Кәдірбек Сегізбай: Бұзаушық
Бөлісу:
Жайлау үстіндегі менің жұмыстарым барынша айқын. Күннің алтын табағы Сасықбұғының қыркасынан көтеріле бергенде көгендегі қозыларды ағытып, түске дейін жайып келу. Одан соң отар түсте ауылға келгенде сауылатын саулықтарды ұстап, косақтауға көмектесу, түс ауа беткейдегі өртеңнен отын әкеліп беру. Осылардың арасында бұлактан су әкеле салу, казандықтың астындағы отты жаға салу, бұзауларды көздей салу сияқты ұсак-түйек жұмыстар болмаса негізінен қол бос деуге болады. Әрине, олардың сыртында күтпеген тапсырмалар болып жатады. Бір күні тәтем түске дейінгі жұмыстар біткен соң:
– Қуаныш, Корлыға апаң сабын бұлғамақ екен. Барып алаботасын орып бере қойшы, – деді. Ол апаның мен сияқты қолғанат баласы болмағаңдықтан, ұсақ-түйек шаруасына көмектесіп жүретінмін. Қорлығы апам да маған арнаған тәтті-дәмдісін тығып коятын. Содан да болар, Қорлыға апаға көмектесуге мен де әрдайым құлшынып тұрар едім.
Ескі қораның айналасына қау болып ескен алаботаның біразын ет асым уақытта-ақ ордым да тастадым. Әрине, апамның алғысын, оған қоса тәтті-дәмдісін қалтаға салып қайтқам. Содан бірер аптадан соң тәтем тағы да:
– Жүр, балам, барып апаңның сақарын қайнатысып, сабынын бұлғап қайтайық, – деді. – Өзіңе бұзаушық жасап аласың. Әрине, сабын бұлғаған кезде «күзетте» тұрған, сақар қайнатуға кемектескен балаларға еңбектерінің өтемі сияқты сабыннан үлес беретінін, оны «бұзаушық» деп атайтынын бұрыннан білемін. Қуана келістім. Бұзаушығымды қалыптайтын кішкене төрт бұрыш қорапшамды алып, жол-жөнекей бір ыдысқа көкемарал гүлінің хош исі танауды жарардай көгілдір күлтелерінен біраз жинап алдым.
– Ұлым-ай, алаботаны тақыр жерге өртей ғой. Байқа, төңірегіңе от қашып кетпесін, – деді Қорлыға апам қолыма сіріңкесін беріп жатып.
Алабота өртеу бұрын да атқарған жұмысым болғандықтан, шөбі сиректеу тақыр жерді таңдап, тазалап сыпырдым да қурап калған алаботаның бір құшағын әкеліп, от қойдым. Ду ете қалды. Тасып әкелген қурайды отқа тастап, келесі құшақты жинап келгенше ол жанып та болады. Терлеп-тепшіп жүріп, орылған қурайды өртеп болған кезде үлкен шелегін, қалакшасын, сыпыртқысын алып, Қорлыға апам да келді. Суынып қалған оттың орнында шошайып, аппақ күлі ғана калған. Апам күлді қалақшамен сыпырып-сиырып, шелекке салып алды.
Бұл кезде тәтем де қазанға су толтырып қойыпты. Оған шелектегі күлді салды да әбден араластырып, тұндырып қойды. Бір қазан су тұнған соң тұнық суды ожаумен екінші қазанға қотарып құйып алды. Қазан түбінде калған лайлы тұнбаның үстіне тағы да екі шелек су құйған Қорлыға апам:
– Ал, Қуанышжан, енді сен екі қазанның астындағы отты өшірмей жаға бер, – деп, өзі жарты қаптай сүйекті саудыр еткізіп, лай суы бар қазанға әкеліп салды. Ірі қара жіліктерінің кемік бастары. Қойдың жіліктері де жүр.
«Жұмыстың негізгісі бітті» дегендей, тәтем екеуі шайға отырып, әнгімеге кірісті. Мен болсам, апамның өзіме арнаған сыбағасынан аузыма анда-санда салып қойып, екі қазанның суын қайнатып та үлгірдім. Тұндырып алған мөлдір су бұрқ-сарқ қайнаса, сүйек салынған қазандағы су сорпа сияқты сарғыш түске еніп, бетіне кілкілдеп май шықты.
Екеуі шайларын ішіп болған сон сүйек қайнатқан қазанға жағылған отты сөндіртіп, екінші казанның отын әлі де жаға беруді тапсырды. Бұл кезде оның суы да сарқылып, түбінде ғана қоймалжыңдау ертінді қалған.
Қайнаған сүйектен бір тегештей май қалқып алған соң саудыраған сүйектерді қазаннан алып тастаған. 0 ғажап, сүйек атаулы аппақ кағаздай болып кетіпті. Мен баяғы үйреншікті сауалымды қоямын ғой: «Неліктен сүйек аппақ болып кетті?»
– Балам, қазақтың өңі қашқан кісіге: «Аппақ бөздей» немесе «Сақарға қайнатқан сүйектей аппақ болып кетіпті» дейтін сөздерін естімеген боларсың. Алаботаның немесе көкпек пен сексеуілдің күлінен алынатын аппақ ұнтақты «сақар» дейді. Оған май араластырып, сабын бұлғайды. Ал сақардың тағы бір қасиеті кез келген затты мына сүйектер сияқты ағартып жібереді.
Мен «түсіндім» дегендей басымды изедім.
– Қуанышжан, сабын бұлғаудың ең-ең мәнді кезеңі келді. Сен анау жотаға шығып, күзетте тұрасың. Егер біреулер келе жатса, алдынан шығып: «Бұл үйде сабын бұлғап жатыр» еді десең, өздері-ақ бұрылып кетеді», – деді тәтем.
– Неге өйтеді?
– Сабын бұлғап жатқанда оған бөтен біреу қараса, сабынға «көз тиіп», ол бұзылып кетеді, яғни іріп, бірікпей қалады.
Әрине, апам мен тәтем сабын бұлғап болғанша келе қойған «бөтен біреу» болған жоқ. Содан да менің жота басында «күзетте» тұрғаннан гөрі екеуінің жанында жүргенім көбірек болды-ау деймін. Біресе кітабымды алғалы, біресе айран ішкелі дегендей, келгіштеп жүріп, екеуінің сабын бұлғау жұмыстарының біразын көріп алдым. Манағы сүйектің майына қатып тұрған тоң майларды қосып, жарты казан ғып ерітті. Суы қайнап, әбден сарқылған соң қазан түбіндегі аппақ ұнтақты «сақар» деп атайды екен. Соның үстіне «бісміллә» деп, ыстық майды құйып отырып, араластыра бастады. Қазанның оты сенген жоқ. Апам болса, шелекте тұрған суық судан қолымен сеуіп қойып, «қайтпай бар» деп, казандағы қарақошқыл қоймалжын затты араластыруын тоқтатар емес.
Сөйтіп, екеуі сүт пісірімдей уақытта отты сөндіріп, қазандағы сабынға көкемарал гүлінің күлтелерінен тостағанға даярлап қойған езіндісін араластырды. Бұның сабыннан хош иістің бұрқырап тұруы үшін қажетті дүние екенін білетінмін. Сонан сон сабынды екі-үш бөліп, шүберектерге орады. Әр қайсысының ішіне ешкінің қылынан жіңішкелеп ескен жіптің тұйықталған басын сыртына каратып, бірге орады. Ол сабынды іле салу үшін қажетті бау деген сөз.
Ақыры менің де сыбағам бөлінді.
– Мә, айналайын, бұзаушығыңды ала ғой, – деп, Қорлыға апам өзімнің жұдырығымдай домалақтанған сабынды ұстата берді. Әрине, мен үлкен қара сабындар сияқты оған бау тақпай-ақ қалтамдағы корапка салып, қалыптап алдым. Ертең кепкен сон өзіме төрт-бес айға жететін төрт бұрыш, әдемі сабын болып шыға келері сөзсіз. Мен кей сауалдарымның жауабын бірден білмек болып:
– Апа, сабынды араластырған кезде неге «қайтпай бар» дедіңіз? – дедім.
– «Қайту» деп іруді айтады. «Сабын іріп кетпесін» деген тілек қой.
– Ал балаларға берілетін үлесті «бұзаушық» деп атау себебі неден?
Менің сұрақ қойғыштық мінезімді жақсы білетін апам күліп алды да былай деді:
– Үлкен қара сабынды сиыр деп елестетсең, саған берген үлес оның бұзауындай ғана. Содан да «бұзаушық» дейтін болар.
«Бұзаушық» десе де, «қозышық» десе де хош исі бұрқыраған осынау кішкене сабын мен үшін қымбат мүлік еді. Себебі, оны жасауға ең алдымен өз еңбегім мен маңдай терім әбден-ақ сіңген болатын.
Бөлісу: