Кәдірбек Сегізбайұлы: Бала мен Балапан
Бөлісу:
Қызыл қасқа бұзау құрт болып жерге сіңіп кетті ме, әлде құс болып аспанға ұшып кетті ме, әйтеуір ұшты-күйлі жоғалды. Күннің мыс табағы дөңгеленіп барып, Маңырақтың тоқал жоталарының біріне қонақтады. Енді сәл кешіксе, ауылдан адасып қалармын деп қорыққан Кемел аяғы аяғына жұқпай дедектеп, егіні жуырда ғана орылып алынған аңыздың үстімен төтелей ауылға қарай тартқан. Жаңа туған жас бұзаудың ауылдан ұзап кетпейтінін ертерек ойламағанына өкінді.
Бір кезде үйілген сабан шөмелесінің қалқасынан әлденелер елбеңдеп шыға келгенде Кемелдің зәресінің ұшқаны сонша, өзгені қойып, өзі де танымастай жарықшағы мол тарғыл үнмен шар ете қалды. Жаңа ғана елестей болып шөмеленің тасасынан көрінген көгілдір құстар екен, бала есін жиғанша олар қос құлаш жетпес қанаттарын сабалап, жерден көтеріле берген. Тек біреуі ғана сыңар қанатын далпылдатып, жойдаусыз ұзын сирақтары сидаңдап жүгіріп барады. Олардың жіпке тізген күлше сияқты көк жүзінде сап түзеп бара жататын тырналар екенін тыраулаған үндерінен таныған. «Е, тырналар екен ғой». Бала орнында біраз тұрды да, серіктерінің соңынан жан дәрмен әлі жүгіріп бара жатқан жердегі жалғыз тырнаның соңынан тұра ұмтылған. Кемел жаралы құсқа жете бергенде, аспанға көтеріліп кетпей, төбеден айнала тыраулап ұшып жүрген тырналардың біреуі оны бүре түсердей жақындап келіп, биікке қайта қайқайды. Енді құтылмасын сезген жаралы құс, бар тағдырын мұның өзіне тапсырғандай, бұғып жата қалды. Ойда жоқтағы мынау олжасына есінен тана қуанған Кемел де құстың құрықтай мойнын құшақтай бере құлады. Олжасы ұзын сирағы сидиып, үлкен құс сияқты белжемді көрінгенмен, әлі сары ауыз балапан екен. Кемел оны жерден қапсыра құшақтай орнынан тұрғанда балапанның кішкентай жүрегінің үрейден, әлде жүгіргенінен бүлк-бүлк соққанын саусағының ұшымен ап-анық сезінеді.
– Сен қорықпа балапаным, жарай ма? Мен сенің қанатыңның жарақатын емдетіп жаздырамын да, қайтадан осы аңызға әкеліп қоя беремін, – деді ол балапанның үлкен кісінің бармағындай ғана басын сипап. – Көрдің, бе сенің әкең мен шешең, сонан соң бауырларың да мені бір Сайран сияқты бұзық бала деп қорқады-ау. Әй, тырналар, сендер менен қорықпаңдар! Мен балапандарыңның қанатын емдеткен соң өздеріңе қайта әкеліп беремін. Тек, ұзап кетпей, осы маңда жүре тұрыңдар, жарай ма?! Әйтпесе сендерді таппай қалармыз.
Бала төбесіндегі әлі де қиқу салып жүрген төрт-бес тырнаға қарап айғайлады да: «Топшыңды сындырып алғансың-ау, батырым!» деп ол балапанның салбырап кеткен бір қанатын еппен ақырын ғана жинады да, ауылға қарай құстай ұшқан. Жоғалған қасқа бұзауды бір сәт ұмытқандай. Үйінің жанына жете бергені сол еді, бір түп қалақайдың түбінде жатқан бұзауының үстінен түсті. Шамасы, сүтке тойған жас бұзау ұйықтап қалса керек. Іздегені де табылған, оның үстіне үлкен олжамен оралған Кемел аулаға қуана айғайлай кірген.
* * *
Балапан айналасы бір айдың ішінде Кемелге бауыр басып, үйренгені сонша, оның соңынан бір елі қалғысы келмейді. Күзде сабақ басталып, Кемел мектепке жиналғанда тырна да ілесе жөнелген. «Үйге қайт, мен сабаққа барамын. Қайта ғой, Тырауым!» деген өтінішін құс шіркін қайдан ұға қойсын. Шидей аяқтарын сыпсаңдатып, соңынан қалар емес. Үйге қайта келіп, Тырауын тауық қораға қамап кетті. Кемелдің тәтесі, Сағила ұлы мектепте жүргенде балапанды бостандыққа шығарып жіберсе, иттерге жем болар деп қорыққан. Содан бері Кемел мектептен қайтқанша Тырау жартылай тұтқын ретінде қамалып тұратын болған. Кішкентай қамқоршысы мектептен келгенде оның құрқылдағанға ұқсас бір үн шығарып, қуанатынын қайтерсің. Содан жанынан бір елі қалмай, сереңдеп, көлеңкесіндей ілесіп келіп жүргені. Тіпті төсекке жатқанда да кереуетінің жанына төселген кішкене құрақ көрпешенің үстіне келіп қонақтайды.
Бала топшысы сынған балапанды тауып әкелген соң оны көтерген бойда мал дәрігері Құсанға апарып көрсеткен.
– Әй, балам-ай, топшысының сүйегі уатылып сынған екен. Сынығы бітіп, жарақаты жазылар-ау, бірақ аспанға ұшып кететініне көзім жетпейді. Қой-ешкі болмаса, аспанда ұшып жүрген құсты мал деп кім емдеп көрген, – деген дәрігер күліп. Ол бұрын-соңды емдеп көрмеген «малының» топшысын таңып беріп, бір айдай осылай жүре беруін тапсырған.
Көп ұзамай Тырау жерге салбырата сүйретіп жүретін қанатын жинап алатын халге жеткен. Ақыры уәделі күнге де жетіп, жіңішке қу шырпылармен қарғашалап таңылған байлау шешілген соң Тырауды егістік алқапқа алып барған.
«Қоштасар сәт туды, Тырауым, – деп ойлаған бала, бұл кезде үлкен тырналардай бітімі өсіп жетілген балапанын тағы да басынан сипап. – Әлі-ақ өзіңнің әке-шешеңді, бауырластарыңды тауып аласың. Майдандаса жөнелетін қызыл әтеш алдындағы жемін қызғанып, құрқылдап берекесі кетуші еді, көзіне күйік болғандай қоңыр қанат ата қаз да сені қуа жөнелгеннен рақат табатындай еді. Өздері ұша алмайтын, ұшса май басқан бөтекелерін көтеріп, тас лақтырымнан аса алмайтын қызғаншақ кещелердің жерлері кеңісін. Бара ғой, Тырауым! Мен сені қимай тұрмын, бірақ сен де әке-шешеңді сағындың ғой, бара ғой?! Әр кімнің өз әке-шешесінің қасында жүргені жақсы» деп ойлады ол. Осы кезде бала өзінің жылап келе жатқанын білген жоқ еді.
Кемел Тырауды кеудесіне біраз басып тұрды да, қолымен серпіп жіберді. Иесінің мұндай мінезін бұрын-соңды көрмеген тырна әуелде екі қанатын бірдей далпылдатып жайғанымен, кеудесімен жер сүзе құлаған. Сау қанаттың топшысындай сидам емес, шодырайып біткен сынық «кемдік ете қоймас» деп ойлаған жорамалының шынымен теріске шыққанына Кемелдің сенгісі келмеген. Ол жүгіріп келіп құсты тағы да серпе лақтырып көріп еді, алғашқы көрініс қайталанды. «Е, Тырауым, сен әлі ұшып үйренбеген де екенсің ғой. Бәсе, әйтпесе бір қанатың сәл шолақтау болғанмен қалай да ұшуға тиістісің ғой» деген бала түк болмағандай жанына келіп, әлденелерді сүйір тұмсығымен шоқи бастаған балапанын далаға қалдырып, өзі ауылға қарай жүгіре жөнелді. Біраз ұзап кеттім-ау деген кезде соңына қараса – өз жөніне кетуге тиісті тырнасы екі қанатын сабалап, өзін қуып келеді екен. Қанша жанталасқанмен жерден көтеріле алар емес. Шидиген аяқтары анда-санда жерге бір тиеді.
Тырауды сол күні түпсіз биік аспанына ұшырып, бостандыққа жіберемін деген Кемелдің талабынан ештеңе шықпай, құсын амалсыз ертіп, үйіне қайтқан.
– Әй, Тырауым-ай, мені әке-шеше болады дедің бе? – Ол елбең қағып, соңынан ілесіп келе жатқан тырнаға ұрсып қойды. – Шіркін менің әкем де өзіміздің үйге қайтадан келсе ғой, мойнынан құшақтап айырылмас едім. Сонан соң Сайранның әкесі сияқты ол да үш доңғалақты мотоцикл сатып алып, мені мотоциклдің бесігіне отырғызып қыдыртар еді. Сонда мен де балаларға мақтана қарар едім. Әкем өзімізге қайтып келсе ғой! Шіркін, тәтем де бекер-ақ керемет сұлу болмаған екен. Әкем үйленген Қадиша сияқты. Сонда ол кетпес еді. Ал Тырауым, сен нағыз ақымақсың. Әке-шешең сені біржола тастап кеткен жоқ, менің оңайшылықпен босатпайтынымды білген соң амалсыз кетті ғой. Іздеп тауып алсаң, оларға ілесіп, оңтүстікке, жылы жаққа бірге ұшар едіңдер.
Кемел Тырауын өз әке-шешесіне шығарып салуға неше дүркін талаптанып көрсе де, онысынан ешнәрсе өндіре алмаған.
– Балам-ай, Тырауыңның қанаты ұшуға жарамайтын болған ғой. Жаныңда жүре берсін, далаға қуалап қайтесің? – деген шешесі. Осы сөзден кейін Кемелдің өзі де сонша бауыр басып, үйреніп қалған балапаннан құтылғанша асыққандай болған өз қылығына таңданған.
– Биыл ұша алмасаң, келесі жылы ұшасың, оны уайымдамай-ақ қой, Тырауым! Қайта жылы үйде қыстап шығасың. Сендер ұшып баратын оңтүстігіңде де осы үйдегідей біреу саған жемді уақытында шашып, күтіп-бағып отырған жоқ шығар, – деген ол бір сөзді қойып, жарым сөзді де ұқпайтын балапанына. – Келесі жылы әке-шешең дәл биылғы жеріне келіп жайылатын шығар. Сонда апарып, өзіңді қосып жіберермін.
Тыраудың есіл-дерті Кемелге ілесе жөнелу сияқты көрінгенмен, құстар жылы жаққа қайтар қоңыр күз келіп, аспан зеңгірінде тырналар керуені жіпке тізген моншақтай тыраулап өткен кезде ол қоңыр қанат ата қаздың қоқайынан да қыңбастан ауланың ішін ала шаң қылып, қанатын сабалайтынды, ұлы қиқуға басатынды шығарған.
Ол да туған жерлерімен сыңси қоштасып, керуен тартып бара жатқан қандастарын қимай, барша қос қанаттылар атаулы үшін жаралғандай түпсіз көгілдір аспан айдынына тым болмаса бір дүркін көтеріле алмайтын ғаріп халін сезініп, өз бойына ғана шақ күйініштен бе екен, әйтеуір байғұс, осындай кезде, аласатқан халге түсетін. Сидиған сирақтарын жерден кісі бойы көтере алмағанына назаланғандай әбден аласұрып, шаршаған кезде ғана ол сұлық түсіп, қимылсыз жатар еді, жемге де қарамай баз кешер еді. Кемелдің де, оның тәтесі Сағиланың да ондайда ет-жүректері елжірейді-ақ, бірақ еркелете аялағаннан басқа қолдарынан келетін қайрандары жоқ болатын.
Соңы қарға айналған күздің қалың қара жаңбыры жауардан екі-үш күн бұрын ауыл үстінен сұқсыр үйректердің бір тобы сымпылдай ұшып өткен соң қайтқан құстар тізбегі көрінгенді қойды. Тек ауыл жанындағы өзен үстін қысы-жазы бір бермейтін асыранды қаздардың мазасыз қаңқылы мен қысқа күнде екі-үш мезгіл жем сұрап, ауылдан шықпайтын мешкей үйректердің қырқылдаған үндері ғана шағын ауыл тыныштығын бұзады.
Қыс түсіп, айналаны ақша қар тұмшалады. Бұл кезде Тырау анда-санда аспанға қиғаштап көз салғаны болмаса бұрынғыдай қанатын сабалап, шала бүлінгенді қойған. Бар тіршілігі баяғыдан осылай болғандай немесе осылай болуға әбден көндіккендей мінез танытып жүріп жатты. Екі көзі шоқтай жайнап, бөтен құсты бас салып, жәукемдеуге даяр тұрар осы үйдегі тарғыл мысық пен бұл жазғанды көрсе ата жауымен ұшырасқандай-ақ мойнымен жер сызып, бұған қарай ұмтылар ата қаз бір емес бірнеше дүркін Кемелден сыбағаларын ұмытпастай болып алған соң, осы ауланың босағасынан көрінген бетте-ақ төрді иемденіп шыға келген шолжың құстың барынша еркін жүруіне амалсыз көндіккен.
Тек қызыл шұнақ аязды мекенде қыстап қалу деген тұқымында болмағандықтан қар кешіп, сыртта серуендеу Тырауға оңай тимеген. Бір шай қайнатымдай уақыт аулада жүрсе болды – ешкінің сақалындай шошайған бір уыс күлте құйрығына дейін дірілдеп тоңып кететін. Жіңішке жіліншік сүйекке жұқа қара былғарыны қаптап қана қойғандай ет-жеңсіз сирағы тіпті тоңғақ. Тысқа шықса-ақ екі аяғын кезек-кезек бауырына тығып, одан болмаған соң шөкелеп жата кететін. Бір рет мұз айдынына коньки тебуге барған Кемелге ілесемін деп бір аяғының тұяқтарынан түгел айырылды. Ойын қызығымен біраз жүріп, енді өзіне ілесуге шамасы келмей мұз үстінде домаланып жатқан Тырауын үйге көтеріп әкелген. Ақыры шидей тұяқтары саусақтарымен үсіп түсіп, бір аяғы ұршықтың сабындай болды да қалды. Топшысының кемдігі аз болғандай ақсақтық тағы қосылды байғұсқа. Содан былай Кемел де, тәтесі де Тырауды қыс бойы тысқа шығарғанды қойды.
* * *
Жер аяғы кеңіп, күні кеше қалың қар басып жатқан ауыл айналасы жасыл масатымен жасанып, құлпырып шыға келді. Қыс баласы көлденең жатқан жалғыз сағдарға дейін тілімен сыпырып-сиырып бір тойып бермейтін қызыл қасқа сиырға дейін «көктемді аман-сау көргенімізге шүкірлік» дегендей, маңдайын шуаққа тосып, маңқия күйсейді. Былтырғы ұйқышыл қасқа бұзаудың да алғаш туғандағыдай сымбаттылығы, әдемілігі жоқ, бауыр жүніне дейін үрпиіп, қорада тұрып, енесіне көзін сатады. Жыл құсының алды болып, қыстың көбесі сөгіле бере ұзақтар жетсе, қар шеті шегініп, тау етегіне жармасқан тұста әндетіп, қараторғайлар қаптаған. Шын болса, осы ауылдағы жалғыз аңшы Баймұқан Жасылкөлден үйрек атып әкеліпті деп жүрді біреулер. Демек, қаз-үйректің де келе бастағаны. Тырналардың да құлаққа жағымды қиқуларын еститін кезге де көп уақыт қалмағанын Кемел сезіп жүрген.
Көктемге жүдеп-жадамай, қайта көгілдір мамығы қара қоңырланып, аса күйлі жеткен Тыраудың не ойлайтыны бір өзіне ғана аян, ал біздің Кемеліміздің тырналардың қайтуын зарыға тосқандығы ақиқат еді.
Ақыры, Кемелдің көптен күткен күні де жетті-ау! Мектептен қайтып келе жатқан. Аспанды торлаған ақ шарбы бұлттың арасынан «шаршап-шалдығып біз де келдік» дегендей тырналардың өзіне әдбен таныс тыраулағаны аспан төрінен естілген. Ол мойны ауырғанша созып, көзімен жаңағы ақ шарбы бұлттардың арасын тінтсін-ай. Тізген моншақтай тырналар керуені аспан төсіне үшкіл сурет сызып кетіп барады екен. Тым биікте, бұл маңға мойын бұрар түрлері көрінбейді. «Е, біздің Тыраудың үйірі болмадыңдар, әйтпесе бір тоқтамай өтпесеңдер керек еді», деп ойлады ол тыраулаған қалпы көз ұшында мойындарын ұзаққа салып бара жатқан құстарға қарап. «Бәрібір біз Тыраудың әке-шешесін, бауырларын тауып аламыз. Өздері өскен ұяларына соқпай ол шіркіндер қайда барушы еді?»
О, ғажап үйге келсе Тырауы күздегі құс қайтқан кездегі қызығына басып, аула ішінде қос қанатымен дауыл ойнатып жүр. Дамылсыз қиқуға басады. Құсының қазіргі бөрлігуі оның өзіне ғана тән ересен қуанышының белгісіндей көрінген. Қара маржандай қос жанары жылтырап, ол да ақ шарбы бұлттардың арасына қиғаштай мойнын созады. Кемел тамағын асығыс-үсігіс ішті де, былтыр балапанын тауып алған егістікті бетке алған. Кемтар аяғын қаздаң-қаздаң басып, Тырау да қыр соңынан қалар емес.
– Е, бәлем, әке-шешеңді сағынғаныңды қанша жасырғаныңмен жайың бүгін белгілі болды. Өзің де зарыға тосып жүр екенсің ғой, Тырауым! Солай ма? Қазір егістікке барамыз. «Біздің балапанымыз тосып жүрген шығар» деп, әке-шешең де арып-ашып жеткен болар. – Бала Тыраумен кісіге сөйлескендей тіл қатады. Бірақ оны құс шіркін қайдан ұқсын. Әйтеуір, кішкентай қамқоршысының мұны жаманшылыққа тастамайтынын сезгендей соңынан емпеңдей бергенді біледі.
– Әй, Тырауым-ай, мен де әкемді үнемі сағынып жүремін. Бірақ менің сағынып жүргенімді ол қайдан білсін? Білсе, тым болмаса бір келіп кетпей ме? Дүниеде бар әкеңді, көрші ауылда басқа бір әйелмен бірге тұрып жатқан әкеңді сағынған жаман екен. Одан да балаларға «менің әкем қайтыс болған» десең көп жеңіл ғой...»
Күздік бидай егілген алқап та жап-жасыл, бір шеті Маңырақтың етегін жастанып жатыр. Соған жете бере бала өзіне қазіргі сәттегі ең әдемі ән әуеніндей естілетін тырналар үнін құлағы тағы да шалған. Он шақты тырнаның мойындары сорайып, жап-жасыл егістікке қарай құдиып келеді екен. Сымпылдатып қанат қаққандарының өзі ерекше бір ырғаққа бағынғандай тым сәнді. Тырау да тұңғыш рет ұшып кетуге біржола бекінгендей қос қанатын далпылдата қағып, жан ұшыра қиқулап барады. Жарты жылдан астам уақыт қамқоршысы болған кішкентай иесін бір сәтке ұмытқандай. Қос қанат қанша дауылдатып, кездік бойы жайқала өскен жасыл егінді жапыра ұмтылса да, денесін жерден кісі бойынан жоғары көтеріп әкете алмады. Бәрібір сыңар топшының кемтарлығы балапан байғұстың өзі әлі ләззатын да сезініп көрмеген ұшу бақытынан оны біржола айырғанын бала да шын мойындаған. Құс кеудесімен жер сүзе құлап, қайтадан жан ұшыра ілгері ұмтылды. Бірақ тырналар жердегі жетім қандастарының мұңы мен зарын ұға қоймады ма, әлде қоқайып тұрған адамзаттың кішкене өкілінен қаймықты ма, егінжайға қонбай бірте-бірте биіктеп шығандап кетті. Тырау болса «мені де ала кетіңдер» дегендей жығылып-сүрініп, далпылдауынан танар емес. «Ұша алмады, – деп күрсінді Кемел. – Енді ешқашанда ұша алмайды. Бәрібір тұқымдастарымен, әке-шешесімен табысса екен. Әй, бірақ, ендігі олар Жерде қалған кемтар балапандарын ұмытып та кеткен болар. Оларды, тілсіз мақұлық құстарды айтпағанда, адамдар да баласын оңай ұмытып кетеді екен ғой».
Кемел «Енді Тырауым да маған оралмайды. Біржола кетті» деп ойлаған. Ол әлі де кеткен тырналардың соңынан өлермендікпен қиқулап бара жатқан құсымен қоштасқандай ұзақ қарап тұрып, Тырау көрінбей кеткен кезде ғана кері бұрылды. Кішкентай ғана кеудесі сыздағандай, қимасымен қоштасқандай бүкіл жан дүниесін кілкіген мұң торлады. Бірақ ол жылаған жоқ еді. Панасыз кемтар балапанды асырап-сақтап, өз қандастарына қосқаны үшін; бір тіршілік иесіне жасаған өтеусіз жақсылығы үшін қуанғандай ма, қалай... «Мүмкін, Тырауым бірте-бірте ұшатын болар. Басына қиындық түскен соң амалдап үйреніп кетер» деген үміті де жоқ емес болатын. Бала өзен жағалап, орналасқан ауылына бастайтын шаңдақ қара жолға келіп түсті. Ақымақ Сайранның: «Тырауың жұнттай болып семіріп алыпты. Басын кесіп, қуырып жемейміз бе?» деген оспадар әзілі есіне түсті. Қос моншақтай көзі жәудіреген құстың басын кеспек түгілі, жүрегі сыздамай, қара тұяғына зақым келтіре алар ма екен? «Енді ол бостандықта. Мынау қалың қоға, шилеуітті кең далада, мүмкін анау түпсіз шексіз аспан төсінде, әлде барша құс атаулы қотарыла аттанар оңтүстігінде жүргенде де Тырауы, бәлкім, Кемелді ұмытпас. Құстың өз басына ғана шақ сағынышпен еске алар. Иесінің сәл қолы босаса ертіп серуен құрдыратын, қолына алып көзінен сүйіп, ши мойнын аялай сипайтын, төбесіндегі әсем шашағына кейде бантик тағып сәндейтін қылықтарын аңсар. Өз әке-шешесінің жанында жүрсе де сағынар. Мұның мейірбан бейнесі жабайы бір құстың бармақ басындай жүрегінде жүрсе жаман ба?!»
Бала өзі жүріп келе жатқан шаңдақты үлкен күре жолмен жүйткіп келе жатқан тұсыегінжай сияқты немесе жаңа өнген өсімдік түстес жап-жасыл жеңіл машинаға назар аударған. Жасыл сағым сияқты тура. Жалт-жұлт етеді. «Қайрақбай ағаның «Жигулиінен» айнымайды екен. Сол болып, ауылға дейін ала кетсе ғой шіркін».
Жасыл «Жигули» ауылға қарай бұрылған жоқ. Баланың алдын кес-кестеп, үлкен күре жолмен тартып бара жатты да доңғалағын ұсақ тастарға тырнатып, тоқтай қалды. Машинадан шыққан кісіні ол танымай қалған. Тек қара көзілдірігін сыпырып, жанына жақындағанда ғана таныды. Жо-жоқ, Кемел танитын да еді, шамасы оның есіл-дерті, қос жанары күн сәулесін шағылыстырып ойнаған су жаңа машинада болды-ау.
– Әке!.. – Бала өз үнінің қалай шыққанын байқамай қалған. Тіпті, жүгіріп келіп, мойнына асыла түскені де өз еркінен тыс орындалды. Әкесі де сағынып қалыпты. Баласын аймалап, өліп-өшіп барады.
– Балапаным сол! – дейді.
– Құлыным сол! – дейді.
– Кемелжаным сол! – дейді.
– Аз уақыттың ішінде қалай үлкен жігіт болып кеткенсің? – дейді.
– Көрдің бе? Машина алдым. Ұнай ма, саған? – дейді. Бірақ, Кемелдің дәл қазіргі сәтте Күн сәулесін шағылыстырып ойнаған су жаңа машинаға қарайтын шамасы жоқ еді. Темекінің ащы түтіні сіңген әкесінің алқымына тұмсығын тығып тұра бергісі келген. Тамағына бір өксік кептелді. Сағынғанын айтайын деп еді, неге келмей кеткенін сұрамақ еді, кішкентай қарындасы Айнаштың да мұны сондай сағынатынын жеткізбек еді, сөйлей алмады. Аузынан жарты сөз шықса болды, көзінен жасы ытып кетердей. Бала жылап жібермес үшін астыңғы ернін ауырта тісетеді. «Шіркін, әкесінің мойнына асылып, осылай еркелейтін Сайрандардың не арманы бар екен?! Дәл осы сәтте менің Тырауым да өз әке-шешесін тауып, ұзын мойындарын құшақтастырып, еркелеп тұр ма екен?..»
– Қалай, тәтең есен-сау жүр ме? Айнаш та биыл бірінші класта оқып жүрген болар? Ауршаң еді, қазір ауырмай ма?
– Иә!
– Жүр, қалаға апарып келейін. Сәкен дейтін кішкене бауырың бар. Әлі перзентханадан шыққан жоқ ол батырың. – Бала Сәкен деген бауыры болғанына, ол батырыңның әлі перзентханада жатқанына, оған мынау су жаңа жасыл «Жигулимен» барып қайтуына болатынына алғашында сонша қуанған. Сол сәт өтпей-ақ ұлықсатсыз кетіп қалса тәтесінің ренжитінін ойлап, өкінді. Содан кейін барып, Сәкен бауырының өз тәтесі емес, Қадишадан туғанын пайымдаған кезде көңілі бір түрлі ортайып сала берген. Жасыл машинаға бұл емес, Сәкеннің мініп жүретінін ойлағанда жүрегінің басын әлдене тырналап жатқандай сезінді.
– Бармаймын! – деді ол жасыл «Жигулидің» жылтыраған есік тұтқасын ақырын ғана сипап тұрып, – Тәтем ұрсады.
Ол: «Әке үйге қайтайықшы, – демек еді, – Айнашты да, тәтемді де жасыл машинаға отырғызып, қыдыртайықшы» демек еді, айтпады.
– Онда жүр, машинамен кішкене қыдыртайын, – деді әкесі. Көздің жауын алған қан қызыл үлпілдек матамен тысталған былпылдақ орындықтарға отырып көрудің өзі қол жетпес армандай көрінгенмен, бала керемет ерлік жасап, басын шайқады. Қыдырмаймын дегені.
– Жарайды онда, – деді әкесі. – Қазір өзім де асығып бара жатыр едім. Осы жерге ертең күн еңкейгенде келе ғой, жарай ма? Өзіңді біраз серуендетейін.
Кемел келерін де, келмесін де айтпастан ауылға қарай жүгіре жөнелген. Өткен жылдардағы шешесінің бір сөзі есіне түсіп еді. Ескі альбомды ақтарып отырып, әкесінің суретін көрген соң: «Тәте, әкем енді бізге ешқашан келмей ме?» деген. «Келмей керуен соқсын оны!» «Әкем» деп әлдеқандай қылады ғой ол атың өшкірді. Осыдан былай соның атын айтып көрші, аузыңа темір қыздырып басайын!» Шешесі өмірі бҒлайша ашуланбайтын еді. Әйтеуір, сол жолы қатты тулаған. Жай тулап қойса бір сәрі-ау, альбомдағы әкесінің суреттерін бір-бірлеп суырып, қабырғада тұрғандарын қосып, дар-дар айырды да, отқа тастаған. Әке суреттері от тиген бетте, жан біткендей, сәл қозғалақтап қалып, сарғая берді де лап етіп, жалынға оранған. Сурет емес, әкесінің өзі, оның бар болмысы өртеніп, біржола құрып бара жатқандай көрінген оған. Тым болмаса әлі жанып үлгірмеген кейбірін оттан суырып алып, құтқаруға болар еді, бірақ бала шешесінен қаймықты. Әке бейнесін от жеп қойды. Қас-қағым сәтте сурет орнында қалған үлпілдек күл ғана жүзге, мыңға бөлініп, от жалынымен бірге мұржадан ұшып кеткен. ЭӘкем қайтадан келер-ауЭ деген баланың шала-жансар үміті де сол суреттермен бірге отқа жанып, одан күлге айналып, ұшып кеткендей еді.
Ол үйге келгенде де тәтесіне әкесін көргені туралы ештеңе айтпауға бекінді. Аузына темір қыздырып баса қоймас-ау, бірақ босқа ренжітеріне көзі жеткен. Тек Айнаш екеуі оңаша қалған кезде оның «олла-білле, ешкімге айтпаймын!» деген уәдесін алған соң ғана, бүгін ойда жоқта әкелерін көргенін, оның Сәкен деген баласы бар екенін, жасыл «Жигули» мініп жүргенін, бәрін-бәрін тізген. Айтпаса, ішіне сыяр емес. Ойында ештеңе жоқ Айнаш әкелерінің ертең кешкілік машинамен серуендеп қайтуға шақырғанын естіген кезде: «Мен де барайыншы, машинаға мінгім келеді» деп жабыса түссін.
– Болмайды, – деді Кемел салмақты сөйлеуге тырысып, – ол бізді – сені, мені, тәтемді тастап кетті ғой. Жақсы көріп бара жатса, қайтадан өзімізге келсін. Сонда ғана отырамыз машинасына.
Кешкілік Айнаш үйге жүгіріп кірген. Тұлымшағы желбіреп, қуанып кетіпті.
– Келді, келді!
– Әкем бе? – деп қалды Кемел аңдаусызда. Шешесі бетіне алая бір қарады да үндемей теріс айналып кетті.
– Тырауды айтамын. Есік алдында тұр.
* * *
Содан бері Тырау нағыз қос мекенді құс болып алған, Екі-үш апта бойы таңертең егістік жаққа қаңғып кететін болды. Кейде кешкілік, кейде ертеңіне арып-ашып, үйге жетеді. Жемін жеп алады бұрынғыдай. Кемелдің соңынан сүмеңдемей, тек далаға қарай аңсары ауады да тұрады.
– Бөгемеңдер, барсын, – дейді ондайда шешесі. – Әр тіршілік иесі өз ортасында ғана бақытты.
Ақыры Тырау үйден безініп, екі-үш күнде бір соғатынды шығарды. Келіп қалар-ау деп Кемел де оны тосудан шаршайтын болған. Бір күні үйге келіп, жем жеген Тыраудың соңынан ілескен. Тырна егістіктің шетіне жете бергенде қалың шеңгелді тастаққа қарай бұрылды. Молтақ аяғын шолтаңдатып, асыға басып барады. «Мен келдім» дегендей қалың шеңгелдің түбіне жете бергенде дауыстай қиқулап еді, алдынан екінші бір тырнаның жауап қиқуы естілді. Кемел бұға қойды. Өз тұқымдастарын тапқан Тырауының бақытты сәтін жасырын көрмек болған. Дәл бір кісілердің тілдескеніндей қысқа-қысқа қиқуласып барып, қос тырнаның үндері тиылды.
Жаңа ғана Тырау кірген қалың шеңгелдің түбін айнала бергені сол еді, әлдененің ысылдаған үнінен селт етіп барып, тоқтаған. О, ғажап, дәл алдында өзінің Тырауы бауырын құмдауытқа төсеп жатыр. Бұрын мұны көрген кезде құрқылдаған сияқты өзімсінген үн шығарып, аяғына келіп мойнын сүйкейтін. Қазіргі үні өзгеше. Айбат шегіп, ысылдайды. Иесінің тоқтамасын сезген соң қалай да оның жолын бөгейін дегендей бар даусымен қиқу салып, біз тұмсығын оқтай орнынан тұрған. Сол кезде Кемелдің көзі түсі шұбар тастардан айнымайтын қос жұмыртқаға түсті.
– Өй, ақымақ, Тырау! Өзіңнің иеңе айбат шегіп жүргенің мына жұмыртқаларың үшін екен ғой, – деді бала бүгінгі ашқан жаңалығына қуанып. «Енді сенің жүйкеңді жұқарта бермейін» дегендей аяңдап, үйге қайтқан. Сол күннен бастап, Айнаш екеуі Тыраудың жемі мен суын ұяның қасына таситын болды. Тырау да азаптанып, үйге келгенін біржола қойды.
Бір күні олар шұбар ала жұмыртқалардың ши аяқ балапандарға айналып, ұяның маңында енелеріне еріп жүргенін көрді. Бұлардың қарасы шалынған бетте-ақ қалың шеңгелдің ішіне сіңіп жоғалатын екінші тырна сол әдетінен танбаса, Тырау да екі досының жақсылықтарының бәрін де ұмытқандай, айбаттана ысылдап, балапандарына бұларды жолатпайды. Қолында өлуге бар тура. Олар ертеңіне келгенде ұя маңы бос қалыпты. Тырналар да, ши аяқ қос балапан да жым-жылас.
– Міне, біздің Тырау да балалы-шағалы болды, – деді Кемел Айнашқа салмақтана сөйлеп. – Енді ол бізге ешқашан келмейтін болады...
Рас Тырау қайтып үйге оралған жоқ. Бірақ алғашқы қар түскен күні Сайранның әкесі бір жаңалық айтып келген.
– Кемел сенің Тырауың болса керек, қыр жақта жалғыз тырна жүр екен. Ұшпайды. Қалың шеңгелдің арасына сіңіп көрінбей кетті, – деген ол. Кемел сол күні-ақ ұзақ іздеп, Тырауын тауып әкелген. Бірақ бұл құсты баяғы бауырмал, үйірсек Тырау деуге болмайтын еді. Тағыланып кетіпті. Бұғып жата береді. Кейде аспанға қарап, тың-тыңдап, ұзақ-ұзақ қиқулайды. Не аузына нәр салмайды.
– Ауырып қалыпты ғой, Тырауым. Құсан дәрігерге апарып, көрсетсем қайтеді, – деген Кемел шешесіне. Ол:
– Оның ауруы – ем қонбайтын ауру, балам. Бүкіл әулетінен айырылудың күйігі оңай дейсің бе? – деді.
«Бізден айырылған әкем де осылай күйікке батып жүр ме екен?» деген қызық бір ой келген Кемелге.
Кемел тәтесі бар, Айнаш бар, өзі – бар үшеуі әкесінің жасыл машинасына мініп қыдырған бір қуанышты түс көрген түннің ертеңінде ол төсегінің аяқ жағында қанатын жайып, өліп қалған Тырауын көрді.
1985 ж.
Бөлісу: