтай-Циньчжоу, батысынан Лайан-Сисяны жалғастыратын жолдарға барып қосылатын тас жол жүргізсек сонда көңіліміз қалаған жаққа қарай тарта беруiмiзге болмай ма?! Мұның ғажап дүние болатыны соншалық, тіпті оның қажеттігіне күмән келтіруге де болмайды. Ал, сен не дейсің?
Чжисанның қандай қажетті дүниені ойлап тапқанын түсініп тұрсың ба? Су қоймасы әлі даяр бола қоймаса да, ол болашақ жол туралы қиялдап жүр. Шайтан жартастың үстімен машиналардың зуылдағынын армандайды. Тіпті түске де кірмейтін дүние ғой.
– Іске аса қояр ма екен? – дедім мен.
Ол басын изеп:
– Іске асқанда қандай! Ертең мен қалада болатын жиналысқа жүрейін деп отырмын, осының бәрі туралы да сонда айтатын боламын. Ойымша, уездік комитет мені қолдауға тиіс.
Содан кейін ол жолдың қай жерлерден өтетінін, ауданымыыздың болашағы жөнінде жасаған жоспарлары туралы түсіндіре бастады. Оның сүйсіне баяндағаны сонша, мен де әңгімеге шындап ден қоя бастадым. Оны демалуға көндіремін дер келіп, енді оның сызба-жобаларына қарап, өзім де біраз отырып қалыппын. Ғажап қой ә? Тумысынан осындай мазасыз жан болып жаралса оған істер не шара бар? Оның қасында тұрсаң бәрін де тамақтану қажеттігін, ұйықтау керектігін, бала-шағаны, тіпті өзіңді де біржола ұмытып кетесің. Мемлекет, партия және жұмыс туралы ғана ойлауға мәжбүр боласың.
Сол күні біз көз ілместен деревняда жатқан әскери адамдарды оқыту үшін тартылатын керней даусы естілгенше отырдық. Чжиган сыртқа жүгіріп шығып, бұлақтың мұзын сындырып, бетін жуды да, тауға қарай жүгіре жөнелді. Түнде қар түсіп қалған екен, айналаның бәрі де аппақ болып көрінеді. Чжиган тау шоқыларына қарай адымдай басып барады, жел жұлқылап кернеген шинелінің етегі жайылып бара жатқан бейнесі аппақ бұлттардың үстінде қалқыған тау сұңқарын елестетіп еді. Ауылдың сыртына шығып тұрып ол туралы «Нағыз тау сұңқары ғой» деп ойладым.
Тау сұңқарын көргенің бар ма? Онда ертеңгісін көретін боласың. Ол аспанға таң ала кеуімде көтеріледі, ол өзінің қайратты, болат қанаттарын керіп жіберіп, бұлтқа дейінгі өз биіктігіне жеткенше содан көтеріле береді, көтеріле береді. Биікте қалқып жүріп, айналасында не болып жатқанын түгел көріп жүреді. Аспан көгілдірленіп ашық болып тұрған сәтте немесе төбеден қара бұлт төніп, күн райы бұзылған сәтте сұңқар осылай ұшады. Мен бірде найзағай шатырлап, күн күркіреп, аспан асты алай-дүлей болып тұрған бір сәтте сұңқардың қанаттарын жаңағы найзағайдай жарқылдатып, аспанға шаншыла ұшқанын, сөйтіп, жер үстіндегі дауылды төменге тастап, биіктеп кеткенін көргенмін... Көрдің бе оның қандай ғажайып құс екенін. Әнеки, Чжиган да дәл сондай. Тау сұңқарынан айнысашы.
Дәл сол, Чжиган қалаға жүретін күні үлкен бір бақытсыздықтың оған тап келерін ешкім де ойлап көріп пе? Дәл сол түні біздің сұңқарымыздың қос қанаты қиылғандай болып, екі көзінен бірдей айырылды. Чжиганның жарқыраған қос жанары ойда-жоқта өшті...
Қарт терең күрсінді. Бөлме ішін өлі тыныштық биледі. Терезе сыртында найзағай жиі-жиі жарқылдап, менің жүрегім сыздады.
– Сонда не болды? Айтшы, – деп толқи сұрадым мен қарттан. Ол асықпай стақандағы шайын қолына алып, бір ұрттады да сақалына тамған бір тамшы шайды сілкіп тастап, әңгімесін жалғастырды:
– Ол сол күні таңертең құрылысшылармен бірге тауға барып, дәрі қойып, жартастарды жаруға әзірлік жұмыстарын жүргізеді. Сөйткенше күн де түске тармысып қалған болатын. Жұмысын тәмамдаған соң үйіне барып тамақтанып алып, қалаға жиналысқа жүрмек болатын. Оның қалаға барып, жол құрылысы туралы мәселе қойғысы келгені туралы мен, жаңа саған айтып едім ғой. Кетер алдында ол барлық жерге қопарғыштардың дұрыс қойылғанын тексермек болады. (Біз жартастарды жару үшін оны бұрғылап тесіп, ішіне қопарғыш дәрі толтырамыз да оған тұтандырғыш жалғастырып өзіміз қауіпсіз жерге барған соң жанғыш пілтеге от тигізетінбіз). Қопарылысқа бәрі де дайын еді, бірақ кісілер ол маңнан кете қоймаған болатын. Бір кезде ышқына айқайлаған дауыс естілгені:
– Көмектесе көріңдер! Көмектесе көріңдер!
Барлығы да дауыс шыққан жаққа жалт қараған кезде пілтеге от тигізіп жіберген баланы көреді. Пілте барлық тұтандырғышқа түгел жалғасқан болатын; егер оған от тиетін болса, онда қопарылыстың күшінен тауда жүрген жүздеген адамның бәрі де күл-парша болар еді. Үрейге берілген жұрттың қандай дүрбелеңге ұшырағанын көрсең ғой. Біреулер айғайлап, беталды жүгіре жөнелсе, енді біреулері қорыққандарынан орындарынан қозғалмай, сіресіп қалыпты. Сол сәтте Чжиган шинелін лақтырып тастап, балаға қарай атылды. Пілте ысылдай жанып, көгілдір түтіні ауаға із қалдыра бастаған. Ал бала Сюй Чжунцзяның бес жасар ұлы екен. Ақыл тоқтатпаған шіркін, алақанын шапалақтап мәз. Чжиган жеміне түскен сұңқар сияқты баланың қасына жеткен бойда оны бір жаққа қарай лақтырып жіберді де, пілтеге жалғанған тұтандырғыштарды жанұшыра жұла тартып үзе бастады.Оның қолында шумақталған ұзын пілтелер пышырлап жанып жүрді: әйтеуір, құдай қолдап, барлық тұтандырғыштар қауіпсіздендіріліп боды-ау. Бірақ ең соңғы тұтандырғышты суырып үлгермепті, гүрс еткен қопарылыстың үні естіліп, аспанға ұшқан құм тозаң айналаны көзден тасалады. Жұрт Чжиганға қарай жүгірді. Өне бойын қан жауып, ол жерде ес-түссіз жатыр еді.
Өз басын бәйгеге тігіп, ол жүздеген кісіні оның ішінде бір сәбиді ажалдан арашалап алып қалды. Жыламаған жан кемде кем. Кейбірі зембіл әкелуге жүгіре жөнелді. Чжиганды ауруханаға алып келдік. Бүкіл деревняның тұрғындары онымен бірге ілесе барып, «Чжиганды құтқара көріңдер» деп дәрігерлерді ортаға алды дейсің. Сюй Чжунцзян болса дәрігерді қолынан тарс ұстап алып:
– Егер оның жанын алып қалу үшін жүрек керек болса менің жүрегімді ал, – деп жалынды.
Деревнямыздың оңтүстік шетінде тұратын Ванфу кемпір қар үстіне екпеттеп жата кетіп, жаратушысына жалбарынды:
– Жаратушы ием, пейіліңді түсіріп, Чжиганның жанын құтқара көр! Егер саған адам жаны керек болса, менің-ақ жанымды ала ғой! Бірақ Чжиганды өлтіре көрме, оның жас жанын қия гөр! Егер саған адам жаны керек болса менің-ақ жанымды ал!
Дәрігер мен кіші дәрігер де көз жастарын тия алмады.
– Ол тірі қалу үшін қолымыздан келгеннің бәрін де жасаймыз, – деді дәрігер.
Чжиганға қан керек болып еді, келгендердің бәрі де қолдарын ұсынып, қандарын алуды өтінді.
Жұрттың бәрінің де аурухана алдында топырлап тұруына рұқсат етілмеді, өйткені науқасқа тыныштық керек еді. Бірақ ешкімнің де қайтқысы келмеді. Солтүстіктен суық ызғарын соғып, қар жауса да жұрт түгел дерлік аурухана маңынан кетпей тұрып алды. Кең ауланың іші адамдарға лықа толы, бірақ ешкім тырс еткен үн шығармады, тіпті балалар да жылаған жоқ. Егер бірде біреу байқаусызда оқыс қозғалып қалса ла ондаған көз оған жақтырмай қадала қарайтын.
Көз байланды. Кіші дәрігер бірнеше дүркін сыртқа шығып, біздің қайтуымызды өтінсе де, ешкім орнынан қозғалмады. Дәрігерді көрмей қайта да алмайтын едік. Бір кезде дәрігер тысқа шыққанда көпшілік оны қаумалай қоршап алған. Ол қолын көтерді:
– Достар, сіздерге қуанышты хабар әкелдім, Чжиган жолдас өмір сүретін болады!
Жұрт қуаныштан секіріп бірін-бірі құшақтап жатты... Оның біздер үшін қандай қуаныш болғанын сен елестете де алмассың. Дәрігер жаңағы сөзді қаншалықты сенімді үнмен айтса да оның даусында әлдебір мазасыздықтың барын сезгендеймін. Жүрегім үрейлене лүпіл қағады. Мен оның жанына келіп, жеңінен тарттым да ақырын ғана:
– Жолдас, маған шыныңызды айтыңызшы! – дедім.
Ол менің бетіме қарады да күрсіне тіл қатты:
– Әкей, шынымды айттым. Оның өміріне төнген көп қауіп жоқ. Тек көзі... – Ол басын шайқап, үнсіз тұрып қалды, жүзінен бір түрлі шарасыздықты көргендеймін.
Басым дыңылдап, көзім қарауытты, тұла бойым бір ысып, бір суығандай. Ту сыртыма қараған кезде Сюй Чжунцзянға көзім түсті. Ол ежірейе қарап, дәрігерге төніп алыпты. Ерні дірілдеп, бет пішіні де өзгеріп кеткендей. Бір кезде ол дәрігердің қолына жармаса түсті де, бар даусымен:
– Дәрігер, айналайын. Оған менің көзімді-ақ салып берші!
– Қойыңыз жолдас, оныңыз болмайтын іс қой! – деді дәрігер.
– Неге болмасын, мүмкін екенін естіп жүрмін ғой. Сөйтші айналайын!
Дәрігер оны сендіре алмай қойды. Сюй Чжунцзян аурухананың меңгерушісіне барып еді, ол да мұның мүмкін емес шаруа екенін айтып қайтарды. Сюй Чжунцзян болса өз дегенінен қайтар емес. Біз тіпті ол үлкен айқай-шу көтеріп, ұятты болады екенбіз деп оны үйіне ертіп әкетуді бір-екі жас жігітке тапсырдық. Ол жол бойы тіл қатпай көз жасын сүрткілеумен болды.
Бірнеше күн өткен соң көңілін сұрап қайту үшін ауруханаға барғанмын. Ол орнынан тұрып жүре бастаған екен, бірақ көзін байлаған дәкені шешпеген екен, беті гипстен құйған мүсін сияқты болып көрінгендіктен, кісіге жаман әсер етеді екен. Үнімді естіген сәтте оның толқығаны сонша, тіпті қолына дейін дірілдеп кетті. Бірақ өзіне біткен ерекше қайсарлығына басып, байсалды үнімен болыста, біздің деревнямызда қандай жаңалықтардың барын сұрай бастады. Мен оған барлық мән-жайды айтып бердім. Үн шығармай тып-тыныш отырып, тыңдады. Бөлменің іші де тып-тыныш еді. Құрылыс салып жатқан алаңнан дабыл үні, сонан соң көшеден өткен машинаның гүрілі естілді. Чжиган басын көтеріп алып, бір түрлі түңіле үн қатты: – Жағдай мәз емес, атай, мәз емес.
Ол тіпті бетіндегі дәкені шешіп тастағысы келген кезде қорыққанымнан өне бойымды тер басып, екі қолынан бірдей ұстай алдым. Тұла бойы дір-дір етеді. Бір кезде басын менің кеудеме қойып, жыласын-ай келіп:
– Ағай-ау, жеткен жерім осы болды! Бұл дегенің жүрер жолымның таусылғаны емес пе!
Мен оны уатқым келгенмен бір сөз айтуға шамам келмеді. Басымды көтеріп, терезеге көз салдым. Ап-анық аспан төсінде, биікте бір сұңқар айнала ұшып жүрді, Мен Чжиганға қарадым. Оның шашының арасынан күмістей жылтыраған екі-үш тал ақты көрдім. Жүрегім сыздап, көзімнен жас парлады...
Егер саған шынымды айтсам, сол жолы өмірімде бірінші рет жылаған шығармын.
Үстіміздегі жылдың наурызында Чжиган ауруханадан шықты. Ауылдастарының қуанғандары сонша, бәрінің де оны қарсы алғылары келді. Жол бойы олар тағдыр тәлкегіне түскен жігітті қалай уатып, көңілін қалай аулаудың жайын ойлаумен болды. Бірақ бәрі де басқаша болды. Алғаш жолыққан бетте-ақ Чжиган уайыым-қайғыны мүлде ұмытқандай тіпті ештеңе болмағандай әзілдеп, көңілді қарсы алды. Біздің оған деп әзірлеп алып келген зембілімізге де отырмай жаяу жүргісі келді.
– Чжиган, – дедім, мен оған, – ауылдастарың өтініп тұрғанда отырғаның жөн зембілге. Құрметтен бас тартпас болар.
Сен оның сол кезде не дегенін білесің бе?
– Бәріне де ризамын, бірақ мен өмір бойы біреулерге арқалатып жүре алмаймын ғой. Әлі жас емеспін бе?!
– Сен не деп тұрсың, Чжиган! – деді Сюй Чжунцзян. – Мен сені өмір бойы арқалап жүруге пейілмін.
Чжиган күліп жіберді.
– Сен мені помищик Сюй Чжуннанға айналдырайын деген екенсің, ә! Жоқ, бауырым, мен әлі революцияны ұмыта қойған жоқпын.
Бұған бәрі де күліп жіберген. Ол жол бойы біздің қазір қай тұста келе жатқанымызды, биылғы бидайдың шығымының қандай екендігі туралы сұраумен болды. Деревняға жақындаған кезде ол бірнеше рет аялдап, жол жиегіндегі тастар мен ағаштарды сипап көрді. Осының бәрінің куәсі болу бізге де оңайға түскен жоқ. Сол кезде өзіміз Алаңғасар атандырып кеткен бір балаң жігіттің:
– Чжиган, сен соқыр болып қалғаныңа қиналатын шығарсың! – деп солақай сауалды қойып кеп қалғаны.
Оның мұндай ессіз сөзді қалай айтқанын кім білсін, бірақ Чжиган болса оған күле жауап берген:
– Қиналмаймын десем сендерді алдаған болар едім. Өйткені, күні бойы терең құдықта отырғандай күн кешетін адамға неге қиын болмасын. Егер шынын айтсам, тіпті өзімді өзім мерт еткім де келді. Өмірім осымен тұйықталған болар деп ойладым. Тірліктің қандай мәні қалды? – Осы бір сөзді айтқан кезде ашық аспанды бұлт торлағандай жүзіндегі күлкінің табы да жым-жылас болған. Бәрі де үнсіз қалды. – Бірақ бұл сарыуайымшыл көңіл-күй ғой. – Ол тағы да ауыр күрсінді. Алайда, мен ол күйге қайта оралмасқа бел байладым. Мені партия тәрбиелеп өсірді. Адамның хайуаннан ерекшелігі де оның ақыл-парасатының барлығында емес пе. Ал коммунистердің одан да биік идеалы бар ғой. Олай болса тән зардаптары оны тоқтата алмаса керек. Ал идеалы жоқ, бірақ тәні сап-сау адамды сау адам деуге еш болмас еді. Солай емес пе, бауырым? Мінеки, сондықтан да қиналмаймын дегенім. Сондықтан да менің дүниеге деген көзқарасыма дақ түскен жоқ, сондықтан да өздеріңмен бірге өмір сүріп, еңбек етемін. Сен неге күлесің? Әлде сенбей тұрсың ба? Көр де тұр, біраз күн өткен соң мен сенімен әлі күш сынасармын.
Көрдің бе, оның сөзінің қандай керемет екенін?
Ол жай айта салған бос сөз емес болатын. Чжиган бала кезінен өз сөзіне жауап беріп өскен ғой, ол айтқанын орындамай қоймайтын. Үйіне келісімен-ақ ол болыстық партия комитетінің секретарына барып, былай дейді:
– Дос, мен бұдан былай сенің көмекшің болып жүре алмаймын, мені селолық ұйымға жібер, шаруалармен бірге жұмыс істегім келеді. Болыс орталығынан келе салып, қолына таяқ алды да шешесінен ауладан көшеге, көшеден аулаға бірнеше дүркін жетелеп шығаруды сұрады, – сөйтсек ол жолды әбден біліп алайын деген екен ғой. Шешесі де бір айтулы жақсы адам еді, тегін адамнан мынандай ұл туа ма? Жасы да біразға келіп қалған, оның үстіне денсаулығы да шамалы адам, сонысына қарамай ұлын ауладан көшеге, көшеден аулаға күні бойы жетелумен болды. Кейде екеуі де сүрініп жығылса, бірін-бірі демеп, орнынан тұрғызады. Ондайда Чжиган өзінің денесінің ауырғанын жасырып, шешесіне құрақ ұша тіл қатады:
– Бір жерің ауырып қалған жоқ па, шеше! Көп ұзамай, өзім де жолды жақсы біліп аламын, өздігімнен жүріп, жұмыс істейтін боламын. Солай емес пе, шешей?
– Әрине, ұлым. Көп ұзамай өзің де жолды тауып, бәрін де өзің істейтін боласың.
Оның көңілін көтермелеумен ол күн сайын ұлын жетектеуден жалықпады. Шашы аппақ әйелдің шаршауды білмей үнемі деревняның айналасын түгел дерлік шарлап, ұлын жетелеп жүргенін көрген ауылдастарының жандары ашығаннан жүректері езіліп, оларға өздері қызмет көрсеткілері келетінін айтатын.
Көп кешікпей-ақ Чжиган таяғының көмегімен-ақ ауыл арасын өздігінен аралайтын күнге жеткен. Бәрі де енді ол дем алатын шығар деген оймен іштей қуанулы еді. Бірақ бұл қуаныштың жөні жоқ екен. Өйткені Чжиган дем алғаны сол, енді тау жолдарымен жүруге үйренуге кірісті. Бұл жолы шешесінен көмек сұраған жоқ, керісінше оның көзіне түспеуге тырысып, тау кезу шаруасына түнде аттанатын Чжиган әр аттаған сайын жығылып, өне бойы көгала қойдай болса да жаттығуын тоқтатқан жоқ.Ол өңшең бір қауіпті жерлерді таңдайтын. Сөйте-сөйте Шайтан жартасқа да жеткен. Немене, таңырқап отырсың ба? Ол кезде сені қойып, менің өзім де таңданғанмын.
Бірде түн ішінде ол маған келіпті. Ай жап-жарық болатын.
– Атай, мен саған өтінішпен келдім, – дейді.
– Не, болып қалды?
– Тек сен өтінішімді міндетті түрде орындайтыныңа сөз бер.
Тағы да не болып қалғанын ойлап қорқайын дедім. Ол деревняға оралған бетте-ақ бүкіл ауылдастары болып, қандай бір қиыншылық болмасын, бізден көмек сұрауын өтінгенбіз. Ол болса өзіне ешқандай көмектің қажет емес екенін әрдайым айтар еді. Ал Чжиган менен көмек сұрай келген екен, демек жағдайының ауыр болғаны, әйтпесе маған келер ме еді деп ойладым.
– Айта бер, Чжиган, егер менің қолымнан келетін іс болса, онда сенен ештеңемді де аямаймын, – деп жауап бердім.
Ол қуанып кетті.
– Ой, атай, жақсы болды ғой. Бұл тек өзіңе ғана жасайтын өтініш. Сенің бүгін түнде қолың бос па?
– Бос.
– Онда түнде Шайтан жартасқа барайық, арқаныңды ала жүрерсің.
– Бұл тағы не пәлең? – дедім мен үрейленіп.
– Жүріп үйрену үшін де.
О, тәңірім! Көрдің бе оның күні бойы нені ойлап тапқанын. Адам шіркін өзіне өзі азаптың неше түрін ойлап таба береді екен ғой. Оның қанша қажет бар екен деймін-ау. Мен оны ол жерге бармауға көндірмек болып едім, қайда, тыңдайтын түрі жоқ. Тауға қарап жұлқынып тұрған біреу. Тауға барудан бас тартып көріп едім:
– Мұнымды қажеті жоқ әрекет деп ойлайсың ба? Менің пенсия алып, біржола отырып қалуымды қалайсың ба, әлде? Жарайды, маған көмектескің келмейді екен, онда басқа біреуді іздеп көрейін, – деп ренжіп қалды.
– Оу, мен саған көмек жасаудан ешқашан да қашпаймын, – деймін мен оған. – Сен пенсияға қарап отырсын деген де мен жоқ, алайда Шайтан жартастың үстінен жылдың соңына ала тас жол салу мәселесі де шешілді емес пе? Ол жерден жүріп үйренудің не қажеті бар? Бірнеше ай күтсең болды, бәрі де қалпына келеді.
Чждиган күліп жіберді.
– Атай, сен өте ақылды адамсың, бірақ миға сіңбейтін мына сөзді неге айтып тұрғаныңды түсінбедім. Тосу қажет пе? Ал революция тосып тұра алар ма? Егер бәрі де үйінде әлденені күтіп отыра берер болса, онда социализм мен коммунизмді қалай құрмақпыз!
Оған айтарымды айтқанымды өзің де байқап тұрған боларсың. Амал жоқ, Чжиганға ілесуге тура келді. Ай сүттей жарық еді, оның сәулесі тау басындағы қарды жалт-жұлт еткізді. Чжиган арқанның бір ұшымен өзінің белін екінші ұшын жуан қарағайға байлап қоюымды тапсырды. Өзі болса таяғымен тар соқпақты түрткілеп, жүруге кірісті. Бірнеше қадам жүрген соң тайып кетіп, құламаға қарай құлап кеткені, әйтеуір абырой болғанда арқан ұстап қалды. Жүгіріп келдім де, жоғары тартып алдым. Аяғы жарақаттанып, қанап та қалған екен, оған да қараған жоқ. Сол бір түннің ішінде оның неше рет құлап, құздан неше рет суырып алғаным есімде жоқ. Оның мынау азабын көргенге жүрегім езіліп, орнымда әрең тұрсам ол:
– Қалай, шаршаған жоқсың ба? – дейді күліп. – Қасыңа келсем-ақ мазаңды алып боламын.
Содан кейін-ақ мен оны Шайтан жартасқа жиі апарып жүрдім. Жердің әр кедір-бұдырын жаттап алғаны соншалық, ол таяқсыз сүрінбей жүре алатын күйге жетті. Әрине, ол оңай шаруа емес еді.
Тау сұңқарына қайтадан қанат біткендей, ол тағы да тыным табуды білмейтін болды. Чжиган бригадасының қасында тауда жүріп қоймай, құрылысшылармен бірге су қоймасына барып, жер ойып, топырақ қазды, қол арба сүйреп, тыңайтқыш тасыды. Ауыр жұмыс істеуге тыйым салсақ та ол ешкімді тыңдамайтын. Ертеңгілік дабылдың жұртты жұмысқа шақырған үні естілісімен-ақ ол жұрттан бұрын жетер еді. Біз аздаған қулық жасап көргіміз келіп, ертеңілік дабылды соқпай-ақ бұрынғы жиналатын жерге емес, белгіленген уақытта жұмыс басына бір-ақ барайық деп шешкенбіз. Чжиганның үйінің жанынан өтіп бара жатып, ол естіп қалмасын деген оймен аяғымызды да аңдап басамыз. Алғашқы күні ол біздің жиналатын жерге барып, жұрттың келуін күтіп ұзақ тұрды. Бір жайсыздықтың болғанын сезгендей бригадасының қайда кеткенін әркімнен сұрай бастады. Оған ешкім де жауап бермей қойған. Сол кезде ол қолына қайласын алып, таудың биігіне шықты да, жан-жағынан тың тыңдай бастады. Жұмыс кезінде жұрт әзілдесіп, күлісіп дегендей дабырласып жүретін, ол біздің жүрген жеріміізді даусымыздан біліп, тауып келді. Әрине, оны енді тоқтатудың шарасы жоқ еді.
Содан бірнеше күн бұрын құрылыс басындағы жұмыс асығыс жүргізіле бастаған, себебі су таситын мерзім тақап келе жатқан. Оған дейін құрылысты бітіруге тиісті болатынбыз. Мұны білген Чжиган да жан аямай іске кіріскен, тііпті күн мен түнді есепке алуды қойды. Топырақ әкеліп тас тасыды, бір минут тыншуды да ұмытқан. Онымен қоймай Алаңғасарды жарысқа шақырған. Жарыс шарты бойынша түн ішінде шам жарығынсыз топырақты ең көп тасыған кісі жеңімпаз болуға тиіс болатын.
Көрдің бе, оның қайдағыны ойлап табатынын. Алаңғасардың ісі де алаңғасарлау болатын. Бір қызығы жарысқа ол да білек сыбанып шыға келсін. Екеуі де барын салып, бірінен бірінің қалғысы келмей-ақ таласты. Әрине, Алаңғасар ұтылып қалды. Жұрттың бәрі де Чжиганның жеңісінен күш алып, қанаттанғандай жұмысқа аянбай кіріскен. Көптеген шаруалар өз еріктерімен келіп, құрылысшыларға көмектесе бастады. Бір жолы қол арбаны итеріп келе жатқан ол жаңа ғана қопарылып алынған тастың орнына сүрініп кетті де, арбасымен бірге орға құлап кетті. Қатты құлағаны сондай, біраз уақыт орнынан қозғала алмай жатып қалды. Сәтіне орай мен де жұмыстың бет алысын көру үшін құрылыс басына келіп жүр едім, оны содан өзім барып, суырып алдым. Мен оған үйге барып дем алуы керектігін айтып едім, ол болса, әрине, кететін сыңай танытпады. Қайта болған оқиғаны ешкімге айтпауымды өтінді. Бірақ мен бұл жолы оны тыңдай қойған жоқпын. Бірнеше жас жігітті шақырып алып, оны үйіне жеткізіп тастауды тапсырдым. Чжиганның жарақатты болып қалғанын естіп, ауылдастары оның көңілін сұрауға үйіне бара бастаған. Оның жараланып қалған аяғын көрген Ванфу кемпір танауын тартып қойып, көзінің жасын сүртіп отырып:
– Әй, балам-ай, барлық жұрт, тіпті қашыр айдап, зембіл тасығандар да жұмысқа қолдарын тигізсе, өз пайдаларын көздеп тұрады. Сен не? Саған осының бәрі не үшін керек еді? Су қоймасы салынды, көп ұзамай электр шамы да жанар, бірақ одан саған не пайда бар? Оны көріп те жатқан жоқсың. Астықты да мол ғып жинармыз, бірақ сенің тоқ болуың үшін қанша азық керек еді, не үшін жаныңды шүберекке түйіп, не үшін тыным таппайсың, ұлым?
Мұны естіген Чжиган күле жауап берген:
– Әжей-ау, адамның хайуаннан ерекшелігі де тек өзі үшін тіршілік етпейтінінде емес пе?
Осы арада мен де сөзге араластым:
– Хайуан да өзі үшін тіршілік етеді деген де жөн емес, өйткені ол да адамға азық болу үшін өмір сүреді екен.
Чжиган менің үнімді естіп, қабағын шытқан. Орға құлап, жарадар болып қалғанын жұртқа айтып қойғаным үшін оның маған өкпелі екенін білдім. Ауылдастары көңіл сұрап түгел келе бастаған екен, ендеше бұдан былай жұмыс істеуге рұқсат етпей қояды деп оның қауіптеніп отырғаны да белгілі еді. Жарайды, деп ойладым мен, қалай қауіптенсең де ол жағынан жұмған аузымды ашпаспын, алайда сенің де дегеніңе көне бермеспіз. Партия алдында, әкеңнің рухы алдында сен үшін жауап беретін менмін ғой.
Келесі күні су қоймасына бара жатқанда жүрер жолымызға тас па-ау, ағаштың бұтағы ма-ау, әйтеуір көзге көрінгенді үйіп тастадық. Ондағы ойымыз Чжиган жүре алмасын дегендік еді. Біраз уақыт өткен соң Чжиган шынында үйінен шыққан еді. Жолдың бөгет салынған тұсына келгенде таяғымен жерді түрткілеп, әуреге түсті. Жолды әдейі бөгеп тастағанымызды сезген ол бізді дауыстап шақыра бастады, бірақ ешқайсымыз да оған тіл қатпай қойдық. Біраз айғайлаған соң ол ашуын басайын дегендей жол жағасына барып отыра кетті. Бір кезде ғана ол орнынан тұрып:
– Атай, бері келіңізші, айтатын сөзім бар еді, – деді.
Қасымда тағы екі-үш кісі бар, жанына жақындадым. Біздің жол үстіне үйілген бұтақтардың жанына келіп тоқтағанымызды сезген ол ақырын ғана тіл қатқан:
– Атай, сендердің бәріңнің де маған қамқорлық жасағыларың келетінін жақсы түсінемін, бірақ менің жан-дүниеме үңіліп көрдіңдер ме? Мен адам ретінде, коммунист ретінде өзімді коммунизмге зембілге салып алып баруға келіседі деп ойлайсыңдар ма? Сендер өздеріңнің не істегендеріңді білесіңдер ме? – Ол таяғымен тас пен бұтақтардың үйіндісін түртіп-түртіп қойды. – Сендер менің болашағымның жолын бөгеп тұрсыңдар!
Оның даусы үзіліп кетті. Тұла бойы түгел қалшылдап, ернін тістеді. Бар күш-жігерін өзінің жан толқуын басуға жұмсап тұрғаны анық еді. ауыр күрсініп алып, сөзін бастағанша біраз уақыт өтті.
– Маған ренжімеңдер, өзімді ұстай алмай қалдым. Бірақ сендер де мені түсінуге тиіссіңдер. Сендерсіз, жұмыссыз тіршілік етудің қандай ауыр екенін түсінсеңдер ғой, әттең! – Осы бір сөздерді айтқан кезде оның жанары жасқа толып кетті. Оған жанымның ашығаны соншалық, жүрегім езіліп кеткендей күйде тұрдым.
– Атай, жолдастар, менің жұмыс істеуіме мүмкіндік беріңдерші. Егер маған жандарың ашитыны рас болса, мынау қоқыстың қалқасына жасырынбай-ақ қойыңдаршы. Мен бригада мүшесімін, демек әрдайым жандарыңда болуға тиістімін!
Бұдан артық әлдене айту мүмкін емес еді. Иә, ол сондай адам. Ол бригаданың бір мүшесі ғана емес, бір болыс елдің үлгі-өнегесі емес пе! Оған өзіңнің де көзің жетпеді ме? Онымен бірге келе жатқаныңда оның зағип жан екендігі ойыңа да келмеген болар. Ондай алып жүрек, ондай алғыр сезім басқа адамға бітпеген. Солай емес пе!
Қарт басын көтеріп, біртүрлі толғаныспен бетіме қарады. Ол менен жауап күткен жоқ, сөзін сабақтады:
– Мұны кім жоққа шығара алар! Тіпті, мәселе онда да емес, мәселе – оның ұлы идеалында, революциялық биік ерік-күшінде! Иә, оның әкесінің үміті ақталған сияқты. Ол нағыз адам бола білді. Нағыз адам. Ол әлдебір адамныңнемесе өзінің ғана емес, партияның еңбегі еді. Тек партияның.
Қарт отты көсеп-көсеп жіберіп еді, жалынның қып-қызыл тілі жалаңдап, бүкіл бөлменің ішіне сәуле шашты. Мен тысқа құлақ түрдім. Жаңбыр басылған, тек таудан ғана гуілдеген бір үн естіледі. Ол күннің күркіреуіне де, желдің гуіліне де ұқсамайтын. Гүріл барған сайын күшейіп келе жатқан қар көшкініне ұқсас алапат үн болатын. Ол – тасқын судың гүрілі еді.
Гүрілді естіген қарт орнынан ұшып тұрды.
– Тасқын басталды! Шайтан алғыр, мен мылжыңдап отырып, ештеңені естімеппін ғой! Шамасы басталғанына біраз болған-ау! Барып көру керек, бәлкім ток беріп қалар!
Мен қартқа ілесе тысқа шықтым. Аспан ашылып, жұлдыздар жымыңдайды. Шоқ жұлдыз дәл тау шоқысының төбесінен жарқырап, түн қараңғылығын бозғылт сәулесімен серпіп тұрғандай. Таң шапағы да жақын қалғандай.
Көшеге мереке күндері сияқты адамдар толып кетіпті. Бәрі де электр нұрының жарқ ете қалуын күтіп, түні бойы көз ілмеген сияқты. Мен де есімі көңіліме ерекше жылылықпен ұялап қалған Чжиганды кездестіремін бе деген оймен көпшіліктің ішіне араласып кеттім. Бірақ қанша іздесем де жұрттың арасында ол жоқ еді. Оның электр станциясы жақта жүргенін біреуден естідім де, деревняның күншығыс жағына қарай адымдай жөнелдім. Мен деревняның шетіне тақай бергенімде көз алдымнан электр нұры жарқ ете қалды. Сол сәтте-ақ айнала адамдардың шат үніне толып кетті. Балалар болса секіріп, алақандарын шапалақтап айғайлайды.
– Шам жанды! Шам жанды!
– Жанды ма? – деген үн дәл қарсы алдынан естілді. – Ал Шайтан жартаста ше?
– Жанып тұр! – деп балалар қуана шуылдасты.
Мен аппақ сәулеге шомылып тұрған батыс жаққа қарадым. Бүгін түнде ғана мен жүріп өткен үрейлі жартастың үстінде ай сияқты үлкен шам жарқырап тұрды. Жаңа ғана балалармен тілдескен кісіге қарай бұрылдым. Бұл нөсерден кейінгі әскери киімі әлі кеуіп үлгірмеген, бірақ жүзі қуаныштан алаулаған, түнде ғана мені жетекке алған таяғын қолына ұастап келе жатқан Чжиганның өзі еді. Ол биіктеу бір жерге шығып алып, жартастардың үстінен шам жарқыраған батысқа қарап, ауылдастарының қуанышты үндеріне құлақ түріп, тұра берді. Оның дидарында қуаныштың хабаршысындай сәл ғана жымиыс пайда болда да, бірте-бірте жүзі жадырай түсті.
Аспан бозғылт тартып, Чжиганның ту сыртынан таң шапағы алаулай бастады. Шығып келе жатқан күн шапағына қуатты қанаттарын бояттырып, ашық аспан төсінде тау сұңқары ұшып жүрді.
Ал тау ішінде тастан-тасқа басын ұрып, ақ көбік атқан тасқын гүрілдеп-сарылдап алға, тек алға қарай жөңкіп бара жатты.
Бөлісу: